Хадис

Ардақты Пайғамбардың мұғжизалары мен пайғамбарлығының дәлелдері. Ғайыптан хабар беруі

Кутуб ситтә, 12-том, 888-тарау · 14 хадис · № 5572–5585

ПАЙҒАМБАРЛЫҚ БӨЛІМІ

Хадистер

5572
Кутуб ситтә, № 5572 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Жәбир ибн Сәмура

عَنْ جَابِرِ بْنِ سَمُرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا هَلَكَ كِسْرَى فَلَا كِسْرَى بَعْدَهُ، وَإِذَا هَلَكَ قَيْصَرُ فَلَا قَيْصَرَ بَعْدَهُ، فَوَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ لَتُنْفَقَنَّ كُنُوزُهُمَا فِي سَبِيلِ اللَّهِ تَعَالَى. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Сәмураның (р.а.) жеткізуінше, Расулалла (с.а.с.) былай деген: «Кисра өлгенде, одан кейін кисра болмайды. Қайсар өлгенде де, одан кейін қайсар болмайды. Жаным қолында болған Алламен ант етемін, сендер екеуінің де қазынасын Алла жолында жұмсайсыңдар».1

Түсіндірме

Кисра – ежелгі Иран мемлекеті билеушісінің атағы. Осман дәуіріндегі «патша» немесе бүгінгі «елбасы» атауына ұқсайды. Рум билеушісінің атағы да сол сияқты «қайсар» болған.

Хадис Кисра мен Қайсар дүниеден өткенде, олардың салтанаты тоқтайтынын білдіреді. Іс жүзінде Кисраның мемлекеті біраз уақыт сақталып, соңғы кисра әзірет Османның дәуірінде өлтірілді. Румның билігі бұдан да ұзаққа созылды. Осы себепті кейбір ғалым хадистің мағынасы тарихи жағдаймен қалай үйлеседі деген мәселе көтерген. Имам Шафиғи мұны «Иракта Кисраның, Шамда Қайсардың билігі тоқтайды» деп түсіндірген. Оның айтуынша, құрайыштар Шам мен Иракқа саудаға баратын. Исламды қабылдаған соң сол елдермен сауда қатынасы үзіліп қала ма деп алаңдаған. Расулалла олардың көңілін орнықтырып, әлгі екі мемлекеттің сол өңірлердегі билігі тоқтайтынын сүйіншілеген. Қайсардың билігі Шамда тоқтағанымен, мемлекеті сақталып, Кисраның билігінің түгел күйреуін былай түсіндірген: «Расулалланың (с.а.с.) хаты келгенде, Қайсар оны құрметтеп сүйген, мұсылман болуға да шақ қалған. Кисра ашуланып, хатты жыртып тастаған. Мұны естіген Расулалла оның билігі быт-шыт болсын деп дұға етті, солай болды да». Хаттаби былай деген: «Хадистің мағынасы – “Қайсардан кейін дәл сондай билікке ие қайсар болмайды”. Қайсар Сирия өңіріне билік жүргізді. Христиандардың діни рәсімдері үшін аса маңызды Бәйт әл-Мақдис те осы өңірде еді. Румның сол жердегі билігі жойылып, қазыналары алынды. Расулалла хат жолдаған Қайсардан кейінгі билеушілердің ешқайсысы бұл жерлерге қайта ие бола алмады». Бұхаридегі «Кисра құрыса, одан кейін кисра болмайды, Қайсар да сөзсіз құриды» деген нұсқа осы түсіндірмеге жақын.

Кей ғалымдардың айтуынша, Расулалла бұл сөзді кисра болған Һүрмүздің ұлы Шируия қайтыс болып, орнына қызы Бауран таққа отырғаны хабарланған кезде айтқан. Қайсар әзірет Омардың дәуіріне, һижраның жиырмасыншы жылына дейін өмір сүрген. Басқа ғалымдар «Қайсар Расулалланың заманында қайтыс болған. Сирияда мұсылмандармен соғысқан – оның ұлы. Оның да атағы Қайсар болған» дейді. Ибн Хажар бұл пікірлерді былай түйеді: «Қай пайымды негізге алсақ та, хадисте хабарланған жайттың жүзеге асқаны анық. Қайсар мен Кисраның билігі Расулалланың (с.а.с.) дәуіріндегі қалпында жалғасқан жоқ».

  1. 1Бұхари, Манақиб, 25, Хумус, 8, Әйман, 3; Мүслим, Фитан, 77 (2919).
5573
Кутуб ситтә, № 5573 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ади ибн Хатим

