Хадис

Түнгі намаздың маңызы

Кутуб ситтә, 7-том, 406-тарау · 10 хадис · № 3016–3025

Хадистер

Расулалланың (с.а.с.) өмірінде айрықша орны болған түнгі намаз туралы жоғарыда сөз болды. Енді уақыт туралы зерттеуімізден осы мәселеге қатысты бір үзінді келтірейік.1

Қиямул-ләйл (түнгі құлшылық)

Түнгі құлшылықтың маңызына арнайы тоқталған жөн. Дінімізде осыншама мән берілген амал бүгінде мұсылмандар арасында ұмыт болуға жақын. Ал Ислам мәдениетінің негізін қалаған ұстаздар мен ғалымдардың өмірінде оның орны айрықша еді. Түнгі құлшылық олардың еңбегінің жемісті болуына зор ықпал еткен.

Түнде тұрудың басты мақсаты – тәһәжжуд намазын оқу. Оны әдетте «Пайғамбарға (с.а.с.) парыз, үмбетке нәпіл» деп сипаттаймыз. Фиқһ тұрғысынан бұл дұрыс. Дегенмен, «оқысаң сауап, оқымасаң күнә жоқ» дегенмен ғана шектелу түнгі құлшылықтың маңызын толық ашпайды.

Біріншіден, бұл сүннетті Құранның өзі бұйырады. Ол бірнеше сүре мен аятта қайталанады. Мысалы: ﴿وَاذْكُرِ اسْمَ رَبِّكَ بُكْرَةً وَأَصِيلًا ۝ وَمِنَ اللَّيْلِ فَاسْجُدْ لَهُ وَسَبِّحْهُ لَيْلًا طَوِيلًا﴾ «Ертелі-кеш Раббыңның атын атап, зікір ет! Әрі түннің бір бөлігінде Оған сәжде ет Һәм түнде ұзақ уақыт Оны ұлықтап дәріпте» («Инсан», 25–26). Тағы бір аятта: ﴿فَاصْبِرْ عَلَىٰ مَا يَقُولُونَ وَسَبِّحْ بِحَمْدِ رَبِّكَ قَبْلَ طُلُوعِ الشَّمْسِ وَقَبْلَ غُرُوبِهَا ۖ وَمِنْ آنَاءِ اللَّيْلِ فَسَبِّحْ وَأَطْرَافَ النَّهَارِ لَعَلَّكَ تَرْضَىٰ﴾ «Ендеше, олардың айтқанына барынша сабыр ет! Күн шықпай әрі ұясына батпай тұрып Раббыңның кемел әрі мінсіз екенін айтып, жар сал, Оған мақтау айт! Әрі түннің кей уақыттарында және күндіздің алғашқы әрі соңғы жартысында Раббыңның мінсіз екенін жар сал! Сонда жаның жай табады» («Таһа», 130), – делінген. Келесі аят түнде құлшылық еткендердің артықшылығын көрсетеді: ﴿أَمَّنْ هُوَ قَانِتٌ آنَاءَ اللَّيْلِ سَاجِدًا وَقَائِمًا يَحْذَرُ الْآخِرَةَ وَيَرْجُو رَحْمَةَ رَبِّهِ﴾ «Ондай бейбақ түн ішінде Аллаға бас иіп, сәждеге жығылып һәм тікесінен тік тұрып құлшылық еткен, ақыреттен қорқатын және Раббысының шексіз рақымынан үміт ететін адамдай бола ма?!» («Зүмәр», 9). «Сәжде» сүресінде шынайы мүміндердің бір сипаты былай берілген: ﴿تَتَجَافَىٰ جُنُوبُهُمْ عَنِ الْمَضَاجِعِ يَدْعُونَ رَبَّهُمْ خَوْفًا وَطَمَعًا﴾ «Олар түн ішінде төсектерін тәрк етіп, қаһарынан қорыққан һәм шексіз мейірімінен үміт еткен күйде Раббыларына жалбарынып дұға етеді» («Сәжде», 16). Кітап иелерінің арасындағы ізгілердің түнгі құлшылығы да аталады: ﴿لَيْسُوا سَوَاءً ۗ مِنْ أَهْلِ الْكِتَابِ أُمَّةٌ قَائِمَةٌ يَتْلُونَ آيَاتِ اللَّهِ آنَاءَ اللَّيْلِ وَهُمْ يَسْجُدُونَ﴾ «Дегенмен олардың бәрі бірдей емес. Кітап иелерінің арасында да түнімен Алланың аяттарын оқып, сәждеге жығылатын, тура жолда табанды қауым бар» («Әли Имран», 113). Тағы бір аятта түнгі құлшылық Алланың уәде еткен сыйына бөленген кемел мүміндердің сипаты ретінде баяндалады: ﴿آخِذِينَ مَا آتَاهُمْ رَبُّهُمْ ۚ إِنَّهُمْ كَانُوا قَبْلَ ذَٰلِكَ مُحْسِنِينَ ۝ كَانُوا قَلِيلًا مِنَ اللَّيْلِ مَا يَهْجَعُونَ ۝ وَبِالْأَسْحَارِ هُمْ يَسْتَغْفِرُونَ﴾ «Олар Раббыларының өздеріне бергендерін қуана-қуана алумен болады. Өйткені олар одан бұрын да ізгі жандар болатын. Олар түнде аз ұйықтайтын. Сәресіде Алладан кешірім тілейтін» («Зарият», 16–18).

