1. Әбу Убәйданың (р.а.) толық есімі – Әмір ибн Абдулла ибн әл-Жәррах. Оның шежіресі Алла Елшісінің (с.а.с.) шежіресімен жетінші атада тоғысады. «Әмин» – сенім артуға болатын адам. Бұл – Алла Елшісінің де көрнекті қасиеттерінің бірі. Ол жаһилия кезінде «Мұхаммед әл-Әмин» деген атпен танылған. Алла Елшісі сахабаларын бойындағы басым қасиетімен атаған. Сенімділік Әбу Убәйданың бойында айрықша көрінгендіктен, оны «үмбеттің сенімді адамы» деп атаған.
2. Мүслімдегі басқа нұсқада йемендіктердің орнына нәжрандықтар аталады. Нәжран Йеменге жақын болғандықтан, екі атау бір өңірді меңзеуі мүмкін. Бұл екі бөлек оқиға болуы да ықтимал. Ибн Хажар бірінші жорамалды құптаған.
3. Әбу Убәйда ибн әл-Жәррах (р.а.) – жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның бірі. Ол Исламды алғашқы болып қабылдағандардың қатарында еді. Хабашстанға, кейін Мәдинаға көшті. Алла Елшісі (с.а.с.) оны Мәдинада Әбу Талха әл-Ансаримен бауырластырған. «Әл-Қауи әл-Әмин», яғни «қайратты да сенімді» деген атпен танылған Әбу Убәйда Бәдір, Ұхұд және өзге жорықтарға Пайғамбармен бірге қатысты.
Алла Елшісі (с.а.с.) дүние салған күні халифа таңдау мәселесі көтерілді. Әбу Бәкір: «Сендер үшін мына екі кісіге разымын, бірі – Омар ибн әл-Хаттаб, екіншісі – Әбу Убәйда ибн әл-Жәррах», – деп екеуінің бірін ұсынды.
Әбу Бәкірдің халифалығы кезінде Әбу Убәйда Шамға аттанған қолбасшылардың бірі болды. Омар халифа болғанда, Халид ибн Уәлидтің орнына оны тағайындады. Қызметін тапсырып тұрып, Халид әскерге: «Сендерге осы үмбеттің сенімді адамы қолбасшы болды», – деді. Сонда Әбу Убәйда: «Алла Елшісінің (с.а.с.) “Халид – Алланың қылыштарының бірі” дегенін естідім», – деп жауап берді.
Бір тарихи хабарда Әбу Убәйданың Бәдірде өзіне қарсы шыққан әкесінен әуелде бойын аулақ салғаны, кейін шайқас үстінде оны өлтіргені айтылады. Кейбір тәпсірлерде бұл оқиға «Мүжәдәлә» сүресінің 22-аятымен байланыстырылған. «Аллаға және ақырет күніне иман келтірген елдің Алла мен Елшісіне қарсы шыққандарды, мейлі олар әкесі, баласы, бауыры немесе туысы болса да, дос тұтқанын көрмейсің. Алла олардың жүректеріне иман жазып, Өз тарапынан рухпен қолдады. Оларды астынан өзендер ағатын, мәңгі қалатын жәннат бақтарына кіргізеді. Алла оларға разы, олар да Аллаға разы. Міне, бұлар – Алланың жақтастары. Біліңдер, Алланың жақтастары – мұратына жеткендер».
Омар (р.а.) халифа кезінде Шамға келіп, Әбу Убәйданың үйіне кірді. Қылышы, қалқаны мен азын-аулақ үй жабдығынан өзге мүлік көрмеді. «Үйіңе біраз зат алсаң болмас па еді?» – деп сұрады. Әбу Убәйда: «Уа, мүміндердің әміршісі! Артық мүлік бізді күндіз ұйықтауға жетелейді», – деді. Аллаға беретін есебінен қорқып: «Қошқар болып жаралсам ғой. Ием сойып, етін жеп, сорпасын ішер еді», – деген сөзі де жеткен.
Бір деректе Әбу Убәйданың Бәйт әл-Мақдисте намаз оқуға бара жатып, һижраның 18-жылы, елу сегіз жасында Иорданиядағы Фихлда дүние салғаны айтылады. Екінші бір деректе оның Әмуас обасынан қайтыс болғаны көрсетіледі. Дүние саларында өз орнына Мұғазды (р.а.) қалдырған.