وَعَنْ عَدِيِّ بْنِ حَاتِمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: بَيْنَا أَنَا عِنْدَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ إِذْ أَتَاهُ رَجُلٌ، فَشَكَا إِلَيْهِ الْفَاقَةَ، ثُمَّ أَتَاهُ آخَرُ فَشَكَا إِلَيْهِ قَطْعَ السَّبِيلِ. فَقَالَ: يَا عَدِيُّ! هَلْ رَأَيْتَ الْحِيَرَةَ؟ قُلْتُ: لَمْ أَرَهَا، وَقَدْ أُنْبِئْتُ عَنْهَا. فَقَالَ: فَإِنْ طَالَتْ بِكَ حَيَاةٌ لَتَرَيَنَّ الظَّعِينَةَ تَرْتَحِلُ مِنَ الْحِيَرَةِ حَتَّى تَطُوفَ بِالْكَعْبَةِ، لَا تَخَافُ أَحَدًا إِلَّا اللَّهَ. قُلْتُ فِيمَا بَيْنِي وَبَيْنَ نَفْسِي: فَأَيْنَ دُعَّارُ طَيِّئٍ الَّذِينَ سَعَّرُوا الْبِلَادَ؟ وَلَئِنْ طَالَتْ بِكَ حَيَاةٌ لَتُفْتَحَنَّ كُنُوزُ كِسْرَى. قُلْتُ: كِسْرَى ابْنِ هُرْمُزَ؟ قَالَ: كِسْرَى بْنُ هُرْمُزَ. وَلَئِنْ طَالَتْ بِكَ حَيَاةٌ لَتَرَيَنَّ الرَّجُلَ يَخْرُجُ مِلْءَ كَفِّهِ مِنْ ذَهَبٍ أَوْ فِضَّةٍ يَطْلُبُ مَنْ يَقْبَلُهُ فَلَا يَجِدُ أَحَدًا يَقْبَلُهُ مِنْهُ، وَلْيَلْقَيَنَّ اللَّهَ أَحَدُكُمْ يَوْمَ يَلْقَاهُ لَيْسَ بَيْنَهُ وَبَيْنَهُ حِجَابٌ وَلَا تَرْجُمَانٌ يُتَرْجِمُ لَهُ. فَلْيَقُولَنَّ: أَلَمْ أَبْعَثْ إِلَيْكَ رَسُولًا فَيُبَلِّغَكَ؟ فَيَقُولُ: بَلَى. فَيَقُولُ: أَلَمْ أُعْطِكَ مَالًا وَأُفْضِلْ عَلَيْكَ؟ فَيَقُولُ: بَلَى يَا رَبِّ. فَيَنْظُرُ عَنْ يَمِينِهِ فَلَا يَرَى إِلَّا جَهَنَّمَ، وَيَنْظُرُ عَنْ يَسَارِهِ فَلَا يَرَى إِلَّا جَهَنَّمَ. قَالَ عَدِيٌّ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: فَاتَّقُوا النَّارَ وَلَوْ بِشِقِّ تَمْرَةٍ، فَمَنْ لَمْ يَجِدْ شِقَّ تَمْرَةٍ فَبِكَلِمَةٍ طَيِّبَةٍ. قَالَ عَدِيٌّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: فَرَأَيْتُ الظَّعِينَةَ تَرْتَحِلُ مِنَ الْحِيَرَةِ حَتَّى تَطُوفَ بِالْبَيْتِ لَا تَخَافُ إِلَّا اللَّهَ، وَكُنْتُ فِيمَنِ افْتَتَحَ كُنُوزَ كِسْرَى ابْنِ هُرْمُزَ، وَلَئِنْ طَالَتْ بِكُمْ حَيَاةٌ لَتَرَوُنَّ مَا قَالَ أَبُو الْقَاسِمِ ﷺ يُخْرِجُ الرَّجُلُ مِلْءَ كَفِّهِ ذَهَبًا أَوْ فِضَّةً فَلَا يَجِدُ مَنْ يَقْبَلُهُ مِنْهُ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ади ибн Хатим (р.а.) былай баяндаған: «Расулалланың (с.а.с.) қасында отыр едім. Бір адам келіп, кедейлігіне шағынды. Одан соң тағы біреуі келіп, жолды қарақшылар торып жүргенін айтты. Расулалла “Уа, Ади, Хира қаласын көрдің бе?” деп сұрады. “Көрген жоқпын, бірақ ол туралы естідім”, – дедім. Ол “Ғұмырың жетсе, Хирадан жалғыз шыққан салт атты әйелдің Алладан басқа ешкімнен қорықпай, Қағбаны тауап ететінін көресің!” деді.

Ішімнен “Елге үрей төндірген Тай қарақшылары қайда кетеді?” деп ойладым. Расулалла “Ғұмырың жетсе, Кисраның қазыналары алынғанын да көресің!” деді. “Һүрмүздің ұлы Кисраның ба?” – деп сұрадым. Ол “Иә, Һүрмүздің ұлы Кисраның!” деді де, сөзін жалғады: “Ғұмырың жетсе, біреудің уысына алтын не күміс толтырып алып, оны садақаға бермек болғанда, алатын адам таппайтынын да көресің. Әрқайсың Алламен ешбір пердесіз де, тілмашсыз да жүздесесіңдер. Алла одан ‘Саған хабарымды жеткізетін елші жібермедім бе?’ – деп сұрайды. Ол ‘Иә, жібердің’, – дейді. Алла ‘Саған мал-мүлік беріп, игілікке бөлемедім бе?’ – дейді. Ол ‘Иә, уа, Раббым, бердің’, – деп жауап береді. Сонда ол оң жағына қараса да, сол жағына қараса да, тозақтан басқа ештеңе көрмейді”.

Содан соң Расулалланың (с.а.с.) “Жарты құрмамен болса да, өздеріңді тозақ отынан қорғаңдар! Жарты құрма таппаған жан жақсы сөзімен қорғансын!” дегенін естідім».

Ади (р.а.) сөзін былай аяқтады: «Хирадан жолға шығып, Алладан басқа ешкімнен қорықпай, Қағбаны тауап еткен әйелді өз көзіммен көрдім. Һүрмүздің ұлы Кисраның қазынасын алғандардың арасында өзім де болдым. Ғұмырларың жетсе, Әбул-Қасымның (с.а.с.) “Адам уысын алтынға не күміске толтырып шығады да, оны алатын жан таппайды” дегенінің де жүзеге асқанын көресіңдер».1

Түсіндірме

1. Хадисті жеткізген Ади – Тай тайпасында жомарттығымен аты шыққан Хатим ат-Таидың, қазаққа Атымтай жомарт деген атпен мәлім кісінің, ұлы. Ол өз тайпасының көсемі еді. Тай тайпасы Ирак пен Хижаздың арасын мекендеген. Олар өз жерінен рұқсатсыз өткен жолаушылардың жолын бөгейтін. Тай қарақшылығымен аты шыққандықтан, Ади Хирадан жалғыз аттанған әйел бұл өңірден қорықпай өтіп, Меккеге қалай жетер екен деп таңырқайды. Оны Кисраның қазыналары алынатыны да таңғалдырады. Ол кезде Иран екі ұлы империяның бірі еді. Қате түсініп қалмадым ба деп, «Иранның кисрасы Һүрмүздің ұлының қазыналары ма?» деп қайта сұрайды. Расулалла «Иә, сол Кисраның, Һүрмүз ұлының қазыналары!» дейді.

2. Хадистегі тағы бір мәселе – жол қауіпсіздігін қамтамасыз еткен әділ биліктің тұрмысқа әсері. Зекет не садақа бермек болып шыққан адамның оны алатын жан таппай үйіне қайтуы – елдің әл-ауқатының жақсарғанының белгісі. Кейбір ғалымдар өзге хадистерге сүйеніп, мұны әзірет Иса билік жүргізетін молшылық дәуіріне жатқызған. Бәйһақи бастаған бір топ ғалым оны Омар ибн Абдулазиз заманындағы ахуалға меңзеу деп түсіндірген. Бәйһақидің «Дәләил» еңбегіне қарағанда, Омар ибн Абдулазиздің отыз айлық халифалығы кезінде біреу көп ақша әкеліп, «Мұны кедейлердің қалағанына беріңдер» дейтін. Омардың тұсында халықтың тұрмысы түзелгені сонша, садақа алатын адам таппай, ақшасымен кері қайтатын. Бәйһақи осы хабарды келтірген соң «Бұл – Адидің хадисінде айтылған жайттың растауы» дейді. Ибн Хажар бұл жорамалды күштірек санайды, өйткені хадисте Адиге «Ғұмырың жетсе, көресің» делінген.

3. Хадис әйелдің жалғыз өзі қажылыққа бара алатынын да аңғартады. Бұл мәселеде ғалымдардың пікірі әртүрлі. Кейбірі уәжіп қажылыққа осылай баруға рұқсат деген. Бұл мәселе алдыңғы тарауларда жеткілікті талданды.

