وَعَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِنَّ الْخَازِنَ الْمُسْلِمَ الْأَمِينَ الَّذِي يُعْطِي مَا أُمِرَ بِهِ كَامِلًا مُوَفَّرًا طَيِّبَةً بِهِ نَفْسُهُ أَحَدُ الْمُتَصَدِّقَيْنِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ. وَزَادَ النَّسَائِيُّ فِي أَوَّلِهِ: «الْمُؤْمِنُ لِلْمُؤْمِنِ كَالْبُنْيَانِ يَشُدُّ بَعْضُهُ بَعْضًا».
Әбу Мұса (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Беру бұйырылған садақаны ықыласпен, толық әрі кемітпей берген сенімді мұсылман қазынашы — садақа беруші екі адамның бірі».
Нәсәи риуаятында хадистің басында мына сөздер келеді: «Мүміндер — бір бөлігі екінші бөлігін бекіте түсетін ғимарат іспетті»1.
Түсіндірме
Бұхари бұл хадисті «Иесінің бұйрығымен мал-мүлікті бүлдірмей садақа берген қызметшінің сауабы» деген бапта келтірген. Ғалымдардың айтуынша, иесінің бұйрығымен қызметші немесе күйеуінің тапсыруымен әйел ықыласпен садақа берсе, мал-мүлік иесі сияқты сауап алады. Сондай-ақ ғалымдар әйел күйеуі жоқта оның мал-мүлкінен азайғаны білінбейтіндей мөлшерде садақа бере алатынын, ал одан көбірек бергісі келсе, рұқсат сұрауы керек екенін айтқан. Қазынашы мен қызметші иесінің рұқсатынсыз садақа бере алмайды.
Хадистен алынатын тағылымдар:
- Хадистегі тәмсіл мұсылмандарды бір-біріне болысуға, жанашырлық танытып, қиын шақта жәрдемдесуге үндейді. Ғимараттың кірпіші мен тасы бірін-бірі тіреп тұрғанда ғана қабырғасы берік болады. Сол сияқты мұсылмандар да иманда, құлшылықта, күнделікті қарым-қатынаста бір-біріне сүйеніш болып, ынтымақ пен мейірімділікті сақтауы керек.
- Мүмін өз дүниесі мен ақыретін қамдаумен бірге, өзге мұсылмандардың да жағдайына қарайласады. Осы міндетіне салғырт қараса, өзіне жүктелген жауапкершілікті толық өтей алмай, дүние мен ақыретте қиындыққа ұшырауы мүмкін.
- Ислам діні жеке адамның да, тұтас қоғамның да қамын көздейді. Сондықтан мұсылман өз жағдайын ойлаумен бірге, қоғамның жағдайын жақсартуға да атсалысқаны абзал.
- 1Бұхари, «Зекет», 25 (№ 1438), «Уәкала», 16, «Ижара», 1. Мүслим, «Зекет», 79 (№ 1023). Әбу Дәуіт, «Зекет», 43 (№ 1684). Нәсәи, «Зекет», 66 (№ 2560).