Екіншіден, Құран түнде құлшылыққа тұруға үндеп, оның әдептерін де баяндайды. «Муззаммил» сүресінің әр уақытта түскен екі үзіндісінде түнде тұрудың маңызы мен ұзақтығы айтылады. Әуелгі уахи түнде тұруды парыз деп ұғуға негіз болатындай анық бұйырады. Кейінгі уахи қиямул-ләйлді ақшам мен құптан намазы деп түсінуге де жол ашып, үзірі барларға жеңілдік береді. Әуелгі уахи: ﴿يَا أَيُّهَا الْمُزَّمِّلُ ۝ قُمِ اللَّيْلَ إِلَّا قَلِيلًا ۝ نِصْفَهُ أَوِ انْقُصْ مِنْهُ قَلِيلًا ۝ أَوْ زِدْ عَلَيْهِ وَرَتِّلِ الْقُرْآنَ تَرْتِيلًا ۝ إِنَّا سَنُلْقِي عَلَيْكَ قَوْلًا ثَقِيلًا ۝ إِنَّ نَاشِئَةَ اللَّيْلِ هِيَ أَشَدُّ وَطْئًا وَأَقْوَمُ قِيلًا ۝ إِنَّ لَكَ فِي النَّهَارِ سَبْحًا طَوِيلًا﴾ «Уа, жамылғыға бүркенуші! Қане, тұр да, аздаған бөлігінен басқа бүкіл түнді құлшылықпен өткіз. Түннің тең жарымын не одан аздап қысқарт. Яки жарымынан асырып құлшылық ет. Әрі нақышына келтіріп байыппен Құран оқы! Біз саған өте салмақты сөз түсіреміз. Шүбәсіз, түнгі құлшылықтың әсері әлдеқайда күшті, әрі оқу һәм оқылғанды түйсініп, көңілге тоқу тұрғысынан өте берекелі. Сенің күндіз атқаратын шаруаң шаш етектен» («Муззаммил», 1–7). Ғалымдар бұл аяттарға сүйеніп, түнгі құлшылықтың ұзақтығы жөнінде мынадай пікірлер айтқан:

1. Түннің жартысы.

2. Түннің төрттен үші.

3. Түннің үштен екісі.

4. Түннің төрттен бірі.

Кейбір риуаяттарға қарағанда, Расулалла (с.а.с.) әуелде бұл бұйрықты парыз деп түсініп, бұлжытпай орындаған. Бір топ мұсылман оған ілескен. Аятта көрсетілген уақытты дәл сақтай алмай қаламыз деп, түні бойы құлшылық еткендер де болған. Көпшілігінің аяқтары ісініп кеткен.

Сүренің басындағы бұйрықты Пайғамбар (с.а.с.) мен мұсылмандар қалай түсініп, қалай орындағанын кейін түскен мына аят баяндайды: ﴿إِنَّ رَبَّكَ يَعْلَمُ أَنَّكَ تَقُومُ أَدْنَىٰ مِنْ ثُلُثَيِ اللَّيْلِ وَنِصْفَهُ وَثُلُثَهُ وَطَائِفَةٌ مِنَ الَّذِينَ مَعَكَ ۚ وَاللَّهُ يُقَدِّرُ اللَّيْلَ وَالنَّهَارَ ۚ عَلِمَ أَنْ لَنْ تُحْصُوهُ فَتَابَ عَلَيْكُمْ ۖ فَاقْرَءُوا مَا تَيَسَّرَ مِنَ الْقُرْآنِ ۚ عَلِمَ أَنْ سَيَكُونُ مِنْكُمْ مَرْضَىٰ ۙ وَآخَرُونَ يَضْرِبُونَ فِي الْأَرْضِ يَبْتَغُونَ مِنْ فَضْلِ اللَّهِ ۙ وَآخَرُونَ يُقَاتِلُونَ فِي سَبِيلِ اللَّهِ ۖ فَاقْرَءُوا مَا تَيَسَّرَ مِنْهُ ۚ وَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ وَآتُوا الزَّكَاةَ﴾ «Расында, Раббың сенің кейде түннің үштен екісіне жуығын, кейде тең жарымын, кей кездері үштен бір бөлігін құлшылықпен өткізетініңді және қасыңдағы бір топ мүміндердің де солай істейтінін біледі. Алла түн мен күнді жаратып, екеуінің мөлшерін белгілейді. Алла сендердің түнгі құлшылықты қаза қылмастан өтей алмайтындарыңды білгендіктен, сендерге мейірімін төгіп, кеңшілік һәм жеңілдік жасады. Ендігі жерде, түнгі құлшылықты Құраннан өздеріңе жеңіл тиетіндей мөлшерде оқып өтеңдер. Араларыңда науқастардың болатынын, кейбіреулеріңнің Алланың шексіз шарапатынан несібе іздеп, жер-әлемді шарлайтынын, ендібіреулердің Алла жолында бел шешпей күресіп жүретінін Алла біледі. Ендеше, Құраннан өздеріңе жеңіл келгенін оқыңдар. Намазды толық оқыңдар. Зекетті толық беріңдер…» («Муззаммил», 20).