  1. 1Бұхари, Манақиб, 25 (3595).
5574
Кутуб ситтә, № 5574 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Зәрр

وَعَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: سَتَفْتَحُونَ مِصْرَ، وَهِيَ أَرْضٌ يُسَمَّى فِيهَا الْقِيرَاطُ، فَاسْتَوْصُوا بِأَهْلِهَا خَيْرًا، فَإِنَّ لَهُمْ ذِمَّةً وَرَحِمًا. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әбу Зәррдің (р.а.) жеткізуінше, Расулалла (с.а.с.) былай деген: «Мысырды алатын боласыңдар. Ол – қират деп аталатын өлшем қолданылатын жер. Жергілікті жұртқа жақсылық жасаңдар. Олардың қорғалу құқығы әрі бізбен туыстық байланысы бар».1

Түсіндірме

1. Қират – Мысырда қолданылған, динар мен дирһам секілді ақшаның бір үлесі. Ол орташа бес арпа дәнінің салмағына тең. Түсіндірмешілер бұл сөздің сол заманда Мысырда көп айтылғанын және тіл тигізіп, қорлау мағынасында да қолданылғанын жеткізеді. Хадисте оның Мысырда қолданылуына арнайы назар аударылған.

2. Мысырда «қират» сөзі қорлау мағынасында да жиі қолданылған. Ғалымдар хадистегі жақсылық жасау бұйрығын олардың тіл тигізуіне солай жауап бермеу, сөзін ауыр алып, өздеріне жамандық жасамау туралы ескерту деп түсіндірген.

3. «Зимма» сөзі «келісім» және «амандық кепілі» дегенді білдіреді. Мұсылман елінде осы кепілге ие болған өзге дін өкілдері «зимми» деп аталған. Ал «рахим» қандас туыстықты білдіреді. Мысырлықтармен туыстық қатынас Расулалланың (с.а.с.) мысырлық күңі Мария арқылы орнаған деп түсіндіріледі. Мария Расулалланың Ибраһим есімді ұлын дүниеге әкелген.

4. Расулалла Мысырдың алынатынын хабарлады. Сахабалардың дәуірінде-ақ Мысыр алынып, хадисте айтылған ғайып хабары жүзеге асты. Сол жерде қорғалу құқығына ие христиан қауымының сақталуын да автор хадистегі мұғжизаның тағы бір көрінісі деп санайды.

  1. 1Мүслим, Фадаил әс-сахаба, 226 (2543).
5575
Кутуб ситтә, № 5575 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Сәубан

وَعَنْ ثَوْبَانٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ اللَّهَ زَوَى لِيَ الْأَرْضَ فَرَأَيْتُ مَشَارِقَهَا وَمَغَارِبَهَا، وَإِنَّ أُمَّتِي سَيَبْلُغُ مُلْكُهَا مَا زُوِيَ لِيَ مِنْهَا، وَأُعْطِيتُ الْكَنْزَيْنِ الْأَحْمَرَ وَالْأَبْيَضَ، وَإِنِّي سَأَلْتُ رَبِّي أَنْ لَا يُهْلِكَ أُمَّتِي بِسَنَةٍ عَامَّةٍ، وَلَا يُسَلِّطُ عَلَيْهِمْ عَدُوًّا مِنْ سِوَى أَنْفُسِهِمْ فَيَسْتَبِيحَ بَيْضَتَهُمْ، وَإِنَّ رَبِّي تَعَالَى قَالَ: يَا مُحَمَّدُ إِذَا قَضَيْتُ قَضَاءً فَإِنَّهُ لَا يُرَدُّ، وَإِنِّي أَعْطَيْتُكَ لِأُمَّتِكَ أَنِّي لَا أُهْلِكُهُمْ بِسَنَةٍ عَامَّةٍ، وَلَا أُسَلِّطُ عَلَيْهِمْ عَدُوًّا مِنْ سِوَى أَنْفُسِهِمْ يَسْتَبِيحُ بَيْضَتَهُمْ، وَلَوِ اجْتَمَعَ عَلَيْهِمْ مَنْ بِأَقْطَارِهَا حَتَّى يَكُونَ بَعْضُهُمْ يُهْلِكُ بَعْضًا. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Сәубанның (р.а.) жеткізуінше, Расулалла (с.а.с.) былай деген: «Алла жер жүзін мен үшін жинап көрсетті. Мен оның шығысын да, батысын да көрдім. Үмбетімнің билігі маған көрсетілген жерлерге дейін жетеді. Маған қызыл және ақ екі қазына берілді. Мен Раббымнан үмбетімді жалпы ашаршылықпен жоймауын әрі өздерінен өзге жауға үмбетімнің жұртын түгел ойрандатпауын өтіндім. Раббым “Уа, Мұхаммед! Мен бір үкім шығарсам, ол қайтарылмайды. Үмбетіңді жалпы ашаршылықпен жоймаймын. Жер жүзінің түкпір-түкпіріндегі жұрт түгел жиналса да, өздерінен өзге жауға оларды түгел ойрандатпаймын. Алайда олар өзара бірін-бірі жоятын болады” деді».1

Түсіндірме

1. Хадисте Алла елшісі исламның шығыс пен батысқа жайылатынын хабарлаған. Іс жүзінде де солай болып, ислам шығыс пен батысқа солтүстік пен оңтүстікке қарағанда әлдеқайда кең тараған. Қазір де дүниенің әр түкпірінде исламды қабылдайтындар көбейіп келеді.

2. Расулалла Алладан үмбеті үшін бірнеше нәрсе сұраған. Соның екі өтініші қабыл болды.

• Ислам үмбеті жалпы ашаршылықтан жойылмайды. Тарихта мұны теріске шығаратын оқиға болған жоқ. Кей жерлердегі ашаршылық бүкіл үмбетті қамтымаған. Бұрынғы халықтарды жойған тасқын, жер сілкінісі, індет секілді апаттар да бүкіл үмбетті бірдей жалмаған және Алла қаласа, жалмайды.

• Екінші кепілдік – үмбетті сыртқы жаудың түгелдей жаулап алмауы. Осы күнге дейін мұндай жағдай болған жоқ. Кейбір мұсылман елдері жау қолында қалса да, бүкіл үмбет бірдей тұтқынға түскен жоқ.

Хадисте үмбеттің ішкі бүліктен аман қалуына кепілдік берілмегені, мұндай бүліктен үмбет зардап шегетіні айтылады. Расулалла осылайша іштен шығатын бүліктен аулақ болып, оның тұтануынан сақтануды ескертеді. Тағы бір риуаятта «Бүлік ұйықтап жатыр. Оны оятқанға лағынет болсын!» делінеді. Аятта да وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللَّهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا «Барлығың да Алланың желісіне мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер.»2 делінген.

