Хадис

Қыз айттыру, неке дұғасы және жүздесу

Кутуб ситтә, 12-том, 905-тарау · 7 хадис · № 5629–5635

НЕКЕ БӨЛІМІ

Хадистер

5629
Кутуб ситтә, № 5629 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَنْ يَخْطُبَ الرَّجُلُ عَلَى خِطْبَةِ أَخِيهِ حَتَّى يَتْرُكَ الْخَاطِبُ قَبْلَهُ أَوْ يَأْذَنَ لَهُ. أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ وَهَذَا لَفْظُ مَالِكِ وَالنَّسَائِيِّ، وَالْبَاقُونَ بِمَعْنَاهُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бауыры сөз салып жүрген әйелге сөз салуға тыйым салды. Алғашқы кісі бас тартса немесе рұқсат берсе, сонда ғана ниетін білдіруге болады».1

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) қоғамдық өмірде үнемі мәні бар қыз айттырудың өзгелерге де қатысты бір әдебін белгілейді. Бауыры бір әйелге сөз салып тұрғанда, оның арасына кірмеу керек.

Мұндағы «бауыр» сөзі кең мағынада қолданылған. Ол туған бауырды да, сүт бауырын да, діндес бауырды да қамтиды. Әузағи және кейбір ғалымдар мұсылман елінде шартпен тұратын өзге дін өкілі өз дініндегі әйелге сөз салған кезде мұсылман да оған ұсыныс жасай алады, мұны харам немесе мәкрүһ деуге болмайды деген. Алайда көпшілік бұл ереже шартпен тұратын өзге дін өкіліне де қолданылады, «бауыры» деген сөз күнделікті жиі кездесетін жағдайға орай айтылған деген. Олай болса, әуелгі кісі бас тартпайынша не рұқсат бермейінше, басқа адам сөз сала алмайды.

2. Хадистегі тыйым харамдықты білдіре ме, әлде мәкрүһтікті ме? Қандай жағдайда харам, қандай жағдайда мәкрүһ саналады? Ғалымдар осы мәселелерде әртүрлі пікір айтқан.

• Ғалымдардың көпшілігі: «Хадисте тыйым ашық айтылған. Сондықтан мұндай әрекет харам», – деген.

• Хаттаби: «Тыйым әдепке тәрбиелеу үшін айтылған. Фақиһтардың көпшілігі оны неке шартын жарамсыз ететін тыйым деп санамаған», – деген.

Нәуәуи бұл әрекеттің харам екеніне ғалымдар бірауыздан келіскенін жеткізген. Алайда тыйымның қай жағдайда қолданылатыны жөнінде пікірлер әртүрлі.

• Шафиғилер мен ханбалилердің пікірінше, қыз немесе өзі өкілеттік берген қамқоршысы алғашқы ұсынысты ашық қабылдаса, басқа адамның араға түсуі харам. Ал алғашқы ұсыныстың қабылданбағаны анық болса, екінші адам сөз сала алады. Қыз тарапының ұсыныстан бас тартқан-бас тартпағаны белгісіз жағдайда рұқсатты негіз еткен пікір бар. Ханбалилердің бұл мәселеде екі пікірі бар. Қыз тарапы: «Сіздей адамнан бас тартпас едік», «Сіз осал адам емессіз», – деп келісімін тұспалдап жеткізсе, шафиғилердің арасында да екі пікір бар. Дұрыс саналған пікір бойынша, мұндай жағдайда араға түсуге болады. Мәликилер мен ханафилер де осы пікірді ұстанған.

• Қыз тарапы ұсынысты қабылдағанын да, одан бас тартқанын да білдірмесе, басқа адамның сөз салуына болады. Бұған Фатима бинт Қайстың (р.а.) оқиғасын дәлел етеді. Ол Алла елшісіне (с.а.с.) келіп, Мұғауия мен Әбу Жәһмнің (р.а.) сөз салғанын айтып, қайсысына тұрмысқа шыққаны жөн екенін сұрайды. Пайғамбарымыз оған үшінші адамды, Усаманы (р.а.) ұсынады. Ал Нәуәуи мен бірқатар ғалымдар: «Фатима бинт Қайстың оқиғасынан мұндай үкім шықпайды. Өйткені Әбу Жәһм мен Мұғауияның бір мезгілде сөз салуы немесе екіншісінің бірінші ұсыныстан бейхабар болуы ықтимал. Алла елшісі Усаманы жөн көрді, оның атынан сөз салған жоқ», – деген.

