Қазақша аудармасы
Әбу әл-Хаура (Алла оған рақым етсін) былай дейді: «Хасан ибн Әлиден (р.а.) “Алла Елшісінен (с.а.с.) не жаттап алдыңыз?” – деп сұрадым. Ол: “Оның ‘Көңіліңе күмән ұялатқан нәрсені қойып, күмән тудырмайтынға жүгін. Шыншылдық көңілді орнықтырады, өтірік күмән тудырады’ деген сөзін жаттап алдым”, – деді».1
«Бирр» ұғымының түсіндірмесі
Бірінші хадисте шыншылдықтың адамды биррге, яғни ізгілікке жетелейтіні айтылады. Осы мағынада «бирр» сөзі нені қамтиды?
Бирр – шынайы ниетпен істелген ізгі амал. Бұл ұғым Алланың разылығы үшін жасалған жақсылықтардың бәрін қамтиды. Кей аяттарда ата-ананың ақысын өтеуді білдірсе, басқа аяттарда Аллаға және ақырет күніне иман келтіру, құлшылық ету, сөзде тұру, шындықты ұстану және Алла жолында мал-мүліктен садақа беру секілді ізгі істерді қамтиды.2
«Бирр» ұғымына күнә, асылық пен жамандық қарсы қойылады.
Хадис шыншылдықтың адамды құлшылыққа жетелейтінін білдіреді. Шыншыл жан ізгі амал арқылы Алланың разылығына ұмтылады.
Шыншылдықтың бір мағынасы Исламмен сабақтас. Ислам – уахиға негізделген ақиқат. Ол адамдарды ізгі іске және пайдалы бастамаға үндейді. Исламды қабылдаған адам осындай жақсылықтарға бет бұрады.
2. Құранда шыншылдықтың адамның дәрежесін қалай көтеретініне мысал бар. Кәғб ибн Мәлік өз басынан өткен оқиғаны өзі баяндаған (№652 хадис). Ол салғырттық танытып, Тәбук жорығына қатыспай қалады. Көптеген мұнафық та әртүрлі сылтау айтып, жорықтан қалған еді. Алла Елшісі (с.а.с.) қайтып оралғанда, олар түрлі себепті алға тартып, кешірім сұрайды. Пайғамбар (с.а.с.) олардың сырттай айтқан уәжіне қарсы ештеңе демейді. Кәғб пен екі жолдасы сылтау іздемей, қателігін мойындап, қатты өкінеді. Алла Елшісі (с.а.с.) Алладан үкім келгенше оларға ешкімнің тіл қатпауын бұйырады. Бұл жағдай елу күнге созылды. Аятта айтылғандай, «Жер кең бола тұра, оларға тар келді».3 Ақыры шыншылдығының арқасында үшеуінің де тәубесі қабыл болып, олар Алланың рақымына бөленді. Алла – Тәууаб, құлдарының тәубесін қайта-қайта қабыл етуші, әрі Рахим, Өзіне бет бұрған мүміндерге ерекше мейірімді.4
Кәғб ибн Мәлік пен екі жолдасы шындықты айтып, одан айнымағандықтан Алланың кешіріміне бөленді. Алла оларды кешіргенін білдірген соң: «Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар», – деді.5 Бұл аят кешірім, тақуалық пен шыншылдықтың өзара байланысын аңғартады.
Кәғб ибн Мәлік өзі де Алланың кешіріміне жеткізген басты себеп шыншылдық деп білген. Ол: «Алла маған Исламды нәсіп еткеннен кейінгі ең үлкен нығметі – Алла Елшісіне (с.а.с.) шындықты айтқаным. Өтірік айтсам, өтірік айтқандар сияқты құрдымға кетер едім», – деген.
3. Мүслім, Әбу Дәуіт және Тирмизи нұсқаларында «Шыншыл болыңдар, өйткені шыншылдық...» деген өсиеттен кейін «Өтіріктен сақтаныңдар, өйткені өтірік...» деген ескерту келеді. Ізгілік пен азғындықтың ақыреттегі салдарын Құран да айқын жеткізеді. «Расында, ізгілер нығмет ішінде, ал азғындар жалындаған тозақта болады».6
4. Шыншылдық – өмірлік ұстаным. Шыншылдардан болудың шарты – әрдайым туралықтан айнымау. Өзіне қауіп төнгенде де шындықты айтудан тайынбаған кісі «сыддық» аталады. Араб тілінде бұл сөз қасиеттің айрықша дәрежесін білдіретін күшейтпелі тұлғада тұр.
5. «Фужур» сөзінің түбірі жарылу, айырылу мағынасын береді. Түн қараңғылығы сейіліп, жарық білінген шақтың «фәжр» аталуы да осы түбірден. Діни мағынада «фужур» – шариғат белгілеген шектен шығу, жамандыққа бейімделіп, күнәға бой алдыру. «Бирр» барлық ізгілікті қамтыса, «фужур» жамандық атаулыны қамтиды. «Пасықтық» сөзі де осыған жақын.
6. Хадистегі «жазылады» деген сөз үкім етілу деген мағынада. Шыншыл пенде Алланың құзырында «сыддық» атанып, періштелер арасында шыншыл деп танылады. Бұл қасиеті жер бетіндегі адамдарға да аңғарылады. Имам Мәлик Ибн Масғудтан (р.а.) мына сөзді жеткізген: «Пенде өтірік айта бергенде, жүрегіне қара дақ түседі. Өтірігі жалғасқан сайын дақ үлкейіп, ақыры жүрегін тұтас қараңғылық басады. Сөйтіп, Алланың құзырында өтірікшілердің қатарына жазылады».
