Хадис

Екі төреші оқиғасы және Язид ибн Муғауияға биғат беру

Кутуб ситтә, 11-том, 736-тарау · 2 хадис · № 4819–4820

Хадистер

4819
Кутуб ситтә, № 4819 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: دَخَلْتُ عَلَى حَفْصَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا وَنَسْوَاتُهَا تَنْطُفُ، فَقُلْتُ: قَدْ كَانَ مِنَ النَّاسِ مَا تَرَيْنَ، وَلَمْ يُجْعَلْ لِي مِنَ الْأَمْرِ شَىْءٌ. فَقَالَتْ: اِلْحَقِ النَّاسَ فَإِنَّهُمْ يَنْتَظِرُونَكَ، وَأَخْشَى أَنْ يَكُونَ فِي احْتِبَاسِكَ عَنْهُمْ فُرْقَةٌ، فَلَمْ تَدَعْهُ حَتَّى ذَهَبَ. فَلَمَّا تَفَرَّقَ النَّاسُ خَطَبَ مُعَاوِيَةُ وَقَالَ: مَنْ كَانَ يُرِيدُ أَنْ يَتَكَلَّمَ فِي هَذَا الْأَمْرِ فَلْيُطْلِعْ لَنَا قَرْنَهُ، فَلَنَحْنُ أَحَقُّ بِهِ مِنْهُ وَمِنْ أَبِيهِ. قَالَ حَبِيبُ بْنُ مَسْلَمَةَ: فَهَلَّا أَجَبْتَهُ؟ قَالَ عَبْدُ اللَّهِ: فَحَلَلْتُ حُبْوَتِي وَهَمَمْتُ أَنْ أَقُولَ أَحَقُّ بِهَذَا الْأَمْرِ مِنْكَ مَنْ قَاتَلَكَ وَأَبَاكَ عَلَى الْإِسْلَامِ، فَخَشِيتُ أَنْ أَقُولَ كَلِمَةً تُفَرِّقُ بَيْنَ الْجَمْعِ وَتَسْفِكُ الدَّمَ وَيُحْمَلُ عَنِّي غَيْرُ ذَلِكَ، فَذَكَرْتُ مَا أَعَدَّ اللَّهُ فِي الْجِنَانِ. قَالَ حَبِيبٌ: حُفِظْتَ وَعُصِمْتَ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай жеткізген: «Хафсаның (р.а.) қасына кірдім. Шаш бұрымынан су тамшылап тұр екен. Оған: “Жұрт арасында не болғанын көріп тұрсың. Бұл істе маған ешқандай үлес берілмеді”, – дедім. Хафса: “Жұртқа қосыл. Олар сені күтіп отыр. Бармай қалсаң, араларында жік туа ма деп қорқамын”, – деді. Барғанша мені жібермеді. Жұрт тараған соң Мұғауия құтба оқып: “Бұл іс жайында сөйлегісі келген кісі ортаға шықсын. Өйткені біз оған одан да, әкесінен де лайықпыз”, – деді».

Хабиб ибн Мәсләмә былай жеткізген: «Абдулладан: “Оған жауап бермедің бе?” – деп сұрадым. Ол: “Тіземді буған матаны шешіп, ‘Бұл іске сенен гөрі Ислам үшін саған да, әкеңе де қарсы соғысқан кісі лайық’, – дегім келді. Бірақ ел арасына жік салып, қан төгілуіне себеп болатын, ойлағанымнан басқа мағынаға бұрылып кететін сөзді айтудан қорықтым. Алланың жәннатта әзірлеген сыйын еске алып, жауап бермедім”, – деді. Мен: “Алла сені бүліктен сақтап, үлкен пәледен қорғаған екен”, – дедім».1

Түсіндірме

1. Мәтінге енгізілген түсініктерді Ибн Хажардан алдық. Сыффин шайқасындағы дауды шешу әзірет Әли мен әзірет Муғауия (р.а.) тағайындаған екі төрешінің ортақ шешіміне тапсырылды. Содан кейін көзі тірі сахабалардың пікірін білу үшін жиын шақырылды. Шақырылғандардың бірі Абдулла ибн Омар да бару-бармауды Алла елшісінің (с.а.с.) жары әрі өзінің қарындасы Хафсамен ақылдасты. Көңілі қалғандықтан, жиынға барғысы келмеді. Хафса оған баруға кеңес берді.

