Хадис

Мұрагерлер

Кутуб ситтә, 10-том, 722-тарау · 4 хадис · № 4733–4736

Хадистер

4733
Кутуб ситтә, № 4733 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: كَانَ الْمَالُ لِلْوَلَدِ، وَالْوَصِيَّةُ لِلْوَالِدَيْنِ، فَنَسَخَ اللَّهُ مِنْ ذَلِكَ مَا أَحَبَّ فَجَعَلَ لِلذَّكَرِ مِثْلَ حَظِّ الْأُنْثَيَيْنِ، وَجَعَلَ لِلْأَبَوَيْنِ لِكُلِّ وَاحِدٍ مِنْهُمَا السُّدُسَ وَالثُّلُثَ، وَجَعَلَ لِلْمَرْأَةِ الثُّمُنَ وَالرُّبُعَ، وَلِلزَّوْجِ الشَّطْرَ وَالرُّبْعَ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай деген: «Бұрын мал-мүлік баласына қалатын, ал ата-анасына өсиет1 арқылы үлес берілетін. Алла осы тәртіптің қалаған тұстарын өзгертіп, ер балаға екі қыздың үлесіндей мөлшер белгіледі. Ата-ананың әрқайсысына алтыдан бір, ал анасына өзге жағдайда үштен бір үлес, әйелге сегізден бір не төрттен бір, еріне жарты не төрттен бір үлес белгіледі».2

Түсіндірме

1. Хадисте жаһилият дәуіріндегі мирас пен өсиет тәртібіне Ислам енгізген өзгеріс баяндалған. Ол кезде марқұмның мал-мүлкі ұлына қалатын, ал өсиет ата-ананың пайдасына жасалатын. Бұл тәртіп мирас туралы аяттар3 түскенше жалғасқан. Алла елшісі арабтардың әдет-ғұрпын Алладан әмір келмейінше өзгертпеген. Хадистегі «Алла осы тәртіптің қалаған тұстарын өзгертті» деген сөз мирас тәртібі де уахи келгенше сақталғанын аңғартады.

Табаридегі нұсқа ежелгі тәртіп пен жаңа үкімге сахабалардың таңдануын түсіндіреді. Ибн Аббастың айтуынша, мирас аяты түскенде сахабалар: «Уа, Алла елшісі! Атқа міне алмайтын, дұшпанға қарсы соғыспайтын кішкентай қызға мирастың жартысын береміз бе?» – деген.

Ибн Аббас сөзін жалғап: «Жаһилият дәуірінде мирас дұшпанмен соғыса алатындарға ғана берілетін», – деген.

2. Бұл үкім осы риуаятта айқын айтылмағанымен, Шафиғи оны жеткізген риуаяттар «мүтәуатир» деуге жетерліктей кең тарағанын айтқан. №5793–5804 хадистердің түсіндірмесінде баяндалғандай, Ислам мүліктің үштен бірінен асырмай өсиет етуге рұқсат беріп, оған үндеген. Алайда өсиет мұрагерлердің бірінің пайдасына жасалмауы керек.

3. «Ата-ананың әрқайсысына» және «үштен бір» деген сөздер Бұхаридің «Тәпсір» тарауындағы нұсқада келген. Ибн Хажар мұны былай түсіндірген: «Бір жағдайда ата-ананың әрқайсысына алтыдан бір, екінші жағдайда анаға үштен бір үлес тиеді».

4. Марқұмның баласы немесе ер бауыры болса, әкесі мен анасының әрқайсысына мирастың алтыдан бірі тиеді. Баласы да, ер бауыры да болмаса, әкеге анадан көбірек үлес тиеді. Сүһәйли мұны әкенің балаға мал жұмсау, жәрдем беру секілді міндеттері көбірек болуымен түсіндірген. Оның айтуынша, осы айырманың есесі ұлға анасын көзі тірісінде көбірек сыйлап, құрметтеуі бұйырылуымен толады. Абд ибн Хумайд кей ғалымдардан: «Әке барда марқұмның ер бауырлары мұрадан шет қалып, олардың үлесін әке алады. Өйткені үйлену шығыны мен нәпақасын анасы емес, әкесі көтереді», – деген пікір жеткізген.

