Хадис
الكتب الستة

Кітап пен авторы жайлы толығырақ

Кутуб ситтә · Алты негізгі жинақтан (Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіт, Тирмизи, Нәсәи, Ибн Мәжә) іріктелген хадистер

Сөз басы

Еліміз егемендік алғалы халқымыз асыл дінімен қайта қауышып, санасынан күштеп өшірілген рухани құндылықтарына қайта оралып келеді. Сол құндылықтардың төріндегі Құран Кәрімнің алғаш түскен аяты «Оқы!» деген әмірмен басталады. Бұл әмір мұсылманды білімге ұмтылуға үндейді. «Оқитын кітап көп. Қайсысынан бастаймыз? Осынша еңбектің арасынан жөнін тауып таңдау оңай ма?» деген сұрақтың тууы заңды. Дінін әліпбиінен бастап үйренгісі келген адам әуелі Аллаға қалай құлшылық ететінін, өмірде қандай міндеттері барын білгісі келеді. Бұл ілімнің қайнар көзі – Құран, ал оның мәнін дұрыс ұғыну үшін хадиске жүгінеміз. Хадисті оқып, мағынасына бойламай, мұсылмандық танымымызды тереңдете алмаймыз. Хадис ілімінің аясы кең, осы саладағы еңбектердің бәрін оқып шығуға бір адамның ғұмыры да жетпеуі мүмкін. Сондықтан ғалымдар һижраның алғашқы ғасырларынан бастап хадистерді жүйелеп, ең қажетті риуаяттарды жинауға ден қойды. Осындай қажырлы еңбектің жемісі – «Кутуб ситта» деген атпен танылған алты хадис жинағы. Оларда құлшылықтан күнделікті тұрмысқа дейін мұсылман өмірінің сан қырын қамтитын риуаяттар топтастырылған. Жинақтарды түсіндірмелерімен бірге оқыған адам дінін тереңірек таниды. Бұл еңбектерді құрастырған ғалымдар риуаяттардың сенімділігіне айрықша мән берді. Олардың хадис іріктеу шарттары әртүрлі болғандықтан, жинақтардағы риуаяттардың сенімділік дәрежесі де біркелкі емес. Осы алты жинақтағы хадистер мен олардың түсіндірмелерін халқымызға ана тілімізде ұсынуды қалам ұстаған азаматтардың парызы деп білдік. Қазақша түсіндірмесі бар хадис жинағы әр шаңырақта тұрақты оқылып жатса, еңбегіміздің елге тигізген пайдасы сол болмақ. Сондай-ақ ислам дінін зерттеп, қазақ ғылымына үлес қосқысы келген ғалымдар өз тілінде пайдалана алатын ғылыми еңбек әзірлеуді көздедік. Бұл кітап – ұжымдық еңбектің жемісі. Оны жазуға, баспаға дайындап, жарыққа шығаруға атсалысқан барша жанашырдың маңдай тері сіңді.

Кітаптың басында «Хадис деген не?», «Сүннеттің қандай түрлері бар?» деген сұрақтарға жауап беріп, «Кутуб ситтаны» құрастырған ғалымдардың өмірі мен еңбектері туралы қысқаша мәлімет ұсындық.

Еңбегіміз ел игілігіне жарап, руханиятымызға қызмет етсе екен дейміз.

Хадис деген не?

Исламның Құран Кәрімнен кейінгі басты қайнар көзі – ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистері. Құран Кәрім жаратылыс пен адам өміріне қатысты негізгі қағидаларды баяндайды. Хадистер сол қағидалардың өмірде қалай жүзеге асатынын Пайғамбардың өнегесімен көрсетеді. Құранда кейбір үкімдер егжей-тегжейлі баяндалса, енді бірқатары жалпы түрде беріледі. Алла тағала аяттардың мәнін адамдарға түсіндіруді Мұхаммед пайғамбарға (с.а.с.) жүктеді. Сондықтан Алла елшісінің хадистерін Құран Кәрімнің алғашқы әрі басты тәпсірі деуге болады. Құрандағы әмірлер мен тыйымдардың мәні мен қалай орындалатынын осы хадистерден үйренеміз.

Хадис ілімі ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сөздері мен іс-әрекеттеріне (әфғал), құптауларына және болмыс-бітімі мен өміріне қатысты риуаяттарды зерттейді.

«Хадис» – «хабар беру» деген мағынадағы «тахдис» қимыл есімімен түбірлес сөз. Кейін Пайғамбарымызға (с.а.с.) телінген сөз, іс-әрекет және тақрир (құптау) «хадис» деп аталған. Ибн Хажар: «Шариғат қолданысында хадис дегеніміз – Пайғамбарымызға телінгеннің бәрі»1, – деген.

Кейбір ғұламалар «хадис» сөзінің астарынан байырғы, түйінді әрі иләһи мағына аңғарған. Бұл пайым Құран мен сүннеттің айырмасын түсінуге жол ашады. Ибн Мәжәнің «Сүнәнінде» Ибн Масғұдтан жеткен риуаяттың басында Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзі келтірілген:

إِنَّمَا هُمَا اثْنَتَانِ: الْكَلَامُ وَالْهَدْيُ، فَأَحْسَنُ الْكَلَامِ كَلَامُ اللَّهِ، وَأَحْسَنُ الْهَدْيِ هَدْيُ مُحَمَّدٍ.

«Екі нәрсе бар – сөз және ұстанатын жол. Сөздің ең көркемі – Алланың сөзі, ұстанатын жолдың ең көркемі – Мұхаммедтің (с.а.с.) жолы».2

Пайғамбарымыз (с.а.с.) өз сөзін «хадис» деп атаған. Осылайша ол өз сөзін өзгелердің сөзінен ажыратып, кейін ғылым атауына айналған «хадис» сөзінің қолданысына үлгі көрсетті.

Пайғамбардың сөздеріне Құран аятына жатпайтын айтқандары, ал іс-әрекеттеріне пайғамбарлық міндетін атқарған кезеңдегі амалдары жатады. Діни міндет ретінде бекітілген амалдарды орындауға тиіспіз.

Хадис пен фиқыһ ғалымдары Пайғамбардың (с.а.с.) хал-жағдайына қатысты риуаяттарды өз саласының мақсатына қарай қарастырған. Өз ықтиярымен жасаған амалдары пайғамбарлық іс-әрекетке (әфғал нәбәуия) жатады. Ал Алла елшісінің (с.а.с.) болмыс-бітімі, өмірбаяны, өмір сүрген ортасы мен заманы туралы деректер сияр3 кітаптарында баяндалады. Фиқыһ ғалымдары шариғи үкім шығаруға негіз бола алмайтын мұндай деректерді өз саласының аясында қарастырмаған4. Хадис ғалымдары Пайғамбарымызға (с.а.с.) қатысты мұндай деректерді де хадис іліміне жатқызған5.

Фиқыһ әдіснамасы (усул әл-фиқыһ) ғалымдары сүннет деп Алла елшісінің (с.а.с.) сөздерін, іс-әрекеттерін және сахабалардың сөздері мен істерін ашық немесе үнсіз құптауын айтады. Фиқыһ ғалымдары оны діни үкімге негіз болуы тұрғысынан қарастырады. Осы қолданыста «сүннет» пен «хадис» ұғымдары мағыналас.

Алла елшісі мен сахабалар заманынан бері сүннет Құран Кәріммен бірге қастерленіп, көздің қарашығындай қорғалып келеді. Ғасырлар бойы ғұламалар діни мәселелерді шешуде сүннетке жүгінді. Ол – шариғаттың екінші қайнар көзі.

Құран Кәрімнің көптеген аятында «Сәйид әл-бәшәр»6 атанған Пайғамбарымызға (с.а.с.) ілесу әмір етіледі7. Сенімді хадистерде де сүннетті басшылыққа алудың игілігі мен шариғаттағы маңызы айтылады8. Әр дәуірде сүннетке қарсы пікір білдіргендер болғанымен, мұсылман қауымы оны Құранмен бірге дінді танып, ұстанудың негізгі қайнар көзі деп қастерлеп келді. Сүннет Құран аяттарының мәнін ашып, олардың өмірде қалай жүзеге асатынын көрсетеді.

Сүннет Құрандағы мәні көмескі тұстарды тәпсірлейді, қысқаша берілген үкімдерді тарқатып түсіндіреді. Сонымен қатар ешбір шартпен шектелмеген үкімге (мұтлақ) шарт қойып нақтылайды (тақйид), ал жалпы үкімнің (ғам) қолданылу аясын айқындайды (тахсис). Сүннеттің осы қызметтері оның Құранмен тығыз байланысын танытады.

Намаздың рүкіндері, шарттары, намаздың дұрыс саналуы (сиххат) мен бұзылуы (фәсад), сүннеттері мен әдептері, қажылықтың ифрад, қиран және тәмәттуғ түрлері, зекеттің түрлері, нисап мөлшері9 мен оны өтеу тәртібі Құранда қысқаша айтылып, сүннетте жан-жақты түсіндіріледі. Ифрадта қажылық жеке орындалады, қиранда қажылық пен ұмраға бір ихраммен кіреді, ал тәмәттуғта әуелі ұмра жасап, ихрамнан шыққан соң қажылыққа бөлек ихрам киеді. Құрандағы мирас үкімдері жалпы түрде берілген. Пайғамбарлардың дүние-мүлкі мұраға қалмайтыны10 және мұра қалдырушыны өлтірген адамның оның мирасынан қағылатыны11 сүннетте нақтыланған. Сүннет Құрандағы бірқатар мұтлақ үкімге шарт қойып, қолданылу аясын белгілейді. Құранда тікелей айтылмаған кей мәселелердің үкімі де сүннет арқылы бекітілген. Мысалы, үй есегінің етін жеуге12, азу тісті жыртқыш аңдардың етін жеуге13, сондай-ақ бір әйел мен оның әкесінің не анасының әпке-сіңлісін бір мезгілде некеде ұстауға тыйым салынған14.

Сүннет алғашқы ғасырлардан бері Құранмен бірге қастерленіп, ұқыптылықпен сақталды. Ғалымдар оны жан-жақты зерделеп, зерттеу нәтижелерін кітаптар мен қолжазбалар арқылы кейінгі ұрпаққа жеткізді.

Алла елшісі (с.а.с.) сүннетіне бағынуды дін ұстанудың бір бөлігі деп білді. Өсиеттерін кейінгі ұрпаққа жеткізуге сахабаларын үндеп отырды. Хадис тыңдауға шалғайдан келгендерге ілтипат көрсетуге шақырды. Тыңдаушылар сөзін ұғып, жадында сақтасын деп, кейде бір сөзді бірнеше мәрте қайталайтын. Кей сахабаларға естігендерін жазып алуға рұқсат берген.

Сахабалар адамзатқа тәлім беру міндетін арқалаған Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дінге қатысты сөздері мен істерін де, күнделікті болмысы мен мінез-құлқын да мұқият қадағалап, көкейге түйді. Көргені мен естігенін өзара талқылап, бірін жадына сақтаса, енді бірін жазып алды. Пайғамбарымызға қатысты әрбір оқиғаны қымбат естелік, қасиетті аманат деп білді. Оның бір сөзі де ұмыт қалмауы үшін осы аманатқа айрықша жауапкершілікпен қарады.

Сахабалар Пайғамбарымыздың (с.а.с.) әр сөзі мен өсиетін ықыласпен қабылдап, оның терең мәнін ұғынуға тырысты. Алланың әмірлерін шынайы ниетпен орындады. Бас қосқанда ақиқат жайын сөз етіп, мәңгілік бақыт туралы әңгімелесетін. Мұндай ынта мен ықылас Пайғамбардан үйренгендерін жадында сақтап, сүннетке мұқият қарауына сеп болды. Туралықты мұрат еткен сахабалар сүннетті ұмыт қалдырмай, оған жалған сөз араластырмай жеткізуді көздеді. Біреу Пайғамбарға жалған сөз телісе, оны естіген сахабалар дереу қарсы уәж айтатын. Олардың мұндай талапшылдығы өзгелерді де сүннет жайында байыппен сөйлеуге үйретті. Сол дәуірдегі бірқатар оқиға сахабалардың жалған хабарды дер кезінде әшкерелеп, оның тарауына бөгет болғанын көрсетеді.

Сахабалар хадисті анықтап, жинаумен бірге оны бұрмаланудан қорғауды да өздеріне қасиетті борыш санады. Мәні айқын үкімдерге (мухкәмат) сүйеніп, естіген риуаятын сын елегінен өткізді. Хабар жеткізген рауидің сенімділігін тексеріп, қажет тұста куә талап етті. Риуаятты түрлі өлшеммен таразылап барып қабылдады.

Ардақты Пайғамбарымыздан (с.а.с.) естігендерін хатқа түсірген сахабалар аз болған жоқ. Құран Кәрім секілді хадисті де ұқыптылықпен сақтаған. Алғашқыда хадистер жекелеген адамдардың жазбаларына түсірілсе, Омар ибн Абдулазиздің тұсында оларды ресми түрде жинақтау (тәдуин) қолға алынды. Халифа осы іске арнайы тапсырма берді. Бұдан бұрын Әбу Бәкірдің (р.а.) халифалық тұсында хафыздардың жадында және түрлі жазбада сақталған аяттар мен сүрелер бір жинаққа топтастырылған еді. Хадисті ресми жинақтау да осындай мақсат көздеді.

Сахабалар мен табиғиндер дәуірінен жеткен ерте хадис жазбаларының арасында Абдулла ибн Амр ибн Астың «Әс-Сахифа әс-садиқа» және Һәммәм ибн Мүнәббиһтің «Әс-Сахифа әс-сахиха» жинақтары бар. Зәйд ибн Әли ибн Хұсейнге «Әл-Мәжмуғ» атты фиқыһ пен хадис жинағы телінеді. Мұндай жазбалар кейінгі буын хадис мамандарына дереккөз болды.

Сахабалар хадисті жинағанда қандай ұқыптылық танытса, сөзін сол күйінде жеткізуге де сондай мән берген. Айша анамыз (р.а.) хадисті сөзбе-сөз жеткізуге тырысқан. Ибн Омар (р.а.) бір әрпін де өзгертпеуге ден қойған. Ибн Масғұд (р.а.) пен Әбу Дәрда (р.а.) хадис риуаят еткенде, жауапкершілікті соншалық терең сезінгендіктен, безгек ұстағандай қалшылдайтын. Кей сахабалар «хадиске өз сөзім араласып кетер» деп қауіптеніп, риуаят айтудан тартынған.

Сахабалардан кейінгі буын – табиғин ғалымдары да хадиске осындай жауапкершілікпен қарады. Олардың қатарында Сағид ибн Мүсәйяб, Шағби, Алқама және Сәури бар. Кейінгі ғасырларда хадистің жеткізілу тізбегі мен мәтіні мұқият тексеріліп, рауилер туралы рижал15 еңбектері жазылды. Бұл ізденістер хадиске бөтен сөздің араласуына тосқауыл қойып, жалған риуаяттарды ажыратуға мүмкіндік берді.

Діни мәтіндерін осыншалық ұқыптылықпен жинап, әр сөзін сын елегінен өткізген мұсылман үмбетіндей қауымды адамзат тарихынан табу қиын болса керек.

Сүннеттің Құранды түсіндіруі

Ардақты Пайғамбарымызға жүктелген басты міндеттердің бірі – Құран Кәрімді түсіндіру. Алла Тағала «Нахл» сүресінің 64-аятында былай дейді: «Саған бұл Кітапты адамдардың қайшылыққа түскен мәселелерін түсіндіріп беруің үшін әрі иман келтірген қауымға тура жол мен рақым болсын деп түсірдік». Пайғамбарға жүктелген баян міндеті уахиды жеткізуді де, мағынасын түсіндіруді де қамтиды. Құранда «баян» сөзі көбіне түсіндіру мағынасында қолданылады. Алла елшісі (с.а.с.) өзіне түскен әмірлерді адамдарға жеткізіп, оларды сөзімен және ісімен түсіндірді. Осы сөздері мен істері сүннетке жатады. Ислам ілімінің негіздерін зерттеген кей ғалымдар Пайғамбардың баян ету міндетін екі қырынан қарастырған. Біріншісі – Құрандағы мағынасы бірден ашыла қоймайтын аяттарды түсіндіріп, олардың үкімін іс жүзінде қолдануды көрсету. Екіншісі – Құранда жеке айтылмаған үкімдер мен әдепті үйрету. Кәләм және фиқһ ғалымдары мұны намаз, зекет пен қажылық мысалында түсіндіреді. Құранда намаз оқу әмір етілген. Әр намаздың басталатын және аяқталатын уақыты, рәкат саны мен рүкіндерінің орындалу тәртібі сүннетте баяндалады. Зекет беру де Құранда әмір етілген. Ал оны кім, қандай мүліктен, қандай мөлшерде және қашан беретінін сүннет нақтылайды. Қажылықты қалай атқару керек? Ол өмірде неше рет парыз? Қағбаны неше рет тауап етіп, Арафатта қай уақытта тұрады? Бұл сұрақтарға діннің екінші қайнар көзі болған Пайғамбар сүннеті жауап береді. Риуаяттарда Алла елшісінің (с.а.с.) Жәбірейіл арқылы құлшылық тәртібін үйренгені баяндалады. Ол «Менің намазды қалай оқығанымды көрсеңдер, солай оқыңдар» және «Қажылық рәсімдеріңді менен үйреніңдер» деген. Хадис жинақтарында зекетке қатысты үкімдер де егжей-тегжейлі баяндалған. Намаздың уақыттарын сұраған кісіге Алла елшісі (с.а.с.) «Осы екі күн бізбен бірге намаз оқы» дейді. Бірінші күні намаздарды уақыты кіргенде, екінші күні кейінірек оқып көрсетеді де, «Намаздың уақыты өздерің көрген осы екі уақыттың арасы» деп түсіндіреді (Мүслім, №613a). Сүннеттің Құран әмірлерін қалай нақтылайтынын шариғаттағы жаза мысалынан да көреміз. Ұрлық туралы аятта жаза аталғанымен, оның қолданылу шарттары мен ұрланған мүліктің ең төменгі құны көрсетілмеген. Аятты осы түсіндірмесіз оқыған адам тіпті құны болмашы бір жұмыртқаны ұрлау да сол үкімге кіреді деп ұғуы мүмкін. Ал Айша анамыз (р.а.) жеткізген хадисте бұл жаза ұрланған мүліктің құны кемінде динардың төрттен біріне жеткенде қолданылатыны айтылған (Бұхари, №6789).

Сүннеттің дінді танудағы орнын түсіндірген ғалымдар хадисшілердің еңбегін айрықша бағалаған. Олардың айтуынша, хадисшілер риуаяттарды жинап, хатқа түсірмесе, жеткізушілер тізбегі мен әр хадистің жету жолдарын зерттемесе, шариғаттың көптеген үкімі ұмытылар еді. Өйткені бұл үкімдер мұқият сақталған риуаяттар мен ауыздан ауызға жеткен сүннет арқылы ұрпаққа берілді. Шатиби сүннет Құранды тәпсірлейтінін, сондықтан сүннетті білмей Құранмен ғана шектелген кісінің жаңылатынын ескертеді. Ол осы тұста Хузайфадан жеткен, Құран аятына сүйеніп бес уақыт намазды үшке қысқартқысы келетін топ туралы хабарды мысалға келтіреді16. Бағауи Алла елшісінен (с.а.с.) жеткені дәлелденген хадис өз алдына шариғи дәлел бола алатынын айтады. «Маған Кітап және онымен бірге соған ұқсасы берілді» деген хадис те осыны меңзейді (Бағауи, «Шарх әс-сунна», 1/201. Әбу Дәуіт, №4604). Пайғамбар сүннетін білмей, исламды толық ұстану қиын. Мұсылманға тән өмір салтын түсіну үшін Алла елшісінің (с.а.с.) өнегесіне зер салу қажет.

Сүннет – Құранмен қатар шариғат үкімдерінің дереккөзі. Ол ненің адал, ненің харам екенін, қандай істің парыз, уәжіп, сүннет, мұстахаб, мүбах, әдеп не мәкруһ саналатынын және қандай амалдың құлшылықты бұзатынын белгілейді. Сонымен бірге Құранда қысқа баяндалғанды егжей-тегжейлі түсіндіреді, мағынасы көмескі тұсты ашады, жалпы үкімнің кімге не қандай жағдайға қолданылатынын айқындайды, шегі белгіленбеген үкімді нақтылайды. Мұны бірнеше мысалмен көрейік.

1. Сүннеттің Құранды тәпсірлеуі

الَّذِينَ آمَنُوا وَلَمْ يَلْبِسُوا إِيمَانَهُمْ بِظُلْمٍ أُولَئِكَ لَهُمُ الْأَمْنُ وَهُمْ مُهْتَدُونَ

«Иман келтіріп, имандарына зұлымдық араластырмағандар қауіпсіздікте болады. Тура жол тапқандар да – солар»17 деген аят түскенде, «зұлымдық» сөзінің ақиқат пен әділеттің шегінен асуды білдіретінін жақсы білген сахабалар алаңдап қалды. Олар Алла елшісінен (с.а.с.) «Қайсымыз өзімізге зұлымдық жасамадық?» деп сұрады. Сонда ол «Мұндағы зұлымдық сендер ойлаған мағынада айтылмаған. Лұқманның ұлына айтқан сөзін естімедіңдер ме?» деп жауап берді.

يَا بُنَيَّ لَا تُشْرِكْ بِاللَّهِ إِنَّ الشِّرْكَ لَظُلْمٌ عَظِيمٌ

«Балам, Аллаға серік қоспа. Расында, Аллаға серік қосу – зор зұлымдық»18.

Алла елшісінің (с.а.с.) осы түсіндірмесінен аяттағы «зұлымдық» сөзінің Аллаға серік қосуды білдіретінін білеміз. Пайғамбарымыз мағынасын ашып айтпағанда, аяттағы осы астарды ұғу қиын болар еді.

Құранда حَافِظُوا عَلَى الصَّلَوَاتِ وَالصَّلَاةِ الْوُسْطَى «Намаздарды, әсіресе ортаңғы намазды мұқият сақтаңдар»19 делінеді. Ибн Масғұд (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) ортаңғы намазды екінті деп түсіндіргенін жеткізген (Тирмизи, №2985). Айша анамыз (р.а.) қызметшісі Әбу Юнустан өзіне Құран көшірмесін жазып беруін өтініп, осы аятқа жеткенде хабарлауын тапсырады. Ол хабар бергенде, Айша анамыз мына нұсқаны жаздырған. حَافِظُوا عَلَى الصَّلَوَاتِ وَالصَّلَاةِ الْوُسْطَى وَصَلَاةِ الْعَصْرِ وَقُومُوا لِلَّهِ قَانِتِينَ «Намаздарды, ортаңғы намазды және екінті намазын мұқият сақтаңдар. Алланың алдында бойсұнып тұрыңдар». Содан соң ол «Мұны Алла елшісінен (с.а.с.) осылай естідім»20 дейді. Автор Айша анамыздың осы риуаятын да ортаңғы намазды екінті деп түсіндірген пікірмен байланыстырады. Бұл жайында өзге де түсіндірмелер бар.

2. Сүннеттің қысқа баяндалған үкімдерді тарқатып түсіндіруі

Сүннет Құрандағы мағынасы көмескі тұстарды ашумен бірге қысқа баяндалған үкімдердің орындалу тәртібін егжей-тегжейлі түсіндіреді.

1. Құран Кәрімде أَقِيمُوا الصَّلَاةَ «Намазды толық орындаңдар» деп әмір етіледі. Намаздың қалай оқылатыны мен әр намаздың уақытын сүннет түсіндіреді. Кей тәпсіршілер وَأَقِمِ الصَّلَاةَ طَرَفَيِ النَّهَارِ وَزُلَفًا مِنَ اللَّيْلِ إِنَّ الْحَسَنَاتِ يُذْهِبْنَ السَّيِّئَاتِ «Күндіздің екі шетінде және түннің күндізге жақын мезгілдерінде намаз оқы. Расында, жақсылықтар жамандықтарды жояды»21 деген аяттан бес уақыт намазды тұспалдайды. إِنَّ الصَّلَاةَ كَانَتْ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ كِتَابًا مَوْقُوتًا «Расында, намаз мүміндерге белгіленген уақыттарда парыз етілді»22 деген аят та намаздың белгілі мерзімдері барын білдіреді. Сол мерзімдердің шегін сүннет айқындаған. Хадисте Алла елшісі (с.а.с.) намаз уақыттарының өзіне Жәбірейіл (а.с.) арқылы үйретілгенін былай баяндайды: «Жәбірейіл Қағбаның жанында маған екі рет имамдық етті. Бірінші күні күн тас төбеден ауып, көлеңке кебіс бауындай болғанда бесінді оқытты. Әр нәрсенің көлеңкесі өз бойымен теңескенде екінтіні, ораза ұстағандар ауыз ашқанда ақшамды, шапақ сөнгенде құптанды, ораза ұстағандарға ішіп-жеуге тыйым салынған мезгілде таң намазын оқытты. Екінші күні әр нәрсенің көлеңкесі өз бойымен теңескенде бесінді, өз бойынан екі есе ұзын болғанда екінтіні оқытты. Ақшамды алдыңғы күнгі мезгілде, құптанды түннің үштен бірі шамасында, таң намазын айнала жарық тартқанда оқытты. Содан соң маған бұрылып: “Уа, Мұхаммед! Сенен бұрынғы пайғамбарлардың намаз уақыты осы. Намаздың уақыты осы екі мезгілдің арасында”, – деді»23.

Алла елшісі (с.а.с.) үмбетіне намаз уақыттарын ғана үйреткен жоқ. Ол намаздың парыздарын, уәжіптерін, мұстахаб және мәкруһ амалдарын, намазды бұзатын істерді де түсіндірді. Рүкүғ пен сәждені қалай жасау, Құран аяттарын қалай оқу, тәхият айту және сәлем беріп намазды аяқтау тәртібін ісімен көрсетті. Құрандағы «Намаз оқыңдар» деген қысқа әмірдің іс жүзінде қалай орындалатынын Алла елшісі (с.а.с.) осылай үйретті. Бір хадисінде ол صَلُّوا كَمَا رَأَيْتُمُونِي أُصَلِّي. «Менің намазды қалай оқығанымды көрсеңдер, солай оқыңдар»24 деген.

Намазға қатысты сүннеттегі осы егжей-тегжейдің бәрі Құран Кәрімде баяндалғанда, намаз жайындағы мәтіннің өзі қазіргіден бірнеше есе көлемді болар еді. Құран мұны иләһи мақсатты терең түсініп, өзгелерге ұғындыра алатын Пайғамбарға жүктеді. Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) ғайри мәтлу уахи, яғни Алла Тағаланың Құраннан тыс көкейіне салған ақиқаты арқылы осы мәселелерді түсіндірді. Бұл міндетті атқаруда фәтанаттың да орны айрықша. Пайғамбарларға тән осы ерекше зерде ақылға бірден ашылмайтын жайттарды илһаммен айқындауға мүмкіндік береді.

2. Намаз секілді қажылықтың орындалу тәртібін де сүннет егжей-тегжейлі үйретеді. Құран Кәрімде қажылық бірнеше аятта сөз болады. Онда қажылық рәсімдерінің бір бөлігі баяндалған, ал олардың орындалу ретін хадистерден толығырақ білеміз. Ардақты Пайғамбар (с.а.с.) қажылықты бір рет атқарған. Ол сахабаларымен қоштасқан осы сапар дереккөздерде Қоштасу қажылығы деп аталады. Алла елшісі (с.а.с.) жұрттың бәрі көре алуы үшін қажылық рәсімдерін мініс көлігінің үстінде орындады. Ол қажылық тәртібін сөзбен үйретіп, ісімен көрсетті. Арафат күні ораза ұстамағанын да жұрт алдында білдірді. Содан кейін خُذُوا مَنَاسِكَكُمْ. «Қажылық рәсімдеріңді менен үйреніңдер»25 деп, өз сөздері мен ісінің шариғаттағы орнына назар аудартты. Құран Кәрім кемел күйінде түсті. Ондағы терең мағыналарды адамзатқа жеткізу, ашып түсіндіру Мұхаммед Мұстафаға (с.а.с.) жүктелді.

3. Сүннеттің жалпы үкімнің қолданылу аясын айқындауы

Құран Кәрімде мирас үкімі жалпы түрде баяндалады. يُوصِيكُمُ اللَّهُ فِي أَوْلَادِكُمْ لِلذَّكَرِ مِثْلُ حَظِّ الْأُنْثَيَيْنِ «Алла балаларыңның үлесі туралы сендерге мынаны бұйырады. Бір ұлға екі қыздың үлесіндей сыбаға тиесілі»26 делінеді. Аят жалпы мағынада айтылғандықтан, пайғамбар болсын, әулие болсын, Алланың таңдаулы не Өзіне жақын құлы болсын, бәріне ортақ болып көрінеді.

Алла елшісі (с.а.с.) дүние салғанда, қызы Фатима (р.а.) Әбу Бәкірге (р.а.) барып, әкесінен қалған мирасты сұрайды. Сонда халифа Алла елшісінен (с.а.с.) естіген мына сөзді жеткізеді. إِنَّا مَعْشَرَ الْأَنْبِيَاءِ لَا نُورَثُ، مَا تَرَكْنَاهُ صَدَقَةٌ. «Біз, пайғамбарлар, мирас қалдырмаймыз. Артымызда қалған дүние – садақа»27. Осы хадисте жалпы мирас үкімінің пайғамбарларға қатысты ерекшелігі айқындалған.

Сол сияқты الْقَاتِلُ لَا يَرِثُ. «Кісі өлтірген адам өзі өлтірген кісінің мирасын алмайды»28 деген риуаят та Құрандағы мирас үкімінің қолданылу аясын айқындайды. Мәселен, әкесін, әкесінің не шешесінің бауырын немесе өз бауырын өлтірген адам сол кісіден мирас талап ете алмайды.

4. Сүннеттің шегі белгіленбеген үкімдерді нақтылауы

Сүннет Құрандағы шегі белгіленбеген үкімдерді де нақтылайды. Мысалы, Құранда وَالسَّارِقُ وَالسَّارِقَةُ فَاقْطَعُوا أَيْدِيَهُمَا جَزَاءً بِمَا كَسَبَا نَكَالًا مِنَ اللَّهِ «Ұрлық жасаған ер мен әйелдің қолын істеген істерінің жазасы әрі өзгелерге сабақ болатын Алланың үкімі ретінде кесіңдер»29 делінеді. Мұнда жазаның қандай жағдайда қолданылатыны, ұрланған заттың құны қанша болуға тиіс екені және қолдың қай тұсы меңзелгені көрсетілмеген.

Құранның дәрет туралы аятында «Қолдарыңды шынтаққа дейін жуыңдар»30 делінеді. Осыдан араб тіліндегі «қол» сөзінің шынтаққа дейінгі бөлікті де қамтитыны аңғарылады. Ұрлық туралы аятта қолдың қай тұсы меңзелгенін сүннет айқындайды. Бәйһақи келтірген риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) заманында бұл жазаның білезік буынынан орындалғаны баяндалады.

Сүннет аяттағы саудаға қатысты үкімді де нақтылайды. يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَأْكُلُوا أَمْوَالَكُمْ بَيْنَكُمْ بِالْبَاطِلِ إِلَّا أَنْ تَكُونَ تِجَارَةً عَنْ تَرَاضٍ مِنْكُمْ «Уа, иман келтіргендер! Бір-біріңнің мал-мүліктеріңді арам жолмен жемеңдер. Өзара ризалықпен жасаған сауда-саттықтың жөні бөлек»31. Арам жолға ұрлық, тауарды қымбаттату үшін жинап қою, парақорлық пен өсімқорлық жатады. Алла елшісі (с.а.с.) жемістің пісу белгілері білінгенге дейін оны сатуға да, сатып алуға да тыйым салған32. Бұл риуаят саудаға қатысты үкімнің қолданылу шартын нақтылайды.

Жоғарыда айтқанымыздай, сүннет Құранда жеке айтылмаған мәселелерде де өз алдына шариғи үкім белгілейді. Үй есегінің және азу тісті жыртқыш аңның етін жеуге, сондай-ақ бір мезгілде бір әйелге және оның әкесінің не шешесінің әпке-сіңлісіне үйленуге тыйым салынуы – соның мысалдары.

Шариғаттың дербес қайнар көзі ретінде сүннет өз міндетін Құран Кәрім түсе бастаған сәттен атқарды. Содан бері Құранмен тығыз байланыста келеді.

Сүннеттің бұл орнын мұсылман қауымы мен ғалымдардың көпшілігі әуелден мойындаған. Соған қарамастан, грек философиясының ықпалындағы Наззам секілді мұғтазила өкілдері, кейін кейбір батыстық шығыстанушылар сүннеттің беделіне күмән келтіруге тырысты. Соңғы бір-екі ғасырда Батыстың ықпалымен бірқатар мұсылман ғалымы да сүннетке күмәнмен қарап, оны сынға алған. Алайда Құран мен сүннет туралы бұрынғы ғұламалардың зерттеулері мен бізге қалдырған іргелі еңбектері сүннеттің діндегі орнын айқын көрсетеді.

Сүннеттің шариғатта үкім белгілеуі

Сүннет Құран Кәрімдегі үкімдерді түсіндіріп, Құранда жеке баяндалмаған үкімдер мен әдептерді де белгілейді. Дініміздегі көптеген амалдың негізі сүннеттен алынатыны оның шариғаттағы орнын айқындайды. Алла елшісі (с.а.с.) осы жайында «Маған Кітап та, онымен бірге соған ұқсасы да берілді» деген (Әбу Дәуіт, №4604).

Хаттаби бұл хадисті екі түрлі түсіндіреді. Бірінші түсінік бойынша, Пайғамбарымызға (с.а.с.) Құран болып оқылатын уахимен бірге Құран ретінде оқылмайтын уахи да берілген. Екінші түсінік бойынша, оған Кітаптағы үкімдерді түсіндіруге, олардың қолданылу аясын айқындауға және Құранда жеке аталмаған үкімдерді жеткізуге рұқсат берілген. Сүннеттен алынған үкім көп болғандықтан, кей ғалымдар Кітап пен сүннеттің әрқайсысының үкім белгілеуде өз орны барын айтқан. Мәселен, бір ер кісінің әйелге және сол әйелдің әкесінің не шешесінің әпке-сіңлісіне бір мезгілде үйленуіне тыйым салу, қолға үйретілген есек пен азулы жыртқыштың етін жеуге тыйым салу, мұсылманның мұсылман емес кісіні өлтіргені үшін қысас ретінде өлтірілмеуі, Мәдина маңындағы белгілі аумақтың қасиетті мекен деп жариялануы хадиске негізделеді. Кей ислам ғалымдары үкімге дәлел болу тұрғысынан сүннетті Құранмен тең дәрежеде қарап, Алла елшісінен (с.а.с.) сенімді жолмен жеткен сүннеттің өзі амал етуге жеткілікті дәлел екенін айтқан. Олар амал етерден бұрын сол үкімнің Құранда жеке айтылған-айтылмағанын анықтауды шарт деп санамаған. Сарахси де Алла елшісінен (с.а.с.) жеткен сахих хадиске сай амал етуден бас тартуды сол хадиске қайшы амал жасаумен бірдей харам санаған.

Сүннеттің түрлері

Хадис іліміндегі бір жіктеу бойынша Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннеті төрт түрге бөлінеді.

1. Пайғамбар сөзі (қаули сүннет). Бұған Пайғамбарымыздың (с.а.с.) түрлі жағдайда айтқан сөздері жатады. Мысалы, «Әр амал ниетке байланысты» деген сөзін алайық. Оны естіген сахаба аманат деп біліп, өзге мұсылмандарға жеткізген. Осылайша сөз ұрпақтан ұрпаққа беріліп, хадис жинаушыларға жеткен. Олар риуаятты тексеріп, Алла елшісінің (с.а.с.) сөзі екеніне көз жеткізген соң жинақтарына енгізген. Мұндай хадис көбіне «Пайғамбар былай деді», «Алла елшісі былай айтты» деген сөздермен басталады.

