Хадис

«Мәриям» сүресі

Кутуб ситтә, 2-том, 71-тарау · 8 хадис · № 702–709

СҮРЕЛЕРДІҢ ТҮСУ СЕБЕПТЕРІ

Хадистер

702
Кутуб ситтә, № 702 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Мұғира ибн Шуғба

عَنِ الْمُغِيرَةِ بْنِ شُعْبَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَمَّا قَدِمْتُ نَجْرَانَ سَأَلُونِي فَقَالُوا: إِنَّكُمْ تَقْرَؤُونَ: ﴿يَا أُخْتَ هَارُونَ﴾، وَمُوسَىٰ قَبْلَ عِيسَىٰ بِكَذَا وَكَذَا. فَلَمَّا قَدِمْتُ عَلَىٰ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ سَأَلْتُهُ عَنْ ذَلِكَ، فَقَالَ: إِنَّهُمْ كَانُوا يُسَمُّونَ بِأَنْبِيَائِهِمْ وَالصَّالِحِينَ قَبْلَهُمْ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Муғира ибн Шуғба (р.а.) былай дейді: «Нәжранға барғанымда, жұрт менен: “Сендер ‘Уа, Һарунның қарындасы!’ деген аятты оқисыңдар. Мұса Исадан жүздеген жыл бұрын өмір сүрген ғой. Сонда Исаның анасы Мәриям қалайша Мұсаның бауыры Һарунның қарындасы болады?” – деп сұрады. Мәдинаға қайтып, Алла елшісінен (с.а.с.) осыны сұрадым. Ол: “Олар өздерінен бұрын өмір сүрген пайғамбарлар мен ізгі кісілердің есімдерін қоятын”, – деп жауап берді»1.

Түсіндірме

1. Ғалымдардың көбі осы хадиске сүйеніп, балаларға пайғамбарлардың есімін қоюға болады деген. Алла елшісі (с.а.с.) де ұлына Ибраһим деп ат қойған. Сахабалардың арасында да бұрынғы пайғамбарлардың есімін иеленгендер көп еді. Кей ғалымдар періштелердің есімін қоюға да рұқсат берген. Имам Мәлик секілді ғалымдар Жәбірейіл және Ясин деген есімдерді қоюды мәкрүһ санаған. Есім қою жайы № 113–120 хадистердің түсіндірмесінде кеңірек баяндалған.

2. Хадистегі Нәжран – жер атауы. Бұл атау бірнеше жерге ортақ. «Ән-Ниһаяда» Хижаз, Шам және Иеменнің арасындағы бір жердің атауы екені айтылады. Иеменде, Бахрейнде және Димашқ маңында да Нәжран аталатын жерлер болған.

Нәжран халқы христиан дінін ұстанған. Олар Алла елшісінің (с.а.с.) көзі тірісінде Мәдинаға елші жіберіп, мұсылмандармен бейбіт келісім жасасқан. Нәжрандықтар Мұсаның бауыры Һарунның Мәриямға аға болуы мүмкін емес деп, Құрандағы «Уа, Һарунның қарындасы!» деген сөздің мәнін сұраған. Тирмизидің нұсқасында Муғира ибн Шуғба: «Бұл сұраққа қалай жауап берерімді білмедім. Елге қайтып, болған жайды Алла елшісіне (с.а.с.) айттым», – дейді. Алла елшісі (с.а.с.): «Олар өздерінен бұрынғы пайғамбарлар мен ізгі кісілердің есімдерін қоятын», – деп жауап берген. Автор осы жауапқа сүйеніп, Мәриямның Һарун есімді ағасы болғанын айтады. Осы түсіндірмеге сай, аяттағы Һарун – әзірет Мәриямның ағасы. Ал Мұсаның (а.с.) бауыры Һарун (а.с.) шешендігімен белгілі болған.

Кей ғалымдар аяттағы сөзге сүйеніп, әзірет Мәриям Мұса пайғамбардың (а.с.) бауыры Һарунның (а.с.) ұрпағы болуы мүмкін деген. Осы пікірді ұстанғандар «Һарунның қарындасы» деген сөз сол туыстықты білдіреді деп түсіндірген. Араб ғұрпында Тәмим руынан шыққан кісіге «Уа, Тәмимнің бауыры!», ал Мудар тайпасының өкіліне «Уа, Мудардың бауыры!» деп тіл қату қалыпты болған. Тағы бір жорамал бойынша, Һарун күнәсін жасырмай жүрген кісі еді де, жұрт Мәриямды соған теңеген.

Ең дұрыс түсіндірме – Алла елшісінің (с.а.с.) айтқаны.

