Хадис

Көңіл тоқтығы

Кутуб ситтә, 11-том, 746-тарау · 2 хадис · № 4860–4861

ҚАНАҒАТ БӨЛІМІ

Хадистер

4860
Кутуб ситтә, № 4860 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَيْسَ الْغِنَى عَنْ كَثْرَةِ الْعَرَضِ، وَلَكِنَّ الْغِنَى غِنَى النَّفْسِ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Байлық дүние-мүліктің молдығымен өлшенбейді. Шынайы байлық – көңіл тоқтығы”».1

Түсіндірме

1. «Көңіл тоқтығы» деп аударылған غِنَى النَّفْسِ тіркесі жанның байлығын, нәпсінің тоқтығын білдіреді. Кейбір риуаяттарда «жүрек байлығы» мағынасындағы غِنَى الْقَلْبِ тіркесі келген. «Көңіл тоқтығы» дегеніміз – ашкөздікке қарама-қарсы қасиет.

2. Хадистің Ибн Хиббан келтірген нұсқасында Әбу Зәрр (р.а.) айтады: «Бірде Алла елшісі (с.а.с.) маған: “Уа, Әбу Зәрр! Мал-мүлкі көп адамды бай деп ойлайсың ба?” – деді. Мен: “Иә”, – дедім. Ол: “Ал мүліктің аздығын кедейлік деп санайсың ба?” – деп сұрады. Мен: “Иә, уа, Алла елшісі!” – дедім. Сонда ол: “Шынайы байлық – жүректің байлығы, шынайы кедейлік – жүректің кедейлігі”, – деді».2

Ибн Баттал хадисті былай түсіндіреді: «Нағыз байлық мал-мүліктің көптігінде емес. Ашкөз адам берілгеніне қанағат етпей, дүниенің адал-арамдығына да қарамайды. Мүлкі қанша мол болса да, азсынып, көңілі жұтай береді. Шынайы байлық – көңіл тоқтығы. Көңілі тоқ адам бергеніне разы болып, аздығына налымайды, үнемі дүние сұрай беруден тартынады. Нағыз бай – сол». Қуртуби былай дейді: «Ең пайдалы әрі қадірлі байлық – көңіл байлығы. Адам қолындағыға қанағат етіп, қажеттен артылғанын бөліскенде, ашкөздіктен арылып, абыройы артады. Ал тойымсыздықпен мол дүние жинау оған абырой қоспайды. Құнығу мен сараңдық оны ұят іс пен төмен қылыққа итермелейді. Жұрттың сөгісі көбейіп, ел алдындағы қадірі кемиді. Көңілі бай адам Алланың бергеніне разы, қажеттен артық дүние жинауға ұмтылмайды, тіленіп өзгенің есігін тоздырмайды. Алла оған баянды байлық бергендей. Жүрегі кедей адам Алланың бергеніне разы болмайды. Қолында барына қарамастан, тағы бір дүниеге қол жеткізу үшін таласуға дайын. Мақсаты – мүлік жинау. Оны адалдан тапты ма, арамнан тапты ма, оған бәрібір. Қолындағысынан айырылса, өкініштен өзегі өртенеді. Мал-мүлкі мол болса да, мұндай жан – ішкі дүниесі жұтаған бейшара кедей».

Мұны былай да жеткізуге болады: «Көңілі тоқ адам Алланың құзырындағы сыйдың қайырлы әрі баянды екенін біледі. Раббысының үкіміне разы болып, әміріне бойсұнады, тойымсыздық пен шағымнан тартынады».

Тиби былай дейді: «Хадисте көңіл байлығы арқылы адамның білімде де, амалда да кемелдікке жетуі көзделген болуы мүмкін. Адам ақылын, уақытын және күш-қуатын кемелдікке, рухани байлыққа жетуге жұмсауы керек. Дүние жинаудың қамымен жүріп рухани дүниені тәрк ету ашкөз, сараң, рухани кедей адамдарды көбейтеді».

Ибн Хажар былай дейді: «Жан байлығы адамның өзінің Аллаға ұдайы мұқтаж екенін сезінуінен туады. Адамның материалдық әрі рухани қажеттерін Алла ғана өтейді. Оларды беретін де, алатын да, бермей қоятын да – Алла. Әлемдердің Раббысына иман еткен адам Оның бергеніне разы болып, нығметіне шүкір етеді. Сол арқылы жүрегі тыныштық тауып, көңілі алаңсыз ғұмыр кешеді». Сырын ашқанда Оған пана тілейді. Жүрегі Раббысына мұқтаж екенін білген сайын, өзгеге қол жаймайтын көңіл тоқтығы пайда болады.

