Хадис

Өзіне қол жұмсаудың үкімі

Кутуб ситтә, 11-том, 764-тарау · 3 хадис · № 4935–4937

ҚАНАҒАТ БӨЛІМІ

Хадистер

4935
Кутуб ситтә, № 4935 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ تَرَدَّى مِنْ جَبَلٍ فَقَتَلَ نَفْسَهُ فَهُوَ فِي نَارِ جَهَنَّمَ يَتَرَدَّى فِيهَا خَالِدًا مُخَلَّدًا فِيهَا أَبَدًا، وَمَنْ تَحَسَّى سُمًّا فَقَتَلَ نَفْسَهُ فَسُمُّهُ فِي يَدِهِ يَتَحَسَّاهُ فِي نَارِ جَهَنَّمَ خَالِدًا مُخَلَّدًا فِيهَا أَبَدًا، وَمَنْ قَتَلَ نَفْسَهُ بِحَدِيدَةٍ، فَحَدِيدَتُهُ فِي يَدِهِ يَتَوَجَّأُ بِهَا فِي بَطْنِهِ فِي نَارِ جَهَنَّمَ خَالِدًا مُخَلَّدًا فِيهَا أَبَدًا. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Кім өзін таудан тастап, жанын қиса, тозақ отында мәңгі солай құлай береді. Кім у ішіп, жанын қиса, тозақ отында қолындағы уын мәңгі іше береді. Кім темірмен жанын қиса, тозақ отында қолындағы сол темірді ішіне мәңгі сұға береді”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Хадистің сыртқы мағынасы бойынша, өз жанын қиған адам тозақта мәңгі қалады. Әһлі сүннет ғалымы Имам Мәлик хадистің осы мағынасына сүйеніп: «Өзіне қол жұмсаған адамның тәубесі қабыл болмайды, жаназа намазы да оқылмайды», – деген. Күнә жасаған адам тозақта мәңгі қалады деп есептеген мұғтазила мен өзге ағымдардың өкілдері де хадистің сыртқы мағынасына сүйеніп, өзіне қол жұмсаған кісі тозақта мәңгі қалады деген.

Әһлі сүннет ғалымдары бұл мәселені басқаша түсіндірген. Хадистің кей нұсқаларында «мәңгі қалады» деген сөз жоқ. Әһлі сүннет таухидті ұстанғандар күнәсі үшін азап шексе де, түбінде тозақтан шығарылады деген қағиданы ұстанады. Мұны қуаттайтын сахих риуаяттар бар. Осыған сүйеніп, олар хадисті харамды халал санауға қатысты жорыған: «Өзіне қол жұмсауды халал санап, жанын қиған адам тозақта мәңгі қалады». Өйткені ол харамды халал санағаны үшін кәпір болады, ал кәпір тозақта мәңгі қалады.

• Әһлі сүннет ғалымдарының кейбірі хадистегі сөздің сыртқы мағынасын тікелей алмай, оны мұндай істен тыйып, қатаң ескерту үшін айтылған деп түсіндірген.

• Тағы бір пікір бойынша, өзіне қол жұмсаған кісінің тиісті жазасы осындай. Дегенмен Алла таухидті ұстанған мүміндерді тозақта мәңгі қалдырмайды. Түбінде оларды тозақтан шығарады.

• Кей ғалым бұл сөзді «Алла қаласа, тозақта мәңгі қалады» деген мағынада түсінген.

• Тағы бір түсіндірмеде «мәңгі» сөзі өте ұзақ уақытты білдіреді. Сонда хадистің мағынасы «тозақта ұзақ қалады» дегенге саяды.

2. «Жаза амалдың сипатына сай болады» деген қағида бойынша, адам жанын қалай қиса, азабын да солай тартады. У ішкен у іше береді, таудан құлаған қайта-қайта құлайды, темірмен жанын қиған адам сол темірден азап шегеді.

3. Ғалымдардың көпшілігі өзіне қол жұмсаған кісіге жаназа намазы оқылады деп есептеген. Ханафи ғалымы Әбу Юсуф: «Оқылмайды», – деген. Омар ибн Абдулазиз бен Әузағи жаназа намазын оқуды мәкрүһ санаған.