  1. 1«Мәриям» сүресі, 28-аят (үзінді). Мүслим, «Әдеп», 9 (2135). Тирмизи, «Тәпсір», «Мәриям» (Дарұссалам басылымында 3155, Жанан жинағында 3154).
703
Кутуб ситтә, № 703 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Сағид

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَرَأَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: ﴿وَأَنْذِرْهُمْ يَوْمَ الْحَسْرَةِ﴾، وَقَالَ: «يُؤْتَىٰ بِالْمَوْتِ كَأَنَّهُ كَبْشٌ أَمْلَحُ حَتَّىٰ يُوقَفَ عَلَى السُّورِ بَيْنَ الْجَنَّةِ وَالنَّارِ. فَيُقَالُ: يَا أَهْلَ الْجَنَّةِ، فَيَشْرَئِبُّونَ. وَيُقَالُ: يَا أَهْلَ النَّارِ، فَيَشْرَئِبُّونَ. فَيُقَالُ: هَلْ تَعْرِفُونَ هَذَا؟ فَيَقُولُونَ: نَعَمْ، هَذَا الْمَوْتُ. فَيُضْجَعُ فَيُذْبَحُ. فَلَوْلَا أَنَّ اللَّهَ قَضَىٰ لِأَهْلِ الْجَنَّةِ الْحَيَاةَ فِيهَا وَالْبَقَاءَ لَمَاتُوا فَرَحًا، وَلَوْلَا أَنَّ اللَّهَ قَضَىٰ لِأَهْلِ النَّارِ الْحَيَاةَ فِيهَا وَالْبَقَاءَ لَمَاتُوا تَرَحًا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Оларға өздеріне қатысты кесімді үкім беріліп, сол үкім жүзеге асырылатын һәм бәрі де кеш болатын қасірет пен өкінішке толы бір күн бар екенін ескерт. Олар күндерін ғапылдықпен өткізуде әрі иман етпеуде” деген аятты оқыды да, былай деді: “Қиямет күні өлім ала қошқар кейпінде әкелініп, жәннат пен тозақтың арасындағы қорғанның үстіне қойылады. ‘Уа, жәннат тұрғындары!’ – деп дауыстағанда, олар мойындарын созып қарайды. ‘Уа, тозақ тұрғындары!’ – деп дауыстағанда, олар да мойындарын созады. Сонда: ‘Мынаны таныдыңдар ма?’ – деп сұрайды. Бәрі: ‘Иә, бұл – өлім’, – дейді. Содан соң қошқарды жатқызып бауыздайды. Алла жәннат тұрғындарына онда мәңгі өмір сүруді жазбағанда, олар қуаныштан өліп кетер еді. Тозақ тұрғындарына да онда мәңгі қалуды жазбағанда, олар қайғыдан өліп кетер еді”».1

Түсіндірме

«أَمْلَحُ»: الَّذِي بَيَاضُهُ أَكْثَرُ مِنْ سَوَادِهِ، وَقِيلَ: هُوَ النَّقِيُّ الْبَيَاضِ. وَقَوْلُهُ: «فَيَشْرَئِبُّونَ» أَيْ يَرْفَعُونَ رُؤُوسَهُمْ لِيَنْظُرُوا إِلَيْهِ. «وَالتَّرَحُ» ضِدُّ الْفَرَحِ، وَهُوَ الْحَزَنُ.

Мәтіндегі «әмлах» сөзі қарасынан ағы басым ала түсті, кей түсіндірмеде таза ақ түсті білдіреді. «Фаяшраиббун» – көру үшін бастарын көтереді деген сөз. «Тарах» – қуанышқа қарама-қарсы ұғым, яғни қайғы.

Құртубидің айтуынша, өлімнің қошқар кейпінде әкелініп, бауыздалуы әзірет Ибраһимнің (а.с.) ұлы Исмаилдың орнына қошқардың құрбан етілгенін еске салады. Мұнда да қошқар адамдардың өтеуі болғанына ишара бар. Ғалым ала қошқардың ақ пен қара реңі жәннат тұрғындары мен тозақ тұрғындарын бейнелейді деп түсіндіреді. Екі топ үшін де өлім тоқтап, мәңгілік басталады. Өлімнің жұрт алдында қошқар кейпінде бауыздалуын ғалымдар әртүрлі жорамалдаған. Ибн әл-Араби былай дейді: «Бұл хадисті ақылмен түсіну қиын. Өлім – жауһар, яғни дербес дене емес, араз, яғни денеге тән күй. Күйдің өз алдына денеге айналуы мүмкін емес. Олай болса, оны бауыздау да мүмкін емес». Осыған сүйенген кей ғалымдар хадистің сахихтығына күмән келтірген. Басқалары хадисті сахих деп танып: «Мұнда бауыздау мысал түрінде айтылған», – деген. Тағы бір топ: «Бауыздау шынымен болады. Бауыздалатыны – өлімді бейнелейтін нәрсе. Оны жұрттың бәрі таниды, өйткені ол жандарды алуға міндеттелген», – деп түсіндірген.

Мәзири былай дейді: «Біздіңше, өлім – араз, яғни денеге тән өзге күйлердің бірі. Мұғтазила өлімді тіршіліктің болмауы деп түсіндіреді. Бірақ бұл пікір “Алла өлім мен өмірді жаратты”2 деген аятқа сай келмейді. Аят өлімнің де жаратылғанын анық білдіреді. Аталған екі көзқарас тұрғысынан алғанда да өлімнің қошқарға не өзге денеге айналуы мүмкін емес. Мұндағы мақсат – өлімнің тоқтағанын мысал арқылы көрсету». Мәзири сөзін жалғап: «Алла осы денені жаратады. Содан соң оны бауыздатып, жұртқа мысал етеді. Өйткені ақырет тұрғындары енді өлім көрмейді», – дейді.

