1. Бұл хадистер ақылы мен еркін толық басқара алмаған адамның талағына қатысты. Соңғы үш риуаят Бұхаридің иғлақ, яғни зорлау, қорқыту не ашу үстінде айтылған талақ пен мас және ақыл-есінен айырылған адамның талағы жайындағы тарау тақырыбында иснадсыз келтірілген.
2. Риуаяттарда адамның еркіне тәуелсіз мына жағдайлар аталған.
Мағтуһ – ақыл-есі кеміген кісі. Мұнда қартаю салдарынан алжасу да осы ұғымға жатқызылған.
Мүкрәһ – бір істі зорлықпен жасауға мәжбүрленген кісі. Ол істі өз еркімен атқармайды.
Мәжнүн – ақыл-есінен айырылған кісі. Ертедегі қолданыста «жынды» делінген.
Бала – балиғатқа жетпеген адам. Ақылы әлі толық толыспағандықтан, ол қамқоршының қарамағында болады және толық құқықтық дербестікке ие болмайды.
Ұйқыдағы адам өз сөзін басқара алмайды. Ұйқыда айтқан сөзі саналы сөзге жатпайды.
Мас – мас қылатын ішімдік ішіп, ақыл-есін билей алмай қалған кісі.
Осы жағдайлардың бәрінде адам ақылы мен еркін толық басқара алмайды.
3. Алғашқы ғалымдар адамның мұндай жағдайда фиқыһ тұрғысынан жауапты болуы туралы әртүрлі пікір айтқан. Риуаяттарға қарағанда, аталған алты жағдайдың бәрінде жауапкершілік түседі деуге ортақ келісім болмаған. Бұхаридағы Осман мен Ибн Аббастан жеткен риуаяттар мәуқуф, яғни сахабалардың өз сөзі ретінде берілген. Енді әр жағдай жөніндегі үкімдерге тоқталайық.
Мүкрәһ, яғни талақ айтуға мәжбүрленген адам
Бұл мәселе даулы. Ибраһим Нәһәи: «Біреудің қысымына шыдай алмай талақ айтқан кісінің талағы жарамды. Ол сол арқылы жанын сақтап қалады», – деген. Ханафи ғалымдары да осы пікірде. Нәһәи мәжбүрленген адам астарлап, басқа сөз айтса, талақ түспейтінін де айтқан. Шағбидің пікірінше, қарақшылар мәжбүрлесе, талақ түседі, ал билеуші мәжбүрлесе, талақ түспейді. Ол қарақшының адамды өлтіруден тайынбауы мүмкін екенін, ал билеушіден мұндай әрекет күтілмейтінін ескерген. Ғалымдардың көпшілігі мәжбүрлікпен айтылған сөзді есепке алмаған. Ата мына аятқа сүйенген: ﴿إِلَّا مَنْ أُكْرِهَ وَقَلْبُهُۥ مُطْمَئِنٌّۢ بِٱلْإِيمَٰنِ﴾ «Алайда жүрегі иман нұрымен нұрланып, көңілі жай тапқан соң, қатты қысым көріп күпірлік сөзді еріксіз айтқан жанның жөні бөлек» («Нахл» сүресі, 106-аяттан). Ол ширк талақтан әлдеқайда ауыр екенін айтқан. Имам Шәфиғи де осы пікірге қосылып, Алла мәжбүрленген кісіден күпірліктің үкімін алып тастаса, күпірліктен жеңіл істердің үкімін алып тастауға да негіз бар деген.
Мас адамның талағы
Мас адамның талағына қатысты пікірлер әртүрлі. Ибн Әбу Шәйба Ата, Тауус, Икрима, Қасым мен Омар ибн Абдулазиздің мұндай талақты жарамсыз санағанын жазған. Ибн Хажар Рабиға, Ләйс, Исхақ, Музәни және Тахауидің де осы пікірде болғанын жеткізген. Тахауи ақыл-есі бұзылған адамның талағы жүрмейтініне ғалымдар келіскенін, ал мас кісінің ақыл-есі мас болғандықтан бұзылатынын айтқан.
Табиғиндерден Сағид ибн әл-Мусайяб, Хасан Басри, Ибраһим Нәһәи, Зуһри және Шағби мас адамның талағын жарамды санаған. Әузағи, Сәури, Имам Мәлик және Әбу Ханифа да осы пікірде. Шәфиғиден екі пікір жеткен. Кейінгі, дұрыс деп танылған пікірі бойынша, мас адамның талағы жарамды.
Ханбали мәзһабында бұл мәселе жөнінде әртүрлі пікір бар.
Мастың талағын жарамды санағандар былай дейді: «Ол ақылын тұмшалайтын ішімдікті ішу арқылы Аллаға қарсы келген. Сол себепті жазадан да, күнәдан да босатылмайды. Намаз бен басқа міндеттер оған мас болғанға дейін бұйырылған».
