Хадис

Кісі өлтіруге тыйым салу

Кутуб ситтә, 11-том, 762-тарау · 9 хадис · № 4922–4930

ҚАНАҒАТ БӨЛІМІ

Хадистер

4922
Кутуб ситтә, № 4922 · тараудағы реті: 1

عَنْ سَعِيدِ بْنِ عَمْرِو بْنِ سَعِيدِ بْنِ الْعَاصِ عَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَنْ يَزَالَ الْمُؤْمِنُ فِي فُسْحَةٍ مِنْ دِينِهِ مَا لَمْ يُصِبْ دَمًا حَرَامًا. قَالَ وَقَالَ ابْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: إِنَّ مِنْ وَرْطَاتِ الْأُمُورِ الَّتِي لَا مَخْرَجَ لِمَنْ أَوْقَعَ نَفْسَهُ فِيهَا سَفْكَ الدَّمِ الْحَرَامِ بِغَيْرِ حِلِّهِ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Сағид ибн Амр ибн Сағид ибн әл-Ас Ибн Омардан (р.а.) былай жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Мүмін нақақ қан төкпегенше, дінінде кеңшілік болады”, – деді».

Сағид ибн Амр: «Ибн Омар (р.а.): “Нақақ қан төгу – адам басын сұқса, одан шығар жол таба алмайтын ауыр істердің бірі”, – деді»1, – деп жеткізеді.

Түсіндірме

Бұл хадис нақақ қан төгудің қаншалық ауыр күнә екенін білдіреді. Расулалла (с.а.с.) мүмін нақақ қан төкпейінше, дінінде кеңшілік бар екенін айтқан. Мұндағы «кеңшілік» тәубе еткен адамның кешірімнен үміт ете алатынын білдіреді. Нақақ қан төккен адам осы кеңшіліктен айырылады.

Бұхари бұл хадистің алдында мына риуаятты келтірген: «Ибн Мәсғуд (р.а.) былай жеткізеді: “Бір кісі: ‘Уа, Алла елшісі! Алла алдында ең ауыр күнә қайсы?’ – деп сұрады. Расулалла (с.а.с.): ‘Өзіңді жаратқан Аллаға серік қосуың’, – деді. Кісі: ‘Одан кейін қайсы?’ – деді. Расулалла (с.а.с.): ‘Ризығыңа ортақ болады деп қорқып, өз балаңды өлтіруің’, – деді. Кісі тағы: ‘Одан кейін қайсы?’ – деп сұрады. Расулалла (с.а.с.): ‘Көршіңнің әйелімен зина жасауың’, – деді”».2 Ұлық Алла осы сөзді растаған мына аяттарды түсірді: ﴿وَالَّذِينَ لَا يَدْعُونَ مَعَ اللَّهِ إِلَٰهًا آخَرَ وَلَا يَقْتُلُونَ النَّفْسَ الَّتِي حَرَّمَ اللَّهُ إِلَّا بِالْحَقِّ وَلَا يَزْنُونَ ۚ وَمَنْ يَفْعَلْ ذَٰلِكَ يَلْقَ أَثَامًا ۞ يُضَاعَفْ لَهُ الْعَذَابُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَيَخْلُدْ فِيهِ مُهَانًا﴾ «Олар Алламен қатар, басқаны құдай тұтып жалбарынбайды. Алла нақақтан-нақақ өлтіруде харам қылған тірі жанды өлтірмейді, зина жасамайды. Кімде-кім осыларды істесе, күнәсінің жазасын тартады. Қиямет күні оның азабы еселене түседі және ол сол азаптың ішінде мәңгі-бақи қор болып қалады.»3.

Хадистегі «уаратат» (وَرَطَاتٌ) – «уарта» (وَرْطَةٌ) сөзінің көпше түрі. «Уарта» опатқа ұшырататын, құтылар жолы жоқ істі білдіреді. Бастапқы мағынасы – шығар жолы жоқ терең жер. Хадисте бұл сөз «шығар жолы жоқ» деп нақтыланған. Нақақ кісі өлтірген адамның бұл күнәсіне тәубесі қабыл болмайды деген пікір кең тараған. Ибн Аббас (р.а.) осындай бір кісіге: «Бір кесе салқын су іш. Енді жәннатқа кіре алмайсың», – деген.

