Хадис

НӘЗІР БӨЛІМІ

Кутуб ситтә, 12-том, 918-тарау · 2 хадис · № 5727–5728

НӘЗІР БӨЛІМІ

Хадистер

Қазақша «атау» деп аударылатын «нәзір» сөзі араб тіліндегі «ескертіп қорқыту» деген мағынадағы «инзар» сөзінен тараған. Рағиб әл-Исфаһани нәзірді «уәжіп болмаған істі белгілі бір жағдайға байланысты өзіне уәжіп ету» деп түсіндірген. Яғни Алла Тағаланы ұлықтап, разылығына жету үшін рұқсат етілген игі амалды орындауды адам өз мойнына алады. Мысалы, «Ертең ораза ұстаймын» немесе «Ертең осынша рәкат намаз оқимын» деп нәзір ете алады. Құртуби: «Нәзір – орындалуы бұйырылған міндеттердің бірі. Оны орындаған адам мадақталған», – деген.

Нәзір қабыл болуы үшін мойынға алған іс дін құптайтын ғибадат болуы керек. Аллаға қарсы келуге апаратын харам немесе мәкрүһ істі нәзір ету құпталмайды.

Нәзір Алланың разылығы үшін жасалады. Дүниелік мақсатты көздеген нәзір ғибадаттағы ықыласқа қайшы болғандықтан, құны төмен саналады. Мысалы, «Ісім оңалса, осынша намаз оқимын» немесе «Саудам жүрсе, осынша малды садақа етемін» деу. Ғалымдар мұндай нәзір жасалып қойған болса, оны орындау міндет екенін айтқан. Ибн Хажар ең абзал нәзір – шартқа байланбаған нәзір деген. Мысалы, дертінен айыққан адамның «Алла үшін осынша күн ораза ұстауды мойныма алдым» деуі. «Алла шипа берсе» деп шарт қойып, ғибадатты нәзір ету одан кейінгі орында. Ибн Хажар Алланың разылығы көзделмеген нәзірдің құны жоқ екенін айтып, жақтырмаған құлынан құтылу үшін оны азат етуді нәзір еткен адамды мысалға келтірген. Ғалымдар адамға ауыр тиетін істі нәзір ету мәкрүһ, кейде харам болатынын да айтқан.

Нәзірді орындау міндетіне қатысты Құранда былай делінген: ﴿لَّا يُؤَاخِذُكُمُ ٱللَّهُ بِٱللَّغْوِ فِىٓ أَيْمَٰنِكُمْ وَلَٰكِن يُؤَاخِذُكُم بِمَا كَسَبَتْ قُلُوبُكُمْ وَٱللَّهُ غَفُورٌ حَلِيمٌ﴾ «Алла сендерді байыбына бармай айтқан анттарың үшін жауапқа тартпайды. Алайда жүректерің тапқан, жалған анттарың үшін жауапқа тартады. Алла – Ғафур, Халим»1.

Нәзір етуден тыю

5727
Кутуб ситтә, № 5727 · тараудағы реті: 1

عَنْ سَعِيدِ بْنِ الْحَارِثِ قَالَ: سَمِعْتُ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا يَقُولُ: أَوَلَمْ تُنْهَوْا عَنِ النَّذْرِ؟ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ النَّذْرَ لَا يُقَدِّمُ شَيْئًا وَلَا يُؤَخِّرُهُ، وَإِنَّمَا يُسْتَخْرَجُ بِهِ مِنَ الْبَخِيلِ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Сағид ибн әл-Харис былай деген: «Ибн Омардың (р.а.) мына сөзін естідім: “Сендерге нәзір етуден тыйым салынған жоқ па? Алла елшісі (с.а.с.): ‘Нәзір болатын істі ілгері де, кейін де жылжытпайды. Ол тек сараңнан мал шығарады’, – деген еді”».1

  1. 1Бұхари, Қадар 6, Әйман 26; Мүслим, нәзр 3 (1639); Әбу Дәуіт, Әйман 26 (3287); Нәсәи, Әйман 24, (7, 15, 16).
5728
Кутуб ситтә, № 5728 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ النَّذْرَ لَا يُقَرِّبُ مِنْ اِبْنِ آدَمَ شَيْئًا لَمْ يَكُنْ اللَّهُ قَدَّرَهُ لَهُ، وَلَكِنِ النَّذْرُ يُوَافِقُ الْقَدَرَ فَيُخْرَجُ بِذَلِكَ مِنَ الْبَخِيلِ مَا لَمْ يَكُنِ الْبَخِيلُ يُرِيدُ أَنْ يُخْرِجَ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ وَاللَّفْظُ لِمُسْلِمٍ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Нәзір адамға Алла жазбаған еш нәрсені әкелмейді. Нәзір тек жазмышқа сәйкес келеді. Сол арқылы сараң қаламаса да, одан мал шығады”, – деген».1

Түсіндірме

1. Бірінші хадисте жауап берілгенімен, сұрақтың өзі келтірілмеген. Хәкімнің «Мустадрагында» және өзге дереккөздерде Мәсғуд ибн Амрдың Ибн Омарға (р.а.) келіп былай дегені жазылған: «Уа, Әбу Абдуррахман! Ұлым Омар ибн Убәйдулла ибн Мағмармен бірге парсы жерінде еді. Сол жерде ауыр оба жайлады. “Алла ұлымды осы пәледен аман сақтаса, Бәйтуллаһқа жаяу барып, тауап етемін”, – деп нәзір еттім. Ұлым сырқат күйде жаныма келді де, кейін қайтыс болды. Бұған не дейсіз, тауап ету маған уәжіп пе?» Ибн Омар оған: «Сендерге нәзір етуден тыйым салынған жоқ па?» – деп жауап беріп, соңында: «Нәзіріңді орында!» – деген.

