Хадис

Сәнқойлықтан бас тарту

Кутуб ситтә, 11-том, 844-тарау · 2 хадис · № 5262–5263

КИІМ-КЕШЕК

Хадистер

5262
Кутуб ситтә, № 5262 · тараудағы реті: 1

عَنْ مُعَاذِ بْنِ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: “مَنْ تَرَكَ اللِّبَاسَ تَوَاضُعًا لِلَّهِ، وَهُوَ يَقْدِرُ عَلَيْهِ، دَعَاهُ اللَّهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ عَلَى رُؤُوسِ الْخَلَائِقِ حَتَّى يُخَيِّرَهُ مِنْ أَيِّ حُلَلِ الْإِيمَانِ شَاءَ يَلْبَسُهَا”». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Мұғаз ибн Әнәс (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Кім қолы жете тұра Алла үшін кішіпейілдік танытып, сәнді киімнен бас тартса, Қиямет күні Алла оны бүкіл жаратылыстың алдында шақырып, иман киімдерінің ішінен қалағанын таңдап киюіне мүмкіндік береді”»1.

Түсіндірме

1. Хадистегі «киім» сөзі мұнда қымбат, сәнді киімді білдіреді. «Тәйсир әл-усулда» кездеспейтін «Алла үшін» деген тіркес Тирмизидегі нұсқада бар. Тіркес айтылмаса да, бұл амалдың Алланың разылығы үшін істелетіні аңғарылады. Қымбат киімнен жай ғана қарапайым көріну үшін бас тартқан адам хадисте айтылған сауапқа ие бола алмайды.

2. Алланың ол адамды барша жаратылыстың алдында шақыруы – оны құрметтеп, мәртебесін көтеруінің белгісі.

Басқа бір риуаятта Алла Елшісінің (с.а.с.): «Кім қолы жете тұра сәнді киімнен бас тартса, Алла оған құрмет киімін кигізеді», – дегені баяндалады.

Алла Елшісі (с.а.с.): «Алла құлының бойынан берген нығметінің ізін көргенді қалайды», – деген. Осы сөз адамның өзіне лайықты, жарасымды киім киюі құпталатынын аңғартады. Қымбат әрі сәнді киім киюге рұқсат бар. Ал жоғарыдағы хадисте қарапайым киінудің артықшылығы айтылады.2

  1. 1Тирмизи, «Қиямет», № 2481 (Жанан басылымында № 2483).
  2. 2Тирмизи, «Әдеп», №2819.
5263
Кутуб ситтә, № 5263 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: “مَنْ لَبِسَ ثَوْبَ شُهْرَةٍ أَلْبَسَهُ اللَّهُ ثَوْبَ مَذَلَّةٍ”». وَفِي رِوَايَةٍ: «أَلْبَسَهُ اللَّهُ إِيَّاهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ ثُمَّ أَلْهَبَ فِيهِ النَّارَ». أَخْرَجَ الرِّوَايَةَ الْأُولَى أَبُو دَاوُدَ، وَالثَّانِيَةَ رَزِينٌ. «ثَوْبُ الشُّهْرَةِ» هُوَ الَّذِي إِذَا لَبِسَهُ الْإِنْسَانُ افْتَضَحَ بِهِ وَاشْتَهَرَ بَيْنَ النَّاسِ، وَالْمُرَادُ بِهِ مَا يَجُوزُ لِلرِّجَالِ لُبْسُهُ شَرْعًا وَعُرْفًا.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кім жұрттың көзіне түсу үшін киім кисе, Алла оған қорлық киімін кигізеді”, – деді».

Басқа риуаятта: «Қиямет күні Алла оған сол киімді кигізеді де, ішінде от тұтатады», – делінген1.

Түсіндірме

1. Хадистің Әбу Дәуіттегі және «Тәйсир әл-усулдағы» нұсқаларының сөз қолданысында аздаған айырма бар. Мағынасы бір.

2. Ибн әл-Әсир жұрттың көзіне түсу үшін киілетін киімді «түсі көпшіліктің киімінен өзгеше, жұрттың назарын өзіне аударып, иесін тәкаппарлыққа жетелейтін киім» деп түсіндірген. Киімнің түсі де, пішімі де, кию тәсілі де елдің көзіне ерекше көрінуі мүмкін. Шариғат пен әдет-ғұрып тұрғысынан киюге жарамды киімнің өзін елден ерекшелену үшін кию осы тыйымға кіреді.

Исламдағы киім әдебі денені жабуды да, елдің назарын әдейі өзіне аудармауды да көздейді. Мұндай ниетпен киінген адамды Қиямет күні ісіне сай жаза күтіп тұруы мүмкін. «الْجَزَاءُ مِنْ جِنْسِ الْعَمَلِ» деген сөздің мағынасы – «Қарымта амалдың өзіне сай болады».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Киім», № 4029–4030.