Хадис

Амалдағы тепе-теңдік

Кутуб ситтә, 1-том, 9-тарау · 15 хадис · № 70–84

Хадистер

70
Кутуб ситтә, № 70 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «جَاءَ ثَلَاثَةُ رَهْطٍ إِلَى بُيُوتِ أَزْوَاجِ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَسْأَلُونَ عَنْ عِبَادَتِهِ، فَلَمَّا أُخْبِرُوا كَأَنَّهُمْ تَقَالُّوهَا، فَقَالُوا: أَيْنَ نَحْنُ مِنْ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَقَدْ غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ وَمَا تَأَخَّرَ؟ قَالَ أَحَدُهُمْ: أَمَّا أَنَا فَأُصَلِّي اللَّيْلَ أَبَدًا. وَقَالَ الْآخَرُ: وَأَنَا أَصُومُ الدَّهْرَ وَلَا أُفْطِرُ. وَقَالَ آخَرُ: أَنَا أَعْتَزِلُ النِّسَاءَ وَلَا أَتَزَوَّجُ أَبَدًا. فَجَاءَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِلَيْهِمْ فَقَالَ: أَنْتُمُ الَّذِينَ قُلْتُمْ كَذَا وَكَذَا؟ أَمَا وَاللَّهِ إِنِّي لَأَخْشَاكُمْ لِلَّهِ وَأَتْقَاكُمْ لَهُ، لَكِنِّي أَصُومُ وَأُفْطِرُ، وَأُصَلِّي وَأَرْقُدُ، وَأَتَزَوَّجُ النِّسَاءَ، فَمَنْ رَغِبَ عَنْ سُنَّتِي فَلَيْسَ مِنِّي». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «Бірде үш кісі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жұбайларының үйлеріне барып, оның қалай құлшылық ететінін сұрады. Жауабын естігенде, сол құлшылық өздеріне аз көрінгендей: “Пайғамбарымызбен (с.а.с.) бізді қалай салыстыруға болады? Оның бұрынғы да, кейінгі де күнәлары кешірілген ғой”, – десті. Біреуі: “Мен бұдан былай әр түнді намазбен өткіземін”, – деді. Екіншісі: “Мен ұдайы ораза ұстаймын, оразасыз күн өткізбеймін”, – деді. Үшіншісі: “Мен әйелдерден аулақ жүремін, ешқашан үйленбеймін”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) оларға келіп: “Солай айтқан сендерсіңдер ме? Алламен ант етемін, араларыңда Алладан ең көп қорқатын да, ең тақуа да – менмін. Сөйте тұра, кей күні ораза ұстаймын, кей күні ұстамаймын. Намаз да оқимын, ұйықтаймын да. Үйленемін де. Кім сүннетімнен бет бұрса, ол менен емес”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Ибн Хажар келтірген бір хабарда Алла елшісінің (с.а.с.) ақырет туралы жүрек тебірентер насихатынан кейін Әбу Бәкір, Омар, Әли, Ибн Мәсғуд, Әбу Зәр, Әбу Хузайфаның азат еткен құлы Сәлим, әл-Миқдад, Салман, Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас және Мағқил ибн Муқарриннің (Алла оларға разы болсын) Осман ибн Мазғунның (р.а.) үйіне жиналғаны айтылады. Олар ақыреттің ауыртпалығынан аман қалудың жолдарын талқылап, күндіз ораза ұстауға, түнде намаз оқуға, төсекке жатпауға, ет жемеуге, әйелдерге жақындамауға, тіпті өздерін піштіріп тастауға уағдаласқан.

Ибн Хажардың түсіндіруінше, сахабалар өздерінің кешірілгеніне кепілдік болмағандықтан, құлшылықты көбейтіп, Алланың кешіріміне ие болғысы келген. Ал Алла елшісінің (с.а.с.) бұрынғы және кейінгі күнәларының кешірілгені «Фәтх» сүресінің 2-аятында сүйіншіленген еді. Олар Пайғамбарымыз құлшылықта өзіне сол себепті ауырлық салмайды деп ойлаған. Алайда оның құлшылығына, тәубесі мен кешірім тілеуіне ешкім тең келмейтін. Күнәлары кешірілгеніне қарамастан неліктен сонша құлшылық ететінін сұрағандарға ол: «Шүкір етуші құл болмайын ба?» – деп жауап берген. Ғибадат – кешірім тілеумен қатар Аллаға құлдық пен шүкіршіліктің де көрінісі.

Алла елшісі (с.а.с.) «Араларыңда Алладан ең көп қорқатын да, ең тақуа да – менмін» деп, кешірімге ие болған адамның құлшылығы кемиді деген ойды сейілтті. Алладан қорқу мен тақуалық ғибадатта шектен шығып, күнделікті міндеттерден бас тартуды талап етпейді. Адам өзіне шамадан тыс ауырлық салса, қажып, жалығады. Ақырында бастаған амалын тастап кетуі мүмкін. Шамасына сай құлшылық еткен адам оны жалғастыра алады. Амалдың ең абзалы – үздіксіз жасалғаны.

2. «Кім сүннетімнен бет бұрса, ол менен емес» деген сөз Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жолынан асып түсетін діндарлық үлгісін іздеудің орынсыз екенін білдіреді. Бұл өмір бойы бойдақ қалып, бар ғұмырын тек ғибадатқа бағыштауды көздейтін рухбандыққа да қатысты. Исламда ғибадат үшін дүниеден оқшауланатын арнайы діни топ жоқ. Жасына, ұлтына, жынысына, кәсібі мен мансабына қарамастан, барша мұсылман құлшылықта тең. Құлшылығын көбейткісі келген адам Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетіндегі өлшемді ұстанады. Оның жолы – «әл-ханифия әс-самха», яғни жеңілдік пен кеңшілікке негізделген Ибраһим пайғамбардың жолы. Оразаға күш жинау үшін ішіп-жейміз, түнгі намазға сергек тұру үшін тынығамыз, нәпсіні тежеп, арды сақтау және ұрпақ өрбіту үшін үйленеміз.

Ибн Хажар «ол менен емес» деген ескертуді адамның ұстанымына қарай түсіндіреді. Сүннеттің мәнін қате ұққан кісі Пайғамбарымыздың жолынан ауытқуы мүмкін, бірақ осының өзінен діннен шықты деген үкім тумайды. Ал өз жолын Пайғамбарымыздың жолынан жоғары санау сенімге нұқсан келтіретін ұстаным.

Хадистен алынатын пайдалар:

- Ғибадатта ұстамдылық танытып, орта жолды ұстану қажет.

- Хадис сахабалардың ізгі қасиетін, парыздан бөлек нәпіл құлшылығын көбейтуге деген шынайы ынтасын көрсетеді.

- Хадис үйленуге, ақ некемен шаңырақ көтеруге үндейді.

- Өмір бойы күн сайын ораза ұстау құпталмайды. Басқа хадистерде Алла елшісі (с.а.с.) нәпіл оразаның ең абзалы Дәуіт пайғамбардың (а.с.) оразасы екенін айтқан. Ол бір күн ораза ұстап, бір күн ұстамаған.

- Түнгі намазда да шектен шықпаған жөн. Таһажжүд – сауабы мол нәпіл құлшылық. Алайда адамның күші мен төзімі әртүрлі. Түні бойы ұйықтамай намаз оқыған кісі күндіз қалжырап, парызын өтеуге, ілім алуға немесе отбасын асырауға шамасы жетпей қалуы мүмкін. Нәпіл құлшылықты шамасына қарай атқарған адам оны үзбей жалғастыра алады. Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Расында, дін – жеңіл. Дінді өзіне ауырлатқан адам ақырында оған төтеп бере алмайды. Ендеше, туралықты көздеңдер, соған жақындауға тырысыңдар және жақсылықтан үміттеніңдер…», – деген2. Әнәс (р.а.) жеткізген риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.с.) мешіттегі екі бағанаға керілген арқанды көріп: «Бұл не арқан?» – деп сұрайды. Жұрт: «Бұл – Зейнептің арқаны. Намаз оқып тұрып шаршағанда соған сүйенеді», – дейді. Сонда ол: «Арқанды шешіңдер. Әркім сергек кезінде намаз оқысын. Шаршаса, отырсын», – деген3.

- Аллаға жақындау мен құлшылықта орта жолды ұстанудың үлгісі – Алла елшісінің (с.а.с.) сүннеті.

- Дінге шариғи негізі жоқ жаңалық енгізу бидғат саналады. Кейбір ғалымдар дінде негізі бар амалды алып тастауды да бидғатқа жатқызған.

Кейбір үкімдер:

Ибн Хажар хадистен мынадай үкімдер шығарады:

1) Хадисте некенің артықшылығы айтылып, отбасын құруға үндейді.

2) Өнегелі жандардың істерін зерделеп, өз өмірінде үлгі тұтқан жөн.

3) Олардың өздерінен сұрауға мүмкіндік болмаса, жұбайларынан сұрап білуге болады.

4) Ізгі амалды жариялауға қажеттілік туса және оны риясыз істейтініне сенімді болса, адам ниетін жұртқа айта алады.

5) Діни міндет жүктелген адамдарға шариғат үкімдерін үйрету қажет.

6) Мұжтаһидтердің күмәнін сейілту қажет.