Құртуби «Әт-Тәзкира» еңбегінде былай дейді: «Өлім – дербес денесі жоқ мағына. Мағына өздігінен денеге айналмайды. Алла ізгі амалдардың сауабын бейнелейтін тұлғалар жаратады. Сол секілді өлімді бейнелейтін қошқар жаратып, оны “өлім” деп атайды. Жәннат пен тозақ тұрғындарының жүректеріне сол қошқардың бауыздалуы әр топтың өз мекенінде мәңгі қалатынының белгісі екенін ұғындырады».

Бұл мәселені өзгеше жорамалдағандар да болған: «Алланың денеге тән күйлерді бейнелейтін денелер жаратуына ешбір кедергі жоқ. Мүслим келтірген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) “Бақара” мен “Әли Имран” сүрелерінің екі бұлт кейпінде келетінін айтқан. Хадистерде мұндай мысалдар кездеседі».

  1. 1«Мәриям» сүресі, 39-аят. Тирмизи, «Тәпсір», «Мәриям» (Дарұссалам басылымында 3156, Жанан жинағында 3155). Мәндес нұсқалары Бұхари, «Тәпсір», «Мәриям» (4730) және Мүслим, «Жәннат және оның сипаттары» (2849).
  2. 2«Мүлік» сүресі, 2-аят (үзінді).
704
Кутуб ситтә, № 704 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ قَتَادَةَ فِي قَوْلِهِ تَعَالَىٰ: ﴿وَرَفَعْنَاهُ مَكَانًا عَلِيًّا﴾، قَالَ: حَدَّثَنَا أَنَسُ بْنُ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ نَبِيَّ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «لَمَّا عُرِجَ بِي رَأَيْتُ إِدْرِيسَ فِي السَّمَاءِ الرَّابِعَةِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Қатада «Біз оның мәртебесін өсірдік һәм оны жоғарыға шығардық»1 деген аятқа қатысты Әнәс ибн Мәликтің (р.а.) Алла елшісінен (с.а.с.) жеткізген мына сөзін келтіреді: «Миғражға көтерілгенімде, аспанның төртінші қабатында Идристі (а.с.) көрдім»2.

Түсіндірме

«Мәриям» сүресінде Идрис (а.с.) туралы былай делінеді: «Әрі бұл Кітапта Идрис жайлы да сөз қозға. Шүбәсіз, ол өте турашыл жан әрі хақ пайғамбар еді. Біз оның мәртебесін өсірдік һәм оны жоғарыға шығардық.»3 Алла елшісі (с.а.с.) осы аятқа қатысты: «Миғражға көтерілгенімде, аспанның төртінші қабатында Идристі (а.с.) көрдім», – деген. Идристің (а.с.) пайғамбарлар арасында айрықша орны бар. Риуаяттарға қарағанда, оған отыз парақтан тұратын кітап берілген. Автор мұны адамзат өркениетінің дамуындағы маңызды бір кезең деп бағалайды. Бұған дейін жұрт жануарлардың терісін жамылып жүрсе, Идрис алғаш киім тігіп, тігілген киім киген делінеді. Сондықтан оны тігін өнерінің пірі санайды. Таңбаларды пайдаланып жазуды алғаш қолданған да сол деген риуаяттар бар. Ислам дәстүрінде жазу мәдениетінің, жұлдыздарды тану мен есеп ілімінің бастауы Идриспен (а.с.) байланыстырылады. Идристің (а.с.) Иса (а.с.) секілді тәнімен тірі екеніне сенетіндер де бар. Олардың тіршілік сатысы туралы Бәдиүззаман былай дейді: «Тіршіліктің үшінші сатысы – әзірет Идрис пен Исаның (а.с.) тіршілік сатысы. Олар адамға тән мұқтаждықтардан арылып, періштелердің өміріндей нұрлы, нәзік ғұмыр кешеді. Нәзіктігі мысал әлеміндегі бейнедей, нұры жұлдыздай болған осы дүниелік тәндерімен аспанда болады...»

  1. 1«Мәриям» сүресі, 57-аят.
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Мәриям» (Дарұссалам басылымында 3157, Жанан жинағында 3156).
  3. 3«Мәриям» сүресі, 56–57-аяттар.
705
Кутуб ситтә, № 705 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ لِجِبْرِيلَ: «مَا يَمْنَعُكَ أَنْ تَزُورَنَا أَكْثَرَ مِمَّا تَزُورُنَا؟» فَنَزَلَتْ: ﴿وَمَا نَتَنَزَّلُ إِلَّا بِأَمْرِ رَبِّكَ﴾ الْآيَةُ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Жәбірейілден (а.с.): “Бізге қазіргіден жиірек келуіңе не кедергі?” – деп сұрады. Сонда мына аят түсті: “‘Біз Раббыңның әмірімен ғана түсеміз. Алдымыздағы, артымыздағы және сол екі арадағының барлығы Оған ғана тиесілі. Әрі сенің Раббың ұмытшақ емес’, – деді”1»2.

Түсіндірме

Бұл риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) Жәбірейілмен (а.с.) жиірек жүздескісі келгені және осы тілегін оған айтқаны баяндалады. Оның сауалына жауап болып түскен уахи пайғамбарлыққа қатысты әр істің Алланың белгілеуімен, Оның хикметіне сай жүзеге асатынын көрсетеді. Бұл істер Алла елшісінің (с.а.с.) тілегіне де, өзге сыртқы себептерге де тәуелді болмаған. Пайғамбарлыққа қатысты мәселелер алдағы ақырет өміріне де, өткен дүние тіршілігіне де қатысты. Оларды тек осының бәрінің иесі Алла біледі және қалағанына білдіреді. Білімі шектеулі адам мұндай істі өз бетінше реттей алмайды.

