عَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَخْرُجُ يَوْمَ الْفِطْرِ وَالْأَضْحَى إِلَى الْمُصَلَّى، فَأَوَّلُ شَيْءٍ يَبْدَأُ بِهِ الصَّلَاةُ، ثُمَّ يَنْصَرِفُ، فَيَقُومُ مُقَابِلَ النَّاسِ، وَالنَّاسُ جُلُوسٌ عَلَى صُفُوفِهِمْ، فَيَعِظُهُمْ، وَيُوصِيهِمْ، وَيَأْمُرُهُمْ، فَإِنْ كَانَ يُرِيدُ أَنْ يَقْطَعَ بَعْثًا قَطَعَهُ، أَوْ يَأْمُرَ بِشَيْءٍ أَمَرَ بِهِ، ثُمَّ يَنْصَرِفُ».
قَالَ أَبُو سَعِيدٍ: «فَلَمْ يَزَلِ النَّاسُ عَلَى ذَلِكَ حَتَّى خَرَجْتُ مَعَ مَرْوَانَ – وَهُوَ أَمِيرُ الْمَدِينَةِ – فِي أَضْحًى أَوْ فِطْرٍ، فَلَمَّا أَتَيْنَا الْمُصَلَّى إِذَا مِنْبَرٌ بَنَاهُ كَثِيرُ بْنُ الصَّلْتِ، فَإِذَا مَرْوَانُ يُرِيدُ أَنْ يَرْتَقِيَهُ قَبْلَ أَنْ يُصَلِّيَ، فَجَبَذْتُ بِثَوْبِهِ، فَجَبَذَنِي، فَارْتَفَعَ، فَخَطَبَ قَبْلَ الصَّلَاةِ»، فَقُلْتُ لَهُ: «غَيَّرْتُمْ وَاللَّهِ»، فَقَالَ: «أَبَا سَعِيدٍ، قَدْ ذَهَبَ مَا تَعْلَمُ»، فَقُلْتُ: «مَا أَعْلَمُ، وَاللَّهِ، خَيْرٌ مِمَّا لَا أَعْلَمُ»، فَقَالَ: «إِنَّ النَّاسَ لَمْ يَكُونُوا يَجْلِسُونَ لَنَا بَعْدَ الصَّلَاةِ، فَجَعَلْتُهَا قَبْلَ الصَّلَاةِ».
Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) былай деген: «Алла Елшісі (с.а.с.) Ораза айт пен Құрбан айт күндері намаз оқылатын алаңға шығатын. Ең алдымен намаз оқудан бастайтын. Намазын аяқтағаннан кейін, адамдар саптарында отырған кезде олардың қарсы алдына тұрып, насихат айтатын, өсиет беретін және бұйрықтарын жеткізетін. Егер бір жасақты аттандырғысы келсе, аттандыратын, ал қандай да бір іске бұйырғысы келсе, соған бұйыратын. Содан кейін қайтып кететін.
Адамдар осы тәртіпті ұстанып келді. Бір күні Ораза айтта немесе Құрбан айтта Мәдинаның әмірі Мәруанмен бірге намаз оқылатын алаңға шықтым. Ол жерге келгенімізде, Кәсир ибн әс-Салт салған мінберді көрдік. Мәруан намаз оқымай тұрып мінберге көтерілмек болды. Мен оның киімінен тартып қалдым, ал ол мені өзіне қарай тартып, мінберге көтерілді де, намаздан бұрын құтба айтты. Сонда мен оған: “Алланың атымен ант етемін, сендер тәртіпті өзгерттіңдер”, – дедім. Ол: “Уа, Әбу Сағид! Сен білетін тәртіптің заманы өтті”, – деді. Мен: “Алланың атымен ант етемін, менің білетінім білмейтінімнен жақсы”, – дедім. Сонда ол: “Адамдар намаздан кейін бізді тыңдап отырмайтын болды. Сондықтан құтбаны намаздан бұрын айтатын болдым”, – деді».