  1. 1Мүслим, Фитан, 19 (2889); Тирмизи, Фитан, 14 (2176); Әбу Дәуіт, Фитан, 1 (4252).
  2. 2«Әли Имран» сүресі, 3:103.
5576
Кутуб ситтә, № 5576 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: هَلْ لَكُمْ مِنْ أَنْمَاطٍ؟ قُلْتُ: وَأَنَّى تَكُونُ لَنَا الْأَنْمَاطُ؟ قَالَ: إِنَّهَا سَتَكُونُ. فَكَانَتْ كَمَا قَالَ، فَأَنَا أَقُولُ لَهَا، يَعْنِي امْرَأَتَهُ: أَخِّرِي عَنَّا أَنْمَاطَكِ. فَتَقُولُ: أَلَمْ يَقُلْ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: سَتَكُونُ لَكُمْ الْأَنْمَاطُ؟ فَأَدَعُهَا. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Жәбир (р.а.) былай баяндаған: «Бір күні Расулалла (с.а.с.) “Кілемдерің бар ма?” деп сұрады. “Бізде кілем қайдан болсын?” – дедім. Ол “Сендерде әлі кілем болады” деді. Айтқаны келді. Кейін әйеліме “Кілемдеріңді бізден аулақ ұста”, – дедім (оны ысырап әрі мәкрүһ деп білгенімнен). Әйелім “Расулалла (с.а.с.) ‘Сендерде кілем болады’ деген жоқ па?” деді. Содан кейін оған тиіспедім».1

Түсіндірме

Осы хадиске сүйенген ғалымдар үйде кілем қолдануға, онымен үйді безендіруге болады деп үкім берген. Басқа риуаяттарда қабырғаға кілем ілудің мәкрүһ екені айтылады. Бір риуаятта әзірет Айша Алла елшісі жорықта жүргенде есікке кілем іліп қойғанын жеткізеді. Оны көрген Пайғамбарымыз «Алла бізге тас пен топырақты киіндіруді бұйырған жоқ» деген. Есік пен қабырғаны кілеммен не соған ұқсас жамылғымен жабу туралы ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Бірі «харам», бірі «мәкрүһ», енді бірі «рұқсат» деген. Ибн Хажар шафиғи ғалымдарының көпшілігі мұны мәкрүһ санағанын айтады.

Енді үй жиһазы мен үйді безендіруге қатысты бірнеше мәселені қарастырайық. Ардақты Пайғамбарымыз сахабаларына үйдегі жиһаз бен сәндік бұйымдардың қандай болуына шариғат рұқсат беретінін сөзімен де, ісімен де көрсетті. Бұхаридің әзірет Айшадан жеткізген риуаятында Пайғамбарымыз айқыш таңбасы бар затты үйде қалдырмағаны айтылады. Тыйым Алла жаратқан жан иелерінің бейнесі бар бұйымдарға да қатысты. Бұған «Бейне бар үйге періште кірмейді», «Ең ауыр азапқа бейне жасаушылар ұшырайды», «Бұл дүниеде бейне жасағанға қияметте “Жасаған бейнеңе жан бітір” делінеді, бірақ ол оған жан бітіре алмайды» деген хадистер дәлел. Әзірет Айша бір риуаятта былай дейді: «Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) сапарға кеткенде, үйге қанатты ат бейнеленген перде іліп қойған едім. Оны көргенде, алып тастауымды бұйырды. Мен алып тастадым». Басқа нұсқасында «Бейнесі бар пердені терезеге ілген едім. Пайғамбарымыз көргенде мені шақырып, “Қиямет күні ең ауыр азапты Алланың жаратқандарын бейнелегендер тартады” деді. Пердені алып, одан бір не екі жастық тіктім» делінеді. Тағы бір нұсқада «Одан екі жастық жасадым, Алла елшісі солардың үстіне отыратын» деп келеді.

Осы хадиске сүйенген ғалымдар көлеңке түсірмейтін жалпақ бейнесі бар төсенішке отыруға, ондай матаны төсек секілді жиһазға жабуға болады деген. Нәуауи мұны сахабалар, табиғиндер және ғалымдардың көпшілігі ұстанған пікір деп, Сәури, Мәлік, Әбу Ханифа мен Шафиғиді атайды. Нәсәидегі риуаятта Жәбірейіл Пайғамбарымызға келеді де, үйге кірмейді. Расулалла себебін сұрағанда, «Қалай кірейін? Үйіңде бейнесі бар жамылғы тұр. Бейненің басын алып таста немесе үстін жап. Біз, періштелер, бейне бар үйге кірмейміз» дейді. Абдулла ибн Омардың риуаятында Пайғамбарымыз қызы Фатиманы зиярат етуге барып, есіктегі өрнекті пердені көргенде, үйге кірмей қайтады.

Абдурраззақ жеткізген риуаятта біреулер Пайғамбарымызды асқа шақырады. Үйге келгенде, оның неше түрлі түспен безендірілгенін көреді. Кідіріп, түстерді санап шығады да, «Бәрі бір түсті болса ғой» деп, үйге кірмей қайтады. Осыдан оның үйді безендіруде де қарапайымдықты ұстанғанын көреміз.

Осы риуаяттарға сүйенген кейбір ғалымдар бір үйде мүсін не жан иесінің бейнесін көрген адам оны алып тастауға ықпал етсін, оған шамасы жетпесе, сол үйге кірмесін деген. Пайғамбарымыз мұндай безендіруді неге ұнатпағанын да айтқан. Әзірет Айшаға қатысты риуаяттың бірінде «Бейнелері намазда ойымды бөледі» десе, басқа жайттарда «Мұндай сәнді бұйымдар дүниені есіме салады» деп түсіндірген. Осы мысалдар Алла елшісінің құлшылықта үмбетінің ойы бөлінбесін, маңызды мәселе жайлы ойланғанда зейіні шашырамасын дегенін аңғартады. Оның тілегі – адамдардың Құранмен өмір сүріп, ақиқаттарын түсінуге ұмтылуы, бұйрықтарын толық орындауы. «Менен Құраннан басқа ештеңе жазбаңдар» деуі де осы себептен. Бастапқыда қабір зияратына да тыйым салған. Мұның бәрі исламды жаңадан қабылдаған жұртты және енді орнығып келе жатқан дінді сырттан төнетін зияннан сақтауға бағытталған. Сурет пен бейнеге қатысты тыйым да осы тұрғыдан қаралады.

Адамдардың жүрегін тазалап, әуелгі таза болмысына қайтару үшін оларды жаһилияттың әдеттерінен алыстатты. Кейін ислам жүректерге орнығып, күмән мен күдікке жол қалмағанда, шариғат шегіне сай келетін істерге қайта рұқсат берілді.