Риуаяттарда бұл аят сүренің басындағы түнгі құлшылық бұйрығынан сегіз айдан он жылға дейінгі аралықта түскені айтылады. Мұнда түнде тұруға жеңілдік берілген. Ауырып қалғандар, Алла жолында жорыққа шыққандар секілді үзірлі жандар түнде тұру міндетінен босатылған. Аятқа қатысты мына мәселелерге тоқталайық:

1. Түнде құлшылық ету әуелде, кемінде, Пайғамбар (с.а.с.) үшін бұлжытпай орындалатын бұйрық болды. Бір топ мұсылман Пайғамбарға (с.а.с.) ілесіп, оны сондай бұйрық деп қабылдады және үзбей орындады.

2. Бұл бұйрықтың күші түгел жойылмады. Үкімі уәжіптен мәндупке ауысып, нәпіл құлшылық санатына өтті. Оны орындау адамның өз қалауына қалдырылды.

3. Түнде тұрып құлшылық етудің мынадай пайдалары бар:

– Түнгі құлшылық адамның рухына терең әсер етеді.

– Түн құлшылық пен Құран оқуға қолайлы. Күндіз атқаратын шаруа көп.

– Түнде тұру келесі күннің ауыр міндеттерін атқаруға адамды дайындайды.

4. Құран барлық заманға үн қататындықтан, бұл бұйрық әр мұсылманға кемінде мәндуп, яғни орындауы адамның еркіндегі амал ретінде қатысты.

5. Пайғамбардың (с.а.с.) сүннетіне еру – дінді ұстанудың жоғары дәрежесі. Сол дәрежеге жетуді қалаған мүмін үшін түнгі құлшылықтың орны бөлек. Көкірегі ояу мүміннің мақсаты – Алланың махаббаты мен разылығына бөлену. Құранда оған жету жолы Пайғамбарға (с.а.с.) ерумен байланыстырылған: ﴿إِنْ كُنْتُمْ تُحِبُّونَ اللَّهَ فَاتَّبِعُونِي يُحْبِبْكُمُ اللَّهُ وَيَغْفِرْ لَكُمْ ذُنُوبَكُمْ﴾ «Егер Алланы жақсы көрсеңдер, маған еріңдер. Сонда Алла да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді» («Әли Имран», 31).

6. Дінді таратып, насихаттауды міндет еткендер үшін түнгі құлшылықтың орны айрықша. Аятта Пайғамбардың (с.а.с.) ауыр уахиды қабылдауға дайындалуы үшін түнде тұруға шақырылғаны айтылады. Дінге қызмет етуді мақсат еткен адам да Расулалладан (с.а.с.) үлгі алып, түнін құлшылықпен өткізіп, уақытын реттеп, міндетіне дайындалуы керек.

7. Түнде тұрудағы басты мақсат – намаз бен Құран оқу. Сонымен бірге ілім үйренуге де болады. Мол мұра қалдырған ғалымдардың түнді құлшылықпен қатар ілім талқылап, зерттеу жүргізуге арнағанын төменде көреміз.

Қиямул-ләйлдің уақыты мен ұзақтығына тоқталайық. Бұл – дінге қызмет етіп, Расулалланың (с.а.с.) сүннетіне еруді қалаған жан үшін маңызы зор, Құран үндеген амал.

Түнгі құлшылықтың ұзақтығы

Жоғарыда түнгі құлшылықтың ең аз ұзақтығы түннің төрттен бірі, ең көбі төрттен үші деп түсіндірілгенін айттық. Арадағы айырма жыл мезгілі мен географиялық орынға қарай күн мен түн ұзақтығының өзгеруіне байланысты. Адамның тұрмыс жағдайы да ескеріледі.

Мұны бір өңірдегі жылдың ең ұзақ және ең қысқа түнімен есептеп көруге болады. Ең ұзақ түнге құлшылықтың ең көп мөлшерін, ең қысқа түнге ең аз мөлшерін қолданайық. Автор Ыстанбұлды мысалға алады. 21 желтоқсанда түн шамамен 13 сағатқа созылады.2 Оның төрттен үші – 9 сағат 45 минут. Демалуға 3 сағат 15 минут қалады. 21 маусымдағы ең қысқа түн 6 сағат 39 минутқа созылады. Оның төрттен бірі – шамамен 1 сағат 40 минут. Демалуға шамамен 4 сағат 59 минут қалады.

Экваторға не полюстерге жақындық күн мен түн ұзақтығының айырмасын өзгертеді. Полюстерге жақындаған сайын айырма ұлғайып, күндіз бір апта, бір ай, тіпті алты айға созылатын өңірлер кездеседі. Аяттағы түнгі құлшылықтың ұзақтығын күн мен түннің айырмасы тым үлкен емес өңірлерге қатысты түсінген жөн. Жер халқының көпшілігі осындай өңірлерді мекендейді. Шариғат үкімі көпшілікке қарап беріледі.

Қиямул-ләйл, алдымен, түнде тұрып құлшылық етуді, яғни намаз бен Құран оқуды білдіреді. Құранда кейде «қиям» сөзі намазды білдіреді («Бақара», 238). Осыдан қиямул-ләйлді «түнгі намаз» деп те түсінуге болады.

