1. Соңғы үш хадистің үкімдері өзара жақын. Бір мүміннің екінші мүмінге қару көтеруі – харам. Алла елшісі (с.а.с.) бұл тыйымды әртүрлі сөзбен жеткізген. «Қару кезеу», «қару асыну», «қару көтеру» сияқты тіркестер әдетте қақтығысу, шайқасу мағынасында айтылады.
2. «Бізден емес» деген сөз екі түрлі түсіндірілген.
1) Мұсылманға мұсылман болғаны үшін қару көтерген кісі мұсылман саналмайды. Мұнда ол мұсылманға қару көтеруді адал санап тұр. Харамды адал санау – күпірлік. Осы мағынада қару көтерген адам кәпір деп танылады. Қару көтергенінің өзі оны кәпір деуге негіз болмайды.
2) «Біздің жолымызбен жүрмейді, сүннетімізді ұстанбайды» деген мағына береді. Сүннетімізде мұсылманның басқа мұсылманға қару көтеруіне рұқсат жоқ. Мұсылман мұсылманнан жәрдем күтуге құқылы. Ол бауыры үшін күресуге міндетті, ал онымен шайқасу немесе оны өлтіру үшін қару кезеп қорқытуға құқығы жоқ.
Алғашқы дәуір ғалымдары тыйымның әсері айқын әрі күшті болуы үшін мұндай риуаяттарды жорамал қоспай, сол қалпында баяндауды жөн көрген. Суфиян ибн Уяйна мұндай хадистерді сыртқы мағынасынан ауытқытып жоруға қарсы болып, «Мұның мағынасы біз жорығандай емес» дейтін. Оның пікірінше, хадистегі ескерту ақиқат жолындағы жұртқа шабуыл жасаған қарақшыларға қарсы қару көтергендерге жүрмейді. Қарақшылар мен негізсіз қақтығыс бастағандарға қарумен қарсы тұруға рұқсат бар.
Бүліктердің сипаты
Осыған дейін келтірген хадистерде бүліктердің сипаттары әр тұста аталды. Енді сол сипаттарды тиісті түсіндірмелерімен рет-ретімен қарастырамыз.
Алла елшісі (с.а.с.) өзінен кейін туатын фитналарды хабарлағанда, олардың негізгі сипаттарын атаған. Жоғарыда айтқанымыздай, фитна, бұзғыншылық пен бейберекеттік – адамдар арасындағы қарым-қатынастың бұзылуынан туатын, қоғамда қалыптасқан қолайсыз жағдайлардың табиғи салдары, яғни қоғамдық дерт. Осындай жағдайлар белең алып, қоғамға үстемдік еткенде, олардың жеке адамның мінез-құлқынан қалай көрінетінін алдын ала болжауға болады. Сондықтан жаратылыс заңдылықтарын және адамдар бағынатын қоғамдық заңдылықтарды жақсы білетін кісілер белгілі бір әрекеттің қандай салдарға әкелетінін айта алады. Құран мен хадисте мұның мысалы көп. «Ахзаб» сүресінің 62-аятында, «Фатыр» сүресінің 43-аятында және «Фәтх» сүресінің 23-аятында Алланың орнатқан заңдылығы өзгермейтіні айтылған. Қоғам мен адамзаттың келешегі жайында дәл болжам айтқан даналар мен ойшылдардың болуы да осы пікірімізді қуаттайды.
Уахи алған ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) осы жайттарды адам болмысын жаратып, оны белгілі заңдылықтарға бағындырған Алла Тағаланың бағыт беруімен және илһамымен баяндады. Ол дүние салғаннан бері өткен он төрт ғасырда болған оқиғалар оның бірде-бір сөзін теріске шығарған жоқ.
Енді Алла елшісінің (с.а.с.) өзінен кейін туатын фитналардың сипаттары жайында не айтқанына кезек берейік. Мына бір жайтты тағы еске салайық. Төменде аталатын белгілердің бәрі әр фитнадан түгел көріне бермейді. Өйткені Алла елшісінің (с.а.с.) хадистерінде «әл-фитна» деген жекеше атаудан гөрі «әл-фитән», яғни бірнеше фитна туралы айтылады. Сондықтан олардың кейбірінде осы белгілердің біреуі, кейбірінде бірнешеуі, ал енді бірінде бәрі көрінуі мүмкін.
1. Бүлік біртіндеп өршиді
Бұған дейін де айтқанымыздай, бүлік – қоғамдық құбылыс. Қоғамдық құбылыстар бірден тумайды, белгілі бір даму кезеңінен өтеді. Өсімдіктің тұқымы өніп, жеміс беруі үшін топырақ, су, жылу мен жарық керек. Сол сияқты сенімдегі, мінездегі, шаруашылықтағы, адам мен қоғам қатынасындағы кемшіліктерден нәр алып өршіген бүлік әбден жетілгенде қарапайым бір себептен тұтанады. Оны сол күнгі әлдебір әрекетпен байланыстырып, сол әрекетті жасағандарды бүліктің кінәлісі санауы мүмкін. Шын мәнінде, олардың ісі толып тұрған ыдысты тасытқан соңғы тамшы ғана. Бүлік пен сол әрекет өзара тұспа-тұс келуі мүмкін, бірақ мұны түпкі себеп деуге болмайды. Олай деу қазіргі саясатта кездесетін білмегенсудің, сөзбұйдалықтың немесе қоғамдық құбылыстарды билейтін негізгі заңдылықты білмеудің салдары. Мысалы, түрлі ұстаздан жылдар бойы тәлім алып, инженер атанған адамның осы дәрежеге жетудегі бар еңбегі мен құрметін дипломын салтанатты жиында қолына ұстатқан адамға телу қисынсыз. Бүліктің шығуына түрткі болған соңғы әрекеттің орны да диплом берген кісінің орнындай.
№4767 хадис осы ойды қуаттайды. Алла елшісі (с.а.с.) бүліктің өршуін былай суреттейді: «Бүлік адамдардың жүрегіне бірден түспейді. Ши тоқылғандай тал-талымен өріледі. Оны қабылдаған жүректе қара дақ, одан бас тартқан жүректе ақ дақ пайда болады».
Алла елшісі (с.а.с.) бүліктің бір себебі – аманаттың жоғалуы жайында айтқанда, жүректегі осы өзгерісті мысалмен түсіндірген. Хузайфа жеткізген риуаятты Бұхари мен Мүслим келтірген. Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Аманат (дін сезімі, әділдік пен сенім) адамдардың жүрегінің түбіне түсірілді. Кейін олар Құран мен сүннеттен үйреніп, оны бекіте түсті. Аманат біртіндеп жоғалады. Кісі бір ұйықтап тұрғанда, аманат жүрегінен алынып, түсі оңған күйік тәрізді жұқа із қалады. Тағы бір ұйықтағанда, аманаттың қалғаны алынып, аяққа түскен шоқтың көтерген күлдіреуігіндей із қалады. Күлдіреуіктің іші бос болғанындай, жүректе қалған іздің де ықпалы болмайды. Адамдар саудаға шығады, бірақ араларынан аманатты өтейтін кісі табылмайды деуге болады. Ақырында: “Пәлен жерде бір сенімді адам бар екен”, – деседі. Біреу туралы: “Неткен ақылды, неткен сыпайы, неткен қайратты кісі!” – дейді. Ал оның жүрегінде қыша дәніндей де иман болмайды».