Алла елшісінің (с.а.с.) Құранда жеке айтылмаған мәселелерге қатысты түйінді сөздерін фақиһтер көптеген үкімге негіз етіп алған. Мына мысалдар фиқһ еңбектерінде жиі келтіріледі.

а) Пайғамбарымыз (с.а.с.) لَا وَصِيَّةَ لِوَارِثٍ. «Мұрагерге арнап өсиет қалдырылмайды»33 деген. Кісі өз мүлкінің бір бөлігін қорға немесе қайырымдылық мекемесіне қалдыруды өсиет ете алады. Алайда заңды мұрагеріне «Мүлкімнің мына бөлігін саған қалдырамын» деп қосымша үлес өсиет ете алмайды. Мұрагерлердің үлесі Құранда белгіленген.

ә) Алла елшісінің (с.а.с.) لَا ضَرَرَ وَلَا ضِرَارَ. «Зиян келтіруге де, зиянға зиянмен жауап беруге де болмайды»34 деген хадисі фиқһтың негізгі қағидаларының біріне айналған. Осыған сай біреуге зиян келтіруге де, өзіңе тиген зиянды өзгеге зиян келтірумен өтеуге де жол берілмейді.

б) Алла елшісі (с.а.с.) егін зекеті туралы فِيمَا سَقَتِ السَّمَاءُ وَالْعُيُونُ الْعُشْرُ، وَفِيمَا سُقِيَ بِالنَّضْحِ نِصْفُ الْعُشْرِ. «Жаңбыр мен бұлақ суы суарған егістіктен өнімнің оннан бірі, ал су тартып суарған егістіктен оның жартысы, яғни жиырмадан бірі зекетке беріледі»35 деген.

в) Бір сахаба теңіз суымен дәрет алуға бола ма деп сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.) هُوَ الطَّهُورُ مَاؤُهُ الْحِلُّ مَيْتَتُهُ. «Теңіздің суы дәрет алуға жарамды, ондағы өздігінен өлген жануарды жеу адал»36 деп жауап берген. Осы жауап кейін талай пәтуаға негіз болды.

2. Пайғамбардың іс-әрекеті (фиғли сүннет). Бұған Алла елшісінің (с.а.с.) дәрет алуы, намаз оқуы, қажылық жасауы сияқты амалдары жатады. Сахабалар оның ісін көріп, өздері де солай жасап, өзгелерге үйреткен. Риуаятты жеткізген сахаба «Пайғамбарымыз осылай істейтін» немесе «Оның осылай істегенін көрдім» деп баяндайды. Мәселен, Құранда «Рукуғ жасаңдар, сәжде етіңдер» делінеді («Хаж» сүресі, 77-аят), намаз мезгілдері де жалпы аталады. Ал намазды қай уақытта, күніне неше рет және қалай оқу керектігін, оның парызы мен уәжібін, намазды бұзатын жайттарды сүннет түсіндіреді. Алла елшісі (с.а.с.) صَلُّوا كَمَا رَأَيْتُمُونِي أُصَلِّي. «Намазды менен көргендеріңдей оқыңдар»37 деген. Қажылық рәсімдерінің тәртібі де Пайғамбарымыздың іс-амалымен айқындалған.

3. Пайғамбардың құптауы (тақрири сүннет). Алла елшісінің (с.а.с.) өзі көрген не хабарын естіген істі құптауы осыған жатады. Сахабалардың бір ісін құптамаған кезде Пайғамбарымыз оны байыппен ескертетін. Мысалы, мінберге шығып, ешкімнің атын атамай, «Кейбіреулерге не болған?..»38 деп жамағатқа ортақ ескерту айтатын. Айша анамыздың (р.а.) баяндауынша, Алла елшісі жеке басына жасалған қиянат үшін кек алмаған. Ал Алла қойған шек бұзылғанда, Алла разылығы үшін тиісті шара қолданған39. Сондайда арыстандай айбаттанып, әділет орнағанша тыным таппайтын.

Алла елшісі (с.а.с.) істі сөзбен де, қарсылық білдірмей үнсіз қалуымен де құптаған.

а) Сөзбен құптау. Бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) Муаз ибн Жәбәлді Йеменге жібермек болғанда, одан даулы істі қалай шешетінін сұрайды. Муаз «Алланың кітабына сүйеніп үкім шығарамын. Жауабын одан таппасам, Алла елшісінің сүннетіне жүгінемін. Сүннеттен де таппасам, барымды салып, өзім ижтиһад етемін» дейді. Пайғамбарымыз оның жауабына разы болып, кеудесінен қағады да, «Алла елшісінің өкілін Елшісіне ұнамды шешімге жетелеген Аллаға мадақ болсын»40 дейді. Тағы бірде сапардағы екі кісі су таппай, тәйәммүм жасап намаз оқиды. Намаз уақыты шықпай су табылғанда, біреуі дәрет алып намазын қайта оқиды, екіншісі қайталап оқымайды. Олар осыны Алла елшісіне (с.а.с.) айтқанда, ол намазын қайталамаған кісіге былай деді: أَصَبْتَ السُّنَّةَ وَأَجْزَأَتْكَ صَلَاتُكَ. وَقَالَ لِلْآخَرِ: «لَكَ الْأَجْرُ مَرَّتَيْنِ». «Сүннетке сай істедің, оқыған намазың жеткілікті». Ал намазын қайта оқыған кісіге: «Саған екі есе сауап бар», – деді.41

ә) Үнсіз құптау. Ибн Омар (р.а.) былай жеткізеді. «Пайғамбарымыз (с.а.с.) Хандақ шайқасынан қайтқан соң “Ешкім Бәни Құрайзаға жетпей екінті намазын оқымасын!” деді. Екінтінің уақыты жолда кірді. Сахабалардың бір тобы “Бәни Құрайзаға жетпей намаз оқымаймыз” десе, екінші тобы “Оқи береміз. Пайғамбарымыз мұнымен діттеген жерге тезірек жетуді меңзеді” деді. Кейін бұл жайды Пайғамбарымызға (с.а.с.) жеткізгенде, ол екі топтың да ісін кінәламады»42.

«Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұны көріп күлімсіреді» деген сөз де риуаятта үнсіз құптауды білдіреді.

4. Пайғамбардың сипаты. Бұған Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мінез-құлқы мен кескін-келбетін баяндайтын риуаяттар жатады.

а) Мінез-құлқы. Ибн Аббас (р.а.) былай дейді. «Алла елшісі (с.а.с.) адамдардың ең жомарты еді. Рамазанда Жәбірейілмен кездескенде жомарттығы ерекше арта түсетін»43.

ә) Кескін-келбеті. Бара ибн Азиб (р.а.) былай сипаттайды. «Алла елшісінің (с.а.с.) жүзі жұрттан асқан ажарлы, дене бітімі келісті еді. Бойы тым ұзын да, аласа да емес еді»44.

Сахабалар Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сабырын, төзімін, биязылығын, батылдығы мен шыншылдығын, сондай-ақ дене бітімі мен кескін-келбетін сипаттап жеткізген. Бұл деректер хадис ғалымдары арқылы мұсылман қауымына жетті. Мәселен, Тирмизидің «Шәмәил ән-Нәби» атты еңбегі Пайғамбарымыздың болмысы мен келбетін баяндайтын риуаяттарды жинақтаған45. Хадис ілімінде сүннет осылай жіктеліп, Пайғамбарымыздың дәуірінен жеткен риуаяттар осы жүйемен зерттеледі.

Хадис жеткізудегі жауапкершілік

Сахабалар да, олардан тәлім алған табиғиндер де, солардың жолын жалғаған тәбә-табиғиндер де естігенін сол күйінде қабылдай салмаған. Жүректері пәк, жандары нәзік бұл жандар әр хабарды зерделеп, ақыл мен қисынға салып екшей білген. Сүннетті жадында сақтап, кітаптарына да жазып отырған. Риуаятты мұқият тексеріп, кейінгі ұрпаққа сол ыждағаттылықпен жеткізген. Соған бірнеше мысал келтірейік.

1. Пайғамбарымыздың ескертуі

Алла елшісі (с.а.с.) хадисті жеткізгенде сақ болуды қатаң ескерткен. Бір риуаятта مَنْ كَذَبَ عَلَيَّ فَلْيَتَبَوَّأْ مَقْعَدَهُ مِنَ النَّارِ. «Кім менің атымнан өтірік айтса, тозақтағы орнын әзірлей берсін» делінген. Екінші риуаятта مَنْ كَذَبَ عَلَيَّ مُتَعَمِّدًا فَلْيَتَبَوَّأْ مَقْعَدَهُ مِنَ النَّارِ. «Кім менің атымнан қасақана өтірік айтса, тозақтағы орнын әзірлей берсін»46 деп нақтыланған.

Шындық пен жалғанның арасы жер мен көктей алшақ болған ол дәуірде шыншылдық ең асыл қасиет саналды. Мұны Алла елшісі (с.а.с.) мен жалған пайғамбар Мүсәйлима әл-Кәззабтың арасындағы айырмадан-ақ аңғаруға болады. Сол нұрлы замандағы мүміндер, әсіресе сахабалар мен табиғиндер, Алла елшісінің атынан жалған сөз айтудан, оның сөзін өз қалауларына бұрмалаудан сақтанған. Тіпті болмашы өтірікке де бармаған. Әзірет Әлидің (р.а.) мына сөзі соны аңғартады. «Алла елшісінен (с.а.с.) бір хадис жеткізсем, Алла атымен ант етемін, оған өтірік сөз телігеннен гөрі көктен құлап түскенім артық»47.

Алла елшісі (с.а.с.) тағы бір хадисінде «Өзі жалған деп санаған хадисті менен жеткен деп жеткізген кісі – өтірікшілердің бірі»48 деп ескерткен. Олай болса, шыншылдығы мен адалдығымен танылып, аз уақыт ішінде исламды әлемге жайған, адамзатқа ізгілік үйреткен сол қауым бұл ескертуге қайшы әрекетке қалай барсын?

2. Сахабалар мен табиғиндердің ыждағаттылығы

Хадис жеткізудің жауапкершілігін жете ұғынған сахабалар бұл іске ерекше сақтықпен қараған. Кейбірі тіпті хадис айтуға жүрексінген. Алғашқы мұсылмандардың бірі Абдулла ибн Масғұд осы ыждағаттылығымен ерекшеленді. Әбу Мұса әл-Ашғаридің айтуынша, Абдулла мен оның анасы Алла елшісінің (с.а.с.) үйіне жиі кіріп-шығатын. Әбу Мұса мен бауыры алғашында Ибн Масғұдты Алла елшісінің отбасы мүшесі екен деп ойлаған. Омар (р.а.) халифа кезінде Ибн Масғұдты Куфаға ұстаз әрі уәзір етіп жіберіп, куфалықтарға жазған хатында «Абдулланы өзіме қалдырмай, сендерге жіберуді жөн көрдім»49 деген.

Амр ибн Мәймүн Ибн Масғұдқа бейсенбі сайын кешке барып тұрғанын айтады. Біраз уақытқа дейін одан «Алла елшісі былай деді» деген сөзді естімепті. Бір күні сахаба قَالَ رَسُولُ اللَّهِ «Алла елшісі былай деді» деп, басын төмен иеді. Жеткізуші оның жейдесінің түймелері ағытылып, көздері жасаурап, мойын тамырлары білеуленіп, тік тұрғанын көрген. Сонда Ибн Масғұд أَوْ دُونَ ذَلِكَ، أَوْ فَوْقَ ذَلِكَ، أَوْ قَرِيبًا مِنْ ذَلِكَ، أَوْ شَبِيهًا بِذَلِكَ «Немесе бұдан кемірек, не артығырақ, не осыған жақын, не осыған ұқсас сөз айтты»50 деп ескерткен.

Алла елшісінің (с.а.с.) хауариі, яғни жақын жәрдемшісі атанған Зүбәйр ибн Аууам да аз хадис жеткізген. Ол Пайғамбарымыздың әкесінің батыр қарындасы Сафияның (р.а.) ұлы, алғашқы мұсылмандардың бірі әрі көзі тірісінде жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның қатарында болған. Бір күні ұлы одан «Әке, басқалардан естігенімдей, сізден неге хадис естімеймін?» деп сұрайды. Зүбәйр «Мен Алла елшісінің қасынан ажырамадым. Оның “Кім менің атымнан өтірік айтса, тозақтағы орнын әзірлей берсін”51 дегенін естідім» деп жауап береді52.

Алла елшісіне (с.а.с.) он жыл қызмет еткен Әнәс ибн Мәлик (р.а.) те «Қателесіп кетемін деп қорықпасам, Алла елшісінен естігендерімнің көбін айтып берер едім»53 деген.

Куфадағы көрнекті табиғин Абдуррахман ибн Әбу Ләйла бес жүз сахабамен кездескен деседі. Оның ұлы Мұхаммед Куфада Әбу Ханифамен пікір алмасқан, ал Әбу Юсуф сол Мұхаммедтен де білім алған. Абдуррахманның өзі былай дейді. «Осы мешітте Алла елшісінің жүз жиырма сахабасын көрдім. Хадис жеткізетін әрқайсысы оны басқа біреу айтса екен дейтін. Пәтуа сұралған әрқайсысы да жауапты басқа біреу берсе екен дейтін». Хадисті жеткізу қажет болғанда, кейбірі Ибн Масғұд секілді أَوْ دُونَ ذَلِكَ، أَوْ فَوْقَ ذَلِكَ، أَوْ قَرِيبًا مِنْ ذَلِكَ، أَوْ شَبِيهًا بِذَلِكَ «Бұдан кемірек, не артығырақ, не осыған жақын, не осыған ұқсас сөз»54 деп алдын ала ескертетін.

Абдулла ибн Әрқам (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.), Әбу Бәкір мен Омардың тұсында хатшылық қызмет атқарған. Омардың халифалығы кезінде қазынаға жауапты болып, Османның (р.а.) тұсында да сол қызметті жалғастырған. Бір тарихи хабарда қазынадан алынған қарызды қайтару жөнінде Османмен пікірі қабыспай, қазынаның кілтін жұртқа тапсырғаны айтылады. Ал Абдуррахман ибн Әбу Ләйла бастаған кісілер хадис айтып беруін өтінген сахаба Зәйд ибн Әрқам (р.а.) еді. Зәйд оларға «Қартайдық, ұмыттық. Алла елшісінен (с.а.с.) хадис жеткізу оңай іс емес»55 деп жауап берген.

а. Сөзбе-сөз жеткізудегі ықтияттылық

Рауи, яғни хадис жеткізуші, тілді жетік білуге тиіс. Хадистің дәл сөзі ұмытылса, оның орнына айтылатын сөз мәнмәтінге үйлесіп, бастапқы мағынаны дәл сақтаған жағдайда хадисті мағынасы бойынша жеткізуге рұқсат етілген. Ал сахабалар бір сөзді, тіпті бір әріпті де өзгертіп алмауға тырысқан. Мәселен, бір күні Ұбайд ибн Ұмайр Абдулла ибн Омардың (р.а.) қасында مَثَلُ الْمُنَافِقِ كَمَثَلِ الشَّاةِ الرَّابِضَةِ بَيْنَ الْغَنَمِ «Мұнафық қой арасында жатқан қойға ұқсайды» деп риуаят етеді. Ибн Омар (р.а.) оған «Алла елшісі (с.а.с.) бұлай айтпаған» деп, өзі естіген нұсқаны келтіреді. مَثَلُ الْمُنَافِقِ كَمَثَلِ الشَّاةِ الْعَائِرَةِ بَيْنَ الْغَنَمَيْنِ. «Мұнафық екі отардың арасында сенделген қойға ұқсайды»56. Мұнда риуаяттың мәнін айқындайтын айырмашылық الرَّابِضَةِ («жатып қалған») мен الْعَائِرَةِ («сенделген») сөздерінде. Мұнафық екі жақтың біріне орныға алмайды. Мүміндермен араласқаны үшін кәпірлер оны менсінбейді, ал иманы кәміл болмағандықтан, мүміндердің алдында да қадірі жоқ. Осы оқиға «Муснадта» басқа нұсқада да баяндалады.

Ұбайд ибн Ұмайр былай риуаят етеді.

إِنَّ مَثَلَ الْمُنَافِقِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ كَالشَّاةِ بَيْنَ الرَّبِيضَيْنِ مِنَ الْغَنَمِ، إِنْ أَتَتْ هَؤُلَاءِ نَطَحَتْهَا، وَإِنْ أَتَتْ هَؤُلَاءِ نَطَحَتْهَا. وَقَالَ عَبْدُ اللَّهِ بْنُ عُمَرَ: «بَيْنَ الْغَنَمَيْنِ».

«Қиямет күні мұнафық екі отардың арасында қалған қойға ұқсайды. Бір отарға барса, оны сүзіп тастайды, екіншісіне барса да, оны сүзеді». Ибн Омар (р.а.) «екі топтың арасындағы» деген тұсты «екі отардың арасындағы» деп түзетті.57 Өйткені ол Алла елшісінен (с.а.с.) солай естіген еді.

Сахабалардың осы мұқияттылығын табиғиндер де, тәбә-табиғиндер де ұстанған. Мәселен, Суфиян ибн Үйәйнә мына хадисті жеткізген. نَهَى رَسُولُ اللَّهِ عَنِ الدُّبَّاءِ وَالْمُزَفَّتِ أَنْ يُنْتَبَذَ فِيهِ. «Алла елшісі (с.а.с.) асқабақтан жасалған ыдыс пен іші қарамаймен сыланған ыдыста жемісті жібітіп, сусын дайындауға тыйым салды»58. Бірде оның қасында хадистегі أَنْ يُنْتَبَذَ فِيهِ тіркесін أَنْ يُنْبَذَ فِيهِ деп айтады. Суфиян «Зуһриден бұлай естіген жоқпын. Ол бізге يُنْتَبَذَ فِيهِ деп жеткізді» деп, өзі естіген сөзді қайталаған. Екі нұсқадағы етістіктің түбірі бір, тек тұлғасы өзгеше. Мағынасында болмашы ғана реңк айырмасы бар.

Сахабалар, табиғиндер және тәбә-табиғиндер хадисті Алла елшісінен (с.а.с.) қалай жетсе, сол қалпында жеткізуге осылайша мән берген.

Осы сақтықты көре тұра, «Сахабалар мен табиғиндер Алла елшісінен (с.а.с.) естігендерін өз сөздерімен жеткізген, сондықтан хадис шариғат үкімдеріне негіз бола алмайды» деген пікірге қандай негіз барын оқырманның пайымына қалдырамын.

Бұхаридің «Дұғалар» кітабында мына хадис келтірілген.

عَنِ الْبَرَاءِ بْنِ عَازِبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِذَا أَتَيْتَ مَضْجَعَكَ فَتَوَضَّأْ وُضُوءَكَ لِلصَّلَاةِ، ثُمَّ اضْطَجِعْ عَلَى شِقِّكَ الْأَيْمَنِ، وَقُلِ: “اللَّهُمَّ أَسْلَمْتُ وَجْهِي إِلَيْكَ، وَفَوَّضْتُ أَمْرِي إِلَيْكَ، وَأَلْجَأْتُ ظَهْرِي إِلَيْكَ، رَغْبَةً وَرَهْبَةً إِلَيْكَ، لَا مَلْجَأَ وَلَا مَنْجَى مِنْكَ إِلَّا إِلَيْكَ، آمَنْتُ بِكِتَابِكَ الَّذِي أَنْزَلْتَ، وَبِنَبِيِّكَ الَّذِي أَرْسَلْتَ”. فَإِنْ مُتَّ مُتَّ عَلَى الْفِطْرَةِ، فَاجْعَلْهُنَّ آخِرَ مَا تَقُولُ». فَقُلْتُ أَسْتَذْكِرُهُنَّ: «وَبِرَسُولِكَ الَّذِي أَرْسَلْتَ». قَالَ: «لَا، وَبِنَبِيِّكَ الَّذِي أَرْسَلْتَ».

Бәра ибн Азиб (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) маған: “Жатарда намазға дәрет алғандай дәрет ал. Сосын оң қырыңмен жатып: ‘Уа, Алла! Өзімді Саған тапсырдым, ісімді Өзіңе жүктедім. Үміт етіп те, қорқып та Өзіңе сүйендім. Сенен қорғанар пана да, құтылар жол да тек Өзіңе бет бұруда. Түсірген Кітабыңа және жіберген пайғамбарыңа иман келтірдім’ де. Сол түні қайтыс болсаң, фитрамен дүниеден өтесің. Бұлар жатардағы соңғы сөзің болсын”, – деді. Мен дұғаны есіме түсіріп, қайталағанымда: “Жіберген елшіңе”, – дедім. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Жоқ, жіберген пайғамбарыңа”, – деп түзетті».59

Бұл мысалда Пайғамбарымыз (с.а.с.) дұғадағы «расул» («елші») сөзінің орнына «нәби» («пайғамбар») сөзін айту керегін ескертеді. Мұның мәнін толық аңғару бізге әрдайым мүмкін бола бермейді.

Игі түс – пайғамбарлықтың қырық алты бөлігінің бірі (Бұхари, №6989). Осы тұрғыдан ұйқы мен түстің нүбууатқа, яғни пайғамбарлыққа қатысы бар. Ал рисалат, яғни елшілік, көздің ашық, жүректің ояу болуын қажет етеді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сөзге осылайша ұқыпты қарауын сахабалар да үлгі тұтқан. Олар хадисті қаншалық мұқият қабылдаса, өзгелерге де соншалық мұқият жеткізген.

ә. Өзара талқылау

Сахабалар Алла елшісінен (с.а.с.) естіп, жадында сақтаған хадистерді өзара талқылаған. Кейін шәкірттерін де осыған баулыған. Әбу Сағид әл-Худри «Хадисті бір-біріңе айтып, еске түсіріп отырыңдар. Бір хадис екіншісін еске салады» деген. Ибн Аббас та хадисті ұмытып қалмас үшін оны өзара еске түсіріп, үнемі қайталап отыруды тапсырған60.

Сахабалар хадис пен сүннеттің маңызын жете ұққан. Хадисте айтылғандай, періштелер ілім іздеушіге разы болып, қанаттарын жаяды61. Сахабалар да хадиске бар ынтасымен ден қойып, оны әуелі жаттап, өзара талқылаған, содан кейін ғана өзгелерге жеткізген.

Хадистер осындай ортада жадыға тоқылып, күнделікті өмірдің өзегіне айналып, бізге дейін жетті.

3. Сахабалар мен табиғиндердің хадисті тексеруі (тахқиқ)

Сахабалар хадисті өзара талқылайтын. Діни мәселе туғанда, әуелі сүннетте оған қатысты үкім бар-жоғын іздестіретін. Бір-бірінің шыншылдығына күмән келтірмесе де, сүннеттің шариғат үкімдерін айқындаудағы орнын біліп, естігендерін бірден қабылдамай, әуелі анық-қанығына жетуге тырысатын. Сөзді жақсы есте сақтаумен қатар, оның дұрыс жеткізілгенін тексеруді де дағдыға айналдырған.

Бірде немересінен қалған мирастан өзіне үлес тие ме деп бір кейуана Әбу Бәкірге (р.а.) жүгінеді. Әбу Бәкір (р.а.): «Алланың кітабында саған тиесілі үлес көрсетілмеген, Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетінен де бұл жайында білетінім жоқ. Әзірге қайта бер, жұрттан сұрап білейін», – дейді. Ол жұрттан сұрағанда, Мұғира ибн Шуғба (р.а.): «Алла елшісінің (с.а.с.) әжеге мирастың алтыдан бірін бергеніне куә болдым», – дейді. Әбу Бәкір (р.а.): «Қасыңда бұған куә болған тағы біреу бар ма?» – деп сұрайды. Сонда Мұхаммед ибн Мәсләмә (р.а.) Мұғираның сөзін қуаттап, сол үкімге өзі де куә болғанын айтады. Мән-жайды осылай анықтаған Әбу Бәкір (р.а.) кейуанаға немересінің мирасының алтыдан бірін береді62.

«Діндеріңнің жартысын мына Хумайрадан үйреніңдер»63 деген сөз Айша анамызға (р.а.) қатысты айтылады. Алайда оны Алла елшісінен (с.а.с.) жеткізетін сенімді иснад анықталмаған. Аса зерек, әр мәселенің байыбына жетуге ұмтылатын Айша анамыз бірде Алла елшісінің (с.а.с.) «Кім есепке тартылса, сол азапқа ұшырайды» дегенін естиді. «Алла тағала Құранда فَسَوْفَ يُحَاسَبُ حِسَابًا يَسِيرًا “Ол жеңіл есепке тартылады”64 демей ме?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ол – арз, яғни амалдарын өзіне көрсету. Ал кімнің есебі егжей-тегжей тексерілсе, сол азапқа ұшырайды»65, – деп жауап береді. Демек, әркімнің амалдары Алла алдында көрсетіледі. Есеп үстінде құл істегендерін мойындамай, Алла оған әрбір ісін жеке-жеке санап берсе, сол кезде оның жағдайы қиындайды.

Сахабалардың естігенін қалай тексергенін және Құранның бірнеше уәжһпен, яғни оқу нұсқасымен түскенін көрсететін бір оқиға көптеген жолмен риуаят етілген.

Бұхаридің риуаятында Омар (р.а.) оқиғаны былай баяндайды: «Алла елшісінің (с.а.с.) көзі тірісінде Хишам ибн Хакимнің намазда “Фурқан” сүресін оқып тұрғанын естідім. Құлақ түріп едім, ол сүрені Алла елшісі (с.а.с.) маған үйретпеген кейбір әріптермен оқып тұр екен. Намаз үстінде өзіне жармасып қала жаздадым. Дегенмен сәлем бергенше сабыр еттім. Сәлем бере салысымен, шапанының жағасынан ұстап, “Сүрені бұлай оқуды саған кім үйретті?” – дедім. Ол “Алла елшісі (с.а.с.) үйретті”, – дегенде, “Өтірік айтасың. Алла елшісі (с.а.с.) маған бұл сүрені сенен басқаша оқытқан”, – деп, оны Алла елшісіне (с.а.с.) алып бардым. “Уа, Алла елшісі! Мына кісінің ‘Фурқан’ сүресін сен маған үйретпеген әріптермен оқығанын естідім”, – дедім. Пайғамбарымыз (с.а.с.): “Оны қоя бер. Оқы, Хишам”, – деді. Хишам сүрені мен естіген қалпында оқыды. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Сүре осылай түсірілді”, – деді. Сосын: “Енді сен оқы, Омар”, – деді. Мен өзіме үйреткен қалпында оқыдым. Алла елшісі (с.а.с.): “Сүре осылай да түсірілді. Расында, бұл Құран жеті әріппен66 түсірілген. Оқуға қайсысы жеңіл болса, сонымен оқыңдар”, – деді»67.

Бірде Әбу Мұса әл-Әшғари (р.а.) Омарға (р.а.) келеді. Есік алдында үш рет рұқсат сұрап, жауап болмаған соң қайтып кетеді. Ісін бітірген Омар: «Абдулла ибн Қайстың даусы естілгендей болды. Рұқсат беріңдер, кірсін», – дейді. Қасындағылар Әбу Мұсаның кетіп қалғанын айтқан соң, Омар оны қайта шақыртып: «Неге қайтып кеттің?» – деп сұрайды. Әбу Мұса: «Алла елшісі (с.а.с.) “Біреуің үш рет рұқсат сұрап, рұқсат ала алмаса, қайтып кетсін”, – деген», – дейді. Омар: «Мұны естімеппін. Айтқаныңа куә келтір», – дейді. Әбу Мұса Пайғамбар мешітіне барып, жиналған ансарларға мән-жайды баяндайды. Үбәй ибн Кағб: «Куәлікке арамыздағы ең жасымыз барсын», – деп, Әбу Сағид әл-Худриді Омарға жібереді.

Әбу Сағид хадисті растағанда, Омар (р.а.) Әбу Мұсаға: «Саған күмән келтіргенім жоқ. Жұрт Алла елшісінің (с.а.с.) атынан жалған сөз айта ма деп қауіптендім»68, – дейді.

а. Хадисті тексеру жолындағы сапар (рихләт)

Сахабалар хадисті жеткізгенде мұқият болған. Қажет болса, бір ғана хадисті тексеру үшін де алыс сапарға, яғни рихләтке шыққан. Талай ғалым дәріс алған, табиғин дәуірінің ірі фақиһы, қара нәсілді Ата ибн Әбу Рабахтың айтуынша, бірде Әбу Әйюб әл-Ансари (р.а.) есіне түскен бір хадисті нақтыламақ болады. Бұл сөзді Алла елшісінің (с.а.с.) өзінен естігендерден екеуі ғана қалған еді. Уқба ибн Амир (р.а.) Мысырда тұратын. Әбу Әйюб өзі білетін бір хадисті қайта тексеру үшін Мәдинадан Мысырға аттанады. Мысырға жеткен соң елдің әмірі Мәслама ибн Махладтың үйіне соғады. Әмір оған Уқбаның үйін білетін адамды қосып жібереді. Сапардан хабар алған Уқба алдынан шығып, екеуі құшақтасып көріседі. Әбу Әйюб келу себебін айтады. «Мүміннің айыбын жасыру туралы хадисті Алла елшісінің (с.а.с.) аузынан естігендерден екеуміз ғана қалдық». Сонда Уқба: «Иә, Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін өзім естідім», – деп хадисті жеткізеді.

مَنْ سَتَرَ مُؤْمِنًا فِي الدُّنْيَا عَلَى خِزْيِهِ سَتَرَهُ اللّٰهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ.

«Кім дүниеде бір мүміннің айыбын жапса, Алла да қиямет күні оның айыбын жасырады»69. Уқба хадисті осылай жеткізгенде, Әбу Әйюб: «Дұрыс айттың», – дейді. Ол осы бір хадисті тексеру үшін ғана келген еді. Содан соң басқа шаруаға аялдамай, көлігіне мініп, Мәдинаға қайтады70.

Бұхаридің баяндауынша, ансардың қадірлі сахабаларының бірі Жәбир ибн Абдулла (р.а.) да Абдулла ибн Унайс (р.а.) риуаят еткен бір хадисті өз аузынан есту үшін бір ай жол жүріп, Шамға барады. Жолыққанда: «Пайғамбардың (с.а.с.) өз аузынан естімеген бір хадисті сенің жеткізгеніңді білдім. Оны естімей тұрып екеуіміздің біріміз дүниеден өтіп кете ме деп қауіптеніп, сені іздеп келдім», – дейді. Абдулла ибн Унайстан хадисті естіген соң, Жәбир Мәдинаға қайтады71.

ә. Табиғиндердің хадис іздеп сапарға шығуы

Хадисті тексеру үшін сапарға шығу сахабалардан кейін де жалғасты. Сағид ибн әл-Мусайяб бір хадис үшін бірнеше күн жол жүргенін айтқан72. Мәсруқ ибн әл-Әждағ бір ғана әріпті анықтау үшін сапар шеккен73. Ал Кәсир ибн Қайс жеткізген риуаятта ілім іздеген бір кісі Әбу Дәрдадан бір хадис есту үшін Мәдинадан Дамаскіге арнайы келген74. Мұндай мысалдар аз емес.

Сахабалардың хадис жеткізудегі мұқияттығын табиғиндер де жалғастырды. Ағмаштың айтуынша, олар хадиске бір «уау» (و), бір «әлиф» (ا) немесе бір «дәл» (د) әрпін артық қосқанша, төбелеріне аспан құлағанын артық көрер еді75. Хадистің Алла елшісінен (с.а.с.) жеткен қалпын сақтауға соншалық мән бергендіктен, «уау» (و) мен «фә» (ف) әріптерінің де орын ауыстыруына жол бермейтін. Бұл жайында алда арнайы сөз қозғаймыз.

Табиғин имамдары сахабалардың шыншылдығына күмән келтірмесе де, бір сахабадан естіген хадисті өзгелерінен де сұрап, тексеретін. Табиғиндердің ірі имамдарының бірі Әбул-Алия: «Басрада жүргенде Алла елшісінің (с.а.с.) сахабаларынан жеткен риуаятты еститінбіз. Соған қанағаттанбай, Мәдинаға аттанып, риуаятты олардың өз аузынан тыңдайтынбыз»76, – дейді.

Мүслімнің келтірген риуаятында Мұхаммед ибн Сирин былай дейді: «Әуелде хадистің иснадын77 сұрамайтын. Бүлік шыққаннан кейін “Хадисті кімдерден алдыңдар, аттарын атаңдар”, – дейтін болды»78. Алғашқы кезде Алла елшісінен (с.а.с.) бір хадис жеткізілсе, оны кімнен естігенін сұрастыра бермейтін. Өйткені сахабалар бір-бірінің хадис жеткізудегі ұқыптылығына шүбә келтірмейтін. Омардың (р.а.) шейіт болуынан кейін Османның (р.а.) өлтірілуіне ұласқан бүліктер тұтанып, Әлидің (р.а.) тұсында да жалғасты. Осындай аласапыранда ойдан хадис шығаратындар бой көрсетті. Біреулер Османды қаралап жалған хадис таратса, енді біреулер оны жақтамақ ниетпен сондай іске барды.

Әлиді (р.а.) қаралау үшін хадис ойлап тапқандарға қарсы шыққан кей кісілер де оны мақтайтын сөздерді ойдан құрастырып, хадис ретінде таратты. Мұндай әрекеттер көбейгенде, шындықты ту еткен имамдар естіген әр хадистің иснадын сұрап, анық-қанығына жетуді міндет санады. Шуғба, Шағби мен Сәури секілді ғұламалар бұл іске ерекше ден қойды.

Мүслім табиғиндердің ірі имамдарының бірі Мұжаһид ибн Жәбирден осыған ұқсас бір оқиғаны жеткізеді.

Бушәйр әл-Адауи Ибн Аббасқа (р.а.) келіп, «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді» деп бірнеше хадис жеткізеді. Ибн Аббас оның сөзін елең қылмайды. Сонда Бушәйр: «Уа, Ибн Аббас! Алла елшісінен (с.а.с.) хадис жеткізіп отырмын. Неге құлақ аспайсыз?» – дейді. Ибн Аббас: «Бұрын біреу “Алла елшісі (с.а.с.) былай деді” десе, бірден елең етіп, оған көз тігіп, құлақ түретінбіз. Жұрт риуаятты талғамай айта бастағалы өзіміз анық білетін хадисті ғана алатын болдық», – деп жауап береді79.

Андалусияның ірі ғұламасы Ибн Абдулбәрр табиғиндердің айтулы имамы Амир ибн Шарахил әш-Шағбиден мына оқиғаны жеткізеді.

Рабиғ ибн Хусәйм былай риуаят етеді: مَنْ قَالَ: «لَا إِلَهَ إِلَّا اللّٰهُ وَحْدَهُ لَا شَرِيكَ لَهُ، لَهُ الْمُلْكُ وَلَهُ الْحَمْدُ، وَهُوَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ» عَشْرًا، كَانَ كَمَنْ أَعْتَقَ رَقَبَةً مِنْ وَلَدِ إِسْمَاعِيلَ. «Кім “Алладан басқа құдай жоқ. Ол – жалғыз, серігі жоқ. Билік те, мадақ та Оған тән. Оның барлық нәрсеге құдіреті жетеді” деп он рет айтса, Исмайылдың ұрпағынан бір адамды құлдықтан азат еткендей сауап алады».80 Шағби Рабиғтан: «Мұны кімнен естідің?» – деп сұрайды. Ол: «Амр ибн Мәймун әл-Аудиден», – дейді. Шағби Амрға жолығып, бұл сөзді Абдуррахман ибн Әбу Ләйладан естігенін анықтайды. Содан кейін Ибн Әбу Ләйланың өзінен сұрайды. Ол хадисті сахаба Әбу Әйюб әл-Ансариден (р.а.) естігенін айтып, риуаяттың қалай жеткенін нақтылайды.

4. Жалған хадистер мен оларды таратушыларды анықтау

Сол дәуірде хадиске жалған сөз араластырғандарға қарсы күрес қызу жүрді. Ибн Шиһаб әз-Зуһри, Ибн Сирин, Суфиян әс-Сәури, Амир ибн Шарахил әш-Шағби, Ибраһим ибн Язид ән-Нахаи, Шуғба, Әбу Һилал, Қатада ибн Диама, Һишам әд-Дастауәи, Мисғар ибн Кидам секілді ғалымдар жалған риуаятты анықтап, оны шынайы хадистен ажыратуға күш салды.