  1. 1Бұхари, Манақиб, 25, Никах, 62; Мүслим, Либас, 39; Әбу Дәуіт, Либас, 45 (4145); Тирмизи, Әдеп, 26 (2774); Нәсәи, Никах, 83 (6/136).
5577
Кутуб ситтә, № 5577 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ اللَّهَ يَبْعَثُ لِهَذِهِ الْأُمَّةِ عَلَى رَأْسِ كُلِّ مِائَةِ سَنَةٍ مَنْ يُجَدِّدُ لَهَا دِينَهَا. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Расулалла (с.а.с.) былай деген: «Расында, Алла әр жүз жылдың басында осы үмбеттің дінін жаңғыртатын адам жібереді».1

Түсіндірме

1. Расулалла (с.а.с.) өзінен кейін белгілі бір уақыт өткен сайын дінге кейіннен қосылған жаңалықтардан оны тазартатын адамдар шығатынын хабарлаған. Олар «мүжәддид», яғни «жаңғыртушы» аталады және сүннетті жандандырады. Өзге риуаяттарға қарағанда, бір ғасырда олардың бірнешеуі шығуы, әр мәзһабта, елде, тіпті ауылда біреуі не бірнешеуі болуы мүмкін. Ғалымдардың айтуынша, оларды түр-келбетіне қарап ажырату мүмкін емес. Біліміне, дінге сіңірген еңбегіне, мінезі мен парасатына, исламға тигізген пайдасына қарап қана жорамалдауға болады. Дін ілімдерінің бір саласын терең меңгеріп, оны жаңғыртқан адам сол саланың мүжәддиді саналған.

2. «Жүз жылдың басы» деген тіркес ғасырдың алғашқы жылдарын ба, әлде соңғы жылдарын ба білдіреді? Хадисті түсіндіргенде, ғасыр тоғысындағы осы екі мезгіл де қарастырылған. Жаңғыртушылар сол тұстарда шығады деп түсіндірілген.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәләхим, 1 (4291).
5578
Кутуб ситтә, № 5578 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Хузайфа

وَعَنْ حُذَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَامَ فِينَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ مَقَامًا فَمَا تَرَكَ شَيْئًا يَكُونُ مِنْ مَقَامِهِ ذَلِكَ إِلَى قِيَامِ السَّاعَةِ إِلَّا حَدَّثَ بِهِ، حَفِظَهُ مَنْ حَفِظَهُ، وَنَسِيَهُ مَنْ نَسِيَهُ. قَدْ عَلِمَهُ أَصْحَابِي هَؤُلَاءِ وَإِنَّهُ لَيَكُونُ مِنْهُ الشَّيْءُ قَدْ نَسِيتُهُ فَأَرَاهُ فَأَذْكُرَهُ كَمَا يَذْكُرُ الرَّجُلُ وَجْهَ الرَّجُلِ إِذَا غَابَ عَنْهُ. ثُمَّ إِذَا رَآهُ عَرَفَهُ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Хузайфа (р.а.) былай баяндаған: «Расулалла (с.а.с.) бір күні арамызда тұрып, сол кезден қияметке дейін болатынның бәрін айтты. Біреулер есінде сақтады, біреулер ұмытты. Мына жолдастарым да мұны біледі. Кейде өзі айтқан бір оқиғаны ұмытып қаламын да, сол оқиға болғанда есіме түсіремін. Бұл – бір адамның жүзі есіңнен шығып кетіп, оны қайта көргенде бірден танығаның сияқты».1

Түсіндірме

Хадисті жеткізуші Хузайфа (р.а.) – Расулалланың (с.а.с.) өзгелерге ашпаған сырларын білген кісі. Сондықтан оны «Сахиб әс-сирр», яғни «сыр иесі» деп атаған. Хадистің тағы бір нұсқасында ол «Алламен ант етемін, осы мезгілден қияметке дейін болатын бүліктердің бәрін білемін» деген. Әбу Дәуіттегі риуаятта Расулалланың қияметке дейін өзіне үш жүз не одан көп адам ертетін әр бүлікшінің есімін, әкесінің атын және шыққан тайпасын атағаны айтылады.

  1. 1Бұхари, Қадар, 4 (6604); Мүслим, Фитан, 23 (2891); Әбу Дәуіт, Фитан, 1 (4240).
5579
Кутуб ситтә, № 5579 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Хузайфа

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: أَخْبَرَنِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ بِمَا هُوَ كَائِنٌ إِلَى يَوْمِ الْقِيَامَةِ، فَمَا مِنْهُ شَيْءٌ إِلَّا وَقَدْ سَأَلْتُهُ عَنْهُ، إِلَّا أَنِّي لَمْ أَسْأَلْهُ مَا يُخْرِجُ أَهْلَ الْمَدِينَةِ مِنَ الْمَدِينَةِ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Хузайфа (р.а.) былай деген: «Расулалла (с.а.с.) маған қиямет күніне дейін болатын оқиғаларды хабарлады. Бәрі туралы сұрадым, тек “Мәдина тұрғындарын Мәдинадан не шығарады?” деп сұрамаппын».1

  1. 1Мүслим, Фитан, 24 (2891).
5580
Кутуб ситтә, № 5580 · тараудағы реті: 9

وَعَنْ عَمْرِو بْنِ أَخْطَبِ الْأَنْصَارِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: صَلَّى بِنَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَوْمًا الْفَجْرَ وَصَعِدَ الْمِنْبَرَ فَخَطَبَنَا حَتَّى حَضَرَتِ الظُّهْرُ. فَنَزَلَ، فَصَلَّى، ثُمَّ صَعِدَ الْمِنْبَرَ، فَخَطَبَنَا حَتَّى حَضَرَتِ الْعَصْرُ. فَنَزَلَ فَصَلَّى ثُمَّ صَعِدَ الْمِنْبَرَ فَخَطَبَنَا حَتَّى غَرَبَتِ الشَّمْسُ فَأَخْبَرَنَا بِمَا كَانَ وَبِمَا هُوَ كَائِنٌ إِلَى يَوْمِ الْقِيَامَةِ فَأَعْلَمُنَا أَحْفَظُنَا. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Ахтаб әл-Ансари (р.а.) былай баяндаған: «Бір күні Расулалла (с.а.с.) бізге таң намазын оқытты да, мінберге шығып, бесін уақытына дейін құтба айтты. Түсіп, бесін намазын оқыды. Мінберге қайта көтеріліп, екінті уақытына дейін құтба айтты. Түсіп, екінті намазын оқыды да, қайта мінберге шығып, күн батқанша құтба айтты. Бұрын не болғанын және қиямет күніне дейін не болатынын хабарлады. Оларды ең жақсы білетініміз – есінде ең көп сақтағанымыз».1

Түсіндірме

Бұл хадис пен № 5578 риуаят бір оқиғаны баяндайды. Кейбір ғалымдар екі хадисті салыстырып, Расулалла құтбасында қияметке дейін өзіне үш жүз не одан көп адам ертетін бүлікшілердің атын, әкесінің атын және қай тайпадан шығатынын атаған деп түсіндірген.