عَنْ حُذَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: حَدَّثَنَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «أَنَّ الْأَمَانَةَ نَزَلَتْ فِي جَذْرِ قُلُوبِ الرِّجَالِ، ثُمَّ عَلِمُوا مِنَ الْقُرْآنِ، ثُمَّ عَلِمُوا مِنَ السُّنَّةِ». وَحَدَّثَنَا عَنْ رَفْعِهَا قَالَ: «يَنَامُ الرَّجُلُ النَّوْمَةَ فَتُقْبَضُ الْأَمَانَةُ مِنْ قَلْبِهِ، فَيَظَلُّ أَثَرُهَا مِثْلَ أَثَرِ الْوَكْتِ، ثُمَّ يَنَامُ النَّوْمَةَ فَتُقْبَضُ فَيَبْقَى أَثَرُهَا مِثْلَ الْمَجْلِ، كَجَمْرٍ دَحْرَجْتَهُ عَلَى رِجْلِكَ فَنَفِطَ، فَتَرَاهُ مُنْتَبِرًا وَلَيْسَ فِيهِ شَيْءٌ، فَيُصْبِحُ النَّاسُ يَتَبَايَعُونَ فَلَا يَكَادُ أَحَدٌ يُؤَدِّي الْأَمَانَةَ، فَيُقَالُ: إِنَّ فِي بَنِي فُلَانٍ رَجُلًا أَمِينًا. وَيُقَالُ لِلرَّجُلِ: مَا أَعْقَلَهُ وَمَا أَظْرَفَهُ وَمَا أَجْلَدَهُ! وَمَا فِي قَلْبِهِ مِثْقَالُ حَبَّةِ خَرْدَلٍ مِنْ إِيمَانٍ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Хузайфа жеткізген риуаятты Бұхари мен Мүслим келтірген. Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Аманат адамдардың жүрегінің түбіне түсірілді. Кейін олар Құран мен сүннеттен үйреніп, оны бекіте түсті. Аманат біртіндеп жоғалады. Кісі бір ұйықтап тұрғанда, аманат жүрегінен алынып, түсі оңған күйік тәрізді жұқа із қалады. Тағы бір ұйықтағанда, аманаттың қалғаны алынып, аяққа түскен шоқтың көтерген күлдіреуігіндей із қалады. Сырты томпайып тұрады, ал іші бос. Адамдар саудаға шығады, бірақ араларынан аманатты өтейтін кісі табылмайды деуге болады. Ақырында: “Пәлен рудың ішінде бір сенімді адам бар екен”, – деседі. Біреу туралы: “Неткен ақылды, неткен сыпайы, неткен қайратты кісі!” – дейді. Ал оның жүрегінде қыша дәніндей де иман болмайды».2
Айнидің түсіндірмесіне сай, діндегі бұзғындықтың дәрежесіне қарай аманат әуелі бір топтан, кейін басқа топтан, заман өткен сайын біртіндеп алынады. Ол сөзін былай түйіндеген: «Аманат біртіндеп жоғалғанда, жүрек одан мүлде босайды. Оның бір бөлігі кетсе, нұры да бірге кетіп, орнында күйіктің ізіндей қара дақ қалады. Тағы бір бөлігі кеткенде, қара дақ ұлғайып, күйіктің күлдіреуігіндей бірден кетпейтін ізге айналады. Жүректе орныққан нұрдың осылай біртіндеп жойылуы аяққа түскен шоққа ұқсатылған. Шоқ домалап кетеді, бірақ орнында күлдіреуігі қалады».
2. Бір басталған бүліктің салдары үзілмейді
Алла елшісінің (с.а.с.) бүлік жайында жиі ескертуінің бір себебі – оның зардабының оңайлықпен жойылмауы. Қай жерде, қандай себептен, қандай бүлік шықса да, оның қоғамға салған жарасы біржола жазылмайды. Бүлік басылып, жұрт тынышталғанның өзінде ізі қалып, жүректер бұрынғы тазалығы мен тұнықтығына қайта алмайды. Алла елшісі (с.а.с.): «Үмбетімнің арасына қылыш кірсе, қияметке дейін алынбайды», – деген. Күл астындағы шоқтай, бейбітшілік орнағанның өзінде бүліктің зардабы жалғаса беретінін Хузайфа ибн әл-Яманның риуаятынан көреміз. Бұған дейін толық келтірген хадисте Хузайфа жамандықтан соң жақсылық бола ма деп сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Иә, болады, бірақ оған түтін араласады», – деп жауап берген. Әбу Дәуіттегі нұсқада «Осы жамандықтан соң бұлдыр бітім болады» делінеді. «Бұлдыр» деп аударылған сөздің түпнұсқасы – «дахан».
Ғалымдар «дахан» сөзінің «бұлдырлық» мағынасын арнайы түсіндірген. Әли әл-Қаридің айтуынша, жамандықтан соң келген жақсылыққа, яғни бүліктен кейін орнаған бейбітшілікке қулық, екіжүзділік пен қиянат араласады. Ол: «Бүліктен кейін басшы болған адамның маңына жұрт ықыласпен емес, амалсыздан жиналуы да мүмкін», – деген.
Замахшари «әл-Фаиқта» Алла елшісі (с.а.с.) осы мысал арқылы сырт көзге жағдай түзелсе де, іштегі бұзғындық жалғаса беретінін білдіргенін жазады.
Ибн Хажар «дахан» сөзінің кек, кемшілік, жүректегі бұзғындық деген бір-біріне жақын үш мағына беретінін айтады. Ол: «Хадисте жамандықтан кейін келетін жақсылықтың таза болмайтыны, кемшін әрі бұлдыр болатыны меңзелген», – дейді. Содан соң Әбу Убайдтың мына түсіндірмесін келтіреді: «Бұл хадистің мағынасын Алла елшісінің (с.а.с.) “Адамдардың жүрегі бұрынғы қалпына қайтпайды” деген сөзі ашады». Ибн Хажар мұны «Жұрттың бір-біріне деген ықыласы бұрынғыдай таза болмайды» деп түйіндейді. Нәуәуидің түсіндірмесі де осыған жақын.
3. Араласқан адам шыға алмайды
Кейбір хадистерде мүмінді сақтандыру үшін бүліктің өлімді тілеуге дейін жеткізетін зардабы және араласқан адамның одан шыға алмайтыны айтылады. Мұның себебі бүліктің ерік-жігерді жеңетін сұм қызығында ма, бүлікшіл ұйымның қысымында ма, әлде басқа нәрседе ме – ол жағы ашық айтылмаған. Әбу Һурайраның жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Керең, тілсіз, соқыр бүлік болады. Кім оған жақындаса, бүлік оны өзіне тартып алады», – деген. Түсіндірме жазған ғалымдардың пайымдауынша, бүлікке араласқандар ақиқат пен жалғанды айыра алмайды, ақыл-кеңеске және жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюға құлақ аспайды. Шындықты айтқандар жәбір көреді, ал бүлікке сәл бейімделген адамды ол өзіне қатты тартады.