• Тирмизи жеткізгендей, имам Шафиғи хадисті былай түсіндірген: «Бір адам әйелге сөз салғанда, әйел оған көңілі ауып, келісімін берсе, басқа біреудің оған сөз салуға хақысы жоқ. Әйелдің разылығы не ықыласы белгісіз болса, сөз салуға болады». Бұған да Фатима бинт Қайстың оқиғасы дәлел: ол екі адамның сөз салғанын айтқанымен, олардың біріне көңілі ауғанын білдірмеген. Олай болғанда, Алла елшісі (с.а.с.) оған үшінші адамды ұсынбас еді. Осыған сүйеніп, шафиғи ғалымдарының бір тобы әйел ұсынысты қабылдағанын не одан бас тартқанын білдірмейінше, басқа адамның сөз салуына болады деп кесіп айтқан. Екінші тобы бұл жөнінде екі түрлі пікір білдірген.

• Шафиғи бұрын тұрмыс құрмаған қыз туралы: «Оның үндемеуі – сөз салған адамға разылығының белгісі», – деген.

• Мәлики ғалымдарының бірқатары: «Мәһір жайында келісімге келмейінше, қызға басқа адам да сөз сала алады», – деген.

• Ал енді тыйым салынғанына қарамастан сөз салған екінші адам қызбен некелессе, неке жарамды бола ма?

• Ғалымдардың көпшілігі екінші адам харам іс істегенімен, неке жарамды деп санайды. Өйткені тыйым сөз салуға қатысты, ал сөз салу некенің жарамдылық шартына жатпайды. Сондықтан жөнсіз жасалған ұсыныс некені бұзбайды.

• Дәуіт әз-Заһиридің пікірінше, неке түніне дейін де, одан кейін де неке бұзылуға тиіс.

• Мәликилер бұл мәселеде екі түрлі пікір ұстанған. Бір тобы неке түніне дейін мұндай неке бұзылады, ал неке түнінен кейін жарамды саналады деген.

• Алғашқы сөз салған адам рұқсат берсе, сол рұқсатты алған адам ғана сөз сала ала ма, әлде жол басқаларға да ашыла ма? Ғалымдардың көпшілігі екінші пікірді құптаған. Өйткені рұқсат беру – алғашқы адамның некелесу ниетінен бас тартқанының белгісі.

• Әйелге сөз салудың шариғатта белгіленген уақыты – оның ғиддат мерзімі аяқталған кез. Алғашқы адам мерзім бітпей тұрып, ал екіншісі мерзім өткен соң сөз салса, екіншісі хадистегі тыйымды бұзған саналмайды. Өйткені алғашқы ұсыныс шариғат рұқсат етпеген уақытта жасалған.

• Мәлики ғалымы Ибн әл-Қасым: «Алғашқы сөз салған адам пасық болса, арлы адамның сөз салуына болады», – деген. Ибн әл-Араби мұны қыздың өзі арлы болған жағдайға қатысты айтқан. Өйткені пасық адам арлы әйелге тең саналмайды, сондықтан оның ұсынысы да есепке алынбайды. Ал ғалымдардың көпшілігі қыз келісім нышанын білдірсе, араға түсу дұрыс болмайтынын айтқан.

• Кейбір ғалымдар әдет бойынша қызға сөз салуға лайық саналмайтын адам одан бұрын ұсыныс жасаса, екінші адамның араға түсуіне рұқсат берген. Мысалы, қарапайым адамның патша қызына сөз салуын екі жақтың теңдігі сақталмаған жағдайға жатқызған. Хадистегі тыйым әйелге де қатысты: бір әйел ер адамға некелесуді ұсынса, ұсыныстың жауабы белгілі болмай тұрып, екінші әйелдің сол адамға сөз салуына тыйым салынады. Алдыңғы № 5612 хадисте айтылғандай, ғалымдар ізгі кісілердің өз қыздарын салиқалы ерлерге ұсынуын мұстахаб санаған. Мұндағы тыйым ер адам бір әйелмен ғана некелесуге бекінген жағдайда қолданылады. Ондай шешімі болмаса, оған бірнеше әйел қатар ұсыныс жасай алады.

