عَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ النِّسَاءُ لِلنَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ غَلَبَنَا عَلَيْكَ الرِّجَالُ، فَاجْعَلْ لَنَا يَوْمًا مِنْ نَفْسِكَ فَوَعَدَهُنَّ يَوْمًا، فَوَعَظَهُنَّ وَأَمَرَهُنَّ، وَكَانَ فِيمَا قَالَ لَهُنَّ: مَا مِنْكُنَّ امْرَأَةٌ تُقَدِّمُ ثَلَاثَةً مِنْ وَلَدِهَا إِلَّا كَانُوا لَهَا حِجَابًا مِنَ النَّارِ. فَقَالَتِ اِمْرَأَةٌ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، وَاثْنَيْنِ؟ قَالَ: وَاثْنَيْنِ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Әбу Сағид (р.а.) былай деген: «Әйелдер Алла елшісіне (с.а.с.): “Уа, Алла елшісі! Ерлер Сізді тыңдауға бізден гөрі көбірек мүмкіндік табады. Бізге де бір күн бөлсеңіз”, – деді.
Алла елшісі (с.а.с.) оларға бір күн бөлетінін айтты. Сол күні оларға насихат айтып, діннің әмірлерін үйретті. Айтқан сөздерінің бірі мынау еді: “Сендерден кімнің үш баласы өзінен бұрын дүние салса, олар оны тозақ отынан қорғайды”. Бір әйел: “Уа, Алла елшісі! Екі баласы болса ше?” – деп сұрады. Ол: “Екі баласы болса да”, – деп жауап берді».1
Түсіндірме
1. Хадис әйел сахабалардың дін ілімін үйренуге ынталы болғанын көрсетеді. Мешіттің артқы жағындағы әйелдерге арналған орыннан Алла елшісін тыңдау қиын болғандықтан, олар ілімді жақыннан тыңдау үшін өздеріне бір күн бөлуді сұраған.
2. Кей нұсқада Алла елшісі «Пәленшенің үйінде жиналыңдар» деп, әйелдерге насихатты мешіттен тыс, бір үйде айтқаны жеткізілген.
3. Риуаяттан Алла елшісінің әйелдердің дін үйренуіне ерекше мән бергені көрінеді.
4. Хадисте дүние салған балалардың жәннатқа кіретіні және ата-анасына тозақ отынан қалқан болатыны айтылған.
Бұл риуаятта екі баласы шетінеген ата-ананың жәннатқа кіретіні айтылған. Басқа риуаятта бір баласы шетінеген ананың жайы сұралғанда, Алла елшісі сәл кідіріп: «Бір баласы шетінесе де», – деп жауап берген. Тағы бір хадисте балиғатқа жетпеген үш баласы дүние салса, балалары оған ақыретте тозақ отынан берік қорған болатыны айтылған. Бір баланың да оттан қорғайтыны туралы риуаяттар бар. Ибн Хажар солардың ең айқыны ретінде Бұхаридің «Риқақ» тарауындағы мына хадисті келтіреді: «Алла Тағала: “Дүниеде құлымның жақсы көрген жақынын алсам, ол сабыр етіп, сауабын Менен күтсе, оған берер сыйым – жәннат”, – деді». Ибн Хажардың айтуынша, бұл үкім бір баласы шетінеген адамды да қамтиды.
عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «مَنْ قَدَّمَ ثَلَاثَةً لَمْ يَبْلُغُوا الْحُلُمَ كَانُوا لَهُ حِصْنًا حَصِينًا مِنَ النَّارِ». قَالَ أَبُو ذَرٍّ: قَدَّمْتُ اثْنَيْنِ. قَالَ: «وَاثْنَيْنِ». فَقَالَ أُبَيُّ بْنُ كَعْبٍ: قَدَّمْتُ وَاحِدًا. قَالَ: «وَوَاحِدًا، وَلَكِنْ إِنَّمَا ذَاكَ عِنْدَ الصَّدْمَةِ الْأُولَى». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Абдулла ибн Мәсғудтың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Кімнің балиғатқа жетпеген үш баласы өзінен бұрын дүние салса, олар оған тозақ отынан берік қорған болады», – деді. Әбу Зәрр: «Менің екі балам дүние салды», – деді. Ол: «Екі баласы болса да», – деді. Үбәй ибн Кағб: «Менің бір балам дүние салды», – деді. Ол: «Бір баласы болса да. Бірақ бұл алғашқы соққы кезіндегі сабырға байланысты», – деді.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «يَقُولُ اللَّهُ تَعَالَى: مَا لِعَبْدِيَ الْمُؤْمِنِ عِنْدِي جَزَاءٌ إِذَا قَبَضْتُ صَفِيَّهُ مِنْ أَهْلِ الدُّنْيَا ثُمَّ احْتَسَبَهُ إِلَّا الْجَنَّةُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Алла Тағала: “Дүниеде мүмін құлымның жақсы көрген жақынын алсам, ол сабыр етіп, сауабын Менен күтсе, оған берер сыйым – жәннат”, – деді».
- 1Бұхари, Илм 36, Жанаиз 6, Итисам 9; Мүслим, Бирр 152 (2633).