Пайғамбарлықтың мәні мен уахидың қалай келетінін Алла елшісіне (с.а.с.) үйреткен осындай аяттар пайғамбарлықтың алғашқы жылдарында жиі түскен. «Мүззәммил», «Абаса» және «Мүддәссир» сүрелерін де осы тұрғыдан қарастыруға болады.

  1. 1«Мәриям» сүресі, 64-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Мәриям» (4731), «Жаратылыстың басталуы» (3218), «Таухид» (7455). Тирмизи, «Тәпсір», «Мәриям» (Дарұссалам басылымында 3158, Жанан жинағында 3157).
706
Кутуб ситтә, № 706 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ أُمِّ مُبَشِّرٍ الْأَنْصَارِيَّةِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ عِنْدَ حَفْصَةَ: «لَا يَدْخُلُ النَّارَ إِنْ شَاءَ اللَّهُ مِنْ أَصْحَابِ الشَّجَرَةِ أَحَدٌ، الَّذِينَ بَايَعُوا تَحْتَهَا». فَقَالَتْ حَفْصَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: «بَلَىٰ يَا رَسُولَ اللَّهِ». فَانْتَهَرَهَا. فَقَالَتْ: ﴿وَإِنْ مِنْكُمْ إِلَّا وَارِدُهَا﴾. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «قَدْ قَالَ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ: ﴿ثُمَّ نُنَجِّي الَّذِينَ اتَّقَوْا وَنَذَرُ الظَّالِمِينَ فِيهَا جِثِيًّا﴾». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Үммі Мубашшир әл-Ансария (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) Хафсаның (р.а.) жанында: “Алла қаласа, Хұдайбияда ағаш түбінде қол алысып, серт бергендердің, яғни асхабуш-шажараның ешқайсысы тозаққа кірмейді”, – дегенін естідім. Хафса: “Кіреді ғой, уа, Алланың елшісі!” – деді. Алла елшісі (с.а.с.) оған зекіді. Сонда Хафса: “Сендерден тозақтың басына бармай қалатын ешкім болмайды. Бұл Раббыңның кесімді үкімі”1 деген аятты оқыды. Алла елшісі (с.а.с.): “Алла тағы: ‘Содан кейін тақуалы жандарды құтқарып, залымдарды тозақта тізе бүккен күйі қалдырамыз’2 деген”, – деп жауап берді».3

Мұндағы тақуалар – Аллаға қарсы келуден сақтанған жандар. Залымдар деп Оған серік қосып, күпірлік жасағандар айтылған.

  1. 1«Мәриям» сүресі, 71-аят.
  2. 2«Мәриям» сүресі, 72-аят.
  3. 3Мүслим, «Сахабалардың артықшылығы», 163 (2496).
707
Кутуб ситтә, № 707 · тараудағы реті: 6

وَعَنِ السُّدِّيِّ قَالَ: سَأَلْتُ مُرَّةَ الْهَمْدَانِيَّ عَنْ قَوْلِ اللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ: ﴿وَإِنْ مِنْكُمْ إِلَّا وَارِدُهَا﴾، فَحَدَّثَنِي أَنَّ عَبْدَ اللَّهِ بْنَ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ حَدَّثَهُمْ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «يَرِدُ النَّاسُ النَّارَ ثُمَّ يَصْدُرُونَ مِنْهَا بِأَعْمَالِهِمْ، فَأَوَّلُهُمْ كَلَمْحِ الْبَرْقِ، ثُمَّ كَالرِّيحِ، ثُمَّ كَحُضْرِ الْفَرَسِ، ثُمَّ كَالرَّاكِبِ فِي رَحْلِهِ، ثُمَّ كَشَدِّ الرَّجُلِ، ثُمَّ كَمَشْيِهِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Судди былай дейді: «Мурра әл-Һамданиден “Сендерден тозақтың басына бармай қалатын ешкім болмайды” деген аят жайында сұрадым. Сонда ол Абдулла ибн Мәсғуд (р.а.) жеткізген мына хадисті айтты. Алла елшісі (с.а.с.): “Адамдар тозаққа соғады, содан кейін амалдарына қарай одан шығады. Алғашқылары найзағайдай жарқ етіп, келесілері желдей есіп өтеді. Одан кейінгілері – аттың шабысындай, келесілері салт аттының жүрісіндей, одан кейінгілері адамның жүгірісіндей, ең соңғылары жаяу жүргендей жылдамдықпен шығады”, – деген».1

Түсіндірме

«الْحُضْرُ» بِضَمِّ الْحَاءِ الْمُهْمَلَةِ وَسُكُونِ الضَّادِ الْمُعْجَمَةِ: الْعَدْوُ. وَ«الشَّدُّ» أَيْضًا الْعَدْوُ.

Арабша мәтіндегі «худр» және «шадд» сөздерінің екеуі де жүгіру дегенді білдіреді.