Түнгі құлшылықтың аясы мұнымен шектелмейді. Мына аятта сәжде мен қиям қатар аталады: ﴿وَالَّذِينَ يَبِيتُونَ لِرَبِّهِمْ سُجَّدًا وَقِيَامًا﴾ «Һәм олар түннің бір бөлігін Раббыларына сәжде етіп, қиямда тұрып құлшылық қылумен өткізетін жандар» («Фурқан», 64). «Сәжде» намазды білдірсе, «қиямды» ояу болу деген мағынада да түсінуге болады. Түнде тұрған адам намаз бен Құран оқумен қатар іліммен де айналыса алады. Бұхари түнде ілім талқылауға екі тарауша арнаған. Әзірет Омардан (р.а.) жеткен бір риуаятта ол түндегі ілім талқылауын «намаз» деп атап, оны нәпіл намаздан артық көрген.

Ибн Хажардың айтуынша, кейбір ғалымдар осы риуаяттарға сүйеніп, ілім үшін түнде ояу отыру нәпіл намаз үшін ояу отырудың орнына жүреді деген.

Ғалымдар түнді үшке бөлген: тынығу, құлшылық ету және ілім талқылау. Ілімге көбірек уақыт бөлген ғалымдардың осы дағдысын табиғин, хадис ғалымы Мұхаммед ибн Шиһаб әз-Зуһридің өмірінен көреміз. Зуһри күндіз ұстаздарынан естіген жаңа хадистерді түнде үйіне оралғанда күңіне айтып, қайталайтын. Бір күні әдеттегіден кеш келсе, күңі ұйықтап қалыпты. Оны оятып: «Маған пәленше риуаят етті. Ол түгеншеден, ал түгенше Пайғамбардың (с.а.с.) мына сөзін естіген», – деп жатқа хадис айта бастайды. Көзін уқалаған күңі жақтырмай: «Бұл риуаяттың маған не керегі бар?» – дейді. Зуһри: «Білмеймін, саған керек болмауы да мүмкін. Бірақ мен бұл хадисті жаңадан естідім, біреуге айтып қайталауым керек», – деп жауап береді.

Ілімді түннің соңғы бөлігінде, таң атпай қайталау да ұсынылған. Бұл жөнінде: «Адам түннің соңында сергиді. Ол – қызмет пен нығметтің үлестірілетін мезгілі. Біреуге аз, біреуге көп тиеді, енді біреуі құр қалады», – делінген.

Түнгі құлшылық және отбасы. Расулалла (с.а.с.) уақытқа қатысты жауапкершілік отбасыға да тарайтынын ескерткен. Мүмин өз уақытын реттеумен шектелмей, отбасына да уақыттың қадірін ұғындырып, пайдалы дағдылар қалыптастыруы керек. Алла елшісі (с.а.с.) түнде тұру жөнінде Дәуіт пайғамбарды (а.с.) үлгі етіп, былай деген: «Алланың пайғамбары Дәуіттің (а.с.) отбасын оятатын бір мезгілі болатын. Сол кезде оларды оятып: “Уа, Дәуіттің әулеті! Тұрыңдар да, намаз оқыңдар. Алла бұл мезгілде сиқыршы мен жаһилияның күпірлігінде жүріп, жұрттан оннан бір алым жинаушының дұғасынан басқа дұғаларды қабыл етеді”, – дейтін».

Әзірет Айшаның (р.а.) айтуынша, Пайғамбар (с.а.с.) рамазанның соңғы он күнінде отбасын түнде оятатын.

Расулалла (с.а.с.) ерлі-зайыптылардың бірін-бірі түнгі құлшылыққа оятуын да өсиет еткен: «Алла түнде тұрып намаз оқыған, әйелін намазға оятқан, тұрмаса, жүзіне су бүркіген ер адамға рақым етсін. Алла түнде тұрып намаз оқыған, күйеуін намазға оятқан, тұрмаса, жүзіне су бүркіген әйелге де рақым етсін».

Түнде құлшылыққа ояту ерлі-зайыптылардың арасымен шектелмейді. Расулалла (с.а.с.) бір түні күйеу баласы Әлидің (р.а.) есігін қағып, оны және қызы Фатиманы (р.а.) оятып, намаз оқуды бұйырған.

Расулалланың (с.а.с.) отбасын түнгі құлшылыққа оятуы әр түнгі дағдысы болмаған. Әзірет Айша (р.а.) мұның рамазанның соңғы он күнінде болғанын айтады. Қызы Фатима мен күйеу баласы Әлиді оятуы да белгілі бір оқиға ретінде риуаят етілген. Бір түні Расулалланың (с.а.с.) үйінде қонған Ибн Аббастың (р.а.) көргені де осыны қуаттайды. Расулалла (с.а.с.) өзі тұрғанымен, отбасын оятпаған.

Түнге неліктен айрықша мән берілген? Жоғарыдағы деректерден екі жайт аңғарылады:

1. Құранда түн жайындағы аяттар күндіз жайындағы аяттардан көп. «Ләйл», яғни «түн» сөзі 92 жерде, ал «наһар», яғни «күндіз» сөзі 57 жерде кездеседі.

