عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: كَانَتِ امْرَأْتَانِ مَعَهُمَا ابْنَاهُمَا جَاءَ الذِّئْبُ فَذَهَبَ بِابْنِ إِحْدَاهُمَا. فَقَالَتْ لِصَاحِبَتِهَا: إِنَّمَا ذَهَبَ بِابْنِكِ، وَقَالَتِ الْأُخْرَى: إِنَّمَا ذَهَبَ بِابْنِكِ. فَتَحَاكَمَتَا إِلَى دَاوُدَ عَلَيْهِ السَّلَامُ فَقَضَى بِهِ لِلْكُبْرَى فَخَرَجَتَا عَلَى سُلَيْمَانَ عَلَيْهِ السَّلَامُ فَأَخْبَرَتَاهُ. فَقَالَ: ائْتُونِي بِالسِّكِّينِ أَشُقُّهُ بَيْنَهُمَا. فَقَالَتِ الصُّغْرَى: لَا تَفْعَلْ يَرْحَمُكَ اللَّهُ، هُوَ ابْنُهَا، فَقَضَى بِهِ لِلصُّغْرَى». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Екі әйелдің қасында бір-бір баласы бар еді. Бір кезде қасқыр келіп, балалардың бірін алып кетті. Бір әйел екіншісіне: “Қасқыр сенің балаңды әкетті”, – деді. Екіншісі де: “Сенің балаңды әкетті”, – деп қарсыласты.
Екі әйел дауын Дәуітке (а.с.) жеткізді. Дәуіт баланы жасы үлкен әйелге беруге үкім шығарды. Әйелдер шығып, Сүлейменге (а.с.) болған жайды баяндады. Ол: “Маған пышақ әкеліңдер, баланы екеуіңе бөліп берейін”, – деді. Сонда жасы кіші әйел: “Алла рақым етсін, олай етпеңіз! Бала осы әйелдікі”, – деді. Сүлеймен баланы жасы кіші әйелге беруге үкім шығарды»1.
Түсіндірме
Бұл оқиғадан Сүлеймен пайғамбардың көрегендігі байқалады. Баласынан айырылған ана мен баласын бергісі келмеген ананың дауын шешу оңай емес еді. Сүлеймен әр әйелдің балаға деген жанашырлығын аңғарып, сәбидің шын анасын таныды.
Хадистің басқа нұсқасында Сүлеймен (а.с.): «Баланы екіге бөліп, жартысын біріне, жартысын екіншісіне беріңдер», – дегенде, үлкен әйел: «Иә, бөліңдер», – дейді. Кіші әйел: «Жоқ, балаға тимеңіздер, ол мына әйелдікі», – деп жалынады. Сонда Сүлеймен баланы жасы кіші әйелге береді.
Сүлеймен кіші әйелдің айтқанына ғана сүйенбей, оның баланы аман алып қалуға ұмтылғанын ескерді. Түсіндірушілер бұл оқиғадан төрелік айтушы шындықты ашу үшін тараптардың сөзін де, іс-әрекетін де таразылай алады деген тұжырым жасаған.
- 1Бұхари, «Фараиз», 30-тарау, №6769 және «Әнбия», 40-тарау, №3427. Мүслим, «Ақдия», №1720. Нәсәи, «Қудат», 14-тарау (8-том, 235-бет).