Хадис

Иман мен Исламға қатысты басқа хадистер

Кутуб ситтә, 1-том, 7-тарау · 4 хадис · № 49–52

Хадистер

49
Кутуб ситтә, № 49 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَثَلُ الْمُؤْمِنِ مَثَلُ الزَّرْعِ، لَا تَزَالُ الرِّيحُ تُمِيلُهُ، وَلَا يَزَالُ الْمُؤْمِنُ يُصِيبُهُ الْبَلَاءُ، وَمَثَلُ الْمُنَافِقِ كَشَجَرَةِ الْأَرْزِ، لَا تَهْتَزُّ حَتَّى تُسْتَحْصَدَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُّ. الْأَرْزُ (بِسُكُونِ الرَّاءِ) شَجَرُ الصَّنَوْبَرِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді:

«Мүмін жел қайта-қайта иетін егін сабағына ұқсайды. Мүмінге де сынақ ұдайы келіп тұрады. Ал мұнафық кесілгенше шайқалмайтын самырсынға ұқсайды».1

Түсіндірме

Бұл хадисте мүмін тоқтаусыз соққан желге бірде оңға, бірде солға иілсе де, сынбай бойын түзейтін жас өскінге теңелген. Әл-Айни хадисті былай түсіндіреді: «Мүмін Аллаға иман келтірген. Денсаулық пен сырқат, нығмет пен тауқымет сияқты өмірдің алуан құбылысы оның ұстанған бағытын өзгертпейді, құлшылығы мен иманын шайқалтпайды. Нығметке кенелсе, шүкір етеді. Басына тауқымет түссе, сабыр сақтайды. Тіпті сабырының сауабын ойлап, Раббысына шүкір етеді. Ал кәпір мен мұнафықтың халі өзгеше. Алла оны тауқыметпен сынауды қаламайды. Ақыреттегі есебі ауырлай түсуі үшін денсаулық беріп, дүниелік істерін жеңілдетеді, табысқа жеткізеді. Ал оны опат етуді қалағанда, ол салмақты ағаш құлағандай құлайды. Қатты азап пен қасірет тартып жан тапсырады»2.

  1. 1Бұхари, «Марда», 1. Тирмизи, «Әмсал», 4 (№2866). Мүслим, «Сыфатул-мунафиқин», 58 (№2809).
  2. 2Бәдруддин әл-Айни, «Умдатул-Қари», 21-том, 210-бет.
50
Кутуб ситтә, № 50 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَثَلُ الْمُؤْمِنِ كَمَثَلِ شَجَرَةٍ خَضْرَاءَ لَا يَسْقُطُ وَرَقُهَا وَلَا يَتَحَاتُّ». فَقَالَ الْقَوْمُ: «هِيَ شَجَرَةُ كَذَا، هِيَ شَجَرَةُ كَذَا». فَأَرَدْتُ أَنْ أَقُولَ: «هِيَ النَّخْلَةُ»، فَاسْتَحْيَيْتُ. فَقَالَ: «هِيَ النَّخْلَةُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Бірде Алла елшісі (с.а.с.): “Мүмін жапырағы түспейтін жасыл ағашқа ұқсайды”, – деді. Жұрт: “Пәлен ағаш, түген ағаш”, – деп жорамалдады. Мен: “Ол – құрма ағашы”, – дегім келді, бірақ жастығымнан ұялдым. Сонда Алла елшісі: “Ол – құрма ағашы”, – деді»1.