Тахауи бұған былай жауап берген: «Ақылын толық билей алмай қалған адамның үкіміне келгенде, ақылдың өздігінен не сыртқы себептен тұмшалануының айырмасы жоқ. Намаз оқуға күші жетпеген кісі де әлсіздігі өзінен не өзге себептен болса да, бір үкімге бағынады. Мысалы, өз аяғын кескен адамнан да намазда тік тұру парызы түседі».
Тахауиге: «Тік тұра алмаған кісі намазын отырып оқиды. Оның міндеті басқа қалыпта орындалады. Намаздың үкімі мен мастықтың үкімі бөлек», – деп жауап берген.
Ибн Баттал былай дейді: «Адамда негізінен ақыл бар. Мастық – ақылды тұмшалайтын кейінгі күй. Кісі белгілі бір мағынасы бар сөз айтса, ақыл-есінен айырылғаны анықталғанға дейін есі дұрыс деп есептеледі».
Ибн Хажар мас адамның есін жиғанда айтпайтын сөзді айтып, істемейтін істі істеуі мүмкін екенін айтады. Ол мына аятқа сүйенеді: ﴿لَا تَقْرَبُوا۟ ٱلصَّلَوٰةَ وَأَنتُمْ سُكَٰرَىٰ حَتَّىٰ تَعْلَمُوا۟ مَا تَقُولُونَ﴾ «Мас кездеріңде өздеріңнің не айтып тұрғандарыңды білетіндей естеріңді жиғанға дейін, намазға жақындамаңдар» («Ниса» сүресі, 43-аяттан). Айтқанын біліп тұрған кісінің ақыл-есінен айырылмағанын осы аят көрсетеді деген.
Жаңылысып немесе ұмытып талақ айту
Ғалымдар байқаусызда жаңылысып немесе ұмытып талақ сөзін айтып қойған кісінің талағы түсе ме деген мәселені талқылаған. Кейбірі аят пен хадиске сүйеніп, талақ түспейді деген, өзгелері талақ түседі деп есептеген. Алғашқы пікірді ұстанғандар ﴿رَبَّنَا لَا تُؤَاخِذْنَآ إِن نَّسِينَآ أَوْ أَخْطَأْنَا﴾ «Уа, Раббымыз! Егер ұмытып кеткен немесе қателік жасаған болсақ, сол үшін бізді жауапқа тарта көрме!» («Бақара» сүресі, 286-аяттан) деген аят үзіндісін және Ибн Мәжадағы «Алла үмбетімнің жаңылысып, ұмытып немесе мәжбүрлікпен істегенін кешірді» деген хадисті дәлелге келтіреді. Көпшілік бұл жағдайларда талақ түспейді деген. Ханафи ғалымдары басқа сөз айтпақ болған ердің аузынан жаңылысып «Сен талақсың» деген сөз шықса, талақ түседі деген.
Ақыл-есі кем адам
Ақыл-есінен айырылған адамның істері үшін жауап бермейтініне ғалымдар бірауыздан келіскен. Оның талағы жүрмейтінін білдіретін анық риуаяттар да бар.
Бала
Баланың талағына қатысты ғалымдар әртүрлі пікірде болған. Бұған «бала» сөзінің туғаннан балиғатқа дейінгі бүкіл кезеңге қолданылуы себеп болуы мүмкін. Бұл аралықтағы балалардың ақылы мен жетілу деңгейі бірдей емес. Ибн әл-Мусайяб пен Хасан Басри ақылы жетіп, өзі шешім қабылдай алатын баланың талағын жарамды санаған. Ахмад ибн Ханбал ораза ұстауға шамасы жеткен балаға хад жазасы қолданылуы мүмкін деген. Ата он екі жастағы баланы, Мәлик балиғатқа таяған баланы осы санатқа жатқызған.
Ғалымдардың көпшілігі баланың құқықтық дербестігі балиғатқа жеткенде басталады, оған дейін айтқан талағы жарамсыз деген.
Бұхариде Әлидің «Ақыл-есінен айырылған адамның талағынан өзге талақ жарамды» деген сөзі келтірілген. Бұл сөзден баланың талағын да жарамды деуге болатынына назар аударылған.
Тирмизи бұл риуаятты الْمَغْلُوبِ عَلَى عَقْلِهِ «ақыл-есін билей алмаған» деген сөзбен мәрфуғ, яғни Пайғамбарға (с.а.с.) телінген түрде келтірген.
Ғалымдар қате түсінікке жол бермеу үшін «мағтуһ» сөзінің ақыл-есі кеміген адамды білдіретінін ескерткен. Бұған бала, ақыл-есінен айырылған және мас адам да жатқызылған.
Ғалымдардың көпшілігі мағтуһ адамның талағын жарамсыз санаған. Хадиске сүйенген кейбір ғалымдар уәсуәсаның билігінде қалған адамның талағы да жүрмейді деген.