4. Бүлік кезінде жұрт ұстанымына қарай жіктеледі
Кейбір хадистерден ірі бүліктердің дінге қайшы ой ағымдарынан туатыны көрінеді. «Дінге қайшы» деген сөзге ерекше назар аударамыз. Өйткені Алланың разылығын көздеп, дінге қызмет етуді және сүннетті жаңғыртуды мақсат тұтқан, ісі мен ойында Құран мен сүннет қағидаларынан айнымаған жамағаттар әр дәуірде болған, әлі де болады. Ақиқат жолындағы мәзһабтар мен тариқаттар соның мысалы. Олар бір-біріне жауласпай, жақсылықта жарысуын тоқтатпағанда, мұндай жіктелу Құран мен сүннеттің рухына сай келеді. Осыған қатысты Алла елшісі (с.а.с.): «Бүлік адам жүрегіне ши тоқылғандай тал-талымен түседі. Оны қабылдаған жүректе қара дақ, одан бас тартқан жүректе ақ дақ пайда болады. Сөйтіп адамдар екі топқа бөлінеді. Бірінің жүрегі жалпақ, жылтыр тастай аппақ болады. Аспан мен жер тұрғанда бүлік оларға зиян тигізбейді. Екіншісінің жүрегі отқа күйген қазандай қара, бұлдыр болады. Ол жақсылықты жақсылық, жамандықты жамандық деп танымайды. Нәпсі қалауы нені құптатса, соны ғана таниды», – деген.
Бұл сөздер белгілі бір көзқарас пен жүйеге байланып қалған адамдарды сипаттайды. Жалған ағымға кіргендер үшін өз ұйымы жақсы дегеннен өзге жақсылық, жаман дегеннен өзге жамандық жоқ. Кейде басқаша өлшем қабылдауға еркіндігі де болмайды. Хадистегі «нәпсі қалауы нені құптатса» деген тіркесті «ұйымы не айтса» деп түсінуге болады. Өйткені кімнен шықса да, иләһи өлшемге салынбайтын және оған қайшы нәрсе – нәпсінің қалауы. Құранда мұндай адамдардың нәпсі қалауын құдай етіп алғаны айтылады.
5. Өтірік көбейеді
Алла елшісі (с.а.с.) өтірікті зина, ұрлық, ішімдік ішу секілді зияны жұртқа мәлім дерттерден де қатерлі санап, оны мүміндікке сыйымсыз деп көрсеткен. Бүлік кезінде өтірік пен жаланың қатты көбейетінін де ескерткен. Тоқсан пайызы өтірікке құрылған бүгінгі саяси өмірді мүміндердің дұрыс бағалауы үшін де осы ескерту қажет. Өйткені өтірік пен жалаға сүйенген саясат кірмеген мұсылман отбасы жоқ деуге болады.
Ибн Мәсғудтың риуаятында қиямет жақындағанда көбейетін «хәрждің» не екені сұралғанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Әл-қатлу уәл-кизб», – деп жауап берген. Яғни нақақ кісі өлтіру мен өтірік айту көбейеді.
6. Ақиқат теріс мақсатқа пайдаланылады
Кейбір хадистерде бүлікшілер жалған сөзбен қатар кейбір шындықтарды да алға тартатыны айтылады. Олар ақиқатты жақтаған болып көрініп, сол шындықты жалған мұраттарының пайдасына бұрады.
Алла елшісі (с.а.с.) үмбеті үшін алаңдаған үш қатердің бірі ретінде «Құранды білетін мұнафықты» атаған. Осы тақырыптағы бір хадисте: «Үмбетім үшін мүміннен де, мүшріктен де қорықпаймын. Мүмінді жамандықтан иманы, мүшрікті күпірлігі тежейді. Қорқатыным – ілімді мұнафық. Олар сендерге ұнайтын, өздерің құптайтын сөздерді айтады, ал ісімен зиян тигізеді», – делінген. Алла елшісі (с.а.с.) ниеті таза мұсылмандарды екіжүзді бүлікшілердің әдемі сөзбен алдап кетуінен алаңдаған. Мұның айқын мысалы – әзірет Әли мен харижилер арасындағы әңгіме. Харижилер халифа мен билеушінің қажеті жоқ деген сеніміне дәлел етіп, Құрандағы «Үкім тек Аллаға тән» деген сөзді ұранға айналдырған. Мұны естіген әзірет Әли: «Бұл – ақиқат сөз, бірақ оны жалған мақсат үшін айтып отыр», – деп жауап берген.
Абдулла ибн Сәбәдан бастап қарматилерге, рафизилерге, исмаилиттерге және бүгінге дейін жалғасқан бүлікшіл қозғалыстар да діни ұранмен шыққан. Олар Құранды ашық теріске шығармай, өз қалауынша жорып, білімсіз жұртты алдаған.
Алла елшісі (с.а.с.) «Құранды білетін мұнафықтан» сақтандыру арқылы осы тұстан келетін бүліктерге назар аударған. Діндарлығы сөз жүзінде қалып, ісіне көшпеген адамдарды алда тағы сөз етеміз.
7. Әркім өз пікірін ғана дұрыс санайды
Хадистердегі бүлік белгілерінің бірі – әркімнің өз пікірін ғана құптауы. №4758 хадисте Алла елшісі (с.а.с.) мүмінге қоғамдық тартысқа араласпай, үйінде қалуды қажет ететін жағдайларды атаған. Солардың бірі – пікір иелерінің өз пікірін ғана дұрыс санауы. Ғалымдар мұны Құран, сүннет және ижмағ арқылы жеткен үкімдерге қарамай, сахабалар, табиғиндер және өзге ізгі буындардың ұстанымын тастап, нәпсі қалауымен үкім шығару деп түсіндірген.
8. Білімсіздік артады
«Оқы» әмірінің және қаламның орны ерекше екенін айтып кеткен Ислам дінінің аса ден қойған мәселесінің бірі – ілім. Мүмін адамға иманнан кейін ілім алуы керек. Діннен ажырамай өмір сүру және оны қорғау, дұшпанға қарсы тұру т. б. барлығы да іліммен жүзеге асады. Шынайы ілім бар жерде дін де бар, иман да бар, Аллаға деген махаббат та бар, қорқу да бар. Құранда: ﴿إِنَّمَا يَخْشَى ٱللَّهَ مِنْ عِبَادِهِ ٱلْعُلَمَٰٓؤُا۟﴾ «Расында, Алладан құлдарының арасынан тек ғұламалар ғана шын именеді»3 делінген. Ішімдік ішу, құмар ойын ойнау, зина жасау, жалған сөйлеу, зұлымдық ету – барлығы да ұлы есеп күнінен, Алладан қорықпаудың салдарынан туындайды. Аятта Алладан қорқуды іліммен байланыстырған. Ретсіздік пен шырғалаңның артында білімсіздік жатады. Осы тақырыпта жеткен хадистерде білімсіздіктің зияны кеңінен баяндалған: «Қияметтен бұрын орын алатын фитна дәуірінде ілім атаулы кетіп, білімсіздік артады...»
