عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّهُ كَانَ يُحَدِّثُ أَنَّ رَجُلًا أَتَى رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: «إِنِّي رَأَيْتُ اللَّيْلَةَ فِي الْمَنَامِ ظُلَّةً تَنْطُفُ السَّمْنَ وَالْعَسَلَ، فَأَرَى النَّاسَ يَتَكَفَّفُونَ مِنْهَا، فَالْمُسْتَكْثِرُ وَالْمُسْتَقِلُّ، وَإِذَا سَبَبٌ وَاصِلٌ مِنَ الْأَرْضِ إِلَى السَّمَاءِ، فَأَرَاكَ أَخَذْتَ بِهِ فَعَلَوْتَ، ثُمَّ أَخَذَ بِهِ رَجُلٌ آخَرُ فَعَلَا بِهِ، ثُمَّ أَخَذَ بِهِ رَجُلٌ آخَرُ فَعَلَا بِهِ، ثُمَّ أَخَذَ بِهِ رَجُلٌ آخَرُ فَانْقَطَعَ ثُمَّ وُصِلَ». فَقَالَ أَبُو بَكْرٍ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، بِأَبِي أَنْتَ، وَاللَّهِ، لَتَدَعَنِّي فَأَعْبُرَهَا». فَقَالَ النَّبِيُّ ﷺ: «اُعْبُرْ». قَالَ: «أَمَّا الظُّلَّةُ فَالْإِسْلَامُ؛ وَأَمَّا الَّذِي يَنْطُفُ مِنَ الْعَسَلِ وَالسَّمْنِ فَالْقُرْآنُ، حَلَاوَتُهُ تَنْطُفُ، فَالْمُسْتَكْثِرُ مِنَ الْقُرْآنِ وَالْمُسْتَقِلُّ؛ وَأَمَّا السَّبَبُ الْوَاصِلُ مِنَ السَّمَاءِ إِلَى الْأَرْضِ فَالْحَقُّ الَّذِي أَنْتَ عَلَيْهِ، تَأْخُذُ بِهِ فَيُعْلِيكَ اللَّهُ، ثُمَّ يَأْخُذُ بِهِ رَجُلٌ مِنْ بَعْدِكَ فَيَعْلُو بِهِ، ثُمَّ يَأْخُذُ بِهِ رَجُلٌ آخَرُ فَيَعْلُو بِهِ، ثُمَّ يَأْخُذُهُ رَجُلٌ آخَرُ فَيَنْقَطِعُ بِهِ، ثُمَّ يُوصَلُ لَهُ فَيَعْلُو بِهِ، فَأَخْبِرْنِي يَا رَسُولَ اللَّهِ، بِأَبِي أَنْتَ، أَصَبْتُ أَمْ أَخْطَأْتُ؟» قَالَ النَّبِيُّ ﷺ: «أَصَبْتَ بَعْضًا وَأَخْطَأْتَ بَعْضًا». قَالَ: «فَوَاللَّهِ، لَتُحَدِّثَنِّي بِالَّذِي أَخْطَأْتُ». قَالَ: «لَا تُقْسِمْ».
Ибн Аббас (р.а.) былай деп жеткізген: «Бір адам Алла Елшісіне (с.а.с.) келіп: “Бүгін түнде түсімде көлеңке түсірген бір бұлтты көрдім. Одан сары май мен бал тамшылап тұр екен. Адамдар алақандарын тосып, одан жинап жатты: бірі көп, енді бірі аз алды. Сондай-ақ жерден көкке дейін созылған бір арқанды көрдім. Сіздің одан ұстап, жоғары көтерілгеніңізді көрдім. Содан кейін оны басқа бір адам ұстап, жоғары көтерілді. Одан кейін тағы бір адам ұстап, жоғары көтерілді. Содан соң оны тағы бір адам ұстағанда, арқан үзіліп кетті де, кейін қайта жалғанды”, – деді. Сонда Әбу Бәкір: “Уа, Расулалла! Әкем сізге құрбан болсын! Алланың атымен ант етемін, бұл түсті жоруыма рұқсат етіңіз”, – деді. Пайғамбар (с.а.с.): “Жоры”, – деді. Әбу Бәкір: “Көлеңке түсірген бұлт – Ислам. Одан тамшылаған бал мен сары май – Құран. Оның тәттілігі тамшылап тұр. Адамдардың арасында Құраннан мол үлес алатындары да, аз үлес алатындары да бар. Ал көктен жерге дейін созылған арқан – өзіңіз ұстанған хақ жол. Сіз одан ұстайсыз да, Алла сол арқылы сізді жоғарылатады. Сізден кейін бір адам одан ұстап, жоғары көтеріледі. Одан кейін тағы бір адам ұстап, жоғары көтеріледі. Содан соң оны басқа бір адам ұстағанда, арқан үзіліп кетеді. Кейін ол үшін қайта жалғанып, сол арқылы жоғары көтеріледі. Уа, Расулалла! Әкем сізге құрбан болсын! Айтыңызшы, дұрыс жорыдым ба, әлде қателестім бе?” – деді. Пайғамбар (с.а.с.): “Кейбір тұсын дұрыс жорыдың, ал кейбір тұсында қателестің”, – деді. Әбу Бәкір: “Алланың атымен ант етемін, қай тұста қателескенімді маған міндетті түрде айтыңыз”, – деді. Пайғамбар (с.а.с.): “Ант етпе”, – деді».