Бір деректе Әбу Һилал, Шуғба және Сағид ибн Әбу Садақа Қатаданың риуаятын «былай деп пе еді, әлде олай деп пе еді?» деп күмәнданғанда, Һишам әд-Дастауәиге жүгінгені айтылады. Ал Шуғба мен Суфиян әс-Сәуридің пікірі екіге айырылса, екеуі Мисғар ибн Кидамға жүгінетін81. Олар өз мәзһабын шектен тыс жақтайтындардың риуаяттарын жіті қадағалады. Біреудің хадиске өз сөзін қосқанынан күдіктенсе, «Мұны кімнен естідің?» деп сұрап, риуаяттың анық-қанығына жетпей тынбайтын.

а. Хадистерді жатқа сақтау

Осы ізденістермен қатар, зеректігімен танылған хафыздар хадистерді жадында сақтауға бар күшін жұмсады. Ахмад ибн Ханбалдың бір миллионға жуық риуаятты жатқа білгені айтылады. Бұл санға мазмұны бір болғанымен, мәтіні не иснады әртүрлі сахих, хасан және әлсіз нұсқалар да кіреді. Ахмадтың өзінен жеткен деректе ол «Муснәд» жинағын жеті жүз елу мың риуаяттың арасынан іріктегенін айтады (Суюти, «Тәдриб әр-рауи», кіріспе). Жинақтағы қырық мыңға жуық риуаяттың арасында қайталанатындары да, ұлы Абдулла қосқан «Зауаид» риуаяттары да бар.

Ғұмырын хадис іліміне арнаған Яхия ибн Мағин мәудуғ, яғни ойдан шығарылған хадистерді де жаттайтын. Ахмад ибн Ханбал мұның себебін сұрағанда, ол: «Маған хадис жайын сұрап келгендерге қайсысының ойдан шығарылғанын көрсетемін. Қалғандарының арасынан керегін алсын деймін», – деп жауап берген82.

Ислам тарихында мыңдаған хадисті жатқа біліп, олардың дұрыс-бұрысын айыра алған талай хафыз болған. Имам Зуһри, Яхия ибн Сағид әл-Қаттан, Бұхари, Мүслім, Дарақутни мен Хаким – солардың қатарында.

ә. Ақиқатты жақтау

Ғалымдар өтірік сөзді әшкерелеуге, ақиқаттың қадірін биік ұстауға және қате сөздің таралуына жол бермеуге тырысқан. Мұны төмендегі оқиғалардан көруге болады.

Бір деректе әзірет Омардың (р.а.) құтба үстінде: «Әйелдеріңнің мәһірін83 қырық ұқиядан асырмаңдар», – дегені айтылады. Сонда перденің ар жағынан бір әйел тіл қатады: «Уа, мүміндердің әміршісі! Алла Құранда “Біреуіне мол дүние берген болсаңдар да, одан ештеңе қайтарып алмаңдар”84 дегенде, сіз қалайша қырық ұқиямен шектейсіз?»

Омар қателескенін сол жерде мойындайды. Бір нұсқада: «Әйел дұрыс айтты, ер адам қателесті», – деген. Енді бірінде: «Уа, Омар, жұрттың бәрі сенен дінді жақсырақ біледі», – деп өзін жазғырғаны айтылады85.

Табиғин имамдары да мұндайда жақынына болыспай, шындықты ашық айтқан. Мәселен, Зәйд ибн Әбу Үнәйса: «Бауырымнан хадис алмаңдар», – деп ескерткен86. Оның бұлай деуіне бауырының ұқыпсыздығы, жаңсақ пайымы, мәзһабқа шектен тыс берілуі немесе басқа себеп әсер еткенін дөп басып айту қиын.

Сахабалар жайында еңбек жазған Әли ибн әл-Мәдини – Бұхари мен Мүслім қатарында аталатын ірі хадис имамдарының бірі. Одан әкесінің рауилік дәрежесі туралы сұрағанда: «Оны басқа біреуден сұраңдар», – деген. Сұраушылар қоймаған соң: «Хадис – дін. Әкем бұл істе әлсіз рауи», – деп жауап берген87.

Әбу Ханифа мектебінде тәлім алған Уақиғ ибн әл-Жаррах Имам Шафиғиға ұстаздық еткен. «Естігенімді ұмытқан кезім есімде жоқ. Бір естігенімді екінші рет қайталағаным да есімде жоқ» дейтін Шафиғи бірде жаттау қабілетіне көңілі толмайтынын айтады. Сонда Уақиғ оған: «Күнәдан сақтан. Ілім – нұр. Алланың бұл нұры Оған қарсы келген жанға берілмейді», – деп кеңес берген. Уақиғ өз әкесінен хадис жеткізсе, оны өзге рауидің риуаятымен қуаттайтын. Мұның себебін сұрағанда: «Әкем – қазына қызметкері. Мемлекеттің мүддесін ойлап, кей сөзді жұмсартып айтуы мүмкін», – деп жауап берген88.

б. Иләл еңбектері

Бұл ғалымдар хадисті зерделей келе, иләл89 жөнінде көптеген еңбек жазды. Олар иснадтағы немесе мәтіндегі жасырын кемшіліктерді мұқият талдап көрсетті. Әлсіз және риуаяты қабылданбайтын рауилерге арналған «Дуғафа» мен «Мәтрукин» санатындағы еңбектерде әр рауидің жағдайын жеке-жеке баяндады. Талаптың қатаңдығы сонша, бір ғалым қазына қызметінде жүрген әкесінің риуаятын басқа жолмен растауды қажет санаса, екіншісі әкесінің хадис жеткізуде әлсіз екенін жасырмай, оның риуаятына сүйенуден сақтандырған90.

Хадис ілімінің көрнекті өкілі Абдуррахман ибн Мәһди Шуғба, Суфиян әс-Сәури, Ибн Мүбәрак және Имам Мәліктен жалған сөйлейді деген күдікке ілінген рауидің жағдайын жұртқа жариялауға бола ма деп сұраған. Төртеуі де: «Оның жағдайын жария ет. Өйткені бұл – дін ісі», – деп жауап берген91. Автор олардың бұл байламын хадистің Пайғамбар ақиқатын жеткізудегі орнымен түсіндіреді.

Хадисті бағалауда ымыраға келмейтін Яхия ибн Сағид әл-Қаттанды бала күнінен білетін достары: «Күнә оның түсіне де кірмеген», – дейтін. Бірде одан: «Сен “мынау хадис ойдан шығарады, анаудың риуаяты әлсіз, тағы біреудікі қабылданбайды” деп жұрттың абыройына тиіп жүрсің. Алла бір күні осының бәрін сенен сұрайды деп қорықпайсың ба?» – деп сұраған. Сонда ол: «Алланың алдында Алла елшісі (с.а.с.) маған қарсы тұрғанша, солардың қарсы тұрғанын артық көремін», – деп жауап берген92.

Сүннет осындай ұқыптылықпен анықталып, хатқа түсті. Арасында жалған хадис шығарғандар да болды. Сахабалар мен табиғиндер олардың риуаяттарын қатаң сүзгіден өткізді. Сол сүзгіден өтіп кеткендері де кейін қайта тексеріліп, сахих хадистер жинақтарына енбей қалды. Хадистердің дұрыс-бұрысын айыру үшін мынадай тәсілдер де қолданылды.

5. Ойдан шығарылған хадистерді ажырату

а. Мойындау

Хадис ойлап шығарғандар мұны көбіне өмірінің соңында, ажал таянғанда немесе теріс бағытынан қайтып, әһл-сүннет уәл-жамағатқа қосылғанда мойындаған.

ә. Жалған риуаят айтушыларды анықтау

Жоғарыда баяндалған тәсілдер жалған сөз айтқан адамды анықтап, оның риуаяттарын мұқият тексеруге мүмкіндік берді. Өтірік айтқаны бір рет анықталған кісіден хадис алынбаған. Тіпті бұрын сенімді саналған рауидің жады әлсіреп, риуаятты жиі шатастыра бастағаны байқалса, одан хадис алуды тоқтатқан. Мысалы, Әбу Дәуіттің «Сүнәнінде» жиі аталатын Ибн Ләһиға тақуалығымен танылған. Ол хадистерін жазып алған кітаптарына сүйеніп риуаят ететін. Кітаптарынан айырылғаннан кейін одан жеткен хадистерге әлдеқайда сақ қарады. Автордың айтуынша, Имам Бұхари одан басқа жолмен қуатталған риуаяттар мен жекелеген пәтуаларды ғана жазып алған.

б. Хадисті тіл өрнегінен тану

Әдебиетте әр жазушының өзіне тән сөз өрнегі бар. Мольерді отыз рет, Шекспирді, Толстойды, Дантені, Нежип Фазылды, Нуреттин Топчуды, Сезаи Каракочты қайта-қайта оқыған адам қалың мәтіннің арасынан олардың сөзін оңай таниды. Жазушының тіліне қанығу үшін шығармасын отыз қайыра оқудың да қажеті бола бермейді. Жоғарыда аталған хадис имамдары саналы ғұмырын осы ілімге арнады. Олар Алла елшісінің (с.а.с.) сөз саптауына қанық, тілге жүйрік, жады мықты хафыздар еді. Күні бойы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сөздерімен шұғылданғандықтан, оған тән сөз өрнегін бірден аңғаратын. Кейде естігенін бір-екі қайталап айтып көріп, «Бұл – хадис» немесе «Бұл – хадис емес» деп ажырататын.

в. Құран мен мутауатир хадистерге салыстыру

Мухаддистердің көбі риуаяттарды мутауатир және ахад деп екіге бөледі. Бір риуаятты жеткізгендердің көптігі сонша, олардың жалған сөзге бір ауыздан келісуі мүмкін болмаса, ол мутауатир саналады. Әһл-сүннет мұндай хабарды анық білімге жетудің үш жолының бірі деп қабылдайды. Мутауатир дәрежесіне жетпеген риуаяттар ахадқа жатады. Кейбір ғалымдар сахабалар дәуірінде бір немесе санаулы жолмен жетіп, кейін табиғиндер мен тәбә-табиғиндер арасында кең тараған риуаяттарды «мәшһүр хадис» деп атаған. Жалпы жіктеуде мутауатир мен ахад негізгі екі топ болып қала береді. Ахад хадистерді көбіне Құран мен сүннеттің мағынасы айқын үкімдеріне салыстырған. Сол негіздермен үйлескен риуаят қабылданған, ал қайшылық байқалса, ол әрі қарай зерттеп, талқылауды қажет ететін мәселе ретінде қаралған.

г. Уақыт пен кеңістіктен тыс рухани кездесулер

Хадис әдіснамасында мұндай жол қарастырылмаса да, автор кейбір діндар тұлғалардың Пайғамбарымыздан (с.а.с.) рухани түрде тікелей сөз естігенін айтқанын келтіреді. Мысалы, Мұхиддин ибн Араби «Мен жасырын қазына едім, танылуды қаладым да, әлемді жараттым»93 деген сөзді Алла елшісінен (с.а.с.) тікелей алғанын айтқан. Бұл сөздің Пайғамбарымызға тиесілі екенін растайтын иснад белгілі емес. Сол сияқты, Жалалуддин әс-Суютидің Алла елшісімен ояу күйінде бірнеше рет жүздескені туралы да дерек айтылады94.

Имам Бұхари өзіне жеткен хадисті «Сахих» жинағына енгізер алдында ғұсыл алып, екі рәкат намаз оқығаны жөнінде дерек бар. Автор осы амалды Бұхаридің Алла елшісінің (с.а.с.) рухына жүгініп, «Осылай естігенім дұрыс па, уа, Алла елшісі?» деп ишара күткенімен байланыстырады95.

ғ. Хадис жеткізушілер туралы еңбектер

Сахабаларды, табиғиндер мен тәбә-табиғиндерді және кейінгі рауилерді жақыннан танытатын көлемді еңбектер жазылды. Оларда рауидің туған жері, һижрет еткен мекені мен мезгілі, тұрақтаған қаласы, дәріс берген жері, қайтыс болған не жерленген орны, кіммен жүздесіп, кімнен дәріс алғаны егжей-тегжейлі көрсетілді.

Осы саладағы алғашқы еңбектердің бірін Әли ибн әл-Мәдини жазған. Оның «Мағрифат мән нәзәлә саир әл-булдан мин әс-сахаба» еңбегінде сахабалардың Мекке мен Мәдинадан қай өңірге аттанғаны, Тайыф, Шам, Куфа, Басра немесе Мәуереннахрдың қай жеріне қоныстанғаны, кіммен кездесіп, кімге дәріс бергені баяндалады. Ибн Абдулбаррдың «Әл-Истиғаб», Ибн Хажардың «Әл-Исаба фи тәмйиз әс-сахаба», Ибн әл-Әсирдің «Усд әл-ғаба», Ибн Сағдтың «Әт-Табақат», Ибн Асакирдің «Тарих Димашқ», Бұхаридің «Әт-Тарих әл-кәбир» және Яхия ибн Мағиннің «Әт-Тарих» еңбектері осы саланың негізгі дереккөздеріне жатады. Олардың бірінде үш мың, енді бірінде бес мың, кейбірінде он мыңнан астам сахабаның өмірі қамтылған. Мәселен, Зәһәбидің «Әл-Кашифынан» әр рауидің кімдерден хадис алғанын және оны кімдерге жеткізгенін анықтауға болады. Осы мәліметтер риуаят тізбегіндегі сабақтастықты анықтап, хадисті иснады тұрғысынан бағалауға мүмкіндік береді.

д. Хадис жинақтарын қайта тексеру

Осындай мұқият іріктеуге қарамастан, сахих хадистер жинағына бірен-саран ойдан шығарылған риуаят өтіп кетуі мүмкін деген күдік болған. Сондықтан жинақтарды қайта қарап, күмәнді риуаяттарды арнайы еңбектерде талдаған. Бұл саладағы ерте еңбектердің бірі – Ибн Таһир әл-Мақдисидің «Тәзкират әл-мәудуғат» атты кітабы. Мақдиси және өзге де хадис ғалымдары ғұмырын риуаяттарды зерттеуге арнаған. Мәселен, Ибн әл-Жәузи өз мәзһабының имамы Ахмад ибн Ханбалдың қырық мыңнан астам риуаят қамтылған «Муснәдіндегі» бірқатар хадиске мәудуғ, әлсіз немесе мәтрук деген баға берген. Кейін Ибн Хажар әл-Асқалани «Әл-Қаул әл-мусаддад фи-з-забб ған Муснад Ахмад» еңбегінде сынға іліккен хадистерді қайта қарап, оларға тағылған мін мен риуаяттың өзге жолдарын жеке-жеке талдаған96.

Кей хадисшілер бірқатар риуаятқа мәудуғ немесе мәтрук деген бағаны тым оңай бергені үшін Ибн әл-Жәузиді «мутасаһил» деп сынаған97. Алла елшісімен (с.а.с.) рухани түрде жетпістен астам рет жүздескені айтылатын Жалалуддин әс-Суюти де «Муснәдтегі» даулы риуаяттарды қайта тексерген. Ол Ибн әл-Жәузи мәудуғ санаған, Ибн Хажардың талдауына енбеген он төрт хадисті жеке қарастырған98. Суюти Ибн әл-Жәузидің «Әл-Маудуғат» жинағын да зерделеп, атауы «жасанды інжулер» дегенді білдіретін «Әл-Ләали әл-маснуға» еңбегін жазған. Онда Ибн әл-Жәузи ойдан шығарылған деп санаған риуаяттардың қайсысы мәудуғ, қайсысы мәтрук, қайсысы сахих екенін ажыратқан.

Хадис ілімінде мұстадрак деп аталатын жинақтар да бар. Бұхари мен Мүслім өз «Сахихтарына» хадистерді белгілі талаптар бойынша енгізген. Кейінгі хадис ғалымдары сол талаптарға сай келеді деп санаған, бірақ екі жинаққа енбеген риуаяттарды бөлек топтастырған. Осындай еңбектердің ең әйгілісі – Хакимнің «Әл-Мустадрагы». Кейін хадис білгірі Зәһәби ондағы риуаяттарды қайта қарап, олардың дәрежесін жеке-жеке бағалаған. Ибн Хажардың Зәһәбидің жадына қаншалық тәнті болғаны оның «Хадис жаттауда Зәһәбидің дәрежесіне жетуді тілеп, зәмзәм суын іштім» деген сөзінен аңғарылады99.

Кейін ел ішінде хадис ретінде тараған сөздерге арналған жинақтар да жарық көрді. Сахауи «Әл-Мақасид әл-хасанада», Ажлуни «Кәшф әл-хафада» мұндай сөздерді жеке-жеке қарастырып, қайсысының хадис ретінде негізі барын анықтаған. Мәселен, ілімге үндейтін көптеген хадис бар, ал ел аузындағы «Ілім Қытайда болса да, іздеңдер» деген сөз әлсіз риуаят деп бағаланған. «Адамдардың ең қайырлысы – өзгеге пайдасы тиетіні» деген риуаяттың дәрежесі жөнінде ғалымдардың бағасы әртүрлі100.

Риуаяттар осыншама мұқият тексеріліп, сұрыпталды. Хадис жеткізудің жауапкершілігіне осыншама мән берілді. Ендеше, Исламның екінші негізгі қайнар көзі саналатын сүннетке және сахих хадис жинақтарына әлі де күмән келтіруді қалай түсінуге болады?

Мәудуғ хадистер және кейінгі кезде мәудуғ саналған кейбір сахих хадистер

Жоғарыда айтқанымыздай, хадис ғалымдары ғасырлар бойы риуаяттарды мұқият саралап, сахих хадистерді ойдан шығарылған мәудуғ риуаяттардан ажыратты. Құранда إِنَّا نَحْنُ نَزَّلْنَا الذِّكْرَ وَإِنَّا لَهُ لَحَافِظُونَ «Шүбәсіз, осынау зікірді Біз түсірдік және оның сақтаушысы да Өзіміз»101 делінген. Біздің пайымымызша, аяттың жалпы мағынасы Құранды түсіндіретін әрі оның сан қырлы мәнін ашатын сүннетті де қамтиды. Құран мен сүннет осы күнге дейін Алланың қорғауымен жеткен. Кейінгі кезде кейбір шығыстанушылар мен солардың ықпалындағы зерттеушілер сүннетке күмән келтіріп, сахих хадистерді де сынға алып жүр. Ендеше, әуелі мәудуғ риуаяттарға мысал келтіріп, одан соң сынға іліккен кейбір сахих хадистерді қарастырайық.

1. Мәудуғ хадистер

Хадис ретінде тараған сөздің бірі – أَبُو حَنِيفَةَ سِرَاجُ أُمَّتِي «Әбу Ханифа – үмбетімнің шырағы»102. Расында, Әбу Ханифа мұсылман үмбетіне шырақ болды. Сахабалардан кейін дінге ол кісідей еңбек сіңіргендер аз. Дегенмен бұл сөз Алла елшісінен (с.а.с.) жетпеген. Меніңше, ол – әсіре мәзһабшылдықтан туған сөз.

Халық арасында хадис деп тараған اِتَّخِذُوا الدِّيكَ الْأَبْيَضَ «Ақ қораз алыңдар»103 деген сөз де ойдан шығарылған. Жұрт ақ қоразды жақсы көреді, киесі бар деп сенетіндер де кездеседі. Хадис ғалымдары бұл сөзді жеткізгендердің арасында жалған айтумен аты шыққан рауилер барын анықтаған. Сірә, сөзді қораз саудасымен айналысқан біреу шығарған болар.

Кең тараған сөздің тағы бірі – اِتَّقِ شَرَّ مَنْ أَحْسَنْتَ إِلَيْهِ «Жақсылық жасаған адамыңның жамандығынан сақтан»104. Бұл – хадиске жатпайтын, қисынға да келе бермейтін сөз. Егер Пайғамбар атынан сөз айтуға рұқсат болса, мен أَحْسِنْ إِلَى مَنِ اتَّقَيْتَ شَرَّهُ «Жамандығынан қауіптенген адамыңа жақсылық жаса» дер едім. Өйткені жақсылық адамның көңілін жібітіп, жақсылық жасаған жанға ықыласын бұрады. «Адам – жақсылықтың құлы» деген сөз осыны білдіреді.

Ислам ақылға да, қисынға да сай. Оның ақылға сай болуы мен адамның ақылына негізделуі – екі бөлек мәселе. Ислам – адам ақылынан биік тұрған ақиқат. Оны Алла мен Оның елшісі (с.а.с.) белгілеген. Адамның міндеті – сол ақиқатты тану. Жеке адамның ақылы ақиқаттың қайнар көзі бола алмайды. Кейінгі кезде кейбір ғылыми ортада бұл ұстанымды басқаша түсіндіріп жүр. Мысалы, Пайғамбарға телініп жүрген бір сөзде «Менің атымнан бір сөз жеткізсеңдер, оны өзара талқылаңдар. Егер ақиқатқа сай келсе, оны растап, діндеріңе негіз етіңдер. Оны менің айтқан-айтпағаным маңызды емес. Ең бастысы – сөздің ақиқатқа сай келуі» делінеді. Бұл сөзді хадис деуге болмайды. Өйткені ақиқатты белгілейтін – Алла мен Оның елшісі. Жеке адамның пайымы Пайғамбар сөзінің өлшемі бола алмайды. Адам өз сөзі мен ісін Пайғамбардың сүннетіне сай түзегені жөн.

Ойдан шығарылған сөздің тағы бірі – وُلِدْتُ فِي زَمَنِ الْمَلِكِ الْعَادِلِ «Мен әділ патшаның тұсында дүниеге келдім»105. Бұл сөз Нуширван, парсыларша Ануширван аталған билеушіні дәріптеу үшін шығарылған. Алла елшісінің (с.а.с.) абыройы өзге біреудің атағына тәуелді емес. Керісінше, оның дүниеге келуі сол заман мен мекенге айрықша құрмет әкелді.

Мағынасы көңілге қонымды болған соң, кітаптарда да, мінберлерде де хадис ретінде жиі айтылатын сөз бар. Ол – النَّظَافَةُ مِنَ الْإِيمَانِ «Тазалық – иманнан»106. Бұл сөздің мағынасы дұрыс, бірақ ол Алла елшісінен (с.а.с.) хадис ретінде жетпеген. Ал сахих хадисте الطُّهُورُ شَطْرُ الْإِيمَانِ. «Тазалық – иманның жартысы»107 делінген. Мұндағы тазалыққа тән тазалығымен қатар, тәубе, кешірім тілеу, мінәжат, өз ниеті мен ісін қадағалау, өзіне есеп беру және құлшылық арқылы жететін рухани пәктік те жатады.

Хадис деп шатастырып жүрген тағы бір сөз – تَخَتَّمُوا بِالْعَقِيقِ «Ақық тасты жүзік тағыңдар». Мұндай сөздің Алла елшісінен (с.а.с.) жеткені расталмаған.

Айша анамызға (р.а.) телінген риуаятта تَخَيَّمُوا بِالْعَقِيقِ «Ақықта шатыр тігіңдер» делінеді. Мұндағы Ақық – Мәдинадан Меккеге барар жолдағы аңғардың атауы. Ертедегі араб жазуында әріптерді ажырататын нүктелер қойылмаған. Сондықтан تَخَيَّمُوا сөзі тَخَتَّمُوا деп қате оқылып, Ақық аңғары ақық тасымен шатастырылған болуы мүмкін. Жалған сөздің тууына осы жаңсақ оқылым себеп болған тәрізді. Кейін оған فَإِنَّهُ يَنْفِي الْفَقْرَ «Өйткені ол кедейлікті жояды»108 деген тіркес қосылған.

النَّظَرُ إِلَى الْوَجْهِ الْجَمِيلِ عِبَادَةٌ «Сұлу жүзге қарау – ғибадат» деген сөз де хадис ретінде ойдан шығарылған. Халық арасында айтылатын «Сұлуға қарау – сауап» деген сөз осы жаңсақ түсініктен туған109.

اُطْلُبُوا الْعِلْمَ وَلَوْ بِالصِّينِ «Ілім Қытайда болса да, іздеңдер» деген сөз ілімнің қадірін дәріптеу үшін жиі айтылады. Дегенмен оның Пайғамбардан (с.а.с.) жеткені сенімді түрде дәлелденбеген110. Құран мен хадисте ілімнің қадірін танытатын, білім алуға үндейтін сөз жеткілікті. Мәселен, Құранда إِنَّمَا يَخْشَى اللّٰهَ مِنْ عِبَادِهِ الْعُلَمَاءُ «Расында, Алладан құлдарының арасынан тек ғұламалар ғана шын именеді»111 және قُلْ هَلْ يَسْتَوِي الَّذِينَ يَعْلَمُونَ وَالَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ «“Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?” – деп айт»112 делінген. Әбу Дәуіт пен Тирмизи жеткізген риуаятта إِنَّ الْمَلَائِكَةَ لَتَضَعُ أَجْنِحَتَهَا رِضًا لِطَالِبِ الْعِلْمِ «Періштелер ілім іздеген жанға разы болып, қанаттарын төсейді»113 делінеді. Осындай аяттар мен хадистер тұрғанда, Пайғамбарға тиесілігі дәлелденбеген сөзге жүгінудің қажеті жоқ.

2. Мәудуғ деп бағаланған кейбір сахих хадистер

Жоғарыдағы мысалдарға ұқсас жүздеген жалған риуаят әлі күнге дейін хадис ретінде айтылып жүр. Ал хадис ғалымдары сахих деп таныған, Бұхари мен Мүслимнің жинақтарында және «Кутуб әс-ситтаға» кіретін өзге төрт еңбекте келтірілген көптеген хадиске күмән келтіретіндер бар.

а. Тәураттағы сүйінші

Соның бірі – Бұхаридің Абдулла ибн Амр ибн әл-Астан (р.а.) жеткізген риуаяты. Онда Алла елшісінің (с.а.с.) Тәураттағы сипаты былай баяндалады.

فِي التَّوْرَاةِ: يَا أَيُّهَا النَّبِيُّ إِنَّا أَرْسَلْنَاكَ شَاهِدًا وَمُبَشِّرًا وَنَذِيرًا وَحِرْزًا لِلْأُمِّيِّينَ، أَنْتَ عَبْدِي وَرَسُولِي، سَمَّيْتُكَ الْمُتَوَكِّلَ، لَيْسَ بِفَظٍّ وَلَا غَلِيظٍ وَلَا سَخَّابٍ فِي الْأَسْوَاقِ، وَلَا يَدْفَعُ بِالسَّيِّئَةِ السَّيِّئَةَ، وَلَكِنْ يَعْفُو وَيَغْفِرُ، وَلَنْ يَقْبِضَهُ اللَّهُ حَتَّى يُقِيمَ بِهِ الْمِلَّةَ الْعَوْجَاءَ بِأَنْ يَقُولُوا: لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ، وَيَفْتَحُ بِهَا أَعْيُنًا عُمْيًا وَآذَانًا صُمًّا وَقُلُوبًا غُلْفًا.

«Уа, Пайғамбар! Біз сені куә, сүйіншілеуші, ескертуші әрі үмми қауымға қорған етіп жібердік. Сен – Менің құлым әрі елшімсің. Мен сені “Мүтәуәккил”, яғни Аллаға тәуекел етуші деп атадым. Ол дөрекі де, қатал да емес. Базарларда айқайлап сөйлемейді. Жамандыққа жамандықпен жауап қайтармайды, кешіреді, ғафу етеді. Алла оны себеп етіп, адасқан қауымға “Алладан басқа тәңір жоқ” дегізіп, тура жолға салмайынша, оның жанын алмайды. Осы сөз арқылы көрмейтін көздерді, естімейтін құлақтарды және тұмшаланған жүректерді ашады».114

Кейбір шығыстанушылар мен Ислам әлемінде солардың ұстанымын қолдағандар осы риуаятты сынап, тіпті мәудуғ деп бағалаған. Олардың уәжі – хадисті Абдулла ибн Амр ибн әл-Астың жеткізгені және Ибн Аббас, Әнәс пен Әбу Һурайра секілді оның да риуаяттарында Кағб әл-Ахбардан алынған деректердің кездесетіні. Біздіңше, бұл жайттар хадисті жоққа шығаруға жеткілікті негіз бола алмайды.

Біріншіден, бұл риуаятта Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сипаттарына, тарихи оқиғаларға немесе Құрандағы ол туралы аяттарға қайшы сөз жоқ. Екіншіден, Тәурат пен Інжіл мәтіндеріне қанша өзгеріс енсе де, әзірет Мұхаммедке (с.а.с.) қатысты ишараттар сақталған деп пайымдаймыз. Құранда Алла елшісіне ерген Тәурат пен Інжіл иелері туралы мына аят келеді.

الَّذِينَ يَتَّبِعُونَ الرَّسُولَ النَّبِيَّ الْأُمِّيَّ الَّذِي يَجِدُونَهُ مَكْتُوبًا عِنْدَهُمْ فِي التَّوْرَاةِ وَالْإِنْجِيلِ

«Олар – қолдарындағы Тәурат пен Інжілде жазылған “үмми” пайғамбар соңынан еретіндер»115. «Фәтх» сүресінің соңғы аятында да ذَٰلِكَ مَثَلُهُمْ فِي التَّوْرَاةِ وَمَثَلُهُمْ فِي الْإِنْجِيلِ «Бұл – олардың Тәураттағы сипаты. Ал олардың Інжілдегі сипаты…»116 делініп, Тәурат пен Інжілде Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен сахабаларының қалай сипатталғаны айтылады.

Хұсейн әл-Жиср қолдағы Тәурат пен Інжіл нұсқаларынан Пайғамбарымызға (с.а.с.) қатысты жүз ишарат тапқанын жазады117. Ғасырлар бойы мәтінге енген өзгерістерді ескерсек, бұл көңіл аударарлық жайт. Барнаба Інжілі аталған мәтінде де соңғы елшінің есімі анық аталады. Бұл мәтіннің түпнұсқалығы келешекте арнайы зерттеулер арқылы анықталады деп үміттенеміз. Ислам түсінігінде өзінен кейін келетін пайғамбарды атымен атап, оның келетінін хабарлау – әзірет Иса Мәсіхке (а.с.) жүктелген маңызды міндеттердің бірі.

Үшіншіден, Исламды қабылдағандардың көбі бұрын мүшрік, христиан немесе яһуди болған. Кағб әл-Ахбар да яһуди дінінен Исламға өткен. Бәдиүззаманның сөзімен айтқанда, «Оның білімі де өзімен бірге мұсылман болды»118. Кағб Құран мен сүннетте ашық айтылмаған, екеуіне де қайшы келмейтін мәселелерде исраилияттан дерек жеткізген. Оны қасаң мінезді, Исламға өш адам ретінде көрсетуді де, әзірет Омардың (р.а.) қазасына қатысты дегенді де негізсіз санаймыз. Ибн Аббас, Әбу Һурайра, Әнәс ибн Мәлік және Абдулла ибн Амр сынды сахабалар оның Тәураттан жеткізген деректерін тыңдаған. Мұның өзі оларды жалған сөйледі деп кінәлауға негіз бермейді. Мысалы, Абдулла ибн Амр құлшылыққа берілген, аса тақуа сахаба еді. Үйленгеннен кейін құлшылығыма бөгет болар деп, бес-он күн әйеліне жақындамағаны айтылады. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Әйеліңнің де сенде ақысы бар»119 деген кеңесінен кейін ғана райынан қайтқан. Мұндай сахабаларды дәлелсіз айыптап, сахих хадистерге күмән келтіру, біздіңше, Исламның екінші негізі саналатын сүннеттің беделін әлсіретеді.

ә. Тәуәссул120

Сынға іліккен тағы бір сахих хадис – Әнәс (р.а.) жеткізген риуаят. Қуаңшылық елді әбден қинаған шақта әзірет Омар (р.а.) әзірет Аббасты (р.а.) себеп етіп, Алладан жаңбыр тіледі.

اللَّهُمَّ إِنَّا كُنَّا نَتَوَسَّلُ إِلَيْكَ بِنَبِيِّنَا فَتُسْقِينَا، وَإِنَّا نَتَوَسَّلُ إِلَيْكَ بِعَمِّ نَبِيِّنَا فَاسْقِنَا.

«Уа, Алла! Пайғамбарымыз тірі кезінде оны дәнекер етіп, Саған жалбарынатын едік. Сонда бізге жаңбыр жаудыратын едің. Енді Пайғамбарымыздың әкесінің бауырын дәнекер етіп, Саған жалбарынамыз. Бізге жаңбыр жаудыра гөр!»121

Бұл оқиғаны Ибн Әбид-Дүнияның еңбегіне және Жахыздың «әл-Баян уәт-тәбйин» кітабына сүйеніп жоққа шығаруға тырысқандар бар. Жахыз – сахих хадистерді де сынаған мәшһүр мұғтазила өкілі Наззамның шәкірті. Жахыз аталған еңбегінде әзірет Омардың жаңбыр тілеуі туралы хабарлар өзара қайшы деген уәж айтады. Бір хабарда Омар мінберге шығып дұға етті делінсе, екіншісінде намаздан кейін, үшіншісінде күрсіде отырып дұға етті делінеді. Жахыз осы айырмашылықтарға сүйеніп, риуаяттарды дұрыс санамаған.

Алдымен, Жахыздың хадис маманы болмағанын ескерген жөн. Ибн Әбид-Дүнияның өзі қадірлі кісі болғанымен, автор оның кітабында сенімсіз хабарлар бар екенін айтады. Мұндай деректерге ғана сүйеніп, хадис туралы кесімді үкім айтуға бола ма? Ислам тарихындағы орны айрықша Имам Ғазалидің өзі де хадис маманы болған жоқ. Хадис білгірі Зәйнуддин әл-Ирақи оның «Ихия» еңбегіндегі риуаяттарды бір-бірлеп тексеріп, қайсысы сахих, қайсысы хасан, қайсысы әлсіз екенін көрсеткен. Инженерлік мәселені дәрігерден, емдеу ісін химиктен сұрамағанымыз сияқты, хадисті бағалауда да сол саланың маманына жүгінеміз. Автор осы себепті жоғарыдағы хадиске айтылған қарсылықты негізсіз деп санайды.

Екіншіден, тәуәссул, яғни Аллаға жақындаудың жолын іздеу, Құранда да айтылады. يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَابْتَغُوا إِلَيْهِ الْوَسِيلَةَ «Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар. Оған жақындау жолын іздеңдер»122. Сахабалар да Пайғамбарымыздан (с.а.с.) өздері үшін дұға етуін өтінген. Әнәс жеткізген риуаятта жұма құтпасы кезінде бір кісі құрғақшылыққа ұшыраған елге жаңбыр тілеуін сұрайды. Пайғамбарымыз қол жайып, дұға етеді. Жаңбыр жауып, келесі жұмаға дейін толастамайды. Жауыннан зардап шеккен жұрт қайта келіп, енді жаңбырдың тоқтауын тілеуін өтінеді. Пайғамбарымыз мінберде тұрып дұға еткенде, бұлттар Мәдинаны айнала ығысып, қала ашылады.123 Жәбир жеткізген жаңбыр дұғасында اللَّهُمَّ اسْقِنَا غَيْثًا. «Уа, Алла, бізге жаңбыр жаудыра гөр!»124 деген сөз бар. Ал Айша анамыздың риуаятында жаңбыр жауып, жұрт пана іздеп асыққанда, Алла елшісі жымиып: أَشْهَدُ أَنَّ اللَّهَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ وَأَنِّي عَبْدُ اللَّهِ وَرَسُولُهُ. «Алланың бәріне құдіреті жететініне және өзімнің Оның құлы әрі елшісі екеніме куәлік етемін»125, – деген.