  1. 1Бұхари, «Риқақ», 15. Мүслим, «Зекет», 120 (№ 1051). Тирмизи, «Зуһд», 40 (басылымға қарай № 2373 немесе № 2374).
  2. 2Ибн Хиббан, «Сахих», № 685.
4861
Кутуб ситтә, № 4861 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَيْسَ الْمِسْكِينُ الَّذِي تَرُدُّهُ اللُّقْمَةُ وَاللُّقْمَتَانِ، وَالتَّمْرَةُ وَالتَّمْرَتَانِ، وَلَكِنِ الْمِسْكِينُ الَّذِي لَا يَجِدُ غِنًى يُغْنِيهِ وَلَا يُفْطَنُ بِهِ فَيُتَصَدَّقُ عَلَيْهِ، وَلَا يَقُومُ فَيَسْأَلَ النَّاسَ. أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Бір-екі асам ас не бір-екі құрма алып қайтатын адамды нағыз міскін демейді. Нағыз міскіннің қажетіне жетер дүниесі жоқ, жұрт оның халін аңғарып садақа бермейді, өзі де тұрып, елге қол жаймайды».1

Түсіндірме

Хадисте Құранда аталған, зекет алуға құқылы сегіз топтың бірі – міскін жайында айтылады. «Міскін» сөзі жалпы «кедей» дегенді білдіреді. Күнделікті қолданыста оның мағынасы салыстырмалы, жұрттың бәрі мойындаған нақты өлшемі жоқ. Сондықтан шариғи өлшемін айқындау қажет. Алла елшісі (с.а.с.) елге халін айта алмайтын нағыз мұқтаждарды іздеп табуға үндейді. Алла тағала былай дейді: ﴿إِنَّمَا الصَّدَقَاتُ لِلْفُقَرَاءِ وَالْمَسَاكِينِ وَالْعَامِلِينَ عَلَيْهَا وَالْمُؤَلَّفَةِ قُلُوبُهُمْ وَفِي الرِّقَابِ وَالْغَارِمِينَ وَفِي سَبِيلِ اللَّهِ وَابْنِ السَّبِيلِ ۖ فَرِيضَةً مِنَ اللَّهِ ۗ وَاللَّهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ﴾ «Зекет-садақалар тек қолы қысқа пақырларға, мұқтаждарға, зекет жинау міндетін атқарушы қызметкерлерге, Исламға тарту немесе жоқ дегенде дінге дұшпан болмауы үшін көңілін аулау көзделген жандарға, тұтқыннан немесе құлдықтан азат етілетіндерге, қарызға батқандарға, Алла жолында жүргендерге және елінен жырақта жүрген немесе жолда қалған жолаушыларға арналады. Алланың парыз еткен кесімді үкімі осы. Алла – Алим, Хаким»2.

Ислам ғұламалары міскін мен пақырдың арасын ажыратқан. Имам Шафиғи мен өзге бірқатар ғалымның пікірінше, пақырдың халі міскіннен ауыр. Міскіннің күнкөрісіне жетпесе де, талғажау ететін дүниесі бар. Пақырдың қолында ештеңе жоқ. Олар мына аятты дәлелге келтіреді: ﴿أَمَّا السَّفِينَةُ فَكَانَتْ لِمَسَاكِينَ يَعْمَلُونَ فِي الْبَحْرِ فَأَرَدْتُ أَنْ أَعِيبَهَا وَكَانَ وَرَاءَهُمْ مَلِكٌ يَأْخُذُ كُلَّ سَفِينَةٍ غَصْبًا﴾ «Алдымен кеме жайын айтайын. Ол теңізде күнелтіп жүрген кедей-кепшіктерге тиесілі еді. Менің ол кемеге әдейі ақау түсіргім келді. Өйткені сау кеменің бәрін тартып алатын қатыгез патша бар еді»3. Аятта теңізде күнелтуге жарайтын кемесі бар жандар міскін деп аталған.