Ғалымдар аяттағы «уруд» сөзінің мағынасын әртүрлі түсіндірген. Біз оны «соға кету» деп тәржімаладық. Кей ғалымдар «кіру» деп ұққан. Бұл мағынаны қуаттайтын марфуғ риуаятты Жәбир (р.а.) жеткізген. Онда Алла елшісі (с.а.с.): «“Уруд” сөзі “духул”, яғни кіру дегенді білдіреді. Жақсысы да, жаманы да, ешкім қалмай тозаққа кіреді. Бірақ ол мүміндерге салқын болады және оларға зиян келтірмейді», – деген.

Абдулла ибн Мәсғуд (р.а.) былай түсіндіреді: «Аят “тозаққа кіреді” деген мағынаны білдіреді. Әркім жасаған амалына қарай одан ерте не кеш шығады». «Уруд» сөзін «үстінен өту» деп түсіндіргендер де бар. Бұл мағынаны Әбу Һурайра, Абдулла ибн Мәсғуд, Қатада және Кағб әл-Ахбардан жеткен риуаяттар қуаттайды. Кейбірінде мына сөздер қосылған:

«Содан кейін бір жаршы: “Уа, тозақ! Өз адамдарыңды алып қал да, менің адамдарымды жібер!” – деп жар салады. Сонда мүміндер денесіндегі дымқыл кеппей тұрып, тозақтан шығады». Аятты түсіндіретін риуаяттардың ішінде осы екі пікір ең сенімді саналады. Екі түсініктің мағынасы сабақтас. «Урудты» «кіру» деп ұққан кісі оның үстімен өтуді де меңзейді. Сырат арқылы тозақтың үстінен өткен адамның тозаққа кіргені де айтыла береді. Әркім сыраттан жасаған амалына сай әртүрлі күйде өтеді. Амалында ең жоғары дәрежеге жеткендер найзағайдай жарқ етіп, тіпті қиялдың ұшқынындай лезде өтеді деген түсіндірме бар. Осы пікірді Мүслим келтірген бір риуаят қуаттайды. Әзірет Хафса (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) «Хұдайбияда серт бергендердің ешқайсысы тозаққа кірмейді» деген сөзіне орай «Сендерден тозақтың басына бармай қалатын ешкім болмайды» деген аятты еске салған. Риуаят № 706 хадисте толық келтірілген.

Осы риуаятқа сүйенсек, аяттағы «урудты» тек кәпірлердің тозаққа кіруі, тозаққа жақындау, оны алыстан көру немесе мүміннің бұл дүниеде тұмау, безгек секілді аурулардан дене қызуының көтерілуі деп түсіндіру негізсіз. Демек, Алла елшісінің (с.а.с.) «Адамдар тозаққа соғады» деген сөзін мынадай мағынада түсінеміз: адамдар астында тозақ оты лаулаған сырат көпірінің үстімен өтеді. Олар лапылдаған жалынмен бетпе-бет келіп, оның гүрілін өз құлағымен естиді. Тирбуштидің айтуынша, «уруд» сөзінің бастапқы мағынасы – «суатқа келу». Кейін өзге мағынада да қолданыла бастаған. Аятта ол тозақтың үстіндегі көпірден өтуді білдіреді. Тибидің пікірінше, хадистегі «содан кейін амалдарына қарай одан шығады» деген тіркестегі «содан кейін» сөзі «Содан кейін тақуалы жандарды құтқарып...» деген аяттағы қолданысқа ұқсайды. Мұнда уақыт реті емес, дәреже айырмасы білдірілген. Аятта Алла тағала адамдардың тозаққа соғуы мен тақуалардың одан құтылуының айырмасын баяндайды. Хадисте де Алла елшісі (с.а.с.) тозаққа соғу мен одан шығудың айырмасын көрсеткен. Хадистегі «судур» сөзі «инсираф», яғни қайту, оралу мағынасында қолданылған.

Әли әл-Қари бұл пікірлерді былай түйіндейді: «Адамдар тозаққа соққан сәттен-ақ оның үрейінен, сұсты көрінісінен, шарпыған жалыны мен түтінінен, ілінген ілмектерінен және сол секілді ауыртпалықтардан ізгі амалдарының дәрежесіне қарай әртүрлі жылдамдықпен әрі әрқалай қиындық көріп құтылады».

Хадисте тозақтың үстімен алғаш өткендер найзағайдай жарқ етіп, одан кейінгілер тұлпардай жүйткіп, соңғылары аяң жүріспен өтетіні айтылған.

  1. 1«Мәриям» сүресі, 71-аят (үзінді). Тирмизи, «Тәпсір», «Мәриям» (Дарұссалам басылымында 3159, Жанан жинағында 3158).
708
Кутуб ситтә, № 708 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Хаббаб ибн әл-Әрат

