Хадис

Мезгілдердің артықшылығы. Мерекелер

Кутуб ситтә, 10-том, 685-тарау · 2 хадис · № 4561–4562

Хадистер

4561
Кутуб ситтә, № 4561 · тараудағы реті: 1

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ قُرْطٍ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ أَعْظَمَ الْأَيَّامِ عِنْدَ اللَّهِ يَوْمُ النَّحْرِ ثُمَّ يَوْمُ الْقَرِّ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. قَالَ ثَوْرٌ: وَهُوَ الْيَوْمُ الثَّانِي.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Құрт жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Алланың алдында ең ұлық күн – құрбандық шалатын күн, одан кейінгісі – қарр күні”, – деді». Сәурдің түсіндіруінше, қарр – Құрбан айттың екінші күні.1

Жанан келтірген нұсқада «нафр күні» делініп, ол Тәшриқ күндерінің екінші күні деп түсіндірілген.

  1. 1Әбу Дәуіт, Манасик 19 (1765).
4562
Кутуб ситтә, № 4562 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَدِمَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ الْمَدِينَةَ وَلَهُمْ يَوْمَانِ يَلْعَبُونَ فِيهِمَا فَقَالَ: مَا هَذَانِ الْيَوْمَانِ؟ قَالُوا: كُنَّا نَلْعَبُ فِيهِمَا فِي الْجَاهِلِيَّةِ. فَقَالَ ﷺ: قَدْ أَبْدَلَكُمُ اللَّهُ خَيْرًا مِنْهُمَا: يَوْمَ الْأَضْحَى وَيَوْمَ الْفِطْرِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әнәс (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.) Мәдинаға келгенде, жұрт жыл сайын екі күнді ойын-сауықпен өткізетін. Ол: “Бұл қандай күндер?” – деп сұрады. Олар: “Жаһилият дәуірінде осы екі күні көңіл көтеретінбіз”, – деді. Расулалла (с.а.с.): “Алла сендерге бұл екеуінің орнына бұлардан қайырлы екі күнді – Құрбан айт пен Ораза айтты берді”, – деді».1

Түсіндірме

Хадистегі «Мәдинаға келу» һижретті білдіреді. Мәдиналықтар көңіл көтеріп, Наурыз бен Михрижан деген екі мерекені атап өтетін. «Наурыз» парсыша «жаңа күн» дегенді білдіреді. Бұл күні Күн Хамл шоқжұлдызына кіретін. Ескі күнтізбеде ол жаңа жылдың басы еді. Наурызға қарама-қарсы келетін Михрижан күзге сәйкес келеді. Сол күні Күн Таразы шоқжұлдызына кіреді. Бұл күндері күн мен түн теңеледі, ауа райы тым салқын да, тым ыстық та болмайды. Көне астрономдар осы екі күнді мереке етіп белгілеген, сол заманда жұрт жұлдызшыларды қадір тұтқандықтан, оларға еліктеп, екі күнді тойлау дәстүрге айналған деп жорамалданады. Ислам мәдени өмірдің әр саласында дербестік пен өзіндік ерекшелікті ұстанғандықтан, жаһилияттан қалған бұл әдетті де жойып, күллі мүміннің Жаратушысы белгілеген екі мерекені әкелді. Ол мерекелердің қайырлырақ мейрамдармен алмастырылуының маңызы бар. Осылайша мейрамның мазмұны мен оны тойлау жолы өзгерді. Расулалла бұрынғы мейрамдардан өзгеше ислам мейрамдарын енгізді. Мүміндердің көңіл көтеруі мен мейрамы да ислам сипатында болды. Мүміннің мейрамы құлшылықтан басталады, өйткені шынайы қуаныш құлшылықта. Аят мүміндерге Алланың кеңшілігі мен рақымына қуануды бұйырады: ﴿قُلْ بِفَضْلِ ٱللَّهِ وَبِرَحْمَتِهِۦ فَبِذَٰلِكَ فَلْيَفْرَحُوا۟﴾ «Оларға: “Бұл тек Алланың шексіз жақсылығы мен рақымының арқасы. Ендеше, тек осыған қуансын» («Юнус», 58). Кейбір ғалымдар осы сөзден Наурызды, Михрижанды және кәпірлердің өзге мерекелерін тойлауға тыйым салынғанына дәлел көрген. Ханафи фиқһ ғалымы Әбу Хафс әл-Кәбир: «Мүмін Наурыз күні сол күнді ұлықтап, бір мүшрікке жұмыртқа сыйласа, Аллаға күпірлік еткен болады, амалдарының бәрі зая кетеді», – деген. Ханафи фиқһ ғалымдарының бірі Қади Әбул Мәхасин ибн Мансұр былай дейді: «Сол күні басқа уақытта сатып алмайтын нәрсені сатып алған немесе кәпірлер секілді сол күнді ұлықтап, біреуге сый берген адам күпірлік еткен болады. Өзі жеу үшін не рахаттану үшін сатып алса, бұл – мәкруһ. Әдетке еріп, біреудің көңілін табу үшін сыйлық сатып алуы да мәкруһ. Өйткені мұндай іс кәпірлерге ұқсауға жатады».

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат 245 (1134); Нәсәи, Иәдәйн 1, (3, 179).