  1. 1Бұхари, «Ілім», 4, «Әдеп», 79. Мүслим, «Сыфатул-мунафиқин», 64 (№2811).
51
Кутуб ситтә, № 51 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ النَّوَّاسِ بْنِ سَمْعَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى ضَرَبَ مَثَلًا صِرَاطًا مُسْتَقِيمًا، عَلَى كَتِفَيِ الصِّرَاطِ دَارَانِ (وَفِي رِوَايَةٍ: سُورَانِ)، لَهُمَا أَبْوَابٌ مُفَتَّحَةٌ، عَلَى الْأَبْوَابِ سُتُورٌ، وَدَاعٍ يَدْعُو عَلَى رَأْسِ الصِّرَاطِ، وَدَاعٍ يَدْعُو فَوْقَهُ: ﴿وَاللَّهُ يَدْعُو إِلَى دَارِ السَّلَامِ وَيَهْدِي مَنْ يَشَاءُ إِلَى صِرَاطٍ مُسْتَقِيمٍ﴾. فَالْأَبْوَابُ الَّتِي عَلَى كَتِفَيِ الصِّرَاطِ حُدُودُ اللَّهِ تَعَالَى، فَلَا يَقَعُ أَحَدٌ فِي حُدُودِ اللَّهِ تَعَالَى حَتَّى يَكْشِفَ السِّتْرَ، وَالَّذِي يَدْعُو مِنْ فَوْقِهِ وَاعِظُ رَبِّهِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ، وَفَسَّرَهُ رَزِينٌ فِي حَدِيثٍ رَوَاهُ عَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ الصِّرَاطَ هُوَ الْإِسْلَامُ، وَأَنَّ الْأَبْوَابَ مَحَارِمُ اللَّهِ تَعَالَى، وَالسُّتُورُ حُدُودُ اللَّهِ، وَالدَّاعِي عَلَى رَأْسِ الصِّرَاطِ هُوَ الْقُرْآنُ، وَالدَّاعِي فَوْقَهُ وَاعِظُ اللَّهِ تَعَالَى فِي قَلْبِ كُلِّ مُؤْمِنٍ».

Қазақша аудармасы

Нәууас ибн Сәмған (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Алла тағала тура жолды мысалға келтірді. Жолдың екі қапталында екі үй бар (бір риуаятта “екі дуал” делінген). Үйлердің есіктері айқара ашық, ал есіктеріне перде тұтылған. Жолдың басында бір жаршы, одан жоғарыда тағы бір жаршы жұртты шақырып тұрады: “Алла құлдарын бейбітшілік пен есендік мекені Ұжмаққа шақырады және қалағанын тура жолға салады”1. Жолдың екі жағындағы есіктер – Алла белгілеген шектер. Ешкім пердені ашпайынша ол шектен аттамайды. Жоғарыдан шақырған жаршы – Раббысының насихатшысы»2.

Рәзин бұл тәмсілді Ибн Масғудтан (р.а.) жеткен хадиспен түсіндіреді: «Тура жол – Ислам, есіктер – Алла харам еткен істер, перделер – Алла белгілеген шектер. Жолдың басындағы жаршы – Құран Кәрім. Одан жоғары тұрған жаршы – Алланың әр мүміннің жүрегіне салған насихатшысы».

Түсіндірме

Ардақты Пайғамбар (с.а.с.) терең ақиқатты тәмсілмен жеткізіп, оны ұғынуды жеңілдеткен әрі жадта сақталуына жол ашқан. Ибн Аббас (р.а.) осы тәмсілдегі бейнелерді түсіндірген. Одан жеткен тағы бір түсіндірмеде былай делінеді: «Бір адам әлгі есіктердің бірін ашпақ болғанда, жолдың үстіндегі жаршы: “Аша көрме! Ашсаң, сол есіктен кіріп кетесің”, – деп ескертеді».

  1. 1«Юнус» сүресі, 25-аят.
  2. 2Тирмизи, «Әмсал», 1 (№2859).
52
Кутуб ситтә, № 52 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «بَدَأَ الْإِسْلَامُ غَرِيبًا، وَسَيَعُودُ غَرِيبًا كَمَا بَدَأَ، فَطُوبَى لِلْغُرَبَاءِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Ислам ғаріп күйде басталды, әу бастағыдай қайтадан ғаріп күйге оралады. Ғаріптер қандай бақытты!»1

Түсіндірме

Бұл хадисті имам Мүслим «Сахих» жинағының «Иман» бөлімінде келтірген.

Имам Мәликтен жеткен түсіндірмеде хадис Мәдинаға қатысты делінеді. Бұл пікір бойынша, Ислам Мәдинада ғаріп күйде басталып, кейін сонда қайта оралады.

