Хадис

Артық қимылдарды тәрк ету

Кутуб ситтә, 7-том, 374-тарау · 17 хадис · № 2712–2728

Хадистер

2712
Кутуб ситтә, № 2712 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Муғайқиб

عَنْ مُعَيْقِيبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ تَسْوِيَةِ التُّرَابِ حَيْثُ يَسْجُدُ الْمُصَلِّي».

Қазақша аудармасы

Муғайқиб (р.а.): «Алла елшісінен (с.а.с.) намаз оқушының сәжде ететін жеріндегі топырақты тегістеуі жайында сұралды», – деген.

2713
Кутуб ситтә, № 2713 · тараудағы реті: 2

وَفِي رِوَايَةِ التِّرْمِذِيِّ: «عَنْ مَسْحِ الْحَصَى فِي الصَّلَاةِ، فَقَالَ: إِنْ كُنْتَ وَلَا بُدَّ فَاعِلًا فَوَاحِدَةً». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Тирмизи келтірген нұсқада Алла елшісінен (с.а.с.) намазда қиыршық тасты тегістеу жайында сұралған. Ол: «Мәжбүр болсаң, бір рет қана істе», – деп жауап берген.1

  1. 1Бұхари, «Амал фис-салат», 8. Мүслим, «Мәсәжид», 46 (№545). Әбу Дәуіт, «Салат», 175 (№946). Тирмизи, «Салат», 279 (№380). Нәсәи, «Сәһу», 8 (3/7).
2714
Кутуб ситтә, № 2714 · тараудағы реті: 3

وَفِي رِوَايَةٍ لِلْأَرْبَعَةِ عَنْ أَبِي ذَرٍّ: «إِذَا قَامَ أَحَدُكُمْ إِلَى الصَّلَاةِ فَلَا يَمَسَّ الْحَصَى فَإِنَّ الرَّحْمَةَ تُوَاجِهُهُ».

Қазақша аудармасы

Әбу Зәррден (р.а.) төрт имам жеткізген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Араларыңнан біреу намазға тұрса, қиыршық тасқа тимесін. Өйткені рақым оған алдынан келеді», – деген.1

  1. 1Муатта, Қасрус-Салат: 43, (1, 157); Әбу Дәуіт, Салат: 175, (945); Тирмизи, Салат: 279, (379); Нәсәи, Сәһу: 7, (3, 6).
2715
Кутуб ситтә, № 2715 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Зәрр

وَعَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَيْضًا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا يَزَالُ اللَّهُ مُقْبِلًا عَلَى الْعَبْدِ وَهُوَ فِي صَلَاتِهِ مَا لَمْ يَلْتَفِتْ: فَإِذَا الْتَفَتَ انْصَرَفَ عَنْهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Зәрр (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Алла намаздағы құлы жан-жағына бұрылмағанша, оған назар салып тұрады. Құлы бұрылса, Алла одан теріс айналады».1

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 165, (909); Нәсәи, Сәһу: 10, (3, 7).
2716
Кутуб ситтә, № 2716 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «سَأَلْتُ النَّبِيَّ ﷺ عَنِ الِالْتِفَاتِ فِي الصَّلَاةِ؟ فَقَالَ: هُوَ اخْتِلَاسٌ يَخْتَلِسُهُ الشَّيْطَانُ مِنْ صَلَاةِ الْعَبْدِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ. «الِاخْتِلَاسُ»: الْأَخْذُ بِسُرْعَةٍ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.а.с.) намазда жан-жағына қарау жайында сұрадым. Ол: “Бұл – шайтанның құлдың намазынан білдіртпей ұрлап алған үлесі”, – деп жауап берді».1

