عَنْ الْأَحْنَفِ بْنِ قَيْسٍ قَالَ: خَرَجْتُ أُرِيدُ هَذَا الرَّجُلَ فَلَقِيَنِي أَبُو بَكْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ. فَقَالَ: أَيْنَ تُرِيدُ يَا أَحْنَفُ؟ قُلْتُ: أُرِيدُ نُصْرَةَ ابْنِ عَمِّ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ. فَقَالَ: ارْجِعْ، فَإِنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: إِذَا تَوَاجَهَ الْمُسْلِمَانِ بِسَيْفَيْهِمَا، فَالْقَاتِلُ وَالْمُقْتُولُ فِي النَّارِ. فَقِيلَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، هَذَا الْقَاتِلُ فَمَا بَالُ الْمَقْتُولِ؟ قَالَ: إِنَّهُ كَانَ حَرِيصًا عَلَى قَتْلِ صَاحِبِهِ. وَفِي رِوَايَةٍ: إِنَّهُ قَدْ أَرَادَ قَتْلَ صَاحِبِهِ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.
Ахнаф ибн Қайс былай жеткізген: «Әлгі кісіге бармақ болып, үйден шықтым. Жолда Әбу Бәкра (р.а.) кездесіп: “Уа, Ахнаф, қайда барасың?” – деп сұрады. Мен: “Алла елшісінің (с.а.с.) немере ағайынына көмектеспекпін”, – дедім. Ол: “Кері қайт! Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Екі мұсылман бір-біріне қылыш көтерсе, өлтірген де, өлген де тозаққа түседі’, – дегенін естідім. Одан: ‘Уа, Алла елшісі! Өлтіргенді түсіндік, ал өлгені ше?’ – деп сұрағанда: ‘Өйткені ол да қарсыласын өлтірмек болды’, – деп жауап берді”, – деді».
Басқа бір риуаятта «Ол да қарсыласын өлтіргісі келген еді»1 делінген.
Түсіндірме
1. Мұнда әзірет Әли мен оны қолдағандар және әзірет Айша мен оның жақтастары арасында болған Жәмәл оқиғасы айтылып отыр. Бұл оқиғаны алдағы 4810–4812-хадистерде жеке талдаймыз.
Бұл хадис екі мұсылманның бірін-бірі өлтірмек болып қару көтеруіне тыйым салады. Ибн Хажар хадисті былай түсіндіреді: «Ғалымдар: “Екеуінің де отқа түсуі – екеуі де сол жазаға лайық деген сөз. Ал үкім Алланың еркінде. Қаласа, екеуін де жазалайды, кейін Алланы бір деп таныған өзгелермен бірге оларды да оттан шығарады. Қаласа, екеуін де кешіріп, жазаға тартпайды”, – деген. Кейбірі: “Хадисте бір-біріне қару көтеруді адал санағандар меңзелген. Бұл хадис харижилердің де, мұғтазилалар арасындағы күнәһарлар тозақта мәңгі қалады деушілердің де сөзіне дәлел бола алмайды. Өйткені ‘Екеуі де отта’ деген сөз олардың онда мәңгі қалатынын білдірмейді”, – деген».
2. Бүлікке араласпау керек дегендер осы хадисті де дәлел еткен. Олардың арасында шайқаста әзірет Әлиге қосылудан тартынған Сағд ибн Әбу Уаққас, Абдулла ибн Омар, Мұхаммед ибн Мәсләмә, Әбу Бәкра, Усама, Әбу Бәрза әл-Әсләми секілді сахабалар бар. Олар соғыстан бойды аулақ ұстап, тіпті біреу өлтірмек болса да, қарсыласпау керек деген. «Бүлікке араласуға болмайды, бірақ біреу өлтірмек болса, қорғануға болады» дегендер де болған. Ибн Хажардың айтуынша, сахабалар мен табиғиндердің көпшілігі ақ тарапқа көмектесіп, шектен шыққан тарапқа қарсы тұруды уәжіп санаған. Олар бүлікке араласпауға үндейтін хадистерді соғысуға шамасы жетпейтін немесе қай тараптың ақ екенін айыра алмаған кісілерге қатысты деп түсіндірген.