9. Жұрт не істерін білмей абдырайды
№4767 хадисінен шығаратын тағы бір үкім – фитна заманында адамдардың ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырата алмай іркілуі. Ғалымдар Алла елшісінің (с.а.с.) «соқыр фитна» деп анықтама берген сипаттамаларын, кейбір фитна уақытында адамдардың абдырап, дұрыс шешім шығаруда іркіліс ішінде қалады деп түсіндірген. Әрі Усдул-Ғабадан жеткен басқа риуаятта Хузайфаның айтқан хадисіндегі фитна – фитнаның ең қорқыныштысы деп жазылған. Бір адам Хузайфадан «қандай фитна өте жаман?» – деп сұрағанда, ол былай деп жауап берген: «Сен жақсылық пен жамандықтың екеуіне қатар ұшырасып, қайсысын таңдарыңды білмей тосырқап қалған кезіңдегі (фитна)».
Асылында, адам баласының табиғаты үнемі ақиқатты іздейді. Алла елшісі мұсылмандардың парасаттылығы, болған жайды таразылауы, сараптауы иманынан қайнар алғандықтан ақиқатты көруде қиыншылыққа ұшырамайтындықтарын айтқан: «Мүміндердің парасаттылығынан сақтаныңдар. Өйткені олар Алланың нұры арқылы көреді». Бұл хадистің Құран аятындағы тәпсірінде баяндалғаны негізге алынумен, адамдардағы сезім мүшесінің маңыздылығы аңғарылады. Фитна атаулының сипаттарының бірі ретінде ақиқат пен жалғанның ара жігін ажырата алмай, іркіліс ішінде болуы, олардың сол уақытта бастан өткеретін қиыншылықтарының сойқан болатынын білдірсе керек.
عَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «اتَّقُوا فِرَاسَةَ الْمُؤْمِنِ، فَإِنَّهُ يَنْظُرُ بِنُورِ اللَّهِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Мүміннің қырағылығынан сақтаныңдар. Өйткені ол Алланың нұрымен көреді».4
10. Дін мен биліктің бөлінуі
Исламда дүние мен ақырет істері бір-бірімен байланысты. Мүміннің дүниелік тіршілігі де дінімен ұштасады. Фиқһ кітаптарында оның ісі діни және діннен тыс болып бөлінбейді. Ғибадат, муамалат сияқты тармақтардың бәрі дін аясында қарастырылады. Мысалы, муамалатқа сауда, егіншілік пен неке сияқты күнделікті тұрмысқа қатысты істер кіреді.
Алла елшісі (с.а.с.) құлшылықты сергек әрі ықыласпен атқаруға көмектесетін тән қажеттерін өтеудің де сауап екенін айтқан. Оған ұйықтау, тынығу, тамақтану, тіпті жұбайына көңіл бөлу сияқты істер жатады.
Асыл дініміз ақырет пен дүниені бірдей қамтиды. Ел басқару ісінен бастап, мемлекет басшыларының билік жүргізуіне дейін дін ықпал етеді. Мемлекет басшыларының дін үкімдерін, соған қатысты жол-жоралғыларды ел басқару ісінен бөле қарастырып, «дін бөлек, мемлекет бөлек, екеуі бір-біріне араласпауы қажет» деген түсінікпен амал ету Ислам діні бойынша фитнаның қатарына кіреді. Тіпті Алла елшісі (с.а.с.) бір хадисінде былай дейді: «Ихсан және адамгершілікті сақтауға тырысыңыз. Дінді ақшаға сатып, қадірін кетірмеңдер. Өкінішке орай сендерді (ертеңгі күнге деген) қорқыныш пен кедейлік бұл пасық амалды тәрк етуде тосқауыл болады. Біліп жүріңдер, иман шеңбері мәңгілік айналымда болады. Бұл дөңгелек қай жерде айналса да Алланың кітабына сай айналдырыңдар. Біліп жүріңдер, кітап пен сұлтандық бір-бірінен бөлінеді. Алайда сендер кітаптан айырылмаңдар. Біліп жүріңдер, сендерге өздеріне шығарған үкімді, сендерге де теңдей етпейтін сондай басшылар билік жүргізетін болады. Егер оларға итағат ететін болсаңдар, адасып тынасыңдар. Егер итағат етпесеңдер, сендерді өлтіріп, шаруаларыңды бітіреді». Сонда жамағаттан баз біреулер: «Уа, Расулалла! Ендеше не істеуіміз керек?» Сонда ардақты Пайғамбар (с.а.с.): «Әзірет Исаның үмбеті сияқты амал етіңдер. Олар өздерін отқа лақтырып, қазандарда қуырылды (алайда діндерінен шыққан емес). Аллаға итағат ішінде жан тәсілім ету, оған қарсы келіп өмір сүруден әлдеқайда қайырлы».
Осы хадисте айтылған хабарлар Ислам тарихында кейбір елді мекендерде шындыққа айналған. Ақырзаманда билік жүргізетін басшылар жайында басқа хадисте былай делінген: «(Менен кейін) біршама басшылар келеді. Олардың жалған сөздеріне ешкім қарсы шықпайды. Олар өздерін жалындаған отқа лақтырады. Адасушылықта және тозаққа бет алуға бір-біріне жәрдем етеді». Хадисті риуаят еткен әзірет Муғауия (р.а.) халықтың қарсы тұруы керек болған қандай да бір әділетсіз үкімге, бір мешітте, бір жамағатта осы нәрсені үш жұма бойы қайталайтын болады. Үшінші мәртесінде бір адам бұл үкімге разы еместігін білдіреді. Сонда әлгі (имам немесе басшы) өзінің сол қарсы шыққан адамның жамағатынан емес екеніне қуанып өзінше мәз болады.
11. Дін сөз жүзінде қалады
Алла елшісі (с.а.с.) хабар берген фитна дәуірі орнағанда дін тек есімге, бейнеге, жол-жоралғыға айналады. Біршама риуаяттардың мазмұны осыны ұқтырады. Әрі кейбір хадистерде біршама фитналарға себеп болатындардың тәлім-тәрбиесі дін шеңберінің шегінен шыққан немесе кемшін қалған жастардың себебінен екені айтылған. Әзірет Әлидің риуаят еткен бір хадисінде Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Ақырзаманда сондай жамағаттар шығады, олардың жастары кіші, ақылдары қысқа. Олар сөз сөйлеген кезде ең қайырлы сөздерден (яғни Құраннан, хадистен) сөз етеді. Әрі Құранды өздерінің сөздері расталғанын алға тартады. Алайда имандары кеңірдегінен төмен түспейді. Бұл жебенің нысанаға тиіп, тесіп өткен сияқты, дінге де кіріп, қайта шығып кеткенімен бірдей».
Яғни, жастықтың жалынымен жалындған, тек белгілі бір ғана қағидаларды естіп, өзінше бір-екі себебін қарастырып, салдарына куә болу арқылы шешім шығарып, ақылы қабылдаған істі орындауға асығатын, шала ойлы жастар. Олар сезімдеріне еріп, сабырсыздық танытып, қате басатын кездері көп болады. Олар бір тыңдағанда көңілге жағатын керемет қанатты сөздерді сөйлеп, көпті аузына қаратуы мүмкін. Бұл, бәлкім, қасиетті Құраннан бір аят немесе Алла елшісінің бір хадисі болуы ықтимал. Алайда олар бұл қасиетті сөздерді айтқанымен, тірліктерінде нәпсісі бұйырған амалды жасайды. Әрі бір-бірімен жарысқан, бәсеке өмірдің ағынымен жүріп, дұрыс пен бұрысты соған қарай таразылап, Құранда айтылған сөздерді тек бір-екі ауыз сөз ретінде қолданып, негізгі бағыт-бағдар ретінде алмайды. Бұл сөздерді тілімен қасиетті деп санағанымен, түсініктерінде тек ескінің сарқыншағы деп қабылдайды.