  1. 1Бұхари, Азан: 93, Бәдул-Халқ: 11; Әбу Дәуіт, Салат: 165, (910); Нәсәи, Сәһу: 10, (3, 8). Бұл риуаят Мүслимнен табылмаған.
2717
Кутуб ситтә, № 2717 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَا بَالُ أَقْوَامٍ يَرْفَعُونَ أَبْصَارَهُمْ إِلَى السَّمَاءِ فِي الصَّلَاةِ؟ فَاشْتَدَّ قَوْلُهُ فِي ذَلِكَ، ثُمَّ قَالَ: لَيَنْتَهُنَّ عَنْ ذَلِكَ، أَوْ لَتُخْطَفَنَّ أَبْصَارُهُمْ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Адамдарға не болған, намаз үстінде көздерін көкке тігеді?» – деп, бұл туралы қатты ескерткенін жеткізген. Сөзін: «Не мұны доғарады, не жанарларынан айырылады», – деп түйіндеген.1

  1. 1Бұхари, Азан: 91, Әбу Дәуіт, Салат: 167, (913); Нәсәи, Сәһу: 9, (3, 7).
2718
Кутуб ситтә, № 2718 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يَا بُنَيَّ إيَّاكَ وَالْتِفَاتَ فِي الصَّلَاةِ، فَإِنَّهُ هَلَكَةٌ، فَإِنْ كَانَ لَا بُدَّ فَفِي التَّطَوُّعِ لَا فِي الْفَرِيضَةِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) өзіне мынадай өсиет айтқанын жеткізген: «Балақай, намазда жан-жағыңа қараудан сақтан. Өйткені ол – құрдым. Қарайтын болсаң, тым болмаса парыз намазда қарама, нәпіл намазда ғана қара».1

Түсіндірме

Алдыңғы хадистерде намазға тәкбір айтып кіріскеннен сәлем беріп шыққанға дейін құлшылыққа қатысы жоқ артық қимылдан сақтану бұйырылған. Соның ішінде екі мәселеге ерекше назар аударылады.

1. Сәжде ететін жердің қиыршық тасы маңдайға батып, сәждеге кедергі келтірсе не істейді? Алла елшісі (с.а.с.) артық қимылдан сақтануға үндеген. Өте қажет болса, жерді бір рет тегістеуге рұқсат берген.

Ең дұрысы – намазға кіріспей тұрып, сәжде ететін жерді ыңғайлап, тегістеп алу.

Хадистерде көбіне қиыршық тас пен топырақ аталады. Өйткені Алла елшісінің (с.а.с.) дәуірінде мешіттің едені топырақ пен қиыршық тастан болған. Ғалымдар сәждеге кедергі келтіретін құм, ұсақ тас пен топыраққа бірдей үкім берген. Нәуәуи намазда қиыршық тасты түзетуді мәкрүһ санаған. Хаттаби Имам Мәликтің бұдан әбестік көрмегенін және өзі де солай істегенін жеткізген. Ибн Хажардың айтуынша, бұл жайындағы хадис Имам Мәликке жетпеген болуы мүмкін.

Заһирилердің бір бөлігі №2713 хадисті тура мағынасында алып, қиыршық тасты бір реттен артық түзетуді харам санаған.

Ибн Хажар: «Мұның мәкрүһ болуы намаздағы ықылас пен кішіпейілділікті әлсіретуінен немесе артық қимылға ұрындыруынан», – деген. Әбу Зәррдің №2714 хадисінде бұл Алланың рақымына тосқауыл қоймау қажеттігімен түсіндіріледі. Ибн Әбу Шәйбаның риуаятында: «Сәжде ететін жердегі қиыршық тасқа тиме. Өйткені әрбір тас өзіне сәжде етілгенін ұнатады», – делінген.

Қади Иядтың айтуынша, ілгергі мұсылмандар намаздан сәлем беріп шыққанға дейін сәжде орнын тазалауды мәкрүһ санаған.

