Алғы сөз
Барлық мақтау мен мадақ бізді хақ жолға салған бір Аллаға тән! Осынау хақ жолдың ең жоғарғы өнегесі болған ардақты Пайғамбарымызға және оның ізгі әулетіне Алланың шарапаты мен мейірімі жаусын! Адам баласына Алланың ұлылығын лайықты түрде тану үшін білім керек. Хақ Тағала әубаста Адам атаны жаратқанда оған ерекше білім нәсіп етіп, күллі періштелердің алдында үлкен аманатты арқалар дара жаратылыс екенін паш еткен. Сол арқылы оны періштелерге мойындатып, барлығы оның білімін құрметтеп, оған жаппай құрмет сәждесін жасаған еді. Міне осылайша, біліммен адам баласының мәртебесін көтерген Алла соңғы Пайғамбарын жібергенде жер бетінде өркениет орнатып, адамзатты кемелдікке жеткізу үшін үлкен даналық пен білім қажет екенін білдіріп, Пайғамбарына түсірген ең әуелгі уахиде «Оқы! Өзіңді жаратқан Раббыңның атымен оқы!» – деп бұйырған еді. Пайғамбарымыз ﷺ да: «Шынында, пайғамбарлар өздерінен кейін мұра етіп динар да, дирхам да қалдырмайды. Олардың мұрасы – білім!» – деген еді. Міне, осынау ұлы мұра кімге нәсіп болса, сол зор игілік пен жоғары мәртебеге қол жеткізеді. Өйткені, Алла елшісі: «Нағыз ғұламалар пайғамбарлардың мирасқорлары», – деген. Міне, сондай нағыз ғұламалар әр уақытта хақ жолды, ақиқатты іздеген адамдарға рухани жетекші болған. Алла Тағала әркез өзінің дінін Пайғамбар мирасқорлары болған ғұламалармен қуаттайды. Бұл өз кезегінде Алланың пенделеріне деген үлкен шарапаты мен нығметі. Алла өзінің дінін әр заманның талаптарына сай түсіндіріп, даналықпен насихаттайтын ғұламаларды сонау балалық шағынан бастап дайындап, білім мен ақиқатқа құштар қылып, көңілдеріне ғылым-білімге деген ерекше сүйіспеншілік сезімін ұялатады.
Міне, мұның ең керемет үлгілерінің бірін имам Мұхиддин Әбу Зәкәрия Яхия ибн Шараф ән-Нәуәуидің өмір жолынан көре аламыз. Бізге белгілі болғандай, имам Нәуәуидің өмірін, балалық шағын баяндайтын кітаптарда өзімен қатарлас балалар оны ойын ойнауға шақырып, ойын-сауыққа қанша жерден қызықтырып бақса да, оның бала көңілі ойын-сауықтан гөрі, білім ізденуге, оқуға ауып тұратын болған екен. Соны байқаған көзі ашық, көкірегі ояу үлкен кісілер бұл баланың осы ісі тегін емес деп, оның болашағынан зор үміт күтіп, білікті ұстаздардың алдына отырғызып, жақсы білім алуына жағдай жасаған. Сөйтіп, ол ер жеткенге дейін өзінің туған жері Нәуә деген ауылда алғашқы білімін алып, Құранды толық жаттап, Пайғамбарымыздың хадистерін оқып, ондағы ілім мен даналықты көңіліне тоқып, жастық шағын толықтай ғылым-білімге арнайды. Содан соң әкесі оны Шам елінің бас шаһары Дамаск қаласындағы ғылыми орталыққа апарып, сондағы үлкен ғұламалардың білімінен және кітаптардан сусындап, білімін тереңдетіп, үлкен ғұлама ғалым болып жетіледі. Ғылым-біліммен қатар тақуалықты ту етіп ұстап, дүние мен мәнсапқа қызықпай тәркі дүние қылып, қарапайым өмір салтын ұстануды өмірлік ұстанымы етеді.
Имам Нәуәуидің аз ғана ғұмырында жазып, үмбетке мұра етіп қалдырған еңбектері көп болған. Сол еңбектерінің бірі һәм бірегейі қолдарыңызға алып отырған «Риядус-салихин» (Ізгілер бақшасы) деп атаған осынау құнды еңбегі. Бұл еңбек үмбет ішінде Құраннан кейін ең көп таралған және ең көп оқылған кітап деген дерек бар. Міне осы деректің өзінен бұл еңбектің қандай зор ықыласпен жазылғанын аңғаруға болады. Бұл кітапта Алла елшісінен ﷺ жеткен ең сенімді хадистер жинақталып, олар әртүрлі тақырыптар аясында үйлесімді түрде топтастырылған. Әрбір тақырыптың басында ондағы хадистерді мазмұндық тұрғыдан қуаттайтын Құран аяттары келтірілген. Әр хадистің соңында оның сенімділік дәрежесін дәйектеп көрсететін қайнаркөздері жазылған. Кітаптың жалпы мазмұнына келсек, онда әр заманда мұсылмандар үшін өте өзекті болған иман негіздері, бес парыз бен өзге де нәпіл құлшылықтар, Құдай ақысы мен кісі ақысы, көркем мінез бен адамгершілік қасиеттер қамтылған.
