عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَجُلٌ لِلنَّبِيِّ ﷺ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَيُّ الصَّدَقَةِ أَفْضَلُ؟ قَالَ: أَنْ تَصَدَّقَ وَأَنْتَ صَحِيحٌ حَرِيصٌ، تَأْمُلُ الْغِنَى وَتَخْشَى الْفَقْرَ، وَلَا تُمْهِلْ حَتَّى إِذَا بَلَغَتِ الْحُلْقُومَ قُلْتَ: لِفُلَانٍ كَذَا وَلِفُلَانٍ كَذَا، وَقَدْ كَانَ لِفُلَانٍ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Әзірет Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Бір кісі Алла елшісінен (с.а.с.): “Қай садақа ең сауапты?” – деп сұрады. Ол: “Денің сау, дүние қимай, байлықтан үміт етіп, кедейліктен қорқып жүргенде берген садақаң. Жаның алқымыңа келгенше күтпе. Сонда ‘Пәленге мынау, түгенге анау’ дейсің. Ал ол дүние сол кезде онсыз да солардікі болады”, – деді».1
Түсіндірме
Бұл хадис Алла Тағаланың құзырында қай садақаның абзал әрі қабыл болуға лайық екенін көрсетеді. Адам дені сау кезде байлыққа үміттеніп, кедейліктен қауіптенеді де, қолындағы қаржысын қимайды. Осындай көңіл күйде Алланың разылығы үшін мал жұмсау – қабыл болуға лайық құлшылық. Алла елшісі (с.а.с.) адамға садақа беруді ажалы жеткенше кейінге қалдырмай, өмір бойы үзбеуге кеңес береді. Ал дүниеден қол үзіп, ажалы жақындағанда «пәленге мұнша, түгенге сонша» деп берген садақаның қадірі бұрынғыдай бола бермейді. Ол кезде адам қалаған асын жей алмайды, киімін де бұрынғыдай кие алмайды. Денсаулығы әлсіреп, дүниеден ләззат ала алмай, ақыретті көбірек ойлай бастайды. Алла елшісі (с.а.с.) дәл сол кезде берген садақаның құны бұрынғыдай болмайтынын айтқан. Өлім аузында дүниесінің иесі де басқа болады: оны мұрагерлері алады. Сондықтан қартайғанға дейін, өмір бойы осы дүниеден Алланың разылығы үшін үзбей жұмсаған жөн. Ажал аяқ астынан келуі мүмкін, оған дайындалуға мүмкіндік берілеріне ешкім кепіл емес. Қалай болғанда да, адам өмірге құштар шағында берген садақа абзалырақ.
- 1Бұхари, Уасая 7, Зекет 11; Мүслим, Зекет 92 (1032); Әбу Дәуіт, Уасая 3 (2865); Нәсәи, Уасая 1, (6, 237).