2. Хадисте намаз үстінде жан-жаққа бұрылып қарау да сөз болады. Арабша оны «илтифат» дейді. Заһирилер мұны зәрулік болмаса, харам санаған. Әһлі сүннет ғалымдары мәкрүһ деп пәтуа берген. Жан-жағына қараған кісі жүзін құбыладан бұрып, намаздағы ықыласын әлсіретеді. Алла елшісі (с.а.с.) мұны шайтанның намаз сауабын ұрлап әкетуіне теңеген. Хадистегі «ихтилас» – иесі байқап тұрған затты іліп әкету. Мысалы, саудагердің көз алдында мүлкін іліп кету де осылай аталады. Тибидің айтуынша, шайтан намазға тұрған адамды аңдып, назары бөлінген сәтте намазынан ұрлап әкетеді. Намаз оқушы Ұлы Жаратушының құзырында тұрғанын сезініп, артық қимылдан сақтанғаны абзал.

Кей ғалымдар әзірет Айшаның №2690 хадисіндегі киім секілді, назарды бөліп, ойды бұзатын нәрсені де ихтиласқа жақын санаған. Алла елшісі (с.а.с.) киімнің намазда назарын бөлгенін айтып, оны ауыстырған.

№2717 хадис намазда көзді көкке тігуден тыяды. Намаздан тыс уақытта дұға үстінде жоғары қарау жайында ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Шурайх және бірқатар ғалым мұны мәкрүһ санаған. Көпшілік: «Қағба – намаздың құбыласы, көк – дұғаның құбыласы», – деп, оған рұқсат берген.

Қади Ияд: «Намазда көкке қарау құбыладан өзге жаққа бұрылуға жақын», – деген. Ибн Хазм хадистегі қатаң ескертуді негізге алып, көкке қарау намазды бұзады деп үкім берген. Әһлі сүннет ғалымдары бұған келіспеген. Ибн Әбу Шәйбаның риуаятында мұсылмандар әуелде намазда жан-жағына қарайтын, мына аяттар түскен соң одан тыйылған делінеді: ﴿قَدْ أَفْلَحَ ٱلْمُؤْمِنُونَ ۝ ٱلَّذِينَ هُمْ فِى صَلَاتِهِمْ خَٰشِعُونَ﴾ «Мүміндер мақсат-мұратына, нағыз жетістікке жетті. Олар – намазда шын пейілімен мойынсұнып, барынша кішіпейілділік танытатындар»2.

№2718 хадисте жан-жаққа қарау «құрдым» деп сипатталған. Ғалымдар құрдымға кетудің үш түрін атаған.

1. Қолындағы нәрсесінен айырылу.

2. Қолындағы нәрсенің өзгеріп, бастапқы қалпынан айырылуы.

3. Кісінің қайтыс болуы.

Алла елшісі (с.а.с.) намазда жан-жағына алақтауды құрдымға теңеген. Өйткені бұл – шайтанға еру, ал шайтан жақсылыққа бастамайды. Жан-жағына қараған кісінің намазы кемелдігінен айырылады. Әзірет Айшаның №2716 хадисінде бұл ихтилас, яғни шайтанның намаздан ұрлап алуы деп сипатталған.

Нәпіл намазда жан-жаққа қарауға жеңілдік берілген. Ғалымдар мұны нәпіл намазды отырып оқуға рұқсат етілуімен салыстырған. Парыз намазда осы екі амалға да, үзір болмаса, рұқсат жоқ.

  1. 1Тирмизи, Салат: 413 (589).
  2. 2«Мүминун» сүресі, 1–2-аяттар.
2719
Кутуб ситтә, № 2719 · тараудағы реті: 8

وَعَنْ سَهْلٍ بْنِ الْحَنْظَلِيَّةِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «ثُوِّبَ بِالصُّبْحِ فَجَعَلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُصَلِّي وَهُوَ يَلْتَفِتُ إِلَى الشِّعْبِ، وَكَانَ أَرْسَلَ فَارِسًا إِلَى الشِّعْبِ مِنَ اللَّيْلِ يَحْرُسُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Сәһл ибн әл-Ханзалия (р.а.) былай дейді: «Таң намазының қаматы айтылды. Алла елшісі (с.а.с.) намазға кірісті. Намаз үстінде тау өткеліне бұрылып қарап тұрды. Ол түнде өткелді күзетуге атты кісі жіберген еді».1