وَعَنْ خَبَّابِ بْنِ الْأَرَتِّ قَالَ: «كُنْتُ قَيْنًا فِي الْجَاهِلِيَّةِ، فَعَمِلْتُ لِلْعَاصِ بْنِ وَائِلٍ السَّهْمِيِّ سَيْفًا، فَجِئْتُ أَتَقَاضَاهُ. فَقَالَ: لَا أُعْطِيكَ حَتَّىٰ تَكْفُرَ بِمُحَمَّدٍ. فَقُلْتُ: لَا أَكْفُرُ حَتَّىٰ يُمِيتَكَ اللَّهُ تَعَالَىٰ ثُمَّ تُبْعَثَ. قَالَ: وَإِنِّي لَمَيِّتٌ ثُمَّ مَبْعُوثٌ؟ قُلْتُ: بَلَىٰ. قَالَ: دَعْنِي حَتَّىٰ أَمُوتَ وَأُبْعَثَ، فَسَأُوتَىٰ مَالًا وَوَلَدًا فَأَقْضِيَكَ. فَنَزَلَتْ: ﴿أَفَرَأَيْتَ الَّذِي كَفَرَ بِآيَاتِنَا وَقَالَ لَأُوتَيَنَّ مَالًا وَوَلَدًا﴾ الْآيَةُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Хаббаб ибн әл-Әратт былай дейді: «Жаһилият дәуірінде темір ұстасы едім. Ас ибн Уәил әс-Сәһмиге қылыш соғып беріп, ақымды алуға бардым. Сонда ол:

– Мұхаммедті мойындаудан бас тартпайынша, ақыңды бермеймін, – деді. Оған:

– Сен өлгеннен кейін Алла сені қайта тірілткенге дейін де оны теріске шығармаймын, – дедім.

– Сонда мен өліп, қайта тіріледі екенмін ғой? – деді ол мысқылдап. Мен:

– Иә, – дедім. Сонда ол:

– Олай болса, мені қоя бер. Өлейін де, қайта тірілейін. Сонда маған мал-мүлік пен бала-шаға беріледі. Қарызыңды сол кезде өтеймін, – деді. Осыған орай мына аяттар түсті: “Аяттарымызды жоққа шығарып, күпірлік қылғанды һәм: ‘Маған байлық та, бала-шаға да беріледі’, – деп көкігенді көрдің бе? Сонда ол ғайыптан хабар алудың амалын тапты ма әлде Рахманның құзырында уәде алды ма? Жоқ, әсте олай болған емес! Біз оның айтқан сөзін жазып аламыз, содан кейін тартар азабын үстемелеп, созған үстіне соза түсеміз. Оның айтқандары Бізге мұра болып қалады да, дәргейімізге қара басы ғана келеді”1»2.

Түсіндірме

«الْقَيْنُ»: الْحَدَّادُ.

Хаббаб ибн әл-Әраттың (р.а.) осы риуаяты алғашқы мұсылмандардың мүшріктерден көрген мазағы мен қорлығының бір мысалы. Хаббаб та зор азап шеккендердің қатарында еді. Автор оның басқалардан көп қорлық көруін Меккенің тумасы болмағанымен байланыстырады. Оның Хузаға не Тәмим руынан шыққаны жөнінде әртүрлі пікір бар. Жаһилият дәуірінде оны араб текті құл ретінде Меккеде сатқан. Қожайынының кім болғаны жөнінде де бір пікір жоқ. Хаббаб – алғашқы мұсылмандардың бірі. Тіпті Исламды қабылдаған алғашқы алты кісінің алтыншысы болғаны айтылады. Мужаһидтің бір риуаятында Исламды алғаш ашық ұстанғандар ретінде Алла елшісі (с.а.с.), Әбу Бәкір, Хаббаб, Сухайб, Біләл, Аммар және Сумайя (Алла оларға разы болсын) аталады.

Мужаһидтің айтуынша, Алла елшісін (с.а.с.) көкесі Әбу Талиб, ал Әбу Бәкірді өз руы қорғаған. Ал қалған мұсылмандарды мүшріктер жалаңаш денелеріне темір сауыт кигізіп, аптап күннің астына тастап азаптаған. Хаббаб осының бәріне сабыр етіп, мүшріктерге бас имеген. Олар оның арқасына қызған темір басып, етін де, терісін де күйдірген. Хаббаб кейін былай деген: «Бір күні Алла елшісін (с.а.с.) Қағбаның көлеңкесінде шапанын жастанып жатқан жерінен көріп: “Бізге жәрдем тілемейсің бе? Аллаға біз үшін дұға етпейсің бе?” – дедік. Ол жүзі қызарып, дереу отырды да: “Сендерден бұрын өмір сүрген бір кісіні сенімі үшін қазылған шұңқырға отырғызған. Араны басына салып, денесін екіге бөлсе де, ол дінінен қайтпаған. Басқа біреулерді дінінен тайдырмақ болып, денелерін темір тарақпен сүйегі мен сіңіріне дейін тараса да, олар дінінен бас тартпаған. Сабыр етіңдер! Аллаға ант етейін, Ол бұл дінді толық орнықтырады. Сонда Сана қаласынан Хадрамаутқа бара жатқан жолаушы Алладан басқа ешкімнен қорықпайды. Қойына қасқыр шабар деп қана қауіптенеді. Ал сендер асығыстық жасап жатырсыңдар!” – деді».3

Хаббаб темір ұстасы, қылыш соғудың шебері еді. Алла елшісі (с.а.с.) оған анда-санда соғып тұратын. Мұны естіген қожайын әйел оны жазалап, басына қызған темір басады. Хаббаб болған жайды Алла елшісіне (с.а.с.) шағып айтады. Ол: «Уа, Раббым, Хаббабқа жәрдем ете гөр!» – деп дұға етеді. Сол сәтте әлгі әйелдің басы қатты ауырып, жан шыдатпас азаптан итше ұлыған. Жұрт оған: «Басыңды қызған темірмен қарыту керек», – дегенде, Хаббаб оның басын өз қолымен қарыған. Хаббаб ибн әл-Әратт Бәдір мен Ұхұдтан бастап Алла елшісімен (с.а.с.) бірге барлық жорыққа қатысқан.

