Хадис

АНТ БӨЛІМІ

Кутуб ситтә, 12-том, 941-тарау · 5 хадис · № 5811–5815

АНТ БӨЛІМІ

Хадистер

«Ант» мағынасындағы арабтың «ямин» сөзі «оң қол» дегенді де білдіреді. Сөздің ант мағынасында қолданылуын анттасқанда қол ұстасатын әдетпен байланыстырады. Саудаға келісім жасасқанда қол алысу әлі де кездеседі. Араб тіл мамандары басқа бір түсінік те айтқан. Оң қол бір нәрсені қорғауға жарайды, ал ант ішілген нәрсе сол ант арқылы қорғалады. Сондай-ақ қол алысу әдетіне байланысты анттың өзі де, ант ішілген нәрсе де «ямин» деп аталған. «Ямин» сөзінің көпше түрі – «әйман».

Шариғатта ант Алланың есімін не сипатын атап, сөзді бекіте түсуді білдіреді. Яғни кісі бір істі істейтінін не істемейтінін нықтап, тыңдаушысын сендіру үшін Алланы атап ант етеді. Ант кейде талақ немесе құл азат ету сияқты шартқа да байланады. Мысалы, «Уаллаһи, пәлен істі істедім» не «істемедім» деу – Алланы атап ант ету. «Пәлен істі істесем, құлым азат болсын» не «әйеліме талақ» деу – антты шартқа байлау. Қазақ тілінде «ант» сөзімен қатар «серт» сөзі де қолданылады. Нәзір атау да серттің бір түрі. Бұл еңбекте нәзір мен ант бөлек қарастырылды. Ал хадис кітаптарында өзара жақын болғандықтан, көбіне «Китаб әл-әйман уән-нузур», яғни «Анттар мен нәзірлер кітабы» деген ортақ бөлімде беріледі.

Кейбір дауларда талапты дәлелдеу немесе теріске шығару үшін куәгердің сөзі мен антына жүгінеді. Сол себепті дініміз антқа айрықша мән берген. Аяттар мен хадистерде ант туралы түсіндірмелер бар. Құрандағы тиісті аятты №5727 хадистің тұсында келтірген едік.

Бұл тақырыпта мына сөздер қолданылады:

Бирр – антта тұру.

Барр – антында тұрған кісі.

Ханис – антында тұрмаған, антын бұзған адам.

Ханис күнәға батады. Анттың кәффаратын өтеп, тәубе ету арқылы одан арылуға тырысады.

Ант сөзі және ант етілетін нәрселер

5811
Кутуб ситтә, № 5811 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас

عَنْ اِبْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ لِرَجُلٍ حَلَّفَهُ: احْلِفْ بِاللَّهِ الَّذِي لَا إِلَهَ إِلَّا هُوَ مَا لَهُ عِنْدَكَ شَيْءٌ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) ант беруді ұсынған кісіге: “Өзінен басқа құдай жоқ Алланың атымен ант етіп, талап иесінің сенде ештеңесі жоқ екенін айт”, – деді».1

Түсіндірме

Исламда даулы істе дәлел келтіру талап қоюшының, ал ант беру жауапкердің міндеті саналады. Хадисте Алла елшісі (с.а.с.) жауапкердің қалай ант беруі керегін көрсетеді. Исламда жарамды және жарамсыз анттың аражігі ажыратылған. Әдетте Алланың есімдерімен не сипаттарымен ант етіледі. Ар-намыс секілді ұғымдармен айтылған сөз ант болып есептелмейді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Ақдия 24 (3620).
5812
Кутуб ситтә, № 5812 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنْ اِبْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: أَكْثَرُ مَا كَانَ يَحْلِفُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا، وَمُقَلِّبِ الْقُلُوبِ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا مُسْلِمًا.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) айтады: «Алла елшісінің (с.а.с.) жиі айтатын анты: “Жоқ, жүректерді құбылтушы Аллаға ант етемін!” – деген сөз еді».1

