1. Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте ілім мен ғалымның қадірін ашып көрсеткен. Алла ілім іздеген адамға жәннат жолын жеңілдетеді. Періштелер оған құрмет көрсетеді. Аспан мен жердегі тіршілік иелері ғалым үшін кешірім тілейді. Ғалымның дәрежесі құлшылыққа берілген кісіден толған айдың жұлдыздардан жарық болғанындай артық. Ғалымдар – пайғамбарлардың мұрагерлері. Ілімге қол жеткізген адам мол несібеге ие болады.
2. Періштелердің ілім іздеген кісіге қанат жаюын ғалымдар әртүрлі түсіндірген. Бір пікір бойынша, бұл – ілім іздеушінің ақысын ардақтау, ілімін құрметтеу. Құранда қанат жаю осыған жақын мағынада айтылған: ﴿وَاخْفِضْ لَهُمَا جَنَاحَ الذُّلِّ مِنَ الرَّحْمَةِ﴾ «Олардың алдында барынша мейірімді, мейілінше кішіпейіл әрі тіл алғыш бол!»2
Кей ғалымдар мұны періштелердің ұшуын тоқтатып, ілім іздеушінің қасына қонуы деп түсінген. Хадисте де Алланы еске алған жамағатты періштелер қоршап, оларды рақым баурайтыны айтылады. Бір пікір бойынша, періштелер ілім іздеушіні қалаған еліне, діттеген жеріне жеткізу үшін қанат жаяды. Тағы бір түсіндірме бойынша, олар ілім алушыға көмектесіп, оқуын жеңілдетеді.
3. Балықтар мен өзге тіршілік иелерінің ғалым үшін кешірім тілеуі туралы Хаттаби былай дейді: «Алла балықтан бастап барлық жануардың пайдасы мен қажетіне қатысты ілімді ғалымдарға берген. Ненің адал, ненің арам екенін, жануарға ненің пайда, ненің зиян әкелетінін жұртқа ғалымдар түсіндіреді. Оларға жақсылық жасап, зиян келтірмеуді үйретеді. Ғалымдардың осы қамқорлығының өтеуі ретінде Алла жануарларға олар үшін кешірім тілеуді үйреткен».
4. Ғалымдар хадистегі құрметке парыздар мен бекітілген сүннеттерді орындайтын шәкірттер мен ғұламалар бөленеді деген. Ілім іздеудегі мақсаты дүние ғана болған адам бұл құрметке ие болмайды. Хадистегі құлшылық иесі – ғибадатының дұрыс орындалуына қажет ілімі бар әрі бос уақытын нәпіл құлшылыққа арнайтын кісі.
5. Әл-Қади: «Алла елшісінің ғалымды толған айға, құлшылық иесін жұлдызға теңеуінде мән бар. Құлшылықтың нұры оны атқарған кісінің өзінде қалады. Ал ғалымның нұры ай жарығындай айналасына тарайды», – дейді.
6. Хадисте пайғамбарлардың динар мен дирһамды мұраға қалдырмағаны айтылған. Динар – алтын, дирһам – күміс ақша. Құн өлшемі болғандықтан, екі атау да бүкіл дүние-мүліктің орнына айтылған. Пайғамбарлар өткінші дүниенің игілігін қажетіне ғана жаратқан. Адамдар оларды арттарына бөлісетін дүние қалдыруды көздеді деп ойламасын деп, еншілеп берер мал-мүлік қалдырмаған.
7. Хадис ілімнен алған үлестің дүниемен өлшенбес берекелі несібе екенін айтып, сондай несібеге ұмтылуға үндейді.
Алла елшісінің (с.а.с.) ілім туралы айтқанын техника мен жаратылыстану тұрғысынан қарасақ та, оның растығын көреміз. Жаңа технология, жаңа дәрі немесе жаңа формула тапқан адам өзіне де, еліне де абырой әкеледі. Нобель сыйлығын алған адамдар мен бақуатты, озық елдердің табысы да ілімдегі ізденіспен байланысты. Алла елшісінің бұдан он төрт ғасыр бұрын айтқан бұл сөздері – пайғамбарлығының хақтығына дәлел.