7) Мүбах амал ниетке қарай мұстахап немесе мәкруһ болуы мүмкін.

8) Табаридің пікірінше, хадис адал ас пен киімнен өзін тыйып, тек қатқыл киім киюді, жұпыны ас ішуді жөн көргендердің ұстанымына жауап береді. Қади Ияд бұл мәселеде алғашқы буын ғалымдарының пікірі әртүрлі болғанын айтады. Бір бөлігі Табаридің пікірін ұстанған. Енді бір бөлігі мына аятты дәлел еткен: «Күпірлікте табандағандар жаппай тозаққа тосылатын күні: “Өздеріңе берілген бар игілікті дүниедегі тіршіліктеріңде ішіп-жеп, түгел тауыстыңдар және қызығын әбден көрдіңдер. Ал енді бүгін жер бетінде орынсыз көкірек керіп тәкаппарланғандарың және асылық қылғандарың үшін қорлық азаппен жазаланасыңдар!” – деп айтылады»4. Қади Ияд: «Аят кәпірлерге қатысты. Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) жағдайға қарай екі түрлі амал еткен», – дейді.

  1. 1Бұхари, «Никах», 1 (5063); Мүслим, «Никах», 5 (1401); Нәсәи, «Никах», 4 (6/60, №3217).
  2. 2Бұхари, «Иман», 29 (39).
  3. 3Бұхари, «Таһажжүд», 18 (1150); Мүслим, «Салатул-мусафирин», 219 (784).
  4. 4«Ахқаф» сүресі, 20-аят.
71
Кутуб ситтә, № 71 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: صَنَعَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ شَيْئًا فَرَخَّصَ فِيهِ، فَتَنَزَّهَ عَنْهُ قَوْمٌ، فَبَلَغَهُ ذَلِكَ فَخَطَبَ فَحَمِدَ اللَّهَ وَأَثْنَى عَلَيْهِ، ثُمَّ قَالَ: «مَا بَالُ أَقْوَامٍ يَتَنَزَّهُونَ عَنِ الشَّيْءِ أَصْنَعُهُ؟ فَوَاللَّهِ إِنِّي لَأَعْلَمُهُمْ بِاللَّهِ وَأَشَدُّهُمْ لَهُ خَشْيَةً». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бір амал жасап, оны істеуге рұқсат етті. Кейбір адамдар сол амалдан тартынды. Бұл хабар жеткенде, ол құтба оқып, Алланы мадақтап, Оған мақтау айтты. Содан соң: “Мен істеген амалдан бой тартып жүргендерге не болды? Алламен ант етемін, олардың арасында Алланы ең жақсы білетін де, Одан ең көп қорқатын да – менмін”, – деді»1.

Түсіндірме

Бұл хадис те алдыңғы хадистегі ойды жалғайды. Екеуінде де дінде берілген рұқсаттарды елемей, өз пайымымен құлшылықта шектен шығу сөз болады. Мұндай ұстаным адамды Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетінен алыстатуы мүмкін.

Алла елшісінің (с.а.с.) бұл әрекетті құптамағаны Мүслим жеткізген екінші нұсқадан да аңғарылады. Онда: «Бұл хабар Пайғамбарымызға (с.а.с.) жеткенде, жүзінен ашуы анық көрінді. Содан соң: “Маған рұқсат етілген істен бас тартып жүргендерге не болды? Алламен ант етемін, олардың арасында Алланы ең жақсы білетін де, Одан ең көп қорқатын да – менмін”, – деді», – делінген. (Мүслим, «Фадаил», 128, №2356.)

  1. 1Бұхари, «Иғтисам», 5 (7301), «Әдеп», 72 (6101); Мүслим, «Фадаил», 127 (2356).
72
Кутуб ситтә, № 72 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Айша

وَعَنْهَا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: بَعَثَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِلَى عُثْمَانَ بْنِ مَظْعُونٍ: «أَرَغْبَةً عَنْ سُنَّتِي؟» فَقَالَ: «لَا وَاللَّهِ، يَا رَسُولَ اللَّهِ، وَلَكِنْ سُنَّتَكَ أَطْلُبُ». فَقَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «فَإِنِّي أَنَامُ وَأُصَلِّي، وَأَصُومُ وَأُفْطِرُ، وَأَنْكِحُ النِّسَاءَ. فَاتَّقِ اللَّهَ يَا عُثْمَانُ، فَإِنَّ لِأَهْلِكَ عَلَيْكَ حَقًّا، وَإِنَّ لِضَيْفِكَ عَلَيْكَ حَقًّا، وَإِنَّ لِنَفْسِكَ عَلَيْكَ حَقًّا، فَصُمْ وَأَفْطِرْ وَصَلِّ وَنَمْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَزَادَ رَزِينٌ رَحِمَهُ اللَّهُ تَعَالَى: «وَكَانَ حَلَفَ أَنْ يَقُومَ اللَّيْلَ كُلَّهُ وَيَصُومَ النَّهَارَ وَلَا يَنْكِحَ النِّسَاءَ، فَسَأَلَ عَنْ يَمِينِهِ، فَنَزَلَ: ﴿لَا يُؤَاخِذُكُمُ اللَّهُ بِاللَّغْوِ فِي أَيْمَانِكُمْ﴾». وَيُرْوَى أَنَّهُ نَوَى ذَلِكَ وَلَمْ يَعْزِمْ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай деген: «Алла елшісі (с.а.с.) Осман ибн Мазғұнды шақыртып: “Менің сүннетімнен бет бұрдың ба?” – деп сұрады. Осман: “Жоқ, уа, Алланың елшісі! Алламен ант етемін, іздегенім – сенің сүннетің”, – деді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): “Мен әрі ұйықтаймын, әрі намаз оқимын, бірде ораза ұстаймын, бірде ұстамаймын, әйелдерге де үйленемін. Уа, Осман, Алладан қорық! Сенде отбасыңның да, қонағыңның да, өз жаныңның да ақысы бар. Бірде ораза ұста, бірде ұстама. Намаз оқы, ұйықта да”1, – деді».

Рәзин (Алла оны рақымына алсын) мына мәліметті қосады: «Осман түні бойы намаз оқуға, күндіз ораза ұстауға және үйленбеуге ант берген еді. Анты жайында сұраған соң: “Алла сендерді байыбына бармай айтқан анттарың үшін жауапқа тартпайды…”2 деген аят түсті». Османның мұны ниет еткенімен, түпкілікті шешім қабылдамағаны да риуаят етіледі. Осы нұсқа дұрысырақ.

Түсіндірме

№70 хадистің түсіндірмесінде айтылғандай, өмір бойы күндізін оразамен, түнін намазбен өткізуге бел байлағандардың бірі – Осман ибн Мазғұн. Риуаятта бұл жайдың қалай өрбігені егжей-тегжейлі айтылмайды. Пайғамбар (с.а.с.) Османның осы ниетін іске асыра бастағанын естіп, оны шақыртып, насихат айтқан болуы мүмкін. Келесі риуаятта Абдулла ибн Амрға да осындай өсиет айтылады. Алла елшісі ораза ұстау, түнгі намаз оқу, садақа беру сияқты нәпіл ғибадаттарда шектен шықпауға және өзгелердің ақысын ескеруге шақырады. Нәпіл ғибадатта шектен шығу адамның айналасындағы жандарға көңіл бөлуіне кедергі жасап, олардың ақысын өтеусіз қалдыруы мүмкін. Өзгенің ақысын аяқасты ету – зұлымдық. «Алла залымдарды жақсы көрмейді»3. Ардақты Пайғамбар (с.а.с.) мынадай ақыларды еске салған:

1. Өз жаныңның ақысы;

2. Қонағыңның ақысы;

3. Жұбайыңның ақысы;

4. Бала-шағаңның ақысы (Абдулла ибн Амрдан жеткен кей риуаяттарда айтылады);

5. Көздің ақысы;

6. Тәннің ақысы.

Хаттаби «Жұбайларыңның да сендерде ақысы бар» деген сөзді былай түсіндіреді: «Адам өзін шаршатып, қалжыратып алса, отбасының ақысын өтей алмайды. Жұбайдың ақысына ерлі-зайыптылық жақындық, нәпақамен қамтамасыз ету, жылы әңгімелесу мен көркем қарым-қатынас жасау кіреді». Ал қонақтың ақысы туралы: «Үйіне қонақ келгенде, нәпіл ораза ұстаған кісінің аузын ашып, қонағымен бірге тамақтануы – мұстахап. Бұл – қонаққа құрмет көрсетудің бір жолы. Бір дастарқаннан дәм тату олардың бір-біріне деген ықыласы мен сыйластығын арттырады», – дейді. Алла елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, қонағын құрметтесін», – деген.

Бала-шағаның ақысына олардың ішіп-жеуін қамтамасыз ету, тәлім-тәрбие беру жатады. Тәрбиенің бір бөлігі – діни ілім үйретіп, кәсіпке баулу.

Бұхаридің кей риуаяттарында көз бен тәннің ақысы «хаз», яғни «тиесілі үлес» сөзімен берілген. Мүслимнің риуаятында Пайғамбар (с.а.с.) Абдулла ибн Амрға: «Күндіз ораза ұстап, түнде намаз оқуды жалғастырсаң, көзің талып, өзің қалжырайсың», – деген. Ғалымдар тәннің ақысын оның саулығы мен күш-қуатын сақтау деп түсіндірген. Демек, ораза ұстаймын деп әлсіреп, дертке шалдығып қалмауды да ескерген жөн.