Тирмизи Абдулла ибн Омардан (р.а.): «Алла алдында бүкіл дүниенің жойылуы бір мұсылманның нақақ өлтірілуінен жеңілірек», – деген хадис жеткізген. Осы мағынаны қуаттайтын хадистер көп. Олардың кейбірі төменде келтіріледі.

Бір аятта былай делінген: ﴿مَنْ قَتَلَ نَفْسًا بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الْأَرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعًا وَمَنْ أَحْيَاهَا فَكَأَنَّمَا أَحْيَا النَّاسَ جَمِيعًا﴾ «Кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасамаған бейкүнә жанды нақақтан-нақақ өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргендей болады. Әрі кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады.»4.

Бұл аяттан адам қанының, әсіресе мүмін қанының Алла алдында қаншалық қадірлі екенін, ал нақақ кісі өлтірудің қандай ауыр күнә екенін ұғамыз. Осы жөнінде Ибн әл-Араби: «Жануарды себепсіз өлтіруге тыйым салынғаны және оған қатысты ескерту айтылғаны мәлім. Ендеше адамның жанын қиюдың жайы не болмақ? Әсіресе ол мұсылман болса ше? Тақуа, ізгі адам болса ше?» – деген.

«Кісі өлтірген адамның тәубесі қабыл бола ма?» деген мәселеде ислам ғалымдары әртүрлі пікір айтқан. Ибн Аббас (р.а.) секілді кей ғалымдар тәубесі қабыл болмайды деген. Ал әһлі сүннет уәл-жамағат ғалымдарының көпшілігі: «Кісі өлтірген адамның ісі Аллаға қалады, қаласа, кешіреді», – деген. Олар мына риуаятқа сүйенген: жоғарыда келтірілген «Фұрқан» сүресіндегі аяттарға қарап, сахабалар кісі өлтірген адам тозаққа түседі, оның тәубесі қабыл болмайды деген тұста ﴿إِنَّ اللَّهَ لَا يَغْفِرُ أَنْ يُشْرَكَ بِهِ وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذَٰلِكَ لِمَنْ يَشَاءُ﴾ «Алла өзіне серік қосқанды әсте кешірмейді. Ал одан өзге күнәларды істеген құлдарынан қалағанын кешіреді.»5 деген аят түскен. Бұл пікірді қуаттайтын басқа риуаяттар да бар. Солардың бірі – жоғарыда баяндалған тоқсан тоғыз адамды өлтірген соң, тәубе етудің жолын іздеген Исраил ұрпағынан шыққан кісінің кешірілуі туралы оқиға.

  1. 1Бұхари, Дият 1 (6862, 6863).
  2. 2Бұхари, Дият 1 (6861).
  3. 3«Фұрқан» сүресі, 68–69-аяттар.
  4. 4«Мәида» сүресі, 32-аяттың үзіндісі.
  5. 5«Ниса» сүресі, 48-аяттың үзіндісі.
4923
Кутуб ситтә, № 4923 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ مُعَاوِيَةَ بْنِ أَبِي سُفْيَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: كُلُّ ذَنْبٍ عَسَى اللَّهُ أَنْ يَغْفِرَهُ إِلَّا الرَّجُلَ يَقْتُلُ الْمُؤْمِنَ مُتَعَمِّدًا، أَوِ الرَّجُلَ يَمُوتُ كَافِرًا. أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Мұғауия ибн Әбу Суфиян (р.а.) былай жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Мүмінді қасақана өлтірген немесе кәпір күйінде өлген кісіден басқаның күнәсін Алла кешіруі мүмкін”, – деді»1.

  1. 1Нәсәи, Тахрим 1 (7, 81).
4924
Кутуб ситтә, № 4924 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Бурайда

وَعَنْ بُرَيْدَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: قَتْلُ الْمُؤْمِنِ أَعْظَمُ عِنْدَ اللَّهِ مِنْ زَوَالِ الدُّنْيَا. أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Бүрәйда (р.а.) былай жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Алла алдында бір мүміннің өлтірілуі бүкіл дүниенің жойылуынан да ауыр”, – деді»1.