2. Түнгі құлшылық жөніндегі бұйрық Пайғамбарға (с.а.с.) пайғамбарлығының алғашқы жылдарында келген. Түнді реттеп, оның басым бөлігін, төрттен үшіне дейін құлшылықпен өткізуді бұйыратын «Муззаммил» сүресі түсу реті бойынша үшінші деп көрсетіледі. Демек, алғашқы илаһи бұйрықтардың бірі түнгі уақытты реттеуге және оны орнымен пайдалануға қатысты еді. Күндізді дәл осылай егжей-тегжейлі реттеуді баяндайтын аят түспеген.

Мұны түннің адам өміріндегі орнымен түсіндіруге болады. Түнді қалай өткізетіні адамның өмірдегі табысы мен сәтсіздігіне терең ықпал етеді.

Түн адам өмірінің жартысына жуығын құраса да, оған немқұрайды қарап, ғапыл өткізу оңай. Сондықтан түнге қатысты жиі ескертіп, оған байыппен қарауға шақыру орынды. Құран да осыған назар аударады.

Алланың бұйрығына сай түнін реттеп, орнымен пайдаланған адам күндізгі уақытын да ұтымды өткізе алады. Түнді игілікке арнау үшін жігер, қайрат, ерік және саналы әрекет керек.

Ауыр істі еңсерген адам жеңіліне бөгелер ме? Түнін құлшылықпен жандандырған жан күндізін босқа өткізе ме? Осы даналыққа сай Алла тағала пайғамбарлықтың басында-ақ Расулаллаға (с.а.с.) уақытты дұрыс пайдалануды үйретіп, түнде құлшылық етуді бұйырды. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мұғжизаға толы жетістігінде түнгі құлшылықтың үлесі зор екенін аңғармау мүмкін бе? Ақыретте құтылуды және Исламның қайта өрлеуін мақсат еткен жандар Рахманның рақымына бөленудің осы жолын ықыласпен ұстанып, түнгі құлшылыққа құлшына кіріспей ме?3

Дұха намазы

3016
Кутуб ситтә, № 3016 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «مَا سَبَّحَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ سُبْحَةَ الضُّحَى قَطُّ، وَإِنِّى لَأُسَبِّحُهَا». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) былай дейді: «Расулалла (с.а.с.) дұха намазын еш оқымаған. Ал өзім оны оқимын».1

Түсіндірме

1. Дұха намазының уақыты күн шыққаннан кейінгі мәкрүһ мезгіл өткенде басталады. Мәкрүһ мезгіл күн көкжиектен найза бойы, шамамен бес градус көтерілгенге дейін созылады. Автор Түркия үшін оны шамамен қырық-елу минут деп көрсетеді. Мезгілдің өткенін мына белгіден де аңғаруға болады: иекті көкірекке тіреп шығысқа қарағанда, күн көкжиектен көтеріліп, сол қалыпта көзге көрінбесе, мәкрүһ мезгіл аяқталған.

2. Хадисте дұха намазы «субхату-д-духа» деп аталған. Мұнда «намаз» дегеннің орнына «тәсбих» түбірінен тараған «субха» сөзі қолданылған. Бұл атау дұханың нәпіл намаз екенін көрсетеді. Парыздан кейін айтылатын тәсбих те нәпіл амалға жатады.

«Нәпіл намаздың “субха” аталуы оның парыздан кейінгі тәсбихке ұқсастығынан», – деген түсіндірме де бар.

  1. 1Бұхари, «Тәһәжжуд», № 1128, 1177. Мүслим, «Мусафирин», № 717–718. Мәлик, «Муатта», «Қасрус-салат», 29 (1, 152–153). Әбу Дәуіт, «Салат», № 1292–1293. Нәсәи, «Саум», 35 (4, 152). Әбу Дәуіттің № 1293 хадисінде арабша мәтін осылай берілген. Бұхаридің № 1177 хадисінде әзірет Айшаның Пайғамбарды (с.а.с.) дұха оқып тұрғанын көрмегені айтылады.
3017
Кутуб ситтә, № 3017 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ أَبِي لَيْلَى قَالَ: «مَا حَدَّثَنَا أَحَدٌ أَنَّهُ رَأَى النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُصَلِّي الضُّحَى غَيْرَ أُمِّ هَانِئٍ، فَإِنَّهَا قَالَتْ: دَخَلَ عَلَيَّ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بَيْتِي يَوْمَ الْفَتْحِ، فَاغْتَسَلَ وَصَلَّى ثَمَانِيَ رَكَعَاتٍ، فَلَمْ أَرَ صَلَاةً قَطُّ أَخَفَّ مِنْهَا، غَيْرَ أَنَّهُ يُتِمُّ الرُّكُوعَ وَالسُّجُودَ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Әбу Ләйла былай дейді: «Пайғамбардың (с.а.с.) дұха намазын оқығанын көргенін Үммі Һаниден (р.а.) басқа ешкім бізге айтқан жоқ. Ол: “Мекке алынған күні Расулалла (с.а.с.) үйіме келді. Ғұсыл алып, сегіз рәкат намаз оқыды. Бұдан жеңіл намаз көрген емеспін. Алайда рукуғы мен сәждесін толық орындады”, – деді».1

Түсіндірме

1. Дұха намазы кемінде екі, ең көбі сегіз рәкат оқылады. Бұл риуаятта Пайғамбардың (с.а.с.) Мекке алынған күні сегіз рәкат дұха намазын оқығаны айтылған.