  1. 1Бұхари, «Неке», 45. Мүслим, «Неке», 49–56 (1412–1414). Мәлік, «Муатта», «Неке», 1 (2/523). Әбу Дәуіт, «Неке», 18 (2081). Нәсәи, «Неке», 19 (6/71). Тирмизи, «Неке», 38 (1134).
5630
Кутуб ситтә, № 5630 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنْ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: عَلَّمَنَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ خُطْبَةَ الْحَاجَةِ: «إِنَّ الْحَمْدَ لِلَّهِ، نَسْتَعِينُهُ وَنَسْتَغْفِرُهُ، وَنَعُوذُ بِاللَّهِ مِنْ شُرُورِ أَنْفُسِنَا وَسَيِّئَاتِ أَعْمَالِنَا. مَنْ يَهْدِهِ اللَّهُ فَلَا مُضِلَّ لَهُ، وَمَنْ يُضْلِلِ اللَّهُ فَلَا هَادِيَ لَهُ. وَأَشْهَدُ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ، وَأَشْهَدُ أَنَّ مُحَمَّدًا عَبْدُهُ وَرَسُولُهُ. يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا ﴿اتَّقُوا اللَّهَ الَّذِي تَسَاءَلُونَ بِهِ وَالْأَرْحَامَ إِنَّ اللَّهَ كَانَ عَلَيْكُمْ رَقِيبًا﴾. ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ حَقَّ تُقَاتِهِ وَلَا تَمُوتُنَّ إِلَّا وَأَنْتُمْ مُسْلِمُونَ﴾. ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَقُولُوا قَوْلًا سَدِيدًا ۝ يُصْلِحْ لَكُمْ أَعْمَالَكُمْ وَيَغْفِرْ لَكُمْ ذُنُوبَكُمْ وَمَنْ يُطِعِ اللَّهَ وَرَسُولَهُ فَقَدْ فَازَ فَوْزًا عَظِيمًا﴾». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) бізге қажет құтбасын үйретті. Ол былай оқылады: “Барлық мақтау мен мадақ Аллаға тән. Одан жәрдем әрі кешірім тілейміз. Нәпсіміздің кесірінен, амалдарымыздың жамандығынан Аллаға сыйынамыз. Алла кімді тура жолға салса, оны ешкім адастыра алмайды. Алла кімді адастырса, оны ешкім тура жолға сала алмайды. Алладан басқа тәңір жоқ екеніне куәлік етемін. Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік етемін”. Содан кейін: “Уа, иман келтіргендер!” – деп, мына аяттар оқылады: اتَّقُوا اللَّهَ الَّذِي تَسَاءَلُونَ بِهِ وَالْأَرْحَامَ إِنَّ اللَّهَ كَانَ عَلَيْكُمْ رَقِيبًا “Оның атымен бір-біріңе өтініш айтысқан Аллаға қарсы келіп, асы болудан һәм туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Шүбәсіз, Алла – сендерді әрдайым көріп, бақылап тұрушы.”1 يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ حَقَّ تُقَاتِهِ وَلَا تَمُوتُنَّ إِلَّا وَأَنْتُمْ مُسْلِمُونَ “Уа, иман келтіргендер! Аллаға қарсы келуден барынша сақтаныңдар һәм мұсылман болған күйде ғана жан тапсырыңдар, басқаша өлмеңдер!”2 يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَقُولُوا قَوْلًا سَدِيدًا ۝ يُصْلِحْ لَكُمْ أَعْمَالَكُمْ وَيَغْفِرْ لَكُمْ ذُنُوبَكُمْ وَمَنْ يُطِعِ اللَّهَ وَرَسُولَهُ فَقَدْ فَازَ فَوْزًا عَظِيمًا “Уа, иман келтіргендер! Ендеше, Алладан лайықты түрде қорқып, Оған қарсы келуден әрі азабынан барынша сақтаныңдар және әрдайым жібі түзу сөз айтыңдар! Сол арқылы Алла істеріңді түзу қылып, күнә-қателіктеріңді кешірсін. Кімде-кім Аллаға және Елшісіне қалтқысыз бағынса, зор бақытқа, толайым табысқа жетері сөзсіз”3».4