  1. 1Нәсәи, Тахрим 2 (7, 83).
4925
Кутуб ситтә, № 4925 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ أَبِي الْحَكَمِ الْبَجَلِيِّ قَالَ: سَمِعْتُ أَبَا هُرَيْرَةَ وَأَبَا سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا يَذْكُرَانِ عَنْ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنَّهُ قَالَ: لَوْ أَنَّ أَهْلَ السَّمَاءِ وَأَهْلَ الْأَرْضِ اشْتَرَكُوا فِي دَمِ مُؤْمِنٍ لَأَكَبَّهُمُ اللَّهُ تَعَالَى فِي النَّارِ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу әл-Хакам әл-Бәжәли былай дейді: «Әбу Һурайра мен Әбу Сағидтың (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) мына сөзін айтып отырғанын естідім: “Көк пен жердің тұрғындары бір мүміннің қанын төгуге түгел қатысса, Алла бәрін тозақ отына тастар еді”»1.

Түсіндірме

Хадистегі көк тұрғындары – періштелер. Егер олар да нақақ қан төгуге қатысса, жазаға тартылар еді. Періштелер Аллаға қарсы келмейтіндіктен, бұл сөз адам қанына қол сұғудың қаншалық ауыр екенін білдіреді.

  1. 1Тирмизи, Дият 8 (1398).
4926
Кутуб ситтә, № 4926 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: الْإِيمَانُ قَيَّدَ الْفَتْكَ، لَا يَفْتِكُ مُؤْمِنٌ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Иман опасыздықпен кісі өлтіруге тосқауыл болады. Мүмін опасыздықпен кісі өлтірмейді”, – деді»1.

Түсіндірме

«Ән-Ниһаяда» «фәтк» (فَتْكٌ) сөзі «біреуге амандық беріп, ол бейқам отырғанда кенеттен өлтіру» деп түсіндірілген. Иман мүмінді осындай опасыздықтан тыйғандықтан, хадисте «тосқауыл» делінген. Кағб ибн әл-Әшраф пен Әбу әл-Хуқайқ секілді кісілердің өлтірілуі туралы ғалымдар: «Бұл оқиғалар тыйым салынғанға дейін болған немесе олар исламға қиянат жасап, опасыздық танытқандықтан, арнайы рұқсат уахи етілген», – деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, Жиһад 169 (2769).
4927
Кутуб ситтә, № 4927 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنْ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَيْسَ مِنْ نَفْسٍ تُقْتَلُ ظُلْمًا إِلَّا كَانَ عَلَى ابْنِ آدَمَ الْأَوَّلِ كِفْلٌ مِنْ دَمِهَا، لِأَنَّهُ أَوَّلُ مَنْ سَنَّ الْقَتْلَ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Нақақтан өлтірілген әр жанның қаны үшін Адам атаның тұңғыш ұлына да күнәнің бір үлесі тиеді. Өйткені кісі өлтіруге алғаш жол ашқан – сол”, – деді».1

Түсіндірме

Хадис нақақ кісі өлтіруге тыйым салады. Осы орайда Адам атаның екі ұлы туралы бірқатар деректі Ибн Хажар әл-Асқаланидің Бұхари жинағына жазған «Фәтх әл-Бари» түсіндірмесінен келтіреміз.