Түсіндірме

«Шиғб» – тау арасындағы жол, өткел. Хадисте қажет болғанда бұрылып қарауға рұқсат берілген. Кей риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) басын бұрғаны, Бұхари келтірген нұсқада басын бұрмай, көзінің қиығымен қарағаны айтылады. Ата, Мәлик, Әбу Ханифа мен оның ізбасарлары, Әузағи және Куфа ғалымдарының бір бөлігі басты бұрмай, көздің қиығымен қараудан әбестік көрмеген.

Хазимидің айтуынша, тау өткелі құбыла бағытында болған.

Кейбір ғалымдар бұл хадистегі жан-жағына бұрылып қарауға берілген рұқсаттың үкімі «Мүминун» сүресінің жоғарыда келтірілген аяттарымен жойылған болуы мүмкін деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 168, (916).
2720
Кутуб ситтә, № 2720 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «خَرَجَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُصَلِّي فِي مَسْجِدِ قُبَاءَ فَجَاءَ الْأَنْصَارُ يُسَلِّمُونَ عَلَيْهِ وَهُوَ يُصَلِّي، فقُلْتُ لِبِلَالٍ: كَيْفَ رَأَيْتَهُ يَرُدُّ عَلَيْهِمْ حِينَ كَانُوا يُسَلِّمُونَ عَلَيْهِ وَهُوَ يُصَلِّي؟ قَالَ: هَكَذَا، وَبَسَطَ كَفَّهُ وَجَعَلَ بَطْنَهُ أسْفَلَ، وَظهْرَهُ إِلَى فَوْقُ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Құба мешітіне намаз оқуға барды. Ол намаз оқып тұрғанда, ансарлар келіп сәлем берді. Біләлден сұрадым:

– Алла елшісінің (с.а.с.) намаз үстінде олардың сәлеміне қалай жауап бергенін көрдің бе?

– Міне, былай, – деді де, қолын жазып, алақанын төмен, сыртын жоғары қаратты».1

Түсіндірме

1. Құба – Пайғамбар мешітінен үш миль жерде орналасқан ауыл. Қазір Мәдина қаласының бір ауданына айналған.

2. Азимабади «Аун әл-Мағбудта» бұл хадисте сәлемге алақанмен ишарат етіп жауап берілгенін айтады. Жәбирдің (р.а.) хадисінде қолымен, ал Ибн Омардың Суһайбтан жеткізген риуаятында саусағымен ишарат жасаған. Бәйхақи келтірген Ибн Мәсғудтың хадисінде басын қозғағаны, басқа нұсқада басын изегені жазылған.

Осы риуаяттарға сүйенген ғалымдар Алла елшісі (с.а.с.) әр жағдайда әртүрлі ишарат жасаған болуы мүмкін, демек, олардың бәріне рұқсат деген. Анығын Алла біледі.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 170, (927); Тирмизи, Салат: 271, (368); Нәсәи, Сәһу: 6, (3, 5-6).
2721
Кутуб ситтә, № 2721 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: التَّسْبِيحُ لِلرِّجَالِ وَالتَّصْفِيقُ لِلنِّسَاءِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Тәсбих айту – ерлерге, қол қағу – әйелдерге».1

Түсіндірме

1. Тәсбих – «Субханаллаһ» деу. Тасфиқ – екі қолды бір-біріне соғып, қол қағу. Арабша бұл сөз қошемет көрсетуді де білдіреді. Хадисте қол қағудың мақсаты – ескерту. Кей нұсқада «тасфих» сөзі келген, оны да осы мағынада түсінген. Жамағат намазында имамға ескерту қажет болса, ер кісі «Субханаллаһ» дейді, әйел қол қағады. Намаздан тыс тұрған адамға қауіп төнсе, оны да осылай ескертуге болады.

