Хадис

Кәләлә (артында әке де, бала да қалмаған марқұм)

Кутуб ситтә, 10-том, 718-тарау · 1 хадис · № 4727

Хадистер

4727
Кутуб ситтә, № 4727 · тараудағы реті: 1

عَنْ زَيْدِ بْنِ أَسْلَمَ قَالَ: سَأَلَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ رَسُولَ اللَّهِ عَنِ الْكَلَالَةِ. فَقَالَ لَهُ: تَكْفِيكَ مِنْ ذَلِكَ الْآيَةُ الَّتِي أُنْزِلَتْ فِي الصَّيْفِ فِي آخِرِ سُورَةِ النِّسَاءِ. قَالَ رَاوِيهِ: قُلْتُ لِأَبِي إِسْحَاقَ: وَهُوَ مَنْ مَاتَ وَلَمْ يَدَعْ وَلَدًا وَلَا وَالِدًا؟ قَالَ: كَذَلِكَ ظَنُّوا. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Әсләм былай деген: «Омар (р.а.) Алла елшісінен (с.а.с.) кәләлә жайында сұрады. Сонда Алла елшісі: “Осы мәселеде саған жазда түскен ‘Ниса’ сүресінің соңғы аяты жеткілікті”, – деді».

Хадисті жеткізуші былай деген: «Әбу Исхақтан: “Кәләлә дегеніміз – артында баласы да, әкесі де қалмай қайтыс болған адам ғой?” – деп сұрадым. Ол: “Солай деп ұққан”, – деді».1

«آيَةُ الصَّيْفِ» الَّتِي فِي آخِرِ سُورَةِ النِّسَاءِ: يَسْتَفْتُونَكَ قُلِ اللَّهُ يُفْتِيكُمْ فِي الْكَلَالَةِ. وَ«آيَةُ الشِّتَاءِ» الْآيَةُ الَّتِي فِي أَوَّلِهَا: يُوصِيكُمُ اللَّهُ فِي أَوْلَادِكُمْ الْآيَةُ.

Жаз маусымында түскендіктен «Жаз аяты» деп аталған аятта: (Уа, Мұхаммед!): Олар сенен (артында әке де, бала да қалмаған марқұм жайлы) пәтуа сұрайды. Оларға былай айт: ﴿يَسْتَفْتُونَكَ قُلِ ٱللَّهُ يُفْتِيكُمْ فِى ٱلْكَلَٰلَةِ إِنِ ٱمْرُؤٌا۟ هَلَكَ لَيْسَ لَهُۥ وَلَدٌ وَلَهُۥٓ أُخْتٌ فَلَهَا نِصْفُ مَا تَرَكَ وَهُوَ يَرِثُهَآ إِن لَّمْ يَكُن لَّهَا وَلَدٌ فَإِن كَانَتَا ٱثْنَتَيْنِ فَلَهُمَا ٱلثُّلُثَانِ مِمَّا تَرَكَ وَإِن كَانُوٓا۟ إِخْوَةً رِّجَالًا وَنِسَآءً فَلِلذَّكَرِ مِثْلُ حَظِّ ٱلْأُنثَيَيْنِ يُبَيِّنُ ٱللَّهُ لَكُمْ أَن تَضِلُّوا۟ وَٱللَّهُ بِكُلِّ شَىْءٍ عَلِيمٌۢ﴾ «Олар сенен пәтуа сұрайды. Оларға былай айт: “Алла сендерге артында әке де, бала да қалмаған марқұмның мұрасы жайлы мынадай үкім айтады: Артында бала қалмаған ер кісі қайтыс болып, артында жалғыз қарындасы қалса, қалдырған мұрасының тең жартысы соған тиесілі. Ал керісінше, оның жалғыз қарындасы артына бала қалдырмай дүниеден озса, қалдырған мұрасын бір өзі иемденеді. Егер марқұмның артында екі бірдей әпке-қарындасы қалса, олар бауырларынан қалған мұраның үштен екі бөлігін алады. Ал егер марқұмның артында бауырлары мен әпке-қарындастары қалса, мұндай жағдайда еркек кіндік мұрагерге әйелден екі есе көп үлес тиеді. Мұра бөлісінде шатасып, қателік жасамауларың үшін Алла сендерге үкімдерін ашық баяндайды. Алла – барлық нәрсені білетін шексіз ілім иесі”»2.