1. Ғалымдардың көпшілігі Адам атаның тұңғыш ұлы Қабыл деген. Өзгеше пікір айтқандар да бар. Мәселен, әл-Қади Жәмәлуддин ибн Уасыл «Тарихында»: «Адам атаның өлтірілген ұлының аты – Қабыл. Бұл есім құрбандығының қабыл болуына байланысты», – деген. Бұл есімді «Қабин» (قَابِنٌ) деп, әлифсіз «Қабин» (قَبِنْ) деп оқығандар да бар. Табари Ибн Аббастан (р.а.) мына сөзді жеткізеді: «Олардың заманында садақа беретін кедей болмаған. Адам Аллаға жақындау ниетімен құрбандық ұсынатын. Құрбандығы қабыл болса, көктен от түсіп өртейтін, ал қабыл болмаса, от тимейтін». Табари Хасан әл-Басриден: «Қиссадағы екі бауыр Адам атаның өз ұлдары емес, Бәни Исраилден шыққан екі ағайынды кісі еді», – деген пікірді де жеткізген. Ибн Әбу Нужәйһ Мұжаһидтен: «Олар Адам атаның өз балалары еді», – деген сөзді жеткізген. Кең тараған пікір – осы. Сөз болып отырған сахих хадисте кісі өлтірген ұлдың тұңғыш екені айтылып, бұл пікірді қуаттай түседі. Бір деректе Адам атаның жәннатта Қабыл мен оның егіз сыңарынан өзге баласы тумаған делінеді. Қабыл жәннатта туғанын мақтан етіп, Абылға: «Біз жәннаттың балаларымыз, ал сендер жердің балаларсыңдар», – деген екен. Ибн Исхақ бұл оқиғаны «Әл-Мубтада» еңбегінде келтірген.

Хасан әл-Басриден жеткен риуаятта Абыл өлтірілгенде жиырмада, ал бауыры Қабыл жиырма бесте болғаны айтылады. «Абыл» есімі «Һибатуллаһ» деген сөзден шыққан.

Абыл өлгенде, Адам ата қатты қайғырды. Кейін Шис дүниеге келді. Есімінің мағынасы – «Атиятуллаһ», яғни «Алланың сыйы». Адам атаның ұрпағы одан тарады.

Әс-Сағлаби былай дейді: «Құранды жете білген ғалымдардың айтуынша, Хауа ана Адам атаға жиырма рет босанып, қырық бала туған. Алғашқысы Қабыл мен оның қарындасы Иқлима, соңғысы Абдул-Муғис пен Әматул-Муғис еді. Адам ата балалары мен немерелерінің саны қырық мыңға жеткенше өмір сүрді. Кейін олардың бәрі опат болып, топан судан соң Нұхтың ұрпағы ғана қалды. Нұх Шистің нәсілінен еді. Алла тағала былай дейді: ﴿وَجَعَلْنَا ذُرِّيَّتَهُ هُمُ الْبَاقِينَ﴾ “Оның ұрпағын жер бетінде қалдырдық.”2.

Кемеде Нұхпен бірге сексен кісі болған. Құранда оларға ﴿وَمَا آمَنَ مَعَهُ إِلَّا قَلِيلٌ﴾ “Ал онымен бірге иман еткендер өте аз еді.”3 деген аятта ишара жасалған. Жер бетінде Нұхтың ұрпағы ғана қалып, көбейіп, дүниеге таралды».

2. Қабылдың бауырын қалай және қай жерде өлтіргені жөнінде бірнеше риуаят бар. Бірінде оның бауырының басын таспен жаншығаны айтылады. Оқиға Сәуір тауында, Ақабат әл-Харрада, Үндістанда немесе Басрадағы үлкен мешіттің орнында болған деген деректер бар.

