Хадис

Жеуге мәкруһ тағамдар

Кутуб ситтә, 9-том, 532-тарау · 3 хадис · № 3926–3928

Хадистер

3926
Кутуб ситтә, № 3926 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Жәбир

عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ أَكَلَ ثُومًا أَوْ بَصَلًا فَلْيَعْتَزِلْنَا أَوْ لِيَعْتَزِلْ مَسْجِدَنَا، وَلْيَقْعُدْ فِي بَيْتِهِ، وَأَنَّهُ أُتِيَ بِقِدْرٍ فِيهِ خَضِرَاتٌ مِنْ بُقُولٍ، فَوَجَدَ لَهَا رِيحًا فَسَأَلَ، فَأُخْبِرَ بِمَا فِيهَا مِنَ الْبُقُولِ، فَقَالَ: قَرِّبُوهَا إِلَى بَعْضِ أَصْحَابِهِ كَانَ مَعَهُ، فَلَمَّا رَآهُ كَرِهَ أَكْلَهَا، قَالَ: كُلْ فَإِنِّي أُنَاجِي مَنْ لَا تُنَاجِي». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Сарымсақ не пияз жеген кісі бізден немесе мешітімізден аулақ болып, үйінде отырсын».

Жәбир сөзін жалғап: «Алла елшісіне (с.а.с.) бірде көк шөптен әзірленген бір қазан ас әкелінді. Иісін сезіп, ішінде не барын сұрады. Қандай көк шөп салынғанын айтқанда, асты жанындағы сахабалардың біріне ұсынуды бұйырды. Оның жеуге тартынғанын көргенде: “Жей бер. Өйткені мен сен тілдеспейтіндермен тілдесемін”, – деді», – деп жеткізеді.1

  1. 1Бұхари, Атғима 49, Салат, 160, Иғтисам, 24; Мүслим, Мәсажид, 73 (564); Әбу Дәуіт, Атғима 41 (3822); Тирмизи, Атғима 13 (1807); Нәсәи, Мәсажид, 16 (2, 43).
3927
Кутуб ситтә, № 3927 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әли

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نُهِينَا عَنْ أَكْلِ الثُّومِ إِلَّا مَطْبُوخًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әли (р.а.) айтады: «Бізге сарымсақты піспеген күйінде жеуге тыйым салынды».1

  1. 1Әбу Дәуіт, Атғима 41 (3828); Тирмизи, Атғима 14 (1809).
3928
Кутуб ситтә, № 3928 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ أَبِي زِيَادِ خِيَارِ بْنِ سَلَمَةَ قَالَ: «سَأَلْتُ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا عَنِ الْبَصَلِ، فَقَالَتْ: إِنَّ آخِرَ طَعَامٍ أَكَلَهُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ كَانَ فِيهِ بَصَلٌ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Зияд Хияр ибн Сәләма былай дейді: «Айша анамыздан (р.а.) пияз туралы сұрадым. Ол: “Алла елшісінің (с.а.с.) ең соңғы жеген асында пияз бар еді”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

1. Хадистерде сарымсақ пен пияз жеу жайы жиі сөз болады. Жиі аталуы олардың өздігінен мәкрүһ екенін білдірмейді.

2. Сарымсақ пен пияз жағымсыз иіс шығаратындықтан, оларды шикідей жеу ұнамсыз саналған. Олардың бірін жеген адамға мешітке бармай, үйде қалуға кеңес берілген (№3926 хадис). Өйткені мешітке мұсылмандар жиналады, оған рақым періштелері түседі. Жағымсыз иістің періштелерге де тиетінін ескеру қажет. Алла елшісінің айтуынша, адамды мазалаған нәрсе періштелерді де мазалайды.

3. Кейбір ғалымдар тыйымды Пайғамбар мешітіне ғана қатысты деп түсінген. Көпшілік ғалымдар оны барлық мешітке ортақ үкім санаған. Олар кейбір хадистердегі «Пияз не сарымсақ жеген адам мешіттерімізге жақындамасын» деген ескертуді дәлел етеді. «Мешіттеріміз» деген сөздің көпше түрде келуі үкімнің аясын көрсетеді.

4. Алғашқы хадисте иісі өткір көкөніс салынған ыдыстың кімге берілгені аталмайды. Кейбір риуаяттарда ол сахабаның Әбу Әйюб әл-Ансари екені айтылады.

5. Алғашқы хадистегі «Сен тілдеспейтіндермен мен тілдесемін» деген сөзде періштелер меңзелген. «Нәжуа» сөзі жасырын сөйлесуді, сыбырласуды, оңаша тілдесуді білдіреді.

6. Әли әл-Қаридің айтуынша, екінші риуаяттағы тыйым сарымсақ пен пиязды шикідей жеуге қатысты. Пісірілгеніне бұл тыйым жүрмейді.

7. Үшінші риуаяттан (№3928) Алла елшісінің (с.а.с.) де піскен пияз жегенін аңғарамыз. Ибн әл-Мәлік кейбір ғалымдардың мына пікірін жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) өмірінің соңында пияз жеу тахрими мәкрүһке жатпайтынын, танзиһи мәкрүһ екенін көрсету үшін пияз жеген».

8. Ғалымдар сарымсақ пен пияз жөніндегі хадистерді жинақтай келе, мынадай тұжырымға келген: «Мешітке не жамағат бас қосатын жерге баратын адамның оларды шикідей жеуі – танзиһи мәкрүһ. Үйінде қалатын адамға оларды шикідей жеу мәкрүһ саналмайды».

9. Фиқһ ғалымдары бұл үкімді шалғам секілді жағымсыз иіс шығаратын өзге көкөністерге де қолданған.

  1. 1Әбу Дәуіт, Атғима 41, (3829).