2. Хадистегі тыйымның мағынасы жөнінде ғалымдар әртүрлі пікір айтқан.

• Бір топ ғалым хадистің тікелей мағынасын негізге алып, нәзір етуді мәкрүһ санаған.

• Өзге ғалымдар хадисті астарлы мағынада түсіндірген.

• Ибн әл-Әсир «ән-Ниһаяда» былай деген: «Хадистерде нәзірден тыю әлденеше рет келеді. Мұнда нәзірді орындауға баса назар аударылып, адам өзіне уәжіп еткен істі жеңіл санаудан сақтандырылған. Егер мұндағы сөз нәзірдің өзіне тыйым салса, нәзірдің үкімі де, оны орындау міндеті де жойылар еді. Өйткені тыйым салынған нәзір күнәға айналып, оны орындау қажет болмас еді. Алайда нәзірді орындау аятпен бекітілген. Демек, хадистің мағынасы мынадай: нәзір адамға алдын ала пайда әкелмейді, одан зиянды да аластатпайды, Алланың тағдырын да өзгертпейді. Алла сендерге жазбаған нәрсеге нәзір арқылы жетемін немесе Ол белгілеген істі нәзір арқылы өзімнен қайтарамын деп ойламаңдар. Ондай сенімге бой алдырмай нәзір етсеңдер, сөздеріңде тұрып, мойындарыңдағы міндетті өтеңдер».

Ибн Хажар «ән-Ниһаядағы» осы пікірді Ибн әл-Әсирден бұрын да бірқатар ғалымның ұстанғанын айтады. Мәселен, Әбу Убәйдтің түсіндіруінше, хадистің мақсаты нәзірдің күнә екенін айту емес. Әйтпесе Алла Тағала нәзірді орындауға бұйырмас та, нәзірін орындағандарды мадақтамас та еді. Хадис нәзірдің қадірі мен маңызын көрсетіп, оны жеңіл санап, берген сөзін орындаудан жалтармауға шақырады.

• Имам Мәлик бір істі өмір бойы орындауды нәзір етуді мәкрүһ санаған. Мұндайда адам ол істі ықыласпен атқармауы мүмкін. Ибн әл-Мүбәрак: «Аллаға бойсұнуға қатысты нәзір – қайырлы іс. Күнәға жетелейтін нәзір – мәкрүһ немесе харам», – деген.

• Кей ғалымдар «Алла үшін мына істі істеу мойныма міндет болсын» деп шартсыз нәзір етуді құптап, оны сауап санаған. Көпшілік ғалым «Алла шипа берсе, осынша рәкат намаз оқимын» деген секілді шартты нәзірді мәкрүһ көрген. Құртубидің айтуынша, адам нәзірімнің арқасында қалағаным орындалады деп сенсе, үлкен қателікке, тіпті күпірлікке жақын қателікке ұрынуы мүмкін. Кей ғалымдар хадистегі тыйым нәзірін орындамайтыны байқалған кісіге қатысты деген. Өзгелері хадисті жақсылыққа себеп болған іс те жақсылық, жамандыққа себеп болған іс те жамандық деген қағидамен түсіндірген.

3. Ибн әл-Араби бұл хадисте нәзір еткен адамның оны орындауы уәжіп екеніне дәлел бар дейді. «Нәзір сараңнан мал шығарады» деген сөз осыны көрсетеді. Өйткені өз еркіне салынса, сараң малын шығармай отыра берер еді.

4. Бұл хадис «Садақа жаман өлімнен сақтайды» деген хадиске сырттай қайшы көрінуі мүмкін. Ғалымдар мұны былай түсіндірген: садақа жаман өлімнен сақтануға себеп болады. Себеп те, оның нәтижесі де тағдырда жазылған. Алла елшісіне (с.а.с.) «Дем салу Алланың тағдырынан бір нәрсені қайтара ма?» деген сұрақ қойылғанда, «Ол да Алланың тағдырынан», – деп жауап берген. Оба жайлаған жерге кірмегені үшін әзірет Омардан «Алланың тағдырынан қашып барасың ба?» деп сұрағанда, «Алланың бір тағдырынан Алланың екінші тағдырына қашамыз», – дегені де осыған ұқсайды.

5. Ибн әл-Араби нәзірді дұғаға ұқсатқан: «Дұға да тағдырды өзгертпейді, оның өзі де тағдырдан». Дегенмен дұға – мәндүп амал, ал нәзірден тыю келген. Себебі дұға дереу жасалатын ғибадат, онда Аллаға бет бұру, жалбарыну мен бойсұну анық көрінеді. Нәзірде ғибадат тілек орындалғанға дейін кейінге қалдырылып, амал мұқтаждық туған сәтке байланады.

6. Хадис жақсылықты шын ықыласпен істеу оны нәзірге байлап істегеннен абзал екенін көрсетеді. Ол игі амалды ықыласпен, Алланың разылығы үшін ғана істеуге шақырады.

7. Хадисте сараңдық айыпталған. Бұйырылғанды орындап, тыйым салынғаннан тыйылған кісі сараң саналмайды.

  1. 1Бұхари, Қадар 6, Әйман 26; Мүслим, Әйман 7 (1640); Әбу Дәуіт, Әйман 26 (3288); Тирмизи, Нузур 10 (1538); Нәсәи, Әйман 25, (7, 16).