  1. 1Қайтыс болған адамның мал-мүлкінің, киім-кешегінің өзге адамдарға табысталуы.
  2. 2Бұхари, Уасая 6, Тәпсір, ниса 5, Фараиз 10.
  3. 3Ниса сүресі, 11-12-аяттар.
4734
Кутуб ситтә, № 4734 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Зәйд ибн Сәбит

وَعَنْ زَيْدِ بْنِ ثَابِتٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: وَلَدُ الْأَبْنَاءِ بِمَنْزِلَةِ الْأَبْنَاءِ إِذَا لَمْ يَكُنْ دُونَهُمْ أَبْنَاءٌ: ذَكَرُهُمْ كَذَكَرِهِمْ، وَأُنْثَاهُمْ كَأُنْثَاهُمْ، يَرِثُونَ كَمَا يَرِثُونَ وَيُحْجَبُونَ كَمَا يُحْجَبُونَ، وَلَا يَرِثُ وَلَدُ ابْنٍ مَعَ ابْنِ ذَكَرٍ. فَإِنْ تَرَكَ ابْنَةً وَابْنَ ابْنٍ ذَكَرًا فَلِلْبِنْتِ النِّصْفُ، وَلِابْنِ الِابْنِ مَا بَقِيَ؛ لِقَوْلِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ: أَلْحِقُوا الْفَرَائِضَ بِأَهْلِهَا فَمَا بَقِيَ فَهُوَ أَوْلَى رَجُلٍ ذَكَرٍ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Сәбит (р.а.) былай деген: «Марқұмның ұлынан туған балалар, араларында марқұмның тірі ұлы болмаса, оның өз балаларының орнын басады. Ұлынан туған немере ұлы оның ұлындай, немере қызы оның қызындай саналады. Олар марқұмның өз балалары сияқты мұра алады және мұрадан солар секілді шеттетіледі. Марқұмның ұлы тірі болса, ұлынан туған немересі мұра алмайды.

Марқұмның артында қызы мен ұлынан туған немере ұлы қалса, қызына мирастың жартысы, немере ұлына қалғаны тиеді. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.): “Белгіленген үлестерді иелеріне беріңдер. Одан қалғанын марқұмға ең жақын ер туысына беріңдер”, – деген».1

Түсіндірме

1. Бірінші абзац Бұхариде тарау атауы ретінде беріліп, мауқуф риуаятқа жатады. Екінші абзацта Ибн Аббастың (р.а.) Пайғамбарға дейін жеткізген мәрфуғ хадисі келтірілген.

2. Хадисте марқұмның тірі ұлы болмаған жағдайда, ұлынан туған немересінің мирасқа қатысы түсіндіріледі. Бұл жағдайда немере ұлы марқұмның өз ұлының орнын басады.

3. Ибн Аббас жеткізген хадистегі «фараиз» сөзі Құранда белгіленген мирас үлестерін білдіреді. Бұлар – жарты, төрттен бір, сегізден бір, үштен екі, үштен бір және алтыдан бір. Бұл үлестер Құранда соларға құқығы бар деп көрсетілген адамдарға беріледі. Өзге риуаятта: «Мүлікті Алланың кітабында белгіленген үлестерге сай бөліңдер», – делінген.

4. «Ең жақын ер туыс» – марқұмға тегі жағынан ең жақын ер адам. Хадисте бұл ұғым «әулә» сөзімен берілген. Кей риуаятта أَدْنَى, яғни «ең жақын» сөзі қолданылған. Хаттаби оны асаба арасындағы ең жақын ер туыс деп түсіндірген. Белгіленген үлес иелерінен кейін қалған мүлік асабаның марқұмға ең жақынына тиеді. Туыстық дәрежесі бірдей бірнеше кісі болса, бұл үлесті тең бөліседі. Әке-шешесі бір немесе әкесі бір ер және қыз бауырларға мына аяттағы үкім қолданылады: ﴿وَإِن كَانُوٓا۟ إِخْوَةً رِّجَالًا وَنِسَآءً فَلِلذَّكَرِ مِثْلُ حَظِّ ٱلْأُنثَيَيْنِ﴾ «Егер марқұмның артында екі бірдей әпке-қарындасы қалса, олар бауырларынан қалған мұраның үштен екі бөлігін алады. Ал егер марқұмның артында бауырлары мен әпке-қарындастары қалса, мұндай жағдайда еркек кіндік мұрагерге әйелден екі есе көп үлес тиеді»2 делінген. Ал туыстық дәрежесіне қарай мирастың үлестірілуі қайтыс болған ер адамның немесе әйелдің артында қалған ата-анасы да, балалары да болмай, (бір анадан) туған бауыры немесе әпкесі, яки қарындасы ғана болса, олардың әрқайсысына мұраның алтыдан бір бөлігі тиеді.

