عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا أَنَّ بَرِيرَةَ جَاءَتْ تَسْتَعِينُهَا فِي كِتَابَتِهَا، وَلَمْ تَكُنْ قَضَتْ مِنْ كِتَابَتِهَا شَيْئًا. قَالَتْ لَهَا عَائِشَةُ: «اِرْجِعِي إِلَى أَهْلِكِ، فَإِنْ أَحَبُّوا أَنْ أَقْضِيَ عَنْكِ كِتَابَتَكِ وَيَكُونَ وَلَاؤُكِ لِي فَعَلْتُ».
فَذَكَرَتْ ذَلِكَ بَرِيرَةُ لِأَهْلِهَا، فَأَبَوْا وَقَالُوا: «إِنْ شَاءَتْ أَنْ تَحْتَسِبَ عَلَيْكِ فَلْتَفْعَلْ وَيَكُونَ وَلَاؤُكِ لَنَا»، فَذَكَرَتْ ذَلِكَ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَقَالَ لَهَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «اِبْتَاعِي فَأَعْتِقِي، فَإِنَّمَا الْوَلَاءُ لِمَنْ أَعْتَقَ».
قَالَ: ثُمَّ قَامَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: «مَا بَالُ أُنَاسٍ يَشْتَرِطُونَ شُرُوطًا لَيْسَتْ فِي كِتَابِ اللَّهِ؟ مَنِ اشْتَرَطَ شَرْطًا لَيْسَ فِي كِتَابِ اللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ فَلَيْسَ لَهُ، وَإِنْ شَرَطَ مِائَةَ مَرَّةٍ؛ شَرْطُ اللَّهِ أَحَقُّ وَأَوْثَقُ».
Айшаның (р.а.) айтуынша, Бәрира оған келіп, мұкатаба келісімі бойынша төлеуге тиіс ақысын өтеуге көмектесуін сұрады. Ол мұкатаба төлемінің әлі бірде-бір бөлігін өтемеген еді. Айша оған: «Иелеріңе қайтып бар. Егер олар мұкатаба келісімі бойынша мойныңдағы қарызды менің өтеуіме және уәлә құқығыңның маған тиесілі болуына келіссе, мен солай істеймін», – деді.
Бәрира бұл ұсынысты иелеріне жеткізді. Бірақ олар бас тартып: «Егер ол саған сауап алу үшін көмектескісі келсе, көмектесе берсін. Алайда уәлә құқығы бізде қалады», – деді. Айша болған жайды Алла Елшісіне (с.а.с.) жеткізді. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.) оған: «Оны сатып ал да, азат ет. Өйткені уәлә құқығы азат еткен адамға ғана тиесілі», – деді.
Кейін Алла Елшісі (с.а.с.) орнынан тұрып: «Кейбір адамдарға не болған? Олар Алланың Кітабында жоқ шарттарды қояды. Кім Аса үстем әрі ұлы Алланың Кітабында жоқ шарт қойса, тіпті оны жүз рет қойса да, ол шарттың ешбір күші жоқ. Алланың шарты – орындалуға ең лайық әрі ең берік шарт», – деді.