عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَمَّا مَرَّ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِالْحِجْرِ قَالَ: لَا تَدْخُلُوا مَسَاكِنَ الَّذِينَ ظَلَمُوا أَنْفُسَهُمْ إِلَّا أَنْ تَكُونُوا بَاكِينَ، أَنْ يُصِيبَكُمْ مَا أَصَابَهُمْ ثُمَّ قَنَّعَ رَأْسَهُ وَأَسْرَعَ السَّيْرَ حَتَّى أَجَازَ الْوَادِي». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Хижрға келгенде: “Өздеріне зұлымдық жасағандардың мекендеріне жылаған күйде ғана кіріңдер, әйтпесе оларға келген апат сендерге де келуі мүмкін”, – деді. Содан кейін басын жамылғысымен бүркеп, аңғардан шыққанша жүрісін жеделдетті».1
Түсіндірме
1. Хадис Алла елшісінің (с.а.с.) Тәбүк жорығына бара жатып, жолай Хижрға аялдаған кездегі ісін баяндайды. Хижр – Шам мен Мәдинаның арасындағы Сәмуд қауымының мекені. Азғындығы салдарынан апатқа ұшырап, біржолата жойылған қауымнан кейінгі жұртқа ғибрат болар жұрт орны ғана қалған.
2. Бұл хадистің бірнеше нұсқасы бар. Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларына мұндай жұрт орнына барудың әдебін үйретті. Ол әдеп адамды өткеннен ғибрат алуға жетелейді. Бір нұсқада: «Азапқа ұшырағандардың мекеніне тек жылап кіріңдер. Жыламасаңдар, кірмеңдер, оларға келген апат сендерге де келмесін», – делінген. Жылау адамды ойлануға бастайды. Алла мұндай қауымдарға мол нығмет пен ұзақ ғұмыр берген еді. Олар Аллаға қарсы келіп, күпірліктері үшін қатты жазаға ұшырады. Жүректерді бұратын – Алла. Мүмін өз ақыры солардікіндей болып кетпесіне кепіл бола алмайды. Сондықтан ол енжарлыққа салынбай, құлшылықтан, тәубе мен истиғфардан қол үзбегені жөн.
Бұхариде Ибн Омардан жеткен кеңірек нұсқада: «Алла елшісі (с.а.с.) Тәбүк жорығында Хижрға аялдағанда, оның құдықтарынан су ішпеуді әрі су алмауды бұйырды. Сахабалар: “Біз құдықтарынан су алып, қамыр илеп қойдық”, – деді. Алла елшісі оларға қамырды тастап, алған суды төгуді бұйырды», – делінген.
Кей риуаяттарда қамырды түйелерге беруді бұйырғаны айтылады. Тағы бір нұсқада Салих пайғамбардың (а.с.) түйесі су ішкен құдықтан су алуды бұйырғаны жеткізіледі.
Тағы бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) Тәбүк жорығында бір аңғарға жеткенде: «Қазір лағынетке ұшыраған аңғарға кірдіңдер. Жүрістеріңді жеделдетіңдер… Кім осы жердің суымен қамыр илеп, қазан қайнатқан болса, бәрін төгіп тастасын», – деген.
3. Булқиниден Пайғамбардың (с.а.с.) Салихтың түйесі су ішкен құдықты қайдан білгенін сұрағанда, ол: «Тауатур арқылы білген, өйткені мутауатир хабарды жеткізушілердің мұсылман болуы шарт емес», – деген. Ибн Хажар Алла елшісінің мұны уахи арқылы білуі де мүмкін екенін айтады.
4. Апатқа ұшыраған жерден жыламай өткен адамға да сондай қасірет келуінен қауіптенудің сыры мынада. Алланың нығметіне мән бермей, иман мен құлшылық туралы ойланбай, сол қауымның қорқынышты халінен ғибрат алмаған кісі бейқамдығымен Сәмуд қауымына ұқсап қалады. Мұндай бейқамдық жүректі қатайтып, бұрынғы қауымды апатқа душар еткен жаман істерге жетелеуі мүмкін. Сонда ол да бұрынғылардың кебін киюі ықтимал.
5. Хадистен шығарылған кей үкімдер
• Сәмуд қауымының құдықтарынан, сондай-ақ күпірлігі үшін азапқа ұшыраған өзге қауымдардың жеріндегі құдық пен бұлақтан су алу – мәкруһ. Суды ізгі адамдардың құдығынан алған жөн.
• Бұл мәкруһтың халалға әлде харамға жақындығы, харамға жақын болса, ол судың таза саналуы туралы ғалымдардың пікірлері әртүрлі.
• Азапқа ұшыраған қауымның халін ойлап, ғибрат алу керек. Ол жерде аялдауға тыйым салынған.
• Азапқа ұшыраған жерден тез өту керек.
• Адамның жеуіне тыйым салынған асты малға беруге болады.
- 1Бұхари, «Әнбия», 7, «Мәсәжид», 53, «Мағази», 80, «Тәпсір» («Хижр»), 2. Мүслим, «Зүһд», 38–40 (№ 2980).