Хадис

Нәжаши

Кутуб ситтә, 10-том, 681-тарау · 1 хадис · № 4553

Хадистер

4553
Кутуб ситтә, № 4553 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «لَمَّا مَاتَ النَّجَاشِيُّ رَحِمَهُ اللَّهُ كُنَّا نَتَحَدَّثُ أَنَّهُ لَا يَزَالُ يُرَى عَلَى قَبْرِهِ نُورٌ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) жеткізеді: «Нәжаши (Алла оны рақымына алсын) дүниеден өткеннен кейін, оның қабірінің үстінен ұдайы нұр көрінетінін айтып жүретінбіз».1

Түсіндірме

«Нәжаши» хабаш тілінде «патша» дегенді білдіреді. Біздің тіліміздегі «сұлтан», «патша», «мемлекет басшысы» деген атауларға ұқсайды. Ислам дереккөздерінде Нәжаши деп Расулалла дәуіріндегі Хабаш патшасын атайды. Оның шын аты – Асһама. Ол Расулалланың (с.а.с.) көзі тірісінде исламды қабылдап, өзінен пана сұрап келген мұсылмандарды қорғап, оларға қамқорлық көрсеткен. Елін паналаған мұсылмандарды қайтаруды талап еткен меккелік мүшріктердің өтінішін қабылдамаған. Нәжаши Мекке азат етілерден бұрын дүниеден өтті. Ол дүние салған күні Алла елшісі (с.а.с.): «Бүгін ізгі бір құл қайтыс болды. Оның аты – Асһама. Тұрыңдар, бауырымыз Асһаманың жаназасын оқиық», – деп, Мәдинада төрт тәкбір айтып, ғайып жаназасын оқыды. Кейін жеткен хабар Нәжашидің жаназа оқылған күні дүниеден өткенін растады. Осылайша Пайғамбарымыздың тағы бір мұғжизасы көрінді. Кейбір риуаяттарда мына аят Нәжаши жайында түскен делінеді: ﴿وَإِنَّ مِنْ أَهْلِ ٱلْكِتَٰبِ لَمَن يُؤْمِنُ بِٱللَّهِ وَمَآ أُنزِلَ إِلَيْكُمْ وَمَآ أُنزِلَ إِلَيْهِمْ خَٰشِعِينَ لِلَّهِ لَا يَشْتَرُونَ بِـَٔايَٰتِ ٱللَّهِ ثَمَنًا قَلِيلًا أُو۟لَٰٓئِكَ لَهُمْ أَجْرُهُمْ عِندَ رَبِّهِمْ إِنَّ ٱللَّهَ سَرِيعُ ٱلْحِسَابِ﴾ «Шүбәсіз, кітап иелерінің арасында Аллаға иман келтіретін, сендерге түсірілгенге және өздеріне түсірілгенге кәміл сенетін һәм Алладан шын именіп, жан-тәнімен мойынсұнатындар да бар. Олар Алланың аяттарын арзан бағаға сатпайды. Олардың алар сауабы мен сый-сияпаты Раббыларының дәргейінде. Шүбәсіз, Алла – жауапқа өте жылдам тартушы» («Әли Имран», 199).

  1. 1Әбу Дәуіт, Жиһад 29 (2523).