Сахих хадисте үңгірге түнеген үш адам туралы айтылады. Таудан домалаған үлкен тас үңгірдің аузын жауып, үшеуі ішінде қамалып қалады. Олар Алланың разылығы үшін істеген амалдарын айтып, Жаратқанға жалбарынады126. Біріншісі ата-анасына көрсеткен құрметін еске алады. Екіншісі немере қарындасына жақындауға ниеттенгенде, Алладан қорқып, райынан қайтқанын айтады. Үшіншісі ақысын алмай кеткен жұмысшының еңбекақысын көбейтіп, бар өсімімен өзіне қайтарғанын тілге тиек етеді. Олардың әрқайсысы сол ізгі амалын себеп етіп, Алладан жәрдем тілейді.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) заманында Аллаға жақындау үшін дәнекер іздегендер болған. Мұны ол құптап, қалай істеу керегін де көрсеткен. Бірде зағип кісі келіп, Алладан саулық тілеуін сұрайды. Пайғамбарымыз оған жақсылап дәрет алып, екі рәкағат намаз оқуды, соңынан мына дұғаны айтуды тапсырады:

اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ وَأَتَوَجَّهُ إِلَيْكَ بِنَبِيِّكَ مُحَمَّدٍ نَبِيِّ الرَّحْمَةِ، يَا مُحَمَّدُ، إِنِّي تَوَجَّهْتُ بِكَ إِلَى رَبِّي فِي حَاجَتِي هَذِهِ لِتُقْضَى لِي، اللَّهُمَّ فَشَفِّعْهُ فِيَّ.

«Уа, Алла! Рақым пайғамбары Мұхаммедті себеп етіп, Саған бет бұрып, Сенен тілеймін. Уа, Мұхаммед! Осы мұқтажым өтелсін деп, сені дәнекер етіп, Раббыма бет бұрдым. Уа, Алла, оның мен үшін еткен шапағатын қабыл ал!»127 Риуаятта әлгі кісінің айтылғанды орындаған соң көзі ашылғаны баяндалады128.

Құран Аллаға жақындау жолын іздеуге үндейді129. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Құранды дәнекер етуге шақырған, өзін де себеп етуге рұқсат берген. Сахих хадистерде адам өз ізгі амалын да себеп етіп, Алладан тілек тілей алатыны айтылады. Осыны ескерсек, Омардың (р.а.) жаңбыр тілегенде тәуәссул жасағанына неліктен қарсылық білдіріледі? Автор мұны сүннеттің беделіне нұқсан келтіру әрекеті деп бағалайды.

б. Ит жалаған ыдыс

Кейбір шығыстанушылар мен Ислам әлеміндегі пікірлестері Бұхари, Мүслим, Тирмизи, Әбу Дәуіт, Нәсәи, Ибн Мәжа және Ахмад ибн Ханбал жинақтарында келетін мына хадиске қарсылық білдірген. Бірі оны ақылға сыймайды десе, енді бірі риуаятты Әбу Һурайра немесе Абдулла ибн Омар (р.а.) жеткізгенін алға тартқан:

طُهُورُ إِنَاءِ أَحَدِكُمْ إِذَا وَلَغَ فِيهِ الْكَلْبُ أَنْ يَغْسِلَهُ سَبْعَ مَرَّاتٍ أُولَاهُنَّ بِالتُّرَابِ.

«Біріңнің ыдысыңды ит жаласа, оны тазарту үшін жеті рет жуу керек. Алғашқы жуу топырақпен жасалады»130. Кей нұсқада «Біріңнің ыдысыңнан ит ішсе…» делінген.

Кей фақиһтер хадистегі «жетіні» нақты сан деп, кейбірі «бірнеше рет» деген мағынада түсінген. Екінші түсіндіруге сүйенген ханафи фақиһтері ыдыс үш рет жуғанда тазарса, соны жеткілікті санаған131.

Автор бұл хадисті тазалыққа назар аудартатын әрі пайғамбарлықтың мәнін танытатын хабар деп бағалайды. Кейбір паразиттердің иттен адамға жұғатыны белгілі. Мысалы, эхинококк жұмыртқасы ағзаға түссе, ішкі мүшелерде киста пайда болуы мүмкін. Автор осыны ескеріп, ит жалаған ыдыс туралы хадисті асығыс теріске шығармауға шақырады.

в. Шыбын туралы хадис

Автор осыған ұқсас тағы бір сахих хадистің де сынға ұшырағанын айтады. Оны мұсылмандардың білімсіздігіне мысал еткісі келгендер болған. Автор риуаятты жеткізген Әбу Һурайраны (р.а.) қорғап, мына хадисті келтіреді:

إِذَا وَقَعَ الذُّبَابُ فِي إِنَاءِ أَحَدِكُمْ، فَلْيَغْمِسْهُ كُلَّهُ، ثُمَّ لْيَطْرَحْهُ، فَإِنَّ فِي أَحَدِ جَنَاحَيْهِ شِفَاءً وَفِي الْآخَرِ دَاءً.

«Біріңнің ыдысыңа шыбын түссе, оны түгел батырып, содан соң алып тастаңдар. Өйткені оның бір қанатында шипа, екінші қанатында дерт бар».132 Бұл риуаят Бұхаридің, Әбу Дәуіттің, Нәсәидің, Ибн Мәжаның, Дәримидің және Ахмад ибн Ханбалдың жинақтарында кездеседі. Автор хадис мамандарының оны қабыл алғанын атап өтеді. Оның баяндауынша, риуаятқа әуелі мұғтазила ғалымдары, кейін ХХ ғасырда бірқатар шығыстанушы мен зерттеуші қарсылық білдірген.

Хадистегі «жәнәх» сөзі «қанат» және «бір жағы» деген мағынада жұмсалады. Үй шыбыны іш сүзегі, тырысқақ, дизентерия сияқты аурулардың қоздырғыштарын тасуы мүмкін. Автор риуаяттағы «дерт» пен «шипа» сөздеріне сүйеніп, хадисті денсаулыққа қатысты ескерту ретінде түсіндіреді. Оның пайымынша, риуаятты Әбу Һурайра (р.а.) жеткізгені үшін немесе мағынасы бірден түсінікті болмағаны үшін теріске шығару – асығыс тұжырым.

Автор осы ойды бал өндіретін әрі у бөле алатын арамен және шаян туралы ертедегі түсінікпен салыстырады.

г. Үш мешітке арнайы сапар

Кейбір сыншылар мына сахих хадиске де қарсылық айтқан. Олар оны Кағб әл-Ахбардан хабар жеткізген сахабалар риуаят еткенін алға тартып, Ақса мешітін яһудилік тұрғысынан ұлықтау үшін айтылған деп жорамалдаған:

لَا تُشَدُّ الرِّحَالُ إِلَّا إِلَى ثَلَاثَةِ مَسَاجِدَ: الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ، وَمَسْجِدِ الرَّسُولِ، وَالْمَسْجِدِ الْأَقْصَى.

«Құлшылық ниетімен арнайы сапарға тек үш мешітке шығылады. Олар – Харам мешіті, Пайғамбар мешіті және Ақса мешіті».133

Кей риуаятта Ақса мешіті Пайғамбар мешітінен бұрын аталады134.

Мүміндер Ақса мешітін қастерлейді. Исламдық дәстүрде Алла елшісі (с.а.с.) Миғраж түні осы мешітке аялдап, пайғамбарларға имам болғаны айтылады. Құранда ол туралы بَارَكْنَا حَوْلَهُ «Айналасына Өзіміз құт-береке дарытқан»135 делінген. Автор Ақса мешітін қасиетті мекен әрі Ислам тарихындағы маңызды нышан деп таниды. Дәстүрлі баяндауда Мұса пайғамбардың (а.с.) ізбасары Юша ибн Нунның осы өңірді алғаны айтылады. Кейін Құдыс Омардың (р.а.) тұсында, одан соң Салахуддин Әйюбидің қолбасшылығымен мұсылмандардың билігіне өтті. Автор Ақса мешітінің ақырзамандағы ізгі жандарға да құшағын ашатынына үміт артады. Оның пайымынша, одан айырылу – рухани жеңілістің, ал қақпасының мүміндерге қайта ашылуы – олардың қайта еңсе тіктеуінің белгісі. Ақса мешітінің қадірі Құран мен сүннетте осылай айқындалса, ол туралы хадисті ойдан шығарылған деуге қандай негіз бар? Ақса мешітінің Мәдинадағы Пайғамбар мешітінен артық-кемдігі – бөлек талқыланатын мәселе. Ақса мешітіне ғана тән арнайы ғибадат жоқ. Ғибадаттың уақыты мен орнын шариғат белгілейді.

Ибн Аббастан жеткен риуаятта бір әйел ауруынан айықса, Ақса мешітіне барып намаз оқуды нәзір етеді. Сауығып, жолға жиналғанда Мәймуна анамыз (р.а.) амандасуға келеді. Әйел оған жайын айтып береді. Сонда Мәймуна анамыз былай дейді:

اجْلِسِي فَكُلِي مَا صَنَعْتِ، وَصَلِّي فِي مَسْجِدِ الرَّسُولِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَإِنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: صَلَاةٌ فِيهِ أَفْضَلُ مِنْ أَلْفِ صَلَاةٍ فِيمَا سِوَاهُ مِنَ الْمَسَاجِدِ إِلَّا مَسْجِدَ الْكَعْبَةِ.

«Осында қал да, әзірлеген тамағыңды же. Намазыңды Алла елшісінің мешітінде оқы. Алла елшісінің (с.а.с.): “Осы мешітте оқылған бір намаз Қағба мешітінен өзге мешіттерде оқылған мың намаздан артық”, – дегенін естідім».136

Шариғат арнайы орын белгілемеген ғибадатты басқа жерде де атқаруға болады. Мысалы, бір жерде құрбан шалуды нәзір еткен адам оны өзге жерде де орындай алады. Мәймуна анамыз (р.а.) әйелдің нәзіріне осы тұрғыдан қарап, Пайғамбар мешітінде оқылған намаздың артықшылығын да еске салған.

Кей фақиһтер намаз оқумен қатар тауап етуге де болатын Харам мешітін осы жалпы қағидадан бөлек қарастырған. Олар Харам мешітінде құрбан шалуды нәзір еткен адам уәдесін сол жерде орындауға тиіс деп санаған. Бұл фиқһтық пікір де, Мәймуна анамыздың сөзі де Ақса мешітінің қадірін кемітпейді.

ғ. Ақиқатты берік ұстанатын жамағат

Сыншылардың уәжіне жауап болатын тағы бір сахих хадисте былай делінеді:

لَا تَزَالُ طَائِفَةٌ مِنْ أُمَّتِي ظَاهِرِينَ عَلَى الْحَقِّ، لَا يَضُرُّهُمْ مَنْ خَذَلَهُمْ، حَتَّى يَأْتِيَ أَمْرُ اللَّهِ وَهُمْ كَذَلِكَ.

«Үмбетімнің бір тобы ақиқат жолында үстем бола береді. Оларды қолдаусыз қалдырғандар зиян тигізе алмайды. Алланың әмірі келгенде де олар осы қалпында болады».137

Бұл хадисті қандай уәжбен теріске шығарғанын түсіну қиын. Исламның он төрт ғасырлық тарихында дінді сақтап, оны қорғаған жамағат қай заманда да табылған. Діндарлар ауыр қыспақ көрген ХХ ғасырдың өзінде Ислам жер бетінен жойылып кетті ме? Коммунистік билік тұсында дінге қысым жасалып, кей елдерде халықты күштеп діннен бездіруге тырысты. Сондай қиын шақта да сенімінен таймай, діні үшін жанын қиғандар болды. Дін ұстануға еркіндік берілгенде, талай жұрт ата дініне қайта бет бұрды. Иә, Ислам – Алла жаққан нұр. Оны үрлеп сөндіре алмайсың.

Хадистегі жамағатты әр дәуірдің ғалымдары әрқалай түсіндірген. Бұхаридің жинағында Мәлик ибн Юхамир Мұғаздың «Олар Шамда» деген сөзін жеткізеді138. Шам сол заманда ілімнің ірі орталықтарының бірі еді. Халифаттың астанасы Бағдатқа көшкеннен кейін де Шам ұзақ уақыт ілім ордасы болып қала берді. Әузағи сынды ғалымдар сол өңірде ілім таратты. Кей ғалымдар бұл жамағатты хадис ғалымдары деп ұқса, енді біреулері тәпсіршілер деп түсіндірген. Хадисті белгілі бір дәуірмен немесе бір топпен шектеуге негіз жоқ. Осындай жамағат бір кезде Шамда көрінсе, басқа кезеңдерде Омар ибн Абдулазиз, Имам Раббани, Имам Ғазали мен Мәулана Халид Бағдади сынды тұлғалардың төңірегіне топтасты.

д. Ұйқыдан тұрғанда қол жуу

Мағынасына жете үңілмей, ойдан шығарылған хадистердің қатарына қосқан риуаяттардың бірі мынау:

إِذَا اسْتَيْقَظَ أَحَدُكُمْ مِنْ نَوْمِهِ فَلَا يُدْخِلْ يَدَهُ فِي الْإِنَاءِ حَتَّى يَغْسِلَهَا ثَلَاثَ مَرَّاتٍ، فَإِنَّ أَحَدَكُمْ لَا يَدْرِي أَيْنَ بَاتَتْ يَدُهُ أَوْ أَيْنَ كَانَتْ تَطُوفُ يَدُهُ.

«Қайсыбірің ұйқыдан оянса, қолын үш рет жумай тұрып ыдысқа салмасын. Өйткені түнде қолының қайда болғанын, қай жерге тигенін білмейді».139

«Әркім өз қолының қай жерге тигенін білмей ме?» деп, «Фәжрул-ислам», «Духал-ислам» және «Зуһрул-ислам» еңбектерінің авторы Ахмет Әмин бұл хадиске кекесінмен қараған. Әбу Райя мен шығыстанушы Гольдциер де оны сынға алған. Адам ұйқыда қолымен не ұстағанын қадағалай алмайды ғой. Бұл хадистің тазалыққа шақыруы да осы жайтты ескертеді.

Мысалы, адам ұйқыда қышынған жерін байқамай қасуы мүмкін. Тырнақ астына кір мен микроб жиналуы ықтимал. Ұйқыдан тұра сала қол жумай асқа отырса, қолындағы микроб асқа жұғуы мүмкін. Хадистегі сақтықтың мәні де осында.

Автор кей шығыстанушылар мен олардың мұсылман әлеміндегі ізбасарларының риуаятты жеткізген сахабаларға біржақты қарауын сынайды. Ерте дәуірде айтылғаны үшін ғана осы хадиске күмәнданудың негізі жоқ. Хадистегі тазалыққа қатысты ескертудің мәні бүгін де түсінікті.

е. Миғражда Мұса пайғамбармен (а.с.) кездесу

Ойдан шығарылған деп теріске шығаруға тырысқан риуаяттардың бірі Миғражда бес уақыт намаздың парыз етілуі жайында. Хадисте әуелде мұсылмандарға күніне елу уақыт намаз парыз етіліп, Мұса пайғамбардың (а.с.) кеңесінен кейін бес уақытқа дейін азайтылғаны айтылады140. Бұл риуаят Бұхари мен Мүслимнің жинақтарында бар.

Әуелі Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) Миғражда Мұсамен (а.с.) кездесіп, оның кеңесін естігенін ескерген жөн. Мұны Мұсаға жүгінді деп түсіну шарт емес. Кеңесті қабылдаудың да еш оғаштығы жоқ. Риуаятта Мұсаның өз қауымымен өткен тәжірибесіне сүйеніп, бұл міндет үмбетке ауыр тиюі мүмкін екенін айтқаны баяндалады.

Екіншіден, Пайғамбарымыз (с.а.с.) Алланың алдында да, Мұсамен (а.с.) сөйлескенде де әдеп сақтап, үмбетінің жүгін жеңілдетуге тырысты. Мұсамен кездесу осыған себеп болған шығар. Автор бұл кездесудің яһуди қауымымен арадағы салқындықты сейілтуге де септігі тиюі мүмкін деп пайымдайды. Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) өзіне дейінгі пайғамбарларды растай келген. Сондықтан ол өзге пайғамбарлардың қадірін түсіре сөйлегенді құптамаған. Мұсылман мен яһуди арасындағы дау өзіне жеткенде: «Мені Мұсадан артық көрмеңдер. Қиямет күні Мұсаның Аршының бір тірегінен ұстап тұрғанын көремін»141, – деген.

Иса пайғамбардың (а.с.) жерге қайта түсетіні туралы да көптеген хадис бар142. Соның бәрін христиандар ойдан шығарған деуге бола ма? Иса (а.с.) – өзінен кейін Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) келетінін алдын ала сүйіншілеген ұлы пайғамбарлардың бірі. Ибраһим, Дәуіт, Сүлеймен, Мұса (а.с.) секілді оның да пайғамбарлығын мойындаймыз.

Сахих хадистерді теріске шығарып, сүннетті жойғысы келгендер діттегеніне жете алмайды. Тағылымға толы осы қазынаның қадірі уақыт өткен сайын арта береді.

Хадистердің көп риуаят етілу себептері

Кейбір шығыстанушылар мен олардың мұсылман әлеміндегі ізбасарлары хадис санының көптігіне күмән келтіреді. Олар әсіресе бірқатар сахабаның соншалық көп хадис риуаят еткенін алға тартып, Алла елшісі (с.а.с.) мұның бәрін өзі айтуы мүмкін емес деп тұжырымдайды.

1. Хадистің маңызы

Сахабалар хадистің мұсылман өмірінде алатын орнын жақсы түсінді. Пайғамбардың (с.а.с.) сөзін дұрыс ұғып, бұйырғанын орындап, тыйғанынан тыйылса, екі дүниенің бақытына жететіндеріне сенді. Сондықтан оның әр сөзін көңілге түйіп, ісін күнделікті өмірінде өнеге етті. Жиырма үш жыл бойы Алла елшісінің (с.а.с.) әр қадамын жақыннан бақылап, көргенін қайталауға тырысты. Пайғамбар да сахабаларына бұл дүниедегі тіршілік пен ақыретке қажеттіні түсіндіріп, кейінгі мүміндерге жол көрсетті.

Әбу Зәйд Амр ибн Ахтаб былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бір күні бізге таң намазын оқытып, мінберге көтерілді де, бесінге дейін насихат айтты. Бесін уақыты кіргенде, мінберден түсіп, намаз оқытты. Содан соң қайта мінберге шығып, екінтіге дейін сөзін жалғады. Екінті намазын оқытқаннан кейін де күн батқанша насихат айтты. Ол бізге өткен және алда болатын оқиғалардан хабар берді. Естігенін бәрінен жақсы сақтағанымыз сол жайларды көбірек білді»143.

Сахабалар Алла елшісінің (с.а.с.) сөздерін көңілге түйіп, айтқанын бұлжытпай орындауға тырысты. Ол намазда имам болып: «Менің қалай намаз оқығанымды көрдіңдер, сендер де солай оқыңдар»144, – дейтін. Қажылықта: «Қажылық амалдарын менен үйреніңдер»145, – деген. Сахабалар естігенін жаттап, көргенін іс жүзінде қайталап, кейінгі ұрпаққа жеткізді.

Сахабалардың хадисті жаттап, кейінгі ұрпаққа жеткізуіне Алла елшісіне (с.а.с.) деген терең сүйіспеншілігі де себеп болды. Әнәстің (р.а.) айтуынша, Пайғамбар шашын алдырып жатқанда, сахабалар оны қоршап алып, бір тал шашын да жерге түсірмей, қолдарына қағып алуға тырысқан. Пайғамбардан қалған әр затты қастерлі мұра санайтын.146

2. Естен кетпес оқиғалар

Адам өзі құрметтейтін кісіден естіген жылы сөзін ұзақ ұмытпайды, оның сыйын аманаттай сақтайды. Ендеше, сахабалар өздеріне тәлім берген Алла елшісінің (с.а.с.) сөзін қалай ұмытсын? Олар одан қалған заттың өзін қадірлеген. Мысалы, Әнәс (р.а.) Пайғамбардың аяқкиімін көрсеткен. Әс-Суютидің келтіруінше, Мұғауия Кәғб ибн Зуһайрға Пайғамбардың шапаны үшін он мың дирһам ұсынған.147

Ахмад ибн Ханбал жеткізген хабарда Омар (р.а.) жұма күні Аббастың (р.а.) үйінің жанынан өтіп бара жатқанда, суағардан үстіне қан аралас су төгілгені айтылады. Аббастың үйінде екі балапан сойылған екен. Омар суағарды алдыруға бұйырды да, үйіне қайтып, киімін ауыстырды. Содан соң келіп, жұма намазын оқытты. Кейін Аббас оған суағарды сол жерге Алла елшісі (с.а.с.) орнатқанын айтты. Сонда Омар: «Арқама шығып, суағарды Алла елшісі қойған жерге қайта орнат», – деп қолқа салды.

Содан екеуі әлгі үйдің тұсына барды. Омар уәдесінде тұрып, Аббасқа арқасын тосты. Аббас халифаның арқасына шығып, Алла елшісі (с.а.с.) өз қолымен қойған суағарды бұрынғы орнына қайта орнатты148.

Пайғамбардан қалған шағын ғана жәдігерге осынша ұқыптылық танытқан жұрттың хадис пен сүннетке немқұрайды қарауы мүмкін емес. Өйткені хадис – діннің әрі өмірдің өзегі. Сопылар «Хақиқат-и Ахмадия» деп атаған Алла елшісінің (с.а.с.) ақиқаты бізді дүние мен ақырет бақытына жалғайтын алтын көпір іспетті.

3. Пайғамбарымыздың ілімге үндеуі және білімге құштарлық

Пайғамбарымыз (с.а.с.) ілімге айрықша мән берген. Ол хадисінде періштелердің ілім іздеушінің талабына разы болып, оған қанат жаятындығын149 айтып, ізбасарларын білімге жігерлендірген. Бүгінде білім іздеу көбіне атақ-абыройға жету мен күнкөріс қамына тіреліп қалатыны өкінішті. Ал сол дәуірде жұрт ілімді Алланың разылығы үшін үйреніп, ғылым өркен жайды. Зәһәби келтірген деректе Суфиян ибн Үяйна он жасында-ақ ғұламалардың дәрісіне қатысқан. Автор оның сол жаста ижтиһад жасайтындай дәрежеге жеткенін айтады150. Ғылыми мәселелерді, әсіресе хадистерді, бірлесіп талқылап, терең ұғынуға деген ынта зор еді.

Дарими Әбу Сағид әл-Худридің «Хадистерді өзара талқылаңдар. Бір хадис екіншісін еске түсіреді» деген сөзін жеткізеді. Ибн Аббас та хадистерді ұмытып қалмау үшін оларды бірлесіп қайталап, талқылауға үндеген151.

Сахабалардың ілімге деген құштарлығы табиғиндер мен тәбә-табиғиндер дәуірінде де жалғасты. Кейінгі хадис хафыздарының бірі Ибн Хажар әл-Асқалани: «Сахих Мүслимді бірнеше отырыста оқып бітірдім», – дейді. Құран мен сүннет ілімін үйренушілер білім алуға құлшылық жасағандай ықыласпен кірісетін. Мұндай ынта алғашқы төрт-бес ғасырда толастаған жоқ.

Имам Нәуауи бала-шаға қамы іліммен шұғылдануға бөгет болар деп, бар ғұмырын білімге арнап, үйленбей өткен. Ал ғұлама Сарахси отыз томдық «Мәбсут» еңбегін құдық түбінде отырып, жадынан шәкірттеріне айтып жаздырған. Ол туралы мынадай әңгіме де бар. Шәкірттері бір күні: «Имам Шафиғи үш жүз топтама хадисті жатқа білген екен», – дейді. Сонда Сарахси: «Менің білгенімнің зекетіндей ғана біледі екен»152, – депті. Ибн Хажар, Ибн Жәрир, Суюти, Фахруддин Рази тәрізді ғұламалардың еңбектерін жай ғана парақтап шығуға бір апта да жетпес еді.

Аты аталған ғұламалардың көбі бергі дәуірде өмір сүрген. Ал сахабалар мен олардан кейінгі буынға көз салсақ, мынадай мысалдар кездеседі.

4. Ілімге деген шексіз құштарлық

Мұхаммед ибн Сирин мен бауыры Әнәс ибн Сирин өз заманында ілімімен танылған. Мұхаммед ибн Сиринді Пайғамбарымызға (с.а.с.) он жыл қызмет еткен сахаба Әнәс ибн Мәлік (р.а.) құлдықтан азат еткен.

Әнәс ибн Сирин сол кездегі ілімге деген ынта жайында: «Куфаға барғанымда, төрт мың адамның хадис үйреніп жүргенін көрдім»153, – дейді. Шамда да Әбуд-Дәрданың дәрісіне мың жарымдай адам қатысқан. Әнәс ибн Сирин Куфада фиқһты меңгерген төрт жүз адам болғанын да айтады154.

Фақиһ – Құран, сүннет пен ижмағқа сүйеніп, дін үкімдерін шығара алатын ғұлама. Әбу Ханифа, Әбу Юсуф, Имам Мұхаммед, Шафиғи мен Мәлік осы дәрежеге жеткен. Ал бір миллион хадисті жатқа білген делінетін Ахмад ибн Ханбалдың фақиһтығына қатысты пікірлер әртүрлі болған. Әбу Жағфар әт-Табари «Ахмад ибн Ханбал фақиһ емес» дегенде, ханбали мәзһабының кейбір өкілдері оның үйіне тас лақтырғаны айтылады. Бұл пікірталастың өзі фақиһ атағының биік өлшемін аңғартады. Куфада хадис үйренген төрт мың адамның төрт жүзі фақиһ болғанын да осы тұрғыдан бағалаған жөн.

Ол дәуірде ілімге деген құлшыныс, әсіресе хадис үйренуге деген ынта күшті еді. Бір хадисті есту немесе оның қалай жеткенін анықтау үшін ұзақ сапардың машақатын көтергендер көп болды. Алтынды бір көргеннен танитын зергердей, хадис мамандары да мәтінді танып, оның анығы мен күмәндісін ажырата білген. Олар хадистің мәтінін жатқа білумен қатар, оны кімнің кімнен риуаят еткенін, яғни жеткізушілер тізбегін (сәнәдін) мұқият тексеретін.

Имам Бұхари Бағдатқа келгенде, он ғалым көпшілік алдында оның хадис ілімін қаншалықты меңгергенін және есте сақтау қабілетін сынамақ болады. Әрқайсысы он хадистен алып, мәтіндерге өзге хадистердің сәнәдін әдейі тіркеп оқиды. Мәселен, ниет туралы хадисті Яхия ибн Сағид әл-Ансари Мұхаммед ибн Ибраһим әт-Тәймиден, ол Алқама ибн Уаққас әл-Ләйсиден, ал ол Омардан (р.а.) жеткізген. Сынақ кезінде сол есімдердің орнына басқа жеткізушілердің есімдерін атайды. Осылайша сәнәдтері ауыстырылған жүз хадис оқылады. Бәрін тыңдаған соң Бұхари әр хадисті ретімен алып, ауыстырылған сәнәдін өз мәтініне қайтарып береді. Ғұламалар оның зердесі мен хадис іліміндегі білгірлігін мойындайды155.

Ибн Хузайма Имам Бұхариді: «Осы аспанның астында Алла елшісінің (с.а.с.) хадистерін Бұхариден артық білетін әрі оларды одан жақсы жаттаған ешкімді көрмедім», –156 деп бағалаған.

Бұхари ілімнің қадірін биік ұстап, оны пайда табудың құралына айналдырмаған ғұламалардың бірі еді. Бұхара әмірі оны алдына шақырғанда, Бұхари: «Ілімді билеушінің табалдырығына апарып, қадірін түсірмеймін. Білгісі келсе, билеуші де, балалары да өздері келіп дәріс тыңдасын», – деп жауап берген деседі. Әмір балаларына арнайы дәріс өткізуді ұсынады. Бұхари тыңдаушыларын алаламайтынын айтып, бұл өтініштен де бас тартады. Кейін ол Бұхарадан кетуге мәжбүр болып, ғұмырының соңын туған жерінен жырақта өткізеді157.

Имам Мүслим туралы мынадай әңгіме айтылады. Ол бір кісіден хадис алу үшін алыс жолға шығып, іздеген адамының тақиясын созып, атын алдап ұстап жатқанын көреді. Содан имам: «Тақияда атқа беретін жем бар ма еді?» – деп сұрайды. Әлгі кісі жем болмағанын айтқанда, имам: «Атты алдаған адамның жұртты алдамасына кім кепіл?» – деп, одан хадис алмай қайтып кетіпті.

Сүннет осындай терең ізденіс пен ыждағаттылықтың арқасында сараланған. Хадистердің көптігін және араларында ойдан шығарылған риуаяттардың барын алға тартып, сахих хадистерге күмән келтіретіндер сүннеттің қадірін, оны жинаған ғұламалардың ілімге деген құштарлығын және риуаяттарды қаншалықты мұқият тексергенін ескеруі керек. Осыны ескермей тұжырым жасаса, өздері де жаңылып, өзгелерді де жаңылыстыруы мүмкін.

5. Сөз өнері дамыған орта

Сахабалар, табиғиндер мен тәбә-табиғиндер өмір сүрген орта хадисті жаттауға қолайлы еді. Сол дәуірде арабтар тілге шешен, сөз өнеріне жүйрік болатын. Мұны мұғаллақа ақындарының жырларынан158 да көреміз. Сөз шеберлері Құран мен Алла елшісінің сөздерін естігенде, олардың қуатына таңғалып, бас иген. Сол заманның көрнекті ақыны Хансаның жаһилия дәуірінде қаза тапқан бауыры Сахрға арнаған жоқтауы бүгін де оқырманды тебірентеді. Ханса Алла елшісінің (с.а.с.) жолына берілген еді. Қадисия шайқасында төрт ұлы бірдей қаза тапқанда, қайғысына қарамастан: «Уа, Алла, маған төрт ұл берген едің. Төртеуін де сүйікті елшіңнің жолында құрбан еттім. Саған мың да бір шүкір!»159 – дегені айтылады.

Хансаның сөз зергерлігін танытатын бір әңгімеде оның Хассан ибн Сәбиттің төрт тармақ өлеңінен сегіз мін тапқаны айтылады. Хассан өз жырларымен Исламды дәріптеп, оған тіл тигізгендерге жауап берген ақын еді. Алла елшісі (с.а.с.) оған: «Уа, Алла, оны Рухул-Құдыспен қуаттай гөр!» – деп дұға еткен160. Автор Ханса тәрізді сөз шеберлерінің Құран мен хадистің сөз қуатына ден қойып, өлеңді доғарғанын және ғұмырын Құран мен хадисті ұғынуға арнағанын атап өтеді. Осындай ортада тәлім алған кейінгі буын да Алла елшісінің сөзін өзге сөзден айыра білген.

6. Жаттау қабілеті

Ислам қанат жайған сол дәуірдің адамдары зеректігімен, естігенін жадында сақтай білуімен ерекшеленген. Құранды төрт айда жаттап, хафыз болған адамға бүгінде ерекше ілтипатпен қараймыз. Ал Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дәуірінде хадисті зердесіне тоқып, жатқа айтуға шебер жандар аз болмаған.

Шығыстанушылар көп сынға алған Әбу Һурайра (р.а.) бір естігенін қайта қайталамай-ақ жадында сақтайтын сахаба ретінде танылады. Зәйд ибн Сәбит те (р.а.) зеректігімен ерекшеленген. Ол Алла елшісінің (с.а.с.) тапсырмасымен яһудилердің жазуын жарты айда меңгеріп, оларға хат жазып, келген хаттарды оқып беретін болған. Ахмад ибн Ханбал келтірген бір риуаятта Зәйдтің сирияк тілін он жеті күнде үйренгені айтылады161.

Хадисті жатқа білуде алдына жан салмаған Ибн Аббас (р.а.) көзі тірісінде «Хибрул-умма», яғни «үмбеттің ғұламасы» деген атқа ие болған. Айша анамыз (р.а.) да естігенін ұмытпай, жадында сақтай білген. Сахабалар арасында осындай зерек жандар көп болған.

Табиғиндер арасында да ерекше зеректігімен танылған ғұламалар көп еді. Солардың бірі – Омар ибн Абдулазиз тұсында хадис жинауға кіріскен Ибн Шиһаб әз-Зуһри. Қатада ибн Диама Әбу Ханифаға: «Бір естігенімді ұмытқан емеспін», – деген екен. Шағби, Ибраһим ибн Язид ән-Нахаи мен «Естігенімді ұмытқан кезім есімде жоқ» деген Имам Шафиғи де зердесімен танылған.

Хадисті мағынасы бойынша жеткізудің шарттары

Кейбір ғалымдар мына шарттар орындалғанда хадисті мағынасы бойынша жеткізуге рұқсат берген.

а. Хадисті жеткізуші (рауи) тілді жетік білуге, оның нәзік иірімдерін ажырата алуға әрі хадистің мағынасын толық ұғуға тиіс. Тілді жетік білмеген адам Алла елшісінен (с.а.с.) жеткен сөзді өз түсінігіне сүйеніп «Пайғамбарымыз былай деген» деп риуаят ете алмайды.

ә. Рауи таңдаған сөз түпнұсқадағы сөзбен мағыналас болып, сол ойды дәл жеткізуі керек. Ол алдыңғы және кейінгі сөздермен үйлесіп, хадис пен тілді жетік білетін мамандарға да мағынада өзгеріс сезілмейтіндей орнымен қолданылуға тиіс.

б. Хадистің бастапқы сөздері түгелдей ұмытылғанда ғана оны мағынасымен жеткізуге болады. Пайғамбарымыздан (с.а.с.) жеткен сөздің кемінде негізгі мағынасын сақтап қалу керек. «Бәрін қамти алмадың екен деп, қолда барынан да бас тартпа» деген مَا لَا يُدْرَكُ كُلُّهُ لَا يُتْرَكُ كُلُّهُ қағидасы сүннетті мүмкіндігінше сақтауды меңзейді.

1. Хадис мәтіндеріндегі сөз айырмашылықтары

Кей риуаяттардың негізі бір болғанымен, бірінде артық сөз кездеседі немесе бір сөздің орнына екінші сөз қолданылады. Мұндай айырмашылықтардың бәрі хадистің мағынасымен жеткізілуінен туа бермейді. Бұған бес уақыт намазда оқылатын «Әттахият» дұғасы мысал. Ханафилер, Куфа ғалымдарының көбі, имам Әузағи мен Суфиян әс-Сәури Ибн Масғуд жеткізген «Әттахиятты» ұстанған. Көптеген ғалым осы нұсқаны абзал санаған162. Имам Шафиғи таңдаған Ибн Аббас риуаятында «әт-тахияттан» кейін «әл-мубаракат» сөзі келеді, ал алғашқы тіркестердің арасында «уау» жалғаулығы қолданылмайды163. Омардың (р.а.) мінберде үйреткен «Әттахияты» да бар164. Бұлардан өзге бірнеше нұсқа әлсіз риуаяттармен жеткен165. Осы айырмашылықтарға қарап, «Сахабалар Пайғамбардан (с.а.с.) естігенін сөзбе-сөз жаттай алмаған да, ұмытқан жеріне өз сөзін қосқан» деушілер болуы мүмкін. Алайда намаз бір дерекке қарағанда һижреттен үш жыл, екіншісіне қарағанда бес жыл бұрын парыз етілген. Омар мен Ибн Масғуд (р.а.) сияқты алғашқы сахабалар кемінде он жыл Алла елшісіне ұйып намаз оқыған. Сонша уақыт бойы қайта-қайта оқыған қысқа дұғаны олар жаттай алмаған деу қисынсыз. Әбу Бәкір (р.а.) тұсында Құран бір жинаққа түсірілгенде, жазба нұсқалар сахабалардың жаттаған аяттарымен салыстырылды. Олардың жаттаған сүрелері жазылған мәтінмен сәйкес келді. Демек, дәлелсіз күдік сахабалардың хадисті ғана емес, Құранды жеткізудегі ұқыптылығына да көлеңке түсіреді.

Хадисте «Құран жеті әріп бойынша түсірілді» делінеді166. Бұл ұғымға кеңінен тоқталмай-ақ, оның алғашқы қауымға Құран оқуды жеңілдеткенін айта кеткен жөн. Алла елшісі (с.а.с.) кей аяттарды бірнеше нұсқада оқып үйреткен. Осыған ұқсас, «Әттахиятты» Ибн Масғудқа (р.а.) бір нұсқада, Омарға (р.а.) және Ибн Аббасқа (р.а.) өзгеше сөздермен үйреткен болуы мүмкін. Демек, дұға мәтініндегі айырмашылықты сахабалардың сөз ұмытуынан іздемей, Пайғамбардың (с.а.с.) оны әртүрлі үлгіде үйретуімен де түсіндіруге болады.