  1. 1Бұхари, Фараиз 7.
  2. 2Ниса сүресі, 176-аят.
4735
Кутуб ситтә, № 4735 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әли

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: وَقَدْ سُئِلَ عَنِ ابْنَيْ عَمٍّ أَحَدُهُمَا أَخٌ لِأُمٍّ وَالْآخَرُ زَوْجٌ. فَقَالَ: لِلزَّوْجِ النِّصْفُ، وَلِأَخِ مِنَ الْأُمِّ السُّدُسُ، وَمَا بَقِيَ بَيْنَهُمَا نِصْفَانِ. أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Әлиден (р.а.) марқұм әйелдің немере ағайыны болған екі ер адамның мирасы туралы сұралды. Бірі марқұмның шешесі бір бауыры, екіншісі күйеуі еді. Әли: «Күйеуіне жартысы, шешесі бір бауырына алтыдан бірі тиеді. Қалғанын екеуі тең бөліседі», – деп жауап берді.1

Түсіндірме

Оқиға былай болған. Бір әйел тұрмысқа шығып, ұл туады. Кейін басқа ерге тұрмысқа шығып, одан да бір ұл көреді. Екінші күйеуінен ажырасқан соң оның туған бауырына тұрмысқа шығып, қыз табады. Бұл қыз бен екінші ұлдың анасы бір. Қыз сонымен қатар екінші ұлдың әкесінің туған бауырының қызы еді. Қыз анасының алғашқы күйеуінен туған ұлына тұрмысқа шығады. Бұл ұл да қыздың немере ағайыны еді. Артында екі немере ағайыны қалған қыз осы еді.

Әзірет Әлидің пәтуасы бойынша күйеуіне некелік үлесі ретінде мирастың жартысы беріледі. Екінші адамға қызбен анасы бір бауыр болғандықтан, мирастың алтыдан бірі тиеді. Қалған үштен бірі әке жағынан туыстығына байланысты екеуіне тең бөлінеді. Сөйтіп, белгіленген үлесі мен әке жағынан туыстық үлесі қосылғанда, біріншісіне мирастың үштен екісі, екіншісіне үштен бірі тиеді.

  1. 1Рәзиннен жеткен. (Бұхариде муаллақ хадис ретінде келген: Фараиз 15).
4736
Кутуб ситтә, № 4736 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ زَيْنَبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: اِشْتَكَى نِسَاءٌ مِنَ الْمُهَاجِرَاتِ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ: ضِيقَ مَنَازِلِهِنَّ. فَأَمَرَ ﷺ أَنْ تُوَرَّثَ دُورَ الْمُهَاجِرِينَ النِّسَاءُ فَمَاتَ ابْنُ مَسْعُودٍ فَوَرِثَتْهُ امْرَأَتُهُ دَارًا بِالْمَدِينَةِ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Зейнеп (р.а.) айтады: «Бірнеше мұһажир әйел Алла елшісіне (с.а.с.) үйлерінің тарлығына әрі сол үйлерден шығарылып жатқанына шағымданды. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) мұһажирлердің үйлері әйелдеріне мирас болып қалсын деп бұйырды. Кейін Ибн Мәсғуд қайтыс болғанда, Мәдинадағы үйі әйеліне мирас болып қалды».1

Түсіндірме

1. Синди «Фәтхул-уәдудта» былай түсіндіреді: «Ол кезде бір әйелдің күйеуі қайтыс болса, үйді мұрагерлер иеленіп, әйел жат жерде жалғыз қалады. Баспана таба алмай, қиындыққа тап болады». Хадисте сол жағдай сөз болып отыр. Алла елшісінің (с.а.с.) әмірімен мұһажир әйелдер күйеулерінің үйлеріне мирас жолымен ие болып, сонда тұра берді. Мәдинаға сырттан көшіп келгендіктен, Алла елшісі (с.а.с.) мирас бөлінгенде күйеулерінің үйлерін сол әйелдерге беруді бұйырған.

Хаттаби Алла елшісінің (с.а.с.) Мәдинада мұһажирлерге баспана бөлуі туралы риуаятты екі түрлі түсіндіреді.

• Мұһажирлерге жер телімі беріліп, олар сол жерге өздері тұратын үй салған. Бұл жағдайда әркім берілген телімге өзі салған үйдің иесі болады.

• Мұһажирлерге үй уақытша әрі ақысыз пайдалануға берілген. Бұл жағдайда олар үйдің иесі болмайды. Мирасқа қайтыс болған адамның өз меншігіндегі мүлік қана қалады.

Кейбір ғалымдар тағы бір жорамал айтады: «Үйлер әйелдерге өмір бойы тұруға берілген болуы мүмкін. Алла елшісінің (с.а.с.) үйлерінде де осындай жағдай болды. Ол қайтыс болғаннан кейін жұбайлары өмірінің соңына дейін өз бөлмелерінде тұрды, алайда үйлер оларға мирас болып қалған жоқ. Алла елшісі (с.а.с.): “Бізден мирас қалмайды. Артымызда қалған дүние – садақа”, – деген».

  1. 1Әбу Дәуіт, Хараж 7 (3080).