Абдулла жиынға қатысты. Әзірет Муғауияға ол жайында әлдебір сөз жеткен болса керек, алғашқы құтбасында Абдуллаға астарлап, сес көрсете сөйледі. Абдулла әзірет Әлидің әуелден Исламға еңбек сіңіріп, Ұхұд пен Хандақта Исламды қорғау үшін Муғауия мен оның әкесі Әбу Суфиянға қарсы соғысқанын, сол себепті халифалыққа Муғауиядан гөрі Әлидің лайық екенін айтқысы келді. Бірақ бүлік шықпасын деп үнсіз қалды. Сағид ибн Мансұр жеткізген, тізбегі үзілісті риуаятта Абдулланың Муғауияға: «Халифалыққа Ислам үшін саған және әкеңе қарсы соғысқан адамдар лайық», – дегісі келгені айтылады. Қан төгілуінен және сөзінің теріс ұғынылуынан қорқып, ол үнсіз қалуды жөн көрді.

2. Абдулланың бұл ұстанымын құптаған Хабиб ибн Мәсләмә жас сахабалардың бірі еді. Ол Шамға қоныстанған. Әкесі Алла елшісімен (с.а.с.) жүздескен. Хабиб әзірет Муғауияның жақтастарының бірі болды. Муғауия оны қоршауда қалған әзірет Османға көмек берсін деп, бір жасақты бастап Шамнан Мәдинаға жіберді. Олар жеткенше Осман шейіт болып, Хабиб Шамға қайтып келді. Ол сонда Муғауияның қасында қызмет етті. Муғауия оны румдықтарға қарсы жорықтардың қолбасшысы етіп тағайындады. Румдықтармен жиі шайқасқандықтан, «Хабиб әр-Рум» деген атпен танылды. Муғауияның халифалығы тұсында дүние салды.

Хабиб ибн Мәсләманың Абдуллаға «Алла сені бүліктен сақтап, үлкен пәледен қорғаған» деуі сол сәтте Муғауияға қарсы бір сөздің өзі қақтығысқа ұласуы мүмкін екенін аңғартады. Хабиб сол оқиғалардың ішінде жүрген, билікке қатысы бар кісі еді. Ол ел ішіндегі ахуалды жақсы білетін.

3. Ибн Хажардың түсіндіруінше, әзірет Муғауия халифалық мәселесінде күш-қуаты, пайымы мен білігі басым кісіні Исламды ертерек қабылдаған, діндарлығы мен құлшылығы басым кісіден ілгері қою керек деп санаған. Осы ұстанымына сүйеніп, өзін халифалыққа лайық көрген. Ибн Омар керісінше пікірде еді. Бүлік қаупі болмаса, лайықтырақ кісі тұрғанда өзгеге биғат берілмеуі керек деп санаған. Сол себепті ол кейін Муғауияға да, ұлы Язидке де биғат беріп, балаларына биғатты бұзуға тыйым салды. Осы ұстаныммен Язидтен кейін Абдулмәлик ибн Маруанға да биғат берді.

  1. 1Бұхари, «Мағази», 29 (4108).
4820
Кутуб ситтә, № 4820 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ سَعِيدِ بْنِ الْمُسَيَّبِ قَالَ: لَمَّا وَقَعَتْ الْفِتْنَةُ الْأَوْلَى، يَعْنِي مَقْتَلَ عُثْمَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ لَمْ تُبْقِ مِنْ أَصْحَابِ بَدْرٍ أَحَدًا؛ ثُمَّ وَقَعَتِ الْفِتْنَةُ الثَّانِيَةُ يَعْنِي الْحَرَّةَ، فَلَمْ تُبْقِ مِنْ أَصْحَابِ الْحُدَيْبِيَةِ أَحَدًا؛ ثُمَّ وَقَعَتِ الثَّالِثَةُ فَلَمْ تَرْتَفِعْ وَلِلنَّاسِ طَبَاخٌ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Сағид ибн әл-Мусайяб былай жеткізген: «Алғашқы бүлік – әзірет Османның (р.а.) шейіт болуы. Сол бүліктен кейін Бәдірге қатысқан сахабалардан ешкім қалмады. Содан соң екінші бүлік – Харра оқиғасы болды. Одан кейін Худайбияға қатысқан сахабалардан ешкім қалмады. Үшінші бүлік шыққанда, жұрт арасында ақыл мен қуат қалмады»1.