  1. 1Бұхари, Дият 2, Әнбия 1, Итисам 15; Мүслим, Қасама 27 (1677); Тирмизи, Илм 14 (2675); Нәсәи, Тахрим 1 (7, 82).
  2. 2«Саффат» сүресі, 77-аят.
  3. 3«Һуд» сүресі, 40-аяттың үзіндісі.
4928
Кутуб ситтә, № 4928 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَجِيءُ الرَّجُلُ آخِذًا بِيَدِ الرَّجُلِ، فَيَقُولُ: يَا رَبِّ هَذَا قَتَلَنِي. فَيَقُولُ اللَّهُ لَهُ: لِمَ قَتَلْتَهُ؟ فَيَقُولُ: قَتَلْتُهُ لِتَكُونَ الْعِزَّةُ لَكَ. فَيَقُولُ: فَإِنَّهَا لِي، وَيَجِيءُ الرَّجُلُ آخِذًا بِيَدِ الرَّجُلِ، فَيَقُولُ: يَا رَبِّ إِنَّ هَذَا قَتَلَنِي. فَيَقُولُ اللَّهُ لَهُ: لِمَ قَتَلْتَهُ؟ فَيَقُولُ: لِتَكُونَ الْعِزَّةُ لِفُلَانٍ. فَيَقُولُ: إِنَّهَا لَيْسَتْ لِفُلَانٍ. فَيَبُوءُ بِإِثْمِهِ. أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.) былай деді: “Қиямет күні бір кісі біреуді қолынан ұстап әкеліп: ‘Уа, Раббым, мені осы кісі өлтірді’, – дейді. Алла: ‘Оны неге өлтірдің?’ – деп сұрайды. Ол: ‘Үстемдік Саған тиесілі болсын деп өлтірдім’, – дейді. Алла: ‘Үстемдік Маған тиесілі’, – дейді. Тағы бір кісі біреуді қолынан ұстап әкеліп: ‘Уа, Раббым, мені осы кісі өлтірді’, – дейді. Алла: ‘Оны неге өлтірдің?’ – деп сұрайды. Ол: ‘Үстемдік пәленшеге тиесілі болсын деп’, – дейді. Алла: ‘Үстемдік пәленшеге тиесілі емес’, – дейді. Сонда әлгі кісі күнәні арқалап қайтады”»1.

Түсіндірме

Хадисте қиямет күні кісі өлтірген адамның Алла алдында қалай жауап беретіні айтылған. Алланың сөзін үстем ету жолында қаза тапқан кісі құтылады. Заңсыз мақсатпен кісі өлтірген адамға келсек, «күнәні арқалап қайтады» деген сөзді екі түрлі түсіндірген. Бірі – өлтірген кісісінің күнәсін арқалап қайтады. Екіншісі – өзіне жүктелген күнәні арқалап кетеді.

  1. 1Нәсәи, Тахрим 2 (7, 84).
4929
Кутуб ситтә, № 4929 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Миқдад ибн әл-Әсуад

وَعَنْ الْمِقْدَادِ بْنِ الْأَسْوَدِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّهُ قَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَرَأَيْتَ إِنْ لَقِيتُ رَجُلًا مِنَ الْكُفَّارِ فَاقْتَتَلْنَا فَضَرَبَ إِحْدَى يَدَيَّ بِالْسَّيْفِ فَقَطَعَهَا. ثُمَّ لَاذَ مِنِّي بِشَجَرَةٍ. فَقَالَ: أَسْلَمْتُ لِلَّهِ، أَأَقْتُلُهُ بَعْدَ أَنْ قَالَهَا؟ فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَا تَقْتُلُهُ. فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنَّهُ قَطَعَ إِحْدَى يَدَيَّ، ثُمَّ قَالَ ذَلِكَ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا تَقْتُلْهُ، فَإِنْ قَتَلْتَهُ فَإِنَّهُ بِمَنْزِلَتِكَ قَبْلَ أَنْ تَقْتُلَهُ، وَإِنَّكَ بِمَنْزِلَتِهِ قَبْلَ أَنْ يَقُولَ كَلِمَتَهُ الَّتِي قَالَ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Миқдад ибн әл-Әсуад (р.а.) былай жеткізеді: «“Уа, Алла елшісі! Егер кәпірлерден бір кісімен шайқасып, ол қылышпен бір қолымды шауып түсірсе, содан соң ағашты паналап: ‘Аллаға бойсұнып, мұсылман болдым’, – десе, оны өлтіруіме бола ма?” – деп сұрадым. Расулалла (с.а.с.): “Оны өлтірме”, – деді. Мен: “Уа, Алла елшісі, ол әуелі қолымды шауып, содан кейін ғана солай деді ғой”, – дедім. Расулалла (с.а.с.): “Оны өлтірме. Өлтірсең, ол сенің оны өлтірмей тұрғандағы күйіңде, ал сен оның әлгі сөзді айтпай тұрғандағы күйінде боласың”, – деді»1.