2. Ибн Әбу Ләйланың сөзінен бұл намаздың кең тарамағаны байқалады. Кейбір сахабалар Пайғамбардың (с.а.с.) дұха намазын оқығанын көрмеген. Абдулла ибн Омар (р.а.) оны «бидғат» деп атаған. Дегенмен, «қандай жақсы бидғат», «бидғаттардың ең жақсысы» деп, дұха оқудың шариғатқа қайшы еместігін білдірген.

Бұхаридегі бір риуаятта Муарриқ былай дейді: «Ибн Омардан (р.а.): “Дұха намазын оқисың ба?” – деп сұрадым. Ол: “Жоқ”, – деді. “Омар ше?” – дедім. Ол тағы: “Жоқ”, – деді. “Әбу Бәкір ше?” – дедім. Ол: “Жоқ”, – деді. “Алла елшісі (с.а.с.) ше?” – дегенімде: “Оқыған деп ойламаймын”, – деп жауап берді».

Ибн Омар (р.а.) Пайғамбар (с.а.с.) туралы кесіп айтпады. «Оқыған деп ойламаймын» деумен шектелді. Мұның бір себебі оның Пайғамбардың (с.а.с.) дұха оқығанын естіген болуы мүмкін.

Ғалымдар Ибн Омардың (р.а.) бұл намазды теріске шығаруын өзі көрмегенімен түсіндірген. Сүннетті берік ұстанған Ибн Омар Пайғамбардың (с.а.с.) дұха оқығанын көрсе, оны теріске шығармас еді. Оның Құбада және Меккеге келе жатқанда дұха оқығанын білдіретін риуаяттар да бар. Алайда ғалымдар біріншісін мешітке кіргенде оқылатын екі рәкат тахиятул-мәсжид, екіншісін тауап намазы деп түсіндірген.

Ибн Омардың (р.а.) бір риуаятында: «Алла елшісі (с.а.с.) сапардан оралғанда ғана дұха намазын оқитын», – делінген. Расулалла (с.а.с.) сапардан күндіз оралғанда алдымен мешітке кіріп, намаз оқып, содан соң үйіне баратын. Ибн Омар (р.а.) осыны көрген болса керек. Оның теріске шығаруы Пайғамбардың (с.а.с.) үйінде дұха оқығанын өзі көрмегенін білдіреді. Ибн Масғудтың (р.а.) дұха оқып тұрған жамағатқа: «Оқитын болсаңдар, үйлеріңе барып оқыңдар», – дегені де риуаят етілген. Демек, бұл намазды үйде оқу құп көрілген.

3. Мекке алынған күні ғұсыл алғаны да әртүрлі баяндалады. Жоғарыдағы хадисте Пайғамбар (с.а.с.) Үммі Һанидің үйінде ғұсыл алған. Бір риуаятта Үммі Һани сол күні Пайғамбарды (с.а.с.) Меккенің жоғарғы жағында ғұсыл алып жатқанда көргені айтылады. Бір хабарда оны Әбу Зәрр, екіншісінде қызы Фатима (р.а.) қалқалап тұрған. Ғалымдар бұл риуаяттарды былай үйлестірген:

Үммі Һани (р.а.) екі бөлек оқиғаны жеткізген. Пайғамбар (с.а.с.) алғаш Меккеге кіргенде қаланың жоғарғы жағында, екінші жолы Үммі Һанидің үйінде ғұсыл алған. Меккенің жоғарғы жағында ғұсыл алғанда, Фатима мен Әбу Зәрр (р.а.) кезекпен қалқалап тұрған.

4. Үммі Һани (р.а.) намаздың жеңіл болғанын айтады. Бір рауи: «Қиямды ұзартты ма, әлде рукуғ пен сәждені ме, білмеймін», – дейді. Кей ғалым дұха намазын жеңіл оқуды мұстахаб санаған. Енді бір пікір бойынша, дұха ұзақ оқылады, ал сол күні Пайғамбар (с.а.с.) Меккенің алынуына байланысты шаруасы көп болғандықтан, рәкаттарын қысқа оқыған.