Ислам ғалымдарының айтуынша, бұл ақыларды өтеу жағдайға қарай мұстахап та, уәжіп те болуы мүмкін. Уәжіп болған ақыны өтемеген кісі жазаға лайық болады. Демек, нәпіл ғибадатта шектен шығу кейде адамды аятта айтылған, Алла жақсы көрмейтін залымдардың қатарына қосуы мүмкін.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 317 (№1369).
  2. 2«Бақара» сүресі, 225-аят.
  3. 3«Әли Имран» сүресі, 57, 140-аяттар.
73
Кутуб ситтә, № 73 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: أُخْبِرَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنِّي أَقُولُ: وَاللَّهِ لَأَصُومَنَّ النَّهَارَ وَلَأَقُومَنَّ اللَّيْلَ مَا عِشْتُ. فَقَالَ: «أَنْتَ الَّذِي تَقُولُ ذَلِكَ؟» فَقُلْتُ لَهُ: قَدْ قُلْتُهُ، بِأَبِي أَنْتَ وَأُمِّي يَا رَسُولَ اللَّهِ. قَالَ: «فَإِنَّكَ لَا تَسْتَطِيعُ ذَلِكَ، فَصُمْ وَأَفْطِرْ، وَقُمْ وَنَمْ، وَصُمْ مِنَ الشَّهْرِ ثَلَاثَةَ أَيَّامٍ، فَإِنَّ الْحَسَنَةَ بِعَشْرِ أَمْثَالِهَا، وَذَلِكَ مِثْلُ صِيَامِ الدَّهْرِ». قُلْتُ: فَإِنِّي أُطِيقُ أَفْضَلَ مِنْ ذَلِكَ. قَالَ: «فَصُمْ يَوْمًا وَأَفْطِرْ يَوْمَيْنِ». قُلْتُ: فَإِنِّي أُطِيقُ أَفْضَلَ مِنْ ذَلِكَ. قَالَ: «فَصُمْ يَوْمًا وَأَفْطِرْ يَوْمًا، فَذَلِكَ صَوْمُ دَاوُدَ عَلَيْهِ السَّلَامُ، وَهُوَ أَعْدَلُ الصِّيَامِ، أَوْ أَفْضَلُ الصِّيَامِ». قُلْتُ: فَإِنِّي أُطِيقُ أَفْضَلَ مِنْ ذَلِكَ. قَالَ: «لَا أَفْضَلَ مِنْ ذَلِكَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ. وَفِي أُخْرَى: «أَلَمْ أُخْبَرْ أَنَّكَ تَصُومُ الدَّهْرَ وَتَقْرَأُ الْقُرْآنَ كُلَّ لَيْلَةٍ؟» قُلْتُ: بَلَى، يَا نَبِيَّ اللَّهِ، وَلَمْ أُرِدْ إِلَّا الْخَيْرَ. وَفِيهِ قَالَ لِي: «وَاقْرَأِ الْقُرْآنَ فِي كُلِّ شَهْرٍ». قُلْتُ: إِنِّي أُطِيقُ أَفْضَلَ مِنْ ذَلِكَ. قَالَ: «فَاقْرَأْهُ فِي كُلِّ عَشْرٍ». قُلْتُ: إِنِّي أُطِيقُ أَفْضَلَ مِنْ ذَلِكَ. قَالَ: «فَاقْرَأْهُ فِي كُلِّ سَبْعِ لَيَالٍ وَلَا تَزِدْ عَلَى ذَلِكَ». وَقَالَ لِي رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِنَّكَ لَا تَدْرِي لَعَلَّكَ يَطُولُ بِكَ عُمْرٌ». قَالَ: فَشَدَّدْتُ فَشُدِّدَ عَلَيَّ، فَلَمَّا كَبِرْتُ وَدِدْتُ أَنِّي قَبِلْتُ رُخْصَةَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ. وَفِي أُخْرَى نَحْوُهُ، وَفِيهِ: «فَإِذَا فَعَلْتَ ذَلِكَ هَجَمَتْ لَهُ الْعَيْنُ وَنَفِهَتْ لَهُ النَّفْسُ، لَا صَامَ مَنْ صَامَ الْأَبَدَ». وَفِيهِ: «فَصُمْ صَوْمَ دَاوُدَ عَلَيْهِ السَّلَامُ؛ كَانَ يَصُومُ يَوْمًا وَيُفْطِرُ يَوْمًا، وَلَا يَفِرُّ إِذَا لَاقَى». وَفِي أُخْرَى قَالَ: «أَحَبُّ الصِّيَامِ إِلَى اللَّهِ تَعَالَى صِيَامُ دَاوُدَ عَلَيْهِ السَّلَامُ، وَأَحَبُّ الصَّلَاةِ إِلَى اللَّهِ تَعَالَى صَلَاةُ دَاوُدَ؛ كَانَ يَنَامُ نِصْفَ اللَّيْلِ وَيَقُومُ ثُلُثَهُ وَيَنَامُ سُدُسَهُ، وَكَانَ يَصُومُ يَوْمًا وَيُفْطِرُ يَوْمًا».

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) былай деген: «Менің “Алламен ант етемін, тірі жүргенімде күндіз ораза ұстап, түнде намаз оқимын” деген сөзім Алла елшісіне (с.а.с.) жетіпті. Ол: “Осыны айтқан сен бе?” – деп сұрады. “Иә, уа, Алланың елшісі, әке-шешем жолыңда құрбан болсын! Солай айттым”, – дедім. Сонда ол: “Бұған шамаң жетпейді. Бірде ораза ұста, бірде ұстама. Түнде намаз да оқы, ұйықта да. Әр айда үш күн ораза ұста, өйткені әр жақсылыққа он есе сауап беріледі. Бұл – өмір бойы ораза ұстағанмен тең”, – деді. “Бұдан да көбірек ұстауға шамам жетеді”, – дедім. “Онда бір күн ораза ұста да, екі күн ұстама”, – деді. “Бұдан да көбірек ұстауға шамам жетеді”, – дедім. “Ендеше, бір күн ораза ұста, бір күн ұстама. Бұл – Дәуіттің (а.с.) оразасы. Ол – оразаның ең теңгерімдісі немесе ең абзалы”, – деді. Мен тағы да: “Бұдан да көбірек ұстауға шамам жетеді”, – дегенімде, Алла елшісі: “Бұдан абзалы жоқ”, – деді». Өзге бір нұсқада Алла елшісінің (с.а.с.) «Үнемі ораза ұстап, Құранды әр түнде хатым ететінің маған жетті, солай ма?» – дегені айтылады. Абдулла: «Иә, уа, Алланың пайғамбары! Ниетім тек жақсылық еді», – деп жауап берді. Алла елшісі: «Құранды айына бір рет хатым ет», – деді. «Бұдан да жиі хатым етуге шамам жетеді», – дегенімде, ол: «Ендеше, он күнде бір хатым ет», – деді. Мен: «Бұдан да жиі оқуға шамам жетеді», – дедім. Ол: «Жеті түнде бір хатым ет, бұдан жиілетпе», – деді. Алла елшісі (с.а.с.) маған: «Ғұмырың ұзақ болар, оны қайдан білесің?» – деді. Өзіме ауырын сұрадым, сөйтіп маған да ауыр міндет жүктелді. Жасым ұлғайғанда Алла елшісінің (с.а.с.) берген жеңілдігін қабыл алғанымда ғой деп өкіндім.

Өзге бір нұсқада: «Осылай жалғастыра берсең, көзің талып, өзің қалжырайсың. Үнемі ораза ұстаған кісі ораза ұстамағанмен тең», – делінген. Тағы бір нұсқада: «Дәуіттің (а.с.) оразасын ұста. Ол бір күн ораза ұстап, бір күн ұстамайтын. Дұшпанмен бетпе-бет келгенде қашпайтын», – деген сөздер бар.

Өзге бір нұсқада: «Алла Тағалаға ең сүйікті ораза – Дәуіттің (а.с.) оразасы. Алла Тағалаға ең сүйікті намаз – Дәуіттің (а.с.) намазы. Ол түннің жартысын ұйқымен өткізетін, үштен бірінде тұрып, намаз оқитын, қалған алтыдан бірінде қайта ұйықтайтын. Бір күн ораза ұстап, бір күн ұстамайтын», – делінген1.

Түсіндірме

Бұл хадис алдыңғысымен мазмұндас. Алдыңғы оқиға Осман ибн Мазғұнға қатысты болса, мұнда Абдулла ибн Амр жайы баяндалады. Енді осы хадистегі қосымша мәселелерге тоқталайық.

1. Алла елшісі (с.а.с.) Абдулла ибн Амрға жағдайына қарай нәпіл оразаны бірнеше жолмен ұстауға болатынын айтқан:

а) Бірде ораза ұстау, бірде ұстамау.

ә) Әр айда үш күн ораза ұстау (айдың 13, 14 және 15-күндері).

б) Бір күн ораза ұстап, екі күн ұстамау.

в) Бір күн ораза ұстап, бір күн ұстамау (Дәуіт пайғамбардың оразасы).