Қыс мезгілінде түскен аятқа да «қыс аяты» деп, «Ниса» сүресінің батапқы аяттарына атау берген: «Балаларыңа мұра қалдырғанда әділдіктен ауытқымауларың үшін Алла Тағала сендерге мынаны бұйырады: ﴿يُوصِيكُمُ ٱللَّهُ فِىٓ أَوْلَٰدِكُمْ لِلذَّكَرِ مِثْلُ حَظِّ ٱلْأُنثَيَيْنِ فَإِن كُنَّ نِسَآءً فَوْقَ ٱثْنَتَيْنِ فَلَهُنَّ ثُلُثَا مَا تَرَكَ وَإِن كَانَتْ وَٰحِدَةً فَلَهَا ٱلنِّصْفُ وَلِأَبَوَيْهِ لِكُلِّ وَٰحِدٍ مِّنْهُمَا ٱلسُّدُسُ مِمَّا تَرَكَ إِن كَانَ لَهُۥ وَلَدٌ فَإِن لَّمْ يَكُن لَّهُۥ وَلَدٌ وَوَرِثَهُۥٓ أَبَوَاهُ فَلِأُمِّهِ ٱلثُّلُثُ فَإِن كَانَ لَهُۥٓ إِخْوَةٌ فَلِأُمِّهِ ٱلسُّدُسُ مِنۢ بَعْدِ وَصِيَّةٍ يُوصِى بِهَآ أَوْ دَيْنٍ ءَابَآؤُكُمْ وَأَبْنَآؤُكُمْ لَا تَدْرُونَ أَيُّهُمْ أَقْرَبُ لَكُمْ نَفْعًا فَرِيضَةً مِّنَ ٱللَّهِ إِنَّ ٱللَّهَ كَانَ عَلِيمًا حَكِيمًا﴾ «Балаларыңа мұра қалдырғанда Алла Тағала сендерге мынаны бұйырады: ер балаға екі қыз баланың сыбағасындай үлес беріледі. Егер барлығы қыз бала болса һәм саны жағынан екеу немесе одан көп болса, онда оларға мирастың үштен екі бөлігі тиеді. Ал жалғыз қыз болса, оған мирастың тең жарымы тиеді. Марқұмның артында бала қалса, онда артында қалған ата-анасының әрқайсысына мирастың алтыдан бір бөлігі тиеді. Егер баласы болмай, дүние-мүлкіне артында қалған ата-анасы ғана мұрагерлік етсе, анасына үштен бірі тиеді. Ал туған бауырлары болса, анасына алтыдан бір бөлігі ғана тиеді. Мұндай бөліс марқұмның өсиеті орындалып, қарыздары толық өтелгеннен кейін жүзеге асады. Ата-аналарың мен балаларыңның қайсысының пайда жағынан өздеріңе жақынырақ екенін біле алмайсыңдар. Ендеше, бұл бөліс Алла тарапынан бекітілген парыз. Шүбәсіз, Алла – Алим, Хаким»3.

Түсіндірме

Ғалымдар «кәләлә» сөзін әртүрлі түсіндірген. Әбу Бәкір оны «мұрагерлерінің арасында әкесі де, ұлы да жоқ адам» деп түсіндірген. Сахабалардың, табиғиндердің және кейінгі ғалымдардың көпшілігі осы пікірді ұстанған.

Бұл сөз Құрандағы екі аятта кездеседі. Оны әртүрлі түсінуге болатыны ғалымдар арасында пікір айырмасын туғызған. Әл-Уахидидің айтуынша, «Ниса» сүресінің бас жағындағы аят қыста, соңғы аяты жазда түскен. Бұл аяттардағы мұрагерлер де бөлек. Алғашқысында шешесі бір, әкелері бөлек бауырлар, ал соңғысында әке-шешесі бір немесе әкесі бір бауырлар сөз болады.

Мүслимнің риуаятында Омар кәләлә мәселесінде бір тоқтамға келе алмай, Алла елшісіне жүгінгені анығырақ баяндалған. Алла елшісі оған аятты негізге алуды айтқан. Омар былай деген: «Өзімнен кейін назарымда кәләләдан маңызды мәселе қалдырмаймын. Ешбір мәселе жайында Алла елшісіне кәләлә туралы сұрағанымдай көп жүгінбедім. Ол да маған ешбір мәселеде осындай қатаң жауап берген емес. Ақырында кеудемді саусағымен түртіп: “Уа, Омар! ‘Ниса’ сүресінің соңғы аяты саған жеткіліксіз бе?” – деді. Ғұмырым жетсе, кәләлә жайында нақты үкім айтамын. Құран оқитын да, оқымайтын да сол үкіммен шешім шығарады».

Бұл аят сырқаттанып жатқан Жәбирдің сұрағына байланысты түскен. Алла елшісі (с.а.с.) Жәбир ибн Абдулланың көңілін сұрап барғанда, ол: «Уа, Алла елшісі! Менің жағдайым – кәләлә. Мирасым қалай бөлінеді?» – деп сұраған. Осыдан кейін аталған аят түскен. Үкімге қатысты ең соңғы түскен аят осы деген пікір бар.

  1. 1Муатта, Фараиз 7, (2, 515); Мүслим, Фараиз 9 (1617).
  2. 2Ниса сүресі, 176-аят.
  3. 3Ниса сүресі, 11-аят.