Хадис

Шағбан айының оразасы

Кутуб ситтә, 7-том, 428-тарау · 3 хадис · № 3154–3156

Хадистер

3154
Кутуб ситтә, № 3154 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَصُومُ حَتَّى نَقُولَ لَا يُفْطِرُ، وَيُفْطِرُ حَتَّى نَقُولَ لَا يَصُومُ، وَمَا رَأَيْتُهُ اسْتَكْمَلَ صِيَامَ شَهْرٍ قَطُّ إِلَّا رَمَضَانَ، وَمَا رَأَيْتُهُ فِي شَهْرٍ أَكْثَرَ صِيَامًا مِنْهُ فِي شَعْبَانَ. أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Айша анамыз (р.а.): «Алла елшісі кейде оразаны ұзақ ұстайтын, сонда біз енді аузын ашпайтын шығар дейтінбіз. Кейде біраз күн ораза ұстамайтын, сонда біз енді ұстамайтын шығар дейтінбіз. Оның рамазаннан басқа бір айды түгел оразамен өткізгенін көрмедім. Сондай-ақ оның шағбандағыдай көп оразаны өзге бір айда ұстағанын көрмедім»1, – деген.

Түсіндірме

1. Айша анамыз (р.а.) Алла елшісінің рамазаннан басқа ешбір айды түгел оразамен өткізбегенін және шағбан айында өзге айларға қарағанда көбірек нәпіл ораза ұстағанын баяндайды.

Ал Әбу Дәуіт пен Тирмизи Үммі Сәләмадан (р.а.) жеткізген № 3155 хадисте Алла елшісінің шағбанды да түгел оразамен өткізгені айтылады. Осы екі хабарды үйлестіруде ғалымдар түрлі пікір айтқан.

• Ибн Хажар бұл сөзді «шағбанның басым бөлігін оразамен өткізген» деп түсінген. Тирмизи Ибн әл-Мүбәрактың мына сөзін келтіреді: «Адам айдың жартысынан көбінде ораза ұстаса, араб тілінде “Ай бойы ораза ұстады” деуге болады. “Пәленше түні бойы намаз оқыды” дейміз. Алайда ол тамақ ішіп, өзге істермен де айналысқан. Сөз сол түнде көбірек істеген амалына қарай айтылады». Тирмизи: «Ибн әл-Мүбәрак осы түсіндірмесімен екі хадистің басын қосқан сияқты», – дейді.

• Тиби бұл қолданысты сирек санап, түсіндірмені құптамаған. Оның пікірінше, «түгел» сөзі қамту аясын білдіріп, амалдың аз ғана бөлігі меңзелген деген ұғымды жоққа шығарады. Оны «бір бөлігі» деп түсіндіру осы қызметіне қайшы. Тиби: «Алла елшісі шағбанды кейде түгел, кейде басым бөлігін оразамен өткізген деу керек. Жұрт бұл оразаны да рамазан секілді парыз санап қалмас үшін солай істеген», – дейді.

• Кей ғалымдардың түсіндіруінше, Алла елшісі шағбанның кейде басында, кейде ортасында, кейде соңында ораза ұстаған. Осылайша шағбанның ешбір бөлігі оразасыз қалмаған әрі ораза айдың белгілі бір бөлігіне ғана арналмаған.

• Зәйн ибн әл-Мүнир Айша анамыздың «түгел» деген сөзін «басым бөлігі» деп түсінуге болады немесе «шағбанды түгел оразамен өткізді» деген хабар кейін айтылған болуы мүмкін дейді. Соңғы жорамал бойынша, Алла елшісі әуелде шағбанның басым бөлігінде, кейін ай бойы ораза ұстаған. Ибн Хажар екінші жорамалды жасанды санап, біріншісін дұрыс көреді. Оны Мүслимдегі «Алла елшісі Мәдинаға келгеннен бері рамазаннан өзге ешбір айды түгел оразамен өткізбеді» деген риуаят та қуаттайды. № 3154 хадисте де осы мағына айтылған.

2. Алла елшісінің шағбанда көбірек ораза ұстауының себебін ғалымдар түрліше түсіндірген.

• Ибн Батталдың айтуынша, Алла елшісі ай сайын үш күн ораза ұстайтын. Сапар тәрізді себептермен кейде ол оразалар кейінге қалып, жиналып қалатын. Алла елшісі соларды шағбан айында ұстайтын. Бұл пікір Табаранидегі Айша анамыздың мына сөзіне сүйенеді: «Алла елшісі ай сайын үш күн ораза ұстайтын. Кейде ол күндерді кейінге қалдырып, бір жылда жиналған оразаны шағбанда ұстайтын». Бұл хадис әлсіз саналған.

• Кейбіреулер Алла елшісі рамазанға құрмет ретінде шағбанда көбірек ораза ұстаған деген. Тирмизи мына риуаятты келтіреді: «Алла елшісінен рамазаннан кейін қай ораза абзал екені сұралғанда, ол: “Рамазанды ұлықтау үшін ұсталатын шағбан оразасы”, – деді». Бұл хадис те әлсіз. Ол Мүслимде Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен «Рамазаннан кейінгі ең абзал ораза – мұхаррам айының оразасы» деген хадиске де қайшы.