Ғалымдардың айтуынша, хадис шыншыл болуға күш салуды және одан айнымауды дәріптейді. Сонымен бірге өтірік айтуға және өзгенің өтірігін қолдауға бейімделуден сақтандырады. Кісі оған бірте-бірте бой алдырса, өтірік айту әдетке айналады.
Шыншылдыққа да, өтірікке де қатысты қолданылған تَحَرٍّ сөзі іздену, әдейі ұмтылу дегенді білдіреді. Кейбір ғалымдар осы сөзден «шыншыл» атағы шындықты табандылықпен ұстанып, оны мінезіне сіңірген адамға лайық деген қорытынды шығарған. Үнемі жалғандықты іздеген адамның да мінезі соған қарай қалыптасады.
7. Екінші хадис күмән тудырған істен аулақ болуды үйретеді. Бұл шыншылдық арқылы рухани кемелдікке жетудің бір жолын көрсетеді. Сөз не іс үстінде «Бұған рұқсат бар ма? Жақсылық па, жамандық па? Сүннет пе, бидғат па?» деген сұрақ туып, ұждан мен нәпсі тартысқа түссе, адам асықпай, анық әрі тура шешімге келуі керек. Шешімін сөзімен де, ісімен де қуаттағаны жөн. Діни мәселеде мұсылманның ісі нақты білім мен айқын дәлелге сүйенеді. Күмән сейіліп, жүрек орныққанда, сол істің шындыққа сай екені аңғарылады. Алла Елшісі (с.а.с.) жүректің шындықтан жай табатынын айтқан.
Хадистегі رِيبَةٌ сөзі көңілге түскен күмәнді, содан туатын мазасыздықты білдіреді. Күмәнді іс адамның көңілін күпті етеді. Шындыққа негізделген іс, керісінше, жүректі орнықтырып, жанға тыныштық береді.
Алла Елшісі (с.а.с.) шариғаттың осы қағидасын бір хадисте былай түйген: «Адал да айқын, арам да айқын. Екеуінің арасында көп адам біле бермейтін күмәнді істер бар. Күмәндіден сақтанған адам діні мен абыройын сақтайды. Күмәнді іске ұрынған кісі арамға түсіп кетуі мүмкін. Бұл тыйым салынған қорықтың маңында отар жайған шопанға ұқсайды. Отардың қорыққа кіріп кетуі оп-оңай. Әр патшаның қорығы бар. Алланың қорығы – Оның харам еткен нәрселері».
Күнделікті өмірде аят пен хадисте тікелей сөз болмаған жаңа мәселелер кездеседі. Мұндайда білімі мен тәжірибесі бар кісілерден сұраған дұрыс. Кейде білікті кісі табылмайды немесе оған жете алмайсың. Ал кейде берілген жауап көңілдегі күмәнді сейілтпейді.
Осындай жағдайда хадистерден алынған қағидалар жол көрсетеді. Соның бірі – күмәнді істе адамның өз ұжданына құлақ асуы. Күнәлі іс жүрекке батуы мүмкін. Бір риуаятта «Жұрт пәтуа берсе де, өз жүрегіңнен сұра» делінген.
Мұнда айтылғаны – жамандыққа бастайтын нәпсі емес, Раббының әміріне разы болып, тыйымына мойынсұнған орнықты нәпсі. Оны ақиқат пен жалғанды айыруға көмектесетін нұрға теңеген. Бұл сөз айтылған Уабиса (р.а.) сондай қасиетке лайық сахаба болғаны жеткізіледі.
Мунауи нәпсіде кей істің ақыры жақсы не жаман болатынын сезетін қасиет барын айтады. Табиғи болмысы бұзылмаған адам игілік пен жамандықты ұжданымен айыра алады. Бұл қасиет Уабиса (р.а.) секілді кей жандарда ерекше айқын. Кейбіреуде ол әлсірейді, тіпті адам оның үнін естімей қалуы мүмкін. Нәпсі өз қалауын тықпалаған кезде, ішкі дауыстың ұжданнан шыққанын немесе жеке мүддеден туғанын қалай ажыратамыз?
Осыған байланысты кейбір түсіндіруші хадистегі үкімді Уабисаға (р.а.) қатысты деп санаған. Оны өзгелерге де қолдануға болады дегендер хадис Алла жүрегін айқын сеніммен нұрландырған адамдарға қатысты дейді. Мұндай кісі айқын шариғи айғақ табылмаған жерде ақыл-парасаты мен ұжданына жүгінеді. Өзге ғалымдар нақты шариғи дәлелге сүйеніп берілген пәтуаны адамның көңілі құптамаса да орындау қажет деген.
Ғазали мүфтидің пәтуасы мен адамның ұжданы қабыспаған жағдайды былай түсіндіреді. Мүжтаһидтер мен олардың жолын ұстанушылар үкімді қолындағы дәлелге сүйеніп береді. Ал дінге берік адам «Жұрт пәтуа берсе де, жүрегіңнен сұра» деген өсиетті ескеріп, ішкі күмәніне де құлақ асады. Мәселен, қазы даулы мүлікті бір адамға тиесілі деп шешсе, бірақ ол кісі өзінің оған шын мәнінде ақысы жоқ екенін сезсе, Алладан қорқып, мүлікті менікі деп иемденбеуі керек. Қазы сыртқы дәлелге сүйеніп немесе өзге себептің әсерімен үкім шығарған болуы мүмкін. Күмәндіден аулақ жүру – ақырет қамын ойлаған діндар адамның әдеті.
Садақа және нәпақа