عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «كَانُوا قَلِيلًا مِنَ الَّيْلِ مَا يَهْجَعُونَ، قَالَ: كَانُوا يُصَلُّونَ بَيْنَ الْمَغْرِبِ وَالْعِشَاءِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَزَادَ فِي رِوَايَةٍ: وَكَذَلِكَ تَتَجَافَى جُنُوبُهُمْ عَنِ الْمَضَاجِعِ.
Түсіндірме
Әнәс (р.а.) аяттың ақшам мен құптан арасында намаз оқығандарға қатысты түскенін жеткізеді. Аят жаннатқа кіретіндерді сипаттап тұр, алдыңғы аятта айтылған жаннаттықтың бір сипаты осында берілген. Ендеше, ақыретте құтылатындардың маңызды сипаттарының бірі – «түнде аз ұйықтау» деп көрсетілген.
Әнәстің аталмыш риуаяты аяттың ақшам мен құптан арасында намаз оқығандарға қатысты түскенін айта келе, осы аралықта оқылатын әууабин намазы деп аталатын нәпіл намаздың маңызына тоқталады. Риуаяттар Абдулла ибн Мәсғуд, Абдулла ибн Омар, Салман Фариси, ибн Омар және Әнәс ибн Мәлик (Алла оларға разы болсын) секілді бірқатар сахабаның ақшам мен құптан арасында намаз оқығанын айтады.
Аталмыш риуаяттың соңында берілген «Осылайша олар түн ішінде төсектерін тәрк ететін» деген қосымша мынаны көрсетеді: «Сәжде» сүресінде «төсектерін тәрк ететін» деген аят арқылы ынталандырылған түнгі намаздың орнын ақшам мен құптан арасында оқылған намаз толтырады. Осылайша Алла Тағаланың жоғарыдағы әмірін орындаған болады, әрі мүмінге өсиет етілген осы намаз оқылған болады».