Әбу Ханифа мен өзге бірқатар ғалымның пікірінше, міскіннің халі пақырдан ауыр. Олар мына аятты дәлелге келтіреді: ﴿أَوْ مِسْكِينًا ذَا مَتْرَبَةٍ﴾ «немесе топырақты төсеніш еткен үйсіз, күйсіз қамкөңіл пақыр міскінге ас-ауқат беру»4. Олардың айтуынша, міскіннің топырақты төсеніш етуі – үстіне киер киімі қалмай, жалаңаш қалуының белгісі.

Мәлики мәзһабының ғалымдары мен Ибн әл-Қасым пақыр мен міскіннің халі бірдей деп есептейді. Олардың пікірінше, міскінге тән сипат пақырға да тән. Алайда бұл сипат адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтірмейді. Қолында түгі болмаса да, рухани дүниесі бай міскіндер мен пақырлар бар. Сол қасиетімен олар небір патшадан да қадірлі. Демек, міскін – дүние қажеттерін өтеуге дәрменсіз адам. Дәрменсіздігі оны орнынан қозғала алмай, тыныш отыруға мәжбүр етеді. Осыдан «міскін» сөзінің «бір орында тыныш отыратын» мағынасындағы «сәкин» сөзімен түбірлес екені аңғарылады.

Хадисте нағыз міскін мен пақырдың мұқтаждығын жұртқа білдірмеуге тырысатыны айтылған. Кейбір ғалымдар әркімнің есігін қағып қайыр сұраған адамды шариғаттағы міскін мен пақырға жатқызбайды. Олардың уәжі – ондай адам қайыр сұрап жүріп ас-ауқатын табады.

Хадисте зәрулік тумайынша қайыр сұраудың құпталмайтыны айтылады. Тіленген адамның зекет алуға құқы жоқ деген ғалымдар да бар. Тиби хадистен мұндай адамдар зекетке лайық деген үкім шығарған. Ғалымдардың көбі хадис қайыр сұрауды шынайы пақырлыққа жатқызбағанымен, ондай адамның зекет алу құқығын жоймайды дейді. Имам Нәуәуи былай түсіндіреді: «Нағыз пақыр мен міскін – садақаға шынымен мұқтаж әрі лайық адам. Қайыр сұраған жан нағыз пақыр мен міскіннің қатарына жатпаса да, хадис оны бұл санаттан мүлде шығармайды». Құранда Алла тағала ар-намысын сақтап, мұқтаждығын жұртқа білдірмейтін пақырларды былай сипаттайды: ﴿لِلْفُقَرَاءِ الَّذِينَ أُحْصِرُوا فِي سَبِيلِ اللَّهِ لَا يَسْتَطِيعُونَ ضَرْبًا فِي الْأَرْضِ يَحْسَبُهُمُ الْجَاهِلُ أَغْنِيَاءَ مِنَ التَّعَفُّفِ تَعْرِفُهُمْ بِسِيمَاهُمْ لَا يَسْأَلُونَ النَّاسَ إِلْحَافًا ۗ وَمَا تُنْفِقُوا مِنْ خَيْرٍ فَإِنَّ اللَّهَ بِهِ عَلِيمٌ﴾ «Зекет-садақаларыңды алдымен Алла жолына басыбайлы байланған кедейлерге беріңдер. Олардың нәпақа табу үшін жер жүзін шарлап, ары-бері жүретін мүмкіндігі жоқ. Олар ешкімге қол жаймайтын арлы да намысты жандар болғандықтан, олардың жай-күйін білмейтін жандар оларды бақуатты екен деп ойлап қалады. Алайда сен оларды ибалы жүздерінен-ақ танисың. Олар елден қадалып қайыр-садақа сұрамайды. Игі жолда қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де, шүбәсіз, Алла оны білуші»5.

Аят пен хадистен нағыз пақыр мен міскіннің екі белгісі көрінеді: қолы қысқа болады және мұны өзгелер аңғармайды. Өйткені ар-намысын сақтаған мұндай жандар мұқтаждығын жұртқа білдірмеуге тырысады.

  1. 1Бұхари, «Зекет», 53, «Тәпсір», «Бақара» сүресі, 48. Мүслим, «Зекет», 102 (№ 1039). Мәлик, «Муатта», «Сифат ән-нәби», 7 (2/923). Әбу Дәуіт, «Зекет», 23 (№ 1631–1632). Нәсәи, «Зекет», 76 (5/85).
  2. 2«Тәубе» сүресі, 60-аят.
  3. 3«Кәһф» сүресі, 79-аят.
  4. 4«Бәлад» сүресі, 16-аят.
  5. 5«Бақара» сүресі, 273-аят.