Әзірет Омар (р.а.) мүшріктердің қандай қорлық көрсеткенін сұрағанда, Хаббаб арқасын ашып көрсетті. Терең тыртықтарын көрген Омар шошып: «Бүгінге дейін мұндай арқа көрмеппін!» – деді. Хаббаб: «Жерге от жағып, мені үстіне жатқызатын. Арқамнан еріп аққан май сол отты сөндіретін», – деп түсіндірді.

Хаббаб Исламның алғашқы жылдарындағы азапты еске алып: «Сондай ауыр күндерді бастан өткердік. Алла елшісі (с.а.с.) тыйым салмағанда, өлім тілеуші едік», – дейтін.

Бұрын көрген азабының зардабынан Хаббаб бір жолы ем үшін денесінің жеті жерін қарыттырған. Төсек тартып жатқанда, халін білуге келген сахабалар: «Неткен бақытты жансың! Бауырларыңмен Кәусар хауызында табысасың», – дейді. Хаббаб: «Өмірден озған бауырларымды есіме салдыңдар. Олар еткен қызметі мен тартқан азабының өтеуін бұл дүниеде көрмей кетті. Біз олардың соңында қалып, көп дүние-мүлікке кенелдік. Мұның бәрі бұрынғы амалдарымыз үшін дүниеде беріліп, ақыретке қалмаған сый ма деп қорқамын», – деп жауап береді.

Бір күні Хаббаб ибн әл-Әратт мешітке кіріп, бір шетке үнсіз жайғасады. Жұрт оған: «Бауырларың сені тыңдау үшін жиналды. Хадис айт немесе жақсылыққа үндеп бір ауыз сөз сөйле», – дейді. Сонда ол: «Оларға не айтамын? Өзім істемеген амалды оларға бұйырып қоярмын», – деп жауап береді.

Хаббаб ибн әл-Әратт Куфаға қоныстанып, һижраның 37-жылы сол жерде жетпіс үш жасында дүние салған. Оған дейін жұрт мәйітін үй ауласына немесе үйіне жақын жерге қоятын. Хаббаб алғаш болып өзін Куфаның сыртына жерлеуді өсиет еткен. Риуаятта әзірет Әли (р.а.) Сыффиннен қайтып келе жатып, Куфаға кіреберісте оң жақта қаз-қатар жатқан жеті қабірді көріп: «Мыналар не?» – деп сұрайды. Қасындағылар: «Уа, мүміндердің әміршісі! Сіз Сыффинге аттанғаннан көп ұзамай Хаббаб дүние салды. Куфа сыртына жерлеуді өсиет еткен соң, оны осында қойдық. Мұны естіген жұрт та марқұмдарын осы маңға жерлей бастады», – деп жауап береді.

Мұны естіген әзірет Әли: «Алла Хаббабқа мейірімін молынан жаудырсын! Өз еркімен мұсылман болды, әмірге бойсұнып, һижрет етті. Алла жолында күресіп ғұмыр кешті, тәні талай азап тартты. Алла игі амал істегеннің сыйын зая кетірмейді!» – деді.

Хаббабтың әзірет Әлимен бірге Сыффин мен Нахрауанға қатысқаны және жаназа намазын Әлидің өзі оқығаны да айтылады. Кей риуаяттарда Хаббаб әзірет Омардың халифалығы тұсында, һижраның 19-жылы дүние салған делінеді.

  1. 1«Мәриям» сүресі, 77–80-аяттар.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Мәриям» (4732–4735), «Ижара», 15, «Хусумат», 10, «Буюғ», 29. Мүслим, «Мунафиқун», 35 (2795). Тирмизи, «Тәпсір», «Мәриям» (Дарұссалам басылымында 3162, Жанан жинағында 3161).
  3. 3Бұхари, «Пайғамбарлықтың белгілері» (3612).
709
Кутуб ситтә, № 709 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «إِذَا أَحَبَّ اللَّهُ عَبْدًا نَادَىٰ جِبْرِيلَ: إِنِّي قَدْ أَحْبَبْتُ فُلَانًا فَأَحِبَّهُ. قَالَ: فَيُنَادِي فِي السَّمَاءِ، ثُمَّ تَنْزِلُ لَهُ الْمَحَبَّةُ فِي أَهْلِ الْأَرْضِ، فَذَلِكَ قَوْلُ اللَّهِ: ﴿إِنَّ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ سَيَجْعَلُ لَهُمُ الرَّحْمَٰنُ وُدًّا﴾. وَإِذَا أَبْغَضَ اللَّهُ عَبْدًا نَادَىٰ جِبْرِيلَ: إِنِّي قَدْ أَبْغَضْتُ فُلَانًا، فَيُنَادِي فِي السَّمَاءِ، ثُمَّ تَنْزِلُ لَهُ الْبَغْضَاءُ فِي الْأَرْضِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Алла бір құлын жақсы көрсе, Жәбірейілге (а.с.): “Мен пәленшені жақсы көрдім. Сен де оны жақсы көр!” – деп үн қатады. Жәбірейіл көкте осыны жария етеді. Содан соң әлгі кісіге деген сүйіспеншілік жер бетіндегі жұрттың жүрегіне түседі. Алланың мына сөзі осыны білдіреді: “Иман келтіріп, игі істер істегендер бар ғой, Рахман Алла оларды сүйікті қылады”1. Алла бір құлын жек көрсе, Жәбірейілге: “Мен пәленшені жек көрдім”, – деп үн қатады. Жәбірейіл көкте осыны жария етеді. Содан соң әлгі кісіге деген жеккөрініш жер бетіндегі жұрттың жүрегіне түседі»2.