Түсіндірме

1. «Қажет құтбасы» деп аударған тіркестің арабшасы – «хутбатул-хажа». Мұндағы «қажет» сөзі некені меңзейді. Сондықтан осы тұста оны «неке дұғасы» деп те аударуға болады. Хадистің өзінен бұл құтбаны өзге қажет туған кезде де оқуға болатыны аңғарылады. Мұсылман қажетін өтеуге Раббысынан жәрдем сұрағанда осы дұғаны оқи алады. Имам Шафиғи: «Сауда-саттық, неке және өзге де келісімдердің басында осы құтбаны оқу – сүннет», – деген. Қалыптасқан дәстүрде ол көбіне неке қиылғанда оқылған. Сондықтан хадис «қажет құтбасы» деген атаумен келгенімен, бұл кітапта неке тарауында берілді. Ғалымдар осы хадиске сүйеніп, неке кезінде дұға оқуға болады деген. Дұға оқылмаса да, неке жарамды. Оны оқу – мәндүп. Әр істе сүннетті ұстануға ұмтылу – ислам әдебінің бірі. «Парыз не уәжіп емес, онсыз да болады» деп, діни әдепке немқұрайды қараған адам көп пайдадан айырылады. Өйткені күнделікті тұрмыстағы табиғи істердің өзі сүннетке сай атқарылса, құлшылыққа айналады.

2. «Алла тура жолға салғанды ешкім адастыра алмайды, Алла адастырғанды ешкім тура жолға сала алмайды» деген сөзді алғаш оқығанда, адамның таңдау еркі жоқтай көрінуі мүмкін. Хадисте жамандық әуелі нәпсіге телінеді, өйткені адам оны өз еркімен таңдайды. Ал адастырудың Аллаға телінуі жарату мен тағдырға қатысты. Адам ниет етіп, өз еркімен әрекет жасайды, Алла сол әрекетті жаратады. Сондықтан адам істеген жамандығы үшін жауап береді. Мәселен, пышақпен нан турап, ас ішуге де, адам өлтіріп, күнәға батуға да болады. Екеуі де тағдыр аясында, бірақ қайсын істеуді адам өзі таңдайды. Жақсылықты да, жамандықты да жарату Аллаға тән. Жамандық адамның ниеті мен таңдауынан туады.

3. «Оның атымен бір-біріңе өтініш айтысқан» деген сөз мұсылмандардың бір-біріне «Алла разылығы үшін», «Алланың атымен» деп өтініш айтуын меңзейді. Аят осылайша Алланың атын атап өтініш білдіруге болатынын көрсетеді. Алланың аты мүміннің жүрегіне өтімді. «Адам берсе, көзіңді шығарады, Алла берсе, бүйіріңді шығарады» деген мақалдың төркіні де осында болса керек.

4. Алладан қорқу мен туыстық байланысты үзуден сақтанудың қатар айтылуы исламда туыстық қарым-қатынасқа қаншалықты мән берілетінін көрсетеді. Автор бұл тұста қан туыстығымен қатар адамды адамға жақындататын достық, көршілік, жерлестік, әріптестік, ұстаз бен шәкірт арасындағы байланысты да атайды. Раббымыз адам баласын осындай байланыстарды үзбеуге, олардың қадірін білуге шақырады.