2. Аз сөзге көп мағына сыйғызу

Мәселенің тағы бір қыры бар. Алла елшісіне (с.а.с.) «жәуәмиғул-кәлим», яғни аз сөзге мол мағына сыйғызу қабілеті берілген167. Кейбір қысқа хадисті талдап, оған тұтас кітап арнауға болады. Араб тілінің грамматикасын, сөздік қорын және шешендік тәсілдерін ескере оқыған сайын, бұрын аңғарылмаған мағыналар ашылады. Мұндай ұтымды сөзді Пайғамбардан (с.а.с.) тәлім алған үмми сахабаның да, сан ғылымды меңгерген білімпаздың да өздігінен айтуы қиын. Сондықтан хадистің қадірі заман ауысқан сайын кемімейді.

Уахи алған Пайғамбардың (с.а.с.) сөзіне жеңіл қарауға болмайды. Хадистердің саны кей адамға көп көрінгенімен, Алла елшісінен сенімді жолмен жеткен сөздер біз үшін қымбат қазына.

Хадистердің Пайғамбар дәуірінде хатқа түсуі және кейін жинақталуы

Исламның екі қайнар көзінің бірі саналатын хадистің қалай жиналғанын білу маңызды. Кей шығыстанушылар «Алғашқы ғасырда хадистер ауызша ғана тарап, қағазға түспеген» деп пайымдаған. Ислам ғалымдары хадистердің Пайғамбарымыз (с.а.с.) тірі кезінде-ақ жазыла бастағанын көрсеткен. Сол дәуірде хадисті хатқа түсіру «китаба» деп аталды. Онымен жекелеген сахабалар айналысқандықтан, жазбалар әр жерде сақталды. Кейін сол жазбаларды бір жерге жинау қажеттігі туды. Бұл жұмыс хадис тарихында «тәдуин» деп аталады. «Тәдуин» сөзінің тілдік мағынасы – «жүйеге келтіру», «кітапқа түсіру», «парақтарды бір жерге жиыстыру»168, «әртүрлі парақтардағы мәтіндерді біріктіру»169, «парақтарды екі мұқаба арасына жинау»170. Хадис ілімінде бұл ұғым сахаба мен табиғиндер жеткізген хадистерді жазып алып, бір кітапқа жинауды білдіреді171. Оған ауызша жеткен риуаяттар мен теріге, ағаш тақтайға және басқа материалдарға жазылған мәтіндер де кірді.172 Тәдуиннің бір жолы – ауызша риуаяттарды хатқа түсіру. Екінші жолы – бұрынғы және жаңадан жазылған мәтіндерді бір жинаққа топтастыру173.

Хадистің жазбаға түсуін Мұхаммед Мұстафадан (с.а.с.) шамамен бір ғасыр кейінгі Омар ибн Абдулазиз дәуірінен бастауға негіз жоқ. Хадистер Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көзі тірісінде жатталып, жазылып, кейін ұрпақтан ұрпаққа ауызша да, жазбаша да жеткен. Ақабада серт берген сахабалардың бірі Жәбир ибн Абдуллаға және Ибн Аббасқа (р.а.) қатысты хадис жазбалары болғаны айтылады174. Сол кезеңнің маңызды жазба мұраларының бірі – Хаммам ибн Мунаббих жеткізген «Әс-Сахифатус-сахиха». Хаммам өз ұстазы Әбу Һурайрадан (р.а.) естіген хадистерін хатқа түсірген. Ибн Абдулбарр келтірген басқа бір хабарда Хасан ибн Амр ибн Умәйя Әбу Һурайрадан естіген хадисін оның есіне салады. Әбу Һурайра үйіндегі жазбаларды көрсетіп, сол хадисті солардың арасынан табады. Ибн Хажар бұл хабардың жеткізу тізбегін әлсіз деп бағалаған.

Хаммам ибн Мунаббихтің жазбалары Ахмад ибн Ханбалдың «Мүснадында» топтастырылған. Ондағы көптеген хадис Бұхари мен Мүслимнің жинақтарында да кездеседі. Бұл сабақтастық хадистің ерте кезден хатқа түскенін, әрі сахабалардан табиғиндер мен тәбә-табиғиндер арқылы кейінгі жинақтарға енгенін көрсетеді.

Хадистердің Омар ибн Абдулазиз тұсында ресми түрде жинақталғаны рас. Алайда одан ертерек, Алла елшісінің (с.а.с.) көзі тірісінде-ақ кей сахабалар Құранмен қатар хадистерді де хатқа түсіріп, сақтаған.

1. Құран түскен тұстағы сауат ашу

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) заманында арабтардың көбі хат танымайтын. Меккеліктер көрші тайпалармен тығыз араласқандықтан, олардың арасында оқи да, жаза да білетіндер аз болмады. Құран түсе бастағанда, оның мәтіні мен үкімдерін үйрену қажеттігі мұсылмандардың сауат ашуға деген ынтасын күшейтті. Сөйтіп, білімге құштарлық артып, мәдени өмір жандана түсті. «Табақат» еңбектеріндегі деректерге қарағанда, Алла елшісінің (с.а.с.) уахиды хатқа түсірген қырыққа жуық хатшысы болған175. Олар осы іске арнайы тағайындалып, Құран мәтінін жазуға жауапты еді.

Сауат ашудың сол дәуірде қаншалықты қолдау тапқанын Бәдірден кейінгі оқиғадан көруге болады. Ибн Сағдтың келтіруінше, құн төлей алмаған кей тұтқынға мәдиналық он балаға оқып-жазуды үйрету шартымен бостандық берілген176. Бұл сол кезең үшін ілгері қадам еді. Ел өміріне Ислам мен Құран үлкен өзгеріс әкелді. Дінге ден қойғандар жан-жақтан келіп, Құранды үйренуге және оны өміріне арқау етуге ұмтылды. Ауылда да, қалада да жұрт Құраннан тәлім алуға әзір тұрды. Қаламды құлаққа қыстырып, жазуға дайын жүруді кейін хадис ілімін меңгергендер де әдеп санаған. Осылайша қасиетті кітаптың хатқа түсіп, кейінгі ұрпаққа жетуіне жағдай жасалды.

Құран мәтіні осылай хатқа түсіп, сақталды. Онымен бірге Құранды түсіндіретін, қысқа айтылғанды тарқататын, көмескі тұстарын ашатын, шектеусіз келген үкімдерге шек қоятын және жалпы үкімнің қолданылу аясын нақтылайтын сүннет те жазылып, сақтала бастады. Сөйтіп, шариғаттың екінші қайнар көзі саналатын сүннетті кейін ресми түрде жинақтауға негіз қаланды.

2. Хадисті жазуға тыйым салған риуаяттар

Хадисті хатқа түсіруге тыйым салған риуаяттарды ғалымдар әртүрлі түсіндірген. Мысырлық хадис ғалымы Ахмад Мұхаммед Шакир алғашқы тыйымның күші кейін жойылған деген пікірді қолдаған. Екінші бір түсіндірме бойынша, тыйым хадисті Құран аяттарымен бір параққа жазуға қатысты болған. Бұлайша Құран мен хадисті шатастырып алудың алдын алған177. Алла елшісінің (с.а.с.) Құран мәтініне қаншалықты мұқият қарағанын көрген Омар да осы іске ерекше ұқыптылық танытқан. Әуелі Құранды меңгеріп, оның Алланың сөзі ретіндегі орнын ұғыну маңызды еді. Бұрынғы үмбеттерде болғандай, өзге сөздің Құран мәтініне араласып кету қаупі ескерілді. Сахабалар Құран мен хадистің арасын анық ажырата бастағанда, хадисті жазу да кең өріс алды.

Хадистер Алла елшісі (с.а.с.) дүние салғаннан көп кейін ғана хатқа түсті деген пікір айтқан шығыстанушылар мен сол пікірді қолдаған мұсылман авторлары сүйенген риуаяттарға тоқталайық.

Хатиб әл-Бағдадидің «Тақиидул-илм» еңбегінде Әбу Сағид әл-Худридің мына сөзі келтіріледі.

اِسْتَأْذَنَّا النَّبِيَّ فِي الْكِتَابَةِ فَلَمْ يَأْذَنْ لَنَا.

«Пайғамбардан (с.а.с.) естігенімізді хатқа түсіруге рұқсат сұрадық. Ол бізге рұқсат бермеді», – дейді Әбу Сағид.178

Гольдциер мен оның пікірлестері осы риуаятқа сүйенген. Алайда бұл хабар хадисті жазуға берілген рұқсат жөніндегі риуаяттармен бірге қарастырылуы керек. Әбу Сағид әл-Худридің Мүслимнің «Сахихында» келген мына хадисі де осы мәселеге қатысты.

لَا تَكْتُبُوا عَنِّي، وَمَنْ كَتَبَ عَنِّي غَيْرَ الْقُرْآنِ فَلْيَمْحُهُ.

«Менен естігендеріңді жазбаңдар. Кім менен Құраннан басқа бір нәрсе жазып алған болса, оны өшірсін».179

«Тақиидул-илмде» жаттау қабілетімен танылған Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен тағы бір хабар келтіріледі. Осы хабардың жеткізу тізбегі әлсіз деп бағаланған.

Әбу Һурайраның айтуынша, олар хадистерді жазып отырғанда, Алла елшісі (с.а.с.) келіп: «Не жазып отырсыңдар?» – деп сұрайды. Олар: «Сізден естіген хадистерді жазып отырмыз», – деп жауап береді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді.

أَتَدْرُونَ مَا ضَلَّ الْأُمَمُ قَبْلَكُمْ إِلَّا بِمَا اكْتَتَبُوا مِنَ الْكُتُبِ مَعَ كِتَابِ اللَّهِ تَعَالَى؟

«Сендерден бұрынғы үмбеттердің Алла тағаланың кітабымен қатар өзге кітаптарды да жазып алғандықтан адасқанын білесіңдер ме?»180

Келтірілген риуаяттардағы тыйымның мақсаты – Құран мәтініне өзге сөз араластырмау. Тәурат пен Інжілге қатысты да осы қағида ескеріледі. Автор Тәураттың шетіне жазылған сөздердің кейін мәтінге араласқанын және әуелде бір кітап болған Інжілдің кейін бірнеше нұсқада таралғанын айтады. Ол мұны екі қауымның да көпшілігі тура жолдан ауытқуының бір себебі деп түсіндіреді. Хадисті жазуға тыйым салған хабарларды оны хатқа түсіруге рұқсат берген, тіпті жазуға үндеген сахих риуаяттармен бірге қарастырғанда, тыйымның мәні анығырақ ашылады.

Хадисті жазуға тыйым салынғаны туралы жоғарыдағы риуаятты жеткізген Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) сахабалары арасында менен көп хадис жеткізген бір ғана адам бар. Ол – Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас. Өйткені ол естігенін жазып жүретін, ал мен жазбайтынмын»181.

Абдулла ибн Амрдың (р.а.) өз айтуынша, ол Алла елшісінен (с.а.с.) естігенінің бәрін есте сақтау үшін жазып жүретін. Құрайыштан кей кісілер оған: «Алла елшісінен естігеніңнің бәрін жаза бересің бе? Ол да адам, ашуланғанда да, көңілі жайланғанда да сөйлейді», – дейді. Осы ескертуден кейін Абдулла жазуды тоқтатып, мән-жайды Алла елшісіне (с.а.с.) баяндайды. Сонда Пайғамбар саусағымен аузын нұсқап, былай дейді:

اُكْتُبْ، فَوَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ مَا يَخْرُجُ مِنْهُ إِلَّا حَقٌّ!

«Жаза бер! Жаным қолында болған Аллаға ант етемін, бұл ауыздан ақиқаттан өзге ештеңе шықпайды!»182

Әзірет Мұхаммед (с.а.с.) адам әрі пайғамбар еді. Ашуланғанда да, көңілі жайланғанда да Алланың разылығын көздеп, ақиқатты айтатын. Ол өз қалауымен сөйлемейтін, өзіне уахи етілгенді жеткізетін183. Автордың пайымдауынша, Пайғамбардың болмысы өзіне жүктелген міндетпен тұтасып жатты. Автор бала кезінде оның көкірегінен шайтан мен нәпсінің ықпалына жол ашатын нәрселердің алынып тасталуын да осымен байланыстырады. Осы тұрғыдан ол Алла елшісінің сахабаға айтқанын жазып алуды бұйырғанын түсіндіреді.

3. Хадистердің жазылғанын көрсететін деректер

Әбу Һурайрадан жеткен риуаятта ансарлардың бірі Алла елшісіне (с.а.с.): «Уа, Алланың елшісі! Сізден естіген хадистер көңіліме қонады, бірақ оларды есте сақтай алмаймын», – дейді. Сонда Алла елшісі: اِسْتَعِنْ بِيَمِينِكَ. «Оң қолыңның көмегіне жүгін»184, – деп, қолымен жазуды ишаралаған. Яғни естігеніңді жазып алып, жадыңа жәрдем бер дегені. Тирмизи бұл риуаяттың жеткізу тізбегін әлсіз деп бағалаған.

«Тақйидул-илм» кітабында тағы бір риуаят келтіріледі.

Рафиғ ибн Хадиж Пайғамбарымыздан (с.а.с.) былай сұраған:

يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّا نَسْمَعُ مِنْكَ أَشْيَاءَ فَنَكْتُبُهَا؟ قَالَ: «اُكْتُبُوا وَلَا حَرَجَ».

«Уа, Алланың елшісі! Сізден біраз нәрсе естиміз. Соларды жазып алсақ бола ма?» Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Жазыңдар, оқасы жоқ», – деп жауап берген.185

Имам Дәрими мен Ибн Хажардың еңбектерінде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қысасқа, құн төлеуге және өзге де шариғат үкімдеріне қатысты нұсқауларды жаздырып, Йемендегі Амр ибн Хазмға жібергені айтылады. Уаил ибн Хужрға да келісімхат жаздырғаны баяндалады186.

Кейбір дереккөздерде Пайғамбарымыз (с.а.с.) قَيِّدُوا الْعِلْمَ بِالْكِتَابِ. «Ілімді жазып сақтаңдар»187 деген риуаят бар.

Сахих жинақтарда Әбу Һурайрадан мынадай хадис жеткен. Мекке алынғанда Пайғамбарымыз (с.а.с.) жұртқа құтба оқиды. Сонда йемендік Әбу Шаһ орнынан тұрып: «Уа, Алланың елшісі! Айтқандарыңызды маған жазып беріңіздер», – деп өтінеді. Пайғамбарымыз: اُكْتُبُوا لِأَبِي شَاهٍ. «Әбу Шаһқа арнап жазыңдар»188, – дейді.

Алла елшісі (с.а.с.) дүние саларынан бірнеше күн бұрын сырқаты асқынып жатқанда қасындағыларға: «Маған жазу құралын әкеліңдер. Менен кейін адаспауларың үшін сендерге бір нәрсе жазып берейін», – дейді. Сонда әзірет Омар (р.а.): «Пайғамбардың сырқаты меңдеп тұр. Қолымызда Алланың кітабы бар, бізге сол жетеді», – дейді. Автор мұны сахабаның өз ижтиһады деп түсіндіреді. Сол жерде болған Ибн Аббас кейін Алла елшісінің айтқанын жазуға кедергі болғанына қатты қынжылған189.

Автордың баяндауынша, Ибн Аббас осы оқиғаны есіне алған сайын қынжылса да, Омарға (р.а.) деген құрметі кемімеген. Қай жерде құтба оқитынын естісе, Мекке мен Басраны да алыссынбай, тыңдауға баратын. Автор Алла елшісінің (с.а.с.) әлгі өтінішін қайта айтпағанына назар аударып, осы оқиғадан кейін Омарға ешкім кек сақтамаған деп пайымдайды. Пайғамбардың жазып қалдырмақ болғаны келесі халифа жайында ма, әлде басқа мәселе ме, ол жағы белгісіз. Автордың жеткізуінше, Пайғамбардан кейін Әбу Бәкірге бір адамнан басқасы, ал Омарға алғашында қарсылық білдіргендер де кейін ант беріп, билігін мойындаған. Әзірет Осман мен Әлидің (р.а.) тұсында ел ішінде алауыздық басталды.

Әлде Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Һурайраның «Алла елшісінен екі ыдыс толы ілім жаттадым. Бірін тараттым, ал екіншісін таратсам, тамағымды кесер еді»190 деген сөзінде меңзеген ілімді жазып қалдырмақ болды ма? Әлде Хузайфаға (р.а.) оңаша айтқан сырларын жеткізбек болды ма? Не жазбақ болғаны белгісіз. Бұл оқиғада назар аударатын жайт – хадистердің Пайғамбар дәуірінде хатқа түскені және оларды Алла елшісінің (с.а.с.) өзі де жаздырғаны.

Абдулла ибн Амр ибн әл-Астан басқа сахабалар да Алла елшісінің (с.а.с.) кей хадистерін жазып алған. Мысалы, әзірет Әли (р.а.) жарақат үшін төленетін құн, Мәдинаның қасиетті аймақ ретіндегі мәртебесі және мұсылманның мұсылман еместі өлтіргені үшін қысасқа тартылмауы сияқты үкімдер жазылған парақты өзімен бірге алып жүрген. Жанындағылар: «Қолыңыздағы Пайғамбардың сізге ғана айтқан сөздері ме?» – деп сұрағанда, ол: «Жоқ, жалпыға ортақ үкімдердің бір бөлігі», – деп, парақтағы мәселелерді атап берген191. Жайылымдағы малдың зекетіне қатысты жазылған құжатты Алла елшісі (с.а.с.) қылышының қасында сақтаған. Кейін осы құжаттағы үкімдерді Әбу Бәкір мен Омар (р.а.) қолданған192. Ибн Сағд «Табақат» еңбегінде Ибн Аббас (р.а.) дүние салғанда артында Алла елшісі (с.а.с.) мен сахабалардан естігендерін жинаған бір түйеге жүк боларлық жазба қалғанын айтады193.

Ибн Хишамның баяндауынша, Пайғамбарымыз (с.а.с.) Мәдинаға келгенде яһудилермен келісім жасасқан. Кей зерттеушілер Ислам тарихындағы тұңғыш конституция деп атайтын бұл келісім жазбаға түскен. Құжат: «Бұл – Мұхаммед пайғамбардың құрайыш пен Ясрибтің мүміндері мен мұсылмандары194, сондай-ақ оларға ерген, қосылған және олармен бірге шайқасқан адамдар арасында жаздырған құжаты»195, – деп басталады.

Жоғарыда айтылғандай, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Амр ибн Хазмға жіберген құн мен қысас туралы құжаты196 оның ұрпағы Әбу Бәкір ибн Мұхаммедке жеткен. Ал Алла елшісінің азат еткен құлы Әбу Рафиғ арқылы сақталған құжаттар табиғин дәуірінде Әбу Бәкір ибн Абдуррахман ибн Хариске өткен197. Өз дәуірінің көрнекті фақиһы оларды қолына түскен ең бағалы олжа деп білген.

Алла елшісі (с.а.с.) дәуірінде кей хадистер Құран аяттары сияқты ағаш қабығына, сүйекке және теріге жазылған. Бұл жазбалар табиғиндер мен тәбә-табиғиндерге жетті. Олар қолдарына түскен құжаттарды мұқият сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізді. Табиғин ғалымы Мұжаһид ибн Жәбір Абдулла ибн Амр ибн әл-Астың Пайғамбардан тікелей естіген хадистері жинақталған «Әс-сахифатус-садиқа» жазбасын көрген. Мұжаһид: «Жинақтың Абдулла ибн Амрдың алдында жатқанын өз көзіммен көрдім. Қолыма алмақ едім, рұқсат етпеді»198, – дейді. Ибн әл-Әсирдің мәліметінше, жазбада мыңға жуық хадис болған199. Олардың бір бөлігі «Амр ибн Шуғайб әкесінен, әкесі атасынан» деген жеткізу тізбегімен жинақтарға енген200. Автор мұны кей ғалымдар «алтын тізбек» атаған Зәйнәл Абидиннің әкесі Хусайннан, Хусайнның әкесі Әли ибн Әбу Талибтен жеткізу үлгісімен салыстырады. Автордың есебінше, осы тізбек арқылы бес жүзге жуық хадис жеткен.

4. Хадистерді жинақтауға түрткі болған себептер

Хадистердің арнайы тапсырмамен жүйелі жинала бастауына бірнеше жағдай түрткі болды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) дүние салған соң оның қасында жүрген сахабалар әр тарапқа қоныс аударды. Олар дүниеден өтпей тұрып, өздері естіген хадистерді жинап, жазып алу маңызды міндетке айналды. Әзірет Осман шейіт болғаннан кейін саяси және сенімдік жіктелу күшейді. Сол аласапыранды пайдаланып, өз көзқарасын өткізу немесе билеушінің көңілінен шығу үшін «Пайғамбар айтты» деп жалған сөз таратқандар болды. Бұл құбылыс баяндалған еңбектерде харижилер, зындықтар, рауандилер, ризамия, Мұқаннаға ергендер, жәбәрия мен қадария сияқты ағымдар мен топтар аталады. Мұғауияны шектен тыс дәріптегендерге телінетін жалған сөздердің бірі мынадай: «Алланың уахиы көкте Жәбірейілге, жерде Мұхаммед (с.а.с.) пен Мұғауия ибн Әбу Суфиянға аманат етілген». Ибн әл-Жаузи келтірген хабарға қарағанда, Басра әміршісі Мұхаммед ибн Сүлеймен өлім жазасына кескен Абдулкәрим ибн Әбу әл-Аужа төрт мың хадис ойдан шығарғанын мойындаған. Ол сол жалған сөздермен адалды арам, арамды адал етіп көрсеткенін, ораза күні ауыз аштырып, ауыз ашатын күні ораза ұстатқанын айтқан. Халифа әл-Мәһдидің алдына әкелінген тағы бір зындық жұрт арасына тараған төрт жүз жалған хадис ойлап тапқанын мәлімдеген.201 Күнкөріс үшін жалған қисса айтқандар да, жұртты Құран оқуға не дін ұстануға ынталандыруды желеу етіп, хадис ойдан шығарғандар да кездескен. Соның салдарынан көбейген мәудуғ хадистерді202 сенімді хабарлардан ажырату қажет болды. Кей зерттеушілер олардың кең таралуын һижраның 41 жылымен, әділетті төрт халифа дәуірінен кейінгі кезеңмен байланыстырады. Субхи әс-Салих жалған хадистердің пайда болуын әзірет Әли ибн Әбу Талиб тұсындағы жіктелумен сабақтастырады.203 Хадисті жеке жинап, жазып алу ертерек басталған. Мысалы, Әбу Бәкірдің бес жүзге жуық хадис жинап, Пайғамбар айтпаған сөзді оған теліп қоюдан қауіптеніп, жазбасын жойғаны жайында бір хабар бар204. Әзірет Әлидің де қылышының қынында сақтаған жазбалары болғаны айтылады205. Жәбир, Әбу Мұса әл-Әшғари, Самура ибн Жундаб, Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас және өзге де сахабалардың қолжазбалары туралы деректер бар206. Алайда ресми әрі жүйелі жинақтау һижраның бірінші ғасырының соңы мен екінші ғасырының басында қолға алынды. Оған дейін хадистер көбіне ауызша тараған. Омар, Ибн Аббас, Әбу Мұса әл-Әшғари, Әбу Сағид әл-Худри, Зәйд ибн Сәбит секілді сахабалардың хадисті жаттап сақтауға басымдық бергені, ал табиғин ғалымдары Шағби мен Нәхаидың бастапқыда хадисті жазуды құптамағаны айтылады. Жазбаша және ауызша жеткен хадистер Омар ибн Абдулазиздің тұсында ресми түрде жинақтала бастады. Оның сүннетке құрметі және хадис жеткізушілерді зерттейтін ілімді жетік білуі бұл істі ілгерілетті. Йәмәмә шайқасында Құранды жатқа білген көп адам шейіт болғанда әзірет Омар (р.а.) оны бір жерге жинауды ұсынған еді. Автор Омар ибн Абдулазиздің хадисті жинақтау бастамасын сүннетті сақтауға бағытталған сондай маңызды қадам деп бағалайды.

Пайғамбардың (с.а.с.) «Жұрттың менен кейін сүннетіме енгізген бұрмалауларын түзейтіндер»207 туралы сүйіншісіне лайық деп танылған Омар ибн Абдулазизді көпшілік алғашқы мүжәддид208 деп санайды. Ол әмәуилер сарайында өсіп, тәпсір, хадис және нақду-рижал209 ілімдерін терең меңгерген. Екі жарым жыл халифа болғанда кең байтақ мұсылман өлкелерінде жаңару ісін жүргізді. Ел басқарудағы еңбектерімен қатар, оның атын әйгілеген қызметтің бірі – хадистерді ресми түрде жинатуы. Ол Алла елшісі (с.а.с.) құн мен қысас туралы жазба жіберген Амр ибн Хазмның немересі, Мәдина әкімі Әбу Бәкір ибн Мұхаммед ибн Амр ибн Хазмға хадистерді жинап, жазуды тапсырған210. Автордың баяндауынша, әкім бұл іске зерек табиғин Мұхаммед ибн Шиһаб әз-Зуһриді тартқан. Әз-Зуһри жұмысқа дереу кірісіп, хадистерді ресми түрде алғаш жинақтаған ғалым ретінде танылған. Әбу Бәкір ибн Хазм да жинақтауға тікелей атсалысқан. Алайда ол жинағанын жіберіп үлгермей, Омар ибн Абдулазиз дүние салған.

Омар ибн Абдулазиз бастаған ресми жинақтау ісі Мәдинамен шектелген жоқ. Меккеде Абдулмәлик ибн Абдулазиз ибн Журайж, Иракта Сағид ибн Әбу Аруба, Шамда әл-Әузағи, Мәдинада Мұхаммед ибн Абдуррахман, Куфада Заидә ибн Қудама мен Суфиян әс-Сәури, Басрада Хаммад ибн Сәләмә, Хорасанда Абдулла ибн Мүбәрак осы істі жалғастырды. Олар кейінгі ұрпаққа құнды хадис мұрасын қалдырды211.

5. Хадистерді жүйелеу және жинақ құрастыру

Хадистерді жинап алғаннан кейін оларды тақырыптарға қарай жүйелеп, кітап құрастыру ісі басталды. Хадис тарихындағы бұл кезең «тасниф» деп аталады. Һижраның екінші ғасырының алғашқы жартысында хадистерді тақырыптарға, тарауларға және жеткізуші сахабалардың есімдеріне қарай топтастыру кеңейді. Тақырып бойынша жүйеленген жинақтар «мусаннаф» деп аталды. Сахабалардың есіміне қарай реттелген жинақтар «мүснад» делінді. Мысалы, мүснадта Әбу Һурайрадан жеткен хадистер тақырыбына қарамастан бір жерге топтастырылады. Әбу Дәуіт әт-Таялиси, Мүсаддад ибн Мүсарһад, әл-Хумайди және Ахмад ибн Ханбал мүснадтар құрастырса, Абдурраззақ ибн Һаммам «Мусаннафын» жазды. Ибн Әбу Зиб пен Имам Мәликтің «Мууатта» еңбектері, Яхия ибн Сағид әл-Қаттан мен Яхия ибн Сағид әл-Ансаридың еңбектері де осы дәуірде жазылды. Бұл буын Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіт, Нәсәи мен Яхия ибн Мағин сияқты хадисшілердің ғылыми жолына негіз қалады. Кейін «Кутубу ситта» деп аталатын әйгілі алты хадис жинағы кең тарады. Көпшілік қабылдаған тізімге Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіт, Тирмизи, Нәсәи және Ибн Мәжаның жинақтары кіреді. Кей ғалымдар алтыншы кітап ретінде Ибн Мәжаның жинағының орнына Имам Мәликтің «Мууаттасын» атаған. Бұл жинақтарда діни үкімдер және Пайғамбар мен сахабалардың сол үкімдерді өмірде қалай қолданғаны баяндалады. Шариғат үкімдерін зерделеуде осы еңбектер негізгі дереккөздердің қатарында. Жинақтарды құрастырған ғалымдардың көбі бір дәуірде өмір сүрген. Бұхари мен Мүслим бір-бірін білген, Тирмизи Бұхариден дәріс алған. Нәсәи мен Әбу Дәуіт те замандас хадисшілер еді. Бұл ғалымдарды Пайғамбар дәуірінен үш-төрт ұрпақ бөліп тұрды. Сүннетті сахабалар, табиғиндер және тәбә-табиғиндер жаттап, жазып, кейінгі ұрпаққа жеткізді. Хадисшілер риуаяттарды мұқият тексеріп, жинақтарға енгізді.

Сахабалар сүннетті діни дереккөз, өмірлік бағдар және Құранды түсіндіретін тәпсір деп таныды. Табиғиндер мен тәбә-табиғиндер де сүннетті асқан ықыласпен сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізді.

«Кутуб ситта»

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистері арнайы кітаптарға жинақталды. Олардың бір бөлігі тақырыптар мен баптарға жіктеліп, мұсылман жұртшылығына Құранды тереңірек түсінуге, адасудан сақтануға көмектесті. Осы еңбектердің алтауы үмбетке кеңінен танылып, «Кутуб ситта» деген атқа ие болды. Бір хадис бірнеше жинақта кездеседі, кейде бір кітаптың өзінде әртүрлі бапта қайталанады. Осы қайталауларды ықшамдап, хадистерді бір кітапқа біріктіруді көздеген ғалымдар да болған. Соның бір үлгісі – Ибн Дәйбағтың «Тәйсирул-вусул илә жәмиғил-усул» атты еңбегі. Ол алты жинақтағы хадистерді үкімдері мен мазмұнын сақтай отырып ықшамдап ұсынады. «Кутуб ситта» дегенде Бұхари мен Мүслимнің «Сахих» жинақтары, Нәсәи, Әбу Дәуіт және Тирмизидің «Сүнән» еңбектері, алтыншы кітап ретінде имам Мәликтің «Муаттасы» немесе Ибн Мәжәнің «Сүнәні» аталып келген. Уақыт өте келе осы жинақтардың негізінде жасалған ықшам еңбектер де «Кутуб ситта» деген атпен тарады. Кейінгі ғалымдар Ибн Мәжәнің «Сүнәнінде» басқа бес жинақта кездеспейтін хадистердің көп екенін ескеріп, оны алтыншы кітап ретінде қабылдаған. Ибн Дәйбағ негізге алған алты кітаптың қатарында «Муатта» бар. Ықшам еңбектің түрікше түсіндірмелі нұсқасына Ибн Мәжәнің «Сүнәніндегі» хадистер де қосылған. Осылайша қолдағы еңбек жеті хадис жинағының материалын қамтыды.

Араб тіліндегі «кутуб» сөзі «кітаптар», «ситта» сөзі «алты» дегенді білдіреді. Демек, «Кутуб ситта» тіркесінің мағынасы – «алты кітап». Хадистер тақырыпқа қарай жүйеленген тасниф дәуірінің таңдаулы еңбектері саналатын бұл алты кітапқа Бұхари мен Мүслимнің «Жамиғ» жинақтары және Әбу Дәуіт, Тирмизи, Нәсәи мен Ибн Мәжәнің «Сүнән» еңбектері жатады.

«Кутуб ситта» – әйгілі алты хадис жинағының ортақ атауы. Олардың беделі жазылу мақсатымен тығыз байланысты. Авторлар өздеріне жеткен риуаяттардың сахихтығын басты өлшем етіп, кейінгіге сүбелі еңбек қалдыруды мұрат тұтқан. Кейінгі ислам ғалымдары діни және дүниелік мәселелердің шешімін іздегенде, Құран Кәрімді түсіндіруде, мінез-құлық пен әдеп мәселелерін талдағанда осы жинақтарға жүгінді. Бұл кітаптар хадис жеткізушілердің кім екенін анықтауға, сирек қолданылатын ғариб сөздердің мағынасын ашуға және хадистерді көпшілікке түсінікті етіп түсіндіруге негіз болды. Жинақтардың әрқайсысына жеке тоқталмас бұрын, ортақ сипаттарын атап өтейік.

1. Бұл кітаптардың хадис іліміндегі сенімділік дәрежесі әртүрлі. Оларға тұтас алғанда «сахих» деген сипат берілгенімен, осы тұрғыдан Бұхаридің жинағы бірінші, ал Ибн Мәжәнің «Сүнәні» соңғы орында тұрады.

2. Бір жинақтағы хадистердің де сенімділік дәрежесі әркелкі. Кітапты «сахих» деп атағанда, ондағы риуаяттардың басым бөлігіне тән сипат ескеріледі. Мәселен, Бұхари жинағындағы кей хадистердің сенімділік дәрежесі басқаларынан жоғары.

3. Сенімділігі ең жоғары хадистер бірнеше жинақта кездеседі. Бұхари жинағының жоғары, Ибн Мәжә жинағының төменірек бағалануы кітаптарға тұтас берілген бағаны білдіреді. Ибн Мәжәда сенімділігі жағынан Бұхаридегі таңдаулы хадистермен тең риуаяттар бар. Сол сияқты Бұхаридегі кейбір хадистер сенімділігі жағынан Ибн Мәжәнің кейбір риуаяттарынан төмен тұрады.

4. Бір хадис бір жинақтың бірнеше бабында немесе алты кітаптың бірнешеуінде, тіпті бәрінде қайталануы мүмкін. Мәселен, Бұхари бір хадистен бірнеше фиқһ үкімі шықса, оны сол үкімдерге қатысты баптардың әрқайсысында келтіреді. Бір мәтіннің бірнеше жинақта ұшырасуы да жиі кездеседі.

5. «Кутуб ситта» авторлары хадистің сахихтығын тексеруде ортақ қағидаларды ұстанған. Сонымен бірге әрқайсысы өз шарттарын қойған. Бұхари хадиске қатаң талап қойғандықтан, оның жинағы Құраннан кейінгі ең сенімді кітап саналады.

6. «Кутуб ситтадағы» хадистер тақырыпқа қарай жүйеленген. Намазға, оразаға қатысты риуаяттар өз тақырыбының аясында топтастырылған. Жинақтардың ішкі құрылымында да айырмашылық бар. Мүслим бір хадистің әртүрлі жолмен жеткен нұсқаларын бір жерге жинаса, Бұхари одан шығатын фиқһ үкімдеріне қарай әр бапта сол хадистің өзге нұсқасын келтіреді.

7. Бұхари, Мүслим және өзге де мұхаддистер өз жинақтарына енбеген хадистерді сахих емес деп мәлімдемеген.

8. Тек сахих хадистерді қамтитын дербес кітапты алғаш құрастырған – Бұхари. Кейінгі мұхаддистер сол бастаған жолды жалғастырды.

Кітаптың құрылымы

«Кутуб ситтаны» құрайтын кітаптар бірнеше томнан тұратын көлемді жинақтар. Ибраһим Жанан негізге алған басылымдарда Бұхари – 9 том, Мүслим – 4 том, Нәсәи – 8 том, Тирмизи – 10 том, Әбу Дәуіт – 5 том, Ибн Мәжә – 2 том. Бір хадис бірнеше бөлімде қайталанса, кей хадис осы алты кітаптың бірінде ғана кездеседі. Оқырманға ыңғайлы болу үшін ғалымдар қайталауларды қысқартып, осы жинақтардың негізінде ықшам еңбектер құрастырған. Олардың бірі – біз негізге алған «Тәйсирул-вусул». Ибраһим Жанан еңбегінің кіріспесінде алты кітаптағы 32 632 хадистің қайталанғандары қысқартылып, «Тәйсирул-вусулда» 10 490 хадис қалғаны көрсетілген. Қолыңыздағы еңбек те осы дәстүрмен жазылды. Ол оқырманға алты жинақтың мазмұнымен ықшам түрде танысуға мүмкіндік береді.