Әһлі сүннет ғалымдары сахабалардың өзара қақтығысында қай тараптың ақ екені белгілі болса да, сахабалардың бірін де тілдеуге жол бермеу уәжіп деген ортақ пікірге келген. Өйткені олар өз ижтиһадтарына сүйеніп соғысты. Алла елшісінің (с.а.с.) хабарлауынша, Алла тағала ижтиһадта кеткен қатені кешіреді. Ижтиһадында қателескенге бір сауап, дұрыс шешімге келгенге екі сауап беріледі. Хадистегі қатаң ескерту шариғи негізге сүйенбей, тек билік үшін соғысқандарға қатысты.
Табари былай дейді: «Мұсылмандар арасында әр бүлік туған сайын үйде отырып, шайқастан шет қалу міндет болса, әділет орнамас, бүлік те басылмас еді. Пасықтар мұсылмандарға қарсы соғысқанда, ақ тарап: “Бұл – бүлік. Бүлік кезінде олармен соғысуға тыйым салынған”, – деп қарсы тұрмаса, мал-мүлікті тонау, жазықсыз қан төгу, кісінің ар-намысын таптау сияқты харам істер ашық жасалар еді».
3. Баззар жеткізген нұсқада хадистің мағынасын айқындай түсетін мынадай қосымша сөз бар: «Дүние үшін соғыссаңдар, өлген де, өлтірген де тозақта». Бұл ойды 4780-хадистегі Әбу Һурайраның риуаяты да қуаттайды. Онда Алла елшісі (с.а.с.) өлтірген адам не үшін өлтіргенін, ал өлген адам не үшін өлтірілгенін білмейтінін хабарлайды. «Ол қалай?» – деп сұрағанда: «Бұл – әрж. Өлген де, өлтірген де тозақта», – деп жауап береді. Құртуби былай дейді: «Бұл хадисте дүние қуған не нәпсісіне ерген тараптың қайсысы екені белгісіз күйде шайқасса, өлтіргеннің де тозаққа түсетіні ашық айтылған. “Өлген де, өлтірген де тозақта” деген хадистің мәні де осы». Осы қағиданы сахабалар арасындағы қайшылыққа қолданған Ибн Хажар: «Жәмәл мен Сыффин шайқасына қатысудан тартынғандар қатысқандардан аз болған. Алла қаласа, олардың бәрі өз пайымына сүйеніп, сауап алады. Кейінгілер болса дүние үшін соғысты», – дейді. Мұны Бұхари жеткізген Әбу Бәрза әл-Әсләмидің (р.а.) мына сөзі қуаттайды: «Уа, арабтар! Өздерің білесіңдер, жаһилият дәуірінде қорлықта, жоқшылықта, адасуда едіңдер. Алла сендерді Ислам мен Мұхаммед (с.а.с.) арқылы сол күйден құтқарып, бүгінгі жағдайға жеткізді. Бірақ мына дүние сендерді бұзып, араларыңды ашты. Шамдағы Маруанды айтсам, Алламен ант етемін, ол тек дүние үшін соғысып жүр». Хадистің басқа нұсқасында Әбу Бәрзадан: «Сол кезде шыққан топтардың қайсысы қайырлы?» – деп сұрағанда, ол ешбір топты жақтап шықпай, былай жауап берді: «Маған ең сүйікті жандар – өзгенің малын жемеген, жазықсыз жанның қанын мойнына жүктемеген кісілер».
Ибн әл-Араби былай дейді: «Темір кезеген кісінің өзі лағынетке лайық болса, оны мұсылманға жұмсаған кісі қандай жазаға лайық? Шындап болсын, қалжыңдап болсын, біреуді қорқытып қару кезеген адам лағынетке лайық болады. Қалжыңдаған адам да бауырын қорқытқаны үшін сөгіледі. Бірақ екеуінің күнәсі бірдей емес. Жалаң қылышты қолдан қолға беруге тыйым салынуының себебі – алған адам аңдаусызда жарақат алып қалуы мүмкін».
- 1Бұхари, «Дият», 2 (6875), «Фитән», 10 (7083). Мүслим, «Фитән», 14 (2888). Әбу Дәуіт, «Фитән», 5 (4268). Нәсәи, «Тахрим», 29 (4120).