  1. 1Бұхари, Әйман 3, Қадар 14, Тәухид 11; Муатта, Нузур 14; Әбу Дәуіт, Әйман 16 (3263); Тирмизи, Нузур 12 (1540); Нәсәи, Әйман 2, (7, 2, 3).
5813
Кутуб ситтә, № 5813 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Сағид

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِذَا اجْتَهَدَ فِي الْيَمِينِ قَالَ: لَا، وَالَّذِي نَفْسُ أَبِي الْقَاسِمِ بِيَدِهِ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) антын нығайта айтқанда: “Жоқ, Әбул-Қасымның жаны қолында болған Аллаға ант етемін!” – дейтін».1

  1. 1Әбу Дәуіт, Әйман 12 (3264); ибн Мәжа, Кәффарат 1 (2090).
5814
Кутуб ситтә, № 5814 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: كَانَتْ يَمِينُ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ إِذَا حَلَفَ: لَا، وَأَسْتَغْفِرُ اللَّهَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) ант еткенде: “Жоқ, Алладан кешірім сұраймын”, – дейтін».1

  1. 1Әбу Дәуіт, Әйман 12 (3265).
5815
Кутуб ситтә, № 5815 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ قُتَيْلَةَ بِنْتِ صَيْفِيٍّ امْرَأَةٍ مِنْ جُهَيْنَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: أَتَى يَهُودِيٌّ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَقَالَ: إِنَّكُمْ تُنَدِّدُونَ وَإِنَّكُمْ تُشْرِكُونَ، وَتَقُولُونَ: مَا شَاءَ اللَّهُ وَشِئْتَ، وَتَقُولُونَ: وَالْكَعْبَةِ. فَأَمَرَهُمْ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِذَا أَرَادُوا أَنْ يَحْلِفُوا أَنْ يَقُولُوا: وَرَبِّ الْكَعْبَةِ؛ وَأَنْ يَقُولُوا: مَا شَاءَ اللَّهُ ثُمَّ شِئْتَ. أَخْرَجَهُ النَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Жуһайна тайпасынан Қутәйла бинт Сайфи (р.а.) айтады: «Алла елшісіне (с.а.с.) бір яһуди келіп: “Сендер Аллаға теңдес қойып, серік қосасыңдар. ‘Алла қаласа және сен қаласаң’, ‘Қағбаға ант етемін’ дейсіңдер”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) ант етерде: “Қағбаның Раббысына ант етемін”, – деуді және “Алла қаласа, содан кейін сен қаласаң”, – деп айтуды бұйырды».1

Түсіндірме

Адам өзі ұлық санайтын нәрсеге ант етеді. Дінде ең әуелі Алланың заты мен сипаттары сияқты қасиетті нәрселермен ант етіледі. Жаһилият кезінде жұрт кейбір пұттардың атымен де ант ішкен. Алла елшісі (с.а.с.) бұған тыйым салған.

Жоғарыда Алла елшісінің (с.а.с.) әртүрлі түрде ант еткені келтірілді. №5814 хадистегі «Жоқ, Алладан кешірім сұраймын» деген сөз ант секілді айтылып, ойды бекіте түседі. Мағынасы: «Іс айтқанымдай болмаса, Алладан кешірім сұраймын». Бұл анттың орнына жүрмесе де, сөзді күшейту үшін ант орнына айтылған. Әли әл-Қари وَأَسْتَغْفِرُ اللَّهَ сөзінің грамматикасын талдап, былай түсіндіреді: «Алла елшісі (с.а.с.) сөзін нықтап, “Жоқ!” дегенде, “Алладан кешірім сұраймын” дейтін. Яғни “Мен білмеген, Аллаға мәлім жайттар үшін Алладан кешірім сұраймын” дегені. Мұндайда адам есепке тартылмаса да, әбрардың, яғни ізгі құлдардың жақсылығы мұқаррабин, яғни Аллаға жақындар үшін кемшілік саналады».

  1. 1Нәсәи, Әйман 9, (7, 6).