5. Дұха намазы неше рәкат оқылады? Мекке алынған күні Пайғамбардың оқыған намазы жайында әртүрлі риуаят бар. Кейбірінде әр екі рәкаттан соң сәлем бергені нақты айтылса, енді бірінде бұл туралы сөз қозғалмайды. Үммі Һани оның сегіз рәкат оқығанын айтқан. Ал Ибн Әбу Ауфаның риуаятында екі рәкат делінеді. Ғалымдар мұны «Ибн Әбу Ауфа Пайғамбардың екі рәкат оқығанын ғана көрген, ал Үммі Һани сегіз рәкатын түгел көрген болуы мүмкін» деп түсіндірген. Пайғамбардың дұха намазы жайындағы өзге риуаяттарда да рәкат саны әртүрлі. Айша (р.а.) төрт рәкат, Жәбир алты рәкат оқығанын айтқан. Тирмизидің риуаятында Пайғамбарымыз «Кім дұха намазын он екі рәкат оқыса, Алла оған жәннаттан бір сарай тұрғызады» деген. Табарани жеткізген риуаятта он екі рәкат оқуға ынталандырумен бірге екі рәкат оқуға да болатыны айтылады. «Кім дұханы екі рәкат оқыса, ғапылдардың қатарына жазылмайды. Кім төрт рәкат оқыса, тәубе етушілердің қатарына жазылады. Кім алты рәкат оқыса, бұл сол күніне жеткілікті болады. Кім сегіз рәкат оқыса, құлшылыққа берілгендердің қатарына жазылады. Ал кім он екі рәкат оқыса, Алла оған жәннаттан бір сарай тұрғызады». Имам Нәуәуи осы тақырыптағы хадистер мен олардың сенімділік дәрежелерін қарастырып, «Дұха намазының ең абзалы – сегіз рәкат, ең көбі – он екі рәкат» деген.

  1. 1Бұхари, «Тәһәжжуд», № 1176, «Тақсирус-салат», 12, «Мағази», 50. Мүслим, «Хайыз», № 336, «Мусафирин», 80. Мәлик, «Муатта», «Қасрус-салат», 28 (1, 152). Әбу Дәуіт, «Салат», № 1290–1291. Тирмизи, «Салат», № 474. Нәсәи, «Таһарат», 143 (1, 126), «Ғұсыл», 11 (1, 202).
3018
Кутуб ситтә, № 3018 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَوْصَانِي خَلِيلِي صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِصِيَامِ ثَلَاثَةِ أَيَّامٍ مِنْ كُلِّ شَهْرٍ، وَرَكْعَتَى الضُّحَى، وَأَنْ أُوتِرَ قَبْلَ أَنْ أَرْقُدَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) айтты: «Жан досым маған әр айда үш күн ораза ұстауды, дұха намазын екі рәкат оқуды және жатар алдында үтір намазын оқуды өсиет етті».1

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Һурайраға (р.а.) үш нәрсені өсиет етті.

1. Әр айда үш күн ораза ұстау. Бұл – «әййәмул-бид» деп аталатын айдың он үшінші, он төртінші және он бесінші күндері. «Айдың басынан, ортасынан және соңынан бір күннен», «әр он күндіктің алғашқы күні» немесе «айдың кез келген үш күні» деген пікірлер де бар.

2. Дұха намазын екі рәкат оқу. Бұл жайында алдыңғы хадистің түсіндірмесінде айтылды.

3. Жатар алдында үтір намазын оқу. Бұл намаздың уәжіп екені айтылды. Үтірді түнде де оқуға болады. Оның уақыты құптан намазынан кейін басталып, таң атқанға дейін жалғасады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) ұйықтаған соң ояна алмай қалу қаупін ескеріп, үтірді жатар алдында оқуды өсиет еткен. Ал оянатынына сенімді, ояну үшін тиісті шарасын жасаған кісіге оны түнде оқыған абзал.

  1. 1Бұхари, «Тәһәжжуд», 33, «Саум», 60; Мүслим, «Мусафирин», 85 (721); Әбу Дәуіт, «Салат», 342 (1432); Тирмизи, «Саум», 54 (760); Нәсәи, «Қиямул-ләйл», 28 (3/229).
3019
Кутуб ситтә, № 3019 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Зәрр

وَعَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يُصْبِحُ عَلَى كُلِّ سُلَامَى مِنْ أَحَدِكُمْ صَدَقَةٌ، فَكُلُّ تَسْبِيحَةٍ صَدَقَةٌ، وَكُلُّ تَحْمِيدَةٍ صَدَقَةٌ، وَكُلُّ تَهْلِيلَةٍ صَدَقَةٌ، وَكُلُّ تَكْبِيرَةٍ صَدَقَةٌ، وَأَمْرٌ بِالْمَعْرُوفِ صَدَقَةٌ، وَنَهْيٌ عَنْ الْمُنْكَرِ صَدَقَةٌ، وَيُجْزِئُ مِنْ كُلِّ ذَلِكَ رَكْعَتَانِ يَرْكَعُهُمَا الْعَبْدُ مِنَ الضُّحَى». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Зәрр (р.а.) айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Күн сайын әрқайсыңның әр буының үшін садақа беру керек. Әрбір тәсбих – садақа. Әрбір тахмид – садақа. Әрбір таһлил – садақа. Әрбір тәкбір – садақа. Жақсылыққа шақыру – садақа. Жамандықтан тыю – садақа. Дұха уақытында оқылған екі рәкат намаз осының бәріне жетеді”».1

Түсіндірме

Бұл риуаят дұха намазының маңызын айқындайды. Ол деніміздің саулығы үшін күн сайын беруге тиіс садақаның орнын осы екі рәкат намаздың өзі толтыратынын айтып, оны оқуға ынталандырады.

Мүслим жеткізген келесі риуаятта адамда үш жүз алпыс буын бары айтылады. Демек, кісі күн сайын әр буыны үшін өз ықтиярымен бір садақа берсе, садақасы үш жүз алпысқа жетер еді. Осынша садақаның орнын толтыратын екі рәкат намаз – бағалы құлшылық. Оны орындағандар қандай бақытты!