Әзірет Хузайфа бұл құтбаны ең жақсы есте сақтаған өзі екенін және оны тыңдаған өзге замандастары дүниеден өткенін айтқан. Осылайша сол адамдардың есімдері Хузайфаға ғана мәлім сыр болып қалған.

  1. 1Мүслим, Фитан, 25 (2892).
5581
Кутуб ситтә, № 5581 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: لَمَّا فُتِحَتْ خَيْبَرُ أُهْدِيَتْ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ شَاةٌ فِيهَا سُمٌّ. فَقَالَ ﷺ: اجْمَعُوا لِي مَنْ هَهُنَا مِنَ الْيَهُودِ، فَجُمِعُوا لَهُ. فَقَالَ لَهُمْ: هَلْ أَنْتُمْ صَادِقِيَّ عَنْ شَيْءٍ إِنْ سَأَلْتُكُمْ عَنْهُ؟ قَالُوا: نَعَمْ. فَقَالَ لَهُمْ: مَنْ أَبُوكُمْ؟ قَالُوا: فُلَانٌ. قَالَ: كَذَبْتُمْ، بَلْ أَبُوكُمْ فُلَانٌ. قَالُوا: صَدَقْتَ. قَالَ: هَلْ أَنْتُمْ صَادِقِيَّ كَمَا قَالَ أَوَّلًا. قَالُوا: نَعَمْ. وَإِنْ كَذَبْنَاكَ عَرَفْتَهُ كَمَا عَرَفْتَهُ فِي أَبِينَا. قَالَ: مَنْ أَهْلُ النَّارِ؟ قَالُوا: نَكُونُ فِيهَا يَسِيرًا. ثُمَّ تَخْلُفُونَا فِيهَا. قَالَ: اخْسَئُوا، وَاللَّهِ لَا نَخْلُفُكُمْ فِيهَا أَبَدًا، ثُمَّ قَالَ: هَلْ أَنْتُمْ صَادِقِيَّ عَنْ شَيْءٍ إِنْ سَأَلْتُكُمْ عَنْهُ؟ قَالُوا: نَعَمْ. قَالَ: هَلْ جَعَلْتُمْ فِي هَذِهِ الشَّاةِ سُمًّا؟ قَالُوا: نَعَمْ. قَالَ: فَمَا حَمَلَكُمْ عَلَى ذَلِكَ؟ قَالُوا: أَرَدْنَا إِنْ كُنْتَ كَاذِبًا أَنْ نَسْتَرِيحَ مِنْكَ، وَإِنْ كُنْتَ صَادِقًا لَمْ يَضُرَّكَ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әбу Һурайра (р.а.) былай баяндаған: «Хайбар алынғанда, Расулаллаға (с.а.с.) уланған қой еті тарту етілді. Ол “Осы жердегі яһудилерді маған жинаңдар!” деді. Бәрі жиналғанда, Алла елшісі сұрады.

– Бір нәрсе сұрасам, шынын айтасыңдар ма? – деді. Олар “Иә” деп жауап берді.

– Әкелерің кім?

– Пәленше!

– Жалған айттыңдар. Әкелерің – пәленше.

– Дұрыс айттың.

– Тағы бір нәрсе сұрасам, шынын айтасыңдар ма?

– Иә. Өтірік айтсақ, әкеміз туралы білгеніңдей, мұны да білесің.

– Тозаққа кімдер кіреді?

– Біз онда аз уақыт боламыз. Содан соң орнымызды сендер басасыңдар, – деді олар.

– Құрыңдар! Алламен ант етемін, тозақта ешқашан орындарыңды баспаймыз! – деді. Содан кейін тағы сұрады.

– Бір нәрсе сұрасам, шынын айтасыңдар ма?

– Иә.

– Мына қойдың етіне у қостыңдар ма?

– Иә, қостық.

– Бұған не итермеледі?

– Жалған айтушы болсаң, сенен құтылғымыз келді. Шын айтсаң, у саған зиян келтірмейді деп ойладық, – деді».1

Түсіндірме

1. Бұл оқиға Хайбар алынғаннан кейін Зейнеп бинт Харис есімді яһуди әйелдің Алла елшісіне қастандық жасамақ болғаны туралы.

Ибн Исхақтың риуаятында әлгі әйел соғыстан соң Алла елшісінің қой етінің қай тұсын ұнататынын сұрайды. Жауырын етін ұнататынын біліп, сол тұсына у қосады да, Пайғамбарымызға ұсынады. Ол бір тістеп шайнайды, бірақ жұтпайды. Қасында отырған Бишр ибн Бәра бір тістемін жұтып қойып, содан көз жұмады. Алла елшісі қасындағыларға еттен жемеуді бұйырып, оның уланғанын айтады.

2. Қастандық жасамақ болған Зейнептің кейінгі тағдыры туралы бірнеше риуаят жеткен.

• Кей риуаятта мұсылман болған соң оның жазаланбай босатылғаны айтылады. Бір нұсқада Алла елшісі еттің уланғанын айтқанда, әйел «Сөзіңнің рас екеніне енді көзім жетті. Сен де, осындағылар да куә болсын. Сенің дініңді қабылдадым. Алладан басқа тәңір жоқ екеніне және Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік етемін» дейді. Сол кезде Алла елшісі одан жүзін бұрып әкеткен.

• Өзге риуаятта оған өлім жазасы кесілгені айтылады.

• Кей нұсқада Пайғамбарымыз әйелді Бишр ибн Бәраның туыстарына тапсырған, олар қысас үкімімен оны өлім жазасына кескен делінеді.

• Бәйһақи бұл риуаяттарды «Әйел әуелде босатылған, ал Бишр (р.а.) удан қайтыс болған соң, қысас үкімімен өлтірілген» деп үйлестіреді. Сүһәйли де осы пікірді қолдап, Алла елшісінің жеке басы үшін ешкімнен кек алмағанын айтады. Ибн Хажардың пайымынша, әйел әуелде исламды қабылдағандықтан босатылып, Бишр қайтыс болғанда қысас міндет болған.