5. Ғалымдар Алладан шынайы қорқуды әртүрлі түсіндірген. Ибн Аббас пен Ибн Мәсғуд мұны Аллаға бойсұнып, әмірлерін орындау, тыйымдарынан тыйылу деп түсіндірсе, кейбір ғалымдар Алланы үнемі еске алып, Оны ұмытпау деп түсіндірген. Риуаят бойынша, аят түскенде, мұсылмандар оны орындауға шамалары жетпей қала ма деп алаңдап, Алла елшісінен (с.а.с.): «Бұған кімнің шамасы жетеді?» – деп сұрайды. Содан кейін فَاتَّقُوا اللَّهَ مَا اسْتَطَعْتُمْ «Сондықтан шамаларың жеткенше Аллаға қарсы келіп асы болудан сақтаныңдар.»5 деген аят түседі. Ал алдыңғы аяттың соңында адамға ғұмыры біткенше исламды берік ұстану бұйырылған.

6. «Жібі түзу сөз» деп аударылған «қаулун садид» тіркесін әділ сөз, шын сөз, тура сөз, сондай-ақ «Лә иләһә иллаллаһ» деп түсіндірген. Аят осындай сөзден айнымауға үндейді. Жақсы сөз айтуға немесе үндемеуге тырысқан жөн.

  1. 1«Ниса» сүресі, 1-аят.
  2. 2«Әли Имран» сүресі, 102-аят.
  3. 3«Ахзаб» сүресі, 70–71-аяттар.
  4. 4Әбу Дәуіт, «Неке», 33 (2118); Тирмизи, «Неке», 17 (1105); Нәсәи, «Жұма», 24 (3/105).
  5. 5«Тағабун» сүресі, 16-аят.
5631
Кутуб ситтә, № 5631 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: كُلُّ خُطْبَةٍ لَيْسَ فِيهَا تَشَهُّدٌ فَهِيَ كَالْيَدِ الْجَذْمَاءِ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.): “Тәшәһһуд айтылмаған әрбір құтба шолақ қол іспетті”, – деді».1

  1. 1Тирмизи, «Неке», 17 (1106); Әбу Дәуіт, «Әдеп», 22 (4841).
5632
Кутуб ситтә, № 5632 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ رَجُلٍ مِنْ بَنِي سُلَيْمٍ قَالَ: خَطَبْتُ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ أُمَامَةَ بِنْتَ عَبْدِ الْمُطَّلِبِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا فَأَنْكَحَنِي مِنْ غَيْرِ أَنْ يَتَشَهَّدَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Бәни Сүләймнен бір адам былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) барып, Үмама бинт Абдулмүттәлибке (р.а.) сөз салдым. Ол маған Үмаманың некесін шәһадат айтпай қиды».1

Түсіндірме

Бұл риуаятта «тәшәһһуд» неке құтбасын білдіреді. Осы хадиске сүйеніп, құтба оқымай да неке қиюға болады деген. Риуаятта аты аталған Үмама – автордың көрсетуінше, Алла елшісінің әкесінің қарындасы.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Неке», 33 (2120).
5633
Кутуб ситтә, № 5633 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا خَطَبَ أَحَدُكُمْ الْمَرْأَةَ فَإِنِ اسْتَطَاعَ أَنْ يَنْظُرَ مِنْهَا إِلَى مَا يَدْعُوهُ إِلَى نِكَاحِهَا فَلْيَفْعَلْ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.): “Араларыңнан біреу әйелге сөз салса, оның сол әйелге үйленуге ынтасын арттыратын жерін көре алса, көрсін”, – деді».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Неке», 19 (2082).
5634
Кутуб ситтә, № 5634 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: تَزَوَّجَ رَجُلٌ امْرَأَةً مِنَ الْأَنْصَارِ فَقَالَ لَهُ النَّبِيُّ ﷺ: أَنَظَرْتَ إِلَيْهَا؟ قَالَ: لَا. قَالَ: اذْهَبْ فَانْظُرْ إِلَيْهَا، فَإِنَّ فِي أَعْيُنِ الْأَنْصَارِ شَيْئًا. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Бір кісі ансарлық әйелге үйленді. Алла елшісі (с.а.с.) одан: “Ол әйелді көрдің бе?” – деп сұрады. Әлгі адам: “Жоқ”, – деді. Сонда Алла елшісі: “Барып, оны көр. Өйткені ансарлардың көзінде бір ерекшелік бар”, – деді».1

  1. 1Мүслим, «Неке», 74 (1424); Нәсәи, «Неке», 23 (6/77).
5635
Кутуб ситтә, № 5635 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Мұғира