  1. 1Бұхари, Тибб 56; Мүслим, Иман 175 (109); Тирмизи, Тибб 7 (2044, 2045); Нәсәи, Жанаиз 68 (4, 66, 67); Әбу Дәуіт, Тибб 11 (3872).
4936
Кутуб ситтә, № 4936 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: شَهِدْنَا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ خَيْبَرَ. فَقَالَ لِرَجُلٍ مِمَّنْ يَدَّعِي الْإِسْلَامَ: هَذَا مِنْ أَهْلِ النَّارِ. فَلَمَّا حَضَرَ الْقِتَالَ قَاتَلَ قِتَالًا شَدِيدًا وَأَصَابَتْهُ جِرَاحٌ؛ فَقِيلَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ الَّذِي قُلْتَ آنِفًا إِنَّهُ مِنْ أَهْلِ النَّارِ قَدْ قَاتَلَ قِتَالًا شَدِيدًا وَقَدْ مَاتَ فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِلَى النَّارِ. فَكَادَ بَعْضُ الْمُسْلِمِينَ أَنْ يَرْتَابَ فَبَيْنَمَا هُمْ عَلَى ذَلِكَ إِذْ قِيلَ لَهُ: إِنَّهُ لَمْ يَمُتْ وَلَكِنْ بِهِ جِرَاحَةٌ شَدِيدَةٌ. فَلَمَّا كَانَ مِنَ اللَّيْلِ لَمْ يَصْبِرْ عَلَى الْجِرَاحِ، فَأَخَذَ ذُبَابَ سَيْفِهِ فَتَحَامَلَ عَلَيْهِ فَقَتَلَ نَفْسَهُ فَأُخْبِرَ بِذَلِكَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ. فَقَالَ: اللَّهُ أَكْبَرُ، أَشْهَدُ أَنِّي عَبْدُ اللَّهِ وَرَسُولُهُ. ثُمَّ أَمَرَ بِلَالًا فَنَادَى فِي النَّاسِ: إِنَّهُ لَا يَدْخُلُ الْجَنَّةَ إِلَّا نَفْسٌ مُسْلِمَةٌ، وَإِنَّ اللَّهَ لَيُؤَيِّدُ هَذَا الدِّينَ بِالرَّجُلِ الْفَاجِرِ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай жеткізеді: «Расулалламен (с.а.с.) бірге Хайбар жорығына қатыстық. Расулалла (с.а.с.) өзін мұсылманмын деген бір кісі туралы: “Бұл – тозақтық”, – деді.

Шайқас басталғанда, әлгі кісі жанын сала соғысып, ауыр жараланды. Сахабалардың кейбірі: “Уа, Алла елшісі! Сіз жаңа ғана тозақтық деген кісі жанын сала шайқасты да, қаза тапты”, – деді. Расулалла (с.а.с.): “Тозаққа барады”, – деді. Бұл жауапты естіген кей мұсылман күмәндана жаздады. Сол кезде: “Әлгі кісі өлмепті, бірақ жарақаты ауыр екен”, – деген хабар жетті. Түнде ол жарақатының азабына шыдай алмай, қылышымен жанын қиды. Бұл хабарды естіген Расулалла (с.а.с.): “Алла ұлық! Алланың құлы әрі елшісі екеніме куәлік етемін”, – деді. Содан кейін Біләлға (р.а.) жұртқа мына сөзді жариялауды бұйырды: “Жәннатқа мұсылман жан ғана кіреді. Расында, Алла бұл дінді күнәһар кісі арқылы да қуаттайды”»1.

Түсіндірме

Хадис бірнеше жолмен жеткен. Кей риуаят оқиға Ухуд шайқасында, енді бірі Хайбар жорығында болғанын айтады. Кей хадис шәріпшілері мұны екі бөлек оқиға болуы мүмкін деп түсіндірген. Уақидидің «Мағазиде» жазуынша, оқиға Ухудта болған, ал әлгі кісінің аты – Құзман. Ол Ухудқа бармай қалғанда, әйелдер оны келемеждейді. Содан ол алдыңғы сапқа шығып, бірінші болып оқ атады. Артынша қылышын суырып, жанын сала шайқасады. Мұсылмандардың сапы бұзылғанда, қылышының қынын сындырып: «Қашқаннан өлген артық!» – деп, алға ұмтылады. Қатада ибн ән-Нұғман оны көріп: «Шейіттігің құтты болсын!» – дейді. Құзман: «Алланың атымен ант етемін, дін үшін емес, қауымымның абыройы үшін соғыстым», – деп жауап береді. Кейін жарақатының азабына шыдай алмай, жанын қияды.

  1. 1Бұхари, Жиһад 182, Мағази 38, Қадар 5; Мүслим, Иман 173 (111).
4937
Кутуб ситтә, № 4937 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Жәбир ибн Сәмура

وَعَنْ جَابِرِ بْنِ سَمُرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: أُخْبِرَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِرَجُلٍ قَتَلَ نَفْسَهُ. فَقَالَ: إِذًا لَا أُصَلِّي عَلَيْهِ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Жабир ибн Сәмура (р.а.) былай жеткізеді: «Расулаллаға (с.а.с.) өзіне қол жұмсаған кісі туралы хабар жетті. Сонда ол: “Онда мен оның жаназа намазын оқымаймын”, – деді»1.

Түсіндірме

№ 4935 хадистің түсіндірмесінде айтылғандай, әһлі сүннет ғалымдарының кейбірі өзіне қол жұмсаған кісіге жаназа намазы оқылмайды деген. Ғалымдардың көпшілігі жаназа намазы оқылады деп үкім берген. Олар Расулалланың (с.а.с.) «Мен оқымаймын» деген сөзін өзгелерді бұл істен тыю үшін айтылған деп түсіндірген.

  1. 1Әбу Дәуіт, Жанаиз 51 (3185).