  1. 1Бұхари, Жизия, 7 (3169).
5582
Кутуб ситтә, № 5582 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: أَنَّ بَعْضَ أَزْوَاجِ النَّبِيِّ ﷺ قُلْنَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَيُّنَا أَسْرَعُ بِكَ لُحُوقًا؟ قَالَ: أَطْوَلُكُنَّ يَدًا، فَأَخَذْنَ قَصَبَةً يَذْرَعْنَهَا. فَكَانَتْ سَوْدَةُ أَطْوَلَهُنَّ يَدًا. فَعَلِمْنَا بَعْدُ أَنَّمَا كَانَ طُولُ يَدِهَا الصَّدَقَةَ، وَكَانَتْ تُحِبُّ الصَّدَقَةَ، وَكَانَتْ أَسْرَعُنَا لُحُوقًا بِهِ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) былай баяндаған: «Расулалланың (с.а.с.) кей жұбайлары “Уа, Расулалла, арамыздан кім саған бұрын қауышады?” деп сұрады. Ол “Қолы ең ұзының” деді. Олар қамыс алып, қолдарын өлшеді. Сәуданың қолы бәрінен ұзын екен. Кейін “қолының ұзындығы” садақа беруді білдіретінін білдік. Арамыздан Расулаллаға бірінші болып қауышқан әйел садақа беруді жақсы көретін».1

  1. 1Бұхари, Зекет, 11 (1420); Нәсәи, Зекет, 59 (5/66–67).
5583
Кутуб ситтә, № 5583 · тараудағы реті: 12

وَلِمُسْلِمٍ فِي أُخْرَى: أَسْرَعُكُنَّ لُحُوقًا بِي أَطْوَلُكُنَّ يَدًا. قَالَتْ: فَكُنَّ يَتَطَاوَلْنَ أَيَّتُهُنَّ أَطْوَلُ يَدًا. فَكَانَتْ أَطْوَلُنَا زَيْنَبَ، لِأَنَّهَا كَانَتْ تَعْمَلُ بِيَدِهَا وَتَتَصَدَّقُ.

Қазақша аудармасы

Мүслимнің басқа риуаятында «Маған бірінші болып қауышатының – қолы ең ұзының» делінген.

Әзірет Айша сөзін былай жалғастырады: «Біз қайсымыздың қолымыз ұзын екенін өлшеп көрдік. Арамызда қолы ең ұзыны Зейнеп [бинт Жахш] еді. Өйткені ол өз қолымен еңбек етіп, тапқанын садақаға беретін».1

Түсіндірме

1. Екі хадисте де Расулалланың (с.а.с.) жұбайлары арамыздан кім оған бұрын қауышады деп сұраған. Пайғамбарымыз «Қолы ең ұзының» деп астарлап жауап берген. Олар бұл сөзді тура мағынасында түсініп, қолдарын өлшеді. Мұндағы «қолдың ұзындығы» көп садақа беруді білдіреді. Қазақша «қолы ашық» тіркесі де осыған жақын. Бұл сөздің мағынасы Алла елшісінен кейін жұбайларының арасынан алдымен Зейнеп бинт Жахш қайтыс болғанда айқындалды. Зейнеп тері өңдеп, бұйым тігетін. Жасағанын сатып, тапқанын Алла жолында садақа ететін.

Алғашқы риуаятта қолы ең ұзын болған Сәуда (р.а.) деп айтылады. Ғалымдар ондағы есімнің шатасқанын айтып, екінші риуаятты дұрыс санаған. Садақаны көбірек берген де, Расулалладан кейін бірінші болып дүниеден өткен де Зейнеп анамыз еді.

Әзірет Зейнептің ісі әйелдің еңбек етуіне қатысты бүгінгі бір сұраққа да жауап береді. Дінімізде әйелдің еңбек етіп, табыс табуына рұқсат. Өзін және отбасын асырау оның міндеті емес, отбасының нәпақасы ерінің мойнында. Әйел жұмыс істеп, табыс тапқысы келсе, шариғатқа сай іспен айналысуы керек. Автор әзірет Зейнептің (р.а.) өнегесіне сүйеніп, әйелге үйде атқарылатын іспен айналысқан жөн дейді. Ислам еңбек еткісі келген әйелге үйде кәсіп етуге де мүмкіндік береді. Бұл тақырыпқа алда толығырақ тоқталамыз.

Әйелдің үйде кәсіп етуі

Құран Кәрім Расулалланы (с.а.с.) былай сипаттайды: لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِمَنْ كَانَ يَرْجُو اللَّهَ وَالْيَوْمَ الْآخِرَ وَذَكَرَ اللَّهَ كَثِيرًا «Шүбәсіз, Алла елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақырет күніне бар үмітін артқан һәм Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін теңдессіз үлгі-өнеге бар.»2 Алла елшісі мүміндерге намазда, оразада, тәубеде және құлшылықтың өзге түрлерінде үлгі болды. Оның жұбайлары да әйелдерге қатысты мәселелерде шариғат аясында өнеге көрсетті. Соның бір мысалы – мүміндердің анасы Зейнеп бинт Жахштың (р.а.) өмірі. Өзге риуаяттарда оның тері өңдеп, одан бұйым жасағаны және түскен табысты Алла жолында садақа еткені айтылады.

Алла елшісі (с.а.с.) Мәдина дәуірінде саяси және діни себептермен бірнеше әйелге үйленді. Әр жұбайының мешіт ауласында өз бөлмесі болды. Алла елшісі әрқайсысының бөлмесінде кезекпен түнеді. Өзіне бөлек үй салдырған жоқ. Жұбайлары арасында келіспеушілік туған бір жолы, оларға сабақ болсын деп, бір ай ешқайсысының бөлмесіне кірмеуге ұйғарды. «Илә» деген атпен белгілі сол оқиғада бөлмелердің үстіндегі қосымша бір бөлме айтылады.

Расулалла күнде таң намазынан кейін мешітте қалып, келесі құлшылық мезгіліне дейін сахабаларымен әңгімелесетін. Сол күні намазын оқи сала, ешкімге тіл қатпай, әлгі бөлмеге көтеріліп кетті. Сахабалар абдырап, оның көңілі толмай жүргенін аңғарды. Әзірет Омар артынан бармақ болғанда, есік алдындағы қызметші Расулалланың ешкімді кіргізбеуді тапсырғанын айтты. Омар бірнеше рет рұқсат сұрап, төртінші рет кірді. Олардың әңгімесі бұл тақырыптан бөлек. Омардың сипаттауынан бұл бөлменің тері өңдеп, одан бұйым жасауға арналғанын аңғаруға болады.

Автор оны Зейнептің (р.а.) тері бұйымдарын жасайтын бөлмесі деп түсіндіреді. Риуаяттарда Зейнеп анамыздың бұл кәсіппен Алла елшісіне тұрмысқа шықпай тұрып айналысқаны айтылады. Үйленгеннен кейін де Расулалла оған кәсібін жалғастыруына рұқсат берген.

Расулалланың жұбайы Үммү Сәләма (р.а.) да теріден бұйым жасаған. Ахмад ибн Ханбал жеткізген риуаятта Алла елшісі сөз салуға келгенде, оның жұмыс үстінде болғаны, қолындағы қара дақты жуып, оны үйге кіргізгені айтылады. Тұрмысқа шыққаннан кейін бұл ісін жалғастырғаны белгісіз. Ал Зейнеп анамыздың кәсібін жалғастырғаны риуаяттарда сақталған.