Хадисте бұл жастардың асыл мақсаттары – дүниелік (мал-мүлік, атақ-абырой, билік т. б.) екені, діндері тек тілдеріндегі құрғақ сөз екені айтылған. «Ақырзаманда адамдардың арасында дін арқылы дүниені іздейтін адамдар пайда болады. Олардың жұмсақ тілді, діндар, дүниені тәрк еткен адамдай қой терісін жамылған (қасқыр) іспеттес. Тілдері сондай майда, құлаққа жағымды. Ал жүректері бәз бір аждаһаның жүрегіндей. Алла Тағала оларға айтады: «Мені мазақ қылғыларың келе ме! Ұлылығым мен үстемдігіме серт, мен оларға сабақ болатындай фитна жіберемін де, араларындағы жақсыларының өзі үрейленіп (ол фитнаны кері қайтара алмайды, не одан өздерін де құтқара алмайды)».
12. Дінді ұстану қиындайды
Ақыр заман фитнасының ең анық әрі ең қатерлі сипаттарының бірі – дінімізге қайшы, әрі руханият әлеміне дұшпандық бағытындағысы. Расулалланың (с.а.с.) Дәжжал фитнасына қатысты айтқан белгілерінен мынадай қорытынды шығаруға болады: «Ақырзаманда адамдардың ойынан туындаған көзқарастар мен түсініктер, дін түсінігінің орнын алады. Бұл көзқарастарға дін деген атау берілмегенімен қоғамға әсері жойқын, әрі қауіпті. Тіпті діннің жолына кесе-көлденең қарсы келіп, адамдардың сеніміне үлкен шабуыл жасайды. Дін атаулының барлығын жалғанға шығарып, қоғамдық жаңа түсінік қалыптастыруға тырысады. Ғалымдардың кейбірі коммунизмді осындай дін түсінігіне қайшы қоғамдық көзқарастардың қатарына жатқызған.
Алла елшісі (с.а.с.) адамдардың ойдан шығарған жалған дін, асыл дінімізді жоққа шығарып, Ұлы Жаратушыдан қол үзуге шақыратынын, мұсылман атаулы неше түрлі қиын жағдайда қалатынын хабарлап кеткен. Расында, Алла елшісінің айтқандары соңғы ғасырларда байқалуда.
Бұл ардақты Пайғамбарымыздың келешекте үмбетінің басына келетін қиын күндерді сөз етіп, иләһи дінге адамдардың ойдан құрастырған дін іспеттес түсініктің қарсы тұрып, жер-жаһанды мәнсіз, баянсыз өмірге айналдыруға тырысатынын айтып, таблиғатында орын берген. «Сондай қиын бір дәуір орнайды, тіпті дін ұстанып, оған сабыр ету бейне бір алақанда шоқ ұстағанмен бірдей болады. Себебі сол күндерде мұсылмандардың қадірі кетіп, абыройы айрандай төгіледі. Алланың берік дінінен бекем жармаспағандар, әлсіздік танытқандар, жеке бастың пайдасы үшін сенімі мен дінін саудаға салады. Тіпті сондай бір күн келеді, адамдар жария түрде: “Бір уыс өтемақы үшін дінін, сенімін кім сатады?” – деп сұрайды. Әрі олардың бұл ұсыныстары кері қайтпайды. Біршамасы дінін, сенімін аз ғана бағаға сатып, жалғанның жылтырағына алданып, ұтылыс ішінде қалады».
Алла елшісі (с.а.с.) осындай қиын замандарда Алланың әмірінен алыстамай, сүннетіміздің сара жолымен жүрген адамның көп сауап еншілейтінін айтып: «Хәрж, фитналар орын алып әрі адамдардың руханияты тым әлсіреген шақта ғибадат ету, бейнебір маған һижрет етіп, үлкен сауапқа қол жеткізгендей». Басқа риуаятта ардақты Пайғамбарымыз фитна дәуіріндегі ауыртпалықтың дәрежесін білдіру барысында былай деген: «Сендер сондай бір заманда өмір сүрудесіңдер, егер қайсыбірің өздеріне бұйырылғанның оннан бірін тәрк етсе құрдымға кетеді. Алайда одан кейін сондай бір заман орнайды, кімде-кім өзіне бұйырылғанның оннан бірін орындаса, азаптан құтылады».
№4758 хадисте фитнаның қиын-қыстау кезеңдерінде діннің әмірлерінен ұзамай, (дінге қызмет еткендерге) әдеттегі уақытта жасалған ғибадаттың сауабы елу еселеніп берілетіні уәде етілген. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Алдымен өздеріңе қараңдар, өздерің түзеліңдер!» аятына қатысты Әбу Сағлаба тарапынан қойылған сұраққа былай жауап берген, сөзін аяқтай келе: «...Өйткені алдарыңызда “сабыр күндері” бар. Ол күндерде сабыр ету, қолда қып-қызыл шоқты ұстағанмен бірдей. Ол уақыттарда діннің әмірлерінен шықпаған адамға, дәл сол сияқты амал еткен елу адамның сауабы тиеді...» Сонда «Бұл сол адамдардың (дәрежесімен) елу рет еселене ме?» – деп, бір кісі сұрақ қойды. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Бізден болған елу адамның дәрежесіндей» – деген.
13. Діннен безу көбейеді
Дініміздің насихатталуы, тәлім-тәрбиесі тоқтаған шақта, діндар адамдарға опасыздықтар жасалып, ілім адамдарының қадір-қасиеті азаяды. Шындығында, Алла елшісінің келешек жайында жеткізген хабарлары бостан-босқа айтылмаған. Асылында, асыл дінімізге қарсы жасалған әрекеттер мен жоспарлар жүйелі түрде іске асады. Олардың негізгі мақсаты – адамзатты асыл қазынасының бірі «ілімнен» алыстатып, халықты білімсіз тобыр жамағатқа айналдыру. Әрі дінді адамдардың көңілінен өшіру үшін неше түрлі айла-тәсілдер, уағыз-насихаттар жасау үстінде. Нәтижеде мұсылмандардың дінге деген көзқарастары өзгеріп, қате білімнен сусындап, ақыр аяғы руханият әлемінен біржола ара-қатынасын үзеді. Тіпті осы жолда жүрген адамдарға деген жеккөрініштік сезім пайда болып, бұл сезім амалға айналған кезде мұсылмандардың өміріне қиыншылық туындатып, өзгелерді де діннен бездіреді. Алла елшісінің (с.а.с.) фитнаға қатысты кейбір баяндары осы жайында айтылған. Әзірет Жабир (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Адамдар бұл дінге топ-тобымен кірді және топ-тобымен шығады» – деп айтқанын, көзіне жас ала отырып жеткізген. Әзірет Айшаның Мүслимде келген бір риуаятында ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Күндіз-түні Лат пен Уззаға ғибадаттар жасалады» – деген. Мүслимнің басқа риуаятында Дәустіктердің «Зул-Халаса» атындағы жаһилият дәуірінің пұттарын қайта тірілтетіні айтылған. Бұл риуаяттарды растайтын басқа хадисте: «Пұттар қайтадан тұрғызылмайынша қиямет орнамайды. Мұны жасайтын Тихама аймағының тұрғыны болады» делінген.