Түсіндірме

Хадис шәріпшілері шайқас үстінде мұсылман болғанын мәлімдеген кісінің қаны содан былай харам болады деген. Мұндай жағдайда оны өлтірген мұсылман кәпір болады деген үкім шықпайды. Хаттаби былай түсіндіреді: «Соғысып жүрген кәпірдің қаны мұсылман болғанға дейін мүбах саналған. Мұсылман болған сәттен бастап оның қаны басқа мұсылмандардың қанындай харам. Содан кейін оны бір мұсылман өлтірсе, қысас үкімі өлтірген кісіге қолданылады. Бұл оны күпірге жатқызғандық емес. Оны кәпір болғаны үшін қаны халал болды деу үлкен күнә жасаған мүмінді кәпір санайтын харижиттердің үкіміне ұқсар еді. Хадистегі екі кісінің жағдайы ұқсас болғанымен, үкімнің негізі бөлек: сен өлтірген кісі қанының харамдығы жағынан сендей, ал сен қысасқа тартылуың жағынан оның бұрынғы күйіндесің». Кей ғалымдар Расулалла (с.а.с.) сөзді өлтіруден тыю үшін осылай айтқанын және өлтірген адам кәпір болады дегенді меңземегенін жеткізген. Муһәлләб: «Сен оны біле тұра өлтірмек болғанда, ол сені өлтірмек болғандағыдай күнәға батасың. Екеуіңнің ұқсастықтарың осы», – деген. Өзге түсіндірмелер де бар.

  1. 1Бұхари, Дият 1, Мағази 11; Мүслим, Иман 155 (95); Әбу Дәуіт, Жиһад 104 (2644).
4930
Кутуб ситтә, № 4930 · тараудағы реті: 9

وَعَنْ حَارِثَةَ بْنِ مُضَرِّبٍ قَالَ: أَمَرَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِقَتْلِ فُرَاتِ بْنِ حَيَّانَ، وَكَانَ عَيْنًا لِأَبِي سُفْيَانَ وَحَلِيفًا لِرَجُلٍ مِنَ الْأَنْصَارِ فَمَرَّ بِحَلْقَةٍ مِنَ الْأَنْصَارِ. فَقَالَ: إِنِّي مُسْلِمٌ. فَقِيلَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّهُ يَقُولُ إِنِّي مُسْلِمٌ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ مِنْكُمْ رِجَالًا نَكِلُهُمْ إِلَى إِيمَانِهِمْ؛ مِنْهُمْ فُرَاتُ بْنُ حَيَّانَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Хариса ибн Мударриб былай жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.) Фурат ибн Хайянды өлтіруге бұйырды. Фурат Әбу Суфиянның тыңшысы және бір ансарлық кісінің одақтасы еді. Ол бір топ ансардың қасынан өтіп бара жатып: “Мен мұсылманмын”, – деді. Расулаллаға (с.а.с.): “Уа, Алла елшісі, ол ‘Мен мұсылманмын’ деп тұр”, – десті. Сонда Расулалла (с.а.с.): “Араларыңда біз иманына сеніп, ісін өзіне қалдыратын кісілер бар. Фурат ибн Хайян – солардың бірі”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Фурат ибн Хайян (р.а.) – сахабалардың бірі. Ол Әбу Суфиянның тыңшысы болғанымен, иман келтіргенін айтқан соң, Расулалла (с.а.с.) оны өлтіртпеді.

2. Ахмад ибн Ханбал келтірген нұсқада Фураттың зимми болғаны анық айтылады.

3. Ғалымдар осы хадиске сүйеніп, тыңшылық жасаған зиммиді өлім жазасына кесуге болады деген үкім шығарған.

Ибн Хажар: «Соғысып жүрген кәпірге қатысты мұндай үкімге ғалымдар бірауыздан келіскен. Ал келісіммен қорғалған кісі немесе зимми тыңшылық жасаса, оның үкімі жөнінде пікірлері әртүрлі», – деп түсіндіреді.

• Мәлик пен Әузағи: «Ол тыңшылық жасау арқылы келісімді бұзды», – деп, өлім жазасын қолдануға болады деген.

• Шафиғи мәзһабында әртүрлі пікір бар. Дегенмен келісімге «тыңшылық жасамайды» деген шарт кірсе, оны бұзған кісі келісімді бұзған саналады дегенге бәрі келіскен.

  1. 1Әбу Дәуіт, Жиһад 109 (2652).