Хадистерді түсіндірмесімен бірге оқу маңызды. Мысалы, Құран аяттары секілді хадистерде де насих пен мансұх мәселесі бар. Кей хадистің мәтіні сақталғанымен, ондағы үкімнің күші жойылған. Мұны ескермей, хадиске сай амал етемін деген адам қателесуі мүмкін. Фиқһқа қатысты бір хадисті зерделеу үшін де бірнеше ілімді меңгеру қажет. Сондықтан ғалымдар хадистің қандай жағдайда, кімге, не үшін айтылғанын және одан шығатын үкімнің қай кезде, қай жерде қолданылатынын талдап, шархтар, яғни түсіндірмелер жазған. Біз де осы еңбекте хадистерді түсіндірмесімен бірге беруге тырыстық. Негізге алынған еңбектердің бірі – Ибн Дәйбағ әш-Шәйбәни әз-Зубайди деген атпен танылған Абдуррахман ибн Әлидің «Тәйсирул-вусул илә жәмиғил-усул мин хадисир-расул» кітабы. Онда алты жинақтағы хадистер тақырыпқа қарай топтастырылып, мазмұны қайталанатын риуаяттар ықшамдалған. Мұндай жүйе алты жинақты түгел оқуға мүмкіндігі шектеулі оқырманға дін ілімінің қайнарымен танысуды жеңілдетеді.

Бұған қоса, алты жинаққа жазылған түсіндірмелерден әр тақырыпқа қатысты маңызды тұстарды іріктеп алдық. Солардың бірі – Бәдруддин әл-Айнидің имам Бұхаридің жинағына жазған 25 томдық «Умдатул-Қари шарху Сахихил-Бұхари» еңбегі. Ханафи мәзһабы негізінде жазылған бұл шарх ислам әлеміндегі құнды еңбектердің қатарында. Ахмет Дәуітоғлының «Сахих Мүслимге» жазған түсіндірмесін де пайдаландық. Ол еңбегін жазғанда үнді ғұламасы Шәббир Ахмад әл-Османидің «Фатхул-Мулһим» шархына және Мүслим жинағының өзге түсіндірмелеріне сүйенген. Осындай еңбектерден іріктелген түсініктемелерді шамамыз жеткенше төл тілімізде ұсындық.

Хадистің кімнен жеткенін және оны жеткізушілердің кім екенін білу риуаятты тереңірек ұғуға көмектеседі. Хадис ілімінде рауилерді зерттейтін сала «илм әр-рижал» деп аталады. «Кутуб ситтаның» беделін арттырған басты себептердің бірі – хадисті жеткізген рауилердің сенімділігі. «Пайғамбар айтты» немесе «сахаба былай деді» деген хабардың сенімділік дәрежесін анықтағанда, оны жеткізген кісілердің жайы зерделенеді.

«Кутуб ситтадағы» хадистер саны

«Кутуб ситтадағы» хадистердің санын дәл анықтау қиын. Әуелі әр кітаптың ішіндегі, содан соң алты жинаққа ортақ қайталауларды ескеру керек. Мәтіні бірдей немесе мағынасы өте жақын хадистер әртүрлі сәнәдпен, яғни әртүрлі рауилер тізбегі арқылы жетсе, жеке-жеке саналады. Кей риуаят бір сахабадан жеткенімен, одан кейінгі жеткізушілері бөлек болуы мүмкін. Әдетте мұндай нұсқалар да дербес есептеледі. Сондықтан сәнәді бойынша санаумен бірге риуаяттардың мазмұнын да салыстыру қажет. Шамасын аңғару үшін ғалымдар ұсынған бір есепті келтірейік.

Бұхари – 9 082 хадис (қайталауларымен бірге).

Мүслим – 7 275 хадис (қайталауларымен бірге).

Нәсәи – 5 724 хадис (қайталауларымен бірге).

Әбу Дәуіт – 5 274 хадис (қайталауларымен бірге).

Тирмизи – 3 951 хадис (қайталауларымен бірге).

Ибн Мәжә – 4 341 хадис (қайталауларымен бірге).

Осы есеп бойынша алты кітапта қайталауларымен бірге 35 647 хадис бар.

Кейбір ғалымдар «Кутуб ситтаның» қатарына имам Мәликтің «Муатта» жинағын да қосады. Мұхаммед Фуад Абдулбақи әзірлеген басылымда 1 826 хадис берілген.

Ибраһим Жанан «Хадистер саны» бөлімінде алтыншы кітап ретінде «Муатта» алынған алты жинақтың ықшам нұсқасы – «Тәйсирул-вусулда» 5 988 хадис бар деп көрсетеді. Ибн Дәйбағ өз еңбегіне «Кутуб ситтада» кездеспейтін кейбір хадистерді де қосқан. Оның үстіне мазмұны бір-біріне жақын риуаяттардың қайсысын дербес санау керегі де әр есепте әрқалай шешіледі. Осы себепті «Кутуб ситтадағы» хадистердің жалпы санын шамалап қана айта аламыз.

«Кутуб ситтаның» хадис қабылдаудағы шарттары

«Кутуб ситта» авторларының хадис қабылдау шарттарын білу хадис ілімі үшін маңызды. Олардың ортақ ұстанымдарын бірнеше тармаққа сыйғызу қиын. Мұның екі себебі бар.

Мұхаммед ибн Таһир әл-Мақдисидің айтуынша, алты имамның ешқайсысы өз жинағына хадистерді қандай шартпен енгізгенін түгел тізіп жазбаған. Кейбірі жекелеген талаптарын айтқанымен, оларды барлық авторға ортақ деуге келмейді. Ортақ қағидаларымен бірге әр имамның өз көзқарасы мен шарттары болған. Сондықтан зерттеуші ғалымдар жинақтардың өзін зерделеп, хадис жеткізген рауилердің жайы мен бойындағы сипаттарына қарап, авторлардың талаптарын анықтауға ұмтылған. Бірқатар ғалым бұл мәселеге жеке еңбек арнаса, өзгелері хадис іліміне арналған еңбектерінде арнайы бөлім берген. Осы тақырыпқа арналған дербес еңбектердің бірқатары төменде берілді.

1. Ибн Мәндә деген атпен танылған хафыз Әбу Абдулла Мұхаммед ибн Исқақтың (395/1004 ж. қайтыс болған) «Шурутул-әиммә фил-қираати уәс-сәмәғи уәл-мунәуәләти уәл-ижаза» еңбегі.

2. Хафыз Мұхаммед ибн Таһир әл-Мақдисидің (507/1113 ж. қайтыс болған) «Шурутул-әимматис-ситта» еңбегі.

3. Хафыз Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Мұса әл-Хазимидің (584/1188 ж. қайтыс болған) «Шурутул-әимматил-хамса» еңбегі.

Сахих хадистің ортақ шарттары

«Кутуб ситта» имамдарының хадис қабылдаудағы өзіндік ұстанымдарына тоқталмас бұрын бәріне ортақ шарттарды қарастырайық. Хадис ғалымдары риуаятты сахих деп танудың негізгі шарттарын айқындаған. «Кутуб ситта» авторлары да сол шарттарды басшылыққа алған.

1. Хадис жеткізуші, яғни рауи, мұсылман болуы керек. Мұсылман еместің риуаяты қабылданбайды.

2. Рауидің ақыл-есі дұрыс болуы шарт. Айтылғанды ұғып, ажырата алатын жасқа жетпеген баланың және ақыл-есі бұзылған адамның риуаяты қабылданбайды.

3. Рауи шыншыл болуы керек. Ел арасында өтірікші атанған адамның риуаяты қабылданбайды.

4. Рауи хадис жеткізуші ретінде танылған болуы шарт. Ол үшін одан кемінде екі адам хадис алуы немесе оның жағдайы жарх-тағдил, яғни рауидің кемшілігі мен сенімділігін зерттейтін ілім тұрғысынан белгілі болуы керек.

5. Рауи мудаллис болмауы керек. Ол хадисті өзіне қалай жетсе, солай жеткізіп, сәнәдіндегі немесе мәтініндегі қандай да бір кемшілікті жасырмауы шарт. Кемшілігі жасырылған мұндай риуаят сахих саналмайды.

6. Рауидің діндар болуы талап етіледі. Парыздарды орындамайтын, харам істерге баратын пасық адамның хадисі қабылданбайды.

7. Рауидің ақидасы дұрыс болуы керек. Сенімі күпірлікке соқтырады деп танылған адамдардан хадис алынбайды. Әһл-бидғат қатарына жатқызылған шиғаның кейбір өкілдерінен хадис алынғанымен, осындай сенімге түскендерінің риуаяты қабылданбайды.

8. Рауидің мүрүуәті де ескеріледі. Рауилерді зерттейтін «илмур-рижал» ілімінде бұл ұғым адамгершілікті, көркем мінезді, әдеп пен ел арасындағы игі ғұрыптарды сақтауды қамтиды. Мүрүуәті кем рауидің хадисі сахих деп танылмайды.

9. Рауидің дабты толық болуы шарт. Ол жаттағанын да, жазып алғанын да мұқият сақтап, риуаятты дәл жеткізуге тиіс.

Хадис ілімінде 1, 3, 4, 5, 6, 7 және 8-тармақтарда аталған қасиеттер «адалатур-рауи» ұғымына біріктіріледі. «Рауидің адалаты болуы керек» дегенде осы қасиеттер меңзеледі. Жоғарыда аталған шарттар рауидің бойынан талап етіледі. Ғалымдардың көпшілігі оларды ортақ шарт ретінде қабылдаған. Кейбір егжей-тегжейінде айырмашылық бар.

10. Иттисал, яғни сәнәдтің үзілмеуі, хадистің сахих болуының маңызды шарттарының бірі. Алла елшісіне дейін жалғасқан тізбекте әр рауи хадисті өзінен бұрынғы рауиден тікелей алған болуы керек.

11. Хадис басқа хадистің немесе аяттың үкіміне қайшы келмеуі керек. Қайшылығы бар риуаяттар сипатына қарай «шәзз» немесе «мүнкәр» деп аталады.

12. Соңғы ортақ шарт бойынша хадис муғаллал болмауы керек. Муғаллал деп хадис ілімін терең меңгерген маман ғана аңғара алатын жасырын кемшілігі бар риуаятты айтады.

Ғалымдар хадисті сахих деп тану үшін осы шарттарды негізге алған. Шарттардың бірі орындалмаса, хадис сахих саналмайды.

Ғалымдар ортақ шарттарды қалай түсіну және оларды нақты риуаятқа қалай қолдану керегі жөнінде әртүрлі ұстанымда болған. Айырмашылықтың бірі сәнәдтің үзілмеуіне, яғни иттисалға, қатысты. Бұхари бұл мәселеде қатаң талап қойған. Оның ұстанымы бойынша рауидің өзі хадис алған ұстазымен жүзбе-жүз кездескені анық болуы керек. Бұл талап рауидің жеке қасиеттерінен бөлек, оның ұстазымен араласуына қатысты. Рауидің жеке қасиеттері талапқа сай болса да, ұстазымен байланысы дәлелденбесе, Бұхари мұндай риуаятты сахих деп қабылдамаған.

Рауилердің буындары (табақалары)

Хазими хадис жинақтарының арасындағы айырмашылықты көрсету үшін рауилерді жоғарыда аталған шарттарға қаншалық сай келетініне қарай жіктеген. Оның жіктеуінде рауилер бес буынға бөлінеді. Риуаяттарының сенімділік дәрежесі де осыған қарай айқындалады.

Алғашқы буын. Бұл буындағы рауилер адалат212 пен дабт213 жағынан барлық шартқа толық сай келген. Олар хадис алған ұстазымен ұзақ уақыт араласып, оның риуаяттарын жете білген. Бұлар ең сенімді рауилер саналады. Бұхари тиісті бапқа негіз болатын хадистерді осы дәрежедегі рауилерден алған.

Екінші буын. Бұл рауилер адалат пен дабт жағынан алғашқы буынға тең. Ұстазымен аз араласқандықтан, оның риуаяттарын алғашқы буындағыдай жете білмеген. Мүслим мұндай рауилердің хадисін бапқа негіз етіп алуға жеткілікті санаған, ал Бұхари оларды негізге алмаған. Мүслим сенімді екі рауи замандас болып, жүздесуге мүмкіндігі болса, жүздескені жөнінде анық хабар жетпеген жағдайда да олардың арасындағы риуаятты үзілмеген деп қабылдаған.

Үшінші буын. Бұлар ұстазымен ұзақ уақыт араласып, оның риуаяттарын жете білгенімен, адалат пен дабт жағынан кемшілігі бар рауилер. Олардың риуаятын бірқатар ғалым қабылдаса, енді біреулері қабылдамаған. Хадис ілімінде осындай пікір қайшылығы туған рауи «мұхталафун фиһ» деп аталады. Хазимидің жіктеуінше, Әбу Дәуіт пен Нәсәи осы сипаттағы рауилердің риуаяттарын сахих ретінде қабылдаған.

Төртінші буын. Бұлардың үшінші буын өкілдеріне тән кемшілігі бар әрі өзіне хадис жеткізген ұстазымен аз араласқан. Хазими Тирмизи осындай рауилердің хадистерін де кітабына енгізгенін айтады. Тирмизи оларды бір баптағы дәрежелес немесе сенімдірек хадистердің қуаттауына және басқа да шарттарға сүйеніп алған.

Бесінші буын. Бұл топқа әлсіз әрі жайы белгісіз, яғни мәжһул рауилер кіреді. Әбу Дәуіт пен одан кейінгі ғалымдардың шарттарын ұстанған адам фиқһ мәселелерінде осы буынның хадисін мазмұны ұқсас басқа әлсіз риуаятты қуаттау үшін келтіре алған. Бұхари мен Мүслимнің шарттарын ұстанғандар бұлай етпеген. Дегенмен белгілі себептермен Бұхари екінші, Мүслим үшінші, ал Әбу Дәуіт төртінші буын өкілдерінің кейбірінен хадис алған.

Бұл жіктеуде Ибн Мәжә аталмайды. Өйткені Хазими мұнда «Кутуб ситтадағы» алты еңбектің орнына «Кутубул-хамса» деп аталатын бес кітапты қарастырған. Оның пікірінше, ең қатаң талапты Бұхари мен Мүслим қойған. Қалған авторлардың шарттары өзара жақын. Хазими бұл жөнінде «Әбу Дәуіт пен одан кейінгі ғалымдардың шарттары бір-біріне жақын. Біреуінің сөзін келтірумен шектелеміз, қалғандарының ұстанымы да соған ұқсас», – дейді.

«Сахихайннан» тыс сахих хадистер

Бұл мәселе бүгін де өзекті. Кейбіреулер Исламның жекелеген мәселелерін жоққа шығару үшін «Бұл Бұхари мен Мүслимде келмеген» деген уәж айтады. Ғалымдар сахих хадистер осы екі жинақпен шектеледі деген тұжырым жасамаған. Жеткен дерек бойынша, Бұхари жүз мың сахих хадисті және сахих саналмаған екі жүз мың хадисті жатқа білген. Ибн Хажар мен Суютидің жазуынша, ол «Әл-Жәмиғус-Сахихқа» сахих риуаяттарды ғана алғанын, кітап тым көлемді болып кетпес үшін одан да көп сахих хадисті енгізбегенін айтқан. Имам Мүслим де «Өзім сахих деп таныған хадистердің бәрін бұл кітапқа енгізбедім. Сахихтығы жөнінде келісім болғандарын ғана алдым», – деген. Кәусари оның сөзіндегі келісімді Мүслимнің ұстаздары арасындағы келісім деп түсіндірген. Демек, Мүслимнің өзі сахих деп таныған көптеген хадис те жинаққа енбеген.

«Сунәнул-арбағаның» хадис қабылдау шарттары

«Сунәнул-арбаға» атауы «төрт сүнән» дегенді білдіреді. Оған «Кутуб ситтадағы» Бұхари мен Мүслимнен өзге төрт жинақ жатады. Олардың авторлары да сахих хадистерді жинауға ұмтылғанымен, хадис қабылдау талаптары «Сахихайндағыдай» қатаң болмаған. Хазими мен Мақдиси бұл төрт жинақтың шарттары өзара жақын екенін атап өтеді. Олардың арасындағы айырмашылық Хазимидің жоғарыда келтірілген жіктеуінен көрінеді. Кей риуаяттардағы әлсіздік мұтабағат арқылы, яғни мағынасы бірдей немесе жақын бірнеше риуаяттың қолдауымен өтелген. Мұндағы «әлсіздік» үкімі рауилерге және риуаяттың жеткізілу жолына қатысты. Мақдиси бұл төрт жинақтағы хадистерді үш топқа бөледі.

Бірінші топ. Бұған «Сахихайндағы» талаптарға сай сахих хадистер жатады. Төрт жинақтағы мұндай риуаяттардың көбі Бұхари мен Мүслимнің еңбектерінде де кездеседі. Сондықтан «Сахихайндағы» риуаяттарға қатысты айтылған пайымдар осы топқа да қолданылады.

Екінші топ. Бұл хадистер «Сахихайнның» шарттарына сәйкес келмесе де, жинақ авторларының өз өлшемдері бойынша сахих саналады. Бұл риуаяттар Бұхари мен Мүслимнің еңбектеріне енбеген сахих хадистердің қатарына жатады. Екі ғалым да жинақтарына кірмей қалған сахих хадистер бар екенін айтқан. Ибн Мәнда Әбу Дәуіт пен Нәсәидің ұстанымын былай түйіндейді. Хадистің сәнәді үзілмеуі шарт. Оны жеткізген рауидің риуаятын қабылдамау жөнінде ғалымдар бірауыздан келіспеген болуы керек.

Үшінші топ. Бұған белгілі бір мәселедегі сахих хадистерге қайшы келетін әлсіз риуаяттар жатады. Жинақ авторлары оларға кесімді түрде «сахих» деген үкім бермей, әлсіз тұстарын маман түсінетін тілмен көрсеткен. «Әлсіз екенін біле тұра оларды кітапқа неге енгізген?» деген сұрақ тууы мүмкін. Бұл ұстаным ғылыми бейтараптықтан туындаған. Аталған хадистер бұрыннан риуаят етілген, оларға сүйеніп амал еткендер де болған. Жинақ иелері өз шарттарына сай келмеген риуаяттарды әлсіз деп таныған. Өздері сахих санаған риуаяттарға берген үкім де иақини214 дәрежеге жетпейтін занни215 үкім еді. Сондықтан олар бір бапқа қатысты түрлі риуаяттарды келтіріп, әлсіз деп танығандарының кемшілігін көрсеткен. Бір-біріне қайшы риуаяттардың «Сунәнул-арбағаға» ену себебі осы.

Тирмизи кітабына «мағмулун биһи», яғни фақиһтер амал еткен хадистерді жинағанын айтады. Бұл ұстаным рауиін тәрк етуге ғалымдар бірауыздан келіспеген хадистерді алу қағидасына жақын. Тирмизидің өз айтуынша, екі риуаяттан басқасына фақиһтер пәтуа беріп, іс жүзінде сүйенген. Мақдиси осы ерекшелікті ескеріп, Тирмизи жинағындағы хадистерді жіктегенде жоғарыдағы үш топқа «Кейбір фақиһтер амал еткендіктен алынған хадистер» деген төртінші топты қосқан.

Бұл шарттың аясы кең болғандықтан, оған әлсіздігі елеулі хадистер де кіре алады. Тирмизи хадистерден кейін олардың дәрежесі жөнінде мәлімет беріп, осы мәселені түсіндіріп отырған.

Мақдиси Ибн Мәжәнің жинағына бөлек тоқталмаған, оны төрт сүнән туралы ортақ сипаттаманың аясында қарастырған. Бұл жинақтың көзге түсетін ерекшелігі – өте әлсіз деп танылған рауилердің өздері ғана жеткізген хадистерін де келтіріп, олар жөнінде түсіндірме бермеуі.

«Кутуб ситта» авторларының өмірбаяндары

Жоғарыда «Кутуб ситта» авторларының хадис қабылдаудағы ортақ талаптары мен өзіндік ұстанымдары қысқаша қарастырылды. Енді олардың өмірбаяндары мен еңбектеріне тоқталамыз.

Имам Бұхари

«Бұхари» атауы мәнмәтінге қарай ғалымның өзін де, оның әйгілі «Әл-Жамиғус-сахих» жинағын да білдіреді. Имам Бұхаридің кунясы – Әбу Абдулла. Толық аты-жөні – Мұхаммед ибн Исмайыл ибн Ибраһим ибн Муғира ибн Бәрдизба әл-Жуғфи әл-Бұхари. Ислам әлемінде ол шейхул-ислам, имамул-хуффаз деген құрметті атақтармен де белгілі. Бұхарада дүниеге келіп, һижра жыл санауы бойынша 194–256 жылдары өмір сүрген. Бала кезінде әкесінен айырылған Бұхари анасының қамқорлығында өсті. Он жас шамасында хадис жаттауға ден қойып, көп ұзамай ғалымдардың дәрісіне қатыса бастады. Жас шағында жетпіс мыңдай хадисті жатқа білгені айтылады. Әуелде Ибн әл-Мүбәрактың еңбектерін жаттап, Бұхарада Мұхаммед ибн Сәләм әл-Байқанди, Абдулла ибн Мұхаммед әл-Муснади және Мұхаммед ибн Юсуф әл-Байқанди секілді ұстаздардан хадис үйренді. Анасымен және ағасымен бірге қажылыққа барды. Олар елге қайтқанда, Бұхари хадис үйрену үшін Меккеде қалды. Кейін ілім іздеп түрлі өңірді аралады. Бәлхта Мәкки ибн Ибраһимнен, Бағдатта Аффаннан, Меккеде әл-Муқриден, Басрада Әбу Асым мен әл-Ансариден, Куфада Убайдулла ибн Мұсадан, Шамда Әбул-Муғира мен әл-Фирябиден, Асқаланда Адам атты ғалымнан тәлім алғаны айтылады. Абдурраззақтан ілім алу үшін Йеменге бармақ болып жүргенде, оның дүние салғанын естиді. Имам Зәһәби Бұхаридің бозбала шағында-ақ еңбек жазып, хадис жеткізе бастағанын айтады. Бұхари еңбек жазумен қатар ұстаздарынан ілім алуды жалғастырды. «Кісі өзінен үлкендерден, құрдастарынан және жасы кішілерден ілім алмайынша кемелдікке жете алмайды», – деген Бұхари 1080 адамнан хадис алғанын айтқан.

Бұхариден хадис алғандар

Бұхари жас күнінде-ақ әйгілі ғалым атанды. Одан хадис алғандардың арасында Имам Мүслим, Имам Тирмизи, Мұхаммед ибн Наср әл-Мәруази, Салих ибн Мұхаммед, Ибн Хузайма, Әбу Қурайш Мұхаммед ибн Жұма, Яхия ибн Мұхаммед ибн Сағид, Ибн Әбу Дәуіт, Әбу Абдулла Мұхаммед ибн Юсуф әл-Фирәбри, Әбу Хамид ибн әш-Шарқи, Мансур ибн Мұхаммед әл-Бәздәуи, Әбу Абдулла әл-Махамили сынды ғұламалар бар. Бұхари замандастарына хадис жеткізді әрі жинақ құрастыру әдісін үйретті. Ол сахих хадистерді жеке кітапқа топтастырып, тақырыптар мен баптарға жүйелеп жазған алғашқы ғалымдардың бірі еді. Мүслим бастаған мұхаддистер де осы жолмен өз жинақтарын құрастырды.

Фиқыһтағы орны

Имам Бұхари хадис ілімімен қатар фиқыһты да терең меңгерді. Кей ғалымдар оны өз бетінше үкім шығара алатын «мұтлақ мүжтәһид» дәрежесіне жатқызады. Бұхаридің осы қыры «Әл-Жамиғус-сахихта» айқын көрінеді. Ол жинағына сахих хадистерді іріктеп алып, фиқыһ мәселелерінің дәлелдерін де сол хадистер арқылы көрсетуді көздеді. Өзі былай деген: «Адамға қажет нәрсенің бәрі Құран мен сүннеттен табылады». Оның фиқыһтағы біліміне замандастары да тәнті болған. Нуғайм ибн Хаммад әл-Хузағи: «Мұхаммед ибн Исмайыл – осы үмбеттің фақиһы», – деген. Бундар атымен танылған Мұхаммед ибн Бәшшар оны өз заманының ең білгір фақиһы деп бағалаған. Дәрими Харамайн, Хижаз, Шам мен Иракта көптеген ғалыммен кездескенін айтып, Мұхаммед ибн Исмайылдай жан-жақты білім иесін көрмегенін жеткізеді. Оның бағалауынша, Бұхари ілімінің кеңдігімен, фиқыһты терең білуімен және білімге құштарлығымен дараланған.

Зеректігі мен жаттау қабілеті

Имам Зәһәби Бұхариді зеректігімен, білімге құштарлығымен, тақуалығымен және құлшылығымен замандастарынан озған ғұлама ретінде сипаттайды. Бұхаридің бір оқығанын не бір естігенін есте сақтайтын қабілеті жастайынан-ақ жұртты таңдандырған. Оның хатшысы Мұхаммед ибн Әбу Хатим Хашид ибн Исмайыл мен тағы бір кісіден мына оқиғаны естіген. «Бұхари жас күнінде бізбен бірге Басра ғалымдарының хадис дәрістеріне қатысатын. Біз естігенімізді жазып алатынбыз, ал ол тыңдап отыратын. “Неге жазбайсың?” – деп қайта-қайта сұрағанымызда: “Жазғандарыңды көрсетіңдерші”, – деді. Жазбаларымызда он бес мыңнан астам хадис бар еді. Ол бәрін мүдірмей жатқа айтып шықты. Біз жазбаларымызды оның жатқа айтқанына қарап тексердік. Сонда ол: “Дәріске босқа келіп, уақытымды зая өткізіп жүр деп ойлайсыңдар ма?” – деді. Оның ілімде алдына жан салмайтынын сонда ұқтық».

Бұхари есте сақтау қабілетін күшейту үшін «бәләзур» атты өсімдікті ішіпті деген сөз тараған. Мұны естіген Мұхаммед ибн Әбу Хатим одан: «Есте сақтауды жақсартатын дәрі бар ма?» – деп сұрайды. Бұхари: «Білмеймін», – дейді. Артынша: «Есте сақтау үшін ілімге құштарлық пен оқығанды үнемі зерделеуден пайдалы нәрсе білмеймін», – деп жауап береді.

Бұхаридің зеректігін көрсететін тағы бір оқиға Нишапурда өткен. Исхақ ибн Рахуя дәріс үстінде Ата әл-Кайхаранидің аты аталған бір риуаятты оқып: «Кайхаран деген не?» – деп сұрайды. Сонда дәрісте отырған Бұхари оның Йемендегі ауыл екенін айтып, оқиғаның мәнін түсіндіреді. Мұғауия ибн Әбу Суфиян бір сахабаны Йеменге жіберген екен. Әлгі сахаба Кайхараннан өткенде, Ата одан екі хадис естіпті. Жауапқа таңырқаған Исхақ: «Уа, Әбу Абдулла, сол адамдардың арасында өзің болғандай айтасың ғой», – дейді.

Әбу Сәһл Махмұд ибн ән-Надр былай дейді: «Басрада, Шамда, Хижаз бен Куфада болып, сол өңірлердің ғалымдарымен таныстым. Қай жерде Мұхаммед ибн Исмайыл әл-Бұхаридің аты аталса, ғалымдар оны өздерінен жоғары қоятын».

Ибн Хузайма: «Аспан астында хадисті Мұхаммед ибн Исмайылдан артық білетін жан жоқ», – деген.

Діндарлығы

Бұхари тақуалығымен де танылған. Зәһәби оның құлшылыққа ерекше ден қойғанын айтады. Мүсәббих ибн Сағидтің жеткізуінше, Бұхари Рамазан түндерінде таң алдында Құранның үштен бірін, кейде жартысын оқитын. Дәрими Бұхаридің Құранға ден қоюын былай сипаттайды: «Мұхаммед ибн Исмайыл Құран оқығанда көңілі де, көзі де, құлағы да соған ауатын. Ондағы мысалдарды ой елегінен өткізіп, адал мен арамды ажырататын». Зәһәби келтірген бір әңгімеде Бұхари намаз үстінде ара шақса да, бастап оқыған сүресін аяқтағаны айтылады. Намаздан соң қасындағылар оның денесінде ара шаққан он алты не он жеті із барын көрген.

Дүние салуы

Бұхари һижраның 256 жылы, 62 жасқа толар шағында дүние салды. Бұхараға оралған соң қала билеушісі Халид ибн Ахмадпен арасы ашылып, билеушінің талабымен қаладан кетеді. Келіспеушілікке Бұхаридің билеушінің балаларына арнап жеке дәріс беруден бас тартуы себеп болған. Деректерде өзіне жәбір көрсеткендерге теріс бата бергені айтылады. Содан кейін Самарқанд маңындағы Хартанк ауылына барып, жақын туыстарының үйіне тұрақтайды. Бір түні құлшылығын аяқтаған соң: «Уа, Раббым! Жер жүзі қанша кең болса да, маған тар болды. Мені құзырыңа ала гөр!» – деп дұға етеді. Сол дұғадан кейін бір ай өтпей дүние салады. Самарқандқа баруға қамданып, көлігіне қарай бірнеше қадам жасағанда қатты әлсіреп, тоқтауға мәжбүр болады. Ораза айтқа қараған түні, құптан намазы кезінде қайтыс болады. Жерлегеннен кейін қабірінен бірнеше күн бойы жұпар иіс шыққаны риуаят етіледі. Жұрт қабірдің топырағынан ала бастаған соң, қабір үстіне ағаш шарбақ орнатқан.

Еңбектері

Бұхари бозбала шағында-ақ ілімге ден қойып, еңбектер жаза бастады. Өзі бұл жөнінде: «Он сегіз жасымда, Убайдулла ибн Мұсаның тұсында сахабалар мен табиғиндердің үкімдері мен сөздерін хатқа түсіре бастадым. Содан соң айлы түндерде Пайғамбарымыздың қабірінің жанында “әт-Тарих” еңбегімді жаздым», – деген. Ең әйгілі еңбегі – «Әл-Жамиғус-сахих». Хадис жеткізушілеріне арналған «Әт-Тарихул-кәбир» де оның маңызды туындыларының бірі. Бұлардан бөлек «Әт-Тарихул-аусат», «Әт-Тарихус-сағир», «Әл-Әдәбул-муфрад», «Рафғул-йәдәйни фис-салат», «Хайрул-кәлам фил-қираати халфал-имам», «Биррул-уәлидәйни», «Әт-Тәфсирул-кәбир лил-Құран», «Халқу әфғалил-ибад», «Китабул-иләл фил-хадис», «Әл-Муснадул-кәбир», «Әл-Мәбсут» сынды еңбектері бар.

«Әл-Жамиғус-сахихқа» жазылған түсіндірмелер

Имам Бұхаридің өмірі мен еңбектеріне көптеген зерттеу арналған. «Әл-Жамиғус-сахихтың» хадис жеткізушілері, құрылымы, құрастыру әдісі, сирек сөздері мен фиқыһқа қатысты тұстары жеке еңбектерге арқау болды. «Кәшфуз-зунун» атты еңбекте осы зерттеулердің жүзге жуығы аталады. Бұхари жинағын зерттеу бүгінге дейін жалғасып келеді. Солардың ішіндегі белгілі түсіндірмелер мыналар.

1. «Ағламул-хадис» («Ағламус-сунән» деген атпен де белгілі). Бұл – «Әл-Жамиғус-сахихқа» жазылған алғашқы түсіндірме. Авторы Әбу Сүлейман Хамд ибн Мұхаммед әл-Хаттаби һижраның 388 жылы дүние салған.

2. «Бәһжәтун-нуфус». Авторы – Әбу Мұхаммед Абдулла ибн Әбу Жәмра. Оның дүние салған жылы ретінде көбіне һижраның 699 жылы (1300 жыл) көрсетіледі. Бұл еңбекте ол Бұхари жинағынан өзі іріктеген хадистерге түсіндірме берген. Түсіндірмеде тасаууфқа қатысты пайымдар да қамтылған.

3. «Әл-Кәуәкибуд-дарари фи шәрхи Сахихил-Бұхари». Авторы – Кирмани атымен танылған Шәмсуддин Мұхаммед ибн Юсуф. Ол һижраның 786 жылы дүние салған.

4. «Әт-Тәлуиһ фи шәрхил-жамиғис-сахих». Авторы – Алауддин Моғолтай ибн Қылыш. Ол һижраның 762 жылы дүние салған.

5. «Фәтхул-бәри фи шәрхи Сахихил-Бұхари». Авторы – Ибн Хажар атымен әйгілі болған хадис хафызы Шиһабуддин Әбул-Фадл әл-Асқалани. Ол һижраның 852 жылы дүние салған. Еңбек бірнеше рет басылып шыққан.

6. «Умдатул-қари шәрху Сахихил-Бұхари». Авторы – Бәдруддин Әбу Мұхаммед Махмұд ибн Ахмад әл-Айни. Ол һижраның 855 жылы (1451 жыл) дүние салған. Кітап бірнеше рет жарық көрген.

7. «Әл-Кәусарул-жари илә риязи ахадисил-Бұхари». Бұл – Молла Ғуранидің «Сахих әл-Бұхариге» жазған түсіндірмесі.

8. «Фәйзул-бәри ала Сахихил-Бұхари». Бұл түсіндірмені Мұхаммед Әнуар Шаһ әл-Кәшмиридің шәкірттері ұстазының дәрістерінен жинақтаған. Ғалым һижраның 1352 жылы (1933 жыл) дүние салған. Еңбекте хадистердің түрлі мағыналары талданады.

Имам Мүслим

Имам, хафыз, Хужжатул-Ислам Әбу Хусайн Мүслим ибн әл-Хажжаж әл-Қушайри ән-Нисабури кей деректер бойынша һижраның 204 жылы туған. Ол бала кезінен ілім мәжілістеріне қатысып, хадис жаттаған. Һижраның 218 жылы хадис тыңдай бастағаны айтылады. Хадис үйрену үшін Ирак, Хижаз, Шам мен Мысырға сапар шегіп, Бағдатқа бірнеше рет барған. Осы сапарларында Бұхаридің ұстаздарынан және өзге де мұхаддистерден дәріс алған. Ұстаздарының қатарында Бұхари, Исхақ ибн Рахуя, Абдулла ибн Мәсләмә әл-Қағнаби, имам Шафиғидің шәкірті Хармала ибн Яхия, Ахмад ибн Юнус, Сағид ибн Мансұр, Яхия ибн Яхия, Хайсам ибн Харижа және Ахмад ибн Ханбал бар. Кейін Мүслимнің өзінен де Әбу Ауана Яқуб ибн Исхақ әл-Исфирайни, Тирмизи және Әбу Амр әл-Мустамли секілді ғалымдар хадис үйренген. Әкесі Хажжаж да ілім иесі болған. Мүслим мата саудасымен айналысқан. Ол һижраның 261 жылы Нишапурда дүние салды. Туған жылын 204 жыл деп көрсеткен дерекке сүйенсек, сол кезде елу жеті жас шамасында болған.

Еңбектері

Имам Мүслимнің сахих хадистер жинағынан басқа да елеулі еңбектері бар. Олардың қатарында «Әл-Муснадул-кәбир», «Әл-Жәмиғ аләл-әбуаб», «Әл-Әсма уәл-куна», «Әт-Тәмйиз», «Әл-Илал», «Әл-Ухдан», «Әл-Әфрад», «Әл-Ақран», «Суалатуһу Ахмад ибн Ханбал», «Хадису Амр ибн Шуғайб», «Әл-Интифағ би-уһубис-сибағ» және «Мәшәиху Мәлик» аталады.

Мүслим – өз дәуірінің айтулы мұхаддистерінің бірі. Оның хадис ілімінде қалыптасуына Бұхари, Ахмад ибн Ханбал, Исхақ ибн Рахуя сынды ғалымдардан тәлім алуы ықпал етті. Ибн әл-Ахрам: «Осы қаламыздан үш әйгілі мұхаддис шықты. Олар – Мұхаммед ибн Яхия әз-Зуһли, Ибраһим ибн Әбу Талиб және Мүслим», – деген.

Бундар: «Төрт ірі хафыз бар. Олар – Әбу Зурға, Мұхаммед ибн Исмайыл әл-Бұхари, Дәрими және Мүслим», – деген. Мүслимнің ұстазы Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб әл-Фарра да оны: «Мүслим – жұрттың ғалымы әрі ілімнің қазынасы. Одан жақсылықтан өзге ештеңе көрмедім», – деп бағалаған.