Түсіндірме

1. Риуаятта үш бүлік аталады. Біріншісі – һижраның 35 жылы әзірет Османның шейіт болуы, екіншісі – 63 жылғы Харра оқиғасы. Үшінші бүліктің қайсысы екені анық айтылмаған. Қасталлани бірнеше болжамды келтіреді: Ирактағы Әзариқа бүлігі, Хажжаж қолынан Ибн Зубайыр шейіт болып, Қағба бүлінген һижраның 74 жылындағы бүлік немесе Маруан ибн Мұхаммедтің халифалығы тұсында, 130 жылы Мәдинада болған харижи Әбу Хамза бүлігі.

Ибн Хажар үшінші бүлік Әзариқа бүлігі деген Дәуудидің пікіріне екі себеппен қосылмаған.

1) Риуаятты жеткізген Яхия ибн Сағид Мәдинада болған бүліктерді меңзеген.

2) Әзариқа бүлігі Язид ибн Муғауия қайтыс болғаннан кейін басталып, жиырма жылдан астам уақытқа созылған.

Үшінші бүлікті анықтау үшін Ибн Хажар имам Мәлик Яхия ибн Сағидтен жеткізген мына деректі келтіреді: «Алла елшісінің (с.а.с.) мешітінде екі күн намаз оқылмаған. Бірі – әзірет Осман шейіт болған күн, екіншісі – Харра күні».

Имам Мәлик: «Үшіншісін ұмыттым», – деген. Ибн Хажар сөзін жалғайды: «Ибн Абдулхаким: “Харижи Әбу Хамза бас көтерген күн”, – деген. Бұл оқиға Маруан ибн Мұхаммед ибн Маруан ибн әл-Хакамның халифалығы тұсында, һижраның 130 жылы, Яхия ибн Сағидтің өлімінен біраз бұрын болды. Дарақутнидің “Ғараибу Мәлик” еңбегінен Яхия ибн Сағидтен сенімді тізбекпен жеткен ұқсас бір риуаятты көрдім. Соңында: “Үшіншісі болса, жұртта ақыл мен қуат қалдырмайды”, – делінген. Ибн Әбу Хайсама жеткізген нұсқада: “Егер үшіншісі болғанда”, – делінеді. Бұл сөз оқиғаның сол сәтте әлі болмағанын аңғартады, ал біз талдап отырған риуаят оны болған оқиға ретінде баяндайды. Екі нұсқаны былай үйлестіруге болады: Яхия ибн Сағид әуелі бұл сөзді шартты түрде айтқан. Кейін көзі тірісінде үшінші бүлік болған соң, Ләйс ибн Сағд жеткізген сөзді айтқан».

2. Риуаяттағы «табах» сөзі «қуат», «ақыл», «қайыр» деген мағыналарды білдіреді. Ибн әл-Әсир «Жамиғ әл-усулда» бұл сөзбен сахабалар меңзелгенін айтады. Сырттай қарағанда, бірінші бүлікте Бәдір сахабалары, екіншісінде Худайбия сахабалары, үшіншісінде қалған сахабалар өлтірілгендей көрінеді. Мұнда сол тұстарда олардың қатары сарқылғаны айтылады. Бәдірге қатысқандардың қатары сирегенде, әзірет Осман өлтіріліп, бірінші бүлік туды. Худайбияға қатысқандардың қатары сирегенде, Харра оқиғасы болды. Сахабалардың қалғаны өмірден өтіп жатқанда, үшінші бүлік шықты. 3. Риуаят алғаш қарағанда Сағид ибн әл-Мусайябтан жеткендей көрінеді. Түсіндірмеге сүйенсек, кейінгі сөз Яхия ибн Сағидке тиесілі болуы мүмкін. Сағид ибн әл-Мусайяб һижраның 94 жылы дүние салған, ал үшінші бүлік деп жорылған оқиға 130 жылы болған. Демек, риуаяттың басын Сағид айтқан да, Яхия ибн Сағид: «Кейін үшінші бүлік шықты. Одан соң адамдарда ақыл мен қуат қалмады», – деп өзі қосқан болуы мүмкін. Риуаятты жеткізушілер бұл қосымшаны бөлек көрсетпеген. Ал Бұхари нұсқасының сыртқы мағынасына сүйеніп, бұл да Сағидтің өз сөзі десек, Ибн Хажар жақтаған жорамал сәйкес келмейді. Онда үшінші бүлікті Сағидтің өлімінен бұрын болған оқиғамен түсіндіру керек. Дәууди оны Әзариқа бүлігі деп түсіндірген.

  1. 1Бұхари, «Мағази», 11 (4024).