1. Тирмизи ғалымдардың Әбу Һурайра хадисіне сүйеніп, жайылымдағы жылқы мен қызметке ұсталған құлдан зекет алынбайтынын айтқанын жеткізеді. Саудаға арналған мүлікке бір жыл толғанда оның құны бойынша зекет алынады.
2. Бұл үкімді қуаттайтын басқа риуаяттарда есектен де зекет алынбайтыны айтылған.
3. Тирмизи келтірген пікірді Имам Мәлик, Имам Шафиғи, ханафи ғалымдарынан Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед, сондай-ақ Ахмад ибн Ханбал ұстанған.
Имам Ағзам, оның ұстазы Хаммад, Ибраһим Нахағи және Зуфар төл алу үшін өсірілген жылқыдан зекет алған. Олардың пікірінше, әр жылқыға бір динар төлеуге немесе табынның құнын есептеп, оның қырықтан бірін беруге болады.
Заһирилер хадисте сауда туралы шарт жоқтығына сүйеніп, жылқы мен құлға зекет мүлде жүктелмейді деген. «Әл-Бәдаиғаның» түсіндіруінше, мінуге, жүк тасуға немесе жорыққа пайдаланылатын, қолда жемделетін жылқыға зекет салынбайды. Саудаға ұсталған жылқыдан зекет алынады. Имам Ағзам төл алу үшін өсірілетін табында айғыр да, бие де болса, зекет парыз деген. Екі нұсқаның кең тарағаны бойынша, табында тек айғыр немесе тек бие болса, зекет парыз емес.
Ханафи мәзһабындағы пәтуа Имам Мұхаммед пен Әбу Юсуфтың пікіріне сүйенеді. Ол бойынша төл алу үшін өсірілетін жылқыдан зекет алынбайды.