2. Намаздағы адам біреуге ескертуге мәжбүр болса, ер кісі «Субханаллаһ» дейді, әйел оң алақанымен сол қолының сыртын қағады. Әйел даусы ер кісінің назарын бөліп жібермеуі үшін оған осы амал үйретілген. Ер кісіге қол қағу тыйылған, өйткені бұл әйелге тән амал ретінде аталған. Имам Мәлик пен кей ғалым хадистегі қол қағуды намаздан тыс әйелдер жасайтын амал ретінде түсініп, намазда оны еркек те, әйел де жасамауы керек деген. Басқа ғалымдар бұған анық риуаяттарды қарсы дәлел еткен. Қуртуби әйелдің намазда қол қағуын шариғат, риуаят және ақыл тұрғысынан орынды деп санаған.

  1. 1Бұхари, Амал фис-Салат: 5; Мүслим, Салат: 106, (422); Әбу Дәуіт, Салат: 173, (939); Тирмизи, Салат: 272, (369); Нәсәи, Сәһу: 16, (3, 11-12).
2722
Кутуб ситтә, № 2722 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Абдулла ибн әш-Шиххир

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ الشِّخِّيرِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «صَلَّيْتُ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَرَأَيْتُهُ تَنَخَّعَ فَدَلَكَهَا بِنَعْلِهِ الْيُسْرَى». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн әш-Шиххир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге намаз оқыдым. Оның қақырығын тастап, сол аяқкиімімен сүрткенін көрдім».1

  1. 1Бұхари, Мәсәжид: 58, (554); Әбу Дәуіт, Салат: 22, (482); Нәсәи, Мәсәжид: 34, (2, 52).
2723
Кутуб ситтә, № 2723 · тараудағы реті: 12

وَعِنْدَ أَبِي دَاوُدَ: «فَبَزَقَ تَحْتَ قَدَمِهِ الْيُسْرَى وَدَلَكَهُ بِنَعْلِهِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттің риуаятында: «Сол аяғының астына түкірді де, аяқкиімімен сүртті», – делінген.1

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 22, (482).
2724
Кутуб ситтә, № 2724 · тараудағы реті: 13

وَلَهُ فِي أُخْرَى عَنْ أَبِي نَضْرَةَ: «بَزَقَ فِي ثَوْبِهِ وَحَكَّ بَعْضَهُ بِبَعْضٍ». «تَنَخَّعَ الْإِنْسَانُ»: إِذَا رَمَى نُخَاعَتَهُ وَهِيَ النَّخَامَةُ الَّتِي تَخْرُجُ مِنْ أَصْلِ الْحَلْقِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіт Әбу Надрадан жеткізген риуаятта: «Киіміне түкіріп, матаның бір тұсын екінші тұсына үйкеді», – делінген.1

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.): «Мешітке түкіру – күнә, оның кәффараты – түкірікті көму», – деп, құлшылық орнында түкіруге тыйым салған. Ибн Хажардың түсіндіруінше, тыйым мешіт ішінде тұрған адамға да, сырттан мешітке түкірген адамға да қатысты.

Мұндай күнә істелсе, кәффараты өтеледі. Ол – түкірікті көміп, ізін қалдырмау.

2. Мешітте түкіру жайындағы хадисті Алла елшісінің (с.а.с.) дәуіріндегі жағдайды ескеріп түсінген жөн.

а) Ол кезде мешіттерге қазіргідей кілем, киіз, алаша төселмеген. Еденді тегістейтін бетон не құрама тас та болмаған. Жері құм немесе топырақ еді.

ә) Кейбір хадисте түкіруге рұқсат етіліп, артынан көму шарт етілген. Ибн Әбу Жәмраның түсіндіруінше, түкірікті көму оның бетін жеңіл-желпі жабудан бөлек. Бетін ғана жапса, басқа кісі келіп үстіне отырып қалуы мүмкін. Ал көму – түкірікті жердің астына, тереңірек жасыру.

