Хадис

Мешітке кірерде және шыққанда оқылатын дұғалар

Кутуб ситтә, 5-том, 247-тарау · 1 хадис · № 1856

Хадистер

1856
Кутуб ситтә, № 1856 · тараудағы реті: 1

عَنْ فَاطِمَةَ بِنْتِ الْحُسَيْنِ بْنِ عَلِيٍّ عَنْ جَدَّتِهَا فَاطِمَةَ الْكُبْرَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا دَخَلَ الْمَسْجِدَ صَلَّى عَلَى مُحَمَّدٍ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَقَالَ: رَبِّ اغْفِرْ لِي ذُنُوبِي، وَافْتَحْ لِي أَبْوَابَ رَحْمَتِكَ، وَإِذَا خَرَجَ صَلَّى عَلَى مُحَمَّدٍ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَقَالَ: رَبِّ اغْفِرْ لِي ذُنُوبِي، وَافْتَحْ لِي أَبْوَابَ فَضْلِكَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Фатима бинт әл-Хусейн ибн Әли әжесі Фатима әл-Кубрадан (р.а.) мына риуаятты жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) мешітке кіргенде Мұхаммедке салауат жолдап: “Раббым! Күнәларымды кешіріп, рақымыңның есіктерін аша гөр”, – дейтін1. Шыққанда да Мұхаммедке салауат жолдап: “Раббым! Күнәларымды кешіріп, кеңшілігіңнің есіктерін аша гөр”, – дейтін».

Түсіндірме

1. Фатима әл-Кубра, яғни Фатима әз-Заһра (р.а.) – Алла елшісінің (с.а.с.) қызы, Әлидің жары әрі Хасан мен Хусейннің анасы. Ол һижраның екінші жылы Әлиге тұрмысқа шыққан. Алла елшісі дүниеден өткен соң шамамен алты айдан кейін, жасы жиырмалар шамасында қайтыс болған.

2. Әли әл-Қари «Мирқатта» бұл дұғаның мешітке кірмей тұрып немесе кіргеннен кейін оқылуы мүмкін екенін айтады. Ол дұғаны кірердің алдында оқығаны ықтималырақ деп санаған.

3. Алла елшісі (с.а.с.) өзіне де салауат жолдаған. Үмбетіне пайғамбарға қатысты жүктелген міндеттерді ол өзі де орындаған. Үмбеті оның пайғамбарлығына сенуге міндетті болғаны секілді, ол да иман келтірген. Кей риуаятта оның: «Исламға алғаш иман келтірген – мен», – деген сөзі жеткен.

Үмбеттің тағы бір міндеті – Мұхаммед пайғамбарға (с.а.с.) құрмет көрсету. Мұның бір жолы – жиі салауат айтып, сәлем жолдау. Алла елшісі осыны өзі орындап, үмбетіне үлгі болған. Жоғарыдағы хадисте оның өзіне салауат жолдағаны айтылған.

4. Тиби мешітке кіргенде рақым, шыққанда кеңшілік сұраудың мәнін былай түсіндіреді: «Мешітке кірген адам Алланың сауабы мен жәннатына жақындататын амалдарға кіріседі. Сол себепті рақым сұрайды. Мешіттен шыққан адам адал ризық іздеуге кіріседі, сондықтан Алланың кеңшілігін тілейді. Бұл жайында Құранда ﴿فَإِذَا قُضِيَتِ الصَّلَاةُ فَانْتَشِرُوا فِي الْأَرْضِ وَابْتَغُوا مِنْ فَضْلِ اللَّهِ﴾ “Намаз өтелген соң, жер бетіне тараңдар және Алланың шексіз шарапатынан ризық-несібелеріңді іздеңдер.” делінген» («Жұма» сүресі, 10-аят).

  1. 1Тирмизи, «Салат», № 314.