وَقِيلَ لِوَهْبِ بْنِ مُنَبِّهٍ: «أَلَيْسَ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ مِفْتَاحُ الْجَنَّةِ؟» قَالَ: «بَلَى، وَلَكِنْ لَيْسَ مِفْتَاحٌ إِلَّا لَهُ أَسْنَانٌ، فَإِنْ جِئْتَ بِمِفْتَاحٍ لَهُ أَسْنَانٌ فُتِحَ لَكَ، وَإِلَّا لَمْ يُفْتَحْ لَكَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ مُعَلَّقًا.
Уәһб ибн Мунәббиһтен бір кісі: «Жәннаттың кілті “Лә иләһә иллаллаһ” деген сөз емес пе?» — деп сұрады. Ол: «Иә, солай. Әр кілттің тістері болады. Тісті кілтпен келсең, есік ашылады. Онсыз есік ашылмайды», — деп жауап берді1.
Түсіндірме
Уәһб ибн Мунәббиһ кілттің тістері деп ғибадат пен оған жұмсалатын еңбекті меңзеген. Оның теңеуі «Лә иләһә иллаллаһ» сөзін құлшылықпен бекітудің мәнін ашады. Мұғаз ибн Жәбәлден жеткен риуаятта Алладан өзге құдай жоқ екеніне куәлік ету жәннаттың кілттері деп сипатталады (Ахмад ибн Ханбал, «Мүснад», №22102). Жоғарыдағы 7-хадистен де осы сөзді шын жүректен қабылдаған адамның құтылуына үміт барын көреміз. Кейбір ғалымдар Бұхаридің осы риуаятты келтіруін ақтық демде ықыласпен айтылған «Лә иләһә иллаллаһ» сөзі бұрынғы күнәлардың кешірілуіне себеп болатынына ишара деп түсіндірген. Ықылас күнәға өкініп, тәубеге келуді талап етеді. Кәлима айту — сондай ықыластың нышаны.
Адам ақтық демін қайда, қашан және қалай беретінін білмейді. Сондықтан «Қартайғанда тәубе етермін» деп күнәні жалғастыру құлшылық әдебіне жат. Тіссіз кілт есік ашпайтын жай таяқшаға айналады. Сол сияқты, амалмен бекітілмеген құр сөз де адамды құтқармайды деп біліп, ғибадатты кейінге қалдырмаған жөн.
Мұндай риуаяттардың қай кезде жұбаныш болатынын да ескерген жөн. Ғұмырын ғапылдықпен өткізіп, Алланың шарапатымен ес жиып, тәубеге келген жан өткеніне өкініп, үмітсіздікке түсуі мүмкін. Оған осындай сүйінші сөздер демеу болады. Бұл жөніндегі аяттар мен хадистер адамның көңілін көтеріп, жүрегіндегі жүгін жеңілдетеді.
«Айт: “Уа, өздеріне қиянат жасап, шектен шыққан құлдарым! Алланың рақымынан үміт үзбеңдер! Расында, Алла барлық күнәні кешіреді. Шүбәсіз, Ол — аса кешірімді, ерекше мейірімді”»2.
Алла елшісі (с.а.с.) күнәсіне тәубе еткен адамның күнә істемеген кісімен тең екенін айтқан (Ибн Мәжа, «Зүһд», №4250). Ол Алланың тәубе еткен құлына деген сүйінішін де мына мысалмен түсіндірген. Бір кісінің шөл далада азығы мен суы артылған түйесі қашып кетеді. Түйені табудан күдер үзген ол ағаштың көлеңкесіне жата кетеді. Бір кезде түйесінің қасында тұрғанын көріп, бұйдасынан ұстайды. Қатты қуанғаннан: «Уа, Алла! Сен — менің құлымсың, мен — Сенің Раббыңмын!» — деп жаңылысады. Алла тағала құлы Өзіне тәубе еткенде, сол адамнан да артық сүйінеді (Мүслім, «Тәубе», №2747).
Құран Кәрім ғапылдықтан оянып, тәубеге бет бұрған жандарға бұрынғы жаман істерінің жақсылыққа айналуы мүмкін екенін сүйіншілейді: «Кім тәубе етіп, иман келтіріп, ізгі амал істесе, Алла солардың жаман істерін жақсылыққа айналдырады. Алла — аса кешірімді, ерекше мейірімді»3.
Жасалған жаман істердің жақсылыққа айналуы — Алланың рақымының тағы бір көрінісі.
Ғалымдар аятты әр қырынан тәпсірлеген. Имам Рази келтірген төрт түсіндірменің бірі осы мағынаға саяды. Разидің жазуынша, Сағид ибн әл-Мусәйяб пен Мәкхул осы пікірге Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген мына риуаятты дәлел еткен. Алла елшісі (с.а.с.): «Кейбір кісілер “Күнәларымыз көбірек болғанда ғой!” деп армандайды», — деген. Жұрт: «Олар кімдер, уа, Алланың елшісі?» — деп сұрағанда, ол: «Алла жаман істерін жақсылыққа айналдыратын жандар», — деп жауап берген (Рази, «Мәфатих әл-ғайб», «Фурқан» сүресінің 70-аятының тәпсірі).
Әбу Зәрр (р.а.) жеткізген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Жәннатқа ең соңғы болып кіретін әрі тозақтан ең соңғы болып шығатын адамды анық білемін. Қиямет күні оны алып келіп, “Оған кіші күнәларын көрсетіңдер, үлкен күнәларын көрсетпеңдер”, — делінеді. Оған кіші күнәларын көрсетіп, “Пәлен күні мына істі, түген күні ана істі жасадың”, — дейді. Ол “Иә”, — деп, оларды жоққа шығара алмайды. Үлкен күнәлары да көрсетіле ме деп қорқып тұрғанда, оған “Әрбір жаман ісіңнің орнына бір жақсылық беріледі”, — делінеді. Сонда ол “Раббым! Жасаған кей істерімді мұнда көрмей тұрмын ғой”, — дейді». Әбу Зәрр Алла елшісінің (с.а.с.) осы сөзді айтқанда, азу тістері көрінгенше күлгенін жеткізген (Мүслім, «Иман», №190).