Хадистің мұнда келтірілмеген нұсқаларында аптасына екі не үш күн ораза ұстау да айтылады.

2. Хадистегі «афдал» сөзі «абзалырақ» дегенді білдіреді. Жақсы істің сауабы он еселенетіндіктен, айына үш күн ораза ұстаған адам жыл бойы ораза ұстағандай сауап алады. Осы есеппен айына алты күн ораза ұстаған адам бір жылда екі жылдық оразаның сауабын алады. Дегенмен ғалымдар нәпіл ораза адамның мойнындағы міндеттерді өтеуіне кедергі жасамауға тиіс екенін ескертеді. Демек, №72 хадистің түсіндірмесінде аталған ақыларды өтей жүріп айына үш күн ораза ұстау сол ақылардың кейбірін өтеусіз қалдырып алты күн ораза ұстаудан абзал.

3. Хадисте «саумуд-дәһр» деп аталатын, яғни жыл бойы ораза ұстау жайында ислам ғалымдарының пікірі әртүрлі.

а) Кей ғалымдар Алла елшісінің (с.а.с.) «Үнемі ораза ұстаған адам ораза ұстамағанмен тең» деген сөзін тура мағынасында түсінген. Олардың пікірінше, жыл бойы ораза ұстаған кісі айт пен ташриқ күндерінде де ауыз бекітеді. Тыйым салынған күндерде ораза ұстағандықтан, ол сауап орнына күнә арқалайды.

ә) Кей ғалымдар бұл тыйымды ораза салдарынан мойнындағы міндеттерді орындай алмайтындарға қатысты деп түсінген. Олардың пікірінше, өзіне жүктелген ақыларды өтеп жүрген адамға бұл тыйым жүрмейді.

б) Енді бір ғалымдар хадистегі сөзді жыл бойы ораза ұстап әдеттенген адам оның машақатын өзгелердей сезінбейді деген хабар деп түсінген. Олар мұны нәпіл оразадан бас тартуға шақыру деп санамаған.

Заһири ғалымдар жыл бойы ораза ұстауға рұқсат жоқ деп есептеген. Көпшілік ғалым айт пен ташриқ күндері ораза ұстамаса, рұқсат деген пікірде. Имам Шафиғи да (Алла оны рақымына алсын) осы пікірді ұстанып, мұндай оразаны мұстахап санаған. Ибн Мәжәнің бір риуаятында Нұх пайғамбардың (а.с.) айт күндерінен басқа күндері ораза ұстағаны айтылады. Сондай-ақ Абдулла ибн Омар, Айша, Әбу Талха және Әбу Умама (Алла бәріне разы болсын) секілді сахабалардың жыл бойы ораза ұстағаны жөнінде риуаяттар бар.

Ескерту:

Хадистерде «саумул-уисалға», яғни бірнеше күн қатарынан ауыз ашпай ораза ұстауға анық тыйым салынған. Ал жыл бойы ораза ұстаған кісі ораза ұстауға рұқсат етілген күндері таңертең ауыз бекітіп, кешке аузын ашады.

4. Бұл хадис Құран оқу әдебін де үйретеді. Пайғамбар (с.а.с.) алғаш ұсынған бір айды көпшілік мұсылманға Құранды хатым етуге қолайлы мерзім деп түсінуге болады. Ол үшін күніне бір пара, яғни шамамен жиырма бет оқу керек. Құранды одан да қысқа мерзімде хатым етуге болады. Дегенмен мағынасын түсініп, ой жүгірту үшін асықпай оқыған жөн. Бұл риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) Абдуллаға жеті түнде бір хатым етуге рұқсат беріп, одан жиілетпеуді тапсырған.

5. Хадисте түнгі намаз бен ұйқыны ұштастырудың үлгісі ретінде Дәуіт пайғамбардың (а.с.) түнді қалай өткізгені айтылады. Алла елшісінің (с.а.с.) түнгі ғибадаты осы тақырыпқа арналған хадистердің түсіндірмесінде сөз болады.

  1. 1Бұхари, «Саум», 54–59, «Тәһәжжүд», 7, 19, «Әнбия», 37, «Фадаилул-Құран», 34, «Никах», 89, «Әдеп», 84, «Истиғзан», 38; Мүслим, «Сиям», 181–194 (№1159); Әбу Дәуіт, «Сиям», 53 (Ибраһим Жанан жинағында №2425, Sunnah.com нөмірлеуінде №2427); Нәсәи, «Сиям», 76 (4, 209–210); Тирмизи, «Саум», 57 (№770).
74
Кутуб ситтә, № 74 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: كَانَ لِرَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حَصِيرٌ يَحْتَجِزُهُ فِي اللَّيْلِ فَيُصَلِّي فِيهِ، وَيَبْسُطُهُ فِي النَّهَارِ فَيَجْلِسُ عَلَيْهِ، فَجَعَلَ النَّاسُ يَثُوبُونَ إِلَيْهِ يُصَلُّونَ بِصَلَاتِهِ حَتَّى كَثُرُوا، فَأَقْبَلَ عَلَيْهِمْ فَقَالَ: «يَا أَيُّهَا النَّاسُ، خُذُوا مِنَ الْأَعْمَالِ مَا تُطِيقُونَ، فَإِنَّ اللَّهَ تَعَالَى لَا يَمَلُّ حَتَّى تَمَلُّوا، وَإِنَّ أَحَبَّ الْأَعْمَالِ إِلَى اللَّهِ تَعَالَى مَا دَامَ وَإِنْ قَلَّ». وَكَانَ آلُ مُحَمَّدٍ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا عَمِلُوا عَمَلًا أَثْبَتُوهُ. أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. وَفِي رِوَايَةٍ لِلْبُخَارِيِّ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «سَدِّدُوا وَقَارِبُوا، وَاغْدُوا وَرُوحُوا، وَشَيْءٌ مِنَ الدُّلْجَةِ، وَالْقَصْدَ الْقَصْدَ تَبْلُغُوا، وَاعْلَمُوا أَنَّهُ لَنْ يُدْخِلَ أَحَدَكُمْ عَمَلُهُ الْجَنَّةَ». قَالُوا: «وَلَا أَنْتَ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟» قَالَ: «وَلَا أَنَا، إِلَّا أَنْ يَتَغَمَّدَنِيَ اللَّهُ تَعَالَى بِمَغْفِرَةٍ وَرَحْمَةٍ». وَفِي أُخْرَى لِلْبُخَارِيِّ وَالنَّسَائِيِّ: «إِنَّ هَذَا الدِّينَ يُسْرٌ، وَلَنْ يُشَادَّ الدِّينَ أَحَدٌ إِلَّا غَلَبَهُ».

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) бір тоқыма шиі бар еді. Түнде оны қалқа етіп, тасасында намаз оқитын. Күндіз шиді төсеп, үстіне отыратын. Адамдар келіп, оған ұйып намаз оқи бастады. Қарасы көбейген соң, Алла елшісі (с.а.с.) оларға бұрылып: “Уа, адамдар! Шамаларың жететін амалдарды атқарыңдар. Сендер құлшылықтан жалыққанша, Алла сауап беруден жалықпайды. Аллаға ең сүйікті амал – аз болса да үзбей жасалған амал”, – деді».

Риуаятшының айтуынша, Мұхаммедтің (с.а.с.) отбасы бір амалды бастаса, оны үзбей жалғастыратын1.

Бұхаридің Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген риуаятында Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Орта жолды ұстаныңдар, кемелдікке жақындауға тырысыңдар. Таңертең, кешқұрым және түннің бір бөлігінде жол жүріңдер (құлшылық етіңдер). Баппен жүрсеңдер, межеге жетесіңдер. Біліп қойыңдар, ешқайсыңды амалың өздігінен жәннатқа кіргізбейді». Сонда олар: «Уа, Алланың елшісі, сізді де ме?» – деп сұрады. Ол: «Мені де. Тек Алла кешірімі мен мейіріміне бөлесе ғана», – деді2.

Бұхари мен Нәсәи жеткізген тағы бір риуаятта: «Бұл дін жеңіл. Дінді өзіне ауырлатып, онымен күш сынасқан кез келген адам жеңіліп қалады», – делінген3.

Түсіндірме

1. Хадис құлшылықта орта жолды ұстануға үндейді. Ол Алла елшісінің (с.а.с.) тұрмысынан да сыр шертеді. Пайғамбарымыз қарапайым баспанада тұрған. Төсенішке кілемнің орнына ши пайдаланған. Түнде сол шиді қалқа етіп, қажет болса, бөлмені екіге бөліп, сырт көзден тасаланған. Алла елшісі (с.а.с.) тұрмыста ысырапқа бармауға шақырған. Әр жұбайына жеке бөлме салдырған. Бөлмелердің ені де, ұзындығы да он шынтақтай болған.

2. Хадистен жұрттың Алла елшісіне (с.а.с.) нәпіл намазда да ұйығанын көреміз. Алайда Пайғамбарымыз оларға бұл қарқынмен ұзақ жүре алмайтындарын ескертеді. Алланың құзырында үзбей жасалған амал ұнамды. Мұнда амалдың мөлшерінен гөрі оны өз жағдайымызға қарай тұрақты атқару маңызды. Ісімізді алдын ала ойластырып, жоспармен, жүйелі атқарсақ, осы дағды қалыптасады. Өмірде нәтижеге жетудің бір сыры – осындай ішкі тәртіп. Аз да болса тоқтаусыз аққан бұлақтың суы тұрып қалған үлкен тоғанның суынан да молаяды.