  1. 1Мүслим, «Мусафирин», 84 (720); Әбу Дәуіт, «Салат», 301 (1286).
3020
Кутуб ситтә, № 3020 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Бурайда

وَعَنْ بُرَيْدَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: فِي الْإِنْسَانِ ثَلَاثُمِائَةٍ وَسِتُّونَ مَفْصَلًا، فَعَلَيْهِ أَنْ يَتَصَدَّقَ عَنْ كُلِّ مَفْصَلٍ مِنْهُ صَدَقَةً. قَالُوا: وَمَنْ يُطِيقُ ذَلِكَ يَا نَبِيَّ اللَّهِ؟ قَالَ: النُّخَاعَةُ فِي الْمَسْجِدِ يَدْفِنُهَا. وَالشَّيْءُ يُنَحِّيهِ عَنْ الطَّرِيقِ، فَإِنْ لَمْ يَجِدْ فَرَكْعَتَانِ يَرْكَعُهُمَا مِنَ الضُّحَى». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «النُّخَاعَةُ» بِالضَّمِّ: النُّخَامَةُ.

Қазақша аудармасы

Бурайда (р.а.) айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) “Адамда үш жүз алпыс буын бар. Әр буын үшін бір садақа беруі керек”, – деді. Мұны естігендер: “Уа, Алланың пайғамбары, оған кімнің шамасы жетеді?” – деп сұрады. Ол: “Мешіттегі қақырықты топыраққа көму де, жолдағы кедергіні алып тастау да – садақа. Егер мұның біріне де мүмкіндігі болмаса, дұха уақытында екі рәкат намаз оқиды”, –1 деді».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 172 (5242).
3021
Кутуб ситтә, № 3021 · тараудағы реті: 6

وَعَنْ أَبِي ذَرٍّ وَأَبِي الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَا: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: قَالَ اللَّهُ تَعَالَى: ابْنَ آدَمَ، ارْكَعْ لِي مِنْ أَوَّلِ النَّهَارِ أَرْبَعَ رَكَعَاتٍ أَكْفِكَ آخِرَهُ».

Қазақша аудармасы

Әбу Зәрр мен Әбуд-Дәрда (р.а.) айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Алла Тағала: ‘Уа, Адам баласы! Күннің басында Мен үшін төрт рәкат намаз оқы, күннің соңына дейін саған жеткілікті боламын’, – деді”».1

Түсіндірме

Ғалымдар хадистен мына мағынаны ұққан: «Алла тағала былай дейді: “Уа, Адам баласы! Күннің басында жүрегіңді дүниенің қамынан босатып, құлшылық ету үшін Маған бет бұр. Мен де күннің соңында қажетіңді өтеп, көңіліңді дүниенің қамынан арылтайын”». Осылайша Алла кісінің қажетін өтеуге, оны көңіліне жақпайтын жайттардан қорғауға және дұха намазынан күннің соңына дейін дүниенің машақатынан сақтауға уәде береді.

  1. 1Тирмизи, «Салат», 346 (475).
3022
Кутуб ситтә, № 3022 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ حَافَظَ عَلَى شُفْعَةِ الضُّحَى غُفِرَ لَهُ ذُنُوبُهُ وَإِنْ كَانَتْ مِثْلَ زَبَدِ الْبَحْرِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) “Кім дұханың екі рәкатын үзбей оқыса, күнәлары теңіздің көбігіндей көп болса да, кешіріледі”, – деді».1

  1. 1Тирмизи, «Салат», 346 (476).
3023
Кутуб ситтә, № 3023 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ صَلَّى الضُّحَى ثِنْتَيْ عَشْرَةَ رَكْعَةً بَنَى اللَّهُ لَهُ قَصْرًا مِنْ ذَهَبٍ فِي الْجَنَّةِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) “Кім дұха намазын он екі рәкат оқыса, Алла оған жәннатта алтыннан бір сарай тұрғызады”, – деді».1

  1. 1Тирмизи, «Салат», 346 (473).
3024
Кутуб ситтә, № 3024 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُصَلِّي الضُّحَى أَرْبَعَ رَكَعَاتٍ وَيَزِيدُ مَا شَاءَ اللَّهُ».

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) дұха намазын төрт рәкат оқитын. Алла қалағанынша бұдан да арттыратын».1

  1. 1Мүслим, «Мусафирин», 78, 79 (719).
3025
Кутуб ситтә, № 3025 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Зәйд ибн Арқам

وَعَنْ زَيْدٍ بْنِ أَرْقَمَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «صَلَاةُ الْأَوَّابِينَ حِينَ تَرْمَضُ الْفِصَالُ مِنَ الضُّحَى». أَخْرَجَهُمَا مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Әрқам (р.а.) айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) “Әууәбиндердің намазы күн көтеріліп, ыстық құм боталардың табанын күйдіре бастаған шақта оқылатын намаз”, – деді».1

Түсіндірме

Күн қызған сайын жердегі құм да ысып, аяқты күйдіре бастайды. Боталардың табаны күйе бастаған шақ – дұха намазын оқудың абзал уақыты.

  1. 1Мүслим, «Мусафирин», 143 (748).