وَعَنْ الْمُغِيرَةِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّهُ خَطَبَ امْرَأَةً. فَقَالَ لَهُ النَّبِيُّ ﷺ: انْظُرْ إِلَيْهَا فَإِنَّهُ أَحْرَى أَنْ يُؤْدَمَ بَيْنَكُمَا. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Мұғира (р.а.) бір әйелге сөз салғанын айтады. Пайғамбар (с.а.с.) оған: «Ол әйелді көріп ал. Бұл араларыңдағы жарасымның орнығуына қолайлы», – дейді.1

Түсіндірме

Ислам діні үйленгелі жүрген ер адамға болашақ жарын көріп алуға кеңес береді. Бұл жайындағы хадистердің көбі бұйрық райда айтылғанымен, ғалымдар оны міндет емес, құп көрілген әрі рұқсат етілген іс деп түсінген. Әйелдерге мұндай бұйрық айтылмағанымен, ғалымдар қияс арқылы олардың да тұрмысқа шыққысы келген ер адамды көруіне болады деген.

Ахмад ибн Ханбал жеткізген бір риуаятта: «Араларыңнан біреу әйелге сөз салмақ болса, оны көргені үшін күнәға қалмайды», – делінген.

Нәуәуи бұл хадистер ер адамның үйленгісі келген әйелді көруін мұстахаб ететінін айтқан. Шафиғилер, мәликилер, ханафилер, Ахмад ибн Ханбал және басқа да көптеген ғалымдар осы пікірді ұстанған. Әл-Қади мұны мәкрүһ көрген кейбір ғалымдарды атаған. Нәуәуи олардың пікірін қате санаған, өйткені ол хадистердің анық мазмұнына және сауда-саттықта, куәлік беруде әйелді қажетіне қарай көруге болатыны туралы ортақ ұйғарымға қайшы.

Ғалымдар әйелдің жүзі мен қолына қарауға болады деген, өйткені олар әурет саналмайды. «Жүзінен көркін, ал қолынан дене бітімін аңғаруға болады», – деп түсіндірген. Әузағи дененің етті тұстарын да көруге болады деген.

Ер адамның көруіне рұқсат етілмеген тұстарды білу қажет болса, араға әйел адам, мысалы, оның құрбысы немесе әпкесі жүреді.

Алла елшісі (с.а.с.) Үммі Сүләймді бір әйелді көріп келуге жібергенде: «Өкшесіне қара, жағасын иіске», – деген. Өзге бір риуаятта: «Тісінің иісін байқа», – делінген. Омар (р.а.) да Әлидің (р.а.) қызына үйленерде өкшесінің үстіңгі жағына қараған. Мұндайда денсаулығын, тазалығын және басқа да жайларын аңғаруға тырысқан.

Ғалымдар некелесу ниетімен әйелді көру үшін оның келісімі мен хабардар болуы шарт емес деген. Мұны сөз салғанға дейін жасауды жөн санаған: ұсынысынан кейін қызды көріп, ұнатпай бас тартса, оның көңіліне қаяу түсуі мүмкін. Имам Мәлик: «Әйелге хабар бермей қарауды құп көрмеймін, өйткені ер адамның көзі оның әуретіне түсіп кетуі мүмкін», – деген. Алайда Алла елшісі (с.а.с.) рұқсатты жалпы түрде айтқандықтан, үйлену ниетімен әйелді алдын ала хабардар етпей көруге болады деген пікір негізге алынған. Сондықтан ханафи ғалымдары: «Қызды сөз салмас бұрын көріп алған мұстахаб. Ұнатпаса, сөз салмайды. Осылайша қыздың көңіліне қаяу түсірмейді», – деген.

Бүгінде «қыз көру» деген атпен тарала бастаған кейбір әрекеттерге дініміз рұқсат бермейді. Мысалы, бірін-бірі жақынырақ танымақ болып, екі жастың бірге қыдыруы не сапарға шығуы исламда рұқсат етілген қыз көруге жатпайды.

  1. 1Тирмизи, «Неке», 5 (1087); Нәсәи, «Неке», 17 (6/69).