«Мұхаммедтің (с.а.с.) отбасы бір амалды бастаса, оны үзбей жалғастыратын» деген сөз олардың ісін жүйелі атқарғанын аңғартады. Риуаяттарға қарағанда, Алла елшісі (с.а.с.) күнделікті ісіне белгілі бір уақыт бөлген. Таң намазынан кейін сахабалармен сұхбаттасып, одан соң үй ішін аралаған. Екінті намазынан кейін де жұбайларына кіріп, әңгімелесетін. Зияратқа шықпайтын, келушілерді қабылдайтын және оңаша қалатын мезгілдері болған. Осы тәртіпті ұдайы ұстанған.

3. Бұхари жеткізген риуаят орта жолды ұстанып, кемелдікке жақындауға үндейді. Кемелдіктің шегі жоқ, сондықтан ең абзалын іздеймін деп, адам бітпес күмәнға бой алдыруы мүмкін. Ибн әл-Мунир: «Бұл хадис – Мұхаммедтің (с.а.с.) хақ пайғамбар екенінің бір дәлелі. Дінде шектен шыққан адамның мақсатына жетпей, жарым жолда қалғанын бізден бұрынғылар да көрген, біз де көріп жүрміз», – дейді. Ибн Хажардың түсіндіруінше, ғибадатты кемел атқару – құптарлық іс. Хадисте жалығуға соқтыратын, абзал істен қалдыратын немесе парызды өз уақытында орындауға бөгет болатын нәпілдегі астамдық туралы айтылған. Мәселен, түні бойы нәпіл оқыған кісі таңға жуық ұйқысы қысып, сәл тынықпақ болады. Ояна алмай қалса, таң намазын жамағатпен оқудан қағылады, абзал уақытын өткізіп алады. Тіпті күн шыққанша ұйықтап, парыз намазын қаза етуі мүмкін. Ахмад ибн Ханбалдың «Мүснадындағы» риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Шектен шығумен діндегі мақсатыңа жете алмайсың. Дінді ұстанудың ең көркем жолы – жеңілдік», – деген.

Ибн Хажар шариғат рұқсат еткен жеңілдікті орнымен пайдаланудың маңызын да айтады. Рұқсат бар жерде өзіне орынсыз ауырлық арту – шектен шығудың бір түрі. Мәселен, су бар болса да, оны пайдалануға жағдайы келмеген адамға тәяммүм жасауға рұқсат. Осы жеңілдікті қолданбай, суды пайдаланса, зиян шегуі мүмкін.

«Орта жолды ұстаныңдар» деген сөздің түбірі – «сидад». Тіл мамандары мұны амалда тепе-теңдік сақтау, яғни астамдыққа да, салғырттыққа да ұрынбай, дұрысты көздеу деп түсіндіреді. Хадистің келесі сөзі осы ойды жалғастырады. Амалды кемел атқаруға шамаң жетпесе, соған жақын келгеніне қанағат ет.

4. Хадисте Алла елшісі (с.а.с.) жолаушыға жолға шығуға қолайлы мезгілді атағандай сөйлейді. Ғалымдар дүниедегі адамның ғұмыры да жолаушының сапарындай екенін ескеріп, мұны құлшылыққа қолайлы уақытты меңзеу деп ұққан. Таңертең, кешқұрым және түннің бір бөлігінде адам сергек болып, ықыласпен, көңілі жайланып ғибадат ете алады. «Баппен» деп аударылған «әл-қасд, әл-қасд» тіркесі орта жолдан айнымай, асықпай жүруді білдіреді.

Құлшылықта да, басқа істе де жалығып, ақырында мүлде тастап кетпес үшін, ықыласпен жалғастыра алатын мөлшерді таңдаған жөн.

5. Алла елшісінің (с.а.с.) құлшылықта шектен шықпауға шақырғандағы түйінді дәлелі мынау: адамды жаннатқа амалы өздігінен кіргізбейді, жаннат Алланың кешірімі мен мейірімі арқылы нәсіп болады.

«Жақсылыққа себепкер болған адам оны істегенмен тең» деген қағидаға сай, қияметке дейін тура жолға түскен сансыз адамның игі амалынан Алла елшісінің (с.а.с.) да сауап дәптері толыға береді. Соншама сауаптың өзі Пайғамбарымызға ақыреттегі құтылудың кепілі болмаса, өзге кімнің амалы оған кепіл бола алады? Жаннат – адам еңбегімен сатып алуға келмейтін ұлы нығмет. Алла Тағала оны қалаған құлына сый етеді.

Алла елшісі (с.а.с.) құлшылықты Алланың разылығына жету ниетімен атқаруға үндеген.

Ғибадаттың мақсаты Алланың разылығы болса, астамдық пен салғырттықтың жолы тарылады. Алланы разы ететін амалдың қадірі оның санымен өлшенбейді. Ол Алланың разылығына сай орындалуымен құнды. Осы түсінік парызға немқұрайды қарауға жол бермейді, өйткені Алланың разылығына ұмтылған адам Оның және елшісінің әмірлерін көрсетілген жолмен атқарады. Амалымыздың көптігіне сеніп, жаннатқа жеткендей арқаны кеңге салмаймыз. Күнәміз көп деп, Алланың мейірімінен де үміт үзбейміз. Қолдан келгенше тура жолда амал етіп, Алладан қайырлы нәтиже күтеміз. Бізден талап етілген орта жол осы.

Осы тараудағы келесі риуаят бұл ойды аша түседі. Амалды көбейтсем, діннің бүкіл талабын өтеймін деп, өзіңді қинаудың қажеті жоқ. Шамаңнан асқан міндет алған соң, бір тұста кемшілік жіберіп, үмітсіздікке түсуің мүмкін. «Мүміннің ниеті амалынан абзал» деген риуаят та бар.

  1. 1Бұхари, «Иман» (№43), «Азан» (№730), «Киім» (№5861), «Риқақ» (№6465); Мүслим, «Мусафирин намазы» (№782); Мәлик, «Муатта», «Түнгі намаз», 4 (1/118); Нәсәи, «Қиямул-ләйл», 1 (3/218), «Қыбла» (№762); Әбу Дәуіт, «Нәпіл намаз» (№1368).
  2. 2Бұхари, «Риқақ», 18 (№6463–6464). Жинақта осы мағыналас риуаяттардың сөздері бірге берілген.
  3. 3Бұхари, «Иман», 29 (№39); Нәсәи, «Иман» (№5034).
75
Кутуб ситтә, № 75 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «يَسِّرُوا وَلَا تُعَسِّرُوا، وَبَشِّرُوا وَلَا تُنَفِّرُوا». وَفِي رِوَايَةٍ: «وَسَكِّنُوا وَلَا تُنَفِّرُوا». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Жеңілдетіңдер, қиындатпаңдар. Сүйіншілеңдер, бездірмеңдер», – деген. Басқа риуаятта: «Көңілдерін орнықтырыңдар, үркітпеңдер», – делінген1.

Түсіндірме

Хадистен алынатын тағылым:

- Мүмін адам жұртты ізгі амалға ынталандырып, оны сүйіп атқаруға баулиды. Діни талапты орынсыз ауырлату, қорқыту мен дөрекі сөйлеу адамды діннен алыстатуы мүмкін. Сондықтан жұртпен мейіріммен сөйлескен жөн.

- Хадис шариғат талаптары адамның шамасына сай екенін көрсетеді. Дін адамға шамасы жетпейтін міндет жүктемейді. Алла Тағала Құранда осыны былай баяндайды:

«Уа, Раббымыз! Бізге күшіміз жетпейтін міндеттерді арта көрме!»2

«Сендерге дінде ешқандай ауыртпалық артпады»3.

«Шынында, Алла сендерге жеңілдік қалайды, ауыртпалық қаламайды»4.

