وَعَنْ صُهَيْبِ بْنِ سِنَانٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «عَجَبًا لِأَمْرِ الْمُؤْمِنِ! إِنَّ أَمْرَهُ كُلَّهُ لَهُ خَيْرٌ، وَلَيْسَ ذَلِكَ لِأَحَدٍ إِلَّا لِلْمُؤْمِنِ. إِنْ أَصَابَتْهُ سَرَّاءُ شَكَرَ فَكَانَ خَيْرًا، وَإِنْ أَصَابَتْهُ ضَرَّاءُ صَبَرَ فَكَانَ خَيْرًا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.
Сухайб ибн Синан (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Мүміннің ісі қандай ғажап! Оның әр ісі өзі үшін қайырлы. Мұндай қасиет тек мүмінге тән. Жақсылыққа кенелсе, шүкір етеді, бұл өзіне қайырлы. Басына қиындық түссе, сабыр сақтайды, бұл да өзіне қайырлы»1.
Түсіндірме
Алла елшісі (с.а.с.) мүмінге тән екі асыл қасиетті атап көрсетеді. Олар – шүкір мен сабыр. Адам денсаулық, мансап, ұрпақ не жетістік секілді нығметке кенелсе, мұның бәрін Алладан деп біліп, шүкір етеді. Бұл оны өзіне сүйсіну, менмендік пен өзгені менсінбеу сияқты жаман мінезден сақтайды. Ал ауруға, сәтсіздікке не қазаға ұшыраса, мұны Раббысының сынағы деп қабылдайды. Айғайға баспай, өзін түзеудің жолын іздейді.
Қуаныш пен қайғы, қиындық пен жеңілдік, сәттілік пен сәтсіздік мұсылманға сауап әкеліп, Алла тағаланың алдында абыройын арттыра алады. Ол үшін қуанышта шүкір етіп, қиындықта сабыр сақтау керек.
Иманы кәміл мүмін қуанышқа шүкір етіп, қиындыққа Алланың разылығын көздеп төзеді. Алла нәсіп етсе, осы мінезімен екі дүниенің игілігіне жетеді.
Иманы әлсіз адам қиындықта сабырсызданып, ашу мен мұңға берілгенде, кейде тағдырды кінәлайды. Сөйтіп сынақтың салмағына өз уайымының жүгін қосады. Қолындағы нығметтің қадірін білмесе, шүкір де етпейді. Осылайша бар игіліктің қуанышын сезбей, өмірін өзі қиындатады.
- 1Мүслим, «Зүһд», 64 (№2999).