Хадис жинағы

Имам Мүслим ислам әлеміне «Әл-Жәмиғ әс-Сахих» еңбегімен танылды. Бұл кітап Құран Кәрімнен кейінгі ең сенімді деп танылған екі хадис жинағының бірі. Бұхари мен Мүслимнің осы екі еңбегін бірге «Сахихайн» деп атайды. Жинаққа алынған хадистердің сенімділігін анықтағанда рауилердің сенімділігімен бірге жеткізу тізбегі мен мәтіні де ескеріледі. Мүслим өз еңбегіне үш жүз мың хадистің ішінен риуаят іріктеп алғанын айтқан. Жинаққа хадис алуда белгілі талаптарды ұстанған және оған енбеген риуаяттардың бәрін әлсіз деп есептемеген. Ол еңбегіндегі риуаяттарды сахих деп тануда хадис ғалымдарының ортақ пікірін негізге алғанын жеткізген. Кітап жайында: «Осы еңбегімді Әбу Зурғаға көрсеттім. Ол мін тапқан риуаяттарды жинаққа енгізбедім», – деген. Ибн әс-Салахтың есебінде жинақта қайталанған риуаяттарымен бірге 7 275 хадис бар. Мұхаммед Фуад Абдулбақидің басылымында қайталанбайтын хадистер саны 3 033 деп көрсетілген.

Мүслимнің «Сахихына» жазылған түсіндірмелер

«Кәшфуз-зунун» еңбегінде Мүслимнің «Сахихына» жазылған он бес шақты түсіндірме аталады. Фуат Сезгиннің «Тарихут-турас» еңбегінде олардың саны отызға жуық. Сол түсіндірмелердің бірқатары төменде берілген.

1. «Икмалул-муғлим би-фауаиди Мүслим». Авторы – һижраның 544 жылы (милади 1149 жылы) дүние салған Қади Ияд әл-Яхсуби. Ол бұл еңбекті Мұхаммед ибн Әли әл-Мазаридің Мүслим «Сахихына» жазған «Әл-Муғлим би-фауаиди Мүслим» атты түсіндірмесін толықтыру үшін жазған.

2. «Әл-Муфһим ли-ма әшкәлә мин талхиси китаби Мүслим». Авторы – Әбул Аббас Ахмад ибн Омар әл-Қуртуби. Ол алдымен Мүслимнің «Сахихын» ықшамдап, кейін сол ықшам нұсқаға түсіндірме жазған.

3. «Икмалу икмалил-муғлим». Әбу Абдулла Мұхаммед ибн Халифа әл-Мәлики әл-Убби бұл еңбегінде Мазари, Қади Ияд, Қуртуби және Нәуәуидің түсіндірмелеріне сүйеніп, оларға өз байламдарын қосқан.

4. «Әл-Минһаж фи шархи Сахихи Мүслим ибнил-Хажжаж». Бұл түсіндірмені имам Нәуәуи деген атпен танылған Әбу Зәкәрия Яхия ибн Шараф ән-Нәуәуи жазған. Ол әлі де кеңінен оқылады.

5. Ахмет Дәуітоғлының түсіндірмесі. Ол бұл еңбегін үндістандық ғалым Шәббир Ахмад әл-Османидің «Фатхул-мүлһим» еңбегіне және Мүслим хадистеріне жазылған өзге түсіндірмелерге сүйеніп жазған.

Әбу Дәуіт

Имам Әбу Дәуіт – сенімді мұхаддис, хадис хафыздарының алдыңғы қатарындағы ғалым. Толық есімі – Сүлейман ибн әл-Ашғас ибн Исхақ әс-Сижистани. Ол һижраның 202–275 жылдары өмір сүрген.

Арғы атасы Имранның Сыффин шайқасында әзірет Әлидің жағында соғысып, сол ұрыста шейіт болғаны айтылады.

Әбу Дәуіт Басрада тұрған. Хадис үйрену үшін Ирак, Хижаз, Шам, Мысыр, Жәзира және Хорасанның ілім ордаларына сапар шегіп, Бағдатқа бірнеше рет барған. Хадис алған ұстаздарының саны үш жүзге жуық. Арасында Бұхари мен Мүслимге де дәріс берген ғалымдар бар. Ең танымалдары – Әбу Сәләма, Әбул Уәлид әт-Таялиси, Ахмад ибн Ханбал, Ибн Әбу Шайба, Әли ибн әл-Мәдини, Яхия ибн Мағин, Құтайба ибн Сағид және Исхақ ибн Рахуя.

Ахмад ибн Ханбалдың Әбу Дәуіттен бір хадис риуаят еткені айтылады. Әбу Дәуіт ұстазының өзінен хадис алғанын үлкен мәртебе санаған. Одан хадис үйренгендердің арасында Тирмизи, Нәсәи, ұлы Әбу Бәкір ибн Әбу Дәуіт, Әбу Ауана, Әбу Бишр әд-Дулаби, әл-Лулуи (Әбу Әли Мұхаммед ибн Ахмад ибн Амр), Ибн әл-Ағраби (Әбу Сағид Ахмад ибн Мұхаммед ибн Зияд), Ибн Даса (Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Абдурразақ) және әр-Рамли (Әбу Иса Исхақ ибн Мұса ибн Сағид) бар.

Ғалымдар Әбу Дәуіттің хадисті терең білетінін, есте сақтау қабілетін, дінді жетік түсінгенін, тақуалығы мен ілімдегі мұқияттылығын жоғары бағалаған. Оның білгенін іс жүзінде ұстанғанын да ерекше атаған. Кей ғалымдар оның жүріс-тұрысы жайында: «Әбу Дәуіт ісі мен мінезінде Ахмад ибн Ханбалға ұқсайтын. Ахмад – Уакиғқа, Уакиғ – Суфиянға, Суфиян – Мансұрға, Мансұр – Ибраһим ән-Нахаиға, Ибраһим – Алқамаға, Алқама Ибн Масғұдқа ұқсайтын», – деген. Алқама: «Ибн Масғұд жүріс-тұрысы мен мінез-құлқында Алла елшісіне ұқсайтын», – деп айтқан.

Әбу Дәуіт хадистің мәтіні мен сәнәдін жетік білген. Мұхаммед ибн Исхақ әс-Сағани мен Ибраһим әл-Харби оның осы қабілетін: «Дәуітке темір жұмсартылғандай, Әбу Дәуітке хадис жұмсартылды», – деп бейнелеген.

Мұса ибн Харун: «Әбу Дәуіт бұл дүниеде хадис үшін, ақыретте жәннат үшін жаратылды», – деген.

Әбу Дәуіт Пайғамбар сүннетін терең білген және оны тым әлсіз хадистер мен ойдан шығарылған риуаяттардан қорғауға күш салған. Әбу Абдулла ибн Мәнда хадистің рауилерін танып, сенімдісін әлсізінен ажыратқан төрт мұхаддисті атап, Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіт пен Нәсәиді көрсеткен.

Әбу Бәкір әл-Халлал оны «Өз заманының алдыңғы қатарлы имамы» («имамул-муқаддам») деп сипаттаған.

Әбу Абдулла әл-Хаким: «Әбу Дәуіт – өз ғасырының хадис имамы», – деген.

Сәһл ибн Абдулла әт-Тустаридің Әбу Дәуітке арнайы келіп: «Алла елшісінің хадистерін жеткізген тіліңді бір сүйейін», – дегені айтылады.

Әбу Дәуіт «Сүнән» жинағынан бөлек «Әр-Радд ала әһлил-қадар», «Китабун-насих уәл-мансух», «Әл-Мәсәил», «Муснаду Мәлик» секілді еңбектер жазған.

Әбу Дәуіт: «Алла елшісінен жеткен бес жүз мың хадис жазып алдым. Осы кітапқа кіргендерін солардың ішінен іріктедім. Адамға дінін дұрыс ұстану үшін олардың төртеуі жеткілікті», – деген. Біріншісі – «Амалдар ниетке байланысты…» деген хадис. Екіншісі – «Өзіне қатысы жоқ істен аулақ болу – адамның мұсылмандығының көркемдігінен» деген хадис. Үшіншісі – «Сендердің ешқайсысың өзіне қалағанын бауырына да тілемейінше, иманы кәміл болмайды» деген хадис. Төртіншісі – «Адал да анық, арам да анық. Екеуінің арасында көпшілік біле бермейтін күмәнді істер бар. Кім күмәнді істерден сақтанса, діні мен абыройын қорғайды. Кім күмәнді іске ұрынса, арамға да ұрынады. Ол отарын қорықтың маңында жайған қойшыға ұқсайды. Отар кез келген сәтте қорыққа кіріп кетуі мүмкін. Біліңдер, әр патшаның өз қорығы бар. Алланың қорығы – Оның арам еткен істері. Біліңдер, денеде бір кесек ет бар. Ол түзелсе, бүкіл дене түзеледі. Ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Ол – жүрек!»216 деген хадис.

Әбу Дәуіттің өз есебіне қарағанда, жинақта 4 800 хадис бар.

Кей ғалымдар Әбу Дәуіттің еңбегін «Сүнән» деген атпен тараған алғашқы жинақ деп санайды. Ол еңбегіне фиқһ үкімдеріне қатысты хадистерді іріктеп алған. Сондықтан Әбу Дәуіт осы үлгімен үкім хадистерін жинақтаған алғашқы ғалымдардың қатарында аталады. Имам Нәуәуи «Сүнәнға» жазған түсіндірмесінде: «Фиқһпен айналысқан кісі де, өзге ілім ізденушісі де Әбу Дәуіттің “Сүнәнін” мұқият оқып, жетік білуі керек. Өйткені үкім шығаруға дәлел болатын хадистердің көбі осы еңбекте. Кітапты пайдалану жеңіл, хадистер ықшам берілген. Бұл жинақтан автордың шеберлігі мен еңбекті жүйелеудегі ұқыптылығы көрінеді», – деген. Бір дерекке қарағанда, Әбу Дәуіт еңбегін Ахмад ибн Ханбалға көрсетіп, ол жинақты жоғары бағалаған.

«Сүнәнға» жазылған түсіндірмелер

Әл-Мүнзири (Әбу Мұхаммед Абдулазим ибн Абдулқауи) бұл жинақты ықшамдап, «Мұхтасару Сүнәни Әби Дәуіт» атты еңбек жазған. «Әл-Мүжтаба минас-сүнән» деген атпен де белгілі бұл еңбек бірнеше рет басылған. «Сүнәнға» жазылған түсіндірмелердің бірқатары төменде берілген.

1. «Мағалимус-сүнән». Бұхаридің «Сахихына» алғашқы түсіндірмелердің бірін жазған Әбу Сүлейман әл-Хаттабидің қысқа әрі мазмұнды еңбегі.

2. «Аунул-мағбуд шарху Сүнәни Әби Дәуіт». Авторы – Әбу Тайиб Мұхаммед Шәмсулхақ әл-Азимабади. Он төрт том болып басылған бұл түсіндірме тілі жеңіл болғандықтан, араб тілі ана тілі болмаған оқырманға да түсінікті. Автор хадис мәтіндеріндегі сөздердің мағынасын ашып түсіндірген.

3. «Әл-Мәнһалул-азбил-мауруд шарху Сүнәни Әби Дәуіт». Махмұд Мұхаммед Хаттаб әс-Субки бұл көлемді еңбегінде хадистерден төрт мәзһабтың қандай үкімдер шығарғанын баяндайды. Түсіндірме «Сүнәннің» «Қажылық» бөліміне дейін жазылған.

4. «Мирқатус-суғуд ила Сүнәни Әби Дәуіт». Имам Суютидің түсіндірмесі.

5. «Бәзлул-мәжһуд фи халли Сүнәни Әби Дәуіт». Халил Ахмад әс-Сахаранфури бұл еңбекті ханафи мәзһабының ұстанымдарына сүйеніп жазған. Мұхаммед Зәкәрия әл-Кандахлауидің толықтыруларымен бірге жиырма том болып басылған.

Имам Тирмизи

Имам Тирмизи Орта Азиядағы Термез қаласынан шыққан. Қаланың аты «Турмиз» деп те айтылады. Тирмизи атымен танылған ғалымдар көп болғанымен, бұл атпен «Кутуб ситта» авторларының бірі Әбу Иса Мұхаммед ибн Иса ибн Саура ибн Мұса ибн әд-Даххак кеңінен мәлім. Оның «Сахих» жинағын да жұрт «Тирмизи» деп атайды. Әбу Иса – ғалымның күньясы. Ол еңбегінде өз пікірін білдіргенде «Қала Әбу Иса», яғни «Әбу Иса былай деді» деп жазады.

Әбу Иса һижра жыл санауы бойынша 209–279 жылдары өмір сүрген. Ілім іздеп, талай елді аралаған. Хорасан, Ирак және Хижаз ғалымдарынан хадис үйренген. Құтайба ибн Сағид, Әбу Мұсғаб, Ибраһим ибн Абдулла әл-Харауи, Исмайыл ибн Мұса әс-Судди, Суайд ибн Наср, Әли ибн Хужр және Мұхаммед ибн Абдулла секілді ғалымдардан дәріс алған. Имам Бұхари мен Имам Мүслим оның ең көрнекті ұстаздарының қатарында еді. Хадис ілімін терең меңгеруіне Бұхаридің ықпалы зор болды.

Тирмизиден ұстазы Бұхаридің өзі де хадис риуаят еткен. Одан Мәкхул ибн Фадл, Мұхаммед ибн Махмуд ибн Анбар, Хаммад ибн Шакир, Әбу Хамид Ахмад ибн Абдулла әл-Маруази, әл-Хайсам ибн Куләйб әш-Шаши және Мұхаммед ибн Ахмад ибн Махбуб та хадис алған. Ибн Хажардың «Таһзибут-таһзиб» еңбегінде келтіруінше, Бұхари Тирмизиге «Менің сенен үйренгенім сенің менен үйренгеніңнен де көп» деген.

Кей ғалымдар Тирмизиді ханбали, кейбірі шафиғи мазһабына жатқызған. Ол хадис ғалымы ретінде Пайғамбар сүннетіне сүйеніп, соған сай амал еткен.

Имам Тирмизи «Әд-Дарир» деген лақап атпен де танылған. Бұл сөз «көзі көрмейтін адам» дегенді білдіреді. Кейбір ғалымдар оны туа біткен зағип десе, Зәһәби оның кейін, ілім іздеп сапар шегіп, хадистерді жазып жүрген шағынан соң көз жанарынан айырылғанын дұрыс санайды.

Имам Тирмизидің жадының мықтылығы жұртқа үлгі болған. Ол хадистерді бір естігеннен-ақ жаттап алатын. Зәһәби өмірбаян еңбегінде Әбу Сағд әл-Идрисиден Тирмизидің мына әңгімесін жеткізеді: «Меккеге бара жатқанда бір шейхтің хадистерін екі дәптерге жазып алған едім. Сапар үстінде әлгі шейх керуеніміздің жанынан өтті. Жолсеріктерімнен ол туралы сұрап, қасына бардым. Екі дәптерім өзіммен бірге екен деп ойлап, хадистерін оқып беруін өтіндім. Ол өтінішімді қабыл алды. Қарасам, қолымдағы екі дәптер бос екен. Шейх хадистерін оқи бастады. Қолымдағы қағаздың бос екенін байқап: “Ұялмайсың ба?” – деді. Мен дәптерлерді шатастырып алғанымды айтып: “Хадистердің бәрі жадымда”, – дедім. “Олай болса, оқы”, – деді ол. Мен бәрін қатесіз оқып бердім. Шейх бұған сенбей: “Бұларды келерден бұрын жаттап алған шығарсың?” – деді. “Онда басқа хадистер оқып беріңіз”, – дедім. Ол қырық хадис оқып, оларды қайталауымды сұрады. Мен ешбір әрпінен жаңылмай, бәрін қайталап бердім. Сонда шейх: “Сендей жатқа айтатын адамды көрмеппін”, – деді».

Тирмизидің өмірбаянын жазған ғалымдар оны тақуа, адал мен арамның ара-жігін жақсы білген әрі білгеніне сай амал еткен кісі деп сипаттайды. Ақыретті ойлап, Алланың алдындағы есептің ауырлығын сезінгенде, ұзақ жылайтын болған. Зәһәби келтірген деректе Омар ибн Аллак «Бұхари дүниеден өткен соң, Хорасанда ілім, жаттау қабілеті, тақуалық пен зүһд жағынан Әбу Исаға тең келер ешкім қалмады» деген. Оның көп жылап, көз жанарынан айырылғаны да сол деректе айтылады.

«Сүнән» кітабы

Тирмизидің ең әйгілі еңбектерінің бірі – «Сүнән». Бұл жинақ «Әс-Сахих» және «Әл-Мүснадус-сахих» деген аттармен де белгілі. Діннің әр саласына қатысты негізгі тақырыптарды қамтығандықтан, оны «Жәмиғ» деп те атаған. Тирмизи хадистерді өзіндік әдіспен жүйелеген. Осы ерекшелігін бағалаған кей ғалымдар еңбекті «Кутуб ситтаның» үшінші кітабы санаған. Тирмизи жинағы туралы былай дейді: «Бұл кітапты жазып, Хижаз, Ирак және Хорасан ғалымдарына ұсындым. Олар еңбегімді құптады. Кімнің үйінде осы “Жәмиғ” болса, сол үйде бейне бір пайғамбар сөйлеп тұрғандай». Жинақ негізінен фиқыһ баптары бойынша жүйеленген. Онда сахих, хасан және дағиф хадистер бар. Тирмизи хадистердің дәрежесін, фақиһтардың оларды амалға қалай негіз еткенін, дағиф риуаяттардың әлсіздік себептерін де түсіндірген. Ғалымдар жинақты амалға негіз болатын хадистерді тануға көмектесетін құнды еңбек деп бағалаған. Хадистердің саны басылымдағы нөмірлеу тәсіліне қарай өзгереді.

1. «Аридатул-ахуази би шархи Сахихит-Тирмизи». Бұл еңбекті Мәлики мазһабының ғалымы Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Абдулла әл-Ишбили жазған. Ол Ибн әл-Араби әл-Мәлики деген атпен танылған. Түсіндірменің он үш бөлімі жеті том болып басылған нұсқасы бар.

2. «Тухфатул-ахуази би шархи Жәмиғит-Тирмизи». Авторы – Мұхаммед Абдуррахман ибн Абдуррахим әл-Мүбәракфури. Еңбектің екі томдық кіріспесінде Имам Тирмизидің өмірі кеңінен баяндалып, хадис ілімінің негіздері жөнінде ықшам мәлімет беріледі.

Имам Нәсәи

Хафыз, шейхул-ислам әрі қазы Әбу Абдуррахман Ахмад ибн Шұғайб ибн Әли ибн Синан ибн Бахр әл-Хорасани һижра жыл санауы бойынша 215–303 жылдары өмір сүрген. Құтайба ибн Сағид, Исхақ ибн Рахауайһ, Хишам ибн Аммар секілді көптеген ғалымнан хадис үйренген. Ілім іздеп Хорасан, Ирак, Хижаз, Мысыр, Шам және Жазира өңірлерін аралаған.

Имам Нәсәи терең білімімен, хадис қабылдаудағы мұқияттылығымен және жеткізген риуаяттарының сенімділігімен танылған. Ол білімін Мысырда таратты. Фиқыһ, хадис және илмур-рижал, яғни хадис жеткізушілерді зерттейтін ілім бойынша өз дәуіріндегі Мысырдың көрнекті ғалымдарының бірі болды. Кей ғалымдар оның хадис іліміндегі білігін Мүслимнен де жоғары бағалаған. Нәсәи өз сөзінде һижраның 230 жылы он бес жасында Құтайба ибн Сағидке барып, хадис үйрену үшін оның қасында бір жыл екі ай болғанын айтады.

Өмірбаян деректерінде Нәсәидің төрт әйелі болғаны, олардың әрқайсына әділ қарағаны және күндіз-түні құлшылыққа ден қойғаны айтылады. Ол Алла елшісінің сүннетін ерекше құрметтеген. Ибн Хажар Нәсәидің билеушілердің мәжілісінен бойын аулақ ұстағанын да жеткізеді.

Имам Нәсәидің дүниеден өтуі жайында бірнеше дерек бар. Ол көп жыл Мысырда дәріс беріп, һижраның 302 жылы ол жерден кеткен. Бір риуаятта Нәсәи Дамаскідегі мешітте Мұғауияның артықшылықтары туралы сұраққа «“Алла оның қарнын тойдырмасын!”217 деген хадистен басқа ештеңе білмеймін» деп жауап бергені айтылады. Осы сөзден соң Мұғауияның жақтастары оны ұрып-соғып, мешіттен шығарған. Нәсәидің әзірет Әли туралы «Хасаису Әли», яғни «Әлидің артықшылықтары» атты еңбегіне де қарсылық білдіргендер болған. Дарақутнидің жеткізуінше, Нәсәи соққыдан кейін өзін Меккеге жеткізуді өтінген. Ол сол жерде қайтыс болып, Сафа мен Мәруа арасына жерленген. Осы оқиғаға байланысты оны шейіт деп атағандар да бар. Ал шәкірті Ибн Юнус Нәсәидің Палестинадағы Рамла қаласында қайтыс болғанын жазады. Зәһәби осы соңғы деректі сенімдірек санаған.

«Әл-Мужтаба»

Имам Нәсәи әуелі «Әс-Сүнәнул-кубра» еңбегін жазды. Жинақта сахих хадистермен қатар дағиф хадистер де болған. Бір деректе оны Рамла әміріне ұсынғанда, әмірдің «Мұндағы риуаяттардың бәрі сахих па?» деп сұрағаны айтылады. Нәсәи «Жоқ, ішінде сахих, хасан және хасанға жақын хадистер де бар» деп жауап берген. Әмір одан сахих хадистерді іріктеп, жеке жинақ жасауды өтінеді. Осыдан кейін «Әс-Сүнәнус-суғра», яғни «Әл-Мужтаба минас-сүнән» атты еңбек жазылады. Бүгінде «Сүнәнун-Нәсәи» дегенде осы «Әл-Мужтаба» меңзеледі. Өзге «Сүнән» жинақтарына қарағанда мұнда дағиф хадистер аз. Сол себепті кей ғалымдар оны «Кутуб ситтаның» үшінші кітабы санаған. Ибн Хажар, Зәһәби және Субки келтірген деректе әл-Мақдиси хадис хафызы Әбу Әли Сағд ибн Әли әз-Занжанидің «Нәсәидің рауилерге қоятын шарты Бұхари мен Мүслимнің шарттарынан да қатаң» деген сөзін жеткізеді. Ол шарттардың нақты қандай екені бұл деректе айтылмаған. Нәсәи еңбегін жазған кезін былай еске алады: «“Сүнәнды” жинай бастағанда, сенімділігіне күмәнім болған бірнеше рауиден хадис алу-алмау жөнінде Алладан жәрдем тілеп, истихара оқыдым. Ақырында, олардан хадис алмауды жөн көрдім».

«Әл-Мужтабаға» жазылған түсіндірме

Имам Суюти «Әл-Мужтабаға» ықшам түсіндірме жазған. Әбул-Хасан Мұхаммед ибн Абдулһади әс-Синди де осы еңбекке хашия жазып, оқуға қиын грамматикалық тұстар мен мағынасы көмескі сөздерді түсіндірген.

Ибн Мәжә

Ибн Мәжә деген атпен танылған хадис хафызы Әбу Абдулла Мұхаммед ибн Язид һижра жыл санауы бойынша 209–273 жылдары ғұмыр кешкен. Қазуин қаласында туғандықтан, кей деректерде әл-Қазуини деп аталады.

Ол жас кезінен хадис іліміне ден қойып, өз дәуірінің ғалымдары секілді ілім іздеп сапарға шыққан. Хорасан, Басра, Куфа, Шам, Мысыр және Мекке сияқты білім ошақтарын аралаған. Имам Мәлик пен Ләйс ибн Сағд секілді ғалымдардың шәкірттерінен дәріс алған.

Әбу Яғла әл-Халили Ибн Мәжә туралы «Мәртебесі биік, сенімді ғалым. Бұған ғалымдар бірауыздан келіскен. Оның риуаяттарын дәлел етуге болады. Ол хадис ілімін терең меңгерген, жады мықты ғалым» деген.

Ибн Мәжә «Сүнән» жинағынан бөлек тарих пен тәпсірге де еңбек жазған. Оның «Сүнәны» «Кутуб ситтаның» алтыншы кітабы ретінде кейінірек танылды. Бұған дейін «Кутубул-хамса» деген атпен бес жинақ белгілі болатын. Хадис хафызы Әбу Фадл Мұхаммед ибн Таһир әл-Мақдиси алғашқылардың бірі болып, «Атрафул-Кутубис-ситта» және «Шурутул-әимматис-ситта» еңбектерінде Ибн Мәжәнің «Сүнәнын» алты жинақтың қатарына қосқан. Һижраның жетінші ғасырынан бастап бұл жіктеу кең тарады. Ал Ибн Салах пен Нәуәуи негізінен алғашқы бес жинақты атайды. Кей ғалымдар алтыншы кітап ретінде Имам Мәликтің «Муаттасын» таңдаған. Разин ибн Мұғауия «Тажридте», Әбу әс-Сағадат Ибн әл-Әсир «Жәмиғул-усулда» осы ұстанымды ұстанған. Ибн Салах, Нәуәуи және Ибн Хажар да «Муаттаны» алтыншы кітапқа лайық көрген. Мүрсал және мауқуф риуаяттары болғанымен, мүнкәр және шәәз хадистері аз кездесетін Дәримидің «Сүнәнын» лайық көргендер де бар. Ибн Мәжә еңбегінің бағасын арттырған ерекшеліктерінің бірі – фиқыһ мәселелерін кең қамтуы. Жинақта алдыңғы бес кітапта кездеспейтін риуаяттар, яғни зәуаид хадистер көп. Мұхаммед Фуад Абдулбақи басылымындағы 4341 хадистің 1339-ы осындай риуаят. Жинақты алтыншы кітапқа қоспаған ғалымдар кей риуаяттардың әлсіз рауилерден алынғанын алға тартқан. Зәуаид риуаяттардың ішінде иснады тым әлсіз не негізсіз деп бағаланғаны – 99. Кей әлсіз риуаяттың мағынасы басқа хадистермен қуатталатындықтан, оларды автор жинағына енгізген. Мұндай тәсілді Тирмизи де қолданған.

Ибн Мәжәнің мына сөзі риуаят етіледі: «Осы “Сүнәнды” Әбу Зурға әр-Разиге ұсындым. Ол еңбекті қарап шығып: “Бұл кітап жұрттың қолына тисе, өзге ‘Жәмиғ’ жинақтары немесе олардың көбі қолданыстан қалар деп ойлаймын”, – деді. Содан соң: “Мұнда иснады әлсіз отызға толар-толмас хадис бар шығар”, – деді».

«Кутуб ситтаға» түсіндірме жазған кейбір ғалымдар

Ибн Дайбағ

Әбул-Фараж Абдуррахман ибн Әли ибн Мұхаммед ибн Омар аш-Шайбани аз-Забиди Ибн Дайбағ деген атпен танылған. Ол – Йеменнің көрнекті хадис ғалымы. «Ән-Нурус-сафир» еңбегінде оған хадис іліміндегі жоғары дәрежені білдіретін «әмирул-мүминин» атағы берілген.

Ибн Дайбағ һижраның 866 жылы мұхаррам айының 4-күні Забид қаласында дүниеге келді. Әкесі Үндістанға аттанып, сол жақта қайтыс болған соң, ол нағашы атасының қолында өсті. Нағашысы Әбун-Нәжадан тәлім алып, он жасында Құран Кәрімді түгел жаттады. Содан кейін Құранды жеті қырағатпен оқуды меңгерді. Кейін өз дәуірінің ғалымдарынан фиқһ, мирас ілімі, математика, алгебра, геометрия, араб тілі, хадис пен тәпсірден дәріс алды. Қажылық сапарларының бірінде Меккеде хафиз Шамсуддин әс-Сахауимен танысып, одан хадис оқыды.

Ғалымның беделі ел ішінде де, билеушілер арасында да жоғары болды. Сұлтан Әмір ибн Абдулуаһһаб оны Забидтің бас мешітіне хадис оқытушысы етіп тағайындады. Хафиз Шамсуддин әс-Сахауиден тәлім алғаны белгілі. Ұстаздарының қатарында имам Жалалуддин әс-Суюти, Яхия ибн Мұхаммед әл-Харезми мен хафиз әл-Амири де аталады. Ибн Дайбағ талай шәкірт тәрбиелеп, мол ғылыми мұра қалдырды. Еңбектерінің арасында «Қырық құдси хадис», «Мисбаху мишкатил-әнуар», «Пайғамбар мәуліті», «Миғраж», Йемен халқы мен билеушілері жайлы кітаптары және «Тәйсирул-вусул» бар.

Ибн Дайбағтың ең танымал еңбегі – «Тәйсирул-вусул илә жәмиғил-усул». Ол осы кітапта Ибн әл-Әсирдің алты хадис жинағын қамтыған «Жамиғул-усул» еңбегін ықшамдаған. «Иктифаул-қунуғ» авторы кітаптың пайдалы екенін, шебер ықшамдалғанын, Мысыр мен Үндістанда бірнеше рет басылып, ғалымдар оған түсіндірме жазғанын айтады218.

Ибн Дайбағ па, әлде Ибн Дибағ па?

«اِبْنُ الدَّيْبَعِ»

Ғалымның есімі екі түрлі оқылады. «Әл-Бадрут-талиғда» (1/319) алғашқы «дәл» әрпі кәсрамен оқылып, «Дибағ» делінсе, «Фихрисул-фахаристе» (3/6) фатхамен оқылып, «Дайбағ» делінеді. Құтбуддин ән-Нәһрауали «Әл-Барқул-йәмани фил-фатхил-усмани» еңбегінде фатхалы нұсқаны қолданған. Әз-Зириклидің «Әл-Ағламында» да осы нұсқа берілген. Сондықтан бұл кітапта «Ибн Дайбағ» деген оқылымды ұстандық.

Ибн Дайбағ һижраның 944 жылы ережеп айының 26-күні Забидте дүние салды. Ол шейх Исмаил әл-Жабәртидің кесенесі жанына жерленді. Забидтің бас мешітінде хадис оқытуды кейін ұлы Әли жалғастырды.

Бәдруддин әл-Айни

(һ. 762–855 / м. 1361–1451)

Бәдруддин Махмуд ибн Ахмед ибн Мұса әл-Айни – ханафи фақиһы, тарихшы, хадис пен тіл ғалымы. Ол араб және түрік тілдерін жетік меңгеріп, тәпсір, фиқһ және усул әл-фиқһ ілімдерін зерттеген. Халабтан шыққан отбасында, һижраның 762 жылы рамазан айында Айнтабта дүниеге келді. Қала қазысы болған әкесі оған бала күнінде Құран Кәрімді жаттатып, фиқһ үйретті. Білімін тереңдету үшін Халаб, Димашқ пен Құдысқа сапар шекті. Құдыста ұстазы Алауддин әс-Сирамимен танысып, онымен бірге Каирге барып қоныстанды. Каирде ханафи мәзһабының бас қазысы қызметін атқарды. Дәріс беріп, еңбек жазып, пәтуа шығару арқылы ғылымның дамуына үлес қосты.

Әл-Айнидің еңбектері бірнеше ғылым саласын қамтиды.

Ханафи фиқһына арналған еңбектерінің қатарында «Рамзул-хақаиқ фи шархи Кәнзид-дақаиқ», «Әл-Биная фи шархил-Һидая», «Мәсәил Бадрия» және «Минхатус-сулук фи шархи Тухфатил-мулук» бар. «Әл-Бинаяның» алты томдық басылымы жарық көрген.

Хадис саласында «Мағанил-ахияр фи шархи әсами рижали Мағанил-асар», «Нухабул-афкар фи танқихи Мабанил-ахбар фи шархи Мағанил-асар», хадис терминологиясы жөніндегі еңбектері және «Умдатул-қари фи шархи Сахихил-Бұхари» бар. Соңғысы – Құран Кәрімнен кейінгі ең сенімді еңбектердің бірі саналатын «Сахих Бұхари» жинағына ханафи мәзһабы тұрғысынан жазылған түсіндірме. Әл-Айни оны һижраның 820 жылының соңында бастап, 847 жылы аяқтаған. Түсіндірменің 25 томдық басылымы бар.

Ибн Халдун өз ұстаздарынан «Бұхаридің кітабын түсіндіру – үмбеттің мойнындағы борыш» деген сөзді естігенін жазады. Ұстаздары жинаққа лайықты түсіндірме жазу міндеті әлі толық өтелмеді деп санаған. Кейінгі ғалымдар сол міндетті өтеуге әл-Айнидің еңбегі зор үлес қосты деп бағалайды219.

Тарих саласындағы ірі еңбегі – «Ғиқдул-жуман фи тарихи әһлиз-заман» («Өз заманының адамдары туралы маржан алқа»). Жаратылыс басталғаннан автор өмір сүрген дәуірге дейінгі оқиғаларды қамтитын еңбектің кей қолжазба нұсқалары 69 томға дейін жетеді. Оның бірқатар бөлігі жарық көрген. Басылған тарауларда қазіргі Қазақстан мен Орта Азияға қатысты моңғол шапқыншылығы және Алтын Орда дәуірі баяндалады. Дешті Қыпшақ түріктерінің Русь кінәздерімен одақтасып, Шыңғыс хан әскеріне қарсы күресі, қыпшақ тұтқындарының Шам мен Мысырға құлдыққа сатылуы сөз болады. Құлдыққа түскендердің арасында ерлігімен танылып, жүзбасы, мыңбасы, әмір дәрежесіне жеткендер, кейін сұлтан болып ел билегендер де бар. Еңбекте Бейбарыс, Айбек, Кетбұға, Барысбай секілді Мәмлүк билеушілері туралы деректер келтірілген220.

Әл-Айни өзге салаларда да көптеген еңбек жазды. Имам әс-Сахауи оны ізденуден де, еңбек жазудан да жалықпаған имам, хафиз әрі ғұлама деп сипаттап, одан көп жазған ғалымды білмейтінін айтады. Әл-Айни шапшаң әрі көркем жазған. Қудуридің кітабын бір түнде көшіріп шыққаны да айтылады.

Әл-Айнидің пәтуаларынан оның зеректігі, мәселенің мәніне терең бойлай білетіні көрінеді. Әсіресе, сұлтандар әл-Муайяд пен Барысбайдың тұсында берген пәтуалары тарихта сақталған.

«Ғалымның хаты өлмейді» демекші, артына мол мұра қалдырған Бәдруддин әл-Айни һижраның 855 жылы дүние салып, өзі құрған медреседе жерленді. Мазары мен медресесі Каирдегі әл-Әзхар маңында орналасқан. Медреседе ханафи мәзһабы бойынша дәріс оқытылған.

Сөз соңы

Исламда білім – ұрпақтан ұрпаққа табысталатын аманат. Мүмін – айналасына сенім ұялатып, аманатқа қиянат жасамайтын жан. Хақтан жеткен дінді кейінгі ұрпаққа бұрмаламай жеткізу – әр мұсылманның міндеті. Ғұламалардың Пайғамбарымыздан (с.а.с.) жеткен хадистерді қаз-қалпында жеткізіп, жұртқа түсінікті тілмен түсіндіруі де осы аманатты өтеуге жатады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Менің сөзімді естіп, оны ұғып, жадында сақтап, өзгеге жеткізген адамның жүзін Алла нұрландырсын»221, – деген. Демек, Алла елшісінің сөзін айна-қатесіз жеткізу – сауабы мол, жауапкершілігі ауыр еңбек. Бұл жауапкершілікті мойнына алғандардың алар сыйы бір Аллаға аян.