  1. 1Бұхари, «Ілім» (№69), «Әдеп», 80 (№6125); Мүслим, «Жиһад» (№1734). Осы мағынадағы өзге риуаяттар: Мүслим, «Жиһад» (№1732–1733).
  2. 2«Бақара» сүресі, 286-аят.
  3. 3«Хаж» сүресі, 78-аят.
  4. 4«Бақара» сүресі, 185-аят.
76
Кутуб ситтә, № 76 · тараудағы реті: 7

وَعَنْ سَهْلِ بْنِ أَبِي أُمَامَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّهُ دَخَلَ هُوَ وَأَبُوهُ عَلَى أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ تَعَالَى عَنْهُ، فَإِذَا هُوَ يُصَلِّي صَلَاةً خَفِيفَةً كَأَنَّهَا صَلَاةُ مُسَافِرٍ. فَلَمَّا سَلَّمَ قَالَ أَبِي: «يَرْحَمُكَ اللَّهُ، أَرَأَيْتَ هَذِهِ الصَّلَاةَ الْمَكْتُوبَةَ أَوْ شَيْءٌ تَنَفَّلْتَهُ؟» قَالَ: «إِنَّهَا لَلْمَكْتُوبَةُ، وَإِنَّهَا لَصَلَاةُ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، مَا أَخْطَأْتُ إِلَّا شَيْئًا سَهَوْتُ عَنْهُ». ثُمَّ قَالَ: «إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: لَا تُشَدِّدُوا عَلَى أَنْفُسِكُمْ فَيُشَدَّدَ عَلَيْكُمْ، فَإِنَّ قَوْمًا شَدَّدُوا عَلَى أَنْفُسِهِمْ فَشَدَّدَ اللَّهُ عَلَيْهِمْ، فَتِلْكَ بَقَايَاهُمْ فِي الصَّوَامِعِ وَالدِّيَارِ. ﴿وَرَهْبَانِيَّةً ابْتَدَعُوهَا مَا كَتَبْنَاهَا عَلَيْهِمْ﴾». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Сәһл ибн Әбу Умама (р.а.) былай дейді: «Әкем екеуміз Әнәске (р.а.) бардық. Ол жолаушының намазындай қысқа намаз оқып жатыр екен. Сәлем беріп болғанда, әкем: “Алла сені мейіріміне бөлесін! Бұл оқығаның парыз намаз ба, әлде нәпіл ме?” – деп сұрады. Әнәс: “Бұл – парыз намаз. Алла елшісі (с.а.с.) намазды осылай оқитын. Байқамай жаңылған бір тұсым болмаса, одан ауытқымадым”, – деді. Содан соң Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізді: “Өздеріңе ауырлық артпаңдар. Әйтпесе міндеттерің ауырлай түседі. Бір қауым өздеріне ауырлық артты, сонда Алла олардың міндетін ауырлатты. Солардың жұрнағы ғибадатханалар мен мекендерде қалған”. Содан кейін “Ал өздері ойлап тапқан рухбандыққа келсек, Біз оны оларға парыз қылмаған едік”1 деген аятты келтірді»2.

Түсіндірме

Әнәстің бұл ісі алдыңғы хадистердегі өсиеттің сахабалар өмірінде қалай орындалғанын көрсетеді. Ғибадатты адам жалығып, жерінетіндей ауырлатып алмау керек.

Әнәс (р.а.) намазды жеңіл оқығанда оның әдебі мен сүннеттерін сақтап, жеткілікті мөлшермен шектелген. Мысалы, қысқа сүре оқып, намаз қимылдарын байыппен орындаған (тағдил әл-әркан), рүкүғ пен сәждеде үш реттен тәсбих айтып, намазды созбаған деп түсінуге болады.

Түсіндірмеде Әнәс (р.а.) сол намазды жамағатқа оқытқан деп пайымдалады. Алла елшісі (с.а.с.) имамдарға: «Араларыңнан кім жамағатқа намаз оқытса, намазды жеңіл оқытсын», – деп өсиет еткен. Осы пайымға сай, Әнәс Пайғамбарымыздың өсиетін орындап, намаздың шарттарын сақтаған.

Әбу Умама «Бұл намаз парыз ба, әлде нәпіл ме?» деп сұрағанда, намазды жеңіл оқыту жөніндегі хадис есіне түспеген немесе ол өсиет басқа намазға қатысты деп ойлаған болуы мүмкін.

Ибн әл-Қайым риуаяттағы үйлеспейтін тұс жеткізушілер тізбегінің (сәнәдтің) әлсіздігінен болуы мүмкін екенін айтады. Оның пікірінше, риуаят сахих деп танылса, ондағы қысқа оқу таң, ақшам, құптан намаздарының сүннеттері мен мешітке сәлем намазы (тахият әл-мәсжид) тәрізді кейбір нәпілдерге қатысты. Ибн әл-Қайым Алла елшісінің (с.а.с.) таң намазының сүннетін, сапар намазын және сәби жылағанда жамағат намазын қысқа оқығанын айтады. Пайғамбарымыз кейде ұзақ оқыған, көбіне орташа мөлшерді ұстанған. Ибн әл-Қайымның түсіндіруінше, Әнәс (р.а.) қажет кезінде де жеңілдікті қолданбай, өзіне қиындық туғызған адамның ісін құптамаған. Барлық намазды бірдей қысқа оқу Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетіне сай келмейді.

  1. 1«Хадид» сүресі, 27-аят.
  2. 2Әбу Дәуіт, «Әдеп», 52 (№4904). Әбу Дәуіттегі риуаяттың толық нұсқасы бұдан көлемдірек.
77
Кутуб ситтә, № 77 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «دَخَلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ الْمَسْجِدَ، فَإِذَا حَبْلٌ مَمْدُودٌ بَيْنَ السَّارِيَتَيْنِ، فَقَالَ: “مَا هَذَا؟” قَالُوا: “حَبْلٌ لِزَيْنَبَ، فَإِذَا فَتَرَتْ تَعَلَّقَتْ بِهِ”. فَقَالَ: “لَا، حُلُّوهُ، لِيُصَلِّ أَحَدُكُمْ نَشَاطَهُ، فَإِذَا فَتَرَ فَلْيَقْعُدْ”». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) мешітке кіргенде, екі бағанның арасына керілген арқанды көрді. Ол: “Мынау не?” – деп сұрады. Жұрт: “Бұл – Зейнептің арқаны. Намазда шаршағанда, осы арқаннан ұстап тұрады”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Жоқ, арқанды шешіңдер. Әркім сергек кезінде намаз оқысын, шаршаса, отырсын”, – деді»1.

  1. 1Бұхари, Таһажжүд: 18 (1150); Мүслим, Мусафирин: 219 (784); Әбу Дәуіт, Салат: 308 (1312); Нәсәи, Қиямул-ләйл: 17 (3/218, 1643).
78
Кутуб ситтә, № 78 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «دَخَلَ عَلَيَّ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، وَعِنْدِي امْرَأَةٌ مِنْ بَنِي أَسَدٍ. فَقَالَ: “مَنْ هَذِهِ؟” قُلْتُ: “فُلَانَةُ، لَا تَنَامُ اللَّيْلَ”. فَقَالَ: “مَهْ! عَلَيْكُمْ مِنَ الْأَعْمَالِ مَا تُطِيقُونَ، فَإِنَّ اللَّهَ تَعَالَى لَا يَمَلُّ حَتَّى تَمَلُّوا”. وَكَانَ أَحَبَّ الدِّينِ إِلَيْهِ مَا دَامَ عَلَيْهِ صَاحِبُهُ». أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Жанымда Бәни Әсәд тайпасынан бір әйел бар еді. Алла елшісі (с.а.с.) кіріп келіп: “Бұл кім?” – деп сұрады. Мен: “Пәленше. Түні бойы ұйықтамайды”, – дедім. Ол: “Қоя ғой! Шамаларың жететін амалды ғана істеңдер. Сендер (амалдан) жалыққанға дейін Алла тағала (сауап беруден) жалықпайды”, – деді. Аллаға ең ұнамды діни амал – адамның үзбей істейтін амалы еді»1.

Түсіндірме

Мүслимдегі бір нұсқада бұл әйелдің Хаула бинт Туәйт екені анық айтылады. Ол мұһажирлердің қатарында болған, елге діндарлығымен танылған. Өзге риуаяттарда есімі аталмай, «бір әйел» деп беріледі. Екі бөлек оқиға болуы да мүмкін. Дегенмен бұлар бір оқиғаның әртүрлі нұсқалары деген пікір қисындырақ.

Хадис адамды ғибадатта өзін қинаудан, шектен шығудан сақтандырады. Алла елшісінің (с.а.с.) «Қоя ғой!» деуі әйелдің түні бойы намаз оқығанын құптамағанын аңғартады. Ғалымдардың көбі, соның ішінде Имам Мәлик те, түнді түгел ғибадатпен өткізуді мәкрүһ санаған. Дегенмен Мәликтің таң намазына кедергі келтірмейтін жағдайда бір рет түні бойы ғибадат етуге рұқсат бергені де айтылады.

Алла елшісі (с.а.с.) түні бойы ғибадат етуді құп көрмеген. Өйткені адам мұны үнемі істей алмай, ақыры жалығып, амалын тастап кетуі мүмкін. «Ұйқыларыңды дамылдап тынығудың бірден-бір жолы қылдық. Түнді жамылғы қылдық. Ал күндізді тіршілік уақыты қылдық» («Нәбә» сүресі, 9–11-аяттар). Түн сайын таң атқанша құлшылық ету аяттардағы осы қағидаға да, хикмет пен адам табиғатына да үйлесе бермейді. Сондықтан таң намазын өткізіп алу қаупі болмаса да, мұны әдетке айналдыруды құптау қиын.

  1. 1Бұхари, Иман: 32 (43), Таһажжүд: 18; Мүслим, Салатул-мусафирин: 220–221 (785); Муатта, Салатул-ләйл: 4 (1/118); Нәсәи, Қиямул-ләйл: 17 (3/218, 1642).
79
Кутуб ситтә, № 79 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِنَّ لِكُلِّ شَيْءٍ شِرَّةً، وَلِكُلِّ شِرَّةٍ فَتْرَةٌ، فَإِنْ صَاحِبُهَا سَدَّدَ وَقَارَبَ فَارْجُوهُ، وَإِنْ أُشِيرَ إِلَيْهِ بِالْأَصَابِعِ فَلَا تَعُدُّوهُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ. الشِّرَّةُ: النَّشَاطُ وَالرَّغْبَةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Әр істің құлшыныс күшейетін шағы бар. Әр құлшыныстың бәсеңдейтін кезі де болады. Кісі туралықты көздеп, шектен шықпаса, одан жақсылық күтіңдер. Ал жұрт оны саусағымен нұсқаса, ізгілердің қатарынан санамаңдар»1.

