عَنِ ابْنِ عُمَرَ وَكَعْبٍ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَا: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا قَفَلَ مِنْ سَفَرٍ بَدَأَ بِالْمَسْجِدِ فَرَكَعَ فِيهِ رَكْعَتَيْنِ ثُمَّ انْصَرَفَ إِلَى بَيْتِهِ. قَالَ نَافِعٌ: وَكَانَ ابْنُ عُمَرَ يَفْعَلُ ذَلِكَ».
Ибн Омар мен Кәғб ибн Мәликтен (р.а.) жеткен хабарда: «Алла елшісі (с.а.с.) сапардан қайтқанда алдымен мешітке кіретін. Онда екі рәкағат намаз оқып, содан кейін үйіне баратын», – делінеді. Нафиғ Ибн Омардың да осылай істегенін айтқан1.
Түсіндірме
Әбу Дәуіттің нұсқасында Алла Елшісінің (с.а.с.) сапардан келген бойда мешітке кіріп, екі рәкағат намаз оқығаны, одан кейін біраз отырғаны айтылады. «Тәйсирде» намаздан соң үйіне кеткені берілген. Осы нұсқалардан оның кейде жұртпен жүздесу үшін мешітте кідіргенін, кейде намаздан соң бірден үйіне қайтқанын аңғаруға болады.
Хадис сапардан келгенде мешітке кіріп, екі рәкағат намаз оқуды үйретеді. Одан кейін жолаушы мешітте біраз отыра алады немесе үйіне қайтады. Хасан ибн Алиден (р.а.) жеткен хабарда Алла Елшісінің (с.а.с.) сапардан күн көтеріліп, тас төбеге жетпей оралғаны айтылады. Бұл мезгіл түнде үйге ескертусіз кірмеу әдебіне сай әрі мешітке барып, сахабалармен жүздесуге қолайлы болған.
Жарыс, бәсеке және мергендік
Автор Исламда құпталған спорт түрлерін сол дәуірдегі дене шынықтыру және әскери даярлық мақсатымен байланыстырады. Қазіргі спорттың мақсаты мен түрі әлдеқайда көп. Автордың сыны адамды шынықтыратын сайысқа емес, уақыт пен күшті босқа кетіретін әуестікке бағытталған. Мысалы, өзі спортпен айналыспайтын адам бір команданың жанкүйері болып, өзге жанкүйерлермен дауласып, ақырында ақша тігіп, құмарға салынуы мүмкін. Мұндай әдет мүміннің өмір салтына жат. Қысқа ғұмырын адам өзіне де, өзгеге де пайдасы тиетін, ақыретіне сауап болатын іске жұмсағаны жөн.
Пайдасыз әуестік адамның уақытын байқатпай алады. Сондықтан кісі неге уақыт бөліп жүргенін ойлап, өзіне есеп бергені жөн. Иман мен ақылға жүгініп, қажет пен қажетсізді ажыратпаса, ғұмырының қалай өткенін аңғармай қалуы мүмкін. Артында пайдалы іс қалмаса, ізі құмға түскен таңбадай өшеді. Төмендегі хадистер осы тақырыпқа кіріспе болады. №2218 риуаяттан кейін баланың өмірінде спорттың орнын басатын ойын туралы сөз қозғалады. Сол тараудағы түсіндірмелер мен хадистер Исламның адамға пайдасы тиетін спортқа үндейтінін көрсетеді.
- 1Әбу Дәуіт, «Жиһад», № 2781–2782. Ибн Омар мен Кәғб ибн Мәликтің нұсқалары.