б) Ғалымдар түкірікті қалай көму жөнінде әртүрлі пікір айтқан. Көпшілік оны құмның не топырақтың астына көму керек, көмілмесе, түгел тазалап, сыртқа шығару қажет деген. Мешітке кілем сияқты төсеніш төселсе, онда түкіруге рұқсат жоқ. Бүгінде көп мешітке кілем төселгендіктен, жерге түкіріп, оны көмуге берілген рұқсат қолданылмайды. Мүслимдегі хадисте: «Үмбетімнің жаман амалдарының арасынан көмілмей қалған түкірікті көрдім», – делінген. Кілем үстіндегі түкірікті көму мүмкін емес.

в) Түкірік нәжіс саналмайды және намазға кедергі келтірмейді. Алла елшісінің (с.а.с.) рұқсат беруінің бір себебі осы. №2724 хадисте оның киіміне түкіріп, матаның екі тұсын бір-біріне үйкегені айтылған.

г) Хадистерде түкіруге мәжбүр кісінің түкірігін көмуі немесе сол аяғының астына түкіріп сүртуі айтылған. Майлық не арнайы сүрткіш қолдану аталмаған. Ол кезде ондай бұйымдар қолданыста болмаған немесе Алла елшісі (с.а.с.) жұртқа ең оңай тәсілді үйреткен деп түсінуге болады.

ғ) Кейбір ғалымдар риуаяттарды салыстырып, мешітте түкіруге барлық жағдайда бірдей тыйым салынбаған деген. Тыйым көптің көзінше түкіріп, өзгелерге жайсыздық туғызуға қатысты. Мәжбүр болған кісі, науқас не қарт адам арнайы матаға түкіргені дұрыс.

Кей ғалымдар түкіруге берілген рұқсат үзірі бар, басқа амалы жоқ адамға, ал тыйым үзірі жоқ, дені сау адамға қатысты деген. Риуаяттарда түкірікті сол аяқтың астына тастап сүрту, матаға түкіріп тазалау немесе жерге көму жолдары айтылған.

  1. 1Әбу Дәуіт, Таһарат: 143, (389, 390).
2725
Кутуб ситтә, № 2725 · тараудағы реті: 14Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «جِئْتُ يَوْمًا مِنْ خَارِجٍ، وَرَسُولُ اللَّه ﷺ يُصَلِّي فِي الْبَيْتِ وَالْبَابُ عَلَيْهِ مُغْلَقٌ، فَاسْتَفْتَحْتُ فَتَقَدَّمَ وَفَتَحَ لِي، ثُمَّ رَجَعَ الْقَهْقَرَى إِلَى مُصَلَّاهُ، وَوَصَفَتْ أَنَّ الْبَابَ كَانَ فِي الْقِبْلَةِ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Бір күні сырттан келдім. Алла елшісі (с.а.с.) үйде намаз оқып тұр екен, есік жабық еді. Есікті ашуын сұрадым. Ол алға жылжып, маған есік ашты да, кейін шегініп, намаз оқып тұрған орнына қайтты».

Айша (р.а.) есіктің құбыла жақта болғанын айтты.1

Түсіндірме

1. Бұл хадис Алла елшісінің (с.а.с.) нәпіл намазын үзбей, Айшаға (р.а.) есік ашып бергенін баяндайды. Ол намаздың нәпіл болғаны Нәсәидің риуаятында анық айтылған.

2. Ғалымдар бұл хадисті әртүрлі түсіндірген:

• Есік құбыла жақта болса, намаз кезінде оны жауып қойған абзал. Сонда есік әрлі-берлі өткен адамға қалқан болады.

• Ибн Расланның пікірінше, Алла елшісі (с.а.с.) есік ашу үшін бір-екі адым аттаған немесе кідіріс жасап, одан көбірек жүрген. Әйтпесе оның қимылы амал кәсир саналып, намазды бұзар еді. Шәуқани бұл шектеулердің мәзһаб ұстанымына сүйенгенін, ал риуаяттың өзінде оларды дәлелдейтін еш негіз жоғын айтып, пікірді қабылдамаған.

