Хадис

Алла елшісіне қойылған сұрақтар

Кутуб ситтә, 12-том, 893-тарау · 1 хадис · № 5605

ПАЙҒАМБАРЛЫҚ БӨЛІМІ

Хадистер

5605
Кутуб ситтә, № 5605 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Сәубан

عَنْ ثَوْبَانِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: جَاءَ حَبْرٌ مِنَ الْيَهُودِ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ. فَقَالَ: السَّلَامُ عَلَيْكَ يَا مُحَمَّدُ. فَدَفَعْتُهُ دَفْعَةً كَادَ يُصْرَعُ مِنْهَا. فَقَالَ: لِمَ دَفَعْتَنِي؟ فَقُلْتُ: أَلَا تَقُولُ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ فَقَالَ: إِنَّمَا أَدْعُوهُ بِاسْمِهِ الَّذِي سَمَّاهُ بِهِ أَهْلُهُ. فَقَالَ ﷺ: إِنَّ اسْمِي الَّذِي سَمَّانِي بِهِ أَهْلِي مُحَمَّدٌ. قَالَ: جِئْتُ أَسْأَلُكَ. قَالَ ﷺ: أَيَنْفَعُكَ شَيْءٌ إِنْ حَدَّثْتُكَ؟ قَالَ: أَسْتَمِعُ بِأُذُنِي. فَقَالَ ﷺ: سَلْ. فَقَالَ: أَيْنَ يَكُونُ النَّاسُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ؛ يَوْمَ تُبَدَّلُ الْأَرْضُ غَيْرِ الْأَرْضِ وَالسَّمَاوَاتُ؟ قَالَ: فِي الظُّلْمَةِ دُونَ الْجِسْرِ؛ قَالَ: فَمَنْ أَوَّلُ النَّاسِ إِجَازَةً؟ قَالَ: فُقَرَاءُ الْمُهَاجِرِينَ. قَالَ: فَمَا تُحْفَتُهُمْ حِينَ يَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ؟ قَالَ: زِيَادَةُ كَبِدِ الْحُوتِ. قَالَ: فَمَا غَدَاؤُهُمْ عَلَى إِثْرِهَا؟ قَالَ: يُنْحَرُ لَهُمْ ثَوْرُ الْجَنَّةِ الَّذِي كَانَ يَأْكُلُ مِنْ أَطْرَافِهَا. قَالَ: فَمَا شَرَابُهُمْ عَلَيْهِ؟ قَالَ: مِنْ عَيْنٍ فِيهَا تُسَمَّى سَلْسَبِيلًا. قَالَ: صَدَقْتَ. قَالَ: وَجِئْتُ أَسْأَلُكَ عَنْ شَيْءٍ لَا يَعْلَمُهُ إِلَّا نَبِيٌّ أَوْ رَجُلٌ أَوْ رَجُلَانِ. قَالَ: أَيَنْفَعُكَ إِنْ حَدَّثْتُكَ؟ قَالَ: أَسْمَعُ بِأُذُنِي. قَالَ: سَلْ. قَالَ: أَسْأَلُكَ عَنِ الْوَلَدِ. قَالَ: مَاءُ الرَّجُلِ أَبْيَضُ، وَمَاءُ الْمَرْأَةِ أَصْفَرُ فَإِذَا اجْتَمَعَا فَعَلَا مَنِيُّ الرَّجُلِ مَنِيَّ الْمَرْأَةِ أَذْكَرَا بِإِذْنِ اللَّهِ. وَإِذَا عَلَا مَنِيُّ الْمَرْأَةِ مَنِيَّ الرَّجُلِ آنَثَا بِإِذْنِ اللَّهِ. قَالَ: صَدَقْتَ، وَإِنَّكَ لَنَبِيٌّ. ثُمَّ انْصَرَفَ فَقَالَ ﷺ: لَقَدْ سَأَلَنِي هَذَا عَنِ الَّذِي سَأَلَنِي عَنْهُ، وَمَا لِي عِلْمٌ بِشَيْءٍ مِنْهُ حَتَّى أَتَانِيَ اللَّهُ تَعَالَى بِهِ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Сәубан (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) бір яһуди ғалымы келіп: “Уа, Мұхаммед, саған сәлем болсын!” – деді. Оны құлап қала жаздағанша қатты итеріп жібердім. “Мені неге итердің?” – деп сұрады. “Неге ‘Уа, Алланың елшісі!’ демейсің?” – дедім. Ол: “Мен оны отбасы қойған есімімен атап тұрмын”, – деді. Алла елшісі: “Отбасымның маған қойған есімі расында да Мұхаммед”, – деді. Әлгі адам: “Сізден бір нәрсе сұрауға келдім”, – деді. Алла елшісі: “Жауап берсем, саған пайдасы тие ме?” – деп сұрады.

– Өз құлағыммен тыңдаймын.

– Сұра.

– Қияметте, يَوْمَ تُبَدَّلُ الْأَرْضُ غَيْرَ الْأَرْضِ وَالسَّمَاوَاتُ “Күндердің күнінде жер басқа жерге, көк те басқа көкке айналады” деген күні, адамдар қайда болады?

– Көпірдің бергі жағында, қараңғылықта.

– Көпірден кімдер бірінші болып өтеді?

– Мұһажирлердің кедейлері.