Бұл риуаятта қиямет жақындағанда білімсіздік пен теріс тәрбиеден туатын діни бүліктің салдары айтылады: «Ол кезде адам мүмін болып таң атырып, кәпір болып кеш батырады. Алла ілім беріп, жүрегін сақтағандар бұған кірмейді». Бұл ерекшелік ілімнің адамды діннен безуден сақтаудағы орнын аңғартады.
Келесі хадистегі ізгі іске асығу туралы бұйрық амалдың адамды дінінде берік ететінін көрсетеді: «Түннің тас қараңғысындай бүліктер келмей тұрып, ізгі амал жасауға асығыңдар. Ол кезде адам мүмін болып таң атырып, кәпір болып кеш батырады. Немесе мүмін болып кеш батырып, кәпір болып таң атырады. Олардың бір бөлігі дінін дүниенің өткінші пайдасына сатады».
Адамның таң мен кеш арасында осылай құбылуы сеніміне ғана емес, адамгершілігі мен мінезіне де әсер етеді. Бір риуаятта: «Адам бауырының қанын төгу, малын иемдену және жарына қол сұғу өзіне адал емес деп таң атырады да, кешке қарай соның бәрін адал санайды», – делінген.
14. Байлық артады
Кейбір хадистерде қиямет жақындағанда жер бетін түгел қамтитын молшылық болатыны айтылған. Қияметтің белгісі саналатын бұл молшылық бүліктің бір түрі немесе оған себеп болуы мүмкін. Бәлкім, бұл – кітаптың алдыңғы беттерінде айтылған молшылық бүлігі.
Хадистердің көбінде қиямет орнамас бұрын зекет берілетіндей жағдайдағы бірде-бір адам табылмайтындай, молшылық дәуірдің болатыны айтылған. «Ақырзаманда үмбетімнің арасынан бір халифа шығады. Бұл халифа мал-мүлікті есебінен жаңылатындай дәрежеде тарататын болады». Бұхаридің бір риуаятында осындай молшылықтың халифасы – әзірет Сағд екені айтылған. «Әзірет Иса шыққанда малды асқан жомарттықпен тарататын болады. Алайда ол мүлікті алатын адам табылмайды». Басқа риуаятта «Сендердің қайсыбірің садақа беруге ниет етіп (көшеге) шыққанда, оны беретін бірде-бір адам таппай кері қайтатын күн орнамайынша қиямет болмайды» делінген.
15. Сараңдық артады
Алла елшісі (с.а.с.) адамның дүние алдында әлсіз екенін айтқан. Адам қартайса да, оның кей қалауы кемімейді. Хадисте: «Адам баласы қартайған сайын бойындағы екі тілек жасарады: бірі – ұзақ өмір сүру, екіншісі – дүние жинау. Адамға алтынға толы екі аңғар берілсе, үшіншісін де тілейді. Оның ішін топырақ қана толтырады», – делінген.
عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «يَهْرَمُ ابْنُ آدَمَ وَتَشِبُّ مِنْهُ اثْنَتَانِ: الْحِرْصُ عَلَى الْمَالِ وَالْحِرْصُ عَلَى الْعُمُرِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.
Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Адам баласы қартайған сайын бойындағы екі тілек жасарады: бірі – ұзақ өмір сүру, екіншісі – дүние жинау».5
وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «لَوْ كَانَ لِابْنِ آدَمَ وَادِيَانِ مِنْ مَالٍ لَابْتَغَى وَادِيًا ثَالِثًا، وَلَا يَمْلَأُ جَوْفَ ابْنِ آدَمَ إِلَّا التُّرَابُ، وَيَتُوبُ اللَّهُ عَلَى مَنْ تَابَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.
Алла елшісі (с.а.с.) тағы былай деген: «Адамға дүние-мүлікке толы екі аңғар берілсе, үшіншісін де тілейді. Оның ішін топырақ қана толтырады. Алла тәубе еткеннің тәубесін қабыл етеді».6
Пенде атаулының бұл әлсіздігі шариғат жолымен тізгінделіп тәрбиеленбесе, қоғамдық келеңсіздіктерге себеп болуы ықтимал. Адамның дүниеге деген тойымсыздығы – сараңдық. Бұл қисық мінездің болмысы жекелеген адамдардың бойынан көрініс бергенімен, бүткіл бір ұлтқа, жамағатқа қаратылып айтылмаған. Дүниеге деген қалыптан тыс махаббаттың пайда болуы, қоғамдағы адамдардың ақыретін ұмытып, негізгі мақсаттарын естен шығарып, дүниеде жарысып, бәсеке өмірге белшесінен кіргендіктерінің салдарынан. Тіпті Алла елшісі (с.а.с.) сараңдықтың көбейіп, адамдар арсында таралуын, олардың арасында амр бил-мағруфтың азайып жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю, үгіт насихаттың тоқтауымен туындайтынын айтып кеткен: «..Жақсылыққа шақырудан тыйылмаңдар. Керісінше, осы игі іске шақырып, жамандықтан тыйыңдар. Қашан адамдар тек міндет саналған амалдарды істеп, сараңдыққа қарай ойысып, дүниенің жылтырағына (мал-мүлік, атақ-абыройға) алданып, дүниені ақыреттен артық көріп, ілім адамдарын (Құран, хадис және ғұламалар ижмағын) бір тарапқа ысырып, өздерінің нәпсі-қалауларын алдыңғы қатарға қойғандарына куә болсаң, тек өз-өзіңмен алысып, өзгелермен айналысуды доғар». №4758 хадистен және жоғарыда айтып өткен себептердің салдарынан қоғамның рухани халі нашарлауымен қатар, сараңдықтың да артатынын аңғарамыз.
16. Ізгі жандар қаза тауып, билік азғындардың қолына өтеді
Хадистердің біршамасында фитнаға себеп болатын адамдардың бірінші кезекте жастар екені айтылған. Кейбір хадистерде текті, діндар, сенімді адамдардың саны тым азайып, олардың орнын пасық, сатқын, сөзінде тұрақсыз нашар адамдар басатыны сөз етілген. Діннің мемлекет тарапынан қолдау көруі тоқтап, дінді ұстау отты ұстағанмен бірдей халге ауысып, бейберекетсіздіктер арты-артынан орын алған қоғамның жағдайын сипатталған. Алайда №5036 Тирмизи риуаятында былай делінген: «Төрткүл дүниеде адамдардың ең бақыттылары (молшылықта өмір сүрген, малы көп, атақ-даңқы үстем, қарым-қабілеті жоғары) әрі ең қарапайымдылары көбеймейінше, қиямет орнамайды».
Түсіндірме жазған ғалымдардың айтуынша, хадистегі кемдік тек пен адамдық қадір-қасиет тұрғысынан айтылған. Қолданылған сөз тегі белгісіз, мінезінің кемелдігі танылмаған адамды да білдіреді.
