1. Әзірет Сүлеймен туралы бұл қисса түрлі нұсқада жеткен. Бірінде кейбір сөздер түсіп қалса, екіншісінде қосымшалар бар. Сол риуаяттардың бірқатарын Бұхари келтірген.
• Риуаяттарда әзірет Сүлейменнің әйелдерінің саны алпыс, жетпіс, тоқсан, тоқсан тоғыз немесе жүз деп әртүрлі көрсетілген. Ибн Хажар мұны былай жорамалдайды: «Алпысы азат әйелдері, қалғаны күңдері болуы мүмкін немесе керісінше. Жетпіс – көптікті білдіретін әсірелеу. Тоқсан мен жүздің айырмасы санының тоқсаннан асып, жүзге жетпегенінен болуы мүмкін. Бірінде артық бөлігі айтылмай, тоқсан делінген, екіншісінде дөңгелектеп, жүз деген». Уаһб ибн Мунаббиһ жеткізген бір риуаят бойынша, әзірет Сүлейменнің мың әйелі болған. Үш жүзі – мәһірмен некелескен азат әйелдер, жеті жүзі – күңдер. Әл-Мустадрактағы осыған үндес риуаятта әзірет Сүлейменнің шыныдан салынған мың үйі болғаны, олардың ағаштан жасалған бөліктерінде үш жүз азат әйелі мен жеті жүз күңі тұрғаны айтылады.
• Әзірет Сүлеймен (а.с.) игі ниетпен әр әйелінің Алла жолында күресетін ұл туғанын қалаған. Үлкен үмітке беріліп, сөзін шартқа байлауды ескермеген. Оның мақсаты – жақсылық және Алланың разылығы. Кейбір ізгі сәлафтар: «Алла елшісі (с.а.с.) осы хадисте алдымен Алланы еске алмай, бір істі атқарамын деп айтпауды ескерткен», – деген. Олардың түсіндіруінше, Сүлейменнің өз мақсатына берілгені сонша, «Алла қаласа» деуді ұмытып, көздегенінен құр қалған.
• «Алла қаласа» деп айтуды ескерткеннің Сүлейменнің серігі ме, періште ме екені жайында пікір әртүрлі. Кейбір нұсқада «серігі немесе періште», кейбірінде «серігі, яғни періште» делінген. Бұл оның періште болғаны туралы сөзді Пайғамбарымыз айтқанын білдірмейді, рауилердің кейінгі түсіндірмесі болуы мүмкін. Сондықтан ескерткен адам кітаптан білімі бар Асаф ибн Бархия еді деген жорамалдың берік дәлелі жоқ дейтіндер де бар.
«Серік» пен «періште» сөздері бір-біріне қайшы емес. «Серік» сөзінің мағынасы кеңірек. Әзірет Сүлейменнің жындар мен адамдар арасынан да көмекшілері мен кеңесшілері болған.
• Әзірет Сүлейменнің «Алла қаласа» демеуі ондай ниеттің жүрегінде болмағанын білдірмейді. Пайғамбар ретінде ол бұл сөздің мәнін терең сезінген. Алғашында оны жүрегінде сезінуді жеткілікті санаған, кейін өзіне мәлім бір себеппен тілімен айтуды ұмытқан. Соның салдарынан күткені орындалмай, денесі жартылай жетілген бала ғана туған. Алла елшісі (с.а.с.): «Алла қаласа дегенде, антын бұзған болмас еді», – деген. Яғни сөзі орындалып, айтқанындай Алла жолында соғысатын атты жауынгерлер дүниеге келер еді. Риуаяттарда осы мағына әртүрлі сөзбен берілген.
2. Ғалымдар хадистен бірқатар тұжырым жасаған:
• Игі іске себепші болу – абзал.
• Рұқсат етілген әрі ләззат беретін көптеген іс ізгі ниетпен мұстахаб дәрежесіне көтеріледі.
• Алдағы уақытта бір іс істейтінін айтқан кісінің «Алла қаласа» деуі – мұстахаб.
• Антқа «Алла қаласа» деген сөз қосылса, анттың міндеттеуші үкімі жойылады. Ғалымдар осы сөз антпен бірге айтылса, соның үкімі жүрмейтініне бірауыздан келіскен. Ант пен осы сөздің арасына қысқа сөз түссе, үкім өзгермейді дегендер де бар.
• Хадис анттың міндеттеуші үкімін жою үшін «Алла қаласа» деген сөзді тілмен айту шарт екенін көрсетеді. Оны іштей ниет етудің өзі жеткіліксіз. Ғалымдар бұған да бірауыздан келіскен.
• Хадистен пайғамбарлардың құлшылық пен білімге көп уақыт арнағанына қарамастан, еркектік қуаты ерекше болғаны аңғарылады. Автор мұны Алла елшісінің (с.а.с.) өмірінде көрінген айқын мұғжизалардың бірі санайды. Ол құлшылықпен, білім мен дінді таратумен, ел ісімен айналысқан. Аз тамақтанғанына, жоқшылық көргеніне қарамастан, бойында бұл қуат та мол болған. Бір түнде он бір әйеліне барып, бір рет ғұсыл алғаны туралы риуаят бар. Кейбір ғалымдар осы риуаяттарға сүйеніп, тақуалықты ұстанған адамның бойында бұл қуат күштірек болады деген. Олар мұны тақуалықтан алыс адамның көз салу не басқа жолдармен өз қуатын кемітетінімен түсіндірген.
• Басым болжамға сүйеніп, болашақ іс туралы айтуға болады. Әзірет Сүлеймен бұл сөзін уахиға емес, өз болжамына сүйеніп айтқан. Уахиға сүйенсе, айтқаны толық орындалар еді.
• Пайғамбардың да бір нәрсені ұмытуы не жаңылуы мүмкін. Бұл оның дәрежесін кемітпейді.
• Бұл хадистен ант кезінде Алланың атын атамауға болады деген пікірге дәлел келтірілген. Әзірет Сүлеймен: «Бүгін міндетті түрде тоқсан әйеліме барамын», – деген, бірақ «Аллаға ант етемін» деп айтпаған. Оның сөзі ант болғанына кейбір нұсқадағы «Алла қаласа дегенде, антын бұзған болмас еді» деген сөз дәлел етіледі. Ханис – антын бұзған кісі. Демек, Сүлейменнің сөзіне Алланың аты мағына жағынан сыйып тұр. Осы пікірді ұстанатындар «Ант етемін», «Сертім болсын» деген сөздерді де антқа жатқызады. Ханафилер осы көзқараста. Мәликилер оны ант ниетімен айтса ғана ант санайды. Кейбір шафиғилер мұны толыққанды ант деп есептемейді.
• Тура айту әдепсіз естілетін нәрсені тұспалдап жеткізуге болады. Әзірет Сүлеймен ерлі-зайыптылардың жақындасуын меңзеп: «Әйелдеріме барамын», – деген.