Хадис

№ 1995–1998 хадистер

Кутуб ситтә, 5-том, 279-тарау · 4 хадис · № 1995–1998

Хадистер

1995
Кутуб ситтә, № 1995 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ الرِّفْقَ مَا كَانَ فِي شَيْءٍ إِلَّا زَانَهُ. وَلَا نُزِعَ مِنْ شَيْءٍ إِلَّا شَانَهُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Жұмсақтық қай іске араласса, сол істің көркін келтіреді. Қай істен жұмсақтық алынса, сол істің көркі кетеді»1.

Түсіндірме

Әбу Дәуіттің бір риуаяты бойынша, Алла елшісі (с.а.с.) бұл сөзді әзірет Айшаға қырға мініп барсын деп мініске әлі үйретілмеген түйе бергенде айтқан. Түйе асау болғандықтан, қиқарланып, тосын мінез көрсетуі мүмкін еді. Алла елшісі мұндайда сабыр сақтап, жануарға жұмсақ қарауды үйретіп: «Уа, Айша! Оған жұмсақ қара. Жұмсақтық қай іске араласса, сол істің көркін келтіреді. Қай істен жұмсақтық алынса, сол істің көркі кетеді», – деген.

  1. 1Мүслим, «Бирр», 78 (№ 2594a). Әбу Дәуіт, «Жиһад», 1 (№ 2578), «Әдеп», 11 (№ 4808).
1996
Кутуб ситтә, № 1996 · тараудағы реті: 2

وَفِي رِوَايَةٍ قَالَتْ: «رَكِبْتُ بَعِيرًا فِيهِ صُعُوبَةٌ فَجَعَلْتُ أُرَدِّدُهُ فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: عَلَيْكِ بِالرِّفْقِ». «الشَّيْنُ» الْعَيْبُ. وَهُوَ ضِدُّ الزَّيْنِ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) басқа бір риуаятта былай дейді: «Қиқар түйеге міндім. Ол қиғылық салғанда, оны ілгері-кейін жүргізе бастадым. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Оған жұмсақ қара”, – деді».1

Түсіндірме

Алдыңғы риуаят пен бұл риуаят бір оқиғаны баяндауы да, екі бөлек оқиғаға қатысты болуы да мүмкін. Екеуі де қиқар түйеге, сол сияқты басқа жануарларға да жұмсақ қарауды үйретеді. Мұндайда адам кейде айқайға басып, дөрекілік танытуы, тіпті қолына таяқ алуы мүмкін. Мұндай қаталдықтың салдары зиянға ұласады.

  1. 1Мүслим, «Бирр», 79 (№ 2594b).
1997
Кутуб ситтә, № 1997 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Жәрир

وَعَنْ جَرِيرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ يُحْرَمِ الرِّفْقَ يُحْرَمِ الْخَيْرَ كُلَّهُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Жәрир (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Жұмсақтықтан мақұрым қалған жан бар жақсылықтан мақұрым қалады».1

Түсіндірме

Ғалымдар осы хадистерге сүйеніп, жұмсақтықты бар ізгіліктің бастауы санаған. Тағы бір хадисте: إِنَّ اللَّهَ رَفِيقٌ يُحِبُّ الرِّفْقَ، وَيُعْطِي عَلَى الرِّفْقِ مَا لَا يُعْطِي عَلَى الْعُنْفِ، وَمَا لَا يُعْطِي عَلَى مَا سِوَاهُ. «Алла – Рафиқ, жұмсақтықты жақсы көреді. Жұмсақтық үшін беретінін Ол қаталдық үшін де, одан өзге нәрсе үшін де бермейді»2, – делінген. «Рафиқ» Алланың есімі не сипаты ретінде Құранда аталмаған және мутауатир хадиспен жетпеген. Оны ахад хабар жеткізеді. Кейбір ғалымдар тек ахад хабармен жеткен мұндай атауды Аллаға қатысты ешбір тіркеске қоспай, жеке қолдануды жөн көрмеген. Ал әшғари ғалымдарының бір бөлігі: «Ахад хабарға сүйеніп амал етуге болады. Бұл да хадиске сай амал етудің бір түрі», – деп рұқсат берген.

  1. 1Мүслим, «Бирр», 75 (№ 2592).
  2. 2Мүслим, «Бирр» (№ 2593).
1998
Кутуб ситтә, № 1998 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Мұса

وَعَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا بَعَثَ أَحَدًا مِنْ أَصْحَابِهِ فِي بَعْضِ أَمْرِهِ قَالَ: بَشِّرُوا وَلَا تُنَفِّرُوا، وَيَسَّرُوا وَلَا تُعَسِّرُوا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мұса (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бір шаруамен сахабаларының бірін аттандырарда: “Сүйіншілеңдер, адамдарды бездірмеңдер. Жеңілдетіңдер, қиындатпаңдар”, – деп ескертетін».1

Түсіндірме

1. Бұл хадис Бұхари мен Мүслимде бірнеше жолмен риуаят етілген. Кей нұсқаларда «Ынтымақты болыңдар, алауыздыққа салынбаңдар», «Көңілдерін орнықтырыңдар, бездірмеңдер» деген қосымша өсиеттер бар.