– Жәннатқа кіргенде оларға қандай сый тартылады?

– Балық бауырының шығыңқы бөлігі.

– Содан кейін не жейді?

– Олар үшін жәннаттың айналасында жайылып жүрген жәннат өгізі сойылады.

– Сол астан кейін не ішеді?

– Жәннаттағы Сәлсәбил атты бұлақтың суын ішеді. Сонда әлгі кісі: “Дұрыс айттың!” – деп, сөзін жалғады: “Пайғамбар немесе бір-екі кісіден басқа ешкім білмейтін бір нәрсе жайында сұрауға келдім”. Алла елшісі: “Жауап берсем, саған пайдасы тие ме?” – деп сұрады.

– Өз құлағыммен тыңдаймын.

– Сұра.

– Сәбидің жаралуы жайында сұраймын, – деді ол. Алла елшісі былай жауап берді:

– Ер адамның суы ақ, әйелдің суы сары. Екеуі қосылғанда, ер адамның ұрығы әйелдікінен басым түссе, Алланың қалауымен сәби ұл болады. Әйелдің ұрығы ер адамдікінен басым түссе, Алланың қалауымен сәби қыз болады. Сонда яһуди: “Дұрыс айттың! Сен шынында пайғамбарсың!” – деп, жөніне кетті. Алла елшісі (с.а.с.): “Бұл кісі менен осы жайларды сұрады. Алла маған білдіргенше, олардың бірін де білмейтін едім”, – деді».1

Түсіндірме

1. Яһудилер Алла елшісіне (с.а.с.) ара-тұра келіп, түрлі сұрақ қойған. Бұл риуаятта да бірнеше сұрақ айтылады. Сірә, олар Алла елшісін сынамақ болған. Әлгі ғалымның жауаптарды естіген сайын «Дұрыс айттың!» деуі сұрақтарын жауабын білу үшін емес, өзіне мәлім жайларды тексеру үшін қойғанын аңғартады.

2. Алла елшісі (с.а.с.) өзіне «Мұхаммед» деп жүгінгенді қалыпты қабылдаған. Әсіресе солай деген адам мұсылман болмаса, бұған қарсылық білдірмеген. Мысалы, Хұдайбия келісімі жасалғанда, меккелік мүшріктер «Алланың елшісі» деген атауға қарсы шығып, «Алланың елшісі екеніңді білсек, сенімен соғыспас едік» деген. Пайғамбарымыз олардың талабын қабылдап, келісімге «Абдулланың ұлы Мұхаммед» деп жаздырған.

3. Қияметтен кейін жер мен көк өзгеріп, мүлде басқа сипатқа енеді. Риуаяттарда жердің теп-тегіс, аппақ болып, қан мен күнәнің ізі қалмайтыны, тіпті нанға айналып, мүміннің аяғының астынан жей алатыны айтылады. Бұл өзгеріс Құранда да айтылған: يَوْمَ تُبَدَّلُ الْأَرْضُ غَيْرَ الْأَرْضِ وَالسَّمَاوَاتُ وَبَرَزُوا لِلَّهِ الْوَاحِدِ الْقَهَّارِ «Күндердің күнінде жер басқа жерге, көк те басқа көкке айналады һәм күллі адамзат атаулы Қаһһар Алланың алдына барады.»2 Кейбір риуаяттар бойынша, осы аят жайында алғаш сұраған Айша (р.а.) еді. Алла елшісі (с.а.с.): «Сенен бұрын мұны менен ешкім сұрамаған. Адамдар көпірлерінің үстінде болады», – деп жауап берген.

4. Сират көпірінен әуелі мұһажирлердің кедейлері өтеді деген сөз кедейліктің байлықтан артық екенін аңғартуы мүмкін. Алайда ғалымдар дәулетінің ақысын өтеп, мал-мүлікке құл болмаған кісінің байлығы кедейліктен артық деген тұжырымға келген. Бұл мәселеге бұрын тоқталғанбыз. Дегенмен бір хадиске ғана сүйеніп, кесімді үкім шығаруға болмайтынын еске саламыз. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) сөзі мен ісін тыңдаушыға және жағдайға қарай бейімдеген.

5. «Балық бауырының шығыңқы бөлігі» дегеніміз – бауырдың шетіндегі өскін. Бұл бауырдың ең дәмді бөлігі саналады. Содан кейін жәннаттықтарға өздері үшін әзірленген өгіздің еті ұсынылып, Сәлсәбил бұлағының суы ішкізіледі. Риуаяттарда ақыреттегі тағамдар мен сусындар дүниедегілерге аты жағынан ғана ұқсайтыны, ал болмысы басқа екені айтылады. Демек, бұл жерде аталған ас пен сусынның да олардың қандай екенін Алла ғана біледі деу орынды.

6. Хадисте яһуди ғалымы жауаптарды растап, соңында: «Сен шынында хақ пайғамбарсың!» – дейді. Осы кісі иман келтірген болып санала ма деген сұрақ туады. Ғалымдар «Дұрыс айттың», «Ислам – ұлық дін», «Мұхаммед – пайғамбар» деген сияқты растауларды иман келтіруге жеткіліксіз деп санаған. Мұндай сөздер айтқан адамды мұсылман деп есептемеген.

  1. 1Мүслим, «Хайыз», 34 (315).
  2. 2«Ибраһим» сүресі, 48-аят.