عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَبْلُغُ بِهِ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ: «إِذَا قَضَى اللَّهُ الْأَمْرَ فِي السَّمَاءِ، ضَرَبَتِ الْمَلَائِكَةُ بِأَجْنِحَتِهَا خُضْعَانًا لِقَوْلِهِ، كَالسِّلْسِلَةِ عَلَى صَفْوَانٍ، فَإِذَا فُزِّعَ عَنْ قُلُوبِهِمْ، قَالُوا: “مَاذَا قَالَ رَبُّكُمْ؟” قَالُوا لِلَّذِي قَالَ: “الْحَقَّ، وَهُوَ الْعَلِيُّ الْكَبِيرُ”، فَيَسْمَعُهَا مُسْتَرِقُو السَّمْعِ، وَمُسْتَرِقُو السَّمْعِ هَكَذَا وَاحِدٌ فَوْقَ آخَرَ، فَرُبَّمَا أَدْرَكَ الشِّهَابُ الْمُسْتَمِعَ قَبْلَ أَنْ يَرْمِيَ بِهَا إِلَى صَاحِبِهِ فَيُحْرِقَهُ، وَرُبَّمَا لَمْ يُدْرِكْهُ حَتَّى يَرْمِيَ بِهَا إِلَى الَّذِي يَلِيهِ، إِلَى الَّذِي هُوَ أَسْفَلَ مِنْهُ، حَتَّى يُلْقُوهَا إِلَى الْأَرْضِ، فَتُلْقَى عَلَى فَمِ السَّاحِرِ، فَيَكْذِبُ مَعَهَا مِائَةَ كَذْبَةٍ، فَيُصَدَّقُ، فَيَقُولُونَ: “أَلَمْ يُخْبِرْنَا يَوْمَ كَذَا وَكَذَا، يَكُونُ كَذَا وَكَذَا، فَوَجَدْنَاهُ حَقًّا؟”، لِلْكَلِمَةِ الَّتِي سُمِعَتْ مِنَ السَّمَاءِ».
Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбардың (с.а.с.) былай дегенін жеткізді: «Алла көкте бір іс жайында үкім шығарған кезде, періштелер Оның сөзіне бойсұнып, қанаттарын қағады. Бұл үн тегіс тастың үстімен сүйретілген шынжырдың үніндей естіледі. Олардың жүректерінен үрей сейілген кезде, бір-бірінен: “Раббыларың не айтты?” – деп сұрайды. Олар: “Хақты айтты. Ол – аса Жоғары, өте Ұлы”, – дейді. Мұны жасырын тыңдаушылар естиді. Ал жасырын тыңдаушылар бірінің үстіне бірі орналасады. Кейде жалын жасырын тыңдаушыға әлгі сөзді серігіне жеткізіп үлгермей тұрып жетіп, оны күйдіріп жібереді. Кейде жалын оған жетпей тұрып, ол әлгі сөзді өзінен төмендегісіне, ал ол одан төмендегісіне жеткізіп үлгереді. Осылайша олар сөзді жерге дейін жеткізеді. Содан соң ол сөз сиқыршының аузына салынады. Сиқыршы оған жүз өтірік араластырады. Сонда адамдар оған сеніп: “Ол бізге пәлен күні пәлен нәрсе болатынын айтпап па еді? Біз оның айтқанының рас болғанын көрдік қой”, – дейді. Олар оған көктен естілген әлгі бір ауыз шын сөз үшін сенеді».