Хадис

Қоян

Кутуб ситтә, 9-том, 521-тарау · 2 хадис · № 3905–3906

Хадистер

3905
Кутуб ситтә, № 3905 · тараудағы реті: 1

عَنْ خَالِدِ بْنِ الْحُوَيْرِثِ قَالَ: «صَادَ رَجُلٌ أَرْنَبًا فَجَاءَ بِهَا إِلَى عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فَقَالَ: مَا تَقُولُ؟ فَقَالَ: قَدْ جِيءَ بِهَا إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ وَأَنَا جَالِسٌ مَعَهُ فَلَمْ يَأْكُلْهَا وَلَمْ يَنْهَ عَنْ أَكْلِهَا، وَزَعَمَ أَنَّهَا تَحِيضُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Халид ибн әл-Хуайрис айтады: «Бір кісі қоян аулап, оны Абдулла ибн Омарға (р.а.) әкелді де: “Бұған не дейсің?” – деп сұрады. Абдулла: “Алла елшісіне (с.а.с.) де қоян әкелгенде, қасында отырған едім. Ол қоянның етін жемеді әрі оны жеуге тыйым салмады. Қоян етеккір көреді деп айтқан”, – деді».1

  1. 1Әбу Дәуіт, Атғима 27 (3792).
3906
Кутуб ситтә, № 3906 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «مَرَرْنَا فَأَنْفَجْنَا أَرْنَبًا بِمَرِّ الظَّهْرَانِ فَسَعَوْا فَلَغَبُوا قَالَ: فَسَعَيْتُ حَتَّى أَدْرَكْتُهَا فَأَخَذْتُهَا، وَأَتَيْتُ بِهَا أَبَا طَلْحَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، فَذَبَحَهَا بِمَرْوَةٍ، فَبَعَثَ مَعِي بِفَخِذِهَا إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَأَكَلَهُ. قِيلَ لَهُ: أَكَلَهُ؟ قَالَ: قَبِلَهُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ. «أَنْفَجْنَا»: أَثَرْنَا.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) айтады: «Марр әз-Заһраннан өтіп бара жатқанда, бір қоянды үркітіп алдық. Жолдастарым соңынан қуып, ұстай алмай қалды. Мен жүгіріп қуып жетіп, ұстап алдым да, Әбу Талхаға (р.а.) әкелдім. Ол қоянды өткір таспен сойып, сан етін мен арқылы Алла елшісіне (с.а.с.) беріп жіберді. Алла елшісі оны жеді». Әнастан: «Ол етті жеді ме?» – деп сұрағанда: «Қабыл алды», – деді.1

Түсіндірме

1. Жахыз қоян туралы өз дәуіріндегі түсінікті былай жеткізген: «Қоян өте қорқақ аң ретінде білінеді. Жұптасуға құмар. Бір жыл еркек, бір жыл ұрғашы болады. Хайыз көретіні тағы бар. Көзін ашып ұйықтайды». Марр Заһран: Меккеден біршама алыстау жердің атауы.

2. Қоян етін жеу жайындағы риуаяттар әртүрлі. Әбу Һурайрадан (р.а.) бір бәдәуидің Алла елшісіне (с.а.с.) отқа қақталған қоян әкелгені жеткен. Ол өзі жемей, сахабаларына жеуді айтқан. Ғалымдардың көбі осы риуаяттарға сүйеніп, қоян етін адал санаған. Абдулла ибн Омар (р.а.), табиғин Икрима және фақиһ Мұхаммед ибн Әбу Ләйла оны мәкруһ көрген. Олар Хузайма ибн Жәздің мына риуаятын негізге алады: «Уа, Алла елшісі, қоян еті жайында не дейсіз?» – деп сұрадым. Ол: «Өзім жемеймін, жеуге тыйым да салмаймын», – деді. «Харам етпейінше жей беремін. Өзіңіз неліктен жемейсіз?» – дегенімде: «Алла маған оның етеккір көретінін білдірді», – деді. Ибн Хажар хадистің тізбегін әлсіз санап, «Тізбегі сахих болғанның өзінде, бұл сөз қоян етін мәкруһ деуге дәлел болмайды» дейді. Мұны №3905 хадис те қуаттайды. Нәуәуидің айтуынша, Имам Мәлик, Әбу Ханифа, Шәфиғи, Ахмад ибн Ханбал және өзге көптеген ғалым қоян етін адал санаған.

3. Хадис жабайы аңды жатқан жерінен үркітіп, қуып ұстауға рұқсат барын көрсетеді. «Аңды қуалаған адам ғапылдыққа ұрынады» деген мағынадағы хадис бұл айтылғанға қайшы болып есептелмейді, өйткені бұл екінші хадис аңшылықпен орынсыз айналысқан, аңды қуалаймын деп бірқатар маңызды жайттарды елемейтіндерге тән.

4. Аңды кім ұстаса, сол иеленеді. Бірге қуғандар оның олжасынан үлес талап ете алмайды.

5. Аулаған аңды сыйға тартуға да, ондай сыйды алуға да болады. Қуана қабылдайтыны мәлім болса, атақ-дәрежесі жоғары кісіге де шағын сый ұсынуға болады.

6. Ата-ана баласының иелігіндегі нәрсені оның өз пайдасына жұмсай алады.

  1. 1Бұхари, Сайд 32, 10, Хиба 5; Мүслим, Сайд 53 (1953); Әбу Дәуіт, Атғима 27 (3791); Тирмизи, Атғима 2 (1790); Нәсәи, Сайд 25 (7, 196).