• Айша (р.а.) есіктің құбыла жақта болғанын, Алла елшісінің (с.а.с.) есік ашқанда жүзін басқа жаққа бұрмай, кейін шегініп, намаз оқыған орнына қайтқанын хабарлаған. Кейбір ғалымдар бұл қимылдар бірінен соң бірі жасалмағандықтан, намазды бұзатын амал кәсирге жатпайды деп түсіндірген. Әли әл-Қари: «Екі-ақ адым аттаса да, оған есік ашып, орнына қайтуды қосқанда, бәрібір намазды бұзатын амал кәсир шығады. Ең дұрысы – бұл қимылдар үзіліссіз жасалмаған деу», – деген.

Ибн Мәлік өзгеше пікір айтқан: «Алла елшісінің (с.а.с.) есікке келуі, оны ашуы және орнына қайтуы – амал кәсир. Хадистің сыртқы мағынасы мұндай қимылдар бірінен соң бірі жасалғанда да намаз бұзылмайтынын көрсетеді». Әли әл-Қари ханафи мәзһабында бұл пікірге сүйенбейтінін айтқан. Өйткені бұл мәзһабта бір рәкат ішінде жасалған үш қимыл амал кәсир саналып, намазды бұзады. Ибн Мәліктің тұжырымы хадистің сыртқы мағынасына сай болғандықтан, кей ғалымдар оны нәпіл намазға қатысты қабылдаған. Олардың пікірінше, қажеттілік туғанда жасалған амал кәсир нәпіл намазды бұзбайды.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 169 (№922). Тирмизи, «Салат», 421 (№601). Нәсәи, «Сәһу», 14 (3/11).
2726
Кутуб ситтә, № 2726 · тараудағы реті: 15Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: اقْتُلُوا الْأسْوَدَيْنِ فِي الصَّلَاةِ الْحَيَّةَ وَالْعَقْرَبَ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Намазда тұрғанда екі қараны, яғни жылан мен шаянды өлтіріңдер”, – деді».1

Түсіндірме

1. «Екі қара» деген тіркесте бірінің атауы екеуіне де ортақ қолданылған. Негізінде «қара» («әсуәд») деп жыланды ғана атайды.

2. Хаттаби былай дейді: «Хадис намазда аз қимылға (амал ясирге) рұқсат екенін әрі бір қимыл екі рет қатарынан жасалса, намаз бұзылмайтынын көрсетеді. Өйткені жылан бір не екі соққыдан өлуі мүмкін. Қимыл амал кәсир шегіне жетсе, намаз бұзылады. Алайда хадисте жыланды міндетті түрде бір-екі соққымен өлтіру шарт етілмеген».

3. Адамға жылан тәрізді зиян келтіретін өзге жәндіктер де осы үкімге кіреді. Ибраһим ән-Нахағиден басқа ғалымдар жылан мен шаянды өлтіруге рұқсат еткен.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 169 (№921). Тирмизи, «Салат», 287 (№390). Нәсәи, «Сәһу», 12 (3/10).
2727
Кутуб ситтә, № 2727 · тараудағы реті: 16Риуаят етуші: Үммі Сәләма

وَعَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «رَأَى النَّبِيُّ ﷺ غُلَامًا لَنَا يُقَالُ لَهُ أَفْلَحُ إِذَا سَجَدَ نَفَخَ فَقَالَ: يَا أَفْلَحُ تَرِّبْ وَجْهَكَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Үммі Сәләмә (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Әфлах есімді қызметші құлымыздың сәждеге барғанда жерді үрлегенін көріп: “Уа, Әфлах, жүзіңді топыраққа тигіз!” – деді».1

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) қызметші құлдың сәжде қылар орнын, маңдайына шаң-топырақ жұқпасын деп, үрлегенін көріп, олай істеуден тыйды. «Жүзіңді топыраққа тигіз» дегені – маңдайды жерге қалыпты түрде қойып, сәжде ететін тұстың топырағын үрлемеу. Маңдайдың жерге тиюі Алла алдында кішіреюге лайық. Дененің ең қадірлі мүшесі – маңдайға топырақ жұғуы кішіпейілдіктің ең жоғарғы көрінісі саналады.