Имам Нәуәуидің Аллаға және Алла елшісіне ﷺ деген ықыласының, Алланың разылығын ғана көздегендігінің бір айғағы – осынау еңбегінің сан ғасырлар өтсе де, әлі күнге дейін дүние жүзіндегі мешіттер мен медреселерде дәріс кітабы ретінде үздіксіз оқытылуы, барлық мәзһабтар тарапынан бірдей мойындалуы. Иә, қай дәуірде болмасын, осы «Риядус-салихин» деп аталған Имам Нәуәуидің хадистер жинағы дін ғалымдарының кітап сөрелерінен ойып орын алған, дін уағызшылары мен имам-молдалар және жалпы діндар қауым сүйіп оқитын керемет мұра болып қала бермек. Қазақ тіліне толық аударылып, көзі қарақты оқырманға жол тартып отырған бұл аударма еңбек еліміздегі мұсылман жұртшылығының рухани тұрғыдан кемелденуіне өз септігін тигізетін пайдалы еңбек болады деген үміттеміз!
Құрметпен, исламтанушы ғалым Ерлан Ақатаев
Автордың қорытынды сөзі
قَالَ اللَّهُ تَعَالَى: «إِنَّ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ يَهْدِيهِمْ رَبُّهُمْ بِإِيمَانِهِمْ تَجْرِى مِنْ تَحْتِهِمُ الْأَنْهَارُ فِى جَنَّاتِ النَّعِيمِ دَعْوَاهُمْ فِيهَا سُبْحَانَكَ اللَّهُمَّ وَتَحِيَّتُهُمْ فِيهَا سَلَامٌ وَآخِرُ دَعْوَاهُمْ أَنِ الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ» يونس: 9 – 10
الحَمْدُ لِلَّهِ الَّذِى هَدَانَا لِهَذَا وَمَا كُنَّا لِنَهْتَدِى لَوْلَا أَنْ هَدَانَا اللَّهُ. اللَّهُمَّ صَلِّ عَلَى مُحَمَّدٍ عَبْدِكَ وَرَسُولِكَ النَّبِيِّ الْأُمِّيِّ، وَعَلَى آلِ مُحَمَّدٍ وَأزوَاجِهِ وَذُرِّيَّتِهِ، كَمَا صَلَّيْتَ عَلَى إِبْرَاهِيمَ وعلى آلِ إِبْراهِيمَ، وَبَارِكْ عَلَى مُحَمَّدٍ النَّبِيِّ الْأُمِّيِّ، وَعَلَى آلِ مُحَمَّدٍ وَأَزْوَاجِهِ وَذُرِّيَّتِهِ، كَمَا بَاركْتَ عَلَى إِبْرَاهِيمَ وَعَلَى آل إِبراهيم فِى الْعالَمِينَ إِنَّكَ حَمِيدٌ مَجِيدٌ
قَالَ مؤلِّفُهُ: فَرَغْتُ مِنْهُ يَوْمَ الْإِثْنَيْنِ رَابِعَ شَهْرِ رَمَضَانَ سَنَةَ سَبْعِينَ وَسِتِّمِئَةٍ بِدِمشق
Алла Тағала былай дейді: «Ал иман келтіріп, игі істер істегендерді Раббысы шынайы иманы үшін (мақсат-мұраттарына жеткізетін) тура жолға салады. Соңында сансыз нығметке толы жаннат бақшаларында олардың аяқтарының астында өзендер ағып жатады. Олардың жұмақтағы дұға-мінәжаттары: «Субханәкә! (Уа, Раббымыз! Сен мінсізсің, ұлылығыңа жараспайтын кемшілік атаулыдан адасың!)», – деген дұға-мінәжат және бір-біріне айтатын ізгі лебізі мен қошеметі қашанда «Сәлем (бейбітшілік, есендік тілеу)» болмақ. Барлық дұға-мінәжаттары «Әлхамду лилләһи Раббил-аләмин! (Күллі мадақ, шексіз шүкіршілік күллі әлемдердің Раббысына ғана арналады!)» деген сөзбен тамамдалады» (Жүніс сүресі, 9-10-аят).
Бізді осынау тура жолға салған Аллаға сансыз мадақ пен шексіз шүкіршілік айтамыз! Өйткені Алла бізді тура жолға салмағанда, біз тура жолға түспес едік. Уа, Алла! Күллі адамзат ішінен ерекшелеп, Ибраһим пайғамбарға және оның отбасына игілік бергеніңдей, сүйікті пендең әрі елшің болған, үмми пайғамбар Мұхаммедке және оның отбасына, жұбайлары мен ұрпақтарына да игілік бере көр! Ибраһим пайғамбарға және оның отбасына берекет бергеніңдей, сүйікті пендең әрі елшің болған, үмми пайғамбар Мұхаммедке және оның отбасына, жұбайлары мен ұрпақтарына да берекет бере көр! Сен ерекше мақтаулы, аса даңқтысың!
Кітаптың құрастырушы авторы Әбу Зәкәрия Мухиддин Яхия ибн Шараф ән-Нәуәуи былай деген: «Мен бұл кітапты (һижра жыл санауы бойынша) 670 жылы рамазан айының он төртінші жұлдызы, дүйсенбі күні Дамаскта жазып бітірдім».