Табарани жеткізген бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Арсыздық пен сараңдық жайылып, адал әрі сенімді кісілер қорланып, сатқындарға сенім артылып, вуғулдар жойылып, тухуттар шықпайынша, қиямет орнамайды», – деген. Тыңдаушылар: «Уа, Алла елшісі, “вуғул” мен “тухут” деген не?» – деп сұраған. Ол: «Вуғул – жұрттың бетке ұстар, қадірлі адамдары. Тухут – жұрттың ең төменгі сатысындағы, аты-жөні естілмеген беймәлім кісілер», – деген. Басқа нұсқада «тухут» мінезі мен тегі төмен отбасылардан шыққан адамдар деп түсіндірілген.
Мүслимде қияметке таяу оқиғаларды сипаттайтын бір риуаятта: «Адамдардың ең жамандары қалады. Олар жамандық пен нәпсі қалауына ұмтылғанда құсқа, ал бір-біріне зұлымдық жасап, дұшпандық еткенде жыртқыш аңға ұқсайды», – делінген.
عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «فَيَبْقَى شِرَارُ النَّاسِ فِي خِفَّةِ الطَّيْرِ وَأَحْلَامِ السِّبَاعِ، لَا يَعْرِفُونَ مَعْرُوفًا وَلَا يُنْكِرُونَ مُنْكَرًا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.
Мүслим жеткізген риуаятта: «Адамдардың ең жамандары қалады. Олар құстай жеңілтек, жыртқыш аңдай зұлым келеді. Жақсылықты жақсылық деп танымайды, жамандықты жамандық деп білмейді», – делінген.7
Хадис кітаптарында «Жәбірейіл хадисі» деген атпен танылған риуаятта Жәбірейіл (а.с.) Алла елшісінен (с.а.с.) қияметтің белгілерін сұрайды. Алла елшісі (с.а.с.) өзге белгілермен қатар: «Жалаңаяқ, жалаңбас адамдардың жұртқа басшы болуы – қиямет белгілерінің бірі», – деген.
Бүліктің түрлері туралы сөз еткенде, молшылықтан туған бүліктен соң жұрт ілімі мен пайымы кем, ел басқаруға лайықсыз, шешімі тұрақсыз кісінің маңына жиналып, бітімге келетінін айтқанбыз. Бұл риуаят та бүліктен кейін іске қабілетсіз адамдардың күшпен не айламен билікке келетінін білдіреді.
Осы тақырыптағы риуаяттардың бәрін келтірудің қажеті жоқ. Келтірілгендер ақырзаманда қоғамдық келеңсіздіктердің салдарынан жұрттың мінезі бұзылып, басына өзіне сай адамдар келетінін аңғартады.
«Әрбір тайпаны (ұлтты) сол тайпаның екіжүзділері басқармайынша, қиямет орнамайды».
17. Бүлік кезінде жастардың ықпалы артады
Жоғарыда келтірілген бір хадисте кей ірі бүліктерде тәжірибесі аз, ойы таяз жастардың алға шығатыны айтылған. Олар жұрт құптайтын әдемі сөздерді, аят пен хадистен алынған ұстанымдарды алға тартады. Алайда олардың сөзі мен ісі қабыспайды.
Басқа да көптеген хадистерде қоғамдық немесе саяси ортада жастардың рөлі жоғары болатыны, жаманшылық пен бұзғыншылықта да жастардың салмағы аз болмайтыны баяндалған. Тіпті «жас бала ел басқарғанда жұрттың басынан лағынеттің арылмайтыны» айтылған. Бұл мағынаны растайтын мына бір хадисте былай делінген: «Қиямет белгілерінің бірі – ілімнің жастар қолында болатыны». Ал мына хадис Алла елшісінің (с.а.с.) осы тақырыптағы маңызды ескертулерінен болса керек: «Ардақты Пайғамбар бір сәтінде «Балалардың басшы болуынан Аллаға сиынамын» деген. Қасындағылар: «Балалардың басшы болуы қалай?» – деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) былай жауап берген: «Оларға итағат етсеңдер (діндеріңде) құрдымға кеткендерің! Ал егер қарсы келсеңдер (дүниелеріңнің) құрдымға кеткені. Бұл – не малдарыңды алуымен, не жандарыңды алумен немесе екеуін де алумен орындалуы мүмкін». Тіпті Бұхариде келген бір риуаятта мұсылман үмбетінің құрдымға кетуі, билік басына құрайыш тайпасының жастары келгенде шындыққа айналатыны баяндалған.
18. Кісі өлімі көбейеді
Жоғарыда айтқанымыздай, бүлік кезінде көбейетін «хәрж» – кісі өлтіру. Бүлік жайлағанда көп қан төгіліп, жазықсыз адамдар өлтіріледі. Алла елшісі (с.а.с.) үмбеті осындай күйге түспес үшін хәрж жайында жиі ескерткен. Көптеген хадисте бүлікке қосылмай, үйде қалуды және қару асынбауды насихаттаған. Бір риуаятта: «Адам мұсылмандар қатарында жүріп, бауырының малын тонайды, қанын төгеді, Раббысына қарсы келеді. Өз халқына қарсы шығып, өзіне тозақ отын әзірлейді», – делінген.
Бүлік кезінде адамның өз бауырына жау болып, адамгершіліктен айрылатыны хадистерде жиі айтылады. Бұрын келтірген №4760 хадистен мына үзіндіні еске түсірейік: «Уа, Әбу Зәрр! Жұрт арасында өлімнің көбейетіні сонша, қабірдің өзі қызметші құнына жететін кез болады». Бұхари мен Мүслим келтірген хадисте «Хәрж көбеймейінше, қиямет орнамайды» делінген. «Хәрж деген не?» – деп сұралғанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Өлтіру, өлтіру!» – деп жауап берген.
19. Ұйымдар атынан кісі өлтіру
Бүлік туралы назар аударарлық риуаяттың бірі – №4780 хадис: «Жаным құдіретті қолында болған Алланың атымен ант етемін, адамдар сондай бір заманды бастан кешіреді, кісі өлтірген не үшін өлтіргенін, өлтірілген не үшін өлтірілгенін білмейді». «Бұл қалай болады?» – деп сұралғанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Бұл – хәрж. Өлтірген де, өлтірілген де тозақта», – деп жауап берген.
Бұл хадисті бүлік жайындағы маңызды риуаяттардың қатарына қостық, өйткені онда айтылған жағдай бүгін де кездеседі. Белгілі ұйымдарға берілген кісілер кейде жоғарыдан түскен тапсырманың мәні мен мақсатын сұрамастан, оны орындауға тырысады. «Сауап аласың», «жәннатқа кіресің» деген сөздерге сеніп, жұрттың тыныштығын бұзатын әрекетке ойланбастан барады.
Алла елшісі (с.а.с.) жалдамалы жендеттен де мақсатсыз қылмыскердің қолынан болатын осы кісі өлімін «Өлтірген адам не үшін өлтіргенін, өлтірілген адам не үшін өлтірілгенін білмейді» деп сипаттаған.
Осы хадисті ұйым атынан жасалатын кісі өліміне қатысты түсінуге негіз болатын бір зерттеуде былай делінген: «Анархизмдегі кісі өлтіру саяси қылмыстан өзгеше. Онда құрбанның кінәлі не кінәсіз болуы маңызды саналмайды. Тіпті кінәсіз адамның өлімі анархистік қылмыста елеулірек саналады. Террорлық әрекеттің басты мақсаты – мемлекеттегі тыныштықты бұзу».
20. Қауіпсіздік пен сенім жоғалады
Алла елшісінің (с.а.с.) көптеген хадисінде бүлік кезінде қауіпсіздік азайып, адамдар бір-біріне сенуден қалатыны, жанашырды қастық ойлаған адамнан айыра алмайтыны айтылады. Абдулла ибн Амрдың риуаятында сенімді, адал, ізгі адамдарды қу, сұм адамдардан айыру қиындап, уәделер мен келісімдер бұзылып, сенім жоғалатын заман сипатталған.
Басқа риуаятта Ибн Мәсғуд бүлік туралы хабар берген Алла елшісінен (с.а.с.) сұрайды:
– Уа, Алла елшісі, бұл бүлік қашан болады?
– Хәрж, яғни жаппай кісі өлтіру кезінде.
– Ол заман қашан келеді?
– Адам өзінің жақын досына да сене алмай қалғанда.
Ибн Мәсғуд бұл хадисті Уабсаға жеткізгенде, Уабса одан сол заманның қашан келетінін сұраған. Ибн Мәсғуд ұстазының жауабын қайталаған: «Ол – адамның жақын досына да сене алмайтын заманы».
Басқа риуаятта қоғамдық бұзғындықтың салдарынан адамдар ﴿وَأَوْفُوا۟ بِعَهْدِ ٱللَّهِ إِذَا عَٰهَدتُّمْ﴾ «Әрі серт байласқандарыңда Алланың сертінде тұрыңдар»8, ﴿وَأَوْفُوا۟ بِٱلْعَهْدِ﴾ «Сертке берік болыңдар!»9 деген әмірлерді және өтірікке тыйымды ұмытып, сенімнен шығатыны айтылады. Алла елшісі (с.а.с.): «Сертін бұзып, сенімнен айырылған адамдардың ортасында қалсаң, не істейсің? Олар тәртібінен айрылған, бір-біріне ұқсамайтын, құбылмалы, уәдесінде тұрмайтын және өздеріне артылған сенімге қиянат жасайтын адамдар», – деген. Сосын саусақтарын айқастырып: «Міне, осылай араласып кетеді», – деп көрсеткен.
21. Адамдар өлімді тілейді
Ірі бүліктің бір сипаты – адамның өлімді тілеуі. Жоғарыда айтқанымыздай, бүлік – қоғамдық дерттердің асқынып, аласапыранның іс жүзінде көрінуі. Ол діни мінез, ақыл мен ар-ождан қағидаларын аяқасты етіп, адамзаттың кемелдігі үшін тізгіндеу қажет сезім, түйсік пен нәпсі қалауын үстем етеді. Жан мен малдың қауіпсіздігін жойып, кісі өлтіруді, ұрлық пен тонауды арттырған тұрмыстық және қоғамдық кеселдер өршігенде, тіршіліктің де мәні кетеді. Осындай ортада жұрттың дүние салғандарға қызығатыны таңғаларлық. Бұхари және басқа дереккөздерде Алла елшісінің (с.а.с.): «Адам бір марқұмның қабірінің қасынан өткенде: “Әттең, осы кісінің орнында мен болсам ғой!” – деп тілемейінше, қиямет орнамайды», – дегені жеткізілген.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «لَا تَقُومُ السَّاعَةُ حَتَّى يَمُرَّ الرَّجُلُ بِقَبْرِ الرَّجُلِ فَيَقُولُ: يَا لَيْتَنِي مَكَانَهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Бұхари жеткізген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Адам бір марқұмның қабірінің қасынан өткенде: “Әттең, осы кісінің орнында мен болсам ғой!” – деп тілемейінше, қиямет орнамайды», – деген.10
Мүслим мен Ибн Мәжада бұл тілектің діндарлықтан емес, адамның тартқан тауқыметі мен көрген қасіретінен туатыны анық айтылады. Өзге риуаяттарда адамдардың қолда шоқ ұстағандай сабыр етуге мәжбүр болатын ауыр дәуірді бастан өткеретіні хабарланған.
Басқа бір риуаятта өлімді тілеуге жеткізетін бүлік тұрмыстың таршылығынан емес, байлықтың молдығынан күшейетіні, жұрттың тіпті кедейлікті аңсайтыны айтылады. Бұл бай адамдар көбірек қиындыққа ұшырай бастаған бүгінгі жағдайға ұқсайтындықтан, хадисті сол қалпында келтіреміз: «Сендер сондай заманды көресіңдер, ол кезде адам мал-мүлкінің аз болғанын аңсайды. Бүгін сендер мал мен ұрпақтың көп болғанына қалай қызықсаңдар, сол күні малдың аздығына солай қызығады. Араларыңнан біреу бауырының қабірінен өтіп бара жатып, жануардай жерге аунап: “Әттең, сенің орныңда мен болсам ғой!” – дейді. Онысы Жүсіп пайғамбардай Алламен тезірек қауышуды аңсағаннан да, бұрын жасаған ізгі істеріне сенгеннен де емес. Басына түскен қасіреттен».
22. Мемлекет мүлкін иемдену адал саналады
Мемлекет мүлкін түрлі жолмен тонауды адал санағандар да, «Бұл – соғыс аймағы, мұндай жерде зекет төленбейді» деп, салықтан жалтару сияқты харам істерге жол бергендер де болған. Алла елшісі (с.а.с.) мұндай жағдайды ақырзамандағы бүліктің бір белгісі деп көрсеткен. Әлидің (р.а.) риуаятында «Қиямет қашан орнайды?» деген сұраққа жауап беріп, оның белгілерін атай келе: «…Аманат олжа, садақа, яғни зекет пен салық, ауыртпалық саналғанда…», – деген. Әбу Һурайра жеткізген «Рихул-хамра» (қызыл жел) хадисінде де: «Аманат олжа, зекет жаза саналғанда… қызыл желді күтіңдер», – делінген.
23. Бүлік кірмеген бірде-бір үй қалмайды
Кейбір риуаяттарда қияметтің алдында бірде-бір үйді қалдырмай шарпитын фитна болатыны айтылады. Абдулла ибн Амр жеткізген бір хадисте қиямет белгілері жібі үзілген моншақтай бірінен соң бірі тізбектеле көрінетіні айтылған. Хадисте бірінен соң бірі келетін алты белгі аталады. Соның бірі – «бірде-бір арабтың үйін қалдырмай кіретін фитна». «Муснадта» келген екі нұсқаның бірінде «әрқайсыңның үйіңе» делінсе, екіншісінде «жүннен тігілген және топырақтан салынған әр үйге» делінген. Яғни бұл фитна қала мен ауылға бірдей тарайды.
عَنْ عَوْفِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ، فِي ذِكْرِ أَشْرَاطِ السَّاعَةِ: «ثُمَّ فِتْنَةٌ لَا يَبْقَى بَيْتٌ مِنَ الْعَرَبِ إِلَّا دَخَلَتْهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Ауф ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) қиямет белгілерінің бірін «бірде-бір арабтың үйін қалдырмай кіретін бүлік» деп атаған.11