2. Ибн Аббас үрлеуді сөйлеуге теңеп, намазда оны мәкрүһ санаған. Ғалымдардың көпшілігі бұл пікірге қосылмаған. Олардың айтуынша, сөз өз дыбыстау орны бар әріптерден құралады, ал үрлегенде әріп дыбысталмайды. Бұл туралы риуаяттардың әлсіздігі де айтылған. Үрлеу мәкрүһ болғанымен, намазды бұзбайды, өйткені Алла елшісі (с.а.с.) Әфлахқа намазын қайта оқуды бұйырмаған. Ибн Хажар «Жүзіңді топыраққа тигіз!» деген сөзден топыраққа сәжде етудің мұстахаб екені аңғарылатынын айтқан.

  1. 1Тирмизи, Салат: 280, (381).
2728
Кутуб ситтә, № 2728 · тараудағы реті: 17Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنِ السَّدْلِ فِي الصَّلَاةِ، وَأنْ يُغَطِّيَ الرَّجُلُ فَاهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. «السَّدْلُ» الْمَنْهِيُّ عَنْهُ فِي الصَّلَاةِ أَنْ يَلْتَحِفَ الرَّجُلَ بِثَوْبِهِ، وَ يُدْخِلَ يَدَيْهِ مِنْ دَاخِلِهِ فَيَرْكَعُ وَيَسْجُدُ وَ هُوَ كَذَلِكَ، وَكَانَتِ الْيَهُودُ تَفْعَلُهُ، فَنَهَى عَنْهُ. قَوْلُهُ «وَأنْ يُغَطِّيَ الرَّجُلُ فَاهُ»: يَعْنِي التَّلَثُّمُ بِالْعِمَامَةِ عَلَى الْفَمِ، وَكَانَتِ الْعَرَبُ تَفْعَلُهُ، فَنَهَوْا عَنْهُ فِي الصَّلَاةِ، فَإِنْ تَثَاءَبَ الْمُصَلِّي فَلْيُغَطِّ فَاهُ، فَقَدْ جَاءَ فِيهِ حَدِيثٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) намазда киімге бүркеніп орануға және ер адамның аузын тұмшалауына тыйым салды».1

Түсіндірме

1. Мұндағы «сәділ» – киімге бүркеніп, екі қолды киімнің ішіне алған күйі рукуғ пен сәжде жасау. Яһудилерде осындай әдет болғандықтан, бұған тыйым салынған.

Хаттаби «сәділді» киімнің етегін жерге сүйретіп кию деп түсіндірген. Оның ойынша, намазда бұлай тұруға болады, өйткені адам намаз үстінде жүріп, киімінің етегін жерге сүйретпейді. Ал намаздан тыс жерде солай кию тәкаппарлық пен ысырапқа жатады. Сәури оны намазда мәкрүһ санаса, Шәфиғи намазда да, намаздан тыс кезде де мәкрүһ деп есептеген. Ирақи сәділді шашты жайып жіберу деп түсіндірген.

Шәуқани сәділге берілген осы түсіндірмелердің бәрі хадиске үйлесетінін айтқан. Оның пікірінше, сөздің осы мағыналардың бәрін қамтуы тіпті орынды.

Хаттаби ауызды тұмшалау жайында былай дейді: «Арабтар аузын сәлдемен жабуға әдеттенген. Алла елшісі (с.а.с.) намазда бұлай істеуден тыйған. Намаз үстінде есінегенде ғана ауызды жабуға рұқсат еткен».

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 86, (643); Тирмизи, Салат: 278, (378).