Хадис

Намаздың шарттарынан тыс хадистер. Балаларды (еркелетіп) көтеру

Кутуб ситтә, 7-том, 376-тарау · 1 хадис · № 2748

Хадистер

2748
Кутуб ситтә, № 2748 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Қатада

عَنْ أَبِي قَتَادَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُصَلِّي بِالنَّاسِ وَهُوَ حَامِلٌ أُمَامَةَ بِنْتَ زَيْنَبَ بِنْتِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَإِذَا سَجَدَ وَضَعَهَا، فَإِذَا قَامَ حَمَلَهَا». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Қатада (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) қызы Зейнептің қызы Умаманы иығына көтеріп, жұртқа намаз оқытатын. Сәждеге барғанда оны жерге түсіретін де, түрегелгенде қайта көтеретін».1

Түсіндірме

1. Хадистен Алла елшісінің (с.а.с.) немересіне деген мейірімі мен сүйіспеншілігі көрінеді. Умаманың анасы – Хадишадан туған қыздарының бірі. Әкесі – Әбу әл-Ас ибн Рабиға (р.а.). Алла елшісінің барлық балаға мейірім танытып, көңіл бөлгені назар аударарлық. Хасан мен Хусайнды арқасына мінгізіп ойнатқаны, оларға әзіл айтып, ықылас танытқаны туралы риуаяттар көп. Қыздың дүниеге келуін бақытсыздық санап, одан тезірек құтылуға асыққан заманда Алла елшісінің қыз немересін иығына отырғызып, еркелетуі ерекше өнеге еді.

2. Алайда намазда дәл осылай жасау қаншалықты дұрыс? Бұл намазды бұзатын амал-кәсир (намазда көп қозғалу) емес пе? Ғұламалар осы тақырыпта тығырыққа тіреліп, нақты бір үкім айта алмаған.

• «Мұның үкімі мансұқ (үкімі жойылған)» деп айтқан.

• «Расулаллаға ғана рұқсат етілген» деген.

• «Баланы Пайғамбарымыз оны әдейі отырғызбаған, еркелеп өзі мініп алған» деп те айтқан.

• «Мәжбүр болғаннан көтерген, әйтпесе бала жылап қиындық тудырар еді» делінген.

• «Нәпіл намазда көтеріп алған» деген пікірлер де айтылған. Десек те, парызда көтеріп алғандығы риуаяттарда анық жазылған.

Нәуәуи хадиске байланысты айтылған болжамдарды жоққа шығарып: «Бұл жорамалдардың бәрі дәлелсіз құрғақ пайымдар ғана. Хадисте шариғатқа теріс түскен ешқандай үкім айтылмаған. Адам баласы таза жаратылыс. Балаларда таза, тіпті киімдерінде ешқандай лас, нәжіс байқалмаса, намазға кедергісі жоқ. Әрі намазда амал кәсир (артық қимыл) болмайынша намаз бұзылмайды. Оның үстіне қозғалыс әр рәкатта бөлек-бөлек жасалғандықтан амал кәсир болмайды. Шариғаттың шеңберінен шыққаны жайында еш нәрсе айтылмаған. Расулалланың (с.а.с.) бұл әрекеті намазға еш кедергі емес екенін көрсету үшін еді. Әйтпегенде мұның дұрыс еместігін жеткізер еді».

Фақиһани: «Умаманы намаз уақытында иығына көтеруі, надандықтың себебінен қадірі қашқан аяулы бүлдіршіндердің қадірін көтеру мақсатында еді. Араб жамағатының қате пікірлерін өзгертіп, аруларды аялауды үйретуі. Тіпті құлшылық үстінде төбесіне шығару арқылы, оларға үлгі болу үшін осылай жасады. Амалдың әсері сөздің әсерінен әлдеқайда салмақты әрі өтімді» деген.

3. Риуаят балаларды мешітке алып баруға болатынына дәлел.

4. Кішкентай баланың намаздағы адамды құшақтауы намазды да, дәретті де бұзбайды.

5. Үсті-басы таза адамды көтеру, тіпті таза жануарды көтеру намазға кедергі келтірмейді.

6. Расулалланың (с.а.с.) асқан қарапайымдылығын осы хадистен көруге болады.

  1. 1Бұхари, «Салат», 106, «Әдеп», 18. Мүслим, «Мәсәжид», 41 (№543). Мәлик, «Муатта», «Қасрус-салат», 81 (1/170). Әбу Дәуіт, «Салат», 169 (№917–920). Нәсәи, «Мәсәжид», 19 (2/45), «Сәһу», 13 (3/10).