Осы орайда «Исламда әйелдің нәпақасын ері табуға міндетті. Пайғамбарымыз да солай еткен. Зейнептің тері өңдеумен айналысуын қалай түсінеміз?» деген сұрақ тууы мүмкін. Исламда әйел өз нәпақасын табуға міндетті емес. Әйелдің күйеуінің келісімімен, шариғатқа сай кәсіппен айналысып, табыс табуға құқығы бар. Зейнеп анамыздың ісі – соның мысалы. Ибн Сағдтың риуаятында әзірет Зейнеп сонша еңбек етсе де, қайтыс болғанда артында бір динар да, бір дирһам да қалмағаны айтылады. Ол тапқанының бәрін садақаға берген. Мұндай іс мұсылман әйелдерге де, барлық мүміндерге де, жалпы адам баласына да үлгі.

Зейнеп анамыздың осы ісіне сүйеніп, ғалымдар бірнеше тұжырым жасаған.

1. Әйел қаражатқа мұқтаж болмаса да, қолынан келетін іспен айналысқаны абзал. Еңбегінен түскен табысты Алла жолында садақа етсе, сауабы мол.

2. Ерінің әйеліне үйдегі кәсібіне тыйым салуға хақы жоқ. Оған қолдау көрсетуі керек. Пайғамбарымыздың ұстанымы осындай болған. Егер ол тыйым салса, Зейнеп анамыз бұл іспен айналыспас еді. Әбу Һурайра былай деген: «Қоштасу қажылығы алдында Алла елшісі осы қажылықтың жұбайлары үшін соңғысы боларына ишара етті. Ол дүниеден өткеннен кейін Сәуда мен Зейнептен басқа жұбайларының бәрі қажылыққа барды. Зейнеп пен Сәуда (р.а.) “Расулалланың сол сөзінен кейін бізді Мәдинадан бірде-бір көлік алып шыға алмайды” деді».

3. Автор бұл хадистен әйелге үйінде кәсіп еткен абзал деген де тұжырым жасайды. Мүмкіндік болса, үйде атқарылатын істі таңдаған жөн дейді.

4. Еңбек пен сауда ұят саналмайды. Адам қаражатқа мұқтаж болмаса да, еңбек еткені жөн. Пайғамбарымыздың жұбайы Зейнеп анамыздың кәсіппен айналысуы – осыған үлгі.

  1. 1Мүслим, Фадаил әс-сахаба, 101 (2452).
  2. 2«Ахзаб» сүресі, 33:21.
5584
Кутуб ситтә, № 5584 · тараудағы реті: 13

وَعَنْ هِلَالِ بْنِ عَمْرٍو قَالَ: سَمِعْتُ عَلِيًّا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَقُولُ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يَخْرُجُ رَجُلٌ مِنْ وَرَاءِ النَّهْرِ يُقَالُ لَهُ الْحَارِثُ بْنُ حَرَّاثٍ، عَلَى مُقَدِّمَتِهِ رَجُلٌ يُقَالُ لَهُ مَنْصُورٌ، يُوَطِّئُ أَوْ يُمَكِّنُ لِآلِ مُحَمَّدٍ كَمَا مَكَّنَتْ قُرَيْشٌ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ، وَجَبَ عَلَى كُلِّ مُؤْمِنٍ نَصْرُهُ، أَوْ قَالَ: إِجَابَتُهُ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Хилал ибн Амрдың айтуынша, ол әзірет Әлидің (р.а.) Расулалладан (с.а.с.) мына сөзді жеткізгенін естіген: «Өзеннің арғы бетінен әл-Харис ибн Харрас деген кісі шығады. Оның алдыңғы жасағын Мансұр есімді адам басқарады. Құрайыштың Алла елшісіне қолдау көрсеткеніндей, ол Мұхаммед әулетіне жол ашады немесе тірек болады. Әр мүмін оған жәрдем беруге міндетті» немесе «Оның шақыруына үн қосуға міндетті» деді.1

Түсіндірме

1. Хадисте болашақта Мәуереннахрдан шығатын кісінің ісі баяндалады. Ол Алланың дінін үстем ету жолында жанын да, малын да аямайды. Автор «Мұхаммед әулетін» Пайғамбарымыздың аманатымен, ұстанған жолымен және кейінгілерге мұра еткен игілігімен байланыстыра түсіндіреді. Хадис ғалымдары бұл риуаятты Мәһдиге қатысты деп санаған. Осы пайымға сай, мүміндер оған жәрдем беруге тиіс.

Құрайыштың Расулаллаға көрсеткен қолдауын автор құрайыштық мұсылмандардың қолдауы деп түсіндіреді. Исламды қабылдамағандардың арасынан оған Әбу Талиб қолдау көрсеткенін ескертеді.

2. Хадистің соңында мүміндердің жәрдем беруі уәжіп делінген. Сөз әл-Хариске жәрдем беруді меңзегендей көрінсе де, автор Мансұрдың шақыруына құлақ асып, соған жәрдем беруді қисындырақ көреді.

3. Рауи хадистің соңында «жәрдем беру» не «шақыруына үн қосу» делінгенін дәл ажырата алмаған. Екеуінің мағынасы жақын. Шақыруына үн қосқан кісі жәрдем береді, жәрдем берген кісі шақыруына үн қосқан болады.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәһди, 1 (4290b).
5585
Кутуб ситтә, № 5585 · тараудағы реті: 14

وَعَنْ ابْنِ أَبِي كَثِيرٍ قَالَ: قَالَ أَبُو سَهْمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: مَرَّتْ بِي امْرَأَةٌ فَأَخَذْتُ بِكَشْحِهَا ثُمَّ أَطْلَقْتُهَا. فَأَصْبَحَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي الْمَدِينَةِ يُبَايِعُ النَّاسَ فَأَتَيْتُهُ. فَقَالَ: أَلَسْتَ بِصَاحِبِ الْجَذْبَةِ بِالْأَمْسِ؟ فَقُلْتُ: بَلَى. وَإِنِّي لَا أَعُودُ يَا رَسُولَ اللَّهِ فَبَايَعَنِي. أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Әбу Кәсир Әбу Сәһмнің (р.а.) мына сөзін жеткізген: «Жанымнан бір әйел өтіп бара жатқанда, бүйірінен ұстап алдым да, қоя бердім. Ертеңіне Алла елшісі Мәдинада жұрттың антын қабылдап жатыр екен. Мен де бардым. Ол “Кеше әлгі әйелді ұстап алған сен бе едің?” деді. “Иә. Уа, Расулалла, енді қайталамаймын”, – дедім. Содан кейін антымды қабылдады».1

  1. 1Рәзин жеткізген. Ахмад ибн Ханбал, «Муснад», 5/293.