عَنْ سَمُرَةَ بْنِ جُنْدَبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ لَنَا: «أَتَانِي اللَّيْلَةَ آتِيَانِ فَابْتَعَثَانِي، فَانْتَهَيْنَا إِلَى مَدِينَةٍ مَبْنِيَّةٍ بِلَبِنِ ذَهَبٍ، وَلَبِنِ فِضَّةٍ، فَتَلَقَّانَا رِجَالٌ شَطْرٌ مِنْ خَلْقِهِمْ كَأَحْسَنِ مَا أَنْتَ رَاءٍ، وَشَطْرٌ كَأَقْبَحِ مَا أَنْتَ رَاءٍ، قَالَا لَهُمْ: “اِذْهَبُوا فَقَعُوا فِي ذَلِكَ النَّهْرِ”، فَوَقَعُوا فِيهِ، ثُمَّ رَجَعُوا إِلَيْنَا، قَدْ ذَهَبَ ذَلِكَ السُّوءُ عَنْهُمْ، فَصَارُوا فِي أَحْسَنِ صُورَةٍ. قَالَا لِي: “هَذِهِ جَنَّةُ عَدْنٍ، وَهَذَاكَ مَنْزِلُكَ”. قَالَا: “أَمَّا الْقَوْمُ الَّذِينَ كَانُوا شَطْرٌ مِنْهُمْ حَسَنٌ، وَشَطْرٌ مِنْهُمْ قَبِيحٌ، فَإِنَّهُمْ خَلَطُوا عَمَلًا صَالِحًا وَآخَرَ سَيِّئًا، تَجَاوَزَ اللَّهُ عَنْهُمْ”».
Самура ибн Жундуб (р.а.) былай деді: «Алла Елшісі (с.а.с.) бізге былай деді: “Бүгін түнде маған екі кісі келіп, мені орнымнан тұрғызып, ертіп әкетті. Сөйтіп, алтын және күміс кірпіштерден салынған бір қалаға жеттік. Бізді бір топ адам қарсы алды. Олардың денелерінің жартысы көз көрген ең көркем кейіпте, ал екінші жартысы көз көрген ең ұсқынсыз кейіпте еді. Әлгі екі кісі оларға: ‘Барыңдар да, ана өзенге түсіңдер’, – деді. Олар өзенге түсіп, кейін бізге қайтып келді. Сонда бойларындағы әлгі ұсқынсыздық жоғалып, ең көркем кейіпке енген еді. Әлгі екі кісі маған: ‘Бұл – Адн Жәннаты, ал анау – сенің мекенің’, – деді. Содан кейін: ‘Ал денелерінің бір жартысы көркем, екінші жартысы ұсқынсыз болған адамдарға келсек, олар ізгі амалдарын жаман істерімен араластырып алғандар. Алла оларды кешірді’, – деді”, – деді».