Бір риуаятта Пайғамбарымызға (с.а.с.) «Уа, Алла, ізбасарларымды рақымыңа бөлей гөр!» деген сөз телінеді. «Ізбасарларыңыз кімдер?» деген сауалға «Менен кейін келіп, хадистерім мен сүннетімді риуаят етіп, оларды адамдарға үйреткендер»222 деп жауап бергені айтылады. Хадис сыншысы әз-Зәйлағи бұл риуаятты ойдан шығарылған, ал әз-Зәһәби жарамсыз деп бағалаған. Хадистерді жеткізіп, жұртқа үйрету – дін аманатын өтеудің бір жолы. Шәкәрім осы ойды өлеңмен өрнектеген.

«Қай ғылымды білсеңіз де, Қазір оны елге жай.

Құр ішіңде кеткенінше, Пайдалансын өзгелер». Ақынның бұл сөздері білімді ел игілігіне жаратуға үндейді. Алла Тағала бізді осы аманатты абыроймен арқалаған шынайы мүміндердің қатарына қоссын.

Иман және Ислам

  1. 1Ибн Хажар әл-Асқалани, «Нузһат ән-назар», 37-б. Әли әл-Мунауи, «Әл-Яуақит уәд-дурар», 1/228.
  2. 2Ибн Мәжә, «Муқаддима», 7-тарау (№46). Бұл нұсқаны әл-Әлбани әлсіз деп бағалаған. Мағынасы жақын Жәбир риуаяты Мүслимнің «Жұма» кітабында берілген (№867a).
  3. 3Пайғамбардың (с.а.с.) өмірі мен қызметі туралы еңбектер.
  4. 4Зәкиуддин Шағбан, «Ислам хукук илминин есаслары» («Усул әл-фиқыһ»), 100-б. Мұстафа әс-Сибағи, «Әс-Сунна уә мәканатуһа фит-ташриғ әл-ислами», 61-б.
  5. 5Мұхаммед Ажжаж әл-Хатиб, «Сүннетин тәсбити», 35-б.
  6. 6Адамзаттың мырзасы, асылы деген мағынада.
  7. 7«Әли Имран» сүресі, 31-аят. «Ниса» сүресі, 59, 65 және 80-аяттар. «Мәида» сүресі, 92-аят. «Нұр» сүресі, 54-аят. «Хашр» сүресі, 7-аят.
  8. 8Зәкиуддин Шағбан, «Ислам хукук илминин есаслары» («Усул әл-фиқыһ»), 7-б. Хадистерден қараңыз: Бұхари, «Ахкам» (№7137). Мүслим, «Имара» (№1835a).
  9. 9Зекет міндеттелетін мал-мүліктің ең төменгі мөлшері.
  10. 10Зәкиуддин Шағбан, «Ислам хукук илминин есаслары» («Усул әл-фиқыһ»), 7-б. Бұхари, «Хумус» (№3093). Мүслим, «Жиһад» (№1759a).
  11. 11Тирмизи, «Фараид», 17-тарау (№2109). Әбу Дәуіт, «Дият», 18-тарау (№4564).
  12. 12Бұхари, «Фарз әл-хумус», 20-тарау (№3155). Мүслим, «Сайд» (№1941a).
  13. 13Бұхари, «Забайих уәс-сайд» (№5530). Мүслим, «Сайд» (№1932a).
  14. 14Бұхари, «Никах» (№5108–5109). Мүслим, «Никах» (№1408a–i).
  15. 15Хадис жеткізушілерінің өмірбаяны мен сенімділігі туралы еңбектер.
  16. 16Шатиби, «Әл-Иғтисам», 2-тарау, сүннет пен бидғат туралы жеткен хабарлар (1/59).
  17. 17«Әнғам» сүресі, 82-аят.
  18. 18«Лұқман» сүресі, 13-аят. Бұхари, «Тәпсір», «Лұқман» сүресі, 1 (№4776). Сондай-ақ «Пайғамбарлар туралы хадистер» (№3360).
  19. 19«Бақара» сүресі, 238-аят.
  20. 20Тирмизи, «Құран тәпсірі», 2 (№2982). Мүслим, «Мешіттер мен намаз оқитын орындар» (№629a).
  21. 21«Һуд» сүресі, 114-аят.
  22. 22«Ниса» сүресі, 103-аят.
  23. 23Тирмизи, «Намаз уақыттары», 1 (№149). Әбу Дәуіт, «Намаз», 2 (№393).
  24. 24Бұхари, «Азан», 18 (№631). Ахмад ибн Ханбал, «Әл-Муснад», 5/53.
  25. 25Нәсәи, «Қажылық рәсімдері», 220 (№3062). Мүслим, «Қажылық» (№1297). Ахмад ибн Ханбал, «Әл-Муснад», 3/318, 366. Арафат күнгі ораза туралы Бұхари, «Ораза» (№1988).
  26. 26«Ниса» сүресі, 11-аят.
  27. 27Бұхари, «Иғтисам», 5 және «Хұмус», 1 (№3093). Мүслим, «Жиһад», 49–52 (№1759a және жалғасы). Ахмад ибн Ханбал, «Әл-Муснад», 2/463.
  28. 28Тирмизи, «Мирас», 17 (№2109). Тирмизи осы иснадты әлсіз санаған. Әбу Дәуіт, «Дият», 18 (№4564) осы мағынадағы нұсқаны келтіреді.
  29. 29«Мәида» сүресі, 38-аят.
  30. 30«Мәида» сүресі, 6-аят. Үкімнің сүннеттегі түсіндірмесі жөнінде Бәйһақи, «Әс-Сунан әл-кубра», «Ұрлық» тарауы, 8/271 (№17343).
  31. 31«Ниса» сүресі, 29-аят.
  32. 32Бұхари, «Сауда-саттық», 82 (№2194). Мүслим, «Сауда-саттық», 49–56 (№1534a және жалғасы).
  33. 33Тирмизи, «Уасая» (№2120–2121). Әбу Дәуіт, «Уасая» (№2870).
  34. 34Ибн Мәжа, «Ахкам» (№2340–2341). Абдулла ибн Ахмадтың әкесінің «Муснадына» қосымшасы (5-том, 326-бет).
  35. 35Бұхари, «Зекет» (№1483). Тирмизи, «Зекет» (№639). Мәтін Тирмизи нұсқасынан.
  36. 36Тирмизи, «Таһарат» (№69). Әбу Дәуіт, «Таһарат» (№83).
  37. 37Бұхари, «Азан» (№631). Ахмад ибн Ханбал, «Муснад» (5-том, 53-бет, №20530), мағыналас нұсқа.
  38. 38Бұхари, «Салат» (№456). Мүслим, «Никах» (№1401).
  39. 39Бұхари, «Худуд» (№6786). Мүслим, «Фадаил» (№2327a, №2328a).
  40. 40Әбу Дәуіт, «Ақдия» (№3592). Тирмизи, «Ахкам» (№1327). Тирмизи риуаяттың иснады тұтас жетпегенін ескерткен.
  41. 41Әбу Дәуіт, «Таһарат» (№338). Дәрими, «Таһарат», «Тәйәммүм» тарауы (№744).
  42. 42Бұхари, «Салат әл-хауф» (№946), «Мағази» (№4119). Мүслимнің «Жиһад және жорықтар» кітабындағы №1770 нұсқасында бесін намазы аталады.
  43. 43Бұхари, «Бәд әл-уахи» (№6). Мүслим, «Фадаил» (№2308a).
  44. 44Бұхари, «Мәнақиб» (№3549). Мүслим, «Фадаил» (№2337c).
  45. 45Қ. Құрманбаев, «Хадис ілімі (тарихы және әдіснамасы)». Алматы, «Нұр-Мүбарак» баспасы, 2-басылым, 2014, 21–23-беттер.
  46. 46Бұхари, «Ілім», 38 (№107, 110). Мүслим, «Зүһд», 72 (№3004).
  47. 47Бұхари, «Иститаба», 6 (№6930). Әбу Дәуіт, «Сүннет», 28 (№4767).
  48. 48Тирмизи, «Ілім», 9 (№2662). Ибн Мәжа, «Мұқаддима», 5 (№38–41).
  49. 49Омардың куфалықтарға хаты: Табарани, «Әл-Мұғжам әл-кәбир», 9/86. Әбу Мұса әл-Ашғаридің риуаяты: Бұхари, «Сахабалардың артықшылықтары» (№3763).
  50. 50Ибн Мәжа, «Мұқаддима», 3 (№23). Ахмад ибн Ханбал, «Муснад», 1/452.
  51. 51Бұхари, «Ілім», 38 (№107). Хадистің өзге нұсқалары: Мүслим, «Мұқаддима», 1–4, «Зүһд», 72 (№3004).
  52. 52Ибн Мәжа, «Мұқаддима», 4 (№36).
  53. 53Дарими, «Мұқаддима», 25 (№241). Бұхари, «Ілім», 38 (№108).
  54. 54Абдуррахман ибн Әбу Ләйланың сөзі: Ибн Сағд, «Әт-Табақат әл-кубра», 6/109–110. Ибн Масғұдтың ескертуі: Ибн Мәжа, «Мұқаддима», 3 (№23). Ахмад ибн Ханбал, «Муснад», 1/452. Мұхаммед туралы: Түркия Дін қорының «Ислам энциклопедиясы», «Мұхаммед ибн Абдуррахман ибн Әбу Ләйла» мақаласы.
  55. 55Абдулла ибн Әрқамның қазынашылық қызметі: әз-Зәһәби, «Сияр ағлам ән-нубала», «Абдулла ибн Әрқам» тарауы. Кілтті тапсыруы: Ибн Кәсир, «Әл-Бидая уән-ниһая», 37-жылы қайтыс болғандар туралы тарау. Зәйд ибн Әрқамның жауабы: Ибн Мәжа, «Мұқаддима», 3 (№25).
  56. 56Ахмад ибн Ханбал, «Муснад», 2/88. Ибн Омардың нұсқасы: Мүслим, «Мұнафықтардың сипаттары» (№2784a).
  57. 57Ахмад ибн Ханбал, «Муснад», 2/68 (№5359).
  58. 58Хатиб әл-Бағдади, «Әл-Кифая фи илм әр-риуая», 177-бет (Дар әл-Китаб әл-Араби басылымында 212-бет).
  59. 59Бұхари, «Дұғалар», 6 (№6311, «Дар Тауқан-Нажат» басылымы).
  60. 60Дарими, «Мұқаддима», 51 («Ілімді өзара талқылау» тарауы).
  61. 61Тирмизи, «Ілім», 19 (№2682). Әбу Дәуіт, «Ілім», 1 (№3641). Ибн Мәжа, «Мұқаддима», 17 (№223).
  62. 62Тирмизи, «Фараид», 10 (№2101). Ибн Мәжа, «Фараид», 4 (№2724). Мәлик, «Муатта», «Фараид», 4.
  63. 63Ибн Кәсир, «Әл-Бидая уән-ниһая», 3/129. Әли әл-Қари, «Әл-Маснуғ», 98-бет. Ажлуни, «Кәшф әл-хафа», 1/449–450.
  64. 64«Иншиқақ» сүресі, 8-аят.
  65. 65Бұхари, «Ілім», 35 (№103). Мүслим, «Жәннат», 79 (№2876).
  66. 66Хадистегі «жеті әріп» (сабғату ахруф) тіркесін ғалымдар әрқалай түсіндірген. Бір түсіндірмеде ол араб тіліндегі бірнеше тілдік нұсқаны білдіреді. Осман (р.а.) тұсында мұсхаф көшірмелерін әзірлегенде, пікір алшақтаған тұстарда құрайыш тілін негізге алу тапсырылған (Бұхари, «Фәдәил әл-Құран», №4987).
  67. 67Бұхари, «Хусумат», 4 (№2419), «Фәдәил әл-Құран», №4992. Мүслим, «Мусафирин», 270 (№818). Тирмизи, «Қираат», 9 (№2943). Әбу Дәуіт, «Уитр», 22 (№1475). Нәсәи, «Ифтитах», 37 (№936).
  68. 68Бұхари, «Исти’зан», 13 (№6245). Мүслим, «Әдеп», 33–37 (№2153–2154). Әбу Дәуіт, «Әдеп», 127–128 (№5180–5181). Омардың соңғы сөзі Мәликтің «Муаттасында» келтірілген. Қараңыз: Ибн Абдулбәрр, «Әт-Тәмһид», 3/197–200.
  69. 69Осы нұсқа Хумәйдидің «Муснәдінде» келтірілген (1/189). Мағыналас риуаяттар: Бұхари, «Мәзалим», №2442. Мүслим, «Бирр», №2580.
  70. 70Ахмад ибн Ханбал, «Әл-Муснәд», 4/153, 159. Хумәйди, «Әл-Муснәд», 1/189 (басылымына қарай №379 немесе №388).
  71. 71Ахмад ибн Ханбал, «Әл-Муснәд», 3/495. Бұхари, «Әл-Әдәб әл-муфрад», 337-бет (№970). Хаким, «Әл-Мүстәдрак», 2/475.
  72. 72Хатиб әл-Бағдади, «Әр-Рихлә фи талаб әл-хадис», 127-бет, «Әл-Кифая фи илм әр-риуая», 127-бет. Зәһәби, «Тәзкират әл-хуффаз», 1/56.
  73. 73Ибн Әбу Шәйба, «Әл-Мусаннаф», 5/285. Хатиб әл-Бағдади, «Әр-Рихлә фи талаб әл-хадис», 198-бет.
  74. 74Тирмизи, «Ілім», 19 (№2682). Ибн Мәжа, «Муқаддима», 17 (№223). Дарими, «Муқаддима», 32.
  75. 75Хатиб әл-Бағдади, «Әл-Кифая фи илм әр-риуая», 177-бет.
  76. 76Дарими, «Муқаддима», 47. Ибн Сағд, «Әт-Табақат әл-кубра», 7/113. Хатиб әл-Бағдади, «Әр-Рихлә фи талаб әл-хадис», 93-бет. Ибн Абдулбәрр, «Әт-Тәмһид», 1/56.
  77. 77Иснад – хадисті бірінен бірі жеткізген риуаятшылар тізбегі.
  78. 78Мүслим, «Муқаддима», 5 (№27).
  79. 79Мүслим, «Муқаддима», 5 (№21).
  80. 80Рамаһүрмүзи, «Әл-Мухаддис әл-фасыл», 208-бет. Ибн Абдулбәрр, «Әт-Тәмһид», 1/43 (басқа басылымда 1/55). Қараңыз: Бұхари, «Дағуат», №6404. «Ол тірілтеді әрі өлтіреді» тіркесі әт-Табаранидегі нұсқада кездеседі («Әл-Муғжам әл-кәбир», № 4021).
  81. 81Ибн Хажар, «Тәһзиб әт-тәһзиб», 2/395, 6/397. Рамаһурмузи, «Әл-Мухаддис әл-фасыл», 395-б.
  82. 82Хатиб әл-Бағдади, «Әл-Жамиғ ли ахлақ әр-рауи уә адаб әс-самиғ», 2/192 (№1581). Миззи, «Тәһзиб әл-камал», 31/557. Бажи, «Әт-Тағдил уәл-жарх», 1/290.
  83. 83Мәһір – неке қиылғанда әйелдің күйеуінен алуға құқылы мүлкі.
  84. 84«Ниса» сүресі, 20-аят.
  85. 85Бәйһақи, «Әс-Сүнән әл-кубра», 7/233. Ажлуни, «Кәшф әл-хафа», 1/317. Бәйһақи әйелдің уәжін баяндайтын осы риуаяттың иснады үзік екенін көрсеткен.
  86. 86Мүслим, «Сахих», кіріспе, 5-тарау (№88).
  87. 87Ибн Хажар, «Тәһзиб әт-тәһзиб», 5/153. Ибн Хиббан, «Әл-Мәжрухин», 2/15.
  88. 88Сахауи, «Әл-Иғлан бит-тәубих лимән зәммә әһл әт-тарих», 66-б.
  89. 89Иллә (көпше түрі – иләл) – хадистің иснадында немесе мәтінінде бірден байқалмайтын, риуаяттың дұрыстығына нұқсан келтіретін жасырын кемшілік. Оны арнайы зерттеу арқылы анықтайды. Иләл еңбектері осындай кемшіліктерді талдауға арналған.
  90. 90Сахауи, «Әл-Иғлан бит-тәубих лимән зәммә әһл әт-тарих», 66-б.
  91. 91Ибн Абдулбарр, «Әт-Тәмһид», 1/47.
  92. 92Хаким, «Әл-Мәдхал иләс-Сахих», 111-б. Бажи, «Әт-Тағдил уәл-жарх», 1/282. Әбу Нуайм, «Әл-Муснәд әл-мустахраж», 1/53.
  93. 93Ажлуни, «Кәшф әл-хафа», №2016. Әли әл-Қари, «Әл-Маснуғ», 141-б.
  94. 94Нәбһани, «Жамиғ карамат әл-әулия», 2/158. «Әл-Фатх әл-кәбир», 1/7.
  95. 95Миззи, «Таһзиб әл-камал», 24/443. Хатиб әл-Бағдади, «Тарих Бағдат», 2/9. Зәһәби, «Сияр ағлам ән-нубала», 12/402.
  96. 96Ибн Хажар әл-Асқалани, «Әл-Қаул әл-мусаддад фи-з-забб ған Муснад Ахмад», 1–45-бб.
  97. 97Суюти, «Тадриб әр-рауи», 1/278–279. Зәһәби, «Мизан әл-иғтидал», 1/131.
  98. 98Суюти, «Әл-Ләали әл-маснуға», 1/2. «Тадриб әр-рауи», 1/278–279.
  99. 99Суюти, «Табақат әл-хуффаз», 522-б. Сахауи, «Әл-Жауахир уәд-дурар», зәмзәм суы туралы тарау.
  100. 100Ажлуни, «Кәшф әл-хафа», 1/154, 472. «Адамдардың ең қайырлысы» риуаятын әл-Албани «Сахих әл-жамиғта» хасан деп бағалаған (№3289).
  101. 101«Хижр» сүресі, 9-аят.
  102. 102Әс-Суюти, «Тадрибур-рауи», 1/278. Әл-Ажлуни, «Кәшфул-хафа», 1/33.
  103. 103Әл-Ажлуни, «Кәшфул-хафа», 1/36.
  104. 104Әли әл-Қари, «Әл-Мәснуғ», 1/45. Әл-Ажлуни, «Кәшфул-хафа», 1/44.
  105. 105Әли әл-Қари, «Әл-Мәснуғ», 1/204. Әл-Ажлуни, «Кәшфул-хафа», 2/454.
  106. 106Әли әл-Қари, «Әл-Мәснуғ», 1/78. Әл-Ажлуни, «Кәшфул-хафа», 1/341.
  107. 107Мүслим, «Таһарат», 1 (№ 223). Тирмизи, «Дұға», 86 (№ 3517, дәрет туралы мазмұндас нұсқа).
  108. 108Ибн Ади, «әл-Камил», 7/147; әл-Ажлуни, «Кәшфул-хафа», 1/356–357.
  109. 109әл-Ажлуни, «Кәшфул-хафа», 2/421.
  110. 110Әл-Ажлуни, «Кәшфул-хафа», 1/154.
  111. 111«Фатыр» сүресі, 28-аят.
  112. 112«Зумәр» сүресі, 9-аят.
  113. 113Тирмизи, «Ілім», 19 (№ 2682). Әбу Дәуіт, «Ілім», 1 (№ 3641).
  114. 114Бұхари, «Тәпсір» (48-сүре), 3 (№ 4838), «Буюғ», 50 (№ 2125). Ахмад ибн Ханбал, «Әл-Мүснад», 2/174. Дарими, «Мұқаддима», 2.
  115. 115«Ағраф» сүресі, 157-аят.
  116. 116«Фәтх» сүресі, 29-аят.
  117. 117Хусейін әл-Жиср, «Рисаләи-хамидия», 52–94-бет.
  118. 118Бәдиүззаман, «Мухакамат», 56-бет.
  119. 119Бұхари, «Саум», 55, «Әдеп», 84, «Неке» (№ 5199), «Фадаилул-Құран» (№ 5052). Мүслим, «Саум», 182.
  120. 120Тәуәссул – Аллаға жақындауға себеп іздеу.
  121. 121Бұхари, «Истисқа», 3 (№ 1010), «Фадаилул-асхаб», 11 (№ 3710).
  122. 122«Мәида» сүресі, 35-аят.
  123. 123Жұмадағы жаңбыр тілеу туралы Әнәс риуаяты – Бұхари, «Истисқа» (№ 1013, 1015), Мүслим, «Истисқа» (№ 897a).
  124. 124Дұғаның Жәбир жеткізген нұсқасы – Әбу Дәуіт, «Истисқа» (№ 1169).
  125. 125Айша жеткізген нұсқа – Әбу Дәуіт, «Истисқа» (№ 1173).
  126. 126Бұхари, «Ижара», 12 (№ 2272). Мүслим, «Зікір», 100 (№ 2743a).
  127. 127Ибн Мәжа, «Иқама», 189 (№ 1385). Тирмизи, «Дұға», 118 (№ 3578).
  128. 128Әл-Хаким, «Әл-Мүстәдрак», 1/707.
  129. 129«Мәида» сүресі, 35-аят.
  130. 130Бұхари, «Дәрет», 33 (№ 172). Мүслим, «Таһарат», 90–91 (№ 279d). Тирмизи, «Таһарат», 68. Әбу Дәуіт, «Таһарат», 37. Нәсәи, «Таһарат», 50. Ибн Мәжа, «Таһарат», 31. Ахмад ибн Ханбал, «Әл-Мүснад», 2/245, 253, 460.
  131. 131Сарахси, «әл-Мабсут» 1/48; Кәсани, «Бәдәиус-санаи» 1/64; Марғинани, «әл-Һидая», 1/23.
  132. 132Бұхари, «Тыб», 58 (№ 5782), «Бәдул-халқ», 17 (№ 3320). Әбу Дәуіт, «Әтғима», 48. Нәсәи, «Әл-Фарағ уәл-атира», 11. Ибн Мәжа, «Тыб», 31. Дарими, «Әтғима», 12. Ахмад ибн Ханбал, «Әл-Мүснад», 2/229, 246.
  133. 133Бұхари, «Мекке мен Мәдина мешіттеріндегі намаздың артықшылығы», 1, 6 (№ 1189), «Саум», 67, «Жазаус-сайд», 26. Мүслим, «Хаж», 511 (№ 1397a).
  134. 134Бұхари, «Мекке мен Мәдина мешіттеріндегі намаздың артықшылығы», 1, 6 (№ 1189), «Саум», 67, «Жазаус-сайд», 26. Мүслим, «Хаж», 511 (№ 1397a).
  135. 135«Исра» сүресі, 1-аят.
  136. 136Мәймунаның риуаяты – Мүслим, «Хаж», 510 (№ 1396). Намаздың артықшылығы туралы мазмұндас нұсқалар – Бұхари, № 1190. Тирмизи, «Мауақит», 126. Нәсәи, «Мәнасиқ», 124. Ахмад ибн Ханбал, «Әл-Мүснад», 6/333.
  137. 137Бұхари, «Иғтисам», 10, «Таухид», 29 (№ 7311, 7460). Мүслим, «Имара», 170 (№ 1920). Мәтін Мүслимнің нұсқасынан алынған.
  138. 138Бұхари, «Таухид», 29. Мұғаздың Шам туралы сөзі Бұхаридің № 3641 риуаятында келтірілген.
  139. 139Бұхари, «Дәрет», 26 (№ 162). Мүслим, «Таһарат», 87–88 (№ 278). Әбу Дәуіт, «Таһарат», 50 (№ 105). Тирмизи, «Таһарат», 19 (№ 24). Мәтін Әбу Дәуіттің нұсқасынан алынған.
  140. 140Бұхари, «Салат», 1 (№ 349). Мүслим, «Иман», 263 (№ 163). Тирмизи, «Салат», 45 (№ 213). Нәсәи, «Салат», 1 (№ 448).
  141. 141Бұхари, «Риқақ», 43, «Таухид», 31, «Хусумат», 1 (№ 2411), «Әнбия», 31 (№ 3408). Мүслим, «Фадаил», 160 (№ 2373).
  142. 142Бұхари, «Буюғ», 102 (№ 2222), «Әнбия», 49 (№ 3448). Мүслим, «Иман», 242–247 (№ 155). Әбу Дәуіт, «Малахим», 14. Тирмизи, «Фитән», 21, 54. Ибн Мәжа, «Фитән», 33. Ахмад ибн Ханбал, «Әл-Мүснад», 2/240, 394, 538, 4/6–7.
  143. 143Мүслим, «Фитән», 25 (№ 2892). Ахмад ибн Ханбал, «Әл-Мүснад», 5/341. Әт-Табарани, «Әл-Муғжамул-кабир», 17/28.
  144. 144Бұхари, «Азан», 18 (№ 631). Ахмад ибн Ханбал, «Әл-Мүснад», 5/53.
  145. 145Мүслим, «Хаж» (№ 1297). Нәсәи, «Мәнасиқ», 220 (№ 3062). Ахмад ибн Ханбал, «Әл-Мүснад», 3/318.
  146. 146Мүслим, «Фадаил», № 2325. Әнәс Пайғамбардың (с.а.с.) шашын алдырған кездегі оқиғаны риуаят еткен.
  147. 147Бұхари, № 3107. Тирмизи, «Әш-Шамаил әл-мұхаммадия», «Пайғамбардың аяқкиімі туралы», № 76. Әс-Суюти, «Тарихул-хулафа», «Халифаларға жеткен Пайғамбар шапаны туралы» тарау.
  148. 148Ахмад ибн Ханбал, «Әл-Мүснад», 1/210 (№ 1790). Ибн әл-Жаузи, «Сыфатус-сафуа», 1/285.
  149. 149Тирмизи, «Ілім», 19 (№ 2682). Әбу Дәуіт, «Ілім», 1 (№ 3641).
  150. 150Шағрани, «әт-Табақатул-кубра», 1/209; әз-Заһаби, «Сияру ағламин-нубала», 8/459.
  151. 151Дарими, Муқаддима, 51; Ибн Әбу Шәйбә, «әл-Мусаннаф», 5/285.
  152. 152Қасым ибн Құтлубоға, «Тажут-таражим», 183-б.
  153. 153Рамәхурмузи, «әл-Мухаддисул-фасыл», 560-б.
  154. 154Рамәхурмузи, «әл-Мухаддисул-фасыл», 560-б.
  155. 155Хатиб әл-Бағдади, «Тариху Бағдат», 2/20–21; Ибн Хажар, «Хәдиус-сари», 487-б.
  156. 156әз-Заһаби, «Тәзкиратул-хуффаз», 2/556; Ибн Хажар, «Тәхзибут-тәхзиб», 9/45.
  157. 157әз-Заһаби, «Сияру ағламин-нубала», 12/464–465.
  158. 158Мұғаллақа – Исламға дейінгі арабтың әйгілі жырларына берілген атау. Олардың Қағбаға ілінгені туралы пікір әдеби дәстүрде айтылады.
  159. 159Ибн әл-Әсир, «Усдул-ғаба», 7/90; Ибн Хажар, «әл-Исабә», 7/616; Омер Рыза Кеххале, «Аламун-ниса», 1/370.
  160. 160Бұхари, «Салат», 68 (№ 453). Мүслим, «Фадаилус-сахаба», 151–152 (№ 2485c).
  161. 161Тирмизи, «Истизан», 22 (№ 2715). Әбу Дәуіт, «Ілім», 2 (№ 3645). Ахмад ибн Ханбал, «Әл-Мүснад», 5/186.
  162. 162Бұхари, «Азан», 148, 150 (№ 831). Мүслим, «Салат», 55–59 (№ 402).
  163. 163Мүслим, «Салат», 60 (№ 403a). Әбу Дәуіт, «Салат», 182 (№ 974). Тирмизи, «Мауақит», 100 (№ 290).
  164. 164Муатта, Нида 53–55; Ибн Әбу Шәйбә, «әл-Мусаннаф» 1/261; әл-Хаким, «әл-Мүстәдрак», 1/398.
  165. 165әл-Хайсәми, «Мәжмағуз-зауаид», 2/141–144.
  166. 166Бұхари, «Фадаилул-Құран», 5 (№ 4991). Мүслим, «Мусафирин», 264, 270 (№ 818).
  167. 167Бұхари, «Тағбир», 11 (№ 7013). Мүслим, «Мәсажид», 5 (№ 523).
  168. 168Ибн Манзур «Лисанул-Араб», Бейрут, 1968; «Әл-Муғжәму әл-Уасыйт», Ыстанбұл, 1996.
  169. 169Мужтәба Уғур «Хадис терминология сөздігінің энциклопедиясы», Анкара, 1992, 398-бет.
  170. 170Талғат Кочжигит «Хадис тарихи», Анкара, 1998, 199-бет.
  171. 171Талғат Кочжигит «Хадис терминологиясы», 436-бет.
  172. 172И.Лутфи Чакан «Хадис едебиаты», Ыстанбұл, 1997, 16-бет.
  173. 173Сонда, 16-бет.
  174. 174Ибн Әбу Хатым, «Тақдиматул-жәрх», 46-б; Хатиб әл-Бағдади, «әл-Кифая фи илмир-риуая», 354-б. Әбу Һурайраның жазбасы туралы хабар – Ибн Абдулбарр, «Жамиғу баянил-илм», № 422. Бағасы – Ибн Хажар, «Фатхул-Бари», 1/260.
  175. 175М.Ажжаж, әл-Хатиб, әс-Сүннәту қаблат-тәдуин, 298-бет.
  176. 176Ибн Сағд, «әт-Табақатул-кубра», 2/22.
  177. 177Ахмад Мұхаммед Шакир, «әл-Баисул-хасис», 132–139-беттер.
  178. 178Тирмизи, «Ілім», 11 (№ 2665). Хатиб әл-Бағдади, «Тақйидул-илм», 32–33-беттер.
  179. 179Мүслим, «Зуһд», 72 (№ 3004). Ахмад ибн Ханбал, «Әл-Мүснад», 3/12. Дарими, «Мұқаддима», 42.
  180. 180Хатиб әл-Бағдади, «Тақйидул-илм», 34-бет. Кейінгі басылымда № 13–14, 67–68-беттер. Басылымды әзірлеген ғалым екі риуаяттың да жеткізушілер тізбегін әлсіз деп бағалаған.
  181. 181Бұхари, «Ілім», 39 (№ 113). Тирмизи, «Ілім», 12 (№ 2668). Ахмад ибн Ханбал, «Әл-Мүснад», 2/248.
  182. 182Әбу Дәуіт, «Ілім», 3 (№ 3646). Ахмад ибн Ханбал, «Әл-Мүснад», 2/162, 192. Дарими, «Мұқаддима», 43.
  183. 183«Нәжм» сүресі, 3–4-аяттар.
  184. 184Тирмизи, «Ілім», 12 (№ 2666). Әт-Табарани, «Әл-Муғжамул-аусат», 3/169.
  185. 185Хатиб әл-Бағдади, «Тақйидул-илм», 73 б; Ұқсас риуаяттар үшін қараңыз: Ахмад ибн Ханбал, «әл-Мүснад», 2/215; әл-Хайсәми, «Мәжмағуз-зауаид», 1/151.
  186. 186Дарими, Диат, 1,3,11,12; Ибн Хажар, «әл-Исабә», 6/228, 3/629; Ибн Хишәм, «әс-Сиратун-нәбәуия», 5/294.
  187. 187Дарими, Муқаддима, 43; Ибн Әбу Шәйбә, «әл-Мусаннаф», 5/313; Хаким, «әл-Мүстәдрак», 1/188.
  188. 188Бұхари, «Ілім», 39 (№ 112), «Луқата», 7 (№ 2434). Тирмизи, «Ілім», 12 (№ 2667). Әбу Дәуіт, «Ілім» (№ 3649), «Мәнасиқ», 89, «Дият», 4.
  189. 189Бұхари, «Ілім», 39 (№ 114), «Марда», 17. Мүслим, «Уасия», 22 (№ 1637).
  190. 190Бұхари, «Ілім», 42 (№ 120). Ибн Сағд, «Әт-Табақатул-кубра», 2/362, 4/331.
  191. 191Бұхари, «Ілім», 39 (№ 111), «Жиһад», 171, «Дият», 24, 31. Тирмизи, «Дият», 16.
  192. 192Әбу Дәуіт, «Зекет», 5 (№ 1568). Тирмизи, «Зекет», 4 (№ 621).
  193. 193Ибн Сағд, «әт-Табақатул-кубра», 5/293.
  194. 194Құжатта «мүміндер» мен «мұсылмандардың» қатар аталуын автор алғашқы қауымның құрамымен байланыстырады.
  195. 195Ибн Хишам, «әс-Сиратун-нәбәуия», 3/31.
  196. 196Дарими, Диат, 12; Ибн Хишам, «әс-Сиратун-нәбәуия», 5/294; Ибн Хажар, «әл-Исабә», 6/228, 596.
  197. 197Хатиб әл-Бағдади, «әл-Кифая», 330-б.
  198. 198Ибн әл-Әсир, «Усдул-ғаба», 3/350.
  199. 199Ибн әл-Әсир, «Усдул-ғаба», 3/349; Субхи Салих, Хадис илимлери ве хадис ыстылахлары, 22-б.
  200. 200Санғани, «Таудихул-әфкар», 1/91.
  201. 201Ибн әл-Жаузи «Маудуғат» 1/37–38-беттер; әс-Суюти, «Әл-Ләалиул маснуғ фил әхәдисил маудуғ» 2/468-бет.
  202. 202Мәудуғ хадис – Алла елшісінің атынан ойдан шығарылған жалған хабар.
  203. 203Қ.Құрманбаев «Хадис ілімі тарихы және әдіснамасы», 98-бет.
  204. 204әз-Заһаби «Тәзкиратул-Хуффаз» 1/5-бет.
  205. 205Али Иардым «Хадис», 1/31-бет.
  206. 206Ибн Сағд «Табақат» 5/467-бет; әз-Заһаби «Тәзкира»1/ 43-бет; Ахмад ибн Ханбал «Муснад» 2/ 158–226-беттер.
  207. 207Тирмизи, «Иман», 13 (№ 2630). Ахмад ибн Ханбал, «Әл-Мүснад», 4/73. Тирмизи бұл нұсқаны хасан-сахих деп бағалаған. «Дар әс-Салам» басылымының бағасы – әлсіз.
  208. 208Мүжәддид – дінді түсіндіру мен ұстануда жаңғыруға үлес қосқан тұлға.
  209. 209Нақду рижал – хадис жеткізушілердің сенімділігін зерттеп, бағалайтын ілім.
  210. 210Бұхари, «Ілім», 34-тараудың кіріспесі. Онда Омар ибн Абдулазиздің Әбу Бәкір ибн Хазмға жазған хаты берілген.
  211. 211Ибн Хажар, Хәдиус-Сәри, 4-б.; Ажжаж әл-Хатиб, әс-Сүннә қабләт-тәдуин, 337-б.
  212. 212Адалат — хадис ілімінде рауидің тақуалығы мен адамгершілік тұрғыдан сенімділігін білдіретін сипат.
  213. 213Дабт — рауидің хадисті жадында не жазбасында дәл сақтап, алған күйінде жеткізе білуі.
  214. 214Иақини — анық әрі кесімді білімге негізделген.
  215. 215Занни — басым жорамалға негізделген.
  216. 216Төрт хадистің дереккөздері ретімен: Бұхари (№1), Мүслим (№1907). Тирмизи (№2317). Бұхари (№13), Мүслим (№45). Бұхари (№52), Мүслим (№1599a).
  217. 217Ибн Аббастан жеткен хадис: Мүслим, «Бирр» (№2604a).
  218. 218«Иктифаул-қунуғ», 1-том, 131-бет.
  219. 219«Кәшфуз-зунун». Мұхаммед Заһид әл-Кәусари, «Тәржаматул-Айни».
  220. 220Бәдруддин әл-Айни, «Ғиқдул-жуман фи тарихи әһлиз-заман», һижри 650 жылдан кейінгі оқиғалар. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы, 1-том. Бас редакторы Ә. Нысанбаев. Алматы, «Қазақ энциклопедиясы».
  221. 221Тирмизи, «Ілім» (№2658). Ұқсас нұсқасы: №2657.
  222. 222Ар-Рамаһурмузи, «Әл-Мухаддисул-фасил», 163-бет. Әз-Зәһәби, «Мизанул-иғтидал», 1-том, 127-бет (риуаятты жарамсыз деп бағалаған).