Қази Ияздың түсіндіруінше, хадистің тікелей мағынасы жалпыға ортақ. Әуелі санаулы адам қабылдаған Ислам бірте-бірте кең тарап, оған көпшілік қосылды. Кейін оны ұстанушылардың саны қайта азайып, алғашқы кездегідей аз ғана адам қалады. «Ғаріптерге сүйінші!» деген сөздің алғашқы кезде азап шеккен мұһажирлер мен кейін азшылыққа айналып, қиындық көретін мұсылмандарға қатысты айтылғаны да бар.

Кей ғалымдар бұл хадисті ескерту деп ұқса, енді біреулері одан үміт көрген. Олардың пайымынша, Ислам алғаш тараған кезде бұрын-соңды болмаған өрлеуге жеткені сияқты, қиямет жақындағанда да сондай өрлеуді бастан кешеді. Елмалылы Мұхаммед Хамди Языр «Нәмл» сүресінің соңғы аяттарын тәпсірлегенде осы хадиске сүйеніп, ойын былай жеткізеді: «Аят Исламның келешегі күндізгідей жарық боларына меңзейді. Ара-тұра түн қараңғылығы басса, ол Исламды тынықтырып, қайта ояту үшін келгендей. Елге мәлім бір хадисте: “Ислам ғаріп болып басталды. Әуелгі қалпына оралып, қайта ғаріп болады. Ғаріптерге сүйінші!” – делінген».

Язырдың айтуынша, көп адам хадистегі «сәйәғуду» етістігін «сәйәсиру», яғни «сондай күйге енеді» мағынасындағы көмекші етістік деп қабылдаған. Содан «Ислам ғаріп болып басталды да, кейін қайта ғаріп күйге түседі» деген ескертуді ғана ұғып, үмітсіздікке түскен. Алайда «Қамус» сөздігінде көрсетілгендей, «ғадә» етістігі «қайта оралып, жаңадан басталу» мағынасында да қолданылады.

Языр хадисті «Ислам әуелі ғаріп күйде басталды, кейін әуелгідей ғаріп күйде қайта басталады. Сол ғаріптерге сүйінші!» деп те түсіндіреді. Хадис соңындағы «фәтуба» сөзі оның сүйінші хабар екенін көрсетеді. Әуелгі ғаріп күйге оралу туралы ескерту де бар. Соның өзінде қайта басталатыны туралы сүйінші айтылады. «Ғаріптерге сүйінші!» делінуі де содан. Олар Исламға алғаш кіргендерге, яғни «сабиқун әл-әууәлунге» ұқсайды. Демек, хадис үміт сыйлайды. Арабтар طُوبَى сөзін екі түрде қолданады: طُوبَاكَ немесе طُوبَى لَكَ. Тәпсіршілер бұл сөздің мағынасы туралы әртүрлі пікір айтқан. Ибн Аббастың түсіндіруінше, ол «қуаныш, шаттық» дегенді білдіреді. Икриманың айтуынша, мағынасы – «Жақсылыққа қол жеткіздің». Кей ғалымдар оны жәннат деп түсіндірсе, енді біреулері жәннаттағы ағаш деп ұққан. Имам Нәуәуидің айтуынша, хадистегі طُوبَى сөзі осы мағыналардың бәрін қамтиды.

Ахмад ибн Ханбалдың «Мүснад» жинағында Пайғамбардың (с.а.с.) мына сүйіншісі келтіріледі: «Алла жер бетіндегі балшықтан қаланған әр үйге де, жүннен тігілген әр баспанаға да Ислам сөзін жеткізеді. Біреулерді абыройға бөлеп, осы дінді ұстанушылардың қатарына қосады, ал біреулерді қор қылады да, олар оған бағынады».

Миқдад ибн әл-Әсуад (р.а.) жеткізген бұл хадистің мағынасын Тәмим әд-Дәри (р.а.) жеткізген мына риуаят та қуаттайды:

«Бұл дін күн мен түн жеткен жердің бәріне сөзсіз жетеді. Алла бұл дінді балшықтан қаланған әр үйге де, жүннен тігілген әр баспанаға да жеткізеді. Біреулер абыройға бөленеді, біреулер қор болады. Алла осы арқылы Исламды ардақтап, күпірлікті қор қылады».

Құран мен сүннетке берік болу

  1. 1Мүслим, «Иман», 232 (№145). Тирмизидегі Ибн Масғуд риуаяты: «Иман», 13 (№2629).