2. Бұл хадис – Алла елшісінің (с.а.с.) аз сөзге көп мағына сыйғызған өсиеттерінің бірі. «Сүйіншілеңдер» деу арқылы ол Алланың шарапаты мен сауабының молдығын, рақымының кеңдігін, кешірімінің шексіздігін еске салуды бұйырған. Араб тіліндегі «тәбшир» сөзі қуанышты хабар жеткізуді білдіреді. Сондықтан бұл бұйрық Алланың құлшылықты қабыл алатынын, оған сауап жазатынын және күнәсіне тәубе еткен жанға жәрдем ететінін жеткізіп, адамдарды кешірімімен сүйіншілеуге үндейді. «Бездірмеңдер» дегені – ізгілікке шақырғанда шектен шығып, адамды Алланың кешірімі мен рақымынан үміт үзетіндей үрейге салмаңдар деген сөз. «Қиындатпаңдар» дегені – адамнан міндетіне кірмейтін істі талап етіп, мінін тізбелеу арқылы оған ауырлық түсірмеу.

Алла елшісі (с.а.с.) бұл өсиетті бір істі атқаруға аттандырған адамдарына айтқан. Сондықтан халыққа қызмет етіп, жұртпен араласатын әр адам сүйіншілеу мен бездірмеуді, жеңілдету мен қиындатпауды Пайғамбардың өзіне де айтқан өсиеті деп қабылдап, ісіне басшылық етуі керек.

Дін қызметіндегі адамдар да осы өсиетті басшылыққа алуы керек. Исламның әмірлері мен тыйымдарын бірінен соң бірін тізіп, дінді ұстану мүмкін еместей әсер қалдырудан сақтанған жөн. Дінге біртіндеп баулып, Алланың кешірімін және ізгі амал істегендерге ақыретте әзірлеген сыйын еске салып, жұртты сүйіншілей шақыру керек. Исламды жаңадан қабылдағандарға және құлшылықты енді үйреніп жүрген балаларға да жылы сөйлеп, осылай жол көрсеткен жөн. Қаталдық пен дөрекілік олардың ынтасын басады.

Мунауи бұл жөнінде былай дейді: «Адамдарға көңіліне жағатын, ықыласпен қабылдайтын сөздермен жақсылық жеткізіңдер. Сонда олар насихатты қабылдайды. Көңіліне ауыр тиетін сөзден олар бойын аулақ салады. Тәлім беруде жеңілдік жасау адамның бойсұнуын оңайлатып, құлшылыққа ықыласын оятады. Соның арқасында үйрену де, үйренгенін іс жүзінде орындау да жеңілдейді».

Мунауи былай дейді: «Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) бұл хадисте дүние істерін жеңілдетуді, ал ақыретке қатысты жайларды көңілге қуаныш ұялататындай көркем жеткізуді бұйырған. Сонда Алла елшісінің екі дүниеде де әлемдерге рақым етіп жіберілгені ұғынылады. Хадис Алланың рақымын айтып, адамдарға жеңілдік танытқанда сүйіншіге үрейлі сөз араластырып, жұртты бездіруден тыяды. Сондай-ақ мұсылмандықты жаңадан қабылдағандарға қаталдық танытпай, ең жеңілінен бастап үйретіп, Алла туралы жақсы ойда болуға баулу арқылы олардың көңілін табуды бұйырады. Уағыз бен насихатты түгелдей үмітке құру да жөн емес. Қорқыныш пен үмітті оң қол мен сол қолдай қатар ұстап, ілім мен амалды құстың қос қанатындай бірге айту керек».

Қазір кейбір аңғал жандар исламға қарсы пиғылдағы адамдардың ықпалымен бұл хадисті діннің рухына үйлеспейтіндей түсіндіріп жүр. Олар: «Алла қорқатындай емес. Мен Алланы жақсы көремін, Одан қорықпаймын. Пайғамбарымыз “Сүйіншілеңдер, қорқытпаңдар” деген жоқ па?» – дейді. Мұндай сөз – жұртты жаңылыстыратын құр даурықпа. Хадисті өз мақсатынан бұрмау үшін ислам ғалымдарының түсіндірмесіне сүйеніп, иесі мен дереккөзі белгісіз сөзге ермеу керек. Бұл тұста жоғарыда айтылған қағида басшылыққа алынады. Қорқыныш пен үміт оң қол мен сол қолдай қатар, ілім мен амал бір құстың қос қанатындай бірге жүруі керек. Раббымыз Құранда يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ حَقَّ تُقَاتِهِ وَلَا تَمُوتُنَّ إِلَّا وَأَنْتُمْ مُسْلِمُونَ «Уа, иман келтіргендер! Аллаға қарсы келуден барынша сақтаныңдар һәм мұсылман болған күйде ғана жан тапсырыңдар, басқаша өлмеңдер!» («Әли Имран», 102-аят), – деп бұйырады.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 20 (№ 4835). Мүслим, «Жиһад», 6 (№ 1732a, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 1737).