وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «الَّذِينَ يَجْتَنِبُونَ كَبَائِرَ الْإِثْمِ وَالْفَوَاحِشَ إِلَّا اللَّمَمَ. قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنْ تَغْفِرِ اللَّهُمَّ تَغْفِرْ جَمَّا. وَأَىُّ عَبْدٍ لَكَ لَا أَلَمَّا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ وَصَحَّحَهُ.
Ибн Аббас (р.а.) «Олар (кей уақыттарда) кішігірім күнә-қателіктер істеп қойса да, үлкен күнәлар мен арсыздық атаулыдан бойларын аулақ ұстайды»1 деген аят жайлы Расулалланың (с.а.с.) былай дегенін риуаят еткен: «Уа, Алла, кешірсең, молынан кешіресің. Кіші күнәға ұрынбаған қай құлың бар?»2
Түсіндірме
Сөз құрылысы жағынан бұл – шартты сөйлем. Ғалымдар құлшылық әдебін ескеріп, оны «Уа, Раббым, Сенің қасиетің – кешіру. Барлығын кешіре гөр» деген дұға мағынасында түсіндірген.
Алла елшісі (с.а.с.) бұл жолдарды өзімен замандас араб ақыны Үмәйя ибн Әбу әс-Салттың өлеңінен оқыған.
Үмәйя ибн Әбу әс-Салт – сақиф тайпасынан шыққан ақын. Өлеңдері Алла елшісіне (с.а.с.) ұнаған. Кейде оның бәйіттерін оқып, «Үмәйя мұсылман болуға шақ қалды» дегені риуаят етіледі. Кей деректе Үмәйяның мұсылман болуға ниеттенгені айтылады. Ибн әс-Сәкән «әс-Сахабада» оған ислам нәсіп болмағанын жазады. Тағы бір хабарда ол һижрет етуге ниеттеніп, Бәдірге дейін барған. Сол жерде мүшріктердің қаза тауып, құдыққа тасталғанын естіп, оларға жоқтау шығарған. Оның һижраның тоғызыншы жылы Таифта мұсылман болмай дүние салғаны айтылады.
Ғалымдар «ләмәм» туралы әртүрлі пікір айтқан. Көпшілігі оны кіші күнәлар деп ұққан. Мысалға зинаға жетпеген сүю, көз қысу, қарау сияқты істерді және шариғи жаза белгіленбеген өтірікті келтірген.
Үлкен күнәға Алла тозақпен ескерткен немесе оны істеген жанды қатаң айыптаған істерді, сондай-ақ шариғи жазасы белгіленген адам өлтіру, зина, жала жабу, ұрлық сияқты қылмыстарды жатқызған. «Фәуахиш» дегенді кей ғалымдар тозақпен ескертілген бүкіл күнә, енді бірі зина деп түсіндірген.