Түсіндірме

Ғалымдар бұл хадисті былай түсіндірген: «Алланың құлын жақсы көруі – оған жақсылық пен тура жол тілеп, нығметке және мейірімге бөлеуі. Ал құлын жек көруі – оны жазалап, бақытсыздыққа душар етуді қалауы. Жәбірейіл мен өзге періштелердің жақсы көруін екі түрлі түсінуге болады:

1. Періштелер Алладан құлдың күнәсін кешіруін тілейді, оны мақтап, оған дұға етеді.

2. Бұл – жаратылыста бар, жұртқа таныс сүйіспеншілік. Ол жүректің біреуге не бір нәрсеге ауып, соған қауышуды аңсауынан көрінеді. Періштелердің құлды осылай жақсы көруінің себебі – оның Аллаға бойсұнып, Алланың сүйіспеншілігіне бөленуі».

Ибн Хажар: «Бұл хадистің бір нұсқасында осы сүйіспеншіліктің себебі мен мәні түсіндіріледі», – дейді.

Сәубанның риуаятында былай делінеді: «Пенде Алланың разылығын талмай іздейді. Ақырында Алла Жәбірейілге: “Пәленше құлым Менің разылығыма жетуге ұмтылып жүр. Біл, оған мейірімім түсті”, – дейді. Сонда Жәбірейіл: “Пәленшеге Алланың рақымы жаусын!” – дейді. Аршты көтерген періштелер мен олардың айналасындағылар да осыны айтады. Бұл тілек бір топ періштеден екіншісіне өтіп, жеті көктің тұрғындарына жетеді. Ақырында әлгі құлға арналған мейірім жерге түседі».3

Осы мағынаны әзірет Айша (р.а.) жеткізген риуаят та қуаттайды: «...Құлым нәпіл ғибадаттар арқылы Маған жақындай береді. Ақырында Мен оны жақсы көремін. Менен сұраса, сұрағанын беремін, дұға етсе, дұғасына жауап беремін. Істейтін істерімнің ешқайсысында бұл құлымның жанын алардағыдай кідірмеймін. Өйткені ол өлімді қаламайды, ал Мен оны қынжылтуды қаламаймын...»4

Имам Нәуәуи адамдар арасындағы сүйіспеншілік жайында: «Жұрттың кісіні жақсы көріп, оған разы болуы – көңілдерінің оған ауып, жүректерінің оған иілуі», – деген.

Ибн Кәсир аяттағы сүйіспеншілікті ізгі амал істеген кісіге өзге ізгі жандардың ықыласы ауатыны деп түсіндіреді: «Кім Мұхаммед (с.а.с.) әкелген шариғатқа бағынып, Алла разы болатын істер істесе, Алла ізгі жандардың жүрегіне сол кісіге деген сүйіспеншілік пен мейірім ұялатады. Бұл – Алланың уәдесі, сондықтан ол сөзсіз орындалады».

Хадистен мына ойды да ұғамыз. Адамдардың шын ықыласына бөленгісі келген кісі әуелі Алланың разылығын іздеп, Оның сүйіспеншілігіне лайық болуға ұмтылсын. Осыған жеткен жан жер бетінде шынайы сүйіспеншілікке бөленеді. Өзге жолмен келген ықылас көбіне жасанды, үстірт әрі өткінші болады. Мансап пен дүние-мүлікке бола орнаған достықтың жасанды екенін «Құлағанның досы болмайды» деген сөз де аңғартады. Ал Алла үшін бірін-бірі жақсы көрген жандардың сүйіспеншілігін ештеңе жоя алмайды. Құранның баяндауынша, осы сүйіспеншілікке дінді ұстанып, Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетіне еру арқылы жетеді. Құранда былай делінеді: «“Егер Алланы жақсы көрсеңдер, маған еріңдер. Сонда Алла да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді”, – деп айт. Алла – Ғафур, Рахим»5.

Алланың құлына жақсылық пен тура жолды қалауы – оны нығметке және мейірімге бөлеуі. Ал құлын жек көруі – оны жазалап, бақытсыздыққа душар етуі. Уа, Раббымыз! Жақсылығыңды тілейміз, қаһарыңнан мейіріміңе сыйынамыз!

  1. 1«Мәриям» сүресі, 96-аят.
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Мәриям» (Дарұссалам басылымында 3161, Жанан жинағында 3160).
  3. 3Ахмад ибн Ханбал, «Мүснад» (22401).
  4. 4Айша (р.а.) жеткізген нұсқа: Ахмад ибн Ханбал, «Мүснад» (26193). Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген мәндес нұсқа: Бұхари, «Риқақ» (6502).
  5. 5«Әли Имран» сүресі, 31-аят.