• Тағы бір пікір бойынша, Алла елшісінің жұбайлары өткен рамазанның қаза оразаларын шағбанда өтеген. Ибн Хажар бұл пікірді де құптамаған.

• Тағы бір түсіндірме бойынша, шағбаннан кейін оразасы парыз етілген рамазан келеді. Алла елшісі рамазанда ұстай алмайтын нәпіл оразасының орнын толтыру үшін шағбанда екі айдың нәпілін қатар ұстаған.

• Ибн Хажар бұл мәселеге қатысты Әбу Дәуіт пен Нәсәиде келген риуаятты алдыңғылардан қуатты санайды. Усама ибн Зәйд (р.а.): «Уа, Алланың елшісі! Өзге айлардың ешқайсында шағбандағыдай көп ораза ұстағаныңызды көрмеймін», – дегенде, Пайғамбарымыз: «Бұл – жұрт ережеп пен рамазанның арасында елеусіз қалдыратын ай. Осы айда амалдар әлемдердің Раббысына көтеріледі. Амалдарымның ораза ұстаған кезімде көтерілгенін қалаймын», – деген. Хадистің мәтіні № 3156 риуаятта беріледі.

3. Хадисте шағбанда ораза ұстаудың артықшылығы айтылады. Ал жоғарыда рамазаннан кейін мұхаррам оразасы абзал екені айтылды. Онда Алла елшісі неге мұхаррамнан гөрі шағбанда көбірек ораза ұстаған? Имам Нәуәуи: «Алла елшісі мұхаррам оразасының артықшылығын өмірінің соңында біліп, бұл айда көбірек ораза ұстауға үлгермеген болуы мүмкін. Немесе мұхаррамда сапар не сырқат тәрізді жағдайлар оған көбірек ораза ұстауға кедергі болған шығар», – дейді.

  1. 1Бұхари, «Саум», 52. Мүслим, «Сиям», 175 (№ 1156). Муатта, «Сиям», 56, (1, 309). Әбу Дәуіт, «Саум», 56, 59 (№ 2431, 2434). Тирмизи, «Саум», 37, (736). Нәсәи, «Саум», 70, (4, 199, 200).
3155
Кутуб ситтә, № 3155 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Үммі Сәләма

وَعَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: مَا رَأَيْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَصُومُ شَهْرَيْنِ مُتَتَابِعَيْنِ إِلَّا شَعْبَانَ وَرَمَضَانَ. أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ، وَاللَّفْظُ لِلتِّرْمِذِيِّ وَالنَّسَائِيِّ.

Қазақша аудармасы

Үммі Сәләма (р.а.): «Алла елшісінің шағбан мен рамазаннан басқа екі айды қатарынан оразамен өткізгенін көрмедім»,1 – деген.

Түсіндірме

Тирмизи бұл хадисті шағбан оразасын рамазанға жалғау жайлы тарауда келтірген. Әбу Дәуіттегі нұсқада: «Алла елшісі шағбан мен рамазаннан басқа ешбір айды түгел оразамен өткізбейтін. Шағбан оразасын рамазанға жалғайтын», – делінген.

Осы риуаяттарда Алла елшісінің екі айды қатарынан оразамен өткізгені айтылады. Тирмизи мағынасын нақтылау үшін Әбу Сәләманың Айша анамыздан жеткізген риуаятына назар аударады: «Алла елшісі ешбір айда шағбандағыдай көп ораза ұстамайтын. Шағбанның аз ғана күнінде аузын ашып, қалған күндерінің бәрін оразамен өткізетін». Бұл жайлы алдыңғы хадисте толығырақ айтылды.

  1. 1Тирмизи, «Саум», 37, (736). Әбу Дәуіт, «Саум», 11 (№ 2335). Нәсәи, «Саум», 70, (4, 200).
3156
Кутуб ситтә, № 3156 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Усама ибн Зәйд

وَعَنْ أُسَامَةَ بْنِ زَيْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، لَمْ أَرَكَ تَصُومُ شَهْرًا مِنَ الشُّهُورِ مَا تَصُومُ مِنْ شَعْبَانَ. قَالَ: «ذَلِكَ شَهْرٌ يَغْفُلُ النَّاسُ عَنْهُ بَيْنَ رَجَبٍ وَرَمَضَانَ، وَهُوَ شَهْرٌ تُرْفَعُ فِيهِ الْأَعْمَالُ إِلَى رَبِّ الْعَالَمِينَ، فَأُحِبُّ أَنْ يُرْفَعَ عَمَلِي وَأَنَا صَائِمٌ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Усама ибн Зәйд (р.а.) былай дейді: «Мен: “Уа, Алланың елшісі! Басқа айда шағбандағыдай көп ораза ұстағаныңызды көрмедім”, – дедім. Ол: “Бұл – жұрт ережеп пен рамазанның арасында елеусіз қалдыратын ай. Осы айда амалдар әлемдердің Раббысына көтеріледі. Амалдарымның ораза ұстаған кезімде көтерілгенін қалаймын”,1 – деді».

Түсіндірме

сін № 3154 хадистен қараңыз.

  1. 1Нәсәи, «Саум», 70 (4/201, № 2357).