Түсіндірме

Тиби бұл хадисті былай түсіндіреді: «Әрбір сыртқы амал мен ішкі мінездің екі шегі бар. Бірі – асыра сілтеу (ифрат), екіншісі – кемшін атқару (тафрит). Ең көркемі – екеуінің ортасын ұстау. Біреудің осы орта жолмен жүргенін көрсем, ісі оңалар деп үміттенемін. Алайда “міндетті түрде мұратына жетеді” деп кесіп айтуға болмайды. Ғайыпты бір Алла біледі. Сол сияқты біреу жұрт саусағымен нұсқайтындай дәрежеде шектен шықса, “міндетті түрде зиян шегеді” деп те үкім шығармаңдар. Жасырынды Алла ғана біледі».

  1. 1Тирмизи, Қиямет: 21 (2453; Ибраһим Жананның еңбегінде 2455). №83 хадисті де қараңыз.
80
Кутуб ситтә, № 80 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Әбу Жухайфа

وَعَنْ أَبِي جُحَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «آخَى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بَيْنَ سَلْمَانَ وَأَبِي الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، فَزَارَ سَلْمَانُ أَبَا الدَّرْدَاءِ، فَرَأَى أُمَّ الدَّرْدَاءِ مُتَبَذِّلَةً، فَقَالَ: “مَا شَأْنُكِ؟” قَالَتْ: “أَخُوكَ أَبُو الدَّرْدَاءِ لَيْسَ لَهُ حَاجَةٌ فِي الدُّنْيَا”. فَجَاءَهُ أَبُو الدَّرْدَاءِ، فَصَنَعَ لَهُ طَعَامًا، وَقَالَ لَهُ: “كُلْ”، فَقَالَ: “إِنِّي صَائِمٌ”. فَقَالَ سَلْمَانُ: “مَا أَنَا بِآكِلٍ حَتَّى تَأْكُلَ”. فَأَكَلَ. فَلَمَّا كَانَ اللَّيْلُ، ذَهَبَ أَبُو الدَّرْدَاءِ يَقُومُ، فَقَالَ: “نَمْ”، فَنَامَ. ثُمَّ ذَهَبَ لِيَقُومَ، فَقَالَ: “نَمْ”، فَنَامَ. فَلَمَّا كَانَ مِنْ آخِرِ اللَّيْلِ، قَالَ سَلْمَانُ: “قُمْ الْآنَ”، فَصَلَّيَا. فَقَالَ لَهُ سَلْمَانُ: “إِنَّ لِرَبِّكَ عَلَيْكَ حَقًّا، وَإِنَّ لِنَفْسِكَ عَلَيْكَ حَقًّا، وَلِأَهْلِكَ عَلَيْكَ حَقًّا، فَأَعْطِ كُلَّ ذِي حَقٍّ حَقَّهُ”. فَذَكَرَ ذَلِكَ لِرَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَقَالَ: “صَدَقَ سَلْمَانُ”». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَزَادَ التِّرْمِذِيُّ رَحِمَهُ اللَّهُ: «وَلِضَيْفِكَ عَلَيْكَ حَقًّا».

Қазақша аудармасы

Әбу Жуһайфа (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Сәлман мен Әбу Дәрданы (Алла екеуіне разы болсын) бауырластырған еді. Бір күні Сәлман Әбу Дәрданың үйіне барды. Үммү Дәрданың жұпыны киім киіп жүргенін көріп: “Бұл не күй?” – деп сұрады. Әйел: “Бауырың Әбу Дәрданың дүниеге зауқы жоқ”, – деді. Әбу Дәрда келіп, Сәлманға ас әзірледі. “Дәмнен ал”, – деді де, өзінің ораза ұстап жүргенін айтты. Сәлман: “Сен жемейінше, мен де жемеймін”, – деген соң, Әбу Дәрда да тамақтан ауыз тиді. Түнде Әбу Дәрда намазға тұрмақ болғанда, Сәлман: “Ұйықта”, – деді. Ол ұйықтады. Біраздан кейін қайта тұрмақ болғанда, Сәлман тағы да ұйықтауын айтты. Түннің соңғы бөлігінде Сәлман: “Енді тұр”, – деді. Екеуі бірге намаз оқыды. Содан соң Сәлман: “Сенде Раббыңның да, нәпсіңнің де, отбасыңның да ақысы бар. Әр ақы иесіне өз ақысын бер”, – деді. Әбу Дәрда бұл жайды Алла елшісіне (с.а.с.) айтқанда, ол: “Сәлман рас айтқан”, – деді». Тирмизи жеткізген нұсқада Сәлманның «Қонағыңның да сенде ақысы бар» деген сөзі де айтылады1.

Түсіндірме

1. Хадисте «муахат» деп аталатын бауырластыру оқиғасы баяндалады. Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаға һижрет еткеннен кейін, меккелік мұһажирлерді орналастырып, оларға қолдау көрсету үшін мәдиналық мұсылмандармен бауырластырған. Әр мұһажирге Мәдина тұрғынының бірін бауыр етіп бекіткен. Алғашқы кезде бұл бауырластық бір-біріне мұра қалдыруға дейін барған. Ансарлар меккелік бауырларымен туғанындай барын бөлісті. Үйінің екі бөлмесі болса, бірін бауырына берді. Егістігін, өнімін, саудасынан түскенін де ортақ етті. Кейбірі табысының қомақты бөлігін бауырына беруге әзір еді. Өзінің мұқтаждығына қарамастан, өзгені өзінен артық көруді «исар» дейді. Ансарлар (Алла оларға разы болсын) осындай істерімен Алланың разылығына бөленіп, Құранда мадақталды. Исламға сіңірген қызметтері үшін олар қияметке дейінгі мүміндердің сүйіспеншілігі мен құрметіне ие болды. Ансарларды мадақтайтын аяттардың бірінде былай делінеді: «Олардан бұрын Мәдинаны мекен етіп, иман құшағына оранғандарға келсек, олар өздеріне Алла жолында қоныс аударып келген мұһажирлерді шын жүректен жақсы көреді және оларға берілген олжаны немесе басқа да дүниені іштей қызғанбайды һәм іштей қаламайды. Тіпті өздері мұқтаж бола тұра, оларды өздерінен артық көреді. Кімде-кім нәпсісінің сараңдығы мен ашкөздігінен сақтана алса, мәңгілік азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткен бақытты жандар, міне, солар!»2.

2. Бауырлардың бір-біріне қонаққа баруы және барған үйіне қонуы мұстахап екені де осы хадистен аңғарылады.

3. Қажет кезде өзіне махрам емес әйелмен сөйлесуге болатыны осы оқиғадан көрінеді. Сәлманның сұрағы өзіне тікелей қатысты болмаса да, оны қоюға орынды себеп бар еді.

4. Мұсылман бауырыңа жақсылық пен ақиқатты айтып, аңғармай жүрген тұсын ескерткен жөн. Қателігін көре тұра, үнсіз қалмау керек.

5. Түнгі намазды түннің соңғы бөлігінде оқыған абзал. Алдымен ұйықтап тынығып, таң намазының уақыты таяғанда тұрған жөн.

6. Әйелдің өз жұбайы үшін сәнденуіне рұқсат екені де осы хадистен аңғарылады.

7. Ерінің оған жақсы мәміле жасап, көңіл бөлуі – әйелдің ақыларының бірі.

8. Қонақ келгенде нәпіл оразаны ашуға болады. Хадис мұның мұстахап болуы мүмкін екенін де аңғартады.

9. Өзіңе жеткен хабарды оның шыққан көзінен немесе сол жайды жақсы білетін адамнан анықтап алуға болады.

  1. 1Бұхари, Әдеп: 86, Саум: 51 (1968), Таһажжүд: 15; Тирмизи, Зүһд: 63 (2413; Ибраһим Жананның еңбегінде 64-тарау, 2415).
  2. 2«Хашр» сүресі, 9-аят.
81
Кутуб ситтә, № 81 · тараудағы реті: 12

وَعَنْ حَنْظَلَةَ بْنِ الرَّبِيعِ الْأُسَيِّدِيِّ، كَاتِبِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: لَقِيَنِي أَبُو بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، فَقَالَ: كَيْفَ أَنْتَ؟ فَقُلْتُ: نَافَقَ حَنْظَلَةُ. فَقَالَ: سُبْحَانَ اللَّهِ، مَا تَقُولُ؟ فَقُلْتُ: نَكُونُ عِنْدَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُذَكِّرُنَا بِالنَّارِ وَالْجَنَّةِ حَتَّى كَأَنَّا رَأْيَ عَيْنٍ، فَإِذَا خَرَجْنَا مِنْ عِنْدِهِ عَافَسْنَا الْأَزْوَاجَ وَالْأَوْلَادَ وَالضَّيْعَاتِ وَنَسِينَا كَثِيرًا. قَالَ: وَاللَّهِ إِنِّي لَأَجِدُ مِثْلَ هَذَا. فَانْطَلَقَا إِلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَذَكَرَا لَهُ ذَلِكَ، فَقَالَ: «وَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ، لَوْ تَدُومُونَ عَلَى مَا تَكُونُونَ عِنْدِي وَفِي الذِّكْرِ لَصَافَحَتْكُمُ الْمَلَائِكَةُ عَلَى فُرُشِكُمْ وَفِي طُرُقِكُمْ، وَلَكِنْ يَا حَنْظَلَةُ، سَاعَةً وَسَاعَةً» ثَلَاثَ مَرَّاتٍ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ. الْمُعَافَسَةُ: الْمُعَالَجَةُ وَالْمُمَارَسَةُ وَالْمُلَاعَبَةُ.

Қазақша аудармасы

Алла елшісінің (с.а.с.) хатшысы Ханзала ибн әр-Рабиғ әл-Усәййиди (р.а.) былай дейді: «Әбу Бәкір (р.а.) маған жолығып:

– Халің қалай? – деп сұрады.

– Ханзала мұнафық болды, – деп жауап бердім.

– Сұбханаллаһ! Не айтып тұрсың? – деді.

– Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қасында отырғанымызда тозақ пен жұмақты есімізге салады. Сонда оларды көзімізбен көргендей боламыз. Қасынан шыққан соң жұбайларымызбен, балаларымызбен және өз шаруамызбен айналысып, көп нәрсені ұмытып қаламыз, – дедім.

– Алламен ант етемін, менің де басымнан дәл осындай күй өтеді, – деді Әбу Бәкір.

Екеуміз Алла елшісіне (с.а.с.) барып, осы жайды баяндадық. Сонда ол былай деді:

– Жаным құдірет қолындағы Алланың атымен ант етемін! Егер менің жанымда және зікір үстінде болған күйлеріңнен айнымасаңдар, періштелер сендермен төсектеріңде де, жолдарыңда да қол алысып амандасар еді. Алайда, уа, Ханзала, бір мезгіл олай, бір мезгіл былай», – деді. Соңғы сөзін үш рет қайталады1. Жинақта «муғафаса» сөзі бір іспен шұғылдану, айналысу және ойнау мағынасында түсіндірілген.

Түсіндірме

Ханзаланың сөзінен көп мұсылманның көңіліне ұялайтын күдікті аңғарамыз. Адам Құран оқып, намазға тұрып, уағыз тыңдағанда рухани сергіп, ақырет жайында терең ойланады. Отбасы мен күнделікті тіршіліктің қамына кіріскенде бұрынғы күйі бәсеңдеуі мүмкін. Осы айырманы сезген Ханзала «Мұнафық болып кеттім бе?» деп алаңдайды. Әбу Бәкір де осындай күйді бастан кешіретінін айтады. Екеуі осы жайды өзге сахабаларға да айтса, олардың да сондай күдікке кезігетінін аңғарар еді. Алла Елшісі (с.а.с.) олардың алаңын сейілтіп, көңіл күйінің құбылуы адамға тән екенін түсіндіреді. Кім оның жанындағы және зікір үстіндегі қалпынан айнымаса, періштелердің қол алысып амандасу құрметіне бөленер еді.

Қари «Бір мезгіл олай, бір мезгіл былай» деген сөзді былай түсіндіреді. Кейде жүрек сергіп, кейде рухани құлшыныс бәсеңдейді. Осы құбылыс үшін адам мұнафыққа айналмайды. Көңілі жай тапқан кезде ол Раббысына ықыласпен құлшылық етеді, ал тіршілік қамы басым түскенде дүниелік қажетімен айналысады. Қари құлшылықтан жалығып, тіпті жерініп кетпеу үшін басқа іспен шұғылдануға да рұқсат берілгенін атап өтеді. Әркімге бір қалыптағы тебіреністі сақтай беру міндеттелмеген. Сондықтан Ханзаланың өз күйін мұнафықтыққа жорып, өзін қинауына негіз жоқ. Тура жолдағы адамның бойына осындай күдік ұялату – шайтанның оны шарасыз қалдырып, жолдан тайдыру үшін пайдаланатын айласының бірі.

  1. 1Мүслим, «Тәуба», 12 (2750); Тирмизи, «Қиямет», 60 (2516; басқа нөмірлеуде 2514).
82
Кутуб ситтә, № 82 · тараудағы реті: 13

وَعَنْ مَالِكٍ أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا كَانَتْ تُرْسِلُ إِلَى بَعْضِ أَهْلِهَا بَعْدَ الْعَتَمَةِ تَقُولُ: «أَلَا تُرِيحُونَ الْكُتَّابَ؟»

Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен хабарда әзірет Айшаның (р.а.) құптаннан кейін үй ішіндегі кейбір адамдарға кісі жіберіп: «Жазушы періштелерге дамыл бермейсіңдер ме?» – деп сәлем айтқызғаны баяндалады1.

Түсіндірме

Түсіндірме бойынша бос сөз бен күнәға жетелейтін бөстекі әңгіме адамның сол жағындағы періштелерді мазалайды. Жаман істі жазу оларға қуаныш әкелмейді. Ал оң жақтағы періштелер ізгі амалды жазуға қуанады. Сондықтан осы риуаяттан оларға дамыл беру үшін ерте жату керек деген ұғым шықпайды.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Кәлам», 9 (2/987).
83
Кутуб ситтә, № 83 · тараудағы реті: 14Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: أُخْبِرَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنْ مَوْلَاةٍ لَهُ تَقُومُ اللَّيْلَ وَتَصُومُ النَّهَارَ، فَقَالَ: «لِكُلِّ عَامِلٍ شِرَّةٌ، وَلِكُلِّ شِرَّةٍ فَتْرَةٌ، فَمَنْ صَارَتْ فَتْرَتُهُ إِلَى سُنَّتِي فَقَدِ اهْتَدَى، وَمَنْ أَخْطَأَ فَقَدْ ضَلَّ».

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) айтады: «Пайғамбарға (с.а.с.) өзінің бір азат күңі жайлы хабар жетті. Ол түнде намаз оқып, күндіз ораза ұстайды екен. Сонда ол: “Әр амал иесінің құлшынысы болады, әр құлшыныстың да бәсеңдейтін кезі келеді. Құлшынысы бәсеңдегенде сүннетіме сай амал еткен адам тура жол табады. Одан жаңылған адам адасады”, – деді».

84
Кутуб ситтә, № 84 · тараудағы реті: 15Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «خَيْرُ الْأُمُورِ أَوْسَاطُهَا». أَخْرَجَهُمَا رَزِينٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) «Істің ең жақсысы – орта жолды ұстану» деген сөзі келтіріледі1.

Аманат

«Аманат» сөзі сенімділік пен шыншылдықты білдіреді. Аманат — қиянатқа қарама-қарсы ұғым. Ислам діні әділет пен сенімділікке айрықша мән береді. Жеке адамның да, тұтас қоғамның да тыныштығы, тұрмысы мен рухани дамуы осы қасиеттерге байланысты.

Әділет пен сенімділік — бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Әділет болмаған жерде сенім де болмайды. Алла тағала «Рахман» сүресінде көкті көтеріп, таразыны қойғанын баяндайды да, өлшеуде әділ болуды бұйырады. Аяттар адамға әділдік сақтап, өзгенің ақысын құрметтеу керегін ұқтырады. Хадистерде аманаттың жоғалуы қияметтің бір белгісі ретінде айтылады. Айлакерлік көбейіп, кісі ақысына қол сұғыла бастағанда әділет әлсірейді, сенімге сызат түседі, жұрт бір-біріне күдікпен қарайтын болады.

Аманат жоғалғанда қандай зардап туатынын ұғыну үшін Құран Кәрімде оған қандай мән берілгеніне назар аударайық. «Расында, Біз аманатты көктерге, жерге және тауларға ұсындық. Олар оны мойындарына алудан бас тартып, одан қорықты. Ал адам оны мойнына алды. Расында, ол тым залым әрі тым надан еді»2. Аяттағы аманатқа адамның өз еркімен Аллаға құлшылық ету жауапкершілігі де кіреді.

Хадисте жоғалуы қияметтің белгісі делінген аманат осы аяттағы аманатпен сабақтас. Ғалымдар оның мәнін әр қырынан ашқан. Ибн Аббастың айтуынша, бұйырылған амалдарды орындау да, тыйым салынған амалдардан тыйылу да — аманат. Бір ғалымдар аманатты ғибадат деп түсіндірсе, енді біреулері оған адам баласына жүктелген барлық міндетті жатқызады. Тағы бір түсінік бойынша, аманат — Алланың адамдардан алған уәдесі.

Ибн әт-Тиннің айтуынша, аманатқа діни міндет жүктелген адамның Аллаға ғана аян ішкі сырлары да жатады.

  1. 1Соңғы екі риуаятты Разин келтірген. Әс-Сахауи «Әл-Мақасидул-хасанада» соңғы сөзді Ибн әс-Самғанидің «Зәйлу Тарихи Бағдад» еңбегінде Әлиден мәрфуғ түрде, сәнәді белгісіз күйде